БІЗ ТАБЫНЫП ЖҮРГЕН ОРЫС ТІЛІНІҢ БҰЛ ЕЛДЕ СОҚЫР ТИЫНҒА КЕРЕГІ ЖОҚ ЕКЕН
– Ғалым аға, жақында Моңғолияда өткен әлем ақындарының поэзия конгресіне біздің елдің атынан бір топ делегация барды. Арасында сіз де барсыз. Осы шарадан қандай әсермен оралдыңыз, қандай ой түйіп қайттыңыз? Кеңінен әңгімелей отырсаңыз?
– Мені баяғыдан бері екі ел қызықтыратын ,сол екі елді бір көрсем деп армандайтынмын. Оның бірі – Египет яғни Мысыр, неге екенін білмеймін күні бүгінге дейін сондағы құпиясы ашылмаған пирамидаларға аңсарым ауады да тұрады, Алла жазса оны көрудің де сәті бір келер. Ал, екінші ел –осы жолы барған Моңғолия. Әлемді жаулаған ұлы қаған Шыңғыстың елін, кешегі Ғұндардың мекенін, Түрік даласын, сол ұлы даладағы Күлтегін ескерткішін көруді кім армандамасын?! Бардық. Жолымызды қоса есептегенде тамыздың 14-24 аралығында бақандай он күніміз кетті. Шынын айтсақ, бүгінгі Моңғолия туралы білетініміз түкке тұрмайды екен. Ерте кездегідей мәстек аттарына мініп, мал бағып жүрген жұрт шығар деп ойлайтынбыз. Өзі үш милион халқы бар елдің тең жартысы астанасы Ұланбатырда өмір сүреді екен, ал жер көлемі әлемде он үшінші орынды иелейтін Моңғолдың даласы қаңырап иен жатыр. Моңғолияның бүгінгі президенті Халтмаагийн Баттулганың жеке қаржысымен Шыңғысханға арнап соққан дүниедегі ең алып ескерткішті көрдік, Азиядағы ең ірі шөл – Гобиге дейін бардық. Жүретін аяқ, көретін көз, еститін құлақ болғанға не жетсін, «тәубе!» дестік.
37-кезекті әлем ақындарының құрылтайына киіз туырлықты ағайындар тамаша дайындалған. Бір ғажабы – моңғолдар өздерінің ұлттық ерекшелігін қатты қастерлейді екен, қай жерде болмасын әр басқосуда ұлттық киімдерін жаңалап киеді, салт-дәстүрлерін сақтап жүреді. Жыл сайын наурыз мерекесінде бір киетін қаудырлаған шапанымыз әдірем қалсын, денеге ыңғайлы, жайлы, зерлі киімдері шыққыр көздің жауын алады. Тіпті автобустарының, отарбаларының терезесінің пердесіне дейін ұлттық нақыш бедерленген. Салған жерден жер жүзінің қырықтан астам елінен келген тілі бөлек, діні бөлек үш жүзге жуық ақыны ыммен-ақ бірден түсінісіп кетті, тегі, ақын деген халықтың өзгелер «қақпайтын» ортақ бір тілі бар секілді. Бір үйдің баласындай шұрқырасып кеткеніміз тіптен қызық. Конгрестің ашылуы Үкімет үйінде болды. Президенттің өзі қатыса алмаса да кеңесшісі қатысты, ол да моңғолдың танымал ақын қызы көрінеді. Құттықтау хатты оқыды. Мәдениет минстрі, Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті моңғол қаламгерлері қатынасты. Бүкіл елдің назары осы айтулы шараға ауды. Негізінде бұл шарада моңғолдың өмірден өткен Данзанравжаа бастаған ұлы ақындарының рухын ұлықтау басты мұрат етілген. Сол діттегеніне жетті моңғолдар. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» дегендей әлемнің үздік ақындарының бір шаңырақ астына жиналуы дегенің бір керемет оқиға болды. Осыған дейін 36 рет әр елде өткен поэзия құрылтайынан бейхабар болғанымызды несіне жасырайық. Егер дәл осы шара бізде өткенінде ұлы Абайды әлемге етене танытатын едік, әлгіндей үш жүз ақын Қазақстанды жер шарына ғана емес, ғарышқа жарнамалап берер еді, қазақ әдебиетіне, қазақ ақындарына дүниежүзінің назарын аударар едік! Әлі де кеш емес, келесі құрылтай Қытайда өтетін болды, одан кейінгі құрылтайды өткізуге ұмтылуымыз керек деген ойға қалдым. Алла жазса, халықаралық спорт додаларымен қоса әлем ақындарының додасын көретін күн жақын болсын.
– Сол конгресске қатысқан шетел қаламгерлері қазақ әдебиетінен қаншалықты хабардар екен?
– Осыған дейін Абайдың, Мұқағалидың, Олжастың өлеңдері моңғол тіліне аударылыпты. Былтыр Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері, биыл Серік Ақсұңқарұлы мен Қасымхан Бегмановтың өлеңдері моңғол тіліне аударылып, жеке-жеке кітап болып басылып шығыпты. Бір байқағаным, Ұлықбек Есдәудеттің өлеңдерін моңғол ақындары жылы қабылдапты, оны осы жолы байқадық: кітабын өзінен сұраушылар көп болды. Бұл енді моңғол ағайындардың біз туралы білетіндері. Ал өзге елдің қаламгерлерінің қазақ ақындарын білетініне күмәнім бар. Себебі, біз әлі өзге тілге аударылғанымыз жоқ. Моңғол ақындарының дені ағылшын тіліне аударылған-ау деп қаласың. Тіпті анау Гобидің шөлінде кездескен ақынының өзі биттің қабындай жұқа болса да ағылшын тіліндегі кітаптарын ұсынып жүрді. Өздері шетінен ағылшын тіліне жүйрік. Біз табынып жүрген орыс тілінің бұл елде соқыр тиынға керегі жоқ екен! Тіпті бұл жолғы шарада орыс тілінің аудармашысы болған жоқ, тек моңғолша, ағылшынша. Біз әлі сол өзімізді өзіміз мақтап немесе даттап бір аралда жатқандаймыз, осыған қарап жуық арада қазақ ақынын өзгелер тани қояды дегенге сену қиын.
– Біздің елден барған қаламгерлер Əлемдік өнер жəне мəдениет академиясының мүшелігіне қабылданыпты. Бұл ұйымға мүшелікке өтудің қандай да бір артықшылығы бар ма?
– Әлемдік өнер және мәдениет академиясы – 1969 жылы Американың Лос-Анжелес қаласында тіркелген, ЮНЕСКО-ның құзырындағы, орталығы Парижде орналасқан беделді ұйым. Біз – Ұлықбек Есдәулет, Қазыбек Иса және мен осы академияның өмірлік мүшесі яғни «академиігі» болдық, Қасымхан Бегманов академияның докторы атанды. Қазақстаннан алғаш рет делегация болып қатысқан біздер үшін конгрестің мұндай шешімі еліміздің абыройын асырды деп ойлаймын. Ұйымның мүшесі болған соң шығармаларың академияның тұрақты түрде шығатын альманағына жарияланады, конгрестер мен фестивальдерге шақырыласың, әдеби еңбектерің арқылы қазақты әлемге танытуға өз үлесіңді қосасың. Мұнан да маңыздысы – өзің үшін үлкен құрмет болған дүние, өзіңе үлкен жауапкершілік арқалатады.
МҮШӘЙРАЛАРДА БАС ЖҮЛДЕ АҚЫНДАРДЫҢ АТАҒЫНА, САҚАЛЫНА, ЖЕРІНЕ, РУЫНА ҚАРАП БЕРІЛЕДІ
– Аға, қазір сіздің қатарласарыңыздың бәрі әлеуметтік желілерді жақсы пайдаланады. Тіпті жастармен деңгейлес публикаға жұмыс жасап отыратын ағалар да бар. Бұл бір жағынан ақпарат ағымынан қалып қалмау әркетеі ғой?
– Осы әлеуметтік желі дегенге қызушылығым аз. Дегенмен жаңалықтарды үзбей оқып отырамын. Сіздердің порталдарыңызды қараймын. «Ештен кеш жақсы» демекші, шығармаларымды ұсынуды енді ойлап жүрмін, шынын айтқанда, сіздерден бастамақпын. Біз – кітапқа сенген, кітаптан ажырамайтын ұрпақтың өкіліміз. Бірдеңе жазғанда жерге етпеттеп жатып жазамыз, қаламмен жазғанды ұнатамыз. Ет жегенде бес саусақты табаққа бірдей батырып, саусағыңды сорып жегендегі дәмді қалай сезінсең, қаламмен жазудың да өз рахатын солай сезінесің. Сонан кейін әлеуметтік желі деген бәле уақыттың соры ма деп қалдым, күні-түні бас алмайтын «басыбайлы құлдарды» көргенде тіпті түңіліп кетесің. Десе де әр нәрсенің сәтін салатын кезі болады ғой, біздің қай кезде «құлға» айналатынымызды уақыттың өзі көрсетеді.
– Дегенмен соңғы кезде сізді мүшәйралардан жиі көріп жүрміз. Жалпы, өлеңді додаға жиі қосуға қандай қажеттілік болды?
– Мүшәйра – жыр додасы. Өлеңімді додаға қоссам ақша табайын, жағдайымды жасайын деген ойдан аулақпын. Әр мүшәйраның өз тақырыбы болады. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алматы шаһарының 1000 жылдығы, ЕXPО–2017 деген секілді... Осындай мүшәйралар ақынға үлкен ой салады, демеу болады. Бар дайындықпен қатыссам да, неге екенін қайдам, мені Алматыға арналған мүшәйраның үміткерлерінің қатарынан сызып тастады, есесіне Алматыға арнап тамаша өлең жазып алдым. EXPO- ға арналған мүшәйраға қатысып едім, Қазақстан туралы жақсы бір патриоттық өлең жазылып қалды. Міне, менің ұтқаным, тапқан пайдам.
– Сіздің ойыңызша мүшәйраларда жүлде атаққа беріле ме, әлде, өлеңге ме?
– Өкінішке қарай, кейінгі жылдардағы мүшәйралардың қасиеті қалмай барады. Ашық өтсін, жабық өтсін мүшәйраның бас жүлдесі о бастан шешіліп қойылатын болған, өлең шын мәнісінде өз бағасын алмайды, «әділ қазылар» көрнеу қиянат жасайды. Анығында екінші, үшінші, тіпті ынталандыру сыйлығы дегендер «әділеттілеу» бағаланады-ау деп ойлаймын. Бас жүлде мен бірінші орын ақындардың атағына, сақалына, жеріне, руына қарап берілетінін көріп жүрміз. Соны жасап жүргендер әдебиетте әжептәуір орны бар кісілер. Содан кейін өлеңде не құн, ақында не қадір қалады?!
– Қазір «Жұлдыз» журналында қызметтесіз ғой. Демек, қазіргі әдебиетке келіп жатқан жастарды бақылап отырасыздар. Ақын ретінде қазіргі жастар поэзиясының бір артықшылығы мен бір кемшілігін айтып беріңізші?
– «Жұлдыз» журналында поэзия бөліміне жауаптымын. Журнал бетінен жас ақындарға жиі орын береміз, «Шабыт» деген айдарымыз бар. Кеңес заманындағыдай цензура болмаған соң, менің ұстанымым – кез-келген ақын өз үнін жеткізіп, өз стилін көрсетуге хақылы. Дегенмен шектен шығаруға да болмайды, өйткені «Жұлдыз» әдебиеттің айналасында жүргендер мен әдебиеттің есігін қаға бастағандарға оқу құралы, ұстаз бола білгені дұрыс деп ойлаймын. Тоқсан бес жылдық тарихы бар журналдың бағытын, мақсатын кешегі ағаларымыз дұрыстап кеткен, оны басқа арнаға бұру қиянат. Кезінде «Жұлдызға» бір өлеңі шыққан ақынның өзі «жұлдызға» айналып кететін еді... Осыдан-ақ журналдық өресін байқарсыз, «Жыланды үш кессең де кесірткелік» деген нақыл бар.
Біз конгреске барғанда Гобиде «Ай астындағы поэзия» тақырыбы аясында түнде далада өлең оқыдық. Ішімізден бір жасамыс ақын әйел өлең оқитын болды, өлеңінің аты – « Жел туралы жыр». Сахнадағы экранда бейнебаян көрсетілді: теңіздің жағасы, толқындар, баяу ескен самал, әлгі ақын әйелдің ақ көйлек киіп билеп жүрген бейнесі... Кенет тура сондай ақ көйлек киген ару билеп шықты, есебі ана ақынның жас дәуренін елестеткені. Содан самал үдеп, қатты соққан желге ұласты, теңіз шапшып толқыды, су тамшылары аспанға атылды, алай-дүлей табиғаттың сұрапыл шайқасы басталды, жас ару мен қарт әйелдің жан дүниесінің айқасына куә болдық. Жас ару ғайып болды, тыныштық орнады, жағада құлазып ақын апа қалды. Ақын апамыз бір сөз айтқан жоқ, аппаратураның қасында бізбен бірге бейнебаянды тамашалап тұрды. Өлең аяқталды. Өлеңі осы екен! Ал енді бұған не дейсіз?! Егер ендігінің өлеңі осылай болатын болса қиналып 10 өлең жазғанша 10 бейнебаян көрсеткен әлдеқайда жеңіл емес пе! Тағы бір мысал. Қытайдың бір ақыны «Үрей» деген өлең оқыды. Мағынасы мынау: жасыл жайлауда бір қой зытып келеді, қойдың көзінен мен қасқырды көрдім, үрейді көрдім, ажалды көрдім, өзімді көрдім, өзімнің қорқынышымды көрдім. Қоралы қойдан, яки қотаннан жырылып қалып қоятын ақсақ-тоқсақ, індеті бар, арық-тұрақ, көтеремі болмаса, қасқырға жеткізбейтін қандай қой ол?! «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегендейін анау ақын өмірді білмеген соң өз қиялына ерік беріп, образ сомдап жатқандағысы. Ал өлеңінде іліп алатын бір ұйқас жоқ. Міне, керек болса!
Жастардың жаңашылдығы басым, форма ізденгіш. Кемшілігіне келсек – тіл білмейді, қазақтың балталасаң ажырамайтын тұрақты сөз тіркестерін бұзып қолданады, сөздің тура мағынасын бұрмалайды. Мәселен, «Түйенің құлағына домбыра шерткендей» дегендегі түйенің орнына есекті, жылқыны, қойды, ешкіні қосып шати береді. «Айды үйіме қонаққа шақырдым», «Қара жартастай кірпігіңе сүйеніп тұрдым», «Быт-шыт болған бөтелкедей аспандағы жұлдыздар», «Бұлақтардың бұрымы су-су болып...» дей ме, адам түсінбейтін бірдеңелерді айтады. Онымен қоймай «біз әлем әдебиетін жасап жатырмыз, біздің өлеңді кейінгі ұрпақ түсінеді» дейтіндерін қайтейін! Бүгінгі білімді ұрпақ түсінбеген өлеңсымағыңды ертеңгі миғұла ұрпақ түсінеді дегенге кім сенеді, «Әлем әдебиеті» дегеніміздің түрі осы болса, бұндай әдебиет кімге дәрі?! Ұйқасы жоқ ақ өлең көп. Өлеңнің қарасөзден айырмасы да осы ұйқасында жатқан жоқ па?! Өз басым қазақ ақыны қара өлеңнен ажырамаса екен деп тілеймін.
КӨКІРЕК КӨЗІМ ӘЛІ ТОЛЫҚ АШЫЛМАСА КЕРЕК, АБАЙДЫ ӘЛІ ТҮСІНЕ АЛМАЙ ЖҮРМІН
– Өзіңіздің шығармашылығыңызға да әңгімеміздің ауанын бұра отырсақ. Жуықта «Қазақ әдебиетінде» бір топтама өлеңдеріңіз жарық көріпті. «Шешуі жоқ жұмбақ» деген өлеңіңіз бүгінгі қоғамның айнасы сияқты көрінді...
– Бүгінгі таңда телевизордан, газеттен, әлеуметтік желіден тек қана қылмысты – ұрлау, тонау, өртеу, өлтіру, зорлау секілді жамандықты көретін болдық. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамның сиқы осы! Аңғара білген ақынға осының бәрі өлең. Мысалға деп айтайын, Алматыдағы Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішті білесіз. Ескерткіште «Желтоқсан. 1986» деген жазу бар, ербиіп билеп тұрған бір әйелдің бейнесі қашалған. Түріне, көйлегіне қарасаң сыған ба, тәжік пе, бір қатын. Сонда бұл ескерткіштен не түсінесіз?! Ескерткіш белгісіз әйелдерге арналған секілді, жазуы бойынша бұл қатынның туған немесе өлген жылы деп кейінгілер түсіне жатар, ал әйелдің түріне қарап желтоқсан құрбандарының аянышты тағдырын елестете алмайсыз. Осыны өлеңге айналдырдым. Тағы бір мысал: бір жылы Бетпақты мекендеген жетпіс мың (!) киік белгісіз себеппен қырылып қалды. Оған қайғырған үкімет болған жоқ, билік басындағыларға шыбын шаққандай әсері болса ғой, болмады! Бұл да өлеңіме өзек болды. Ал енді сіз айтқан «Шешуі жоқ жұмбақ» деген өлең де сондай тағдырды өзек етеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас арудың өзін көпірден лақтырғаны туралы телевизор жарыса хабарлап жатыр. Бұл деген сұмдық қой! Бұның бәрі – біздің қоғамның шешуі жоқ жұмбағы. Ақын болған кісі осындай тағдырларды көре білуі, жан жарасын сезе білуі керек деген ойдамын.
– Мұқағали «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» -деген екен. Сіздің өлеңдеріңізден соңғысының лебін көбірек сезінеміз. Парасатты поэзияға уақыт әкеле ме, ішкі кемелділік әкеле ме?
– Жас кезде «күйдім, сүйдім» деп жалындаған өлең жазасың, «Жастық пен жындылық қатар жүреді» дегендей өмірдің заңы солай. Дегенмен Төлеген сияқты отызына жетпей кеткен ақындар жалыны бар парасатты поэзия жазып кеткенін екінің бірі біледі. Қазір отызды да, қырықты да жас санаймыз. Олай есептесек, кешегі Мағжандар, Қасымдар, Мұқағалилар түгел жас саналар еді, түгел қырықтың қырқасынан аспай кетті олар. Сол кісілердің бәрі парасатты поэзия жасап кетті. Ал жас келе ақын ойлы, салмақты өлеңге ойысады. Мұнымен жалының сөніп қалды дегендік емес, өлеңді кім қалай жазады, жеткізіп, түгесіліп қалай айта біледі әңгіме сонда жатыр. Бір ақиқаты – өмірден ерте аттанған ақындардың бәрі жалындап жанып, ақтық демін сарқып, өртеніп-күйіп кетеді. Бойларындағы талантын, махаббатын, тіпті тілінің мәйегіне дейін өлеңнің бойына сіңіріп, сол жолда жанпида болатынын қайтерсің! Ал жанбаған шала бықсып ұзақ жатады.
– Аға, қазақ әдебиеті үлкен бәйтерек десек, шетелдегі қазақ әдебиеті соның бір тамыры іспеттес қой. Арғы беттегі әдебиеттің хал-ахуалы, дамуы қалай?
– «Арғы бет» деп Қытайдағы қазақтардың әдебиетін меңзеп отырғаныңыз болар. Қытай қазақтарына кешегі күні ұлы Абай, Мұхтар, Сәбит, Ғабиттер үлкен мектеп болды. Қазақ әдебиетінің алтын арқауы үзілген жоқ. Сол жолда талантты ақын-жазушылардың бір шоғыры топтан озып, өз еліне танымал болды. Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Мағаз Разданұлы, Жақсылық Сәмитұлы, Жұмабай Біләлұлы, Задахан Мыңбаев, Әкбар Мәжитұлы қатарлы алдыңғы буындардың ізін баса, құйрық тістестіре өрен жүйріктер бәйгеге қосылды. «Қайсысыңды мақтайын, екеуің де ақсұңқар» демекші, бәрін атап өту мүмкін емес. Әдебиет жасалып жатыр, алдыңғы буынға біздің ұлыларымыздың ұстаз болғанын айттым, ал кейінгілер Қытай қаламгерлерін, қытай тілі арқылы әлем әдебиетінің классиктерін үлгі тұтады. Былай айтқанда, қазіргілер жалпы қазақ әдебиетінен де, әлем әдебиетінен де хабардар. Сонау тоқсаныншы жылдың басында мен "Сүмбіле" деген кітап құрастырып, ол кітап арғы беттегі "Іле халық баспасынан" үш рет басылып шықты.Қазақстандағы көзі тірі белгілі үлкен-кіші жиырма ақынның өлеңі топтастырылған сол кітап жастарға оқулық болды. «Адасып» жүргеннің көбі «Сүмбіледен» соң бағытын түзеп, жөнге түсті. Енді тұжырып айтсам, прозадан гөрі поэзия дамып келеді. Жалпы алғанда қытайдағы қазақ әдебиеті шығыстық үлгіден ұзай қойған жоқ, заман ағымына қарай поэзияны биікке көтереміз деп «қуып» жүргендер де аз емес, әр ортаның өз «қуғынбайлары» болатыны рас қой, десе де таза, мөлдір жырларымен ақындықтың шыңына өрмелеп шыққан қыз-жігіттер аз емес.
– Жалпы, қандастардың әдебиеті жайлы нақты зерттеулер, еңбектер бар ма? Қазақстан мен өзге елдердегі қазақ қаламгерлері арасында байланыс қандай?
– Қандастарымыздың әдебиетін жүйелі зерттеп, баспадан шығарып жүрген әдебиеттанушы-ғалымдарымыз баршылық. Осыған дейін Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген көлемді еңбекті баспадан шығарды. Зұфар Сейітжанұлы, Қабидаш Қалиасқарұлы, Темірхан Тебегенов, Дүкен Мәсімханұлы секілді азаматтар Қытайда, Моңғолияда және өзге елде тұратын қандастарымыздың әдебиеті, өнері туралы қомақты еңбектер жазды. Аты аталмаған өзге де ізденушілер шама-шарқынша еңбек етіп келеді. Жоғарғы оқу орнында арнайы пән ретінде қарастырылмаса да, жалпылама мағлұмат берілетіні жазылып жүр. Қазақстаннан тысқары елдегі қаламгерлермен байланыс мәселесіне келсек, тәуелсіздік алғалы бері өзара барыс-келіс нығайды. Өзгесін айтпағанда біздің Жазушылар одағы тарапынан бірқанша кітап шығып, тұсауы кесілді. Оған қаншама қандас қаламгерлеріміз қатысты. Өзге елде қазақ тілінде шығатын әдеби басылымдарда біздің қаламгерлердің шығармалары, керісінше бізде қандастарымыздың шығармалары жарияланып тұрады. Өзбекстандағы, Қытайдағы, Моңғолиядағы қандас ақындардың жеке кітаптан бөлек, топтама жинақтары шықты. "Жыр маржаны" секілді антологияға еніп жатыр, шығармалары оқулыққа кіргендері де бар. Тарихи Отанына оралған қаншама қаламгерлер сүбелі еңбектер ұсынды. Солардың бір шоғыры бұл күндері қазақ әдебиетінің белді өкіліне айналды. Сондықтан «арғы бет, бергі бет» дегенді қою керек. Шеттегі қазақ әдебиетінің қарашаңырақтағы қазақ әдебиетінен еш айырмасы жоқ, сол қазақтың бай тілі, қазақ өмірі, бәрімізге ортақ тағдыр көркем шығарманың өзегі.
– Қазір кімдерді оқып жүрсіз?
– Біздің өскен ортамыз басқа болды. Кезінде «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Шалқар», «Ара» дейтін басылымдар ілуде бір қолға тигенде үтір-төшкісіне дейін қалдырмай оқитын едік. Ол заманда көркем шығармалар қолға түсе бермейтін. Сол үшін өз басым Әуезовті, Аймауытовты, Майлинді, бертінгі Оралханды, Сайынды, Қалиханды, Қадыр, Тұманбай, Фаризаны... көзі тірі кллассик Қабдешті ту басынан бастап оқып шықтым. Ал, ұлы Абайды әліге дейін түсіне алмай келемін, соған қарағанда көкірек көзім әлі толық ашылмаса керек. Қолыма не түссе соны оқимын: ол қарасөз немесе өлең болсын, тарих немесе шежіре болсын, энциклопедия немесе түсіндірме сөздігі болсын, балаларға арналған жаңылтпаш болса да... ішінен керекке жарайтын бірдеме тапсам қатты қуанамын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.