Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Естай Божан. Ұлтты қарапайым құндылықтар ұйыстырад...

12.10.2023 1084

Естай Божан. Ұлтты қарапайым құндылықтар ұйыстырады 14+

Естай Божан. Ұлтты қарапайым құндылықтар ұйыстырады - adebiportal.kz

Жақында ғана журналист Естай Божан мен Шаған Манатбай сынды қос автордың «Бабалар тағылымы» атты ғылыми-танымдық кітабы жарық көрген болатын. Аталған еңбек күрделі тарихи кезеңдерде өмір сүрген қарапайым кейіпкерлердің тағдырын арқау ете отырып, бірқатар ұлттық құндылықтардың шынайы мәнін тануды мақсат еткен. Кітаптың алғы сөзін белгілі тарихшы-этнограф, жазушы Байахмет Жұмабай әуелгі сөзді былай деп бастапты: «Қайсы біреулерше «Шыңғысханның атының тұяғы тиген жер бізге тән» деп тарихтың тандыр сүрдегіне өзін алдаусыратып күн елту емес, кеше ғана өз ата-бабамыздың тері тамып, қаны сіңген, әркімге «менмұндалап» тұратын ғасырлардың белгісіндей молаларымен, сахараның қай-қай жерінен кезігетін белгі тастарынан туындаған қыйсынды хикаялар ұрпақ жадында сақталып бүгінге жетуі, сонау Орхон мен Бұланай, Алтай мен Атырау, Атырау-Арқаға тұтасып жатқан соқпақты сораптардағы дәйекті дәлелдер бұл өңірлердің ежелден халқымыздың қайырлы қара жұрты екендігінен бұлтартпас айғақтар жатқанын оқырман әбден біледі. Сүйте тұра, «Шапқанның үстіне шап, тапқанның үстіне таба түс» дейтіндей, міне, қолыңыздағы «Бабалар тағылымы» деректемелі кітабынан қаншама тарихи дәлелдерден ұлағатты ой түйгеніңе, ұрпақ алдында мақтанбай тұра алмайсың». 

Сонымен, кітап авторларының бірі, журналист, геосаясат бойынша сарапшы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі, Пекин Ұлттар университетінде этнография мамандығының магистрі Естай Божанмен кітап төңірегінде ой бөліскен едік. 

- Құрметті Естай мырза, «Бабалар тағылымы» кітабының сөз басын «Жоғалған құндылықты іздеу» деп атаған екенсіз? Ол қандай құндылық еді?

- Ұлт күрделі әлеуметтік құрылым болғанымен, оны да қарапайым құндылықтар ұйыстырып тұрады. Болашағын жарқын елестете білетін ұлт ең әуелі өзін іздейді. Бір халықтың өзін іздеуі, өзін тануға құлшынуы оның «ұлттық бірегейлік» дейтін асыл мұратқа ұмтылғанын көрсетеді. Ал, ұлттық бірегейлікке қол жеткізе алмаған жұрт өзінің дербестігі мен мемлекеттілігін қамсыздай алмақ емес. Шындап келгенде, бүгінгі халқымыз үшін ұлттық бірегейлік пен өзін-өзі табудан өзекті мақсат жоқ. Бұл – толықтай біздің болашағымыздың картинасын көрсететін өзек. Егер ұлт өзін ұйыстырушы басты құндылықтарды үнемі нақтылап, беріктігін бекемдеп отырмаса, қазіргідей глобалдық тенденциялардың дүлей дауылына жұтылып кетуі мұнда тұр. Өзін таппаған, өзінің кім екенін, асқақ арманы мен асыл мұратының не екенін анықтап білмеген ұлт та, жеке тұлға да күрделі адамзат ортасында маргиналды топқа, маргиналды тұлғаға айналып, ақыры соңында өздігін, ат-атағын, болмысын жоғалтады. Ұлт болып болашаққа қадам басу, кеңістігін игеру үшін ең әуелі өзін ұйыстырып тұрған басты құндылықтарды табуы, өзінің кім болғанын, қандай кешірмелер кешкенін, қайдан келгенін және қайда бара жатқанын толық тануы тиіс. 

- Ұлттық сананың сергектігі туралы айтып отырсыз ғой?

- Иә, олай болса, біз кімбіз? Қайдан келдік және қайда барамыз? Бүгінге қалай жеттік, ертеңге қалай жетеміз? Бабалар не қалдырды, ұрпаққа не қалдырамыз? Иісі қазақтың арман-мұраты, табан тірер тиянағы не? Бұл сұрақтардың жауабын табу және оны қазіргі ұрпақтың санасына мықтап орнықтыру дегеніңіз – ұлттық бірегейліктің толық жүзеге асуы болар еді. Бірақ, осылардың алдында тағы бір маңызды өткел тұр, ол болса – әуелгі міндетіміз, ұлттың қазіргі күйі мен әлеуетіне анық әрі әділ бағасын беру. Әлеуметтану ғылымының бұлтартпас басты қағидаларын ұстана отырып өзімізге, ұлттың қазіргі халіне байыппен көз жүгіртсек бір шындықты көрген болар едік, яғни, бүгінгі біз – өзінің тәуелсіз мемлекеттілігіне қарамастан аз болмаған әлеуметтік сырқатты арқалаған халықпыз. «Ауруыңды жасырғанмен өлімің әшкере» дейді сол халықтың даналығы. Ұлт сырқатын емдеп, рухын көтеру жалаң даурықпа ұрандармен жүзеге аспайтынын соңғы он жылдықтар бізге дәлелдеді. Символдық интеракционизм теориясы, бұл қазір әлеуметтану ғылымындағы төрт негізгі теорияның бірі, әлеуметтік топты жеке тұлға ретінде қарастырып зерттеу сынды өзгеше ғылыми әдісімен ерекше. Қазақты жеке тұлға ретінде қарастырсақ біздің сырқатымыз ұлы ағзамызды да, санамызды да шырмағандай. Бақсақ, ағзадағы сырқатымыздан гөрі санамыздағы сыртқат ауырлау екен. Неге десеңіз, ұлттың ұлы ағзасы деп оның демографиясы, ортақ жасы, саушылығы, қарым-қабілеті (бүгінгі тілмен айтқанда бәсекеге қабілеттілігі), сондай-ақ материялдық мүмкіндіктерін санайтын болсақ, бұл жағында керемет болмаса да көңіл қуантарлық көрсеткіштеріміз бар. Бірақ, осының бәрі біздің сана сырқатымызды емдей алмай келеді. Өкінішке орай, біз өзіміздің сана саулығымызды сақтаушы көптеген құндылықтарымызды жоғалтып және оны жеткілікті деңгейде іздей алмай жатқандаймыз. 

Бүгінгі ұлттың өз өткен дәуіріне сүйінгіш келетіні, өз тарихына жаттай таңқалатыны шынайы мақтаныш сезімінен гөрі түсінбеушілікке көбірек жақын. Себебі, отарлық кезең екі дәуір ұрпақтарының құндылықтарын алшақтатып жіберді де, өзін-өзі билеген буынның мейлінше табиғи түрде атқара алатын іс-қимылдары келесі дәуірдегі ұрпақтар үшін таңғаларлық, сүйінерлік іс болып қалды. Міне осыған ұқсас дәстүрлі биік жүйесі, байырғы қазақтың өмір салты, олардың дүниетанымы, ұлыс, ру, әулет, шаңырақ, үш жұрт сынды құндылықтары, әлеуметтік құрылымы мен қарым-қатынасының қалыпты нормалары, тұтастай алғанда дәстүр-салты бүгінгі буынға бүтін күйінде жетпеуінен өткеніне деген түсінік те берік қалыптаса алмады. Осының өзі сыртқы факторлардан жойылған құндылықты іздеп тауып, оны қазіргі заман құндылығына бейімдеудің маңызды екенін көрсетіп тұр. 

- «Бабалар танымы» зерттеу еңбегін жазуға үлкен дайындықпен келгеніңіз аңғарылады. Кітапты жазудағы, мақсатты орындаудағы шығармашылық процесс туралы айта отырсаңыз?

- 2022 жылы 12 мамырда Қалел тәйжі немересі Мақпиза Рахатқызы Алматыдағы шаңырағында бақилық сапарға аттанған еді. Былай қарағанда қарапайым өмір кешкен ізгі тілеулі ананың өз шаңырағында бала-шағасы мен немере-жиендерінің ортасында көз жұмуы көпке ортақ өмірдің дағдылы құбылысындай көрінер. Дегенмен, Мақпиза ана өткен ғасырда қазақтың көбірек жоғалтқан сайыпқыран боздақтарының бірінен қалған жалғыз тұяғы еді. Тіпті, туған жұртының есе-теңдігі үшін қыршынынан қиылған сол боздақтардың көз жұмар алдында күбірлеген, әрі Тәңірінен қабыл болған жалғыз ауыз дұғасындай, бүгінгі мынау егеменді жұрттың топырағына келіп жантайған рухы десек те артық емес-ті. Ал, оның сонау жалалы жылдарда, бұрқасынды күндерде Таймұрат баласы Манатбаймен бірге көтерген шаңырағы аясынан алты қаздай алты қызын ұшырып, жетелі ұлын жеткізген, туған-туысқа түгел жарығын төгіп, соңында аражұртқа арқалап жеткен талай тарихты күлдіреушімен көтерген шаңырақ болатын. 

Осы қарапайым екі кейіпкердің ата-тегін, түп-төркінін, ондағы аты машқұр аталардың керуен жолдарын, кешкен тағдыр соқпағын ретімен қозғай отырып, бері болғанда, ғасырлар бойы іргесі ажырамаған Молқы мен Қарақастың, ары болғанда Абақ жұртының аз болмаған тарихын түгендеуге жол табылады. Тек ол ғана емес, қазақтың қарапайым шаңырағын арқау етіп, ұлттық құндылықтардың бір парасын жоқтауға, кейінгі ұрпақтың санасына шырақ етіп ұсынарлық ізгі тәлімдерді табуға да әбден  болады. 

Қолыңыздағы бұл еңбекте қазіргілер «көнекөздер» деп бағалайтын, кешегі бояуы қанық дәстүрлі ортаны бүгінмен жалғастырушы, алмағайып жылдарда атқа қонып, рулы елдің тізгінін ұстаған, елінің ертеңі мен жұртының тыныштығы үшін шаһит кешкен арда буынның ұрпақтарын, өмір кешуін, ата тегін арқау ете отырып, дәстүрлі билік жүйесі, оның жүзеге асу механизмі, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілу жолын қарастырып өтуге тырыстық. Соған қоса, рулы ел, әулет, шаңырақ, үш жұрт сынды ұғымдардың жеке тұлғаны әлеуметтік ортамен байланыстырудағы маңызы мен мәнін ашуға күш салдық. Қазақтың құда-андалық, әменгерлік, қалың мал беру секілді салт-жоралғыларының ұлттық тұтастықты сақтаудағы рөліне жаңа қырынан үңіліп, ұмыт бола бастаған ізгі құндылықтардың бірер парасын жоқтауды мақсат еттік. Бұл айтылғандардың үдесінен шыға алдық па, жоқ па, оның төрелігі еңбекті қолыңызға алған саналы оқырман өзіңіз ден болмақ. 

- Зерттеуге арқау болған негізгі тақырыптың бірі – қазақ халқының дәстүрлі билік жүйесі екен. Оқырманға тарқатып айтып берсеңіз?

- Қазақ халқы – адамзаттың ұланғайыр өркениет көшіне айшықты үлесін, қанық бояуын қосқан байырғы көшпелілер өркениетіне мұрагер санаулы халықтың бірі. Ал, оның болмысы мен тарихын тануда оны құраған байырғы көшпелі ру-тайпалардың шығу тегі мен құрылымын тану басты орында тұрады. Қазақтың төл тарихын табу мен тану оның ру-тайпаларының тарихын қазудан басталатынын М.Тынышбаев, Ә.Марғұлан секілді қазақ ғылымының аталары қадай айтып кетті де. Осы бірнеше ондаған ірілі-ұсақты көшпелі ру-тайпалардың бір шаңырақ, бір тіл, бір ділге ұйысып ұлт құрауы, әлбетте, ұзақ процесс пен ғасырлардың жүзінде жүзеге асты. Сондай барыстың өзі қазақ тарихының өзіне ғана тән табиғаты мен терең қатпарларын қалыптастырды. 

Отарлық кезеңдерде жоғалтқан қазақтың бағалы құндылықтарының бірі – дәстүрлі билік жүйесі десек, осы бір құндылықтың отарлаушылар жағынан жойылуы ұлт тағдырына орасан зор зардаптарын қалдырғаны белгілі. Дәстүрлі билік жүйесін, құрылымы мен механизмін танып білу – тарихымызды түгендеудегі міндеттеріміздің қатарында тұр. Ал бұған жол ашатын баспалдақ қазақтың дәстүрлі танымындағы билік ұғымы мен табиғаты, тұлғалардың тарихи образы. Өзін іздеуші ұлттың қазіргі жағдайында дәстүрлі билік жүйесі сынды құндылығы қаншалықты бағалы екені айтпаса да түсінікті. Әйтсе де, ескеру керек – байырғы көшпелі қазақ қоғамында билік пен байлық басты құндылық болып саналмады. Есесіне, ар мен намыс, ұят пен ұждан, ізгілік-адамгершілік, ерік пен бостандық сынды асыл мұраттарды биік бағалады. Бүгінгідей санасы сансыраған ұлттың арғы бабалары бұндай асыл мұраттарға ие еді десе, өзгені қойып өз ұрпағы сенбейтіндей күйде. Бірақ, бабалардан қалған «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін немесе «Байлық пен билік – қолдың кірі», «Халық қаласа хан түйесін сояды», «Халық қаһарланса хан тағынан таяды»,  т.б. аталы сөздер көшпелі қазақ мәдениетінің ғана емес мемлекеттік билік танымының да ізгі ұстанымын танытып тұрған жоқ па. Бұл, әрине, ойдан ораған, жоқтан жонған сөз емес-ті. Көшпелі қазақ қоғамының жоғарыда аталған танымдары олардың тұрмыстық әдет-ғұрыптарына тереңдей орнығып, тұтас өмір сүру қағидасына айналған. Яғни, билік пен байлыққа қатысты деген өрелі ұстанымдары олардың билік жүйесі мен әлеуметтік құрылымының қалыптасуына негіз болған. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Құраст. Кенжалиев З.Ж., Жәулетова С.О., Андабеков Ш.А., Әділбаев М.К., Тоғжанов Е.Л. – Алматы: Жеті жарғы, 1996 ж. – 209б.). 

- Сөздің негізгі жүлгесі байырғы көшпенділер мәдениетіндегі билік жүйесінің арқауымен жалғасып жатыр ғой?

- Анығында, көшпелілер әлемінде билеушілер тоталитарлық шексіз билікке ие болмады да, болған күнде де оншалық ұзақ мерзімге ұласқан емес. Ерік пен бостандықты басты құндылық етіп ұстанған көшпелілер қалаған билеушісіне бағынды, қаламаса қарсы тұрды немесе кең сахараның тағы бір тұсына көшіп кетіп отырды. Оның үстіне, көшпелілердің ойлау үрдісі, бағалау әдісі олардың дүниетанымына сай, байлық пен билікті бір адамның басында мәңгі тұрмайтын, жалған дүниенің тұрлаусыз бір ісіне балап, оның түбіне түсіп қуудың баянсыздығын көбірек дәріптеді. Керісінше, билік немесе билік иесін жұртының игілігіне қызмет етуші ретінде бағалады. Осының өзі сергек саналы көшпелі жұрттың биліктің түпқайнар көзі халық деп түсінгенін білдірсе керек. Бұл өз кезегінде көшпелілердың мемлекет билігін құрлымдауда өзгеше тәсілді жетілдіруге итермеледі. Яғни, Қазақ хандығы кезінде болсын, одан бұрынғы көшпелі мемлекеттер дәуірінде болсын билік иесі өз билігін көбінесе күшпен емес, еркіндік, әділеттілік тұрғысында орнатуға тырысты. Нәтижесінде бұл үрдіс дәстүрлі билік жүйесінің ең төменгі тармағына дейін жосын болып қалды. 

Бұған қоса, биліктің елдің саяси-әлеуметтік өмірінде жүзеге асу механизмі де көшпелі қазақ қоғамында өзіндік ерекшелікке ие болды. Дәстүрлі қоғам өкілдері билік иесін билеп-төстеуші ретінде емес, керісінше жұрт игілігі үшін жол бастаушы, ақыл көрсетуші, есағасы ретінде қарап, билік иесінің қолындағы биліктен көрі оның жеке басындық көшбасшылық қабілеттерін көбірек қадыр тұтты. Билік пен билік иесіне қатысты былайғы жұрт әділдік, қамқорлық, парасаттылық пен көрегенділік және шешендік секілді ұғымдарды сабақтастыра қарады. Бұған қатысты мысалдар қазақтың аса бай фольклорлық қорынан көптеп табылады. Айталық, Асан Қайғы, Мөңке би, Әз-Жәнібек, Еңсегей бойлы Ер-Есім сынды тұлғалардың образына қарасақ та халықтың ұрпақтан-ұрпаққа олардың әкімшілік билік құзіретінен гөрі көріпкелдік, көшбасшылық, парасаттылық сынды адами болмыстарын биіктете көрсеткенін білеміз.

Міне, осындай толып жатқан терең танымнан өрілген ұстанымдар қазақтың дәстүрлі билік жүйесінің табиғаты мен құрылымын қалыптастырды. Өкінішке орай, қазіргі кезде осы бір тарихи құндылықты зерттеуде, әсіресе Қазақ хандығы кезіндегі саяси-әкімшілік құрылымды зерттеуде бірқатар олқылықтар бар. Мысалы, «қазақтың дәстүрлі билік жүйесі» десе көбіне зерттеушілер де, былайғы жұрт та хан-сұлтандардың, яғни төрелердің, қала берді төбе билердің билігіне көбірек басымдық беріп, рулардың дербес билік жүйесіне оншалықты мән берілмейді. Бұл өз кезіндегі қазақтың байырғы мемлекеттілігіндегі билік жүйесінің, саяси-әкімшілік құрылымының жалпы болмысын тануға үлкен оралғы болып жатқандай. Шын мәнінде, қазақтың дәстүрлі билік жүйесі тек қана хан-сұлтандар, билер мен батырлардың билігімен ғана шектелмек емес. Рулардың ішкі дербес билік жүйелері де дәстүрлі билік жүйесінің құрамдас бөлігі еді. Егер зер салып қарайтын болсақ, рулардың ішкі дербес билік жүйесі қазақтың «дала демократиясы» сынды биік құндылығының жарқын көрінісі. Бұндай құндылық арқылы бабаларымыз еркіндік пен ізгілікке және теңдікке құрылған мемлекеттік жүйенің өз дәуіріндегі озық үлгісін жасай білді. Әрі оны отарлануға дейін дәуіріне қарай дамытып, ұрпақтарына жеткізіп отырды.

Шындап келгенде, бүгінгі қазақ – байырғы мемлекеттердің одағы іспетті. Өз тарихымызда менмұндалап тұратын осы бір фактіні тарих ғылымында батылдықпен  ортаға қоюға әбден болады. Әрине, зайырлы мемлекетіміздің басты құндылықтарын сақтап, ғылым мен мәдениетте, әдебиет пен өнерде бір ру не тайпа келесі бір ру-тайпалардан артық дәріптелуі жөн емес. Еліміздің конституциялық тұғыры азаматтардың қақы мен мүддесінің теңдігін қорғауға құрылған. Осы арада біз атаулы тақырып бойынша сөзіміздің тек қана тарихи тұрғыда өрбитінін айта кетейік. Еуразияның ен төсінде салтанат құрған, айбынды мемлекеттерді түзген ұлыстар мен тайпалардың бір мемлекетке шоғырлануындай ғажайып сәйкестік Шыңғыс қаған құраған мемлекеттен кейін қазақтың басына жазылған екен. Бүгінгі қазақты құраған ру-тайпалардың түп-тұқиянын зерделесеңіз байырғы даңсалы ордалар, дабыралы ұлыстарға, даңқты мемлекеттерге барып тіреледі. Қазақтың түп қазығы болған Сақ, Ғұн, Түркі мемлекеттерін айтпаған күннің өзінде, Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Уақ, Ноғай, т.б. көптеген ру мен ұлыстардың бір дәуірде дербес мемлекеттер құрып тұрғаны тарих ғылымында талассыз жайттер. 

- «Бабалар тағылымын» шолып қарай отырып, сіз осы пайымдарыңыздың тінін қазақ ру-тайпаларының негізінде тарқата баяндапсыз?

- Иә, Солардың бірі – бүгінгі қазақты құраған іргелі әрі байырғы түркі текті тайпа саналатын Керей тайпасы. Керейлер қазіргі бізге мәлім болған «Керей» деген атымен заманымыздың Х ғасырында тарих сахнасына шықты. Тарихи деректер керейлердің Х-ХІІІ ғасырлар арасында өз алдына мемлекет болып тұрғанын көрсетеді («Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Керей.», ХV том. – Алматы, 2014ж., 20-бет.).  Бірақ, бұл керейлердің тарихы тек ІХ-Х ғасырлардан бастау алды деген сөз емесі белгілі. Сол дәуірде дербес мемлекет құрып тұрған Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат елдер қатарында секілді өз тарихын одан бұрынғы дәуірлерден алады. 

Сөз еткен тақырыбымызға байланысты, Керей тайпасының біршама мағұлым болған тарихына қысқаша тоқтала кетуге тура келеді. Аталған тайпаның арғы тарихын көптеген тарихшылар б.з.д. 209 жылмен б.з. IV ғасыр аралығын алып жатқан Ғұн дәуірінен бастап таратады. Оның өзінде Ғұн бірлестігін құраған ірі тайпалардың арасында нақты қайсы тайпаның немесе топтың біз атап отырған «керейлердің» арғы тегі болып саналатына қатысты нақты мәлімет жоқ. Бірақ, ғұндардың іздері қалған жұрттардағы археологиялық табыстар олардың тұрмыс-салты, кейбір құндылықтары мен тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған бұйымдарының көшпелі түрік, моңғол тайпаларына ортақтығын растайды. Ал, өткен ғасыр соңына дейін, тіпті қазірде дәстүрлі көшпелі өмір салттарын сақтап отырған керейлердің көшпелі табиғаты және құндылықтары мен ғұндардың арасында ұқсастықтардың көп екенін байқау қиын емес. Қазіргі кезде осы Ғұн заманы мен қазақ тайпалары арасындағы байланысты тереңдете қазып зерделеу әлі де жеткілікті деңгейде емес. Тебінді және жүйелі ғылыми ізденістер біз білмеген көптеген ортақтықтарды алып шығары сөзсіз. 

Ал, тарих сахнасына Түрік қағанаты шыққан дәуірлерден тартып, олардың қазақты құраған тайпалармен байланысы біршама анықтала түседі. Өзіміз сөз етіп отырған Керей тайпасы турасынан айтқанда, Шығыс немесе Батыс Түрік қағанатында тікелей «керей» атымен тайпалық одақ болмағанымен, Керей ішіндегі кейбір рулардың аты, ру-тайпалардың таңбаларын зерделегенде тікелей байланыстардың тереңдігіне көз жеткіземіз. Айталық, Түрік қағанатының алғаш құрылуы кезіндегі тарихи деректерден, әсіресе қытай жылнамаларынан кездесетін «байырқу» секілді тайпа аттарымен Абақ Керей ішіндегі Жәнтекейдің Барқы руының атаулары арасындағы ұқсастықтарды ғылыми зерттеуге тұрарлық сәйкестіктер дер едік. Әлбетте, ғылыми дәлелі табылмаған бұндай сәйкестікті тарихи дерек ретінде ұсынудан аулақпыз, соның өзінде Түрік дәуіріндегі аты белгілі тайпалық, ұлыстық одақтармен қазіргі Керей арасындағы байланысты аша түсетін тілдік, мәдени және өзге де мүмкіндіктер бар. 

Жоғарыда көрсеткеніміздей, бұдан кейінгі дәуірлерде ұлтымызды құраушы осы бір тайпалық одақтың тарихи деректері тіпті де айқын көріне түседі. Айталық, X-XIII ғасырлар арасында керейлер осы атаумен дербес хандық болып айқындалса, 1203 жылы Шыңғыс қаған құрған империя құрамына өтіп, алып империяның әскери-саяси қуатын қалыптастырған бес ірі одақтың бірі ретінде танылады. Міне, осы замандардан тартып бізге мәлім болған «Керей» атауы нақты тарихи деректерден ұшырасады. Бұл кезең, сондай-ақ, Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр, Уақ, Татар секілді ұлыстардың тарихи қоныс аудару дәуірі деуге де болады. Шыңғыс империясы құрылғаннан кейін қазіргі Моңғол сахарасындағы аталған тайпалар мен ұлыстық одақтар батысқа қарай қоныс аударды. Керей мен Найман тайпалары Онон өзенінің батыс сағасына, Алтайдың күнбатысына қарай, Зайсаң жерлеріне ойысқан болса, ал аталған өзге ұлыстар қазіргі Қазақ даласына, Сарыарқа жеріне дейін ірге тепті. Тарихшылар бұл кезде керейлердің бір бөлігі Зайсан өңіріне топтасқан болса, меркіттер мен жалайырлар Алтай мен Жетісуға дейін ірге жайғанын айтады («Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Керей.», ХV том. – Алматы, 2014ж., 20-21 бб.). Міне осы тарихи үрдістің өзі қазақтың бүгінгі этно-құрамының қалыптасуына негіз болған факторлардың бірі еді. 

Тарихтың осыдан кейінгі кезеңдерінде керейлер ретімен және тарамдалған бағыттарына қарай Алтын орданың, Ақ орда мен Көк орданың, сондай-ақ, Шағатай ұлысының құрамында да, кейінгі Моғолстанның және Сібір хандығының құрамында (Тайбұға ұлысы) да болып, соңында Қазақ хандығының құрамына енді. Аталған осы кезеңдерде керейлер бір уақытта қатар екі не одан да көп мемлекеттік бірлестіктерде болғаны анық. Өйткені, бұрынғы Керей хандығын құраған тайпалық бірлестіктер Шыңғыс империясы тұсында бірнеше тармақтарға бөлініп, түрлі бағытта, ұлыстар құрамына қарай бытырай түскені бар. Соның нәтижесінде қазақ құрамындағы осы бір белгілі тайпаның аты және оның байырғы тамырлас бұтақтары қазақ ғана емес, моңғол мен өзге түрік халықтарының, сондай-ақ, Сібір халықтарын да құраушы байырғы тайпалар қатарында аталады. Ретінше, қазақ құрамында да Керей, Керейт және Найман ішіндегі Қаракерей секілді ру-тайпалардың да түп-төркіні байырғы керейлермен байланысты екенін де айта кеткен жөн. 

XV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығы дербес шаңырақ көтергеннен кейін керейлер де Орта жүз құрамындағы Арғын, Найман, Қыпшақ секілді ірі тайпалар қатарында қазақтың саны мол тайпалық одақтарының бірі болып қосылды. Турасын айтқанда, Керей немесе аталған өзге тайпалардың Керей хан мен Әз-Жәнібек хандар құрған қазақ шаңырағына нақты қай кезде қосылғаны туралы да деректер анық емес. Тіпті, Керей мен Жәнібек хандар жаңа мемлекет негізін қалап, бұрынғы бірлестіктен ірге бөлгенде оған ілесіп шыққан ру-тайпалардың да нақты кімдер және қанша шамада болғаны жайында таласты пікірлер әлі де көп. Қалай деген күнде де, Қазақ хандығы да біз білетін Үш жүзге, оларды негіздеген қазіргідей көп ру-тайпаларға дейін толығуы өзіндік ұзақ уақыт пен барыстан өткені шын. 

- Сіз сөз етіп отырған байырғы ру-тайпалардың Қазақ хандығы кезеңінде, одан бергі уақыттардағы билік жүйесі қалай болды?

- Ал, тікелей қазақ құрамындағы Керей тайпасына келер болсақ, оның өзі екі бөлек ұранды, екі бөлек таңбасы бар Ашамайлы және Абақ Керей деп бөлінетінін білеміз. Әрқайсысы оннан астам үлкен рулардан құралып отырған осы екі жуан тармақтың сірә қай дәуір, қай жылдары бөлінгені туралы да анық дерек айту қиын. Тіпті, оның Қазақ хандығы құрамында әлде одан бұрынғы дәуірде болған әлеуметтік жарылыс екені де тура деректермен көрсетілген емес. Кейбір тарихшылар бұл процесс біз жоғарыда атап өткен XIII ғасырға тиесілі ұлы қоныс аудару дәуірінен басталған десе, кейбірі одан сәл бертінгі Алтын орда мен Моғолстан кезінде, сірә Қазақ хандығы құрылудан бұрынғы дәуір болуы мүмкін деп болжайды. Бірақ, бұндай көзқарастар нақты бір ғылыми еңбектерде басымдыққа ие емес. Көп санды тарихшылар Керейдің Ашамайлы және Абақ болып бөлінуі Қазақ хандығы кезеңінде, соның ішінде Жоңғар шапқыншылығынан кейін болғанын айтады. Мысалы, зерттеуші Досан Баймолда кейбір тарихшылардың сөзіне сілтеме жасай отырып, Керейдің екіге бөлінуі Абақ Керейдің шығыстағы ата қонысқа қарай бағытталған көші кезінде болды деген уәжін келтіреді. «Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, және кейбір тарихшылардың айтуынша, 1760-1770 жылдары тарихи себептерге байланысты Абақ керейлер Алтайға қарай көшкенде Ашамайлы Керей балалары нағашыларына тартып, бергі бетте қалып қойған деседі», – деп келтірген еді зерттеуші. (Д.Баймолда. Қожаберген батыр Жәнібекұлы. 14-б.).

Абақ пен Ашамайлы керейдің бөлінісіне қатысты шежірелік мәліметтерге үңілгенде де түрлі нұсқаларға кезігеміз. Бір шежіре «Абақты Ашамайлыдан тараған еді» десе, бірінде «Абақ деген Керейдің бәйбішесі еді, оның қазіргі 12 руы Абақ бәйбіше тәрбиелеп өсірген немерелері» дейді. Ал, енді бір шежіре Абақты «Үйсіннің бір тармағы» деп келетіні де бар. Сондықтан, шежіре деректеріне қарай отырып, біз іздеп отырған Абақ Керей мен Ашамайлы Керейдің бөлінуіне қатысты сұрақтарға жауап алу қиын. Дегенмен, бір анығы бұндағы «Ашамайлы» және «Абақ» сөздері адам аты емес екені. Екі тармақтың «Абақ», «Ашамайлы» атаулары тікелей ертеден белгілі болған таңбаларға қатысты. Көбейту немесе айқыш формалы «ашамайлы» таңбасы мен шақпақ ішін бөлген тік сызықтан тұратын «абақ» таңбалары (төмендегі суретте көрсетілген) екі керейдің «Ашамайлы» және «Абақ» (немесе «Абақты») керей аталуына негіз болған.  Ал, енді «абақ» таңбасына ілесе айтылатын «Абақ бәйбіше», «Абақ ана» сынды әйел, ана образдары аталмыш таңбаның шығу төркініне қатысты болуы бек мүмкін. Бұл әрине, бөлек тақырыппен қаузайтын мәселе. 

Демек, осының бәрін жинақтағанда Керейдің әр қайсысы оннан астам руларды өз құрамына алған екі үлкен тармаққа бөлінуі – көп тарихшылар шамалаған уақыттан арыға кететіндей. Тіпті бұл шама анау ұлы қоныс аудару дәуірлері болмаған күннің өзінде, Қазақ хандығының құрылған дәуірлер шамасында деуге де қисындар табылады. Нақты деректерді көлденең тарта алмайтындықтан, оқырманға бұның тек көп болжамның бірі екенін айта кетелік. Ендігі сөз сол екінің бірі Абақ Керей мен оның бертінгі дәуірлерге дейін сақталып келген рулық билік жүйесіне қатысты өрбімек. 

Атап өткеніміздей, Абақ Керей – қазақты құраған Керей тайпасының жуан бір бұтағы. Өз ішінен Жәнтекей, Жәдік, Шеруші, Қарақас, Молқы, Көнсадақ, Меркіт, Шыбарайғыр, Жастабан, Сарбас, Ителі және Шимойын қатарлы 12 рудан тұрады. Егер аталған тайпалық бірлестік құрамын және кейбір елеулі тарихи оқиғаларды сабақтастыра қарайтын болсақ, Абақ Керей тайпалық одағы да әуелден осы шамадағы рулардан құрала қоймады деуге болады. Бұл да кез-келген ұлт пен ұлыстың ұйысуына ұқсас өзінше уақыт пен процестен кейін қалыптасып, бүгінгі құрамына жеткен. Абақ Керейлердің дербес тайпалық бірлестік ретінде қалыптаса бастаған дәуірлерінде нақты шамалау біршама қиындықтарды тудырады. Моғолстан дәуірінде қазіргі Абақ құрамындағы кейбір рулардың Алтай, Тарбағатай жерлерінде жасап жатқаны туралы мәліметтер бар. Ойрат империясының құрылуы, кейінгі Жоңғария мемлекетінің құрылуы секілді өңірдегі күрделі геосаяси оқиғаларға байланысты Абақ Керейдың сол кездегі рулары Алтайдан Арқа жеріне, Арқадан Сырға, Сырдан Орға қарай ауып, одан кейін Ырғыз, Торғайдан қайта шығысқа бет алып, Аякөз, Шыңғыс, Қалба тауларына дейін толассыз жөңкіліп отырғаны белгілі. Бұл көш жолдарын қазақтың жалпы тарихына қатысты қолданыстағы тарихи еңбектермен қатар рулардың шежіре деректері арқылы да дәлелдеу қиын емес. Айталық, ру шежірелерінде кейбір аталардың Ырғызбай, Торғай, Ботақара, Машан, Нұра, Есіл, Ертісбай деген секілді есімдерінен-ақ рулардың қай ұрпақ кезеңінде қай өңірлерде жасағанын шамалап болса да біле аламыз. 

Абақ таңбалы керейлердің қазақ тарихында қалдырған ең көрнекті іздерінің бірі – «Абақ Керейдің Алтайға көшуі» дейтін тарихи оқиға дер едік. Жоңғар хандығы құлағаннан кейінгі дәуірге тиесілі бұл айтулы оқиға қазақ тарихына ғана емес, іргелес моңғол, шүршіт, қытай, тараншы, тіпті белгілі деңгейде Ресейдің де тарихына өзіндік әсерін тигізді. Қазақ халқының территориясы мен өмір сүру және мәдени кеңістігін зор деңгейде кеңейткен жағы деп атауға болады. Үрдістің кейінгі дамуы қазіргі Моңғолия Республикасының батысындағы Алтайдың Қобда бетінен тартып, түстік-шығыста Тибет жерлеріне дейін қазақ қоныстарының ірге жаюына алып келді. Дегенмен, бұл арада ашалап айта кететін бір жайт бар, Алтайдан тартып аталған өңірлер сол тұстарда құлаған хандықтан босап жатқан территориялар саналғанымен де, одан бұрынғы дәуірлерде осы Керей, Найман, Уақ және өзге де ірі тайпалық бірлестіктер құрамындағы рулардың ата қоныстарынан да тұрды. 

«Абақ Керейдің Алтайға көшуі» сынды тарихи ұзақ жорықтың нақты басталған уақытын дәл көрсеткен тарихшы кемде кем. Тіпті, көшпелі халықтың өмір сүру салтынан алып қарағанда оны «дәл мына уақытта басталып еді» деп көрсетудің өзі де артық. Жоңғар шапқыншылығы кезеңі қазақ руларының сапырылысып, ішкі-сыртқы миграциясының аса жоғары деңгейде тұрған кезі екен ескерсек, және өріс-қоныс секілді территориялық мәселелерден туындаған ішкі қайшылықтардың айтулы оқиғаларына қарай отырып бұл көш Жоңғар хандығының ішкі-сыртқы факторлардан әлсірей бастаған кезінен, яғни XVIII ғасырдың орта шенінен басталды деуге болады. Алтайға ат басын бұрған көш сол шамада бастау алды дегенмен, Алтайдың күнбатыс бетіне байырқалаған Абақ көші 1770 жылдардан кейін қарқын алып, Ертісті өрлей бүгінге белгілі көш маршуртымен шығысқа ілгеріледі. 

«Абақ Керейдің Алтайға қоныс аударуы» сынды оқиғаға, Абақ Керей ғана емес, өзге қазақ ру-тайпаларының байырғы ата қоныстарды қайтаруға бағытталған ұлы көш-жорықтарына әсер еткен бір оқиға көптеген тарихшылар жағынан ескерусіз қалып кетіп жатады. Ол болса 1771 жылы болған әйгілі «Шаңды жорық» немесе «Торғауыттың шығысқа аууы» деп аталатын маңызды оқиға. Егер байыптап қарайтын болсақ, Керей мен Торғауыттың шығыстағы ата қонысқа көш түзеуінің белгілі тарихи сабақтастығы мен үндестігі, қисынды сәйкестіктері де бар. Торғауыттың сол кездегі жас билеушісі Ұбаш бастаған жорық түу Еділ бойынан басталып, қазақ даласын ендей өтіп, құлаған Жоңғар хандығындағы байырғы қонысына бас-аяғы сегіз айда жетеді. Айтулы осы оқиға, бір жағынан байырғы ата-қоныстарды қайтарып алуға деген қазақ ру-тайпаларының белсенділігін арттырғаны даусыз.  Қазақ ру-тайпаларының өз қоныстарын қайтаруы, Абылай хан дәуірінде тың серпін алып, қарқынды жүрілген. Оны Қазақ хандығының, жүйеден Абылай ханның сыртқы саясатымен түсіндіруге де болады. Абақ Керей көші және оның тайпалық құрамы мен кейбір маңызды тарихи оқиғаларға қатысы алдағы бөлімдерде де кеңірек тоқталатындықтан бұл арада жалпылама шолуға тура келді. Жалпы, Абақ Керейдің көш-жорығы, арғы бергі тарихы мен рулық билік жүйесіне қатысты Ислам Қабыш, Құрметхан Мұхамәдиұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы және Бекен Қайрат қатарлы ғалым, зерттеуші, көсемсөз шеберлерінің еңбектерінен молынан дерек алуға, терең ой қорытуға болады. 

- Әңгімеңізге рақмет. Алдағы уақытта сұхбатымыз жалғасын табады деп үміт етемін. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар