Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ғалымбек Елубай прозасындағы көркем детальдар...

11.06.2024 557

Ғалымбек Елубай прозасындағы көркем детальдар 12+

Ғалымбек Елубай прозасындағы көркем детальдар - adebiportal.kz

Ғалымбек Елубайдың «Бір реткі өлім жазасы» әңгімесі былай басталады: «Қамыстан тоқылған төбедегі қарағай бөренелерге іле салған тор көз шырақ сығырайып барып сөніп қалды. Шам жағуға ұмтыла берген ағамды Алдияр етегінен тартты...». 

Бұл үзіндінің символдық қабатын ашу үшін кейіпкерлердің психологиялық күйін талдаудан бастаған жөн. Қысқа әңгіменің негізгі үш кейіпкері бар. Олар: сюжет бойын түзетін қонақ Алдияр, сол Алдиярмен әңгімелесуші – автор мен оның ағасы. Шығарма нарраторлық ұстаныммен жазылған. Үшеудің арасындағы әңгіме-сұхбат жалғыз бөлмеде өрбиді. 

Жоғарыдағы мәтінге зер салсаңыз, Алдияр шам жағуды қаламайды. Өйткені қараңғылық, күңгірт түс – көңілді тыныштандырады. Ал жарық жанса, жан-дүниесінің жарасы аршылардай, біреу сырын біліп қоярдай сезім. Былайша айтқанда, Алдияр – жарықтан қашқан жарқанат. 

«Шам жағуға ұмтыла берген ағамды Алдияр етегінен тартты» деген сөйлемді қосу арқылы автор алдағы оқиғаны меңзеп тұр, қандай да бір кінәраттың, күнәнің «шымылдығын» түріп тұр. Содан болса керек, Алдиярдың ауызынан «Керегі не оның?!» деген тосын сөздің шыққаны – кейіпкердің психологиялық дірілін ашық параққа айқара ашады. 

Осыдан кейін автор бөлменің кеңістігі мен уақытын бейнелеу үшін түрлі көркем детальдарға тоқталады да, әрқайсының өзіндік ерекшелігін, оның оқиғаға қатысын символдық тұрғыда сипаттайды:

«Терезеден тамыздың тоңғақ айының көгілдір сәулесі дірдектеп төгіліп тұр. Жаздық үйдің ортасын ала сирағы едендегі топыраққа сіңіп кеткен аласа үстел. Үстел бетінде орта табақ қуырдақтың тоңазыған майына дейін жылтырап анық көрінеді. Терезе сыртындағы сәмбі талдың сан өрім саусақтары төрдегі қабырғаны сызғылап ойнап тұр».

Бұл эпизодта негізгі әрі атмосфераны құрушы деталь – терезе. Осы детальға қызмет етіп тұрған, мәтінтүзуге атсалысып тұрған көркем элементтер: ала сирақты үстел, табақ қуырдақ, сәмбі тал.

1) үстел – жиынтық бейне. Жай үстел емес, ала сирағы еденге сіңіп кеткен үстел. 

2) орта табақ қуырдақ – кеңістіктің иісімен қатар, ұзақ тұрып қалған тыныштықтың, үнсіздіктің символы. Суреткердің натюрморт стиліндегі картинасы секілді кескін.

3) сәмбі тал – тереземен байланысқа түскен пейзаждық деталь. 

Мұнымен қоса, мәтіннің тақырыбын ашатын соңғы сөйлемді де естен шығармағанымыз дұрыс. Қабырғада талдың биі «ойнайды». Көкірекке аздап қорқыныш ұялататын суретке сенбеске амал жоқ, сезінбеске шара жоқ. Автор оқырманды өзінің жапандағы «жалғыз үйіне» әкетіп бара жатқандай. Барлық тылсым әрекеттер сонда орындалатындай. Сәмбі тал терезені «сызғылайды». Бұл – мифтік образ, мифтік таным. Сыртқы өмір мен ішкі өмірді байланыстырушы затты айшықтайтын да осы етістік. Жалмауыз кемпір немесе пері қыз арса-арса тырнағымен жер-дүниені осқылап, осы әлемге аяқ-асты келгендей әсер береді. Автордың атмосфераны ұсыну әдісі осылай сюрреалистік сахнамен ерекшеленеді. 

Ақын М.Шаймаран Ғ.Елубайдың «Жүз жетінші көктем» кітабының алғысөзінде: «Десе де, гватемалық жазушыда мифтік реңі қанық та, Ғалымбек мифтік деталдарды әңгіменің астары мен магиясы үшін қосатын тәрізді. Ғалымбек қарапайым адамдардың бастан кешкен қилы өмірін жазу арқылы тұтас бір дәуірдің шынайы бейнесін оқырмандарына сәтті көрсете алған» деп қаламгердің жазу мәнеріне баға береді. Қалай десек те, біз суреткердің жалғыз бөлмедегі элементтеріне иланамыз, оқиғаға еріксіз, көзсіз кіріп кеткенімізді байқамаймыз.

Есіңізде болса, М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесін де  детальдар – алдағы болатын сұмдықтың алғашқы бастаулары еді. Оқырманды жетектеп кететін маңызды затты үзіктер болатын. Ендеше, қылмыс – бірден жасалмайды, оған иектеуші – көріністі дәл әрі анық беретін объектілер болады. 

«...Үйдің ішін арақтың қышқылтым исі мен темекінің қошқыл түтіні кернеп кеткен. Ағам терезені ашты».

Үстел, табақ, тал – бәрі де бейнені түзуші элементтер болса, темекі мен арақ – бейнені қоюлатушы, конфликтіге итермелеуші детальдар. «Қышқымтым» мен «қошқыл» деген екі эпитет арақ пен темекіге ғана сипат беріп тұрған жоқ, ол жалпы әңгіме-шығармаға әсер беріп тұр. Осы тұста мәтіннен қалалық прозаның ауаны байқалады. Балконда тұрып, ойға шомып, тірлік жайлы ой санасы таласқа түскен әлдебір жігіттің күйі немесе кешкі іңірде кофемен бірге сұхбатты қыздырмалап отырған екеудің екеуара лепесі көз алдына елестейді. Басқаша айтқанда, Еуропаның модерндік образдарына жақын сезім, «ауылы» көршілес ахуал. 

Көркемдеуіш детальдарды топтастырып болғаннан кейін автор ішінара тартысқа, үшеудің сұхбатына келеді. Бұл диалогта автор мен оның ағасы – тыңдаушы, ал Алдияр өткен өмірін баяндаушы басты кейіпкер. Диалог былайша өрбиді:

- Сендер мені түсінбейсіңдер!

- Мен түсінем!

- Түп, мә! Түсінесің!

- Қит етсе болды қолыңды саптап шыға келетінің жаман!

Осының жалғасындағы диалогте Алдияр қаладағы жайлы жұмысын тастап, шекаралық өңірге тентіреп келгенін, тау-тасты кезіп, қашқан-пысқан қылмыскерлермен, алтын шайқаған кезбелерді қуып титықтап жүргенін айтады. 

Осы күйіктің барлығын Алдияр алдындағы екі тыңдаушыға сұрақ ретінде қояды. Неліктен осы күйге түсіп кеткенін өзінен емес, өзгелерден сұрау салады. Шын мәнінде, Алдияр сұхбаттасушы адамдарға емес, қоғамға, шындығы удай ащы өмірге қойған жауапсыз сауалдары еді. Тұрмыс илеуінен бөлек, тәнін емес, жанын тыншытпайтын, жүрегін жиі соқтыратын бір уайым бар, бөлек үрей бар. Енді сол жұмбақтың ашылар кезі келді, ақтарылар сәті туды. Бүгін болмаса, ол сыр ешқашан ашылмайды. Тағдыр кесімі сол. 

«Меннен» өрбіген буырқанған өкініш «оларды» ұмытқан. Алдиярдың ішкі эгосы өзгеден басқа біреудің қырт әңгімесін көтермейді. Бәрі жат, бәрі жалған. Бұл кеңістіктегі жағдай «Алдияр-сөз-Алдияр» бірлігімен үздіксіз айнала береді. Оған тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Сөйтеді де, Алдияр шындығын ашады: 

«...Мен бұл жаққа жан азабымнан арылу үшін ғана келдім».

Жан азабы – «ар бодауы», ішін өртеген өкініштің ыстық шоғы. Қылмысты жасаған адамның бірер уақыттан кейін өзі тергеушілерге келіп берілетіні, ұйқысыз түндері осы концепцияға енеді. Өйткені адам барда, ар бар, ар болған жерде ешқашан тыныштық орнамаған. М.Мақатаев «Моцарт. Жан азабы» реквиемін жаны музыкамен бірге ырғалғандықтан, бейдауа өмірден баз кешкендіктен жазды. Уақыт өткен сайын санадағы уайым ұлғая береді. Елестер керуені еміс-еміс емес, ұлғайып, тұтас панорама түзеді.

Алдияр – күрделі психологиялық тұлға. Жеке индивид ретінде массаға қарсы тұрған кейіпкер. Тіпті, өздігінен жүрген, еш қатысы жоқ мысыққа да риза емес. Мысық құлап бара жатып мұның қолын қанатып үлгереді. 

Осылайша, мысық – ішкі позицияны айқындайтын тағы бір деталь болып отыр. Алдиярдың мысыққа қарсы шығуы, жан мен арға қарсы шығудың алғышарты, алғашқы бастауы. 

«Алдияр қаруын үстел үстіне қойды да қорсылдап жылай бастады.

- Сол қарғыс атқыр күні мынау жабайы мысық секілді қарсыласып, бетімді тырнап алғаныңда, болмаса жол бойы кінәсіздігіңді айтып ақталып отырғаныңда ғой. Мұндай азап шекпес пе едім...

- Не айтып кеттің тәйірі! Шамасы жатып тынығып алғанымыз жөн шығар. Әңгіменің де берекесі кетті....

- Айтшы сен, өлімге кесілген адамдарды өміріңде бір рет болсын көрген бе едің?»

Толысып барып толғану, кемерінен асқан эмоция, жанартаудай жарылған жүрек – кейіпкердің осы сөзінен аңғарылады. «Мысық секілді тырнап алуың керек еді, қарсыласуың керек еді» деп кімді меңзеп отыр, кімді айтып отыр? Әзірге белгісіз. Бірақ бір ұшқын ой сезіледі. Сыртқы дауыс: «Болды, осымен доғарайық» десе де, ішкі дауыс: «жоқ, айтылу керек» деген екіге жарылыс. Постмодерндік иірім. Ар азабы қинағаннан кейін Алдияр оны біреуге айтып, ішкі шерін тарқатқысы келеді, сәл болсын жеңілдегісі келеді.

«Иә, өлімді көргенмін» деген сыңай танытады біреуі. Мектеп кезінде қалалық соттың алдында жеті адамның үкімін оқыған. Оқыған да, тау жаққа апарып атып тастаған. Дегенмен, кейбіреуінің көзінен өкініш сезілмеген. Керісінше, көрермен ретінде қатысқан қыз-қырқынға қырындай кеткендері де болған дейді. 

Көз де – шығарманы ширықтырар, шарықтау шегіне жеткізер элемент. Әдебиетті жасаушы үшін кінәлінің әрбір қимылы, әрбір бөлшегінің қозғалысы маңызды. Шындығы қайсы, өтірігі қайда? Алданышы мен аянышы бар ма? Неге өкінбейді? Сонда бұл жалғанды еш қиындықсыз қия салғаны ма? Автор осындай бір қорғасындай ауыр сұрақтарды оқырман санасына құя салады. Ендігі кезекте өзің тауып, өзің азап шегу керексің. Бірақ бәрі бірдей емес. 

Қылмыскердің өкініші жоқ, бірақ оның қылмысын айшықтап, оны атушының өкініші орасан. Бәрінен жасырсаң да, қылмысты көзден жасыруға болмайды.

- «Иә, Ал менің атқан адамым оларға мүлдем ұқсамайды».

Алдиярдың бұл сөзін естіген екі кейіпкер де аң-таң болады. Мәселе былай болған: Қытайдың жаңа жыл мерекесі шаған кезінде Ішкі күштер бөлімінің басшысы Алдиярға өлім жазасын кесу керектігін, оны міндетті түрде атқару қажеттігін, тиісті адамдар уақытша жоқ екенін айтады. Сөйтіп, бастығының бұйрығына амалсыздан көнген ол үш аяқты мотоцикілге шашын сан бұрымдап өрген он сегіз жасар қызды мінгізіп, атылар жерге кетіп бара жатады. Қыздың көзіне жаутаңдап қайта-қайта қарайды. Қызда өкініш жоқ. Еті өлгендей меңіреу. Үстінде қызғылт тұтқын киімі бар. Арудың алай-дүлей тағдырымен үйлескендей даланың да аязы сырқырап, бораны гуілдеп тұр. Үкім шығаруға кетіп бара жатқан адамның осыншалық суық болатынын Алдияр бұрын көрмеген. 

Алдияр әлгі қызға аяныш білідіріп, «мылтықты шашыңа үйкеп отыр» дейді. Анау оған құлақ та аспайды, назар да аудармайды. Ал оның сыры – мылтықты шашына үйкеп отырса, оқ жеңіл өтетін көрінеді. Жаны қиналмай шығады. Тек қана көзі көкжиекке сіңіп, «ажалын» мәпелеп отыр. 

Сонымен, оқиғаның шиелінісі былайша өрбиді: 

«Топ ішінен өң әлпеті қызға ұқсаңқырап қалатын жасамыс әйел шығып, қыздың аузына бір үзім нан салды. Қыз оның бетіне назар аударып қараған да жоқ».

Әйел де, ол ұсынған нан да маңызды элемент. Бұл – кейінгі оқиғаны жалғастырушы деталь, оқиғаны шиеленістіруші фактор. 

Ақыры... үкім орындалды. Алдияр қызды атты. «Қыз алдыға ұмсынып барып, құлап түсті». Шауып бара жатып сүрінген Құлагердің тағдырындай сурет. Бірақ қыз соған дайын болды. Шімірікпеді. Сұмдығы сол, әлгі нан ұсынған жасамыс әйел қыздың анасы болып шығады. Көкірегі кепкен, еті өлген, тас жүрек ананың ісі – естіген кісінің есін шығарады. «Бұл қалай?» деген бейтарап, таңғалыс үн шығады көкейден. Қыздың қылмысы үкім орындалғаннан кейін әшкере болады. Сөйтсе, қыз өзінің өгей әкесін тігін қайшысымен жапырақтап турап тастаған. 

Өлім кезіндегі қорқыныш, үрей философиясы менмұндалайды. Сонда қылмыскер кім? Жазаны орындаушы ма, жазаға тапсырыс беруші ме, қыз ба, әлде қыздың өлімінен сескенбеген анасы ма? Өгей әкесі ме? Әлде соның барлығын көре тұра үндемеген қоғам ба? Беймәлім... Ал қылмыскердің қолындағы қуыршақ кім?

«Осы кезде жарық етіп шырақ жанды. Алдияр отырған орнынан домалап түсіп, қор ете қалды.

«е, қолыңды жазықсыз қанға малған біреу екенсің ғой» - деп күбірлеген ағам оны сүйемелдеп жатар орынға жайғастырды».

Автор осы эпизодты ұсынады да, әуелгі суреттеуге қайта оралады: 

«Терезе алдындағы сәмбі талдың сан өрім бұтағы желмен желігіп кеткендей. Терезені осқылап тұр». 

Финал. Шығарманың фабуласы осымен тәмам. Адами мораль үшін жанталасып, әрбір кейіпкердің іс-әрекетін ақтап шығуға болады. Бірақ олай істесек, шығарманың табиғи қалпын бұзып аламыз. Шынтуайтына келгенде, көркем мәтін де өмір секілді шынайы болуы керек. Сонда ғана сендіре алады, иландырады.

Жинақтай келе, еске түсіріп көрсек, шығармаға сәмбі тал, үстел, терезе, мысық, оқ, мылтық, бір үзім нан, шырақ және т.б. көркем детальдар қатысты. Бәрі де сюжеттік желінің жеке-жеке жалғаушылары. Тіпті, бір-бірімен ыммен «сөйлесіп» тұрған тірі организм деуге болады. Олардың міндеті – қылмыскердің кім екенін табуға жол ашу, емеурін білдіру.

Ғ.Елубайдың шеберлігі – қысқа әңгімеге көп мағына сыйғызуында. Бұл да – көп елене бермейтін шеберлік. Дидар Амантай «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы: атмосфера және стиль» мақаласында: «...Бұл модернистік әдебиетпен ұштасып жатыр: сөз қуалау азайып, уақиғаны көбейту қажет. Форманың мұраты – нығыздық. Классикалық проза – ықшамдалған әрі нығыздалған проза. Табиғатта ештеңесіз жай-күй болмайды, сондықтан қалыптың, түзіктің ішінде бос орын жоқ», - дейді. Біз қарастырып отырған көркем мәтінде бұл идея там-тұмдап көрінеді.

Жалпы, Ғ.Елубайдың әңгімелерін, шығармашылық шеберханасын, прозасын, жазу мәнерін, стилін біршама классикалық жазушыларға теңеуге болады. Дегенмен, бұл әрекеттердің барлығы да «құрдымға» кетеді. Қаһармандары Чеховтың кейіпкерлеріне ұқсайды десек, обалға қаламыз, өйткені Ғ.Елубайдың шығармашылық кеңістігінде сарказмнан гөрі сын басым, ащы мысқылдан гөрі мұң басым. Достоевскийге ұқсатсақ, тағы да қапы қаламыз. Өйткені Ғ.Елубайдың формалық ізденісі мен кейіпкерлерінің характерінен Алтайлық сарын есіп тұрады. М.Әуезовке де теңестіре алмаймыз. Себебі Әуезовте қою тіл бар. Қоңыр бояу көп. Ал Ғалағаң ондайдан аулақ, ұзақ суреттеуден гөрі оқиғаға бірден кіріседі. 

Осылайша, Ғ.Елубайдың стилін ешкімге ұқсата алмай, тек өзіне ғана тән қалам сөзін аңғардық.   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар