Осы сауал мені көп ойландыратын. Әлі ойландырып келеді. Себебі біз поэзия мен оның өкілдері туралы сыни-мақалалар мен әр түрлі жиын-кеңестерде жасалған баяндамалардан шамамен «Әйел ақындардың арасында пәленше-түгеншелер біршама жазып жүр», - деген секілді пікірлерді бойымызға сіңіріп өстік. Жалпы, әдебиет (өнердің қай саласында да солай болар) есігін алғаш ашқан кезде адамда сол ортаға деген құштарлық әсіресе басым болатын тәрізді.
Аңызақ шөл дала. Таңдайы кеуіп, көзі қарауытқан жалғыз жаяу. Байтақ өмірде жарқылдап жүрген күмбір күндер қапелімде көзден бұлбұлдай ұшып, ғайып болғандай. Кеше ғана мәңгіліктей көрінген балауса қиял, бақ-дәурен, ауыздықпен алысып, алыс қияларды ғана армандатқан астыңдағы арғымақ, ат үстінде ойқастап жүрген шалқар шақта аяғыңның астындағы ұсақ-түйекке жанарыңды түсіре бермес алып-ұшпа асау көңіл - бәрі-бәрі дәл қазір көрген түстей тәтті елес қана. Қазір оның сол бір сайран ғұмырында істеген жақсылық, жамандық істері, қуанышты, қайғылы күндері, тағы басқа да тірліктің өзіне ғана тән қым-қуыт қалтарыстары туралы ойлап, толғамды қорытынды жасап, не өкініп, не сүйсініп жатар жайы жоқ: оның ақыл-ой, санасы, бүкіл болмысын жалғыз ғана құштарлық билеп алған. Ол - мөлдір бұлақ. Аңқасын кептірген шөл-құмарын басар тамшы су. Сол сәтте шөл жайлаған кеуде шіркін дүниенің бәрі алдынан айдын боп шықса, бәрін өзі ішердей, шөлі қанбастай сезінер еді.
Әдебиетке талпынған әрбір жаста да өзі белін бекем буып аттанғалы тұрған әлемге деген осындай құштар көңіл болады ғой. Ол әдебиет төңірегінде айтылған әр сөз, әрбір пікірге дейін көкірегіне құйып, қанына сіңіре береді. Дәл осындай құбылысты кешіп өскен біздің жастайымыздан миымызды жайлап, көңілімізге құйылып қалған «әйелдер поэзиясы» деген пікір-толғам төңірегінде бұл қалай деп ойланып жатпағанымыз, заңдылықтай жатталып қалған қағида іспетті қабылдағанымыз айыптауға болмайтын, адамның (тіпті әдебиеттің де) өсу сатыларының қадам-биіктерімен астарлас жайы бар құбылыс шығар...
Адам мен заманның өсіп-даму шегінің шарықтаған шағында керемет құпиялардың өзі ештеңе болмай қалады. Заңдылықтай қалыптасқан қағидалар барлық құпия да қызық мән-мағынасынан айырылып, қызықтырмайтын қарабайыр құбылысқа айналады. Әйел затының тәуелділіктен арылуының да көзіңді жұмғызып, көкірегіңді ұстатар құбылыс болмай қалуы сол даму мен өсудің дәуірлеуімен ұштасып жатса керек. Бұл ғасырда нәзік жыныс өкілдерінің ой-сана жағынан өсіп қана қоймай, бойдағы барлық қабілет-дарынды көрсетер дәрежесін айтып, дәлелдеп жатудың өзі ерсі сияқты. Жалпы адам баласының өсуі - еркін, жан-жақты дамудың шын мәніндегі көрінісі. Ал поэзия -адамзаттың рухани байлығы көріністерінің ең айқын түрлерінің бірі.
«Ты уцелевший в сердце нищем,
Привет тебе, мой грустный стих!
Мой светлый луч над пепелищем
блаженств и радостей моих!
Одно, чего и святотатству
коснуться в храме не могло;
Моя напасть, мое богатство!
Мое святое ремесло!»
Бұл - Каролина Павлова.
Азаматқа тән сезім, түйсік, тағы басқа қадір-қасиеттердің әйел затына да тән екенінің ақиқаттығын айту қажет еместігі секілді, әйел сезімінен туған поэзия жалпы поэзиядан басқа, бейтаныс бір әлем құбылыстарының туындысы деп түсінуді теріс деп дәлелдеу де артық тәрізді. Осыған орай, адамзат шарықтау нүктесі төңірегінде жүрген бүгінгі таңда «әйелдер поэзиясы», «әйелдер жырлайтын тақырып» деген тіркестер мен ұғымдар архаизмге айналуға тиісті деп ұғынғанымызбен, күнделікті тірлікте жұрт аузынан әлі де жиі еститін секілдіміз. «Әйелдер әйелше жазу керек; әйелдің қылығындай, нәзік те мөлдір бастаудың үніндей биязы жырлаған дұрыс» деген пікір көп естіліп жүр. Ақын болмысының, табиғатының әр түрлілігінен оның поэзиядағы үні дараланады. Бұл ақын атаулыға тән қасиет болса керек. Өзіндік үні жоқ, жақсы деп жақсылығын айту немесе жаман деп нашар дүние екендігін дәлелдеуі қиын туындылары бар адам - әйел ме, ер ме, кім болса ол болсын, - әйтеуір, ақын емес. Ал әлгідей «туындылар» адамзат тарихының әр кезең, әр дәуірінде де әдебиеттік ортада болатын көп тобырдай ешкімді аяп, мүсіркемейтін мезгіл тозаңына көміліп қалмақ.
Анна Ахматованың «Мужество» деген өлеңін оқи отырып, нәзік те, тамаша жыныстың өкілі бола тұра, әйел басымен еркектің аузынан шығар сөзді айтты деп айыптай аламыз ба? Егер жүрегіміздің түкпірінде жазатайым осындай бір жазғырған пікір түтіні бұрқырап аспанға көте-рілмей-ақ, сәл-пәл бықсып кетсе, онда өз кеудеміздің поэзия деген түсініктен ат шаптырым алшақ жатқаны.
Адам баласының табиғаты күрделі, сонысымен қызық та ғой. Айналадан күнделікті көріп, біліп, көз, көңілі үйренген нәрседен гөрі, көзге көрініп, қолға түсе бермейтін, сол сирек те құпия болмысымен ынтықтырар нәрсеге құмар келеді. Бәлкім, біз поэзиядан осындай сирек құбылыс болып бара жатқан нәзіктік пен наздылықты ғана көргіміз келетін шығар? Ал поэзия дегеннің өзі нәзіктік емес пе? Егер олай болса, мұндай поэзияның тек әйелдерге ғана тән болуы шарт па? Ендеше нәзік те назды, ерке де мұңды нағыз әйел ақыннан күтетін поэзия - С.Есенин поэзиясы болады ғой! Демек, бұдан поэзияда ақынның жынысы басты роль атқармайды; ақын дүниені қалай көреді, сол көріністі өз сезіміне сіңіріп, сосын қалай өзінше суреттей алады - әңгіме түйіні осында. Өлең жолы болып өрнектелген сезімнің айналадағы жұртқа қалай соншалықты әсер етуі ақынның еркінен тыс құбылыс болса керек. Сөз арасында, орайы келгенде, айта кетер тағы бір жай бар. Кейде жақсылы-жаманды туындыларды оқып отырып, «шабытсыз жазыла салған өлең екен», немесе «қиыннан қиыстырып қара тер болмай шын шабыттан туып, құйыла қалған өлең екен» дейміз. Ақындар өздері де, оқырмандар да осындай пікірде қалатын дүниелер мол ғой (егер мұндай туынды ер ақынның қаламынан шыққан болса, көбіне осылай делінеді де, әйел ақынның туындысы болса, солай болуы кешірімді және таныс құбылыстай қабылдайтынымыз бар). Меніңше, бұған (осындай пікір-ұғымдардың тууына) тікелей кінәлі ақындар ғана.
Ақын әр жолды не әр шумақты туу процесі үстінде қаншалықты қиналды, әр ұйқас, әр ырғаққа соншалық мән беріп, қанша жүйкесін жұқартты - бұл оның құдіреттілігі емес. Ақынның құдіреті - оқушыны сол шумақты (не тұтас бір шығарманы) - іші алтын, сырты күміс қалпында құйыла қалғандай, шабыттың бір демімен өрнектеліп қалған мөлтек туындыдай сезіндіре білуінде (әрине, табиғат берген талантсыз, қалайда поэзиялық әсем дүние шығарам деп бас қатыру бос әурешілік екенін түсіндіріп отыру дәл осы жерде артық).
Поэзия адамды дүниені басқаша тануға үйретеді, оның жан-дүниесіне өзгерістер әкеледі. Поэзия адамды өз жанының терең бір түкпіріндегі құпия боп келген сезім-түйсіктерді бастан кешіртеді, өз жүрегіне үңілуге үйретеді. Поэзия шын мәніндегі мәдениетті тәрбиелейді. Ал «әйелдер поэзиясы» деген тіркесте «екінші сатыдағы», «қолдан жасалған (жасанды) поэзия» деген ұғым жатқандай естіледі және солай қабылданады. Егер ақын жасанды болса, оның ақындық тағдыры да қисық бұтадай ғұмырсыз деген сөз, - поэзия әлемі қатал, әрі оның талабы да тым биік.
Біздің халқымыз ежелден қыз баланы, әйел затын мәпелеп, аялаған, оның бойындағы өнеріне де қол соға білген. Оған кешегі заманда өткен ақын Сара куә. Сараның Арқаның атышулы ақыны Біржан салмен өлең сайысындағы мірдің оғындай түйдектеле құйылған шумақтары поэзияның жыныс таңдамайтындығының түсіндіруді қажет етпейтін айғағы ғой. Ендеше, қазақ әйелі өзінің қабілет-дарынын ертеден-ақ жариялаған екен. Ендеше, әйел затының қаламынан шыққан поэзиялық шығарма «екінші сатыдағы» дүниелер емес деп жар салып жария етпей-ақ, дәлелдеусіз түсінікті болуға тиіс жай екен.
Дей тұрғанмен, өркендеу, шарықтау дәуірінің куәсі болып отырғанымызға қарамастан, әлі күнге «орамал тартқандар поэзиясы» деген ұғым өз алдына отау тіккендей оқшауланып, көлденеңдей беретіні неліктен? Мүмкін, әйелдер қаламынан шыққан туындылардың шын мәнінде, өз алдына бөлектеп, жалпы поэзиядан дараланып айтарлық өзіне тән белгі-қасиеттері бар шығар?
Егер адамдардың ұғымында әйелдер поэзиясында ондай «қасиеттер» бар болса, онда, меніңше, шамамен мыналар болса керек: поэзияға тән көркемдіктің жетіспеуі, тақырып аясының ошақ басындай ауқымы, осылардан келіп «шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең, аспанда ұшып жүрген боталы інген» деген секілді балдыр-батпақ «өлеңдердің» бой көрсетуі - бұл бір; екіншіден, «жә, әйел ғой, бейшара жаза берсін, сынап-мінеп қайтеміз» деген мүсіркеушілік ниеттердің қамшылауы. Ендеше «әйел ғой, бар жеткені сол» деп мүсіркей, кешіріммен қарайтын болсақ, онда ер ақындар арасындағы дәл жаңағыдай күлгін-күйелеш өлең жазатындарды қайда жібереміз? Рас, әдебиет маңында көп тобырдың болатыны - атамзаманнан келе жатқан табиғи әрі заңды құбылыс! Бірақ тарихтың өзі-ақ талғампаз көзімен таңдап, тума таланттарды ғана саралайды. Ал ондай таланттар қол созым жерден көз жұмып таба салатын дүние емес.
Демек, поэзияға қойылар талап біреу ғана болуы керек екен. Егер ол талап дәрежесінен төмен жатқан дүние болса, онда «әйелдің жазғаны екен» деп жанашырлық көрсетпей-ақ, поэзия тоғанына тоғытқан жөн. Осындай, сайып келгенде, әдебиетке қиянат келтіретін жанашырлықтың салдарынан өлең емес өлеңдер бой көрсетеді, поэзияның құнын төмендетіп, оқырман көңілінде жалпы поэзияға деген күңгірт сызаттар түсіреді. Абай, Махамбет, Сара, Біржандар әрқайсысы өзінше салып өткен дара соқпақтарды ақшаңдаққа айналдырып, аласапыран дүрмекті қалың қойдай қаптатуға, кімнің ізі сайда, кімнің ізі қырда -біліп болмас дүрбелеңге өріс береді екенбіз. Сөйтеміз де «жастар он шақты өлең жазса, оны баспаға алып жүгіреді» деп жазғырамыз.
Сонымен, бізде «әйелдер поэзиясы» дегенге бір кездерде қалыптасып кеткен, әйел затының өзіне екінші сатыдағы адам ретінде қарау бар екен. Осыдан келіп поэзиямызда көптеген әйел, немесе ер ақындардың поэтикалық дәрежеден әлдеқайда төмен дүниелері көптеп ұшырасады да, бұның өзі жалпы өлең сапасына нұқсан келтіріп, арзандатады екен.
Енді «әйелдер поэзиясы» деген тіркес тек біздің топырағымызда ғана туындаған емес, орыс әдебиетінде де бар ұғым ғой. Бұған қалай қараймыз? Олар да әйел поэзиясы деп қарап келді емес пе?
Бұл сауалдардың жауабын іздеу үшін біз тағы да орыстың көрнекті ақыны Анна Ахматованы, оның творчествосын мысалға аламыз. «Әйелдер поэзиясы» деген дәл біздегідей өмір сүріп келген түсінікті өзіндік әйелдік поэзиясымен тұңғыш рет жоққа шығарған да осы Анна Ахматова.
«Я научила женщин говорить,
о, боже, как их замолчать заставить!»-
деп өзі жазғандай, Анна Ахматова, жоғарыда айтқанымыздай, әйел жанынан, әйел жүрегінен шыққан жырларымен поэзияның тағдырдай жалғыз екенін, біздің ақын Сара секілді, өз топырағында дәлелдеді. Жиырмасыншы ғасырда бүкіл адамзат баласының тағдырында ұлы өзгерістер туғаны тәрізді орыс поэзиясына да керемет құбылыстар келді ғой. Осындай поэзиядағы, қала берді, жалпы әдебиеттегі құбылыс деп Александр Блок, Владимир Маяковский, Борис Пастернак, Сергей Есениндерді танимыз.
В. Маяковскийдің тағдыры, оның поэтикалық қызметі - бұл азаматтық, адамгершілік деген ұғымдардың синонимі сияқты.
Әрине, Маяковский поэзиясы ешкімге ұқсамай, табиғаттың туындысындай күйде басқа әлемнен, басқа тірліктен келген жоқ. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың поэзиясындағы терең азаматтық әуеннің заңды жалғасындай дүниеге келді.
Ал сол Блок, Маяковский, Пастернак поэзиясымен қатар (бір саты да төмен емес!) Анна Ахматованың, Марина Цветаеваның поэзиясы тұр.
«И ты, распад всемирный, не убей
ту связь времен, - она еще поможет.
Ведь просто быть не может двух Россий,
как быть и двух Ахматовых не может.
Она связала эти времена
в туманно-теневое средоточье,
и если Пушкин - солнце, то она
в поэзии пребудет белой ночью», -
деп көрнекті совет ақыны Евгений Евтушенко жазғандай, Ахматова мен Цветаева поэзиясы әйел қаламынан шыққан ұсақ-түйек деген көзқарасқа біржолата соққы берген еді. Ілгеріде айтқанымыздай, жердегі тіршіліктен, жалпы адамзат тағдырынан тыс әйел тағдыры болмайтыны секілді, бұл екі әйелдің творчествосы жалпы әдебиеттегі даму процесінен тыс «әйел поэзиясы» болмайтынын дәлелдеді.
Ақын да - жаратылыстың бір белшегі. Ендеше тірліктің заңдылықтары оған да ортақ. Ол да дүниеден өтеді.
«Бірақ бәрі өзгереді күні ертең:
басқа жігіт басқа қызды құшады,
біздің мынау қайталанбас түн, еркем,
көзден бұлбұл ұшады...
Қуанамын:
жарқын күн
бізден соң да тіршілікке шашса нәр.
Біз болмаспыз.
Ал бәрібір бал түннің
ләззатына тамсанады басқалар.
Сонда тағы жаңа өмірлер басталар»
Пабло Неруда осылай жырлаған баянсыз тірлік данышпанды да, ұлыны да жанап өткен емес. Ақынды өлтірмейтін, оны тірілер арасында ұстайтын оның өлмес сезімі ғана. Шын поэзия, осылайша, мәңгілікпен тексеріледі. Егер өткінші ғұмырдай белгілі бір мезгілдің туындысы болса, ол поэзия болмағаны. Нағыз суреткер, өз жынысының кім екендігіне қарамай, әйелше де, еркекше де сезіне алуы тиіс секілді. Александр Блок өз жан дүниесінде әйелге тән нәзіктік, әйелге тән кейбір қасиеттерінің барын айтқан. Ал өмірді өз кейіпкері Эмма Боварише сезініп, өзін дәл сол кейіпкермен бірге санаған Флобер, Боваридің өліміне сон-шалық күйініп, қасіреттенген екен. Бұның бәрі кейбіреуіміздің көңілімізден шығатын «әйел әйелше, еркек еркекше жазуы керек» деген канондардың жалпы өнерге жат екенін, осындай ниеттің өзі дүние танымның ауқымын көрсететіндігін дәлелдей түседі. Шын поэзия бөлініп, жарылмайды. Әйелдер поззиясы, ерлер поэзиясы деген топтар құрылмайды. Әдебиетте ақын бар, оның өлмейтіи, жүректерде мәңгілік көктем атып тұратын жырлары бар! Ол жырлар қалай жазылды, қай жыныстың өкілі жазды - бұл оқырман үшін ең басты нәрсе емес. Ең басты нәрсе - бұйығып ұйықтап жатқан сезімге атой беріп оятып алар, сосын бүкіл жандүниеңді бүтіндей баурап, не қуантып, күлдіріп, не жүрегіңді жасқа малып, күйіндіріп - әйтеуір, өзіңнің Адам екендігіңді сезіндірер, бір рақат та ләззатты күйге түсірер, бойыңдағы күш-қуатыңа сезім қосқандай, алыс та, адам жетпес қиял-көкжиектеріне ұмтылдырар тәтті сәттердің шырынын сезінгендей, не енді қазір сезінердей сергектендірер құдіретке толы поэзия.
«Аңғармай өң мен түстің не екенін де,
Жүрейін бал сезімнің жетегінде.
Сен мені алдарқатып, абайсызда
Алып қаш алыс жолға кетеріңде.
Білдірмей ішкі сырды күліп кел де,
Айтып қой ат әкел деп жігіттерге.
Қыздардың әдеті бар келіспейтін –
Бұлқынсам, сүймейді-ау, деп күдіктенбе».
Бұл - поэзия. Бұл - Ақұштап.
«Қақ айырып кеудемді жаратындай,
Отты ойлардан лап етіп жанатындай.
Асығамын мен неге, асырамын,
Бір ауыз сөз айта алмай қалатындай.
Күрсінеді бозамық таңым, жатса
От ойлардың өрімі таратылмай.
Арман алыс. Жолдарым барады ұзап,
Ақжал атым түяқты жаратылғай!»
Бұл - Шәмшия Жұбатова.
Ақұштаптың, Күләштың, Ханбибі мен Шәмшияның отты да нәзік, ойнақы да сыршыл, көркем де ойлы поэзиясы бөлек планетада өсіп-жетілген жоқ. Ол Абай, Махамбет, Сара, Біржан, Әбділда, Төлеген, Мұқағали топырағында туды. «Қобланды» мен «Алпамыс», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мен «Қыз Жібек» жырларын туғызған нәрмен қоректенді. Өзінің туған халқының тағдырымен тағдырлас болмайынша, оның тарихын, тілі мен өнерін қанына сіңіріп өспейінше, сол халықтың ақыны болу мүмкін емес. Ал халықтың қуанышы мен мұңын бөліспеген, өз қара басының өткелдерімен шектелген ақын - ақын болып қалмайды. Бұдан ақын біткен халық атынан сөйлеп, сезімсіз, жалаң ұранды өлеңдер жазуы керек деген пікір тумайды. Ақындық «мен» халықтың басқа өкілдерінің «менімен» кірігіп, ұштасып жатуы керек. Әр адам өзі айта алмаған, бірақ кереметтей айтқысы келген сырлар ақын өлеңінде әлгі адамның өз жүрегінің үніндей сезілуі тиіс. Сонда ғана ол шын мәніндегі поэзия болмақ. «...Шынында да поэзияға ұйқастар мен ақыл айту өнері деп қарайтын ақымақтар күлкілі де бейшара ғой. Оған қоса мұндайлар ақыннан махаббат пен достық, тағы басқаның бәрін ақыл үйрете отырып жырлауды талап етеді. Және сезім тұнған керемет туындының өзін, егер ішінде ақыл айту болмаса, поэзия деп қабылдамайды», - деп данышпан сыншы В.Г.Белинский айтқандай, кезеңіне, мезгіліне қарамай адам баласына, ортаға тән жайттар бүгінгі күнге де ортақ. Поэзияны түсіну, оны жан-жүрегімен сезіну қай кезде болса да жаратылыс туындыларының бәрінің бірдей еншісіне тие бермес бақыт қой. Ол - өз алдына дара әңгіме.
Біздің бүгінгі әңгімеміз әйелдер поэзиясы деген бар ма, болса, оның қандай түр-белгілері бар деген сауалдар теңірегінде болғандықтан, тағы да мысалдарға жүгінуге тура келеді.
Мен жиырмасыншы гасырдың үлы ақыны атанған атақты Пабло Неруданы аудардым. Ешкім Неруданы аударып көр деп ақыл-кеңес айтқан емес. Өзімнің (Паблоның емес!) ақындық көп нәрсем «Жүректің терт мезгілінде» кеткендей сезінемін: мен үшін қайталанбас ұйқас-ырғақтар, поэтикалық баламалар, сезім... Кейде шабытсыз, бірақ басталған нәрсені аяқтау керек деген, әрі басқа континент ақынын менің халқыма аласартпай, өз биіктігімен, өз ауқым-дәрежесімен әкелу қажет деген жауапкершілік көп жүйкемді, көп түндерімді әкетті. Қиналған сәттер, бір сөздің ана тіліміздегі баламасын таба алмай шарқ ұрған кездер көп болды. Бірақ өлең өз көңіліңнен шығып, қуантса, жұмыс жасау үстіндегі барлық азаптар мен сезім соқтығыстарын, қажып, қалжыраған күйіңді ұмыттырады. Өз қаламыңнан шыққан дүниенің көңіліңнен шығуы - бұл бір рақат сезім ғой! Творчество адамының жалғыз бақыты мен қуат көзі де осы шығар. Мен Неруданы аудару үстінде ақынның тебіренісі, сезімі мен қуанышы, көз жасы мен күлкісі, «әйел», «ер» - деп қабырғамен бөліп тастаған екі дүние емес, тек ақынға ғана тән қасиеттер екенін түсіндім. Пабло Неруданың көптеген дүниелерін орыс тіліне аударған да әйел ақын екенін білдім. Ол - Маргарита Алигер. Осының өзінде ақын атаулыға ортақ бір символикалық рухани байланыс бар ма деп қаламын.
Ақын жүректердің тілсіз тіл қатысы, үнсіз ұғынысы, тағдыр ұқсастықтары — осының бәрі өзінше бір әлем, шын мәніндегі поэзия әлемін құрайды-ау.
Әлемдік поэзия әдебиетке тамаша ақын әйелдерді әкелді. Олар Габриела Мистраль (Чили), Элизабет Баррет Броунинт (Англия), Анна Ахматова мен Марина Цветаева, Ольга Берггольц. Айтқандай, Габриела Мистраль ұлы ақын Пабло Неруданың поэзиядағы ұстазы болған! Бұл да поэзияның, ақындық құдіреттің жыныс таңдамайтындығының куәсіндей әсер етеді.
«Мені аяусыз даттасаң,
сатсаң сендік жанымды,
өз қолыңмен таптасаң,
мендегі алау жалынды –
ұшырайсың қарғысқа:
жер қарайды қайғырып,
жолықпайсың алғысқа,
нұр шашпайды Ай күліп.
Мені құштың. Тіршілік
сонда гүлдей құлпырды,
махабаттан тұншығып,
екі жүрек бұлқынды1».
Бұл - Габриела Мистраль. Мистраль камералық өлеңдерінің өзінде поэтикалық сөз өнерінің құдіретті күшін көрсете білді. Сүйген адамынан тым ерте айырылған әрі баласы болмайтын бақытсыздығын білген ақын әйел өз басындағы трагедияға құрылған, жүрегіңді тебірентер лирикалық жырлармен қатар үлкен де биік пафосты азаматтық үнінен ешқашан айырылмаған.
Ленинградтық ақын Ольга Берггольцтың творчествосына үңіле отырып, тағы да трагедияға толы ақын тағдырына тебіренбей, көзіңе жас ірікпей, бейжай отыра алмайсың. Семьяда, қоғамда қаншалықты күйзелістерді басынан кешірген. Екі баласынан бірдей айырылып, сүйіктісін де ажал құшағына берген әйел Ленинград блокадасы жылдарында боран ұлыған жалғыз бөлмеде аштықпен, қайғымен алысып, жалғыздан-жалғыз дөңбекшіп түн өткізер еді. Соның өзінде оның шын мәніндегі нағыз поэзиясы ту көтеріп, өмірге келген.
«Нет, мы не плачем. Слез для сердца мало.
Нам ненависть заплакать не дает.
Нам ненависть залогом жизни стала,
Объединяет, греет и ведет.
О том, чтоб не прощала, не щадила,
Чтоб мстила, мстила, мстила, как могу, -
Ко мне взывает братская могила
На Охтенском, на правом берегу.
...Я никогда героем не была,
Не жаждала ни славы, ни награды.
Дыша одним дыханьем с Ленинградом,
Я не геройствовала, а жила.
Сестра моя, товарищ, друг и брат,
Ведь это мы, крашенные блокадой.
Нас вместе называют - Ленинград,
И шар земной гордится Ленинградом.
Двойной жизнью мы сейчас живем:
В грязи и стуже, в голоде, в печали
Мы дышим завтрашним -
счастливым, щедрым днем.
1Аударған Ф. Оңғарсынова.
Мы этот день завоевали.
И ночь ли будеть, утро или вечер,
Но в этот день мы встанем и пойдем
Воительнице - армии навстречу
В освобожденном городе своем.
Мы выйдем без цветов,
в помятых касках,
В тяжелых ватниках,
в промерзших полумасках,
Как равные приветствуя войска.
И, крылья мечевидные расправив,
Над нами встанет бронзовая слава,
Держа венок в обугленных руках».
Жалынды ақын Ольга Берггольц осылай жырлаған! Тағдырдың қанша тәлкегі мен қиын өткелдері оның поэзия шыңының алдындағы азаматтық әуені мен борышын түсінуден, сезінуден жаңылдыра алған жоқ. Ақын ерлігі осы шығар. Берггольцтың поэзиясында биік те асқақ азаматтық екпінді үн адам жанының трагедиясымен астарласып жатады. Осы ретте поэтикалық шығармадағы трагизм туралы бірер сөз айта кетуге тура келіп тұр. Біздің осынау дәуірлеген, «төрт жағымыз құбыла» заманымызда мұңды сезім, қайғының лебі болмауы тиіс деген пікірлер естіліп қалады. Адам қай заманда да адам болып қалады. Ол жаны бар, жүрегі бар, қолынан іс келетін, бірақ өзінше сезініп, өзінше түйсінетін қабілеттен жұрдай нәрсе болса, бір сәрі. Ол айналадағы дүниеге өзінше қарап, қабылдап, одан өзінше қорытынды шығаратын, күлетін, куанатын, жылайтын, қайғыратын қасиеті болмаса, адам болмағаны ғой! Біздің заманымызда адамның өсіп-жетілгендігі, сана-сезімнің артқаны сондай, біреуге біреу басыбайлы тәуелді, құлдық заманда өзінің кім екенін - адам не мал, зат екенін - сезіне алмаған құбылыстың барлығын сезініп, түсіну дәрежесіне көтерілді емес пе? Ендеше, бүгінгі адам - жақсыға сүйсіне де, қуана да алатын, күйінішке санасымен, жан дүниесімен қайғыра алатын толыққанды адам. Демек, өмірге тән күйініш, сүйініштер - оған да әбден тән нәрсе. Ал бүгінгі ақын да сол адамдардың бірі болғандықтан, оның творчествосында көз жасы мен күлкі болуы әбден заңды. Егер біз поэзиядан ыңғай шат-шадыман қуаныш пен шаттық, сыңғыраған күлкіні ғана талап ететін болсақ, онда бүгінгі өз замандастарымыздың рухани өсуі мен саналылығына күдіктенгендей ниет танытып, олардың сезімін, түсінігін қорлағандай әсер қалдырар едік.
Адам сүйе білмесе, қайғыра да білмейді. Ал сүйе, қайғыра білмейтін болса, елді, жерді сүю, Отанды қорғау, адамдық, адалдық мұраттарға шын берілу секілді толыққанды адамға ғана тән қасиеттер қайдан келеді? Мұның бәрі жалпы адамдық қасиеттермен ұштасып жатқан, бөліп-жарып қарауға болмайтын, адамда ғана болатын ерекшеліктер ғой.
Ендеше, поэзиядағы трагизм ешқандай да өрескел құбылыс емес. Ол заманға деген көзқарастан емес, сол замандағы адамдардың сан түрлі мінезді қарым-қатынастарының қақтығыстарынан туындайды.
Орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкиннің академиялық шығармалар жинағының жетінші томында «Заметки на полях статьи П.А.Вяземского «О жизни и сочинениях В.А.Озерова» деген жазбалар бар. Сонда Вяземский ақын В.Озеров туралы: «...ол трагик болып тумаған», - десе, Пушкин «... яғни, ол ақын емес, ақын болып тумаған» деп анықтама береді. Бір кездерде орыс поэзиясында да трагедия элементтерін мейілінше жоюға ұмтылыстар болған.
Шынында да трагедиялық сезімдер не поэзияны, не поэзияда айтылған сол сезімді басынан кешірген адамды ешқашан аласартып не кемітпейді. Керісінше, ол адамның сезім тереңдігін, әлемнің бәрін мөлдір деп ұққан жан дүниесінің шын күйіне, шын азаптана білетін тазалығы мен нәзіктігін айқындай түседі.
ТРАГЕДИЯ - адамның күрделі де қиын ішкі жан дүниесінің айнасы. Ол бұғып, көрінбеуге, көзге туспеуге тырысып жатқан бықсық қалтарыстардан адам жанын қағып-сілкіп тазартады. Шаң тозаңнан аршиды.
ТРАГЕДИЯ - адамның ерлігіне деген құрмет. Қасіретсіз ерлік болмайды. Ерліктің адамзат тарихында шексіз бағаланатыны да осыдан. Адам өмірінде ерлік болмаса, адалдық пен ақиқат жолындағы күрестер де мән-мағынасын жоғалтар еді.
ТРАГЕДИЯ - шындық. Ол шындық адам туралы, оның құштарлығы мен мұрат-мақсаты, істеген ісі туралы болғандықтан, қоғам өмірімен біте қайнасып жататын құбылыс.
ТРАГЕДИЯ - жаңаның жүріп өтер жолы. Жаңаның жеңісі қиындықсыз, құрбандықсыз келмейді. Бірақ ол жеңіс әйтеуір келеді. Кез келген шын мәніндегі трагедия өмірге, болашаққа сеніммен қарауға, биік мақсат, аскақ мұратқа меңзейді. Адам баласының рухани күшінің шалқарлығын, қайыспас қайратын көрсетеді. Анна Ахматова, Марина Цветаева, Ольга Бергголыд поэзиясы дәл осындай биік те құдіретті трагизмге толы.
ТРАГЕДИЯ - жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жоққа шығарып, қарғыс айта қарайтын пессимизм текті емес - ол пәк те мөлдір, қаһарлы да қорқынышты бола алады. Демек, поэзияда күйініш пен қайғы сыбдыры естілсе одан ат тонды ала қашу не ақынды айыптау - жалпы өнер топырағына жат құбылыс. Алқаракөк аспанда ақ көгершіндер самғаған, шат-шадыман күлкі мен әнге толы өмірдің екінші басында көз жасы мен күрсіністер болары ақиқат. Өйткені ол - өмір. Ал өмірді барлық қалтарыстарымен көрсету - поэзияның міндеті.
Орыс совет поэзиясында да ақын әйелдер ерекше орын алады. Олар Маргарита Алигер, Вера Инбер, Юлия Друнина, Белла Ахмадулина, Римма Казакова, Людмила Татьяничева, Юнна Мориц және басқалар. Әрқайсысының өмірдегі жолы да, поээпядағы жолы да, орны да әр түрлі.
Поэзияны үтір, нүктесіне дейін талдап оқитын талғамды оқырман олардың өлеңдеріне әйел екен деп кемшілік-олқылығына кешіріммен қарамайды. Ол тек нашар поэзиядан (егер осындай тіркесті қолданатын болсақ) ғана сырт айналады.
Шын ақынның жолы оп-оңай емес. Бірақ оның жолы әділетті. Бір бұтадан екінші бұтаға секіріп ұшып сайрай беретіндей кірбіңсіз, кідіріссіз жол - нағыз ақынның жолы емес. Шын мәніндегі ақын өз ғұмырында шығармасын жарыққа шығармай өтуі де ғажап емес.
Поэзия - ақынның даралығы мен ерекшелігінің қорғанысы. Ақын қолына қалам алып, жұмысқа (өлең жазуға) отырған сәтте оның жазғалы отырғанын дүниеде ешкім жаза алмайтындай, өзінен өзге құдіретті күш жоқтай сезімде болады. Осы күш пен жігер оның поэзиядағы тұлғасын айқындайды, қайта айналып келмес тірлігінің болмысын бағдарлайды. Тас қалаушының немесе станок жанындағы шебердің қолынан өрнекті дүниелер қалай шықса, сөз өнерінің зергері ақындар да өз бұйымдарын - өлеңдерін туғызады. Ол жырлар әр түрлі кәсіптің жалпы адамзат тағдырындағы алатын орны, болашақтың мәрмәр үйін қалап, адам бақытын жасаудағы әрбір істі өнерге айналдыру мүмкіндігі туралы сыр шертеді.
«Жалғыз қалып
мен алғаш жыр жолдарын шимайладым,
Шимайладым жаныма сыймай жалын.
Ол жолдарда өзімше қоштастым мен
балалық шақ, бал күндер - қимай бәрін.
Көрдім кенет мен сосын
Шет-шегі жоқ ап-ашық аспанымды,
Жерді көрдім булыққан жасқа мұңды.
Дәл сол күні дүние өзгерді де
Көрдім басқа теңізді, басқа гүлді.
Күн сәулесі бақшаға төгіледі,
Басқа түсті таулардың төңірегі,
Баурайтындай түндер де еркелетіп,
Жұлдыздар да басқаша көрінеді.
Сонда мені мас қылды,
Көз қысқаны жұлдыздар жымыңдасып,
Өзіме-өзім сөйледім сырымды ашып,
Аспан мен Жер - бар әлем секілденді
Көкірегімнен шығатын бір үнге асық.
Көкті кездім жұлдызбен араласып,
Көңілім жүр сан жаққа ала қашып.
Сонда менің жүрегім бара жатты,
Ақ дауылмен алысып, жағаласып!»
Пабло Неруданың «Поэзия» деп аталатын осы өлеңінен ақынның күйін елестетуге болар еді. Ал бұл - әйел ақынға да, ер ақынға да ортақ күй.
Егер екі өмірдің - жаңа мен ескінің - тоғысқан жылдары арнасында Марина Цветаева:
«Что мне делать, певцу и первенцу,
в мире, где наичернейший сер,
где вдохновенье хранят, как в термосе,
этой безмерностью в мире», -
деп аласұра күйзелсе, жаңа дәуір, жеңісінің жемісі, қазақ поэзиясының жас өкілі Тұрсынай Оразбаева:
«Кейде ұқтырсам жанымның жайсаңдығын,
Кейде ойлымын, даладай байсалдымын.
Ақ алмастай шыңдалған жарқылдаймын,
Жай отымен тең түсіп қайсарлығым.
Табиғаттың өзіндей тазамын мен,
Мына өмірді шалқытып наз әніммен,
Қара қылды қақ жарып жүрсем деймін
Жалтақтыққа салынбас назарыммен.
Ұшқыр ойым, өзімдік талаппенен,
Жастығыма самғайтын қанат берем.
Адамға тән пәктікті, ұлылықты,
Арманымның шыңына балап келем», -
деп шабыттана жырлайды.
Бүгінгі дәуірімізде поэзияда да толық мәніндегі тереңдік бар.
Егер Төлеген Айбергенов:
«Сен маған душар болдың,
Батқанда бақтар сырға.
Мен саған сусар болдым,
Қатқанда қақтар шыңға.
Кеудемде тасқындаған,
Барады даусыңдағы ән.
Қай құдай бас бұрмаған,
Бұл жырға таусылмаған.
Мен сені көп іздегем,
Әнді арман, ариялы арман.
Сабылып шартараптан,
Бұраң бел дариялардан
Бұрымы тарқап аққан...
Қырлардан іздедім мен,
Қыран боп самғап та тік,
Сайлардан іздедім мен,
Сәйгүлік ойнақтатып.
Бақтардан іздедім мен.
Ақ сезім пәк санамен,
Ақпаннан іздедім мен,
Ағызып ақ шанамен.
Көк көлден іздедім мен,
Көк, жасыл гүл көктетіп,
Көктемнен іздедім мен,
көк бұлақ дірдектетіп», -
деп жырласа, ақын Ақұштап:
«Мен сені ойлайтынмын,
Таусылмас жыр-ән ғой деп.
Төменге қонбайтұғын,
Тәкаббар қыран ғой деп.
Жырыңа қанбайтынмын,
Ауатын назарым көп.
Мен сені ойлайтынмын,
Жастықтың базары деп.
Қос ішектің естілмеген,
Үніндей қиялдадым.
Көңіліңді ешкімге мен,
Гүлімдей қия алмадым.
Демедім - көптің бірі,
Еш кінә таға алмаспын.
Деп едім - өткірлігі,
Жүзіндей ақ алмастың.
Іздедім таң нұрынан,
Бірі деп арайлардың.
Биіктің барлығынан,
Көрем деп қарайладым», -
деп жырлаған.
Маяковский дүниені революция түстері арқылы көреді; ол «сүюден талықсыған ерінімен», өзгенің бәрін былай ысырып қояды да, революцияға құштар да құдіретті үнімен оны жырға қосады. Маяковский жырындағы ақындық құштарлық дауылы әйел ақынға да тән. Егер олай болмаса, әйелге де, ерге де поэзияға ұмтылу - артық.
Көкорайлы қыраттың кеудесі хош иісін шашып жіберген. Көк шалғынға көміліп қалған денеңді сол сәттегі өз сезіміңдей пәк те мөлдір таңғы ауа рақат құшағына сүңгітеді. Көз алдыңда шырқау аспан ғана. Көзіңді жұмсаң, сол бір көгілдір кеңістік жан дүниеңді біржола жаулап алып, ештеңені ойлауға, пайымдауға мұрша бермей, кең тыныс аңсаған көкірегіңді биікке, жұлдызды әлемге самғатады. Ертеңгі күннің шуақ саусағы жылылыққа құштар денеңді іңкәр көңілдің тілсіз алғысының белгісіндей баяу шарлайды...
Тіршіліктің бар мағынасындай осы бір ләззатты сәт сенің бұған дейінгі сұрғылт тірлігіңе нүкте қойып, көгілдір әлем толқынында тербетіп тұрғандай. Асқақ көңіл Жер деген Адам бесігінің бар қадір-қасиетін жаңа сезінгендей күйде. Айналада өмір гимні ойнайды.
Бұл сирек келетін Бақыт сезімі - өмірдің тынысы, тіршіліктің мағынасы. Бұл - жыныс таңдамас табиғи құштарлық құдіреті. Бұл - поэзия.
1975
ЖҮРЕГІНДЕ ЖҰМЫР ЖЕР ШЫР АЙНАЛЫП...
Жер атты планетаның кішкене ғана бұрышын Отан еткен өзінің аз халқының мұңы мен мұратын, бостандығы мен бақытын жырлау арқылы әлемдегі бүкіладамзаттық мәдениеттің биігіне көтеріліп, халықтар махаббатына бөленген Пабло Неруда -ақындық тағдыры мен өмір жолының адамзат тарихындағы үлкен дарын қонған ұлы адамдарға ұқсастығымен емес, өз творчествосының ешқайсысына ұқсамайтындығымен ұлы да дара.
Ол маған кейде қазақ даласының әр патшаның тұсында, әр заманда жүрегін шарасыздық пен кек кернеп, қасіретті халқының тақсіретін титтей де болса жеңілдетсем, тілі мен қанын жер бетінің қым-қуыт тірлігінде найзағайлы дауылдар біржола сүртіп кетпеуі үшін даңғойлау халқының көкірегінде мұң мен намыс алауын тұтатсам деп өткен Абай, Махамбет, Шоқан тәріздес қазақтың маңдайына біткен марқасқа азаматы болып елестейді.
Мен оны неге бұлайша сезінемін?
Мұның қандай сиқырлы себебі бар?
Тынық мұхиттың жағалауында жатқан Чили атты елдің Парраль қаласында 1904 жылы 12 шілдеде теміржолшы Хосе дель Кармен мен оның жұбайы Роса Басуальтоның семьясында дүниеге келген Нефтали Рикардо Рейес Басуальтоны қазақ даласының қиырлы құмында туып өскен маған, менің халқыма жақын еткен тек ұлы мәртебелі поэзияның құдіреті.
Территориялық шекараларға, шен мен шекпенге, ұлт пен жынысқа, жас пен мәртебеге қарамайтын, адамзат тарихының шығанды шалғайларын жалғастырып келе жатқан өнер құдіреті ғана жер шарының түкпір-түкпіріндегі халықтар мен адамдарды осылайша бір-бірінің бауырына тартып жақындатады. Бұл - рухани бауырластық рухани жақындық. Демек, мәңгілікке тамыр тартқан жақындық.
Мен алғаш рет ақынның «Махаббаттың жүз жыры және өкініш әнін» өзім үшін аударған жылдары жасынан өлең жазуға және сол туындыларын баспасөз бетіне жариялауға аса құштар болған чилилік бозбала Нефтали Рейестің, баласының ақындық өнер жолына түсуіне қарсы болған әкесінен жасқанып, журналдық бір мақала авторы Ян Неруданың фамилиясы мен өзі ойдан шығарған Пабло деген есімді қосып «Пабло Неруда» атымен алғашқы өлеңін бастырғанда он төрт жаста болғанын, ал оның бүкіл Латын Америкасындағы елдерге даңқын кенеттен шығарған «Махаббат жайлы жиырма жыр және өкініш әні» атты кітабы жарық көргенде, Неруда бар жоғы жиырма жаста ғана болганын білген де емеспін.
Сол жылдардан бастап-ақ поэзия мен саяси өмірдің қайнаған қазандай ортасында жүрген ақын өмірінің ең соңғы сәттеріне дейін қаруын қолдан түсірмей, үстемдік пен озбырлыққа, жала мен қиянатқа қарсы күрес туын көтеріп өткен. Ол «өлең жазам» деп саялы бақ, сахаралы кештер мен жан тыныштығын іздеген жан емес. Латын Америкасы мен Испаниядағы аумалы-төкпелі үкімет басшыларының қасы мен қабағына қарап, қай тап, қай партияның түтіні тік көтерілсе, соған қарай аунай түсіп, әділет пен туған халқының мүддесін өз басының жайлы, қамсыз тіршілігіне айырбастаған жан емес.
Ол әр түрлі елдерде елші болып қызмет істей жүріп, мансаптың мархабатты мінбелерінен түспей жүріп, алақаны күстеніп, табаны тілініп, жүзімді далада аптапқа күйіп еңбек еткен, белуардан су кешіп балық аулаған, бірақ олардың еңбегінің рақатын аз ғана билікті топ көрген өз отандастарының қасіретін жүрегімен сезіне білді. Ал ақынның сезінуі деген - жүрегінің тарам-тарам тамырларын солқылдатып жыр құдіретінің дұниеге келуі. Ендеше, озбырдың озбыр екенін, ақтың қара емес екенін даусын шығарып айтқанды үстемдік құрығын қолына мықтап ұстап тұрған күштілер тобы кешіре алмайды. Өйткені ақын олардың шындығының сиқын айна алдында тұрғандай әшкерелеп, жария етеді ғой! Неруда сол үшін де өз елінен қуылып, бөтен ел, өзге жерді паналауға да мәжбүр болды. «Бүкілхалықтық ән» атты поэмасын ақын сол кезде жазған еді. Сонда:
«Қарап тұрдым ғасырыма,
бос жіберген жауыздықтың жүгенін.
Әлде жаным ашыды ма,
әлде менің айныды ма жүрегім -
Біле алмадым ол жерін,
Мынау менің көргенім:
Сайгон жерін араладым,
Мадрас пен Кандида да болғанмын.
Мұхиттарды жағаладым,
Кездім ішін джунглидей орманның.
Бангкокта таңдандым,
Тас маскалы биші қызды көргенде.
Өзендерден іздеп күндік талғамын,
Мыңдап жүрген қайыршылар сор кеуде.
Өзен ассаң, алдыңда
Жер жатады сүйреткендей теріні.
Қара халық зар мұнда
қара нанға. Өшкен елдің сенімі.
Қолбасшы да, мырза да
тұрады аппақ әсемделген сарайда.
Берер екен кім жаза,
Бұл өмірге қайғы салған талайға.
Соларда екен жауыздық пен бар былық.
Ал халықты жылатқан,
Өз байлығын өздеріне зар қылып.
Европалық ақ адам,
Мұнай қуған америка байлары.
Қаңғып келіп қаладан,
Біреулердің жерін таптап, жайлады».
Сол үшін де Неруда азапты өткелдерді кешіп, жапа шекті. Бір ғана мысал. Пабло Неруданың халық арасындағы беделін пайдаланған чилилік саяси қайраткерсымақ Гонсалес Видела 1946 жылы Чили республикасының президенті болып сайланды, қолына билік тигенше жанашыр да, қамқор да, халық қамын ойлайтын парасатты да болып көріне білген Видела президент креслосына отырысымен-ақ баяғыдан жасырып келген зұлымдығының пердесін бірден ашып, Неруда бастаған талантты адамдарды қудалап, оларды халықтың мәдени, саяси өмірінен біржола аластау саясатын жүргізді. Чили халқының мүддесі мен мұңын өз қара басы мен сыбайластарының жайлы тұрмысы жағдайынан биік қоя алатын шынайы азаматтар қоғамдағы лайықты орнын алу түгілі, өмір сүрудің өзіне мұқтаж болды. Билікті топтың қашан да, қайда да құлқы ұқсас болып келеді. Міне, осы жылдары өз топырағында күн көре алмай, басқа елдерді паналауға мәжбүр болған Неруда өзіне дүниежүзілік ақындық даңқын әкелген «Бүкілхалықтық ән» шығармасын жазды.
Озбырлық күш иелері аз күндік биліктің қаруымен адам бойындағы алапат қуатты талантты, өз таланттарына деген халықтың махаббатын құрта да, қырқа алмайтындарын ұғуға даналығы жетпеді.
«Айтыңдаршы, адамдар,
Қала, дала, қамал да –
Бәрі тұнса ажалға,
Бұған қандай амал бар?
Тістену бар, ыза бар,
Жүректер бар қан тамған,
Армандар бар жалтарған,
Жігіттер бар бейне бір
жараланған қарт арлан.
Не істеу керек –
азу тістер қайралып,
Қолдар артқа байланып,
Шаңдақ жолдың бойында.
Бұғау түсіп мойынға,
Қарай да алмай айналып,
Өңшең маңғаз жігіттер,
Бара жатса айдалып?»
Міне, ұлы ақын сол жылдары Чили халқының сорына өкімет басына келген топтың саясатына осылайша лағынет айтады. Бұл - жұртын, жерін жауларымен қосыла сойылға жыққан азаматсымақтардың іс-қимылын көріп ыза кернеген жүрек айқайы.
Қашаннан тарихқа аян қағида бар. Адамзаттың асыл арманы - бостандық пен еркіндікті, теңдік пен шынайы бауырмалдықты жүзеге асыруға талпынған игі ниетті жандардың жолын қаптаған құрттай қара күштер легі бөгейді. Міне, Пабло Нерудадай үлкен талант иесінің асыл арманын Тынық мұхиттың толқындарында күлталқаны шыққан корабльдей қиратып, оның жараланған жүрегін сынға салған да сол қара күштер болатын. Неруда жеке басының рақаты мен жан тыныштығын көздеген жоқ - оның ақындық даңқы Латын Америкасын шарлай бастаған болатын -оның жүрегі мен миына тыныштық бермеген мынау жайлар еді:
«Азаматы Чилидің,
Қатал жердің ұлдары,
Өзіне еркін тимей туған құндағы,
Дауылдар мен қоқыстарға көміліп,
Өмір кешіп жүр бәрі.
Вальпараисо,
Кедейліктен жараланған сәбиің,
Ойрандалған әр үйің -
Бәрін-бәрін көрген сайын соламын,
Жүрегімді оқ тескендей боламын.
Мен қайғырам сен үшін,
Халқым үшін, сосын мен
Америка деген мына ел үшін.
Жатыр бәрі сүйегіңді кеміріп,
Құтырған ит секілді олар еліріп.
Туған жерім, Чили ару тұлғалы,
Жаралады сені жаттың тырнағы.
Сенің аппақ пәк кеудеңді аяусыз,
Қаңғып келген аш төбеттер былғады».
Бірақ Чилидің билікті тобы Неруданың «ақын еместігін» қаншама дәлелдесе де, оның бойынан ылғи да өзіне, абыройы мен арына дақ түсірер қателіктер іздеп жанталасса да, Паблоның құдіретті поэзиясы оның еңбекші халық алдындағы беделін одан сайын көтеріп, қара күштердің қолдарындағы отты қарумен, аз ғана күндік билікпен көмкерілген адамгершілік жұтаңдығын, моральдық бейшаралығын, жауыздық атаулының рухани әлсіздігін одан сайын айқын дәлелдей түсті.
Өз елінің бірінші таланты бола тұрып саяси террормен тізгінделген Отанымен айырылысуға мәжбүр болған Пабло Неруданың өр кеудесін, болат білегін, отты жігерін жауыздық шынжыры қаншалық құрсауласа да, оның өр басын ешқандай озбыр да топас басшы өзінің алдында ие алған жоқ. Өйткені Неруда дәурені өтпелі саяси конъюктураға бейімделіп, өкімет басшыларымен ауыз жаласып өмір кешуді уақытша қуғындықтың азабына айырбастады. Сонда оның өзіне де, мұң мен үміт жуған поэзиясына да қуат берген - коммунистер бастаған ұлы күштің болашақ жеңісіне деген сенім еді. Ол аз күндік мансап пен жалған даңқ, билікті басшыларға жағынып алар атақ-абырой жайлы емес, бейнет кешкен өз халқының адалдығын, қала берді адамзат тарихының алдындағы суреткерлік жауапкершілік жайлы толғанды. Аз күндік абыройдың үлдесі мен бүлдесіне оранудан бас тартуы ғана -ақынды өз поэзиясының шырқау биігінен түсірмеді.
«Мен ойлаймын:
екеумізді махаббатпен табыстырған бұл заман,
әділетті қиянатпен алыстырған бұл заман
кетеді өтіп. Басқа көктем, басқа дәурен келеді,
басқалар гүл тереді.
Сонда мынау үкіметтің
менменсіген басшылары бүгінгі,
өздерінше данышпансып, әккі болған жырынды;
саудаменен өрлегендер жылы үйлі -
бәрі, бәрі құриды!»
Неруданың өз мүдделері жолында адалдық пен ардан аттаған жексұрын жауларды жербауырлата сұлататын автоматтың оғындай, әлсін-әлсін атқылап жатқан жанартаудың күшіндей құштарлық пен мұхит толқынындай сезімге толы өлеңдері географиялық шеңберлерден шығып, шын мәніндегі бүкіладамзаттық гимнге айналды.
«Жауыздық көп жерде әлі,
Жатыр адал гректер дарға асылып,
Жалын жерін тұр тағы қан жасырып.
Чилидегі басшылар ардан безіп,
Отыр бүгін жазықсыз жандарды езіп».
Жер бетіндегі өкіметтер мен биліктердің өтпелілігі секілді, жауыздықтың салтанат құрған дәуірі де бастығырылған қорқынышты түске ұқсастығын Чили коммунистері бастаған революцияның жеңісі дәлелдеді.
Туған жеріне, туған халқына қайта оралған Неруда Чилидің талантты ұлдары Сальвадор Альенде, Луис Корваланмен бірге республиканың революциялық жеңістерін нығайтуды қолға алды. «Чили революциясының гимндері» топтамасын сол кезде жазған еді.
«Енді ешқайда кетпеймін мен, қимасым,
тек өзіңмен бірге болам,
жанарыңның тый жасын!
Чили үшін, өзім туған жер үшін,
қансыраған ел үшін
тістенумен қыршын кеткен жандардың
алынбаған кегі үшін,
достар үшін жанын қияр мен үшін,
өр теңіздің жағасында еркін атар таң үшін,
бостандықтың жолындағы ақтарылған қан үшін,
Менменсіген топас жандар таптаған
азаматтың ары үшін,
сен болмасаң ортаятын бақыт үшін мендегі,
тірлік үшін мынау қара жердегі,
мен осында өзіңменен қаламын!
Ер соңымнан, қарағым!» -
деп, өз поэзиясын туған мәдениет пен әдебиеттің иісі мұрындарына бармайтын, қолдарына билік алып, халықтың арлысы мен адалын таптауға, жеке бастарының тоқ тірлігі үшін туған ұлттың қасиетті де қастерлісінің бәрін темір табандарымен жаныштап өтуге әзір Чилидің реакцияшыл топтарына қарсы қару етіп жұмсады. Шын өнер қашан да осылай ғұмыр кешеді. Жайлы тұрмысын, қарақан басының қоңыржай тірлігін осылай сарп етеді.
Адамзат тарихында өзін Коммунистік партиямен тығыз байланысты сезінген, коммунистердің күрескерлігі мен адалдығын өз творчествосына алмас тінді арқау еткен ақын болса, ол - Пабло Неруда.
Өзінің кішкене жеріне, азғана халқына деген елжіреген жүрек сезімі арқылы бүкіл адамзаттың шемендей қатқан мұңы мен көз жасын сезіне білген ақын болса, ол - Пабло Неруда.
Пролетариаттың жаны мен қанын бойына сіңіріп, адалдық пен бостандықтың туын мұрат еткен данышпан Лениннің революцияшыл Отанына, совет халқының жеңісіне шалғай материктерден қол соғып қуанған ақын болса, ол - Пабло Неруда.
Өз халқының адал перзенті, оның бейнетті өмірін жеңілдету үшін жанымен, жүрекжарды жырымен күрескен патриоты бола тұра, Пабло Неруда сол сезімі арқылы бүкіл жер жүзінің береке-бірлігін ойлап, әлемдегі оқиғалардың бәріне өз ошағының басына төнген қауіптей алаңдады.
Оның неміс басқыншыларына қарсы бір адамның жұдырығындай түйіліп, бостандығын қорғап қалу үшін тарихқа аңыз болар бірлікпен күрескен совет халқына деген махаббаты, махаббатты жырлары әлем халықтарына аян. «Сталинградқа деген махаббат әні», «Қызыл Армияның Пруссия қақпасына енуі құрметіне жазылған ән», «Ленин туралы ода» атты шығармалары, жалпы бүкіл творчествосы Неруданың көп ұлтты совет мемлекетіне деген сүйіспеншілігі мен тілеулес көңілін кімге де болса сезіндіреді, сезінуге мәжбүр етеді.
«Тыңдаңыздар, Күн, әлем,
Бір жаңалық айтам бүгін мына мен:
мұндай шаттық кеудеге енді сыя ма,
қанат байлап ұшсам ба екен қияға –
ер айбынды біздің Қызыл Армия,
(иә, иә, ол біздікі, халықтікі, Жердікі!)
жетті Пруссияға!..»
Пабло Неруда творчествосындағы, жалпы адамзаттың әдебиет мұрасы тарихындағы шынайы, жалған ұрансыз, жасанды жақсы көрусіз жазылған шығармалардың бірі -«Ленин туралы ода». Бұл шығарманы Чили ақыны Ұлы Октябрь революциясының қырық жылдық мерекесі құрметіне жазған. «Ленин туралы одада» XX ғасырдың айбынды күрескер ақыны тарихтың түнегінен адамзатты бір жарық сәулеге -революциялық күрес сәулесіне бастаған орыс халқының кемеңгер ұлы Владимир Ульяновтың пролетариат көсемі ретінде адамдық бейнесін жыр мәрмәрімен мүсіндеп қана қоймайды, жер бетінде әр кезеңде халықтар тағдырын шешетін қоғам қайраткерлеріне, елдің көсемі дәрежесіне көтерілген азаматтарға адамдар мен халықтар мүддесін қорғауда қандай Адам болуы керектігін Ленин образы арқылы үлгі етіп ұсынады.
«Ленин!
Мәңгі қалар ісің үшін,
Ілімің мен күшің үшін, -
Мың алғыс!
Бейбітшілік үшін күрес жолында,
Ұмытылмас ұрыс үшін,
Сенің солдаттарыңның ұлы ісі үшін,
Ленинград - құрыштай қалаң үшін,
Тың аталған бидайлы далаң үшін,
Кеудемдегі сен жаққан сенім үшін,
Өзің берген үміттің келуі үшін,
Ленин!
Алғыс саған,
Мың-мың алғыс!» -
деп түйіндейді ақын өз шығармасын.
Адам баласының өмірі кейде балалардың ойын алаңына ұқсайды. Жеңістер мен жеңілістер алма-кезек қайталанып жатады, адамдар дүниеден өтіп жатады. Жаңа ұрпақ өседі. Тек халықтың шынайы өнері ғана мәңгілік ірге тасын барған сайын қалыңдатып, кек пен күресте қайнаған кірпіштерін өрнектей, өркендей түседі. Міне, Чилидегі халық республикасының революциясы қайтадан күйреп, елдің еркіндігін өз басының мүддесіне шімірікпей айырбастаған хунтаның қолына көшті. Сальвадор Альенде құрбан болды. Халықтың талантты ұлдары қайтадан қуғын-қудалауға ұшырады. Елден бірлік кетіп, халық басына қара түнекті күндер қайта туды. Ел азаматтарының бірлігі ашыған айрандай іри бастады. Мұндай жағдайда халық тұтастықтан айырылып, топ-тобырлар етек алады. Ел арасында адамның адамға сенімсіздігі тұтанады. Ал үстемдік құрған топқа керегінің өзі де осы. Халық тұтастықтан айырылса, оның ұлттық бірлігі мен болмысына да кауіп туады. Мұндай кезең, әсіресе шынайы таланттар үшін қасірет. Өйткені олар талан-таражға түскен халық мүддесін елден бұрын ойлайды. Қашан да қара күштің жандайшаптары көп, биліктің қаруы мен амал-айласы мол. Елдегі бұл жағдай Пабло Неруданың өмір бойы адамдардың топастығы мен озбырлығынан жараланып, запы болған алып жүрегіне соңғы рет еңсесін енді көтертпес соққы болып тиді. Бүкіл дүние жүзіне даңқы кетіп, жалын мен қайғы тұнған жырларын әр ұлттың ұл-қыздары қайталап жүргеніне қарамастан, халықаралық Лениндік сыйлықтың, Нобель сыйлығының лауреаты болғанына қарамастан, «Пабло Неруда суреткер емес» деп қолдарына ту алып, ұрандаған чилилік озбыр топтар өздерінің бұл лаңымен Чили халқын ғана емес, адамзат баласын ұлы суреткерлерінің бірінен күнінен бұрын айыруға мәжбүр етуден тайынбады.
Сол жылы ауру Неруда өзінің «Мойындаймын: мен өмір сүрдім» атты мемуарлық кітабын жазды. Сонда ол:
«Менің Коммунистік партияға кіргеніме де біраз жылдар өтіпті. Ризамын. Коммунистер - тату семья. Олардың терілері - көн, жүректері шыңдалған... Бәрі коммунистерге тіс қайрайды... Түрлі-түсті жексұрын қылмыскерлер, монархистер жасасын... Мылжың пәлсафа жасасын... Әркімге бір ауыз салатын қабаған иттер жасасын... Көткеншектеп жүретін шаяндар жасасын... Жасанды данышпандық жасасын... Башпайларының идеологиялық кірін жарты ғасыр бойы жумаған консерваторлар жасасын... Коммунистерден басқаның бәрі жасасын... Газеттердің бәрі шыға берсін... Коммунистерден басқаның бәрін бассын...
Бізде еркіндік бар. Шет-шегі жоқ еркіндік. Олар мұны мойындағысы келмейді. Оның не екенін ол бейшаралар ұғына да алмайды», - деп жазды.
Бұл - Пабло Неруданың соңғы жазбаларының бір үзіндісі. Осының өзінен-ақ данышпан ақынның коммунистік сенім күші, хунта озбырлығына деген жиіркеніші мен сарказмы айқын көрінеді.
Қолына билік тиген озбыр топ Пабло Неруда, Луис Корвалан секілді талантты ұлдарды қуғынға ұшыратуы, азаптауы арқылы Чили халқының мәдениетін сойылға жықты. Бірақ олар өздерінің адамзат тарихы алдында әділет жазасын тартарын ойлағысы келмеді.
Осылай қимылдамаса, ол озбырлық болар ма еді! Пушкиндердің жүрегіне оқ атып, Махамбеттердің басын шаппаса, Нерудалардың жанын шырқыратпаса, ол жауыздық атанар ма еді.
Тек олар мұндай қимыл әрекеттер арқылы өнер құдіреті дарыған алып жүректің соғуын тоқтатқанмен, оның балапандай шырылдап ұшқан рухы - адамдарға қуат пен тіршілік нәрін берер жырларының жүрегін тоқтата алмайтынын, туған халқының, бүкіл прогресшіл адамзаттың тума талантты ақынға деген махаббатын ешқандай озбырлықтың қара күші өшіре алмайтынын ұғына алмағаны аянышты.
Чили халқының жалынды патриот азаматы, жырлары дауылдармен ғана өлшенер XX ғысырдьщ ақыны Пабло Неруданың туғанына 80 жыл толуын бүкіл дүние жүзі халықтарының өз мәдениетінің, өз әдебиетінің салтанатындай мерекелеп атап өтуі талант құдіретінің мәңгілігін тағы да бір паш еткендей.
Совет халқының талантты жазушысы, Пабло Нерудамен өле-өлгенше қимас дос боп өткен Илья Эренбург Чили ақынына халықаралық Лениндік сыйлық берілген күні совет радиосынан сөйлеген сөзінде:
«Пабло, мен сені біздің халқымыздың, бүкіл халықтардың саған деген махаббатымен құттықтаймын!» деген еді. Сол махаббат күші жыл сайын жаңғырығып, «бүкіл Жерге жұлдыз болып жарқырап», жарығын дүниеге шаша түсуде. Өзінің партиясымен, халқымен кірігіп кеткен ұлы өнер иесі ғана осылай мәңгі жарқырай алады. Оған ақынның «Менің партияма» атты шағын өлеңі көріпкелдің куәсіндей дәлел.
«Танымайтын жандарды туысқан қып жібердің,
Қайнар көзін сен бердің қайрат пенен жігердің.
Отанымды қайтардың быт-шыт болған кезімде,
Бостандық деп талпынтқан бөледің бір сезімге.
Мейірім мен махаббат отын жақтың жаныма,
Сен үйреттің ешқашан дақ салмауды арыма.
Жауыздықтың, бірліктің түсіндірдің не екенін,
Адалдық пен адамдық сен көрсеттің мекенін.
Алып келдің сен мені шындық атты аралға,
Халық деген - үйреттің - тірек барын адамда.
Жау болуды үйреттің зұлымдыққа, зорлыққа,
Мақсат үшін күресте болатынын қорлық та.
Жалын бердің сен маған, жанам, енді сөнбеймін,
Бұл өмірде сен барда, мен ешқашан өлмеймін!»
Жұдырықтай жүрегінде жұмыр жер шыр айналып, адал жанды адамзат атаулының бәрі отандасы болған ақынның әр жүрекке ұя салған жырлары әділет пен адалдықтың туындай желбіреуде.
Шын суреткердің шынайы ғұмыры қашан да осылай жалғасады.
1984
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.