Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Фильмге Төлеген мен Қыз Жібек қалай таңдалды?

05.03.2018 8248

Фильмге Төлеген мен Қыз Жібек қалай таңдалды?

Меруерт ӨТЕКЕШОВА, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

ҚЫЗ ЖІБЕК РӨЛІНЕ ТАҢДАЛҒАНДА 16-ДА ЕДІМ

Сіздің кино әлеміне тап болуыңыздың өзі бір қызық хикая ғой. Тағы бір еске түсіріңізші.

– Мен оныншы сыныпты бітірген жылы «Қыз Жібек» фильміне басты рөлдерді ойнаудан үміткер қыздарға байқау жарияланды. Бағымды сынап көргім келіп, киностудияға бардым. Галина Күзембаева апай қарсы алып, фотосынаққа түсуге жіберді. Кімнің сәйкес келетінін сол суреттерге қарап таңдайды екен. Киностудия алдынан бірінен бірі өткен керемет сұлу қыздарды көргенде, «мынадай нағыз арулар тұрғанда, мен неменеге келдім?» деп ойланып қалдым. Егер «қойшы, бұлар емес, бәрібір мен өтемін!» деп мұрнымды шүйіргенде, іріктеуден өтер ме едім, өтпес пе едім, кім біледі... Өнер деген өте нәзік әлем ғой, ешқандай астамшылдықты көтермейді. Жібектің бейнесін сомдау үшін тек әдемілік қана емес, талант та керек. Сол жағынан әлгі қыздардан басымдау түскен болуым керек, ақыры режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайруз Ысмайылова, композитор Нұрғиса Тілендиев, оператор Асхат Ашрапов бастаған комиссия мені ақтық сынға қатысатын 10 қыздың қатарына енгізді. Сосын бәрімізді Төлеген рөлінен үміткер актерлермен жұптастырып, сценарийдегі оқиғалардан үзінділер ойнатты. Мені бірден Құманмен жұптастырды. Бір жылдай дайындық жұмыстары жүргізілді. Атқа отыруды, басқа да машықтарды үйренуіме тура келді. Ақыры барлығымыздың өнерімізді сараптап шыққан көркемдік кеңес мүшелері бізді – Құман екеумізді таңдады. Бірақ олар: «Түсірілім басталғанда тағы байқап көреміз, бәрі ойдағыдай болса, сендер ойнайсыңдар», – деді. Сөйтіп, бала күнгі арманым орындалды. Көркемдік кеңес құрамында Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сапарғали Бегалин, Камал Смайылов, Абдолла Қарсақбаев секілді халқымыздың мақтаныштары отырды.

Қыз Жібек үшін 40 емес, 400 қыздың ішінде режиссер Сұлтан Қожықовтың назары өзіңізге түсіпті. Мұның өзі бекерден-бекер болмас.

– Ол шақта небары 16-да едім. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») Қыз Жібек рөліне байқау ережесі жарияланған болатын. Бірінен-бірі асқан сұлу да сымбатты қыздар арасынан дара шығуым өнердегі де, өмірдегі де бақытым болар. Алғаш сынаққа түскенде неге екені белгісіз, Сұлтан аға (режиссер) суретіме қарап, көңілі толмағанын білдіріп қалды. Сөйтсем, режиссерге менің мұрным ұнамай қалыпты. Меніңше, мұрнымда кемістік жоқ секілді.

Қаншама қыздың ортасынан суырылып шығарыңызға сенімді болмаған секілдісіз...

–Ол рас. Тіпті, бәрін қойып кетіп қалғалы тұр едім. Режиссердің ассистенті мені тоқтатты. Оның бір ауыз кеңесі мені кейіпкерімді сомдауға жігерлендіріп жібергендей болды. Әрине, қалада өскендіктен, дархан даланың төсінде тыныс алып, емін-еркін бойжеткен игі жақсының ажарына ақылы сай, көркіне келбеті келіскен қыздың рөлін ойнау мені аз ойландырған жоқ-ты. Жібектен үміткер қаншама қыздың иығында осындай жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Оның үстіне, мен мектеп оқушысымын. Мемлекеттік емтиханым да күтіп тұр ғой.

– Апай, ауылда тусаңыз да қалада оқыдыңыз, қаланың тәрбиесін алдыңыз. Кинода атқа мініп шабатын жеріңіз бар. Қала қызына атқа отыру қиындық туғызған жоқ па?

– Жібектің рөліне сынақ басталмай тұрып-ақ, Сұлтан аға негізгі кандидаттарды 20 күндей ипподромға жаттығуға жіберді. Арасында Құман да бар. Рөлге әлі бекімеген кезім. Ол тұста Алматыда милицияның атты әскері болатын. Сол эскадронның милиция майоры Әсенов дейтін азамат мені бөлек дайындады. Демде үйреніп кеттім. Кейбіреулер кинода «атта отырған басқа біреу болу керек» деп ойлайтын көрінеді. Атқа қазір мінгізсеңіз, қазір шауып жүре беремін.

Кинода Құман мінген «Орлик» дейтін мойны ұзын әдемі ат еді. Асанәлі аға мен Әнуар ағаның аттары да асыл тұқымды болатын. Ал мен мінген «Альт-араб» тұқымдас сәйгүлік. Арнайы сатып алынған. Әлгі «Ақбоз ат, иең қайда?!» дейтін жерде кісінеп салып, ер-тоқымымен жалын жер тарап шауып келетін ат. Естеріңізде болса, сол ат киноның өнебойында бір сәт тағат таппай билеп, ойнақшып тұрады ғой. Жануар-ай, керемет болатын. Сол жылқылар да бізге әбден бауыр басып кетіп еді.

– Кино жарыққа шыққан соң, өміріңіз күрт өзгеріп сала берген болар?

– «Қыз Жібектен» кейін өнер институтына оқуға түстім. Ұстазым КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева болды. Оқуды бітіре салысымен қасиетті қарашаңырақ – Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына қызметке келдім. Сол 1973 жылдан бері сонда жұмыс істеп келе жатырмын. «Қазақфильмнен» бастап, «Қырғызфильмнің», «Мосфильмнің» көптеген кинофильмдеріне түстім. Бірақ, көпшілік мені негізінен «Қыз Жібек» арқылы таныды ғой.

Жібек пен Төлегеннің қайғылы өлімі бейнеленетін тұста басыңызда биік сәукеле болды. Бұл – Гүлфайруз Ысмайылованың қолынан шыққан туынды ғой?

–Иә, фильмдегі киімдердің нобайын Гүлфайруз апа жасаған болатын. Осы сәукеле басыма тарлау болды. Жастыққа тән ұялшақтық па, «басымды қысады» деп айта алмадым. Бірақ кадрға енгенде, сәукеле туралы ұмытып та кеттім. Ол кезде менің басым емес, жүрегім қысылып тұр еді.

Иісі қазақ баласы «Қыз Жібек» фильмін қанша көрсе де жалықпайды. Өйткені, онда қазақтың бар болмысы жатыр. Ал, өздеріңіз бұл фильмді әр көргенде қандай сезімде боласыздар?

–Шынын айтқанда, жұрт оны бес-он рет көрсе, біз оның санына жете алмаймыз. «Қыз Жібекті» әр көргенде сол күнгі барлық оқиғалар есімізге оралып тұрады. Тіпті, әрбір қимылымыз, әрбір жүріс-тұрысымыз, әрбір ескерту-ескертпелер дәл бүгінгідей көз алдымызға тұра қалады. Неге біз жалығамыз? Мен қайта қуанамын. Егемендігімізді алғаннан бері «Қыз Жібекті» мереке күндері үзбей беріп келеді. Ол кездегі көзқарас осы кездегідей болмады. Біз – бақытты жандармыз! Қазақтың тарихында қалып қана қоймай, адалдықтың, инабаттылықтың жолын салып, қазақты танытарлықтай фильмде басты рөлдерді сомдадық.

Фильм қазақ жерінен алыста қалай бағаланды?

–БАМ-да (Байкал Амур Магистралі) болдық. Шығыс Сібірді араладық. Амурдағы Комсомолда, тағы басқа жерлерде болдық. Тблисидегі бүкілодақтық кинофестивальде біздің фильм жүлде алды. Осы қалада фильмнің үздік суретшісі ретінде Гулфайруз Ысмайылова апамыз марапатталды.

Димаш Ахметұлының бір баяндамасында «Қыз Жібек» фильмінен 100 миллион сомнан артық табыс түскені айтылады. Қазақ халқы бұл фильмді үлкен махаббатпен көрді, әлі күнге дейін көріп жатыр. Одаққа тарады. Комсомол пойызымен БАМ-ға кездесуге барғанымда, орыстың үлкен маржасы маған бір банкі қара уылдырық сыйға тартты. «Қазақ деген халықтың бар екеніне таңғалып тұрмын», – деді ол. Фильм шетелдерге көп сатылды. Оның қысқарған себебі де сол. Талап бойынша екі сериялы фильм 2 сағат 20 минуттай болуы керек. «Қыз Жібектің» толық нұсқасы 2 сағат 35 минут еді. Режиссер Сұлтан Қожықов жылап отырып, 20 минутқа жуық лентаны қиды ғой. Содан инфарк та алды. Қиылғаннан кейін, фильмнің аяғы бітпей қалғандай болды.

Ең қиыны, бірінші сериядан соң басталғаны. Екіншісіне қаржы жоқ деген. Не істеу керек? Сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында түсіру тобымен баспасөз мәслихаты өткені есімде. Біз тілшілерге өз мәселемізді жеткуіздік. Арада бірсыпыра уақыт өте келе толассыз хаттар келе бастады. Жұртшылық: «Егер мемлекет ақша берсмесе, біз өзіміз жинаймыз» деп үн қосты. Сол кездегі басшымыз Дінмұхаммед Қонаевқа алғысымыз шексіз. Мәскеумен хабарласып, алдағы фильмнің жалғасы үшін қаржы бөлуге рұқсат алды. Сол кезде басшылықтағылардың көбі: «Тоқтатыңдар, бір серия жетеді!» деп байбалам салған. Жатқан жері жайлы болсын, Ілияс Омаров та: «Тек, осы актерлер ғана түсуі тиіс» деп табандылық танытты.

Кинода ғашықтар рөлін әдемі бейнеледіңіздер, тіпті көзқарастарыңыз да шынайы шықты. Сонда Құман аға екеуіңіз бір-біріңізге бір көргеннен ғашық болдыңыздар ма?

–Жоқ. Ғашықтар рөлін ойнауға тиіс болғандықтан екеуміз де образға кірдік. Әр кинодағы қатар түскен бірінші көрініс құда түсу эпизодынан басталды, ал бұл жерде сүйіспеншілік сезімін көрсетпеу мімкін емес еді... Кино түсірілімі бір жылға созылды. Түсірілу алаңында күнде кездесетінбіз. Менің ол кездегі ойым тек киноға дұрыстап түсу болды. Қос ғашықтың сезімі бірінші бөлімнің аяғындағы отаудың ішінде сөйлесетін жерде анық көрінді. Комиссия менің шеберлігіме күдікпен қарады. Кейін тәуір шыққанына қуандым. Мүмкін, сол жерден басталған шығар. Оны айту қиын. Айтпақшы, түсіру жұмыстары қыста павильонда, жазғытұрым далада болды. Бірде көктемде, үзілісте Құман маған дала гүлдерін теріп әкеп, сыйлады. Бір қызығы, сол гүлдердің кепкен түрі үйде әлі сақтауды. Гербарий дейміз ғой, әлі бар. Гүлді сыйлағанда ағаң жиырма үште, мен он сегізде болатынмын.

Шолпысы сыңғырлаған Жібектің айтқан сөзі, әрбір қимылы жан сүйсінтеді. Шын өмірдегі Жібек пен кинодағы Жібектің айырмасы бар ма?

–Енді кинодағы Жібектің болмысы қазіргі өмірден басқа. Алайда, ол жерде халықтың көзіне тек әдемі, ибалы, өр болып қалып қойдым. Бұл өмір ғой. Бірақ, менің айтарым, әрбір қазақ қызының мінезі Жібектей болса, қанекей! «Қыз Жібекте» тек қана махаббат, сүйіспеншілік емес, ол жердегі әрбір айтылған сөзінде үлкен мағына жатыр. Бұл киноны көргенде адамның рухын көтереді. Мысалы, Жібектің шарт қойып, тағдырдың басқа салғанына көніп, екі жігіттің қайсысына бұйыратынын білмей, көзін байлатқандағы «Осы екі жігіттің қаны төгілмесін» деген сөздері әншейін айтыла салған сөздер емес. Қай қыз басына қайғы төніп тұрғанда осындай сөздер айтады? Кинодағы Жібек пен өмірдегі Меруерттің айырмасы әрине бар.

Алғашқы перзенттеріңіздің есімі Жібек деп аталуына «Қыз Жібек» фильмінің қатысы бар ма?

–Иә, тұңғыш перзентіміз қыз бала болды. Біздің ойымызға ол келмепті де, қызымыз дүниеге келгенде халық «өмірге Жібек келді» деп қуанды. Елдің айтуы бойынша есімін Жібек қойдық.

Құман ТАСТАНБЕКОВ, актер, ҚР Халық әртісі:

"ҚЫЗ ЖІБЕКТІ" АНАМ АЛҒАШ КӨРГЕНДЕ ТАЛЫП ҚАЛЫПТЫ

– Құман аға, сіз «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шығып, атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің рөлін сомдадыңыз. Бұл жеңіске жету сізге оңайға соқпаған шығар?

– 1968 жылы «Қыз Жібек» фильмі түсіріле бастады. Мен сол жылдары екінші курс оқимын. Содан газеттерге «осындай да осындай рөлдерге адамдар іздейміз» деген хабарландырулар шыға бастады. Онда өте көп жігіттер мен қыздар құжаттарын тапсырды. Солардың ішінде мен де суретімді, құжаттарымды тапсырдым. Содан жиырма шақты жігіт таңдалған. Мен Төлегеннің рөлін ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Мүмкін, бақытым шығар?! Содан киножобаға түстік. Жан-жақтан сынаулар болды. Бір жағынан жылқышының баласы емеспін бе, соның пайдасы көп болды. Атқа жақсы отырамын, жақсы мінемін. Сол өнерім көзге түсті. Талай жігіттер сол жағынан ақсап жатты. Кинода Бекежан «туды алып кетті» деп айқайлайды ғой, сонда Төлеген өзінің ақбоз атына емес, жоңғардың атына қарғып мініп, шаба жөнелетін кезі бар. Сұлтан Қожықов ағамыз маған қарап тұрып «Әй, бала, абайла, сен Төлегенді ойнағалы тұрсың! Ол – батыр азамат. Сенің батырлығыңды көрейікші, кәнекей» дейді. Сонда әлгі атқа қарғып мінетін кезімді айтып отыр ғой. Алғашында, әрине, жүрексіндім, кейіннен бір жетідей дайындалып, рөлді ойдағыдай ойнап шықтым.

– Төлеген рөліне түсіп елге танылған кезіңізде ауылыңыз сізді қалай қабылдады?

– Фильм шыққаннан кейін, ауылға Меруерт екеумізді шақырған. Сарқан ауданының орталығына, туған ауылыма барып, фильмді көрсетіп қайтқанбыз. Алғашында осы фильмді өздері көрсеткен ғой. Онда менің уақытым болмады да, әлде шақырмады ма, есімде жоқ. Фильмді көруге шешемді де апарыпты. Шешем өмірі киноға бармаған адам. «Қыз Жібектің» аты дүрілдеп, газет-журналдарға жазыла бастаған кезі ғой. Содан шешеме ауылдың атқамінерлері: «Жүріңіз, балаңыз түскен фильмді көресіз» десе, «Бармаймын» деп отырып алыпты. Қоярда-қоймай апарып, алдыңғы қатардың біріне отырғызып қойыпты. Фильмді көріп отырған. Түсінді ме, түсінген жоқ па, білмеймін. Төлегенге Бекежанның жебесі қадалатын жері бар ғой, соны көріп шешем: «Ойбай, баламды өлтірді ғой» деп ойбайлап, талып қалыпты. Кейін, сол ауыл арасында әңгіме болып тарап кетіпті. Мұны мен ауыл адамдарынан естідім.

Құман аға, Меруерт апай екеуіңіздің кинодағы махаббаттарыңыз шын өмірге ұласып, отбасын құрдыңыздар. Бұл жаңалық кезінде көрермендеріңізді бей-жай қалдырмады. Осы сәтте Меруерт Өтекешовамен алғаш танысқан сәтіңізді еске түсіріп көріңізші?

– Алғаш мен студияда жүргенде, қыздар өте көп болды. Бір күні киностудияның дәлізінде тұрған болатынмын. Қасымнан бір қыз өтіп кетті. Қарасам, көзі жарқ ете қалды. Сол кезде мен «мына қыздың көзінде бір ұшқын бар ғой, осы қыз – Жібек» дедім. Сол сәтте-ақ Меруерттің жарқ еткен көзіне ғашық болып қалдым. Онда әдемі, сұлу қыздар көп болды. Бірақ олар рөлге кіріп ойнай алмады. Мысалы, жылайтын жерде жылай алмады, күлетін жерде күле алмады дегендей. Алайда ол жерде тек түрдің әдемілігі ғана емес, ішкі сезімнің байлығы да керек болды. Содан Меруертте сол айтылғандардың бәрі бар болып шықты. Меруертпен сол жерде танысқанмын. Соңы, жаңағы сіз айтқандай, махаббатқа ұласты ғой.

– «Қыз Жібекке» де біраз жыл болып қалыпты. Не ойлағаныңыз бар?

– Бұл – өте үлкен фильм. Қазақ халқы үшін, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін орны бөлек кино. «Қыз Жібек» экранға шыққанда кинорежиссер Сұлтан Қожықов үлкен турне жасаған. Қызылорда облысының Арал, Қармақшы аудандарына, сол кездегі Шымкент облысының Алғабас, Созақ аудандарына бардық. Халық өте жақсы қарсы алды. Бізді ел алдына Қыз Жібек пен Төлегеннің киімін кигізіп, ақбоз атпен алып шыққаны есімде. Керемет бір той болып еді!

«Қыз Жібек» – үлкен тарихи шығарма. Сондай фильмге түскеніміз үшін біз бақыттымыз. Түспей қалуымыз да мүмкін еді. Олай дейтін себебім, Сұлтан аға бұл фильмге жастарды түсіргісі келгенімен, «Жастарды түсірудің қажеті жоқ, олар ештеңе білмейді!» деп дау шығарғандар да болды. Қыз Жібектің рөліне әйелін түсіргісі келген ағаларымыз да болған. Бәрібір Сұлтан ағамыз айтқанынан қайтпай, басты рөлдерге біз –жас актерлер түстік. Киноның жақсы шығуына осы өте мықты әртістер ансамблі де себепші болды. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Қанабек Байсейітов, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев сияқты театрдың мықты-мықты актерлері ойнады. Қазір қарап отырсаң, олардың көпшілігі бұл өмірде жоқ. Қайбір жылы Ресейде «Шөл даланың аптабы» деген фильмнің 25 жылдығы тойланды. Біз де мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанбыз. «Жас» деген желеумен Меруерт екеумізді сызып тастады. Бұл дұрыс емес. Еңбегі болса, жасына да, басқасына да қарамай, беру керек. Сіңірген түгі болмаса да, мемлекеттік сыйлықты алып та жүр ғой.

Өз-өзімді мақтағаным емес, «Қыз Жібек» нағыз халықтық кино болып шықты. Осы фильмнің арқасында Меруертпен таныстым.

Ал Әнекеңмен алғаш рет «Ән қанатында» фильмінің түсірілімі кезінде таныстым. Консерваторияның екінші курсында оқып жүргенмін. Түсіру сәтінде Әнекең ауырып қалып, атқа шабатын бір көріністе оның дублері болғанмын. Жақын дос болуымыз «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінен басталды. Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнекең, мен – бәріміз бір бөлмеде жаттық. Ағам жоқ жерден бір нәрсе тауып күлдіріп, көңілдендіріп отыратын. Ол кезде мен бойдақпын. Маған: «Төлеген-ау, сенің үйленуің керек», – деп әзілдейтін. «Кімге?» дегенімше болмай, «Оу, Қыз Жібек ше? Біз сені не үшін Төлеген деп жүрміз?» дейтін. Мен күліп қана қоятынмын, ал 10-сыныпты енді ғана бітірген Меруерт қысылып, қызарақтап қалатын. Әнекең онысымен қоймай, «Ау, Төлеген! Мен Шегемін ғой! Мен өмірде де сендердің қамдарыңды ойлауым керек!» дейтін... Ағаның сөзі шындыққа айналып, Меруерт екеуміз шаңырақ көтергенде, үйлену тойымызға «Қыз Жібек» фильміне түскен актерлер қатысты. Бас кейіпкерлердің рөлін орындаушылар: Асанәлі Әшімов – Бекежан, Ыдырыс Ноғайбаев – Қаршыға, Фарида Шәріпова – жеңгесі Кербез, Гүлфайрус Ысмайылова – Жібектің анасы, Әнекең – Шеге рөліндегі костюмдерімен келген-ді. Тойымыз керемет думанды өткен. Мен сол күнді бейнетаспаға түсіріп алғанмын. Әнекеңді сағынған кездерімде фильмді көріп қоямын. Адал дос, ақкөңіл аға бейнесі көңілдің бір түкпірінде маза бермей, ойландыра береді...

Сіздердің тағдыр біріктіріп, отау құруларыңызға себеп болған да осы «Қыз Жібек» фильмі емес пе?

–Меруерттің өз ауылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында. Жібектің туып-өскен жері де сол аймақ. Сәйкестікті көрмейсіз бе? Бұл 1969 жыл еді. Көктем келіп, күн жылыған. Проба басталған уақыт. Меруертті пробаға келген қыздар арасынан көріп жүрмін. Өзімен-өзі, келеді де кетеді. Назарын аудармақ болып, қасында тұрып өтірік жөткірінсең де мойнын бұрмайды. «Бір шығарып салсам» деген ойға бекіп жүрдім. Наурыз айының аяғы. Бір күні киностудиядан Меруертке ере шықтым. Жаңбыр құйып тұр. Аппақ плащы бар, жағасын көтеріп-көтеріп, қаусырынып қояды. «Шіркін-ай, аяғы тайып құлап түссе...» деп қиялдап кетіппін. Маған да сол керек, жүгіріп барып, жерден көтеріп алдым. «Меруерт, бір жеріңізді ауыртып алған жоқсыз ба?» – деп қоямын. Меруерт көзін жалт еткізіп, «неғып жүрсің?» дегендей суық қарады. Қалтамда жалғыз бір сомым бар еді, соған такси ұстап, үйіне жеткіздім. Бірінші шығарып салуым сол болды.

– Сіз Төлегенді ғашықтықтың символы деп таныдыңыз ба, әлде қазақ батыры деп қабылдадыңыз ба?

– Бір жағынан махаббаттың символы болу керек. Оны махаббаттың символы деп көрермендердің өзі жиі айтып жүр ғой. Соңғы кездері махаббат күнін «Қыз Жібек пен Төлеген» күні деп атап өткізіп жүр. Махаббаттың символы болса, болған шығар, ең әуелі ол қазақтың жігіті болғаннан кейін, онда батырлық та болады ғой. Ол кездегі қазақтың әр азаматы батыр емес пе? Жау шапса, бұғып қалмаған, қарсы аттанатын.

– «Қыз Жібек» фильмі қанша мемлекетке тарады?

– Бұл фильм 172 мемлекетте көрсетілді. Ол тек қана Америкаға барған жоқ. Көп мемлекеттерге таралды ғой.

– Фильммен бірге сіздерді көп ел таныған шығар?

– Жоқ. Партиялық комитеттер, органдар фильмді апарады. Біздерді тастап кетеді. Фильмді көрсеткен мемлекеттерде басты кейіпкерлерді сомдаған актерлерді сұрайды екен. Сұрағандарға түрлі сылтау айтып келеді. Бір жерге апармады ғой. Осы фильмнің бір жақсылығын көрмедік. Ал халыққа фильм қалай ұнайды? Сол фильмде ойнаған әрбір актерді әлі күнге алақандарына салып алып жүреді. Әсіресе, Меруертті. Меруерт ел арасында «Қыз Жібек» атанып кетті.

– «Қыз Жібектің» қазір көрсетіліп жүрген нұсқасында фильмнің соңы жоқ па сонда?

– Түпнұсқа бізде бар. Түпнұсқасында көш біреу емес, бірнешеу. Көрсетіліп жүрген нұсқасында ақ боз ат бос келеді де, фильм бітеді ғой. Түпнұсқада ақ боз ат оралғаннан кейін Қыз Жібек өз отауына келіп, Төлегенді елестетіп жылайды. Бәрімен қоштасқандай болып, Жайықтың жағасына келеді. Судың бетінде сәукелесі қалқып қалады. Жоңғарлардың батырлары сәукелені найзаларымен тұс-тұстан жұлмалайды. Менің ойымша, фильмнің шарықтау шегі де осы эпизодта. Естуімше, фильмнің премьерасы жүріп жатқан кезде киномеханиктің қасына КГБ-нің бір адамы отырып алып қадағалапты. Төлегеннің өлер алдында айтар сөзі бар ғой: «Қайран қазағым-ай! Дүниеден алар бар еншің осы ма еді?!» дейтін. Осы сөзді сценарийге енгізген – Асқар Сүлейменов. «Қыз Жібек» фильмінің көрерменге әсері өте зор болды. Фильмді көргеннен кейін әнші болғысы келетін, күйші болғысы келетін, актер болғысы келетін өрендер көбейді. Қазір бізбен әріптес болып жүрген жас актерлердің өзі: «Аға, біз «Қыз Жібекті» көргеннен кейін актер болғымыз келді», – деп жатады.

– Қыз Жібекті қазір көргенде сізде қандай ой туады?

– Теледидардан көрсетіп жатқанда «Қыз Жібекті» қараймыз. Көріп отырып, жіберген қателіктерімізде де көріп қалып, «әттеген-ай, ана тұста былай ойнау керек еді...» деп отырамыз. Ол қателіктерді киносыншылар болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Сондағы таңданысымды айтайын. Мен болсам өнер институтының үшінші курсында оқимын. Кәукен, Асанәлі ағаларымыз секілді бірнеше киноға түскен тісқаққан болмасам да, түсіру алаңында қалай жүріп-тұру керек екенін меңгеріп қалғам. Ал мектеп қабырғасынан кеше ғана келген Меруерттің актерлік шеберлігі, өзін-өзі ұстауы кино мамандарырың бәрін таңдандырды.

– «Қыз Жібектегі» айдын төсінде билейтін аққулар жайлы аңыз-әңгімелер ел ішінде көп айтылады. Біздің оқырмандар анық-қанығын сізден естісе...

– Аққулар жайлы аңызға бергісіз әңгіме Камал Смайылов ағамыздың кітабында айтылады. Бұл рас болған оқиға. Алматы облысындағы Ақши ауылының іргесінде әдемі бір көл бар. Көл жағасындағы оқиға сол жерде түсірілген. Алматыдан табылмады ма, әйтеуір аққуларды Қырғызстанның хайуанаттар бағынан алып келді. Аққуларды көлге жіберді. Түсіру басталған сәтте ақулар жағаға жақындамай қойды. Қайықпен барып жағаға қарай үркітеді. Бір күн өтті, екі күн, үш күн өтті. Аққулар жоламады. Операторлардың да жүйкесі жұқара бастады. «Басқа кадрларды түсірейікші» деп Сұлтекеңе қиылды. Сұлтекен: «Мұнсыз кино шықпайды. Сендер түсінесіңдер ме, бұл аққулардың биі ғой, нағыз махаббаттың белгісі осы»,–деп тыйып тастады. Содан бір күні түсіру алаңына Нұрғиса Тілендиев келіп қалды. Келді де: «Сұлтеке, мен бір күй алып келдім, тыңдайсың ба?» – деді. Арнайы кино түсіруге арналған «Тунваген» дейтін үлкен неміс мәшинесі бар еді. Мәшиненің дауыс зорайтқыштарын қосқан соң, Нұрғиса ағамыз домбырамен «Аққу» күйін төгілтті дейсіз. Сонда күйдің құдіретіне елтіген аққулардың жағаға жақындап билегенін өз көзіммен көрдім. Мұндай құдіретке қалай таңқалмайсың? Операторлар жедел іске кірісіп, түсіріп үлгерді. Аққулардың көл бетіндегі сол биіне кейін шетелдің талай кино мамандары таңдай қақты.

– Кинода Бекежан екеуіңіздің айқасатын тұстарыңыз бар. Естуімше сол «жекпе-жекте» сіздің кеуде тұсыңызға найзаның ұшы кіріп кетіп, жараланып қалған көрінесіз. Рас па?

– Қос батырдың ат үстіндегі шайқасын түсіру сәтінде дәл сондай жағдай болғаны рас. Менің қабырғама Асанәлі ағамның найзасы кіріп кетіп, мертігіп қала жаздағам. Сол жақ тұсымның қабырғасы әлі күнге дейін ауырады. Қайта Құдай сақтап қалды ғой. Асекеңнің де бір рет аттан оңбай құлағаны бар...

– Құман аға, жақсы адамның артынан қашан да сөз ереді. Ел арасында «Құман әйелі мен екі баласын тастап, Меруертке үйленген» деген алып-қашпа сөздер естіліп қалады. Осындай жағымсыз әңгімелер Сіздерге қалай әсер етті?

– Жақсы адамның артынан сөз еретіні рас. Еріп жүргені – халықтың бізді ұмытпағаны. Баяғыда «Құман мен Меруерт Үндістанға ұшып бара жатып, ұшақтары жарылып, екеуі көз жұмыпты» дегенді де естігенбіз. Өтірік. «Меруер Құманмен ажырасып, Асанәліге тұрмысқа шығыпты» деген де сөз шыққан. Тағы да өтірік. Меруерт менің алғашқы сүйіп қосылған жарым. Өнер адамдарының тағдырын халқымыздың сан-саққа жүгіртуі сүйекке сіңген әдет емес пе?

Ел ішінде ««Қыз Жібек» фильмін белгілі режиссер Ш.Айманов түсірген» деп айтушылар кездесіп жатады. Сіз аталмыш фильмде басты рөлді сомдадыңыз, белгілі актерсіз.

– Шәкен Айманов үлкен актер, режиссер. Бірақ «Қыз Жібекті» ол кісі түсірген жоқ. Соғыс ардагері, белгілі режиссер Сұлтан Қожықов түсірген. Тіпті, кейбір басылымдар Шәкен айманов түсірген фильмдердің қатарына енгізіп жіберіпті. Мұны оқыған халық, әрине, шатасады. Халық шатасқаннан кейін, ондай пікірлердің жиі айтылатынына тағы күмән жоқ.

«Жұлдыздар отбасы», «Түркістан», «Жас Қазақ үні», «Жас Қазақ» басылымдары бойынша дайындалды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар