Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Файзулла Төлтай. Палестина: күздің қоңыр тыныштығы...

13.11.2023 1934

Файзулла Төлтай. Палестина: күздің қоңыр тыныштығын бұзған шуыл 14+

Файзулла Төлтай. Палестина: күздің қоңыр тыныштығын бұзған шуыл - adebiportal.kz

«Өлімнің өзі ешқашан жеңе алмайтын өлке»

Фатва Тукан, ұлт ақыны

 

Модерн Еуропа әдебиетіндегі ең маңызды тұлғалардың бірі, Езра Паундттың (бұдан әрі – Рей) «күзде және көктемде әділетті ешқандай соғыс болмайды» деген романтикаға толы сөзі бар. Әрине, соғыс ешқашан әділетті болған емес. Әрісі, әділеттің өзі қаншалықты әділ?! –деген дерридандық заңды сауал туындайды. Аталған сауал мен зауалдардың төңірегінде Рейдің айтқан сөзіне жапа-тармағай бас салып, қарсы шығуымызға әбден болады. Десе де, осы көктемнің жап-жасыл тынысын тарылтқан Украина-Ресей соғысы мен көктем соңының қоп-қоңыр тыныштығын бұзған Палестина-Израиль соғысына қарап отырып, қай-қайсымыздың болса да, жүрегіміздің сыздағаны анық. Жүрегіміздің сыздағаны – мемлекеттердің саяси жүйелері мен өзара қақтығыстары емес; қарапайым халықтың өлімі. Қандай мақсатта, қандай идеологияда жүргізілген соғыс, қақтығыс (атауын қалай атасаңыз да), адамның өлімі орын алған барлық әрекет – жауыздық болып есептелмек. Ал бұл жауыздықты жасаған кез-келген адам, мейлі ол әлемдегі ең ізгі адам болсын – жауыз. Бірақ бұл жерде тағы бір сұрақ туындайды: Болып жатқан әрекеттерге біз қаншалықты жауаптымыз?! Мұндағы «біз» сөзін тек қазақ қоғамы немесе қазақ тілді яки осы сарындас орта деп түсінбегеніңіз абзал. Біз – жалпыадамзаттық ұғым. Еврей ұлтының келіп-кеткен ұлы философтардың бірі Эммануэль Левинас «Басқаның да жауапкершілігіне жауаптымын» дейді. Кейінен өзінің «Autrement qu’etre ou au dela de l’essence» (қаз.  Болмыстан басқа немесе мәннен тыс) атты еңбегінде біздің жоғарыда қойған риторикалық сұрағымызға және өзінің жауабына тағы жауап беруге тырысады. Яғни, менің жауапкершілігім дейді Левинас, басқасының жауапкершілігіне де жауапты болу. Ал бұл дегеніміз, мен тек өзгенің алдында ғана емес, өзгенің маған және өзгелерге жасаған істеріне де жауаптымын. Себебі өзгенің жауапкершілігіне де жауапты болу мені этикалық субъект қылады дейді. Сәйкесінше өзгелерде менің жауапкершігіме жауапты болуы керек. Бірақ әрбір субъект бұл жауапкершілікті қайтарымы бар жауапкершілік деп өзіне жүктемегені игі. Бұл – қайтарымсыз ассиметриялы қарым-қатынастағы жауапкершілік. Бірақ мұндағы жауапкершілікке байланысты тағы бір сұрақ туындайды: Өзгенің бұл жауапкершілікті өзіне алуы яки алмауына мен қаншалықты жауаптымын?! Сайып келгенде, өзгелердің бұл жауапкершілікті өзіне жүктеуін немесе жүктемеуін мен мәжбүрлей алмаймын ғой. Себебі егер мәжбүрлейтін болсам, менің этикамнан өзі өтірікке айналады. Бірақ бұл бізді өз жауапкершілігімізден құтылуға себеп емес. Қалай болған жағдайда да айналамызда болып жатқан барлық қырғындар мен соғыстарға, яғни өзгелердің барлық жауапсыздықтарына да жауаптымыз. Әрине, біз қазір Левинастың философиясы жайлы тереңірек сөз қозғамақ емеспіз. Әрісі, тарихтың темір торында өз менін жоғалтып, араға қаншама жыл салып қайта қауышса да, өзіне өзгеден бетер жат көрінген бұл мені менменшілдік пен өзімшілдікке айналған кез-келген қоғам үшін Левинастың философиясы тым «романтикаға» толы болып көруі мүмкін.  Бірақ көз алдыңызда ілгеріп жатқан бұл мәтінді жазуымызға бірден бір себеп бар болатын болса, ол біздің өзгелер алдындағы жауапкершілігімізден бастау алатынын ескерткіміз келеді. 

Сонымен, көктемнің тынысы тарылып, дем жетпей жүрген кезде күздің қоп-қоңыр тыныштығын Таяу Шығыстан естілген шуыл бұзды. Бірақ «бұзды» деп жақын өткен шақ қолданғаным қате болады. Себебі ол жақтағы халықтың тыныштықты ұмытқалы қай заман?! «Ішкені ірің, жегені желім» болған Таяу Шығыс қоғамының өмір салты мен таным-түсінігі, өнері мен көзқарастары осы «шуылдың» қапасына қамалып қалғандай күй сыйлайды. Бейне бір «өгей әке-шешесінің» айқайына құлағын тарс жауып алып, қараша үйдің қараңғы бұрышында теріс қарап, жүрегінің «қабырғасына» палестиналық суретші Наджы әл Әлидің «Ханзаласын» сызып, жылап отырған «бала» секілді – бұл қоғам. Ең өкініштісі, бұл «балаға» барлығы иелік еткісі келеді, барлығы «асырап алғысы» келеді. Бірақ туғаны бөтендей, бөтені өгейдей зорлық-зомбылықтан басқа ештеңе көрсеткен емес. Ал бұл «баланың» сүрген өмірін, кешкен күнін, көрген ортасын, сезген әлемін жер-жаһанға естіртетін бір жолы бар болатын болса – ол өнері. Себебі тек өнер ғана шек пен шекараны, қабырғасы қатаң қағидалармен қаланған «құдайлық моральді» танымайды. Себебі тек өнер ғана өмірге бас көтере алады. Себебі тек өнер ғана оларды бар ете алады. Себебі тек өнер ғана оларды мәңгілікке жетелейді. Себебі тек өнер ғана оларда тірі қалған. Ендігі уақытта «өнерге айналмаған ешқандай қасірет, қасірет емес» екенін жақсы біледі олар. 

Таяу Шығыс – Батыс метафизикасының аяқталған жері. Шегі мен шеті жоқ алып Батыстық ойлау жүйесінің жеткен жері – қазіргі Таяу Шығыстың хал-ахуалы. Бірақ мұндағы «хал-ахуал» сөзі тек қана ондағы қоғамның экономикалық немесе саяси жағдайын қамтымайды: олардың отантик және онтик күйлерін де есепке алады. Ал соңғы уақыттағы Палестина және Израиль қақтығысы Батыстық метафизиканың құлдырауы әрісі құлауының анық көрінісі ретінде тағы да «күн бетіне шықты». Осыған дейін «Әдебиет порталында» бірнеше рет жарияланған, кешегі француз колониясы Алжирде дүниеге келген еврей ұлтының өкілі Жак Дерриданың Батыс метафизикасына жасаған сыны да осы болатын. Деррида Батыс метафизикасының генетикасындағы бір орталыққа деген құрмалықтың үстінен зорлық-зомбылық иісі мүңкитінін айтады. Яғни, зорлық-зомбылыққа негізделген пайымдаулардың негізсіздігін, әділетсіздігін көрсету үшін деконструкцияны ұсынады. Осы мақсатқа сәйкес болу метафизикасының орталығында еленбей қалған, кейінге қалдырылған немесе алынып тасталған барлық элементтерге «еркіндік» беруді көздейді. Толығырақ айтатын болсақ, деконструкция «мәтіндерде» көрсетілген орталықтың орнына, сілтемелердің және «кеудесінен итерілген» ұғымдар мен таңбалардың парадоксальды түрде мәтіннің негізін қалаушы орталық бола алатынын көрсетуге тырысады. Бірақ біз жоғарыдағы пікірлерді оқып отырып, деконстукция «езілген пікірлерді (елдерді) атқа қондырып», жылдар бойы «өздерін билеп-төстегендерді жойып», орталыққа өзің кел деген радикалдылықты үндемейді. Тек объектіленген субъектіге өз субъектілігін қайтарып, мәтіндердегі абсолютті мағынаны орнатуды қалайтын авторитаризмді шеттетуді көздейді. Яғни, дерридиандық деконструкцияда әрбір мәтін аяқталмаған сөз ретінде түсініліп, мәтіннің түпкілікті мағынасы бар деген пікірге күмәнмен қарайды. Ал мұндағы мәтін деп отырғанымыз – қоғамдық қатынастар мен саяси институттар, әрекеттердің барлығын қамтитынын да ескерткеніміз жөн. Бұл тұрғыда Дерриданың «мәтіндері» кітап және жазбаларда ғана емес, өзара байланысатын басқа да күрделі элементтердің тізбегі ретінде пайда болады. Мәтінді дәл осындай шексіз кеңістікте «өмірге алып келу», яғни барлық мәтіннің контексттермен тығыз һәм үздіксіз байланысы  осыған дейінгі «бармақ басты, көз қысты» болып келген, авторитарлы «centralization» (қаз. орталық) идеясынан тәуелсіз етеді. Дерриданың пікірінше, Батыс өркениетінде барлық мағына бір орталықтандырылған. Ал ондағы мағына – «өз-өзін қамтамасыз еткен» және «тұрақты болудан» тұрады. Ал құрылымның барлық элементтері осы орталықтың негізде бағаланады, бағамдалады және «болады». Яғни, орталықта «болу» бүкіл құрылымды анықтайды және кез келген құрылымның құраушы элементі ретінде қарастырылады. Ең өкініштісі, тұрақты орталығы жоқ кез келген құрылым есепке алынбайды, көзге ілінбейді. Көзге ілініп, есепке алыну үшін, оның міндетті түрді бір орталыққа бағынуы қажет және міндетті. Орталығы жоқ немесе орталық тарапынан анықталмаған кез-келген құрылым «болмайды». Міне, Таяу Шығыстың  қазіргі хал-ахуалына қарайтын болсақ, Батыстық централизацияға кірмеген зорлық-зомбылықтың көрініс көреміз. Ал Таяу Шығыс үкіметтерінің жасаған яки жасауға тырысқан «іс-әрекеттері» осы бір орталықтың құрамында болуға талпыныс деп бағаласақ болады. Осының нәтижесінде Таяу Шығыс қоғамы мен билігі арасында көпір жойылып, орталыққа абсолютті қосыла алмайтындар және қосыла алмайтындарды қанау арқылы орталықта болғысы келетіндер болып екі жікке бөлінді. Ең өкініштісі бұл тек қана Таяу Шығыс елдеріне ғана емес, Батыс сыртындағы мемлекеттердің көбіне қатысы. 

Дерриданың жоғарыдағы пікірін Эммануел Левинастың контестінде толықтыратын болсақ, Басқалардың өз басқалықтары үшін осыншама қасіретке тап болғанын ұғына түсеміз. Левинас, барлық соғыстардың Батыстық «Біркелкілендіру», яғни өзгелерді өзіне ассимиляциялау, оларды интеграциялау арқылы орын алғанын айтады. Ал өздерінің басқалығын, ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтары мен мәдениетін сақтауға тырысқан қоғам немесе индивидтер Біркелкілік жүйеден шеттетіледі немесе олардың өміріне қауіп төндіріп, қақтығысқа, қырғынға, геноцидке және т.б. зорлық-зомбылыққа ұшыратады. Күні кешегі ғана Израиль Қорғаныс министрілігінің «Біз адам тәрізді жануарлармен соғысып жатырмыз» дегенінің өзі де жоғарыда айтылған сөздердің нақ дәлелі. Әрісі, басқыншы жүйеде Басқаларды жануармен ассоциациялау, оларды реификациялау ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан әдіс екенін де ұмытпағанымыз жөн. Десе де, онтологиялық тұрғыдан қаншалық әлсіз болса, этикалық тұрғыдан соншалық күшті Басқаларды «өлімнің өзі жеңе алмайды». Левинастың пікірмен сөйлейтін болсақ, Біркелкілік үстемдік еткен зорлық-зомбылық әрқашан сәтсіздікке ұшырап, ешқашан өзінің шынайы мақсатына жете алмайды. Қанша жерден Біркелкілік Басқаларды өлтіргенімен, Басқа кез келген жағдайда өмір сүруді жалғастырады. Ал олардың өмір сүруі, илья жағдайында хаосқа түсуі, тұлғасыз болмыстың ортаға шығуы өз алдына жеке бір мақала. Ал қазір жазбамыздағы сөзіміз бен пікірлеріміз нақты әрі анық сипатқа енуі үшін барлық ракурсты Палестина-Израиль мәселесіне шоғырландырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен, «қоп-қоңыр күздің тыныштығын бұзған» оқиға негізінде «Палестина-Израиль мәселесіне философиялық көзқарас қалай болуы керек?», «Философия Палестина-Израиль мәселесін қалай интерпретациялайды?» деген сұрақтардан бастағанымыз жөн. Осы арқылы қазіргі философтардың Батыстық емес елдердің болашағына һәм келешегіне көзқарастары мен пікірлерін бағамдайтын боламыз. 

Әлем философтары Палестина-Израиль мәселесіне қалай қарайды?!

Аталған сұрақтарға жауап алуымыз үшін қазіргі таңдағы ең көрнекті философтардың бірі және бірегейі Джудит Батлер мен Славой Жижектің соңғы оқиғалар жайлы жазған мақалаларынан ілгерілейтін боламыз. Бірақ ескерте кететін бір дүние бар: Джудит Батлер мен Славой Жижектің  мақалалары Палестинадағы үш күндік жалпыхалықтың аза тұту күнінен бұрын жазылған. 

(«Әдебиет порталы» оқырмандары екі философты да «Энни Эрноның «қарапайым құмарлығы»  және контекстегі әйел бейнесі» атты жазбамыздан таниды. Мұнымен қоса, Энни Эрно да Израильдің Палестина жасап жатқан әрекетіне бірнеше рет ашық түрде қарсылық білдірген қаламгер. Мысалы, 2018 жылы автор Израиль мен Франция үкіметтерінің Израиль-Франция мәдениетаралық маусымын өткізуіне қарсы шыққан 80-ге жуық суретшілермен бірге және 2019 жылы француз мемлекеттік хабар тарату желісін сол жылы Израильде өткен «Eurovision» ән байқауын көрсетпеуге шақыратын хатқа қол қойған. 2021 жылы «Operation Guardian of the Walls» операциясынан кейін Израильді апартеид мемлекеті деп атаған тағы бір хатқа қол қойып, «Мұны екі тең тарап арасындағы соғыс деп көрсету жалған және жаңылыстыру, Израиль - отарлаушы держава. Палестина отарланған деп пікір білдірген – Ф. Төлтай) 

Сонымен, Жижек «The Real Dividing Line in Israel-Palestine» атты мақаласының басында мәселені әріректен бастап, палестиналықтардың «абсолютті үмітсіздігі» туралы жазады.  Шамамен, осындан он жыл бұрын Иерусалим көшелеріндегі жан түршігершік оқиғаларды еске алуымызды өтінеді: «қарапайым палестиналық израильдік азаматқа жақындап, өзінің де артынша бірден өлтірілетінін жақсы біле тұра пышақтап тастайтын. Көз алдымызда жоқ болып бара жатқан бір қоғамның өз-өзін бар сезінуі үшін өлім алдындағы ең соңғы үнсіз ышқынысы секілді еді бұл оқиға. «Үнсіз» деп отырғанымыз, бұл «террорлық» әрекеттерде ешқандай хабар, «Азат Палестина!» деген ұрандар, тіпті бұлардың артында ешқандай үлкен ұйым болған жоқ» дейді Жижек. Философ бұл оқиғаны зорлық-зомбылықпен жасалған үмітсіздіктің жеке әрекеттері деп бағалайды. Яғни, Жижектің айтып отырғаны ортақ бір үмбет құру жолында жиһатқа баратын террористік ұйым мүшелері емес, әлеуметтік болмысы қысым мен теперішке ұшыраған палестиналық халықтың экзистенциалды хал-ахуалы, олардың абсолютті үмітсіздігі. Бірақ қазіргі таңдағы «Қасиетті жерде болып жатқан оқиғаны [мұнымен] шатастырмау керек» дейді. Сәйкесінше ХАМАС ұйымының Израильге жасаған соңғы әрекетін «айуандыққа» теңеп, оны орыс тілінен алған «пограм» сөзімен сипаттайды. Мұнымен қоса, Нетаньяхудың қазіргі үкіметі тұсындағы Израиль теократиялық мемлекетке айналғанын да тілге тиек етеді. Яғни, Жижектің пікірінше, екі тараптың – ХАМАС пен Израильдің әсіре ұлтшыл үкіметінің – кез келген бейбітшілік нұсқасына қарсы екенін байқау қиын емес. Әрқайсысы өлгенше күресуге бел буған. Бірақ Жижек мұнда «Үйде тыныштық пен бірлікке жету үшін сыртқы жау болуы керек пе?» деп сұрақ қоя отырып, ХАМАС шабуылының Нетаньяху үкіметінің «оң жаңбасына» келгенін айтады. Осылайша, енді жақындап келе жатқан конституциялық дағдарыс тоқтатылып, ұлттық бірлік үкіметі жарияланды. Нәтижесінде терең және анық экзистенциалды ішкі алауыздықтар ортақ сыртқы жаудың арқасында кенеттен жойылды. Бірақ барлық израильдіктердің әсіре ұлтшыл емес екенін және барлық палестиналықтардың әсіре антисемиттік емес екенін айта келіп, ХАМАС пен Израиль билігін –бір тиынның екі жағы іспетті дейді. Бұл қаншалықты утопиялық болып көрінсе де, екі күрес біртұтас. Біз Израильдің лаңкестік шабуылдардан қорғану құқығын сөзсіз қолдай аламыз және қолдауымыз керек. Бірақ біз сондай-ақ, Газадағы және басып алынған аумақтардағы палестиналықтардың шынайы үмітсіз жағдайларына сөзсіз түсіністікпен қарауымыз керек алға тартады. Жижектің бұл пікіріне қарап отырып, жазба басында да тоқталып өткеніміздей, қоғамдар мен үкіметтердің «хал-ахуалын» екі категорияда, әрісі екі үкіметті де екі бөлек сферада қарастырып және бұл категориялар мен сфералардың қай жерде бірігіп, қай жерде бөлінетінін бағамдауымыз керек екенін ұғына түсеміз. 

Джудит Батлер болса, «The Compass of Mourning» атты мақаласын ХАМАС-ты айыптаудан бастайды. Бірақ Батлер бұл айыптаудың төңірегінде бірнеше риторикалық сұрақтар қояды: мысалы, айыптау бізден этикалық тұрғыдан талап етілетін нәрсе ме? –дейді Батлер. Әрмен қарай да, «Біз нақты нені айыптаймыз? Себебі айыптау – түсінуден бас тарту. Моральдық ұстанымы тек айыптаумен шектелген адамдар үшін жағдайды түсіну мақсат емес. ХАМАС-ты ақтау үшін Израиль мемлекетінің бүгінге дейін жасаған «зорлық-зомбылығын» пайдалану дұрыс емес, аймақтағы зорлық-зомбылық үшін жалғыз жауапты Израиль мемлекеті екенін айту, бұрмаланған «моральдық пайымдау» екенін алға тартады. Яғни, кінәні басқа жаққа ауыстыру немесе ақтау үшін қолдануға болатын контекстуализацияның түрлері бар болса да, «контекстуализация» моральдық проблемалық әрекет болып саналмауы керек. Әрине, мұнда Батлер Израильдің палестиналықтарға қарсы жасаған тынымсыз бомбалау, әр жастағы адамдарды үйлерінде және көшелерінде өлтіру, түрмелерде азаптау сынды зорлық-зомбылықтарын мойындайды. Десе де, Гарвард Палестина Ынтымақтастық Комитеті ХАМАС-тың Израиль нысандарына жасаған қанды шабуылдарына «жалғыз апартеид режимі кінәлі» деп мәлімдеме жасағаны қателік дейді. Яғни,  ХАМАС-тың тарихына сілтеме жасай отырып, олардың әрекеттерін моральдық немесе саяси негіздей алмаймыз дейді Батлер. Әрмен қарай Батлер, егер «Палестина зорлық-зомбылығын Израиль зорлық-зомбылығының жалғасы ретінде түсінетін болсақ, онда моральдық кінәнің бір ғана көзі бар, тіпті палестиналықтар да өздерінің зорлық-зомбылық әрекеттерін өздеріне тән деп санамайды деп пікір білдіреді. Зорлық-зомбылықты контекстке тарату арқылы заңдастыруға тырысқанда, бұл зорлық-зомбылықты кім жасағанына қарамастан, зорлық-зомбылық мәселесі салыстырмалыққа ұшырайды. Ал осыған негізделген нормативтік этикалық принципке жету тіпті мүмкін емес. Зорлық-зомбылықты тоқтатудың жолы - зорлық-зомбылықты ӨЗ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕН ажырату. Егер біз зорлық-зомбылық тоқтатылғанын қаласақ, зорлық-зомбылықты оның ҚАЖЕТТІЛІГІНЕН ажыратуымыз керек дейді Батлер. Егер ХАМАС-ты таратып, зорлық-зомбылықсыз екі ел арасындағы бейбіт өмірді қалайтын болсақ, қазірдің өзінде зорлық-зомбылық негізінде құрылған мемлекет болып табылатын Израильдің мемлекеттік зорлық-зомбылығы аяқталуы керек. Нағыз бейбітшіліктің болашағын Израильдің мемлекеттік зорлық-зомбылығын тоқтатпай елестету мүмкін емес дейді Батлер. Көріп отырғанымыздай, ХАМАС пен Израильдің халықтарға жасаған яки жасап жатқан зорлық-зомбылықтарының себебін самсара шеңбері секілді бір-бірімен байланыстыра берсек, бұл лабиринттен ешқашан шыға алмайтынымызды ұғына түсеміз. Ал бұл азаптың тоқтатылуы үшін, Израильдің мемлекеттік зорлық-зомбылығы аяқталуы керек деген Батлердің пікірі құлаққа қонымды екенін өз басымыз мойындаймыз. Әрмен қарай, егер палестиналықтар, Израиль қорғаныс министрі айтқандай, хайуан болса, ал израильдіктер Байден айтқандай, еврей халқының өкілі болса, сахнадағы жалғыз қайғылы адамдар, жапа шегуге құқығы бар жалғыз адамдар – израильдіктер деп пікір білдіреді Батлер. Десе де, бұл қасіреттің соңы келмейді емес, келеді. «Мен қалайтын әлем - ...осы жердің барлық тұрғындарының еркіндікте, зорлық-зомбылықсыз, теңдік пен әділдікте бірге өмір сүретін әлем. Менің бұл үмітім қазір көпшілікке аңғал, тіпті мүмкін емес болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, кейбіріміз қазір бар құрылымдардың мәңгі өмір сүретініне сенуден бас тартуымыз ләзім. Ол үшін біз ақындарымызға, арманшылдарымызға... ауадай мұқтажбыз деп мақаласын аяқтайды. Алдағы уақытта «бұл қажеттіліктерді» ақындар мен арманшыл адамдар қаншалықты деңгейде орындағанын және олардың оң нәтижелерін көреміз деген үмітпен, әзірше «модерн Палестина әдебиетіне Палестина-Израиль мәселесі қаншалықты деңгейде әсер етті?», «Палестина мен Израиль мәселесінің Палестинада тудырған әдебиеті қандай?» –деген сұрақтар аясында жазбамызды одан әрмен жалғастыруға рұқсат етіңіздер, құрметті оқырман. 

 

Сонымен, Палестина-Израиль мәселесінің әдебиеті қандай?

 

Империалистік интервенциялардан, азаматтық соғыстардан және діни қақтығыстардан зардап шеккен қоғамның тілі осы өнерде ғана сақталып қалғандай күй сыйлайды. Мысалы, Судан мен Сирия, Ирак пен Ливан, Палестина сынды елдерден шыққан, бостандық пен тәуелсіздік жолына кіл әдеби мәтіндерін арнаған ирактық Назик ел Мелайке, Бүлент Хайдари, сириялық Низар Каббани, ливандық Адонис, палестиналық Махмуд Дервиш және Фатва Тукан, мысырлық Салах Абдулсабур сынды ақындардың шығармалары біздің осы күйіміздің нақты дәлелі іспетті. Есімі аталған ақындардың барлығы модерн араб (Таяу Шығыс) әдебиетінің негізін қалаған қаламгерлер және әлемдік деңгейдегі ақындар екенін де ескерткеніміз жөн. Мысалы, жалғыз ғана ливандық Адонистың өзі бірнеше рет Нобель сыйлығындағы фавориттер қатарында орын алды. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын Адонистің «İhtifâen bi’l-Eşyâ’ el-Vâdiha el-Gâmide» (қаз. Белгілі белгісіз нәрселердің рухына) кітабын қазақшаға аударғанымызды да айта кеткеніміз артық болмас. Міне сол Адонис Таяу шығыс әдебиеті жайлы «Уақыт – өлең жинайтын қоржыннан басқа, сүргін – араб ақынының болмысын анықтаудан басқа ештеңе емес. Себебі оның тілі айдауда дүниеге келген. Ақын екі қуғынның арасында, бірі іште (ішкі айдау), екіншісі сыртында (сыртқы айдау) өмір сүреді. Цензура, оқшаулау, елден қуу, түрмеге жабу және өлтіру сияқты сүргіннің көптеген түрлері бар. Ештеңе мені осы қараңғылық сияқты жарықтандырмайды немесе бұл жарық сияқты ештеңе маған қараңғы болып көрінбейді» дейді. Қай жағынан алып қарасақ та, Адонистің модерн Таяу Шығыс әдебиеті жайлы айтқан пікірлерімен келіспеске шара жоқ. Себебі расында, араб әдебиетінің эпицентрінде қаламгерлердің сүргіні жатыр. Мұнымен қоса, Низар Каббани немесе Салах Аббулсабурдің есімі жеке бір жазбаның жүгі. Алайда мәтініміздің ауасы шашырамас үшін, шек пен шегарамызды Палестинамен шектегенді дұрыс деп санаймыз. Сонымен, «әдебиеттің көзінде Палестина қандай?». Бірден кесіп айтайық, әдебиеттің көзінде Палестина – қасірет пен қайғыдан ғана тұрады. Ал осы қасірет пен қайғыны өнер тілінде сөйлеткен екі ақын бар болатын болса, олар сөзсіз –Махмұд Дервиш пен Фатва Тукан. Бірақ екі ақынның шығармашылығына бойламастан бұрын, кіріспе ретінде «араб әдебиетінде Палестина тақырыбы қалай қозғалды?» -сұрағына жауап беріп кеткеніміз жөн. Қалай болған жағдайда да, Палестина мәселесі барлық араб әдебиеттеріне әсер еткені анық.

Сонымен, оқиғаны 1948 жылы еврей мемлекетінің құрылуы және палестиналықтардың құрылған мемлекеттен жер аударылуынан бастағанымыз жөн болады. Яғни, 1948 жылдан кейінгі өлеңдерде Палестина мәселесі араб поэзиясында көптеген жаңа тақырыптарды «дүниеге алып келді». Осы жаңа тақырыптардың нәтижесінде арабтар мен мұсылмандардың Палестина алдындағы жауапсыздықтары, араб басшыларын айыптайтын өлеңдер көптен жазылды. Мұнымен қоса, Батыстың Израильдің жасаған зорлық-зомбылығына «бармақ басты, көз қысты» қылып отырғанын және Израильдің өзін айыптайтын шығармалар күнтәртібінен түспеді. 

Міне, сондай тақырыптардың бірі – босқын тақырыбы еді. 1948 жылғы араб-израиль соғысынан кейін жүздеген мың палестиналық мұсылмандар мен христиандар араб елдері мен үйлерінен күштеп көшіріліп, әртүрлі араб елдерінде босқынға айналды. Жылдар бойы босқындар саны артып, олардың азабы мен үмітсіздігі одан әрмен ұлғая түседі. 1967 жылғы маусым соғысы босқындардың жағдайын жақсартудың орнына 400 мыңнан астам палестиналықтардың үйлерінен қуылып, одан әрмен босқындар санын артырып, босқындар лагерінде тұруына себеп болады. Міне, осы тұрса көптеген араб ақындары мен жазушылары араб әдебиетінде палестиналық босқындар туралы еңбектерді «дүниеге алып келеді». Қазіргі араб әдебиетінің негізін қалаушы мысырлық ақын Ахмед Зеки Ебу Шадидің шығармаларын, соның ішінде «Босқындар» шығармасын ерекше атауға болады. (Ахмед Зекидің Араб поэзиясындағы еркіндігі жайлы осыдан 4 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті газетінде мысал ретінде келтіргенбіз –Ф. Т.). Дәл Ахмед Зеки секілді жаңа поэзияның негізінде тұрған ақындардың бірі, Ирак ақыны Бедр Шакир эс-Сейяб «Ауыл керуені» атты өлеңінде босқындар мәселесін көтерген. Екі ақынның шығармасында да араб биліктері мен Батыстың Палестинадағы қанды қырғын, зорлық-зомбылық, бөрі тиген қозғыдай болып жамыраған палестин халқының  хал-ахуалы және осы мәселелелерді алыс-жақын үкіметтердің «жылы» жауып қойғандарына қарсылық бірдіреді, өткір сынайды. Ақындардың пікірінше, араб басшылары Палестина мәселесіне немқұрайлы қарап, оны шешудің орнына қарақан қу бастарының қамын ойлаған. Осылайша, араб ақындары араб үкіметтерін Палестина мәселесіне адал емес деп айыптады.  Бірақ араб үкіметтері Палестина халқына паңдана қарағанымен, мысырдан бастап, ирак, ливан және т.т. өлкелерден шыққан ақындар үшін палестиндік халықтың жағдайы өмір мен өлімнің қақтығысына айналды. Бұл жерде ескерте кететін мәселе, ақындардың араб үкіметтерін айыптаулары Палестина үкіметін қолдауға шақыру емес, Палестиналық халықтың жапа шегуіне тоқтау салу болатын. Осы принцип негізінде ақын Сабир Фалхуттың «Шатыр мен ай» атты өлеңін алсақ болады. Ақын өлеңде тарихта алғаш рет Айға жіберілген америкалық астронавттарға палестиналық босқынның хабарын жеткізеді. Босқын оған Американың палестиналықтарға деген көзқарасы мен азаптауын еске түсіріп, Американың Вьетнамда жасаған қылмыстары туралы айтып береді. 

Қазір ай үстінде көңіл көтеріп жатсыңдар

Бейбітшілік пен тыныштық үшін.

Азғантай топты ғана алдай аласыңдар бірақ

Аты жаман аурумен атамекенге қоныстанған кезде

Иерусалимде, Сувейш Каналында, Вьетнамда

Әндер мен дұғалар арқылы дауыстарыңды көтересіңдер

Бейбітшілік пен тыныштық үшін

Бірақ азу тістерің мен тырнақтарың қылмыстың куәгері

Жаралы Отанымызда

Қираған шатырымызда (Келтірілген өлең үзінділерінің барлық қазақша нұсқасы жазба авторына тиесілі – Ф. Т.)

Ал Ирак ақыны Бедр Шакир ес-Саяб палестиналық босқындарға жасалған әділетсіздікке әлемдік қоғамдық пікірді айыптайды. Ақын «Дәрменсіз рота» атты өлеңінде босқындардың қасіретін Қабылдың інісі Әбілді өлтіруімен салыстырады. Шығармада аспан мен жұлдыздар Қабылдан бауырының қайда екенін сұрайды.

Қабыл, бауырың қайда? Қайда бауырың?

Аспан ашуға булығып сұрады.

Жұлдыздар бір жерге қосын тікті:

Қабыл, бауырың қайда?

Босқындар қосында демалып жатыр.

Бұл өлеңінде әл-Саяб палестиналық босқындардың трагедиясын тек атамекендері мен үйлерінен қуылған палестиналықтармен ғана шектемейді, керісінше олардың адам құқықтарынан айырылғандығы туралы ойға тоқталады. Ирак ақыны Абду'л-Ваххаб әл-Бейяти  палестиналық босқындардың арып-ашып, шатырларда күн кешетінін, аштық пен ауруға душар болып «босып кеткенін» «Араб босқындары» атты өлеңінде былайша суреттейді:

Босқын арабтар сіздің қақпаңызда қайыршы,

Жаралы және жалаңаш.

Құмырсқалар олардың етін жейді,

Құстар жылдардың жарасын...

Ливан ақыны Камил Сүлеймен болса, 1948 жылы қаңтарда жазған «Босқын әйел» өлеңінде араб босқын әйелінің тым аянышты оқиғасын бейнелеуге тырысады.

Ол, 

Сүлдесін сүйретін кетіп барады,

Ұяттың ішінде өртеніп.

Шаршап, 

Шалдығып, 

Көздері жарқырап.

Өз-өзін жоғалтқан қасірет

Ішінде

Кетіп барады.

Шығармада сөз болып отырған босқын әйел Израиль шабуылы кезінде екі баласымен қашып үлгерген. Бірақ есі кіресілі-шығасылы болып жүріп, отбасындағы ең кішкентай нәрестесін соғыс алаңында ұмытып кеткен. Ал күйеуі қақтығыс кезінде қаза тапқан. Міне, осындай адам тілімен жеткізіп болмайтын қасіреттерді Сүлеймен Исаның «Жол үстінде» өлеңінде де бейнеленеді. Өлеңде ақын Дамаскідегі тротуар үстінде жатқан қарт босқынның оқиғасын баяндайды. 

Бұл, 

аштықтан қырылған, 

киімдері жыртылған 

халықтың тағдыры.

Бұл, 

ескі киімдердің ішінде 

шейіт болған 

отанның тағдыры.

Әрине, Таяу Шығыс елдерінде Палестина тақырыбында жазылған шығаралары мұнымен шектеліп қалмайды. Тек жазбамыздың интернет сайтқа ықшамдалып дайындалғанын ескерсек, бізге аргумент болатын мәліметтер мен дәлелдерді алдық деп ойлаймыз. Палестина тақырыбы 1950 жылдан бастап, барлық араб әдебиеттерінде күнтізбеден түспейтін тақырыпқа айналғаны көзіміз жетті. Барлығы дерлік Палестина халқының хал-ахуалын әдеби көркемділік деңгейінде мәңгілік тасқа басуды мақсат тұтты. Осы жолда аянбай еңбек етті. Нәтижесінде әлем әдебиеті тарихында жапа шегуші ұлттардың әдебиеті, өкінішке қарай, тағы бір сөреге толықты. Енді осы бір сөредегі әдебиеттердің ішінде биографиялық тұрғыдан да, географиялық тұрғыдан да Палестина поэзиясында ойып тұрып орын алатын ақын  - Фатва Тукан.  

Фатва Тукан - модерн араб поэзиясының негізін қалаушы көрнекті тұлға. Израиль басқыншылығына кіл шығармашылығымен қарсы тұрған палестиналық ақын әйел. Әдебиет әлемінде Фатваны «Палестинаның анасы» деп атайды. 

1917 жылы Наблус қаласында саяси және экономикалық тұрғыдан ықпалды, бай-бақуатты араб отбасында дүниеге келген. Саналы ғұмырының барлығын сүргінде өткізген Фатва, аласапыран уақыттың өзінде де Оксфордта ағылшын тілі мен әдебиеті бойынша  зерттеулер жүргізген. Сексен алты жылдық өмірінде отан үшін отқа түсіп, суға да батқан ақынның өлеңдері Палестина халқының бостандығы мен Израиль билігінің көрсеткен азаптарына арналды. Тіпті өзі өмір сүрген уақыттағы Израиль Қорғаныс министрі Моше Даян Фатва Тукан туралы «Оның өлеңдері он қастандықтан да жойқын» деп пікір білдірген екен. Яғни, Фатва қаламның қарудан бетер жойқын екенін, мәңгіліктер алдында халықтың қасіретін қағаз бетіне түсіріп, оны биікке көтере білген санаулы ақындардың бірі екенін көруімізге болады. Отанының өзіне тиесілі бақыты пен бағыты үшін күрескен ақынды заманында елден қуды, сүргінге жіберді, тіпті түрмеге де қамады. Бірақ ол қасық қаны қалғанша Отан үшін күресуге серт еткен жан еді. Қаһармандық жолды өзі таңдап алмады, әрине. Палестина халқы үшін бұл жолда жүруге мәжбүр болды:

Жарамның үстінде жүруді үйретті,

жазалаушының пышағы.

Жүруді, шаршамай жүру,

қарсы тұруды үйретті,

Қарсы тұруды... –деп жазды өлеңінде. Осылайша, Израильдің басқыншылығына қарсы тұрды өмір бойы. Тіпті отанынан қуылып, жырақта жүргенде де жүрегі отанымен бірге соқты. Қаламын қару қылып алыста жүрсе де, басқыншылармен соғысты тоқтатпады.

Жерім басып алынып жатыр ма?

Осы жерде үрейленіп, 

Жын соққан адамдай отырған уағымда 

Менің құқығым тапталып жатыр ма?

Бөтен елде бөтен боп өлу үшін осында қалмақпын ба?

Мен қалуым керек пе? 

Мұны кім айтты? 

Сүйікті жеріме қайтамын.

Тиым саламын өзіме қалу жайлы ойды 

Маған кері қайту керек. –деп соғыс алаңына бірнеше рет кері қайтты. Осы ерліктері үшін араб әдебиетінде тек қана ер адамдар басым болып, мұсылман әйелдерінің өлең жазуы құпталмаған дәуірде пайда болған алғашқы әйел бола тұра, тек қана Палестинада ғана емес, бүкіл араб әлеміндегі ең маңызды ақындардың біріне айналды. 

Енді оған осындай батылдықты беріп, алғашқы өлеңдерін жазуға себепкер болған ағасы, Араб ұлтының ұлы ақыны Ибраһим Тукан жайлы айтпай кетуге болмайды. Фатва Туканнан 12 жас үлкен ағасы ақын Ибраһим Тукан 1936-39 жылдар аралығындағы мандат кезеңінде Англияға және Палестинада британдық қамқорлықтағы еврей қоныстарына қарсы басталған араб көтерілісінің жетекші қайраткерлердің бірі, атақты қаламгер. Кіл өмірін Палестина үшін күреске арнаған Ибрагимнің кіл болмысы тек Палестинадан ғана тұратындай. Әлі Израиль мемлекеті құрылмай тұрып-ақ, ертеңгі азаптар мен қасіреттін алдын ала болжай білген ақынның жүрегі өз топырағы секілді тілім-тілім күйде өмір сүрді. Тіпті отан топырақтарының сионисттерге сатылып жатқанын ашық түрде айыптап, палестиналықтарды мұның арты жақсылыққа алып келмейтінін айтып бақты.

Олар елді жауларына сараңдықпен сатып жіберді

Ақша үшін Отанын сатты олар

Аш болса егер кешірім сұрар еді, 

Аллаға ант етемін, 

Олар бір күнде аш қалған жоқ,

Сусыз қалған жоқ олар.

Олар «Отанның» не екенін,

«Болашақ» не екенін түсінбеді.

Әй, жер сатушылар, 

Мұның соңы неге алып келерін ұқпадың,

Жауыңның алаяқ екенін сезбедің,

Өзің өскен топырақта өлгеніңді ойла

Тым болмаса, бейітің үшін жер алып қал –деп бар жанымен ескертіп бақты. Бірақ ескерген ешкім болмады. Ақын алда болатын барлық қиянат пен соғысты болжағандай, сол кезеңдегі Палестинаның тарихын анық көрсетті. Бұл кезде Палестина жерін еврейлерге сату көбейіп, ақын өз халқына мұны ақша үшін жасаудың дұрыс еместігін анық әрі түсінікті стильде түсіндіруге тырысты. Алайда, обалы не керек, ақын өмірі ерте аяқталды. Ал Фатва болса кіл өміріне айтарлықтай әсер еткен туған ағасына құрмет ретінде алғашқы жыр жинағын арнайды. Мұнымен қоса, шығармашылығының қалай басталғаны жайлы өз естеліктерінде былай деп жазады: бірде мектептен қайтып келе жатқанда бір жас жігіт гүл сыйлады. Небәрі он екі жаста едім. Бұл оқиға әкем мен ағаларымның құлағына жеткеннен кейін, мектепке жібермейтін болды. Күн ұзақ бөлмеге қамаулымын». Бұл кезде ағасы, ұлты ақыны Ибригим Тукан Бейрутта қуғанда жүрген болатын. Жағдайды ести сала, Фатваға хат жазып, өзі келе алмаса да, оған Бейруттан кітаптар жөнелтуді қолға алады. Палестинаға оралғаннан кейін, Фатваны қорғауына алып, оның білім алуына қолдау көрсетуге шешім қабылдайды. Кейіннен тұрып жатқан қалаларында ұзақ тұрақтай алмай, Иеруласимге қоныс аударғанда да, қарындасын өзімен бірге алып кетеді. Осылайша, Фатва ақындық пен өлең жазуды Иерусалимдегі ағасынан үйренеді. Ағасы үнемі Фатваның жазған өлеңдеріне пікір білдіріп, Каир мен Бейруттағы әдеби басылымдарға бүркеншік атпен шығарып отырады. Өзі қуғында жүрсе де, қарындасының әдебиет әлеміне енуіне зор септігі тиген ұлт ақыны Ибраһим Туқан 36 жасында қайтыс болады. Бірақ өзі қайтыс болғанымен, оның жырлары Палестина аспанында мәңгілікке қалды. Ибригимнің «Отаным» өлеңі 1967 жылдан 1996 жылға дейін Палестинаның ұлттық әнұраны ретінде қолданыста болады. 2004 жылы дәл осы өлең Ирактың әнұраны ретінде қабылданады. Екі бірдей мемлекеттің әнұранының авторы құрметіне ие болған араб ұлтының ұлы ақыны Ибрагим Туканның туған қарындасы да осал қаламгер қатарында болмағаны екі бастан белгілі. 

Барлығымыздың бір ғана тілегіміз бар:

Туған жердің бір бөлігі қолдарыңызда

Оны мықтап ұстаңыздар,

Оны жаныңыздар артық қорғаңыздар, 

Қорғаштаңыздар,

Бүкіл елді ұрлағандай

Оны да ұрлап алмасын» деген ағасының аманатын өмірінің соңына дейін арқалап өтеді Фатва. Арқалап жүріп  те, ағасы көрмеген (тіпті кейде көрмегеніне қуанған) Израильдің құрылуына, Араб-Израиль соғысына, Дейр Ясин қырғынына, Сабра-Сатиллаға, Бірінші Интифадаға, Екінші Интифадаға және тағы басқа қырғындар мен зұлымдыққа куә болады. Тіпті өзі туып-өскен Наблус қаласын басып алғанын көреді. Нәп-нәзік жүрегімен өз қолымен өсірген бақшаларындағы апельсин ағаштарының жойылып, зәйтүн ағаштарының кесілгенін көреді. Десе де, ағасының үнін жалғастырып, басынан өткерген әрбір қасіреттерін жазуды және жариялауды жалғастыра береді. Мұның айқын мысалы ретінде туған қаласы Наблус басқыншылардың аяғына тапталған уақытта жазылған «Менің қайғылы қалам» атты өлеңін келтірсек болады. Өлеңде ақын араб ұлтын ағашқа теңейді. Ағаштың бұтақтары сынса да діңі, берік екенін айтады. Тек ағаштың тамыры ғана қазір жер астында қауіпсіз. Тек ағаштың тамыры ғана басқыншылардан аман. Тек ағаштың тамыры ғана бізге ертең жасыл желек өмір сыйлайды дейді ақын. 

Ағаш өседі

Ағаш пен бұтақтар өседі

Күн астында өсіп, бүршік атады ертең.

Ағаштың күлкілері жапырақтарға айналады,

Күннің бетінде.

Құстар келеді

Құстар міндетті түрде келеді

Құстар келеді – деп халқының үмітін үзгісі келмейді. Қанша жерден тапталып, өлтіріліп, бас ауған жаққа тентіреп жатса да, біздің тамырымыз тереңде дейді. Ертең-ақ қайтадан бүр жарамыз, жаулар біздің бұтағымызды сындырып, жемісімізді тартып алса да, тамырымыздың тереңде екені бізге жұбаныш сыйлайды. Әлі ертең-ақ көктем келеді, ертең-ақ көгереміз дейді ақын. «Туған жерге үндеу» атты өлеңінде де ақын Палестина халқының ерлігі мен батылдығын көкке ту қылып көтереді.

Өлім мен сатқындықты көрген күн –

су тартыла бастады,

аспан түнерді,

Қала демін ішіне тартты.

Алаңға жалаңаш шықты

Қаламның барлық қайғысы,

жасыл қадамдармен…

Ей, менің үнсіз де мұңды қалам...» деп жазады. Көріп отырғанымыздай, аш-жалаңаш қалса да, Наблусты қорғау үшін қаланың барлық қайғысы жап-жасыл қадамдарымен алаңға шығады. Үміттері мен күдіктері астасып, жыларман күйге түскен халқына қарап, «Өлімнің өзі жеңе алмайтын өлке» деп жіберлендіреді ақын «Жанпида» атты өлеңінде.  «Әрқашан тірі» деген өлеңінде болса,  Палестина туралы 

«Мәңгілік дертіміз, 

жалғыз махаббатымыз – 

киелі жер» дейді. 

«Жаңа жылдың екінші дұғасы» өлеңінде

«Бізге бостандық әкел. 

Өмір сүрудің жалғыз мүмкіндігі, 

өмір сүрудің жалғыз мақсаты!» деп халықтың жалғыз тілегінің бостандық екенін өлең тілінде мәңгілікке айтады. Осылайша, саналы ғұмырының бар бөлігін Палестина халқының бостандығы мен бақыты үшін күрескен Фатва Тукан 2003 жылы, өзінің туған жерінде көз жұмады. Ең өкініштісі, жылдар бойы сүргінде жүріп, Отанына оралған уақытта Наблус қаласында басқыншылардың кезекті зұлымдығы орын алып жатқан болатын. Дәлірек айтсақ, 2003 жылы 12 желтоқсанда әл-Ақса интифадасының қызған шағында ұлт ақыны қоршаудағы Наблус қаласының ауруханасында көз жұмады. Ақынның тілінен кәлимасы төгіліп жатқан уақытта, құлағына бомбалардың жарылысы мен өлген адамдардың шыңғырған даусы естіліп жатты. 

Отанымда өлсем болды,

Туған жердің топырағында,

Топыраққа сіңіп, 

Топырақпен араласып, 

Жоққа айналсам,

Содан соң бір күні әлемге қайта оралсам,

Жасыл шөп болып бір күні қайта оралсам

Елімде өскен баланың қолында

Бір себеп гүл болып,

Қайта оралсам,

Туған жердің жүрегінде болсам болғаны

Топырақ болып,

Шөп болып,

Гүл болып – деген арманы орандалғанымен, ағасы секілді Фатва да Палестина халқының бостандығын көре алмай кетті. Тым болмаса өмірінің ең соңғы сәтінде бомбалар мен оқтардың астында жылаған баланың даусын емес, күлгенін естісеші. Бірақ ол да мүмкін болмады. Палестина халқының тағы бір ұлт ақыны Махмұд Дервиш Фатва Туканды өзінің туған әпкесіндей сыйлап, оған арнаған бір өлеңінде

Әпке, осы жылдар

Біздің жұмысымыз өлең жазу емес еді.

Бірақ бұл шайқас болды...

Әпке, тамағымда жас,

Көзімде от бар...» деп ағынан жарылады. Тіпті Ол жайлы «Фатва бәріміз үшін ұстаз, ана, әпке және дос бола білді. Обалы не керек, көбіміз сияқты ол да үнемі майдан шебінде жүрді...» деп пікір білдіреді. Палестина халқына ана, күллі араб поэзиясына ұстаз бола білген,  бостандық жолында күрескен Фатва Тукан тек қана Палестина емес, әлем халықтардың жадында мәңгілік қалмақ.  

Фатва Тукан секілді бұл жолды өмірімен өткерген тағы бір жан бар болатын болса, ол – жоғарыда Фатваға өлең арнаған, Фатваның «рухани інісі» Махмұд Дервиш. Махмұд Дервиш те Фатва Тукан секілді өмір тарихымен де, шығармаларымен де қазіргі араб поэзиясының негізін қалаған ақындарының бірі. Көз ашқалы бері басқыншылық пен жер аударумен ғана бетпе-бет келген Дервиш бүкіл өмірін отанына басып кіргендерге тойтарыс берумен өткізді. Осы қарсылықтың нәтижесінде қуғында ұшырады, отанын жоғалтты, қамалды, қуғындалды. 

Әлқисса, Махмуд Дервиш 1941 жылы 13 наурызда Палестинаның Галилея аймағындағы Акка қаласында мұсылман отбасында дүниеге келген. Ол кезде Палестина британияның мандатында еді. 1948 жылы Израиль Палестина жерінің көп бөлігін, соның ішінде ақынның Бирва ауылын басып алады. Осылайша, басқыншылық пен саяси қақтығыстың алғашқы құрбандарының бірі де, болашақтағы Палестина халқының ұлт ақынына айналатын Махмұд Дервиш болады. Небәрі жеті жасында Дервиш соғыстың кесірінен туған жерінен мәжбүрлі түрде Ливанға қоныс аударады. Бірақ біраз уақыттан кейін отбасымен бірге заңсыз түрде туған елі Палестинаға қайта оралды. Араға жылдар салып, бұл туралы «Limâzâ Terektel-Hisâne Vahîden» (қаз. Жылқыны неге жалғыз қалдырдың?» атты өлең кітабында былай деп жазады. 

«Мені қайда алып бара жатсың, әкешім?

Желге, ұлым…

...Үйден шығып бара жатқанда екеуі,

Бір төбеге Бонапарт әскері қонысын тігіп үлгерген болатын

Бақылау үшін ескі Акка қабырғаларындағы

Көлеңкелерді –Әке ұлына «Қорықпа» дейтін.

Қорықпа мылтықтың даусынан! Топыраққа тығылып

Құтыламыз. Құтылып шығатын боламыз

Солтүстіктегі тауға, сосын қайтып ораламыз,

Қайтқан соң әскерлер алыстағы отбасына.

Үйге кім қалады біздің кейін, әкешім?

Ешкім, ұлым»

Осылайша, Дервиш жанұясымен алдымен Дайруль-Эседке, кейін ел-Седиде ауылына қоныстанады. Ал бастауыш мектепті Эль-Седиде ауылында бастайды. Ең өкініштісі, мектебін Израильдің Білім министрлігінің инспекторлары тексерген кезде, қандай да бір мәселе туындамас үшін мектеп директоры оны жасырып, инспекторлар кеткенше ұстайтын. Яғни, өз туған жеріне заңсыз кіргені үшін тығылатын бала Дервиш. Осы бір «жасырынулар» мен Израильдің Палестинаны басып алуы секілді оқиғалар ақынның бүкіл өміріне әсер етеді. Әуелі туған ауылының жоққа айналуы, кейіннен қуғын-сүргін, қамау мен жер аударулар –осының барлығы ақынның кіл шығармашылығында көрініс тапты. «Соңыма дейін және жолдың соңына дейін» атты өлеңінде

Шаршадың ба, әкешім,

Көздерің терлепті?

Шаршадым ұлым... Көтересің бе мені?

Мені көтергенің секілді әкешім

Барлық сағынышымызды көтеремін

Бастауына дейін, сағыныштың соңында дейін

Бұл жолды кешіп өтемін

Соңына дейін... және жолдың соңына дейін! –деп жазады. 

Махмұд Дервиш осылайша өмірінің барлық кезеңін сүргінде өткерді. Жоғарыда оқыған өлең бейне бір Троя құлағаннан кейін әкесін көтеріп жолға шыққан Энейді еске салады. Алайда Эней Римнің негізін қаласа, Махмұд «соңына дейін сағынышын көтеріп өтпек». Арада қаншама жыл өткеннен кейін аңыз секілді болып көрінгенімен, Махмұдтың өлеңдері мектеп кезінен-ақ Израиль қауіпсіздік қызметінің жіті назарында болады. Небәрі 8 сынып оқып жүргенде басталады мұның бәрі. Өз естеліктерінде өлеңі мен басқыншылардың қарсы келгенін былайша суреттейді: «Әскери үкімет Израиль мемлекетінің құрылуына байланысты фестиваль ұйымдастырды. Мен сегізінші сынып оқушысы едім. Осы мерейтойға орай араб ауылдарында да үлкен фестивальдар өтті. Мектеп директоры менің ауылымызда өтетін фестивальге қатысуымды қалады. Мен өмірімде бірінші рет фестиваль атаулысына қатырысып тұрған бетім. Қысқа шалбарыммен микрофонның алдына тұрып, «Арап баласының еврей баласына айтқаны» деген өлеңімді оқыдым. Өлең түгел есімде жоқ, бірақ негізгі тақырыбы былай болатын:

О, менің досым! 

Күн астында қалағаныңша ойнауыңа болады.

Ойыншықтарды жасау өз қолыңда.

Бірақ мен жасай алмаймын.

Сенде бар нәрселер, менде жоқ.

Сенің үйің бар, бірақ менде жоқ, 

Мен босқынмын.

Сенде мерекелер, қуаныштар мен бақыттар бар.

Мен мерекелерден, бақыттан мақрұммын.

Неге біз бірге ойын ойнамасқа?»

Осы бір өлеңі үшін сегізінші сынып оқушысы келесі күні-ақ  Израиль әскери кеңсесіне шақырылады. Инстпектор бала Дервишке «егер осындай өлең тағы жазатын болсаң әкеңді жұмыссыз қалдырамыз» деп қорқытады. Әкесі ол уақытта тас карьерінде қарапайым жұмысшы болатын. Бірақ осы оқиғадан кейін қолына қалам алмауы керек болған бала Дервиш, керісінше әдебиетке деген махаббаты одан әрмен ұлғая түседі. Тоқтаусыз өлең жазу, жазған өлеңін поэзия кештерінде ашықтан-ашық оқуды әдетке айналдырады. Тіпті бұл үрдіс жиі қайтала бергені соншалық, Израиль әскері оның поэзия кештеріне баруына жол бермеуге тырысып, өзі тұратын ауданнан шығуға рұқсат бермейтін жағдайға дейін жетеді. Осылайша, көпшілік алдында рұқсатсыз өлең оқығаны үшін Израиль үкіметі тарапынан талай рет жазаланған Дервиш 16 жасында түрмеде отырады. Түрмеде темекі қорабына «Анамның кофесін сағындым» деген өлең жазады. Кейіннен бұл өлең әйгілі ливандық музыкант Марсель Халифе тарапынан музыкаланып, араб халық әніне айналады (Егер қаласаңыз, аталған әнді YouTube платформасынан тыңдауыңызға болады –Ф. Т.). 

19 жасында «Қанатсыз құстар» атты алғашқы поэзиялық кітабын шығарады. Бұл уақытта ақынның әлі орта мектеп оқушы екенін ұмытпағанымыз жөн. Мектепті бітіргеннен кейін 1961 жылы Хайфаға қоныс аударады. Бұл жерде де басқыншылыққа қарсы сөздері мен өлеңдері, саяси қызметі үшін бірнеше рет түрмеге жабылып, үйқамаққа алынады.  Дәлірек айтсақ, 1961 жылы бір рет тұтқынға алынған Дервиш, 1967 жылы Еврей университеті ұйымдастырған поэзия кешінде «Ерлердің әнұраны» атты өлеңін оқығаннан кейін тағы бір рет тұтқындалады. Осылайша, Дервиш өлең оқиды деген хабар таралған жердің барлығында Израиль әскерлері торуылдап жүруді әдетке айналдырады. Бар мақсаттары – Дервишке өлең оқыттырмау болатын.

1960-70 жылдар аралығында Израиль әскери әкімшілігінің үйқамағында ұсталып, Хайфадан шығуға тыйым салынады. Тіпті айт күні Хайфаға қонаққа келген анасымен қоштасарда көшеге еріп жүре алмағаны жайлы өз естеліктерінде былай деп жазады: «Израиль мемлекеті анаммен қоштасу үшін де үйден шығуға рұқсат бермейді. Мереке кезінде де жалғыз қаласың, ескі орындыққа отырасың. Сосын «Чайковскийдің №1 симфониясын» тыңдайсың да, ешқашан жыламағандай балаша жылайсың. Қақтығыстар мен зорлық-зомбылыққа бала күнінен бастап өлеңімен қарсылық білдірген Махмұд Дервиш, небәрі 22 жасында-ақ Палестина халқының  «Шайрү'н-нахда» (қаз. Оянған ақын) мәртебесіне ие болады. Осы жасында, яғни 22 жасында алдағы уақытта ауыздан ауызға тарайтын атақты «Жеке куәлік» атты өлеңін жазады. Өлең Израильдік билік тарапынан берілетін рұқсат қағазын көрсетпегені үшін тоқтатқан израильдік полиция қызметкеріне арналады. Бірақ өлеңді оқыған кез-келген оқырман, контекстік мағынада Палестина халқының азаттық аңсауын, теңдік пен тәуелсіздік жолындағы қайсарлықтарын анық байқайды.

«Ал жаз,

Мен арабпын

Карта нөмірім елу мың

Балаларымның саны – сегіз

Тоғызыншы 

Жазда дүниеге келеді

Ашуланып жатырсың ба?Жаз!

Мен арабпын

Әріптестеріммен бірге 

Тас карьердінде жұмыс істеймін

Балаларымның саны – сегіз

Нәпақаларын тастан табамын

Киімдері мен дәптерлерін де!

Есігіңде қайыр сұрартын адам емеспін,

Сарайыңның табалдырығында

Қорлататын адам емеспін өзімді!

Ашуланып жатырсың ба?

 

Жаз!

Мен арабпын

Атым ғана бар, тегім жоқ.

Ашуға булығып күн кешкен

Бұл елдегі ең сабырлы адаммын 

Уақыттың пайда болуынан,

Жылдардың бастауынан

кипарис пен зәйтүн жемістерінен

шөптің шығуынан да

терең менің тамырым.

(...)

1970 жылы, яғни 29 жасында білім аламын деп Мәскеуге қоныс аударады. Бірақ онда көп тұрақтай алмай, қайтадан елге оралады. Елге болғанда, Мысырға, Каирге. Кейіннен Ливан астанасы Бейрутқа көшеді. Бұл жерде ақын Палестинаны азат ету ұйымында қызмет атқарады. Ақынның Бейруттегі мыңдаған оқырман алдында оқыған «Жоғалыңдар» өлеңі – оның есімін күллі әлемге одан әрмен танытады түседі. Басқыншылар тарапынан қысым да осы бір өлеңнен кейін одан әрмен күшейе түседі. 

Зымыран сендерден, тас бізден

Қылыш сендерден, қан бізден

Соғыс сендерден, жан бізден

Уақытымыздан керегін алыңдар да,

Жоғалыңдар!

Қайда өмір сүргілерің келсе, сонда барыңдар,

Біздің арамызда орын жоқ,

Имандарыңды қайдан үйірсеңдер де, үйіріңдер

Кірлетпеңдер көгершін қолдарымызды,

Нанымыз бен суларымыздан тартыңдар қолдарыңды

Жарамыздан, суымыздан, топырағымыздан,

Қанымыздан өз үлестеріңді алыңдар да,

Жоғалыңдар!

Бірақ ешкім ешқайда «Жоғалмады». Керісінше 1982 жылы Израиль Ливанға әскери шабуыл жасап, Ливаннан Палестинаны азат ету ұйымының штабын шығару үшін Бейрутты басып алды. Басып алады дегеніміз кем, Шығыстың Парижы атанған Бейруттың күл-талқанын шығарады. 1982 жылы 16 қыркүйекте Батыс Бейруттегі Сабра және Шатила деп аталатын палестиналық босқындар лагеріне шабуыл жасап, жүздеген адамды, соның ішінде балаларды өлтіреді. Бұл оқиға ақынның жүрегін одан әрмен жаралай түседі. Себебі бұл уақытта бірде бір араб мемлекеттері Палестинаға қол үшін созбайды, дұрысын айтқанда, палестиналықтар басқыншы әскер алдында жалғыз қалады. Нәтижесінде Израиль Ливанға басып кіргеннен кейін, қарулы палестиналық топтар таратылып, Палестиналық ұйымның барлық жетекшілері, соның ішінде Ясир Арафат Туниске жер аударылады. Палестинаны қорғамаған араб елдерін сөгіп, оны саяси сахнада жалғыз қалдырғаны үшін 1986 жылы атақты «Мен Жүсіппін» өлеңі жазады Дервиш. 

«Мен Жүсіппін,

Әке,

Бауырларым мені сүймейді.

Жұмыр тастармен

Ащы сөздермен жүрегімді жаралады.

Олар менің өлгенімді қалайды

Ал өлейін, сосын олар мақтасын мені,

Сосын жалғыз бауырымыз еді десін.

Мені араларында қалайды олар, әке

Түпсіз құдыққа лақтырды мені, әке

Қасқырды кінәлайды, әке.

Уақыт өте келе Дервиш пен Арафат арасында келіспеушіліктер туындап, Дервиш 1993 жылы Палестиналық ұйымы мен Израиль арасында қол қойылған Бірінші Осло келісімі кезінде Палестинаны азат ету ұйымының Атқарушы кеңесінің қызметінен кетеді. 

1994 жылдың шілдесінде ұзақ жылға созылған сүргіннен кейін Палестинаға қайта оралады. Бірақ үнемі Израиль күштерінің бақылауында болады. 2008 жылы 9 тамызда АҚШ-тың Техас штатында жүрекке операциядан кейін 67 жасында о дүниеге аттанады. Саналы ғұмырын ұлт бостандығына арнаған ақынның қазасына Палестина халқы 3 күндік ұлттық аза тұту күнін жариялайды. Осылайша, Махмұд Дервиш Палестина аспанындағы «қоп-қоңыр күздің тыныштығына» айналды да кетті. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар