Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Ғалымбек Жұматов. Ызғарлы күз (драма)...

01.10.2018 6943

Ғалымбек Жұматов. Ызғарлы күз (драма) 12+

Ғалымбек Жұматов. Ызғарлы күз (драма) - adebiportal.kz

Ғалымбек Жұматов - 1952 жылы 15-қазанда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, «Үлгілі» ұжымшарында туған. 1979 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірді. Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде қызмет еткен. 1991-1995 жылдары республикалық «Халық кеңесі» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі болды.

Алғашқы әңгімелері 1980 жылы «Арман қанатында» жинағында жарық көрген. 1984 жылы «Трактор қалай жасалады?» деген кітапшасы шықты. «Жалғас – жауынгердің баласы», «Кең аулалы үйденбіз» повестері 1992 жылы жинақ болып шықты. Балаларға арналған «Біз – 42 әріппіз» (2003) және «Жеңіс жалауын желбіреткен» (2005) жыр жинақтары жарық көрді. 2006 жылы «Ана өсиеті» эссе кітабы, «Сағыныш сазы» атты жыр жинағы, 2007 жылы «Кемелді елдің Кемері» атты деректі повесі, 2008 жылы «Мәшһүр тағлымы» публицистикалық кітабы, «Сары белең» повестер мен әңгімелер жинағы шықты.

1986 жылы «Ала көжек» повесі «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде үшінші сыйлыққа ие болды. 2003 жылы «Қазақстан – қара шаңырағым» атты республикалық мүшәйраның бірінші жүлдесін жеңіп алды.

Ызғарлы күз (Қайсар)

( драма)

Алаш қозғалысы бастаған ел азаттығы үшін күрес жолында жастығын құрбан еткен 16 жастағы қайраткер Перуаш Кәрімов бейнесі. Автор Ғ.Жұматов 2014 жылы Алаштың қайсар ұлы жайлы поэмасы үшін М.Шоқай сыйлығымен марапатталды. Драмада ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ еліндегі қуғын-сүргін оқиғасы.

Кейіпкерлері:

1. Қайсар-Алаш қозғалысының сарбазы- 16-17 жаста

2.Поляков-түрме коменданты-48 жаста

3.Полковник Баранов-өлкелік комиссариат басшысы- 49-50 жаста

4.Қаныбек-түрме күзетшісі – 56 жас шамасында

5.Сығыр-тыңшы- 41-43 жаста

6.Ғалия- әйелдер түрмесінде тергеушісі-38 жас шамасында

7.Маймақ- жаза мерзімін өтеуші -31 жаста

8.Қасқырбаев- тергеуші -43-45 жаста

9.Беркетов-НКВД офицері-40-42 жаста

10.Кәрім-Қайсардың әкесі-60 жас шамасында

11.Ерке-Қайсардың жары – 16-17 жаста

12.Күзетшілер,түрмедегілер, ауылдастар

Бірінші көрініс

Түрме іші. Темір торлы кішкене дәліздің арғы жағынан камералардың есіктері көрінеді. Ол жақтағы жарық көмескі. Бергі беттегі дәлізде күзетші-Қаныбек. Белінде салдыр-гүлдір кілттері. Маузер – қаруының бос кабурасын белдігіне өткізіп бүйіріне қарай ысырып қойған. Екі қолын артқа ұстап әрі-бері жүр. Арғы жақтан Қайсардың саңқылдаған дауысы естіледі:

Мысалы, қазақ малшы ұйықтап жатқан,

Жыланды бәле дедік аңдып баққан.

Бәленің түрін көрген мен сары маса

Қазақты оянсын деп сөзбен шаққан,

Маймақтың дауысы. Кейістік, реніш танылады: Өй, бір ызыңдаған сары маса. Бір тыныштық бермедің ғой. Ұйықтасаңшы. Таңертең тас тасимыз. Сонда көрермін,сүрініп-қабынып жеткенде әу деуге шамаң келгенін.

Қайсар: Олар мені жұмыстың ауырлығымен жеңе алмайды. Сен одан да тыңда, жақсы өлеңдер! Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты!

Қаныбек: (Қатулы үнмен) Тыныш жатыңдар енді. Болмаса қазір комендантты шақырамын. Сонда көрермін сайрағандарыңды. Керзі етіктің тұмсығын жаларсыңдар. (Ортаға қарай өтіп, тоқталып) Әй, Қайсар-ай. Бейшара бала, бір тыныш жатқан кезі болсайшы. Күнде тепкілеудің астында. Денесінің сау тамтығы да қалмаған шығар. Өзінің де жаны сірі. Көкала қойдай болып, ісініп-қабынып жүріп дегенінен қайтпайды. Дәл бүгін камераға өліктей сүйреп алып барып тастағанда «әй тірі қалмас» деп ойлап едім. Енді міне, көрдің бе, тағы да сұңқылдап өлең оқып жатыр. Ақындардың бар дүниедегі өлеңін жаттап алған ба,өзі. Сары маса, сары маса...(Біраз ойланып тұрады) Бұл өлеңді естігеніме қанша уақыт. Ахмет Байтұрсынов деген дөйдің өлеңі дейді. Бүтіл қазақ алақанына салған адам болса мықты бір түрменің нашальнигі болып кетпей ме? Түрме басқарса мыңдаған адамды қойдай қайырып, қаздың балапанындай жусатады ғой. Сол Ахмет дегенін өзін ұлтшыл деп жандармдар талай жауапқа тартқан көрінеді. Өмір деген қызық. Ал мына Қайсар деген сойқанның пір тұтып жүрген Міржақып Дулатовы ше. Ақын дейді. Какой ақын? Өлеңін оқыған адам сотталады екен. Қалай еді...

Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,

Жер қалар, біз жиылып қала салсақ,

Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ-дейді екен арманшыл ақындарының бірі. Қиялшыл-ақ. Өздері қара су, қара нанға жарымай жүріп арманшыл-ақ. Қой бағып, құрт қайнатқан дала қазағына қайдағы еркіндік... (Осылай өзімен-өзі сөйлеп тұрып қасына келіп қалған түрме коменданты Поляковты байқамай қалады. Майор шенді, оқалы түйме ілген офицерді өмірінде жаңа ғана көргендей сасқалақтап...) Ой,тауариш началник. Я смирно! Я молчать!

Поляков: Молчать. Сені табан астында атып салсам сонда молчать боласың. Бәрін естідім. Өлең оқып, шабыттанып тұрсың. Байқаймын, алашординецтердің бар өлеңін жаттап алған секілдісің. Бүйрегің қайда бұратыны белгілі болды.

Қаныбек:(қалбалақтап) Какой бүйрек? Менікі старый бүйрек.

Поляков: Былдырақтама.Қазақша айтқанда сен де сау сиырдың жапасы болмадың. Степняктардың бәрі осындай. Сөз десе, өлең десе есі кетіп, ақылынан адасқанын білмей қалады. Міне, сатқындықтың басы қайда жатыр. Бәрің сатқындыққа дайын тұрасыңдар.

Қаныбек: О не дегеніңіз. Қайдағы сатқандық? Какой өлең? Какой жаттаған? Алаштың күшігі Қайсарды мазақтап айтып тұрғаным ғой. Оны өзім ана жаққа, (Қолын алысқа сілтеп) итжеккенге айдап апарып атып тастаймын. Аюлар жесін.

Поляков: Хватить болтать! Сен маған камерадан Маймақты шығарып әкел.

Қаныбек: Қарманникті ме? Қазір ол қуды көбелектей қуып...

Поляков: Доғар сөзді! Шақыр дегесін шақыр!

Қаныбек: Так тошно, Маймақты маймитам. Желкелеп тұрып алдыңызға алып келемін. (Бос кабураны бір қозғап, кілттерін салдырлатып асығыс шығып кетеді)

Поляков: Қызық. Еріксіз ойланасың. Қазақтың бәрі осындай тар шеке,айтқанды екі етпей орындайтын қойдан жуас момын болуы керек қой. Мына күзетшіге қазір шешеңді атып таста десем, сөзге келмей шүріппені шімірікпей басып салатынына сенем. Ескі-құсқы шинель кигізіп қойып, «Сен бастықсың» десең болды танауы делдиіп,көздері өгіздің көзіндей алайып шыға келеді. Өздері айтатын, «Шаш ал десе бас алатындар» осылар. Сондай тобырдың арасында кеңес үкіметіне қарсы пікір айтатындардың барлығына таң қаламын. Талай ғасыр бойы езгіде жатып, жаншылып біткен халықтың арасынан бас көтерер адам шығады деп кім ойлаған. Осының барлығына Романовтар әулеті кінәлі. Ресейді 300 жыл билеп тұрғанда бұл бұратана халықты түп-тамырымен жойып жіберуі керек еді. Кіммен шындап күресу қажеттігін білмеген ғой патшасымақтар. Не болды ақыры? Оқтябрь революциясы аяғымызды аспаннан келтірді. Жеңілдік. Патшасы жоқ, ақсүйегі жоқ елде жалған майор болып біз жүрміз. Мұжықтарды басқарып... Ойбай, не деп кеттім? Патша заманын аңсағандай не оттап тұрмын. Өз аузыма өзім ыстық темір бастырып алайын ба... (Біреу естіп қойды ма дегендей жан-жағына қарап.) Кеңес елі жасасын! Міне, Сталин, молодец. Ақсың, қызылсың. Мұжықсың, бұзықсың деп бөліп жатқан жоқ. Бәрінің мұрнынан тізіп мыңдап, миллиондап атып жатыр. Жаумен осылай күресу керек. (Маймақтың қолын артына ұстап, желкесінен қайта-қайта нұқып Қаныбек кіреді)

Қаныбек: Тауариш, нашалник, көрдіңіз ғой. Я его по желке, по желке.

Маймақ: Майор мырза,күзетшілер «по желке» деп орынсыз түйгіштеуін қойсын. Мен ерікті кеңес елінің азаматымын. Олар түйгіштейтіндей мен «халық жауы» емеспін. Мен кәсіпкер ұрымын. Біреулер секілді үкіметке қарсы сөз айтатын сауатсыз емеспін.

Поляков: Жулик- всегда жулик. Бидай бар жерде тышқан бар дегендей ақша пайда болғаннан бері қалтаға түсетін ұрылар да қара құрттай қаптағасыңдар-ау.

Маймақ: Тап солай, майор мырза. Қалта ұрылары талай ғасырлардан келе жатқан қадірлі кәсіп!

Поляков: Ой, шіркіннің сайрауын-ай. Қазіргі кеңес заманда сендей жылпос қылмыскерді «халық жауының» қатарына тізе салу бірді-бірге қосқаннан да оңай.

Маймақ: Заңнан аттамаңыз, майор мырза. Менде «қамауға ұрлық жасағаны үшін түсті» деген сот шешімі бар. Басқаша айып таға алмайсыз. Мен үкіметтің жауы емес, тұрмыстық қылмыскер болып ғана есептелемін. Сондықтан тиісті жазамды өтеймін де, сізден қорықпай-үрікпей-ақ трактирде бірге сыра ішуге шақыруға толық қақым бар.

Қаныбек: Сыра ішемін дейді. Парашада не тасып жүргеніңді ұмытқан екенсің...

Поляков: Шөлдеген екенсің. Парашаның суын ішкізіп шөліңді қандырайын ба? Жайына қарамай заңшылын. Бір жылыңды өтедің. Енді екі жылың бар.Тақтай нарға бүйріңді тескізбей тез шығамын деген ойың да бар шығар?

Маймақ: (Тамсанып) Орайы келсе ғой...

Қаныбек: Арманшылын...

Поляков: Күзетші, сен жағаласпа. Оған құпия айтар бір әңгіме бар. Жулик сені Сырғақов дегенмен байланыстыру керек болып тұр.

Маймақ: ( Қолын уқалап)Мен дайын.

Поляков:Лыпылдама. Қазақтарға сенсең, осы. Түрме күзетемін деп қаңғырып жүріп қазақтарға тап болғанымды қарашы. Дым білмеген болып,өте қу халық. Ой өте қу халық. Анау ауылда да бір иттің баласы нанымызды босқа жеп, бір іс тындыратын түрі жоқ. Міне, жарты жылға таяу уақыт болды. Бір ауылдан бір-ақ «халық жауы» ұсталды деген не сұмдық. «Халық жаулары» қойдай өріп жүрген заманда қазақтардың арасынан жау таппадым дегенге кім сенеді?

Қаныбек: Ондайларды былай наганмен маңдайынан көздеп атып тастау керек.(Бас кабурасын шошаңдатады)

Поляков: Е,қолына қару бітпеген сорлы.

Маймақ: Мен ата алам. Атқанда қандай. Міне былай:(Талтайып тұра қалып,тра-та-та-та! Тра-та-та-та-та деп есі шыға айқайлайды) Мәселен маған тапсырса бір вагон адамның қырғанын қырып,қалғанын тұтқындатар едім.

Поляков: Саған оңай екен ғой.Оңай болса, тапсырма беріп көрейік. Қанша адамды тізімдеп әкелеріңді...

Маймақ:(жылпаңдап) Тізімдеп емес-ау, қойдай көгендеп әкелемін. Мен турасын айтайын майор мырза, жау деп тізім жасау қиын емес қой. Шын тапсырма бергіңіз келсе, сомасын атаңыз. Пұл-ақша дегеннің жөні бөлек қой. Ақша қалтада болса бойға жылуы келеді.

Қаныбек: Ақша сұрайды. Бақыр тиын беріңіз, майор мырза, ойнап жүрісін.

Поляков: (Сызданып.) Сайрама! Мәселенің мәнісі мұрныңа бармай жатып мынауың жұмысыңа ақша сұрайды екен, ә.. Саудаласқың келген екен... «Адамның көзін жойса проблеманың көзі жойылады» деген Сталин. Сенімен саудаласпай-ақ көзіңді құртып жіберейін...

Маймақ: (Қалбалақтап қашуға тырысады) Жо-жоқ. Құдай сақтасын.

Поляков:(Айқайлап...) Әй, есуас, есіңді жи. Мен - атеистпін. Құдайың не? Сенің құдайың мен! Сенің жалбарынатының да, сақтайтының да, шуым тарқағанша таптайтының да мен. Сен хайуан, қай жерде тұрғаныңды ұмыттың-ау деймін? Қазір мен сені тәубеңе келтірейін! (Маймақтың кеңірдегіне жармасады)

Қаныбек: Майорға қарсы сөйлеуін қара, сүмелектің! (Жүгіріп келіп Маймақтың желкесінен түймек болады. Ашулы тұрған майор шынтағымен Қаныбекті кеудесінен итеріп қалады. Ол қалбалақтаған күйі шалқасынан құлайды. Майордың бір қолы Маймақтың кеңірдегінен босай қоймаған.)

Поляков: Жолама! Кет әрі, қаңғыған степняк. Мұны өзім-ақ өлтіремін. Қаным тасып тұрғанда мұны менің қолымнан ешкім де ала алмайды. Мұндайлардың талайының жанын жаһнамға жібергеннен бізге алғыстан басқа зиян жоқ.

Маймақ: Пол-пол-сов-в-в-ник мыр-са! (Даусы қырылдап, қылғына бастайды)

Поляков: Ә, бірдеңе дегің келіп тұр ма? Ысылдап, сөзден шатаса бастадың ғой. Майор мен полковникті де айыра алмай қалдың ғой, тіпті. Жаның тәтті екен. (Маймақтың кеңірдегін босатады)

Маймақ: Жан деген тәтті ғой,майор мырза. Сіздікі дұрыс. Сіздікі дұрыс, майор мырза.

Поляков: Не дұрыс?

Маймақ: «Халық жауларымен» бірлесе күресуіміз керек? Мен де кеңес үкіметінің адамымын ғой.

Поляков: Солай ма?

Маймақ: Солай, жолдас майор. Бәріне келісемін.

Поляков: (кекетіп) Қанша сұрайтыныңды ашық айт. Атқарған жұмысыңның бағасына да келісіп қалармыз. Саудаға сен мықтысың ғой.

Маймақ (Шошынып) Қайдағы ақша? Керегі жоқ. Тегін атқарамын ғой. Сіз үшін тегін атқарамын бар істі. Сіздің тапсырмаңызды мен кеңес үкіметі атынан берген бұйрық деп танимын ғой.

Поляков (Кекетіп) Солай ма? Бәсе, сауатың енді ашыла бастаған секілді.

Қаныбек:( Ол да кекесінмен) Аюға да намаз үйреткен таяқ.

Поляков: (қатқыл) Күзетші, жайыңа тұр! Қыстырылмайтын жерге қыстырылма дедім ғой саған.

Қаныбек: Тағы бір-екі рет төмпештеп алайыншы офицерге қарсы шыққанды... Қолым қышып тұр.

Поляков: Алды-артын ойламайтын сорлы. Маймақ жулик. Оның сыртқа шығуы оңай.. Зонадан тыс жерде кездессе сенің маңдайыңнан сипай ма, соны ойласаңшы дүлей.Сенің міндетің - күзет. Содан басқада не щаруаң бар.

Қаныбек: Так тошно. Маймақты сүйреп апарып қамап тастайын ба?

Поляков: Жоғал көзіме көрінбей! Косолпыйға айтарым бар. Сен жайыңа кет. (Қаныбек жүгіре басып шығып кетеді. Поляков Маймақты қолтығынан алып, ортаға қарай әкеледі) Анау Кәрімовты өлімші қылып сабап тастағанымызды көрдің ғой. Қайсар дей ме, басқа дей ме. Революционер поганый. Оның атылатындардың тізіміне енгеніне не заман. Сол Алаштың бөлтірігін бүгін-ақ атып тастасам ешкім қолымнан қақпайды. Бірақ жоғарыдан бұйрық бар. Ол қандай алашордашылармен байланысып жүр, достары кім, сыбайластары кім? Соны тездетіп анықтау керек. Шіркін-ай десеңші. Осы баланың соңынан тағы бір жиырма-отыз адамды тізімдеп,ату жазасына бұйыртып жіберсек міндеттемені артығымен орындар едік.

Маймақ:Ол қандай міндеттеме?

Поляков: Онда не шаруаң бар? Артық сұрақ қойма.

Маймақ: Құп болады! Дегенмен тапсырманы орындауға менің де септігім тисе дегенім ғой.

Поляков: ( Камера жақты саусағымен безеп) Анау 16 жасынан алашординец болып қаны бұзылғанның әйелі бар, баласы бар. Сырғақов сол әйелді тауып алып, әйелдің атынан хат ұйымдастырсын. «Осындай да осындай... «халық жаулары» менің күйеуімнің жастығын пайдаланып алдап, орда қатарына зорлап қосты десін». Жоқ дегенде бір 30 адамды. отыз емес 40 адамды тізімдеп, өзі қол қойсын. «Қайсар Кәрімов шатасты, алдағы уақытта қателігін мойындап кеңес еліне адал қызмет атқаратынына сенемін. Ол қателескеніне қазір де қатты өкініп жүр. Күйеуімнің жастығын ескеріп, қайрымдылық жасаңыздар.» десін.

Маймақ: Отыз емес елуін тіземін. Баттитып бармақ бастырып...

Поляков:Бармақ бастырып... Жұрттың бәрі сен секілді сауатсыз, бармақ басудан аспайды деме. Біліп қой! Бұл құпия тапсырма. Бұл жайды жергілікті НКВД-да білмейтін болсын. Олар да «халық жауларын» көбірек ұстаймыз, жоспар орындаймыз деп елді-елді аралап, тіміскіленіп жүрген шығар.

Маймақ: Өтініш әкелсем Қайсар Кәрімовты босата ма?

Поляков:(Көзін алайтып) Не дейт! Әй, не оттап тұрсың? Осы сұрағың үшін сазайыңды берейін қазір. (Даусын көтеріп) Күзетші! Степняк чертовый!

Маймақ: (Тізерлеп, жалынышты кейіппен...) Кешіріңіз. Аузымнан шығып кетті. Алашы құрысын, баласы құрсын. Өтінем! Жалынам! Анау есекке ұрғызбаңызшы. Ол жауыз қан шығарғанша тоқтамайды. Ал мен қанды жек көремін. Кешіре көріңіз, комендант мырза. Құлдығыңда болайын. Бір жолға кешіріңіз...

Қаныбек: (Екпіндеп келеді.) Нашалник! Мына сүмелекті тепкілеп тастайын ба?

Поляков: Соқтықпа! Бір-біріңді қасқырша талауға әзір екендеріңді білемін. Анау Кәрімов деген жаудың сілімтігі қайда?

Қаныбек: Камерада.

Поляков: Камерада екенін білемін, ақымақ. Тепкіден өлген жоқ па?

Қаныбек: Какой өлген. Жаңа ғана өлең оқып жатқан. Тынышталып қалыпты. Ұйықтап кеткен ғой деймін.

Поляков: Өлгені керек еді... (Қатқыл түрде) Ұйықтап жатыр де... Екеуің үстіне мұздай су құйыңдар. Түні бойы тоқтатпаңдар. Көрейін мен мұз суда көзі қалай жұмылғанын. (Ашулы кейпінде ілгері озыңқарап барып...) Неге сүмірейіп тұрсыңдар? Барыңдар! Түні бойы мұздай су құйып қатырып тастаңдар! Қатырып! (Екеуі кетеді. Сырылдаған судың дыбысы. Шошынған, ыңырсыған дауыс. Қарқылдаған күлкі.)

Қайсардың дауысы: Ә.Поляков мырза, даусыңды естідім. Қатты шығып жатыр. Мұнда жүр екенсіз ғой! Жолдас комендант, камераға кіріңіз. Шаршап, шөлдеген боларсыз. Су ішіңіз. Мұнда су көп. Сарылдап жатыр. (Пауза...) Үндемей қалдыңыз ә? Қорықтыңыз-ау деймін. Қорқақсыңдар дедім ғой сендерді. Алаштықтардың атын естісеңдер құттарың қашады. Су жүрек жендеттер. Кәні, батырмын деші... Жекпе-жекке шықшы батыр болсаң. Ашуы келген көкжалдай талап тастайын. Ал мына суық судан сескенеді деп пе едің? Бұл еркіндік аңсаған денемді шынықтырады. Құя түс шамаң жеткенше. (А-ха,ха-ха!)

Поляков: Өшір үніңді. Әйтпесе табан астында атып тастаймын.(Тапаншасын алып, алға қарай сілтелейді)

Қайсардың дауысы: Комендант, кандендей босқа шәуілдеп қайтесің? Ата алмайсың. Әлі бірде-бір сұрағыңа жауап алған жоқсың. Қалай атасың? Үлкен офицерсің. Бірақ адамша сөйлесе алмайсың. «Қорқақ бірінші ұрады» дейді қазекем. Жұдырық ала жүгіргеннен басқа нені білесіңдер. Мені құртам деп екіленгеніңмен, байқа, бастықтарыңның өзі-ақ сені жүндей түтіп, қуырдақ қылып жеп жүрмесін. Байқаймын күн өткен сайын сенің де жағдайын құлдырап бара жатқан секілді.

Поляков:(Налыған кейіппен) А,Жаратқан, мені мына алаштың күшігінен құтқарар күн бола ма, жоқ па? Үнін өшіріп, қанын тостағанға құйып ішер едім.

Қайсардың дауысы: Үнімді өшіре алмайсың. Еркіндік аңсаған қазақтың үнін ғасырлар бойында ешкім өшіре алмаған. Мен сендей қорқауларды көрінде де тыныш жатқызбаспын.

Поляков: Ай,сұм заман-ай! Тірідей мазақ қылдың-ау. Енді мынау қазақтың қурайдай баласына ұрсам таяғым өтпейді, қинасам қылбұрауым батпайды. Сорлы Поляков! Ақылың қайда, айбының қайда! Қылыштай ойнаған кезің өтіп бара ма? Есірді-ау менің алдымда мына боз далада босып жүрген бұратана. (Өз ойынан өзі шошынғандай...)

Қайсар: Майор! Осылай түрменің ішінде лепіре сөйлеп, күшейіп қал. Сендей жендеттердің қолынан іс келмейтінін білген комиссарлар енді өздеріңді қолға алып, қыса бастағанын байқамай жүр дейсің бе бізді.. Қызықтың көкесі алда! (Қайсардың мазақтаған күлкісі естіледі. Поляков сол күлкіні естімейін дегендей құлағын басып, айқайлап шығып кетеді)

Шымылдық

Екінші көрініс

Жаз. Жұпыны ғана қараша үйдің алды. Бір тұста тапшан-сәкі. Сәкінің үстіне жұқалау тасталған көрпеде Кәрім ақсақал қайыс тіліп отыр. Қайсардың жұбайы-Ерке күйбеңдеп әлде бір тамақтың әзірлігімен жүр. Ақырын мұңлы бір әннің әуезін қайталайды. Бір уақытта қақпа қағылады.

Ерке: Ата, біреу қақпаны қағып тұр.

Кәрім: Естідім, естідім. Бұл кім екен? Ауылдың адамы болса кіре бермей ме? Ілгегі ашық тұр ғой.( Бір уақытта аяғын бір басып, екі басып тәлтіректеген адам келе жатады. Үстіндегі киімі жұпынылау. Жыртылған тұстары да бар. Тағы бір аттап тізесі бүгіліңкіреп барып, құлап түседі. Кәрім орнынан тұрған күйі таңдана қарап қалған. Еркенің де көзі атыздай)

Ерке: Ата, бұл кім?

Кәрім: (Жақындаңқырап барып, келген кісінің ентігін баса алмай жатқанын көріп.)

Тірі екен, байғұс. Тоқта, тоқта. Бұл адам, бұл адам... Жаман шәпкісін бетіне баса киіп жүретін елкезбе... Мынау әлгі ауыл аралап кететін қайыршы емес пе?

Ерке:(сыбырлап) Қайыршының бетін түк басып, сақал-мұрты салаланған болушы еді... Киімі де тым жұпыны көрінбейді.Бұл кісі жастау көрінеді ғой.

Кәрім: (Ол да дауысын бәсеңдетіңкіреп) Қазір жасы да, кәрісі де түйір нан таба алмай қаңғырған заман емес пе. Басын көтерді, бейшара.

Сығыр: Су беріңіздерші, су! (Ерке жүгіріп барып су әкеледі.)

Ерке: Ата,бұл қайыршы емес. Әлгі қаңғыбас. Қаңғыбас емес. Қашқын Сығыр емес пе?

Кәрім: Бұл бейбақ мұнда қалай келген? Тағы да қаңғалақтап кеоіп қалған екен-ау.

Ерке: «Ел бұзылды. Ауылдың арасы қалың өсек» деп кейде жұртты әңгімеге тартып, кейде жоғалып кететін қаңғыбас ше?

Кәрім: Иә, сол-ау деймін. Дорба арқалап қаңғығандар көбейіп кетті ғой. Бұл бейбақ әлі күнге дейін қашып-пысып жүргені ме? Қаптап жүрген НКВД тыңшылары мен шабармандарының қолына қалай түспеген?

Сығыр: (Орнынан көтеріліңкіреп) Солай ақсақал. Қашып-пысып жүрген Сығыр деген бейбақпын. Тағдырдың жазуына кім қарсы тұра алған. Жазымыштан озымыш жоқ. Тек жаны шықпаған демесеңіз, жүрміз тірі өліктей сүйретіліп.Түйір дәм татпағаныма қанша күн. Жендеттер аш қасқырдай ізімді кесіп, соңымнан бір қалмай қойды.

Кәрім: Шырағым, түсініктілеу айтшы. Сендей бейбақтарды да қудалайтын заман туғаны ма? Қолыңа түскен бір түйір наннан басқа не іздейді сендерден. Сенің ізіңнен қалмай жүрген қандай жендеттер? Тура сені осы үйге дейін қуып келген-ау. түріңе қарағанда. қалай құтылып кеткенсің?

Сығыр: Қуды. Содан қараңғылықты тасалап, бұталарды паналап қаштым. Бұл ауылдың шетіне түн ауа жеткен едім. Содан бір қарағанның түбінде таң атқанша жаттым. Тіміскіленген иттер түн қараңғысында таба алмай, аузына келгенді айтып кетті.

Кәрім: Әйтеуір құтылған екенсің. Қазіргі жендеттер иттен жаман. Соңыңа бір түссе қалмайды.

Сығыр: Ұстатпай кеттім, әйтеуір. Ауылға қаталап жетім, міне,бір тостаған су да іштім. Осы тіршілігіме де шүкір. Е, осы ауылға жеткенше қанша бұралаң жол кештім десеңізші... Шырамытып отырған секілдісіздер. Сол Сығырыңның ғұмырындағы тірлігі осы. Бүгінде әділ сөзді ауызға алып, шындықты айтқандар жақпайтын заман болып кетті -ау.

Ерке: Әбден ашығып, арып-ашқаныңыз түріңізден -ақ байқалып тұр.

Сығыр: Е, аштық дегенге жолдасыңдай үйрендік қой. Ішті көк бөрідей ұлытып қойып жүре береміз. Заманың солай болса не шара. Әйтеуір, екі аяққа тыным бермей ел ішін кезіп кете береміз. Құлан далада көтерем болып құлап қалмай жүрміз де. Ел бір уыс бидай берсе де, әйтеуір өлтірмейді.

Ерке: Деміңді алып отырыңыз. Қазір айран әкелейін.

Сығыр: Шіркін, аш құрсаққа айран да таптырмайтын ас қой. Айраннан кім бас тарта қояр дейсің, мынау қашқын-қуғын заманда.(Әкелген айранды қарбып-қырбып жұтып, ішіп алады.) Кешіріңіз ақсақал,көздеріңізден байқап отырмын, арғы жақ, бергі жақтағы үйлері бар ауылда дәп біздің ауланы қалай тауып келді деп отырған секілдісіздер.

Кәрім: Жо-жоқ. Ұшарымды жел біледі. қонарымды сай біледі деп жүрген жайыңды байқап отырмыз. Саған үрке қарайтындай не қорқыныш бар. Бір тостаған айран ішіп кеткен адамның айыбы жоқ.

Сығыр: Оныңыз рас.Ал енді ақиқатына көшсек, бұл үйдің босағасын тегін аттаған жоқпын. Өздеріңізге ғана айтатын бір әңгіме бар. (Жан-жағына қарайлап алып) Айналада бақылап, қарауылдап жүргендер жоқ секілді. Десек те тезірек әңгіменің тоқ етеріне көшейін. Тағдырдың жазуы дейміз ғой. НКВД дедектетіп алып барып түрмеге де қамады, қылмыскерлер лагеріне де жапты. Айттым ғой, әйтеуір тағдыр жазып «халық жаулары» қатарына ілікпедім. Бірақ, «сен жапонның тыңшыларының бірісің» деп жауап алып, көп әуреледі. Олар қолға бір түскенді жібере қоя ма... Аш қарынға қатық таба алмай қаңғыған көптің қатарында ұсталып Сібірге айдалып, Норильск қаласы маңынан бір-ақ шықтым. Содан күні-түні жауап алу,тепкілеу. Бірде соққыдан шаршап, талықсып ұйықтап кетсем керек, бір уақытта біреудің күңгірлеген даусынан оянып кеттім.

Дариға, бір әкеден жалғыз едім,

Шөлдегі ыстық соққан қызғалдақтай.

Бұл заман тап болыпты біздің сорға,

Зорлықпен бұрмаладың қисық жолға...-деген өлең оқып жатыр екен. Ақырын жан-жағыма қарасам менен төрт адам әрі нарда шалқалаған азамат. Үстіне көрпе де жабылмаған, көйлекшең жатыр. Далада түкірігіңді жерге түсірмейтін сарышұнақ аяздың ұлып тұрғанын білем ғой. Денем тітіркеніп кетті. « Бейшара, тар қапаста құса болып, түсінде сөйлеп жатыр-ау» деп бір ойладым. Іле ойыма «Өй, мынау қазақша өлең оқып жатыр ғой» деген сарт ете түсті. Орнымнан секіріп кете жаздадым. Дегенмен айналамды барлап жайлап тұрып, ақырын жақындап бардым...

Кәрім: Апыр-ай десейші. Дүниені шыр айналдырған заман-ай. Сонау итжеккенде запа шеккен қалың жұрттың арасынан өлең оқыған қазақ азаматын жолықтырдым десеңші.

Сығыр: Ақсақал, әрі қарай тыңдаңыз. Төбеге тесірейген өлеңшінің көзіне қарасам, ояу. Көзі қарақаттай тұнған қазақ жігіті. Сасқанымнан: «Ақырын сөйле, мыналардың мазасын алсаң басын пәлеге қалады.Тыныш, бауырым, тыныш. Кілең қанышерлердің бірі оянып кетсе төбелес ашып, бүйіріңнен біз сұғып алуға тайынбас» - деймін.

Ерке: Ондайы да бар ма? Жазықсыздан-жазықсыз атылып жатқандары аздай, өзара қырқысып, бірін-бірі өлтіргені несі? Е,қыршын кетіп жатқан қайран азаматтар-ай.(Жыламсырайды.)

Сығыр: Сібірдің суық тұрмесінде, тастай қараңғылықта қазақ сөзін естігенге ол да қатты таңданды... «Ағасы, жендеттердің қылбырауына іліккен азаматтың бірі болдың-ау»-деп орнынан тұрып, қолын ұсына берді...

Ерке: Қапыда қақпанға түскен көкжалдай болған сорлылар-ай!

Кәрім:(Көзінің жасын тоқтата алмай отырған келінінің басынан сипап) Тыныш,қалқам. Босқа жылама. ( Күрсініп барып...) Інішек сен кешір. Біз де бір қамкөңіл, у жұтқандай адамдармыз. Бізге айтарыңды тым әсірелемей-ақ қой інішек. Ондай әңгімені талай естіп қанымыз қатқан жайымыз бар.

Сығыр: Түсіндім, түсіндім. Ол жай үріккен қояндай күй кешіп жүрген маған да белгілі. Қысқаша айтқанда, менің түрмеде жолыққан адамым жайлы әңгімені жеткізуге арнайы келіп отырмын. (Сыбырлап) Бұл бір аманат, ақын інімнің арнайы тапсырмасы... Ақсақал енді тұспалдап, кімді меңзеп отырғанымды аңғарған да боларсыз... Сол өлең жазатын жас қазақ, жаужүрек жігіт кім дейсіздер?..

Кәрім: Ой, інішегім-ау, сағыздай созып нең бар. Сонау итжеккендегі қай қазақты білеміз? Алыста жатып кімді аяп, кімге қамқор болатындай қауқарымыз бар? Тағдырдың жазуымен барған біреу де...

Сығыр: Саяси тұтқындардың арасында жендеттер қаһарынан тайынбай өлең оқып жатқан арыстай азаматың Қайсар болатын. Қайсар Кәрімов. Сіздің балаңыз.

Ерке: (басын оқыс көтеріп) Не дейт!

Кәрім: О, жасаған!

Ерке: (Танданыс кейіпте...) Шынымен Қайсарым-Қанем болғаны ма? Тірі пендені де тарыдай шашқан заман-ай. Тіпті сене алар емеспін. Біздің азаматымыз екенін қайдан білдіңіз? Бірден таныдыңыз ба?

Сығыр: Иә, Ерке қарағым. Сол –Қайсар.

Ерке: (Күмәні басымдау...) Апыр-ай,ә. Адамға адам жолыға береді екен-ау. Сіз оны қайдан танисыз? Сіз осы біздің ауылда Қанем ұсталып кеткеннен кейін пайда болған едіңіз ғой.Осы маңды төңіректеп жүретін секілді едіңіз. Сонау итжеккенге қалай шығып кеткенсіз?

Сығыр: Таңданысың орынды, келін. Өмірде күтпеген тіршілік бола береді ғой.Түрмеден түрме кезген адам қайда болмайды.Тағдырдың жазғанына не шара? Сол лагерде жүздесіп, әңгімелесе келе таныстық қой артынан.

Кәрім: Хат-хабарсыз кеткен еді. Тіпті, жендеттердің қайда ала жөнелгенін де білме алмай қалдық қой. Жаңа Норильск деп қалдың ғой. Норильск қаласы болса, Таймыр маңына мұзды өлкеге дәм айдап барған екен ғой. Құлыным-ай, қазақша айтқанда көз көрмес, құлақ естімес жерге дейін алып кеткен екен. Апыр-ай десейші. Енді міне елі қайда, өзі қайда. Ал енді сен? Сен «Халық жауы» деген айып тағылмаса, ол жақта қалай бардың екен? Ғажап!

Сығыр: Баласы жайлы хабарды естіп қуанғаннан жүрегі жарылып кетер ме десем... Байқаймын сіз мені тергей бастаған секілдісіз. Сенбей тұрсыз -ау, ақсақал.

Кәрім: Сенбегеннен емес, күдікті ой келген соң сұрайсың да. Сұрағанның несі айып?

Сығыр: Бәріңіз секемшіл болып кетіпсіздер. Міне, оның жазған өлеңін де ала келдім. Тыңдап көріңіз.

Қолыма қалам алар кезім келді,

Жүректі ой тербейтін сөзін берді.

Март күні 26-шы жазған хаттан,

Төкеннің қолтаңбасын көзім көрді.

Үй-тұрмыс, жазыпсыңдар елдің жайын,

Ата-анам, Төкен менің уайымым,

Саясат ызғарымен кеттім деймін,

Басқасын ойыма алып не қылайын.

Төкенжан, қолтаңбасын берген басып,

Сұм көңіл бір қуанды-ау, бірде тасып.

Мөлтілдеп меруерттей көздің жасы,

Сабыр ғып ойға түстім, мауқым басып...

Ерке: Айбаттым-ай! Жасындай жарқыраған арысым-ай! Тура,Қанемнің сөздері. Кәні, әкеліңізші бері. (Ұмтылып барып, хатты қолдан жұлып алғандай болады.) Дәп сол. Қайсар тізген әріптер. Менің бармағымның майысқанына қарамай, былай әдемі жаз деп үйретуші еді. Жарықтық жалған. Пақырыңа берер қуанышты күндерің көп қой шіркін. Қанем тірі десеңізші бар әңгімені төтесінен бастап...

Сығыр: Міне өлеңнің соңында қолы тұр.1936-шы жыл деп көрсетіпті.

Ерке: Мынаны қараңыздар. «Төкенжан, қолтаңбасын берген басып, сұм көңіл бір қуанды-ау, бірден тасып... депті. Төкенін бірден есіне алыпты. Сағынған ғой арысым. Тұрлыбегімнің қағазға басқан бес саусағын көріп жүрегі елжіреді-ау.(Орамалының ұшымен көзін сүртеді.)

Кәрім: Қуанышты сәтте көз жасыңды көрсетпе балам. О жасаған! Тірі екен ғой, жалғызым.

Ерке: Жыламаймын, ата. Қуанамын! Әттең, әттең. «Кіп-кішкене Төкенім, Тұрлыбегім, естідің бе, көкең тірі. Міне, хабары келді, хатын оқып жатырмыз»- дер едім балам қасымда болса. Оны нағашыларына бекер жіберген екенбіз, ата.

Кәрім: Ол жайды қайтесің қазбалап... Бүгін ғана қатар отырған адамның ертең сатқын болып жатқан заманында баланың тыныштау жерде жүре тұрғаны дұрыс қой.

Ерке: Ата ше... Тұрлыбек қазір дәл қасымызда жаңалықты естіп тұрса: «Көкең жауымен жағаласып жүр әлі. Көкең бұрқыратып өлең жазып жатыр екен. Ол ақын, қайсар ақын» дер едім. Ата, сонда Қайсар біз жазған хатты да алған екен-ау.

Кәрім: Алған, алған. Тәубе. Бұл қуанышқа Ақсарбас! Ақсарбас деп бір мал атаса да болар еді. Інішегім, саған мың алғыс. Сүйіншің бізден. Атын айтпай-ақ қояйын, осы жерден Қайсарыма хат жазып бір азаматқа тапсырған едік. Нақты адресі жоқ, әйтеуір аманат. Сағыныштан туған сөздер бір үміт көзі табылса жетер деп едік. Қалың қазақтың арасы қаптаған «халық жауы» деп комиссарларымыз жар салса да тар жол,тайғақ кешуде бірін-бірі қолдап, жоғалтпай тауып жатқан азаматтар бар екен-ау.

Сығыр: Бар ғой,бар. Арасында біз де жүрміз ғой.Тәубе деңіз.

Кәрім:Тәубе. Жаратқан ием, тәубе. Сонау мұз өңірде жатқан балама ақ тілек, ақ сөзіміз адаспай барды де. Бәсе, біздің ерлер осылай жігерін құм қылып, намысты қолдан бермесе керек. Бұл –асыл қасиет. Текпі көріп жатса да жаншылмаған қасиет. Қазақы қасиет. (Дауысы дірілдеп) Дауысым жеткен жерге айқайлап, барша жұртты шақырар едім, той жасап. Той деген сөзді ұмытқанымызға да қанша уақыт өтті. Жұпыны болса да дастархан жаяр едім... Бұл ауылдан құрмалдыққа бір тұсақ табылар... Басқасы болмаса да қара ұннан иленген бауырсақты төгілтіп, майдың иісін бұрқыратып... (Желпініп барып тоқтайды да, біраз ойланып қалады.) Не деп кеттім өзі? Болмайды. Болмайды қазір... Бізді қазір кім есіркеп отыр дейсің. «Халық жауының ордасы» деп жұрт бұл үйдің босағасын аттамағалы қашан. «Балам тірі екен. Өлеңін де жазып жатыр екен» дегенімді естігендер қазір-ақ «халық жауының» ата-анасы қылмыскердің тірлігіне қуанып жатыр деп жар салары анық. Балама кесірі тиіп кетер. Жә! Осы тірлігімізге де тәуба. Осы тебіренгенім де жетер.

Ерке:Ата, мұңайып кеттіңіз ғой.Түсінем. Қанем тар қапаста шабытын жанып жатса,жігерінің жасымағаны,қайратының қайтпағаны.Мақтанушы ем, Ата, тұлпардай тебініп, ел көшінің алдында жүргеніне.

Тайрандаған тайлақтай,Төкенім! Сенің көкең Батыр! Сен секілді желкілдеген жас құрақтардың болашағы үшін, әділдік жолы үшін күресуде. Шіркін, қазір жүр десе, мен де күресшілер қасынан табылар едім. Жауларымыз қанжар кезеніп жатса да маңдайды жарқыратып Қайсарыммен иық тіресе жүрер едім!

Сығыр: Сабыр ет, қызым. Ет қызуымен адам не демейді. Әрине, Алаш қозғалысы секілді елдің мұң-мұқтажын қорғайтын қозғалыстың бар екені рас. Халықтың жақсы өмір сүргені үшін күрескендерді кім жақтамайды. Бірақ, Алаштың арасында да қателесетіндер, жұртты алдап өздерінің жеке пиғылдарын жүзеге асырып жүргендер бар шығар. Мәселен, халықшылмыз деп лепіре сөйлегендердің соңынан оқығандардың өзі де қалай ілесіп кеткенін білмей қалатыны- сол.

Ерке: Бұл алмағайып заманда адасқандар да аз болмас.

Сығыр: Көп болғанда қандай.Мен түрмеде жатып,саяси қылмыскер атанған талайлармен сөйлестім. Көбісі өкінеді. Өкінетіні сол: «біз елдің азаттығы үшін күресеміз» деп лепіретіндер елеусіз, тасада қалады да, босқа танаулап, желпініп, жалау көтеріп шыққандар қамауға алынып, «Халық жауы» атанып кетеді.Сырласып жүріп, Қайсардың да көкірегі өкінішке толы екенін байқадым.

Ерке: Сіз не деп кеттіңіз? Ол қандай өкініш? Ол неге өкінеді? Түсінбей қалдым ағасы...

Сығыр: Асықпа қызым. Адам тіршілігінде көп өкінішке кездеседі. Өкінеді, әрине өкінеді. Біз де қамауда болып, талайды көріп келе жатқан жанбыз ғой. Әрине Қайсар да өкінеді. Жап-жас болып қәрі-қақсал, көксаулардың арасында тар қапаста жатқанына өкінеді. Біреулердің сөзіне ергеніне, албырттығының салдарынан қия басып, қателескеніне өкінеді. Атқа мініп, кең даланы құйындатып жүрген еркіндігінен айрылғанына өкінеді.

Ерке: Сіз не деп отырсыз? Біз айтқанынан қайтпайтын қайсарлығын мақтан етсек, сіз өкінеді дейсіз. Мүмкін емес.

Сығыр: Әй, келінім-ай. Сен де жассың ғой. Көп мәнді аңғара бермейсің. Міне, Қайсардың өлеңінің өзінде сол өкініштің сарыны жатыр. Мәселен, мына бір жерде,

Дариға, бір әкеден жалғыз едім,

Шөлдегі ыстық соққан қызғалдақтай.

Бұл заман тап болыпты біздің сорға,

Зорлықпен бұрмаладың қисық жолға-дейді.

Кәрім: Інішегім әңгіме, былай...Өзі де сыңарынан айрылған аққудай қапа болып отырған келінімнің басын қатырма. Сенің бұл үйге не мақсатпен келгеніңді білмеймін.Дұрыс түсінбей жатсақ, кешірім. Алайда, «Қорқа,қорқа батыр болдық» дегендейін балам ұсталып кеткелі талай жендетті де, тыңшыны да көрдік. Сондықтан ашығын айтайын,Қайсарымды сыртынан көрсетіп, ұстатып жібергендер де бар. Бірақ, менің ұлымның өзін сатқандар жайлы тіс жармасына сенем. Ондай солқылдақ әңгімеге бұрылмайтын бірбет.

Сығыр: Әрине, өз орталарыңда жүргенде солқылдақтық танытпас. Ал лагерде жаныңды қинағанда бәрін ұмытасың.

Кәрім: Сенің баламның оттай өлеңдерін түсінбегенсің. Айтар ойын ұқпағансың. «Зорлықпен бұрмаладың қисық жолға» дегені заманның түсініксіз бағыт алып кеткені. Жалпы оның от шашқан шумақтарындағы түйіндерін өзгелерден бұрын мен жақсы ұғамын ғой.

Сығыр: Өлеңін ұққаныңыз неге керек,балаңыз тар қапаста қан жұтып жатқанда.

Кәрім: Жағдайы қиын болса қиын шығар. Бірақ өткір ойларынан тайқып, мүсәпір күй кешіп отыр дегенге сенбеймін. Інішек түзу ниетпен келсең бізге баламыздың сыртынан ғайбат сөз айтқызба.

Сығыр: Ақсақал, ақ жүрегіммен, азамат аманатымен келіп отырғанымда мұныңыз қалай?

Кәрім: Е-ее,екі шоқып бір қарайтын сауысқан заман ғой. Кәрі қойдай жасым қалды дегендейін, осы жасқа келгенде әділ сөзден таяр емеспін. Кешір, інішегім. Мен осылай ойыма келгенді тура айтамын.

Сығыр: Шындыққа, ойыңдағыны бүкпей айтқанға не жетсін. Мәселен, осында балаңдығына да қарамай Қайсарды «халық жауы»деп ұстап бергендер бар ғой.Олар біреуді «жау» деп көрсетуге келгенде ешкімді аямайды. Ақсақал сіздің де, келініңіздің де көзі ашық адамдарсыздар. Қазір «таспен атқанды аспен ат» дейтін емес, «таспен атқанды таспен ататын» заман. Сондықтан жүректеріңді жаралап, арыстай азаматтарыңызды айдаттырып жібергендерге қалай ғана көңіл жібір.

Ерке: Онда не шаруаңыз бар? Сыртынан жала жапқандар шайтан емес шығар. Әлі-ақ, Алланың алдында кінәсі үшін жауап берер.

Сығыр: Дұрыс, дүрыс. Жауыздар Алланың алдында да, адамның алдында да жауап беруі керек. Сен келін сәбиінің көзі тірі әкесін адам болмайтын кілең басбұзардың ортасына қамап қоюға себеп болғандарды білесің деп ойлаймын.

Ерке: Нақты осы адам ұстатып жіберді деген дәлелім жоқ.

Сығыр: Сезіктенсең болды. Дәлелдің керегі жоқ. Дәлелді НКВД-ның өзі-ақ тауып береді. Сондықтан шындықты айтып, күмәнді дегендерді көрсету керек. Осылар сезікті дегендерді тізімдеп, оларды «халық жауы» деп көрсетіп, арыз жазса, біз де шындық үшін күресетіндер қатарынан табыламыз.

Кәрім:(Ашуланып, дауысы қаттырақ шығып) Әй, Сығыр,өзің қашып-пысып жүрген адаммын дейсің. Сенің бізің кім? Біз деп топтап айтатын қоғам өкілі секілді сөйлейсің.

Сығыр: Ашуланбаңыз.,ашуланбаңыз. Жакрайлы,біз демей-ақ қоялық. Бірақ,Алашшылар дей ме, троцкийшілер дей ме. Жаулар қаптап кетті ғой.

Ерке: (Ашулы. Ортаға жүгіріп шығады. Ашулы, кекесінмен) Жарайды. Түсіндім. Жаз деген арызыңды жазайық. Сонда кімнің атына жазамыз?

Кәрім: Не деп кеттің балам? Неге аяқ астынан келісе алдың?

Ерке: Ата, сәл тоқтай тұрыңыз. Мен бір жайды ұққандай болып тұрмын...

Сығыр: Ақсақал, асықпаңыз. Келін дұрыс сұрап тұр. Көздерің ашық. Көріп отырсыңдар. Қазір екінің бірі жау десе болады. Колхоздың бастықтары, мектептің мұғалімдері, дін адамдары. Толып жатыр. (Елпілдей басып Еркенің қасына келеді) Тура НКВД-ның мәскеудегі бастығы Ежовтың атына жазыңдар.Ежов жауларды жүздеп емес, мыңдап ұстап жатыр ғой. Басын мен бастап, көрсетейін. Ал енді тізімді өзің жаз. Бітті. Сібірдегі лагерь бастығы Поляков қолын қояды да,істі тездетіп жібереді.

Ерке: (Сынаған кейіппен.) Ағасы, осы маңды көбірек төңіректеп жүресіз. Кімдерді «халық жауы» деп көрсетсем дұрыс болады, сіз жақсы біледі екенсіз ғой..

Сығыр: Білгенде қандай... Сенен жасырын емес, осы ауылда да, көршілерде де кеңес үкіметін сырттай сынағыштар көп. Мен-ақ біразын айтып берейін.

Кәрім: Сонда ауылдың халқын бұрыннан сығалап, ақпарат жинап жүр екенсің ғой.

Сығыр: (Көзін алайтып) Ақсақал,бұл іске араласпай тұра тұрыңыз. Келін жағдайды дұрыс түсінген секілді. Кәні, кәні. Бірігіп жазайық... Жиырма-отызын тізімдеп тұрып жазайық. Қайсарды үйреткен, теріс жолға түсірген солар де. Олардың әй, бір сазайын бергіземіз-ау. Осылай бір шындықты шырылдатамыз.(Сығыр қолын уақалап қойып, зыр қағып қағаз-қалам дайындап жүргенде Маймақты кісендеп алған НКВД офицерлері Қасқырбаев пен Беркетов кіреді.)

Беркетов: Шындықтың туын ұстаған Сығыр Сырғақов, тағы кімнің миына қатық құйып, май шайқап жатырсың? Сырғыта сөйлеп, сусылдатып жөнелгесің-ау тағы?

Сығыр: Біз қашан да шындық жағындамыз ғой.

Қасқырбаев: Шыншыл болсаң, (Маймақты көрсетіп...) мына жылпыңдаған жылпос кім? Қасыңа қай жерде қосып алғасың? Кеше аудан орталығында базар аңдып жүрген жерінен ұстап алдық. Қолында Норильск қаласындағы бір лагердің бастығы Поляков деген берген құжаты бар. Бұл жаққа қандай құйын айдап келгенін кім білсін, «Құпия тапсырма бойынша келдім» деп шіренеді.Біз білмейтін, біздің жақта бұрын болмаған бұл қандай «маңызды адам»? Сенің аты-жөніңді айтпағанда бірден Магаданға жібергелі тұрғанбыз.

Сығыр: Бері таман келіңізші.(Шеткіректеу алып барып,барынша сыбырлап...) Поляков кілең саяси тұтқындар жататын лагердің бастығы.Мәскеумен тікелей байланысы бар адам. Ал анау Маймақ сол кісінің арнайы тапсырмасын жеткізіп келген адам. Менің кім екенімді білесіз. Кедергі жасамаңыз. Жақсы іс басталайын деп тұр. Көп ұзамай бәрін де түсіндірем...(Қайтадан Еркеге қарай жақындап) Ал келін, жаңағы бастаған ісімізді жалғайық. Мына кісілер тосыннан келіп қалыпты,бәрін айттым. Түсіндірдім. Жауда да болса бір үйің болсын дегендей,тергеушілер арасында да осындай түсінігі бар азаматтар болғаны қандай ғанибет.

Ерке: (Қатқылдау) Ағасы, жағдайды жаз деп жылпылдай бастағаныңыздан ұққан едім. Енді төтесін айтайын, атам екеумізді ашық ауыз, аңқау деп ойлағасыз-ау. Қателесесіз. Сіздер секілді арамза, сатқындардың да талайын көргеміз. Ал енді өзщ шындығыңызды айтыңызшы...

Сығыр:(Ол да дауысын шығарыңқырап...) Әй,әй, келін,әңгімен басқа жаққа бұрма. Жаз дегесін жаз.

Ерке: Бәсе, бәсе, қолдаушыларыңыз келгесін күшейе бастадыңыз. Көрдіңіз бе, ата?

Кәрім: Бәсе, деймін мен де. Мына азаматтар неге сау ете түсті десем. Алдымен нағыз тыңшының өзі келген екен ғой,балам. Бұл күнде адам сенетін пенде қалмаған ғой.

Ерке: Мен Сығырдың Қайсармен кездескеніне де күмәндімін. Оның жазған хатын қайдан түсіріп алған екен. Бұл алдамшылардан бәрі де шығады.

Сығыр:Келін ойды басқа жаққа бұрма, жақсы іске кіріскелі тұрғанымызда.

Ерке: Біз жалғандықты аңдамайтын саңырау, мылқау емеспіз. Жақсы іс деп тұрғаныңыз не мақсат? Ал сіз айтқандай бүтіл ауылды «халық жауы» деп берсек елді қарық қыламыз ба, әлде сендердей қанышерлердің құлқынын қарық қыламыз ба? Бір азаматымызды түрмеде қинап жатқандарың аздай бүкіл ауылды «халық жауының» қатарына қосып,сырттан арыз жаз дегеніңіз барып тұрған арсыздық. Ел алдына атам екеуміз мүлде қарабет болсын деп тұрсыз ғой. Ашығын айтсақ халықтың нағыз жауы сіз екенсіз.

Кәрім: Анталаған, аңдыған жаудан елдің құтылар кезі бола ма? Енді шегінерге жер де қалдырмассыздар.Жан-жақтан қорқау қасқырдай жамырай жеткен екенсіздер. Қай бетіңмен келдің осы үйге?

Беркетов: Стоп! Жаңағы айтылып қалған арыз, тізім деген не? Оны кім жазу керек, кімге жазу керек? Алдымен соны анықтап алайық....

Сығыр: Айттым ғой, арнайы тапсырма деп...

Ерке: Солай деңіздер. Қарапайым халықтан ғана емес, үкімет қызметкерлерінен де мысықтай жасырған құпияларыңыз бар екен ғой.

Сығыр: Кәрімова істі ушықтырмай тыныш тұр. Өзіңе қатысы жоққа араласпа?

Ерке:(Ашуға мініп, қызбаланып.) Неге қатысым жоқ. Біздің қатысымыз болмаса бұл үйге неге келдіңдер үймелеп? Неге бұл үйді құзғындай торып кеттіңдер?

Сығыр: ( Ол да қатуланып,сызданып...) Тыныш тұр дедім ғой. Ашығын айтайын, сенің де алаштың жақтаушысы екеніңе күмәнданбаймын. Сен қатын да аңдудасың.

Ерке: Сыпайы болып сызылып келіп едіңіз, қатын деген қатқыл сөзге тез өтіп кеттіңіз ғой. Байқаймын реті келсе әйелден жаман салғыласатын түріңіз бар-ау.

Сығыр: Байқап сөйле. Біз үкімет адамдарымыз.

Кәрім: (Ашулы.) Сендей жылпостарды жинаса үкімет те жетіскен екен. Қанға тоймайтын құзғындар секілді жиналыстарыңнан сескенемін. Баладан айырғандарың аз болып тұр ма?

Қасқырбаев:Үкіметке тіл тигізбей тұрыңыз. «Именем революции» деп екеуіңізді атып кетуге құқымыз бар.

Беркетов:(Сығырға төніңкіреп барып) Мына айқай, мына сөз сенен басталған Сырғақов жолдас. Осы көп сұрақ алдымен саған қатысты, Сырғаков.Шынында да жергілікті органмен байланыспай бұл жерге қандай мақсатпен келдіңдер?

Қасқырбаев: Беркетов сұрамай-ақ қой, бас қатырып қайтесің, Онсыз да түсінген боларсың. Бәрі де белгілі болды. Бұл екі сұмпайы мынау келінге арыз жазғызбақшы. Онда үкіметке қарсы, алаштықтармен байланысы бар адамдардың тізімі болмақ. Оны сонау жақта,өзге түгілі біз білмейтін лагердің бастығы Поляковқа алып бармақ. Поляков болса қанша адамды қаматтырып, қызметін тындырымды атқарып отырған болып көрінбек.

Маймақ: Басқасын білмеймін, маған керегі тізім ғана. Оны Кәрімова жазу керек те Сырғақов оны ұйымдастырған соң маған тапсыруы керек. Байқаймын Сырғақов тапсырманы орындай алмай» тұр.Поляков тізімді күтіп отыр. Оның өз жоспары бар. Оның сендерге қатысы жоқ.

Беркетов: Қасқырбаев, байқадың ба әңгімелерінің сиқын. Сонда біз қайда қалмақпыз? Халық біздікі,ал «жауларды» қамауға алып,үкімет алдында абырой алатындар басқа. Сонда үкімет алдында бар атақ-лауазымды түрменің басшысымақтары жинап, біз аузымызды ашып отыра береді деп ойлаған ғой.

Қасқырбаев: Келін арызыңды жаз да бізге бер. Жергілікті басшылық-біз. Біздің де алып барып беретін жерлеріміз бар. Қарашы, мына жылпостардың жергілікті НКВД-ны айналып өтуге тырысқандарын.

Ерке: (Кекетіп) Қамқоршы адам енді табылды ғой. Біз арыз жазып берейік. Одан бізге не жақсылық? Бәрің жиналып қандай қамқорлық жасамақсыңдар? (Пауза. Бәрі үн қата алмай қалады) Неге үндемейсіңдер? Халықты жазықсыздан-жазықсыз тұтқындап әкетіп, атуға әлі тойған жоқсыңдар ма? Халықтың жайын ойлайтын, қамқор болар кім бар? Ата, мыналары не масқара! Аңдыған, жаудай талағысы келіп тұрған жемтіктері - біз. Сол ниеттерін жасырмай, шімірікпей, енді бір-бірімен таласпақ. Өңкей қорқаулар.

Маймақ. Әй,әй байқаңдар. Біз Поляковтың тапсырмасымен келгеміз. Ол қайдағы бір лагердің бастығының тапсырмасы ғана емес, артында Мәскеу бар? Поляков осы сөздеріңді естісе оңдырмайды.

Беркетов: Сен кімді қорқытып тұрсын? Мына шал мен әйелді ме, әлде бізді ме? Қорқатын адамды тапқан екенсің. (кекетіп) Сендердің қолдарыңда нарком Ежов берген, болмаса Жоғарғы сот Вышинский берген мандат бар шығар. Болмаса Сталиннің өзі қол қойған құжаттарың бар ма? Жоқ. Әрине жоқ. Сығыр Сырғақов сенің жағдайың белгілі. Бірде анаған, бірде мынаған жұмыс істеп, безіп жүргенің. Үкімет адамдарын алдап жүрген жымысқылығың үшін тура Голошекиннің өзіне айдап алып барайын ба?

Сығыр: Ой-ой. Голошекиншілін. Күнде кездесіп шай ішіп,қорқор тартып жүрген шығарсың? Маңызды адам бола қалған түрін қара. Сен ең бірінші аудандағы НКВД-ның басшысына кіріп ал, мықты болсаң...

Қасқырбаев: Біздің елдің адамдарың қайдағы бір лагерь басшысына тізіп бергеніңді Голошекин былай тұрсын, алдымен жергілікті сотта қарау керек екен. Сен алдымен өз еліңнің міндетін орындауың керек еді, заңды білсең.

Маймақ: (кекесінмен) Сендердің де халықшылдықтарың белгілі. Жазықсыздан-жазықсыз адамдардың үстінен өтірік арыз жаздыртып, ұстатып, елді қарық қылып жүргендерің жалғыз бұл емес шығар.

Беркетов:Жап аузыңды.

Сығыр: Әкіреңдеме. Мен қызмет бабындағы адаммын.

Беркетов: (кекетіп) Кеңсең мына ақсақалдың босағасында екен ғой.

Кәрім:Ей, кері кеткен заманның құлдыққа шырмалған құнсыз адамдары. Екі жақ болып итше таласып жатқандарың не? Талай бейкүнә, жазықсыз азаматтардың қанына көмілген қорқаулар. Әлі де тойынатын түрлерің жоқ қой. Апыр-ай, десеңізші. Тіпті айналасындағылардан да шімірікпей лагерге айдадатындардың тізіміне таласып жатырсыңдар. Ел азаматтарының басын құртып біткен жоқсыңдар ма,әлі?

Қасқырбаев: Ақсақал, жайыңызға тұрыңыз. Онсыз да қара тізімге кандидатсыз. Тек қарттығыңа ғана қарап жүрміз. Басқа адам таба алмағандай шалдарды жинап алып барғанымыз бастықтардан ұят. Болмаса қазір-ақ «Әкетіңдер» десем сақалыңнан сүйреп жөнелер жендеттер жетерлік. Ажалыңызға ерте ұмтылмай, жайыңа тұрыңыз.

Кәрім: Әкетіңдер. Толтыра алмай жатқан тізімдеріңе қосыңдар. Менің өмірім арыстай азаматым - Қайсардан қымбат емес.

Ерке: Сілімтіктер!

Беркетов: Әй,әй,байқап сөйле. Тыныш тұр да, жаз деген тізімді жаз. Байың аман қалсын десең...

Ерке: Қазір мен сендерді тізімсіз-ақ құртайын. (Қолына дастархан шетінде жатқан пышақты алады. Қызметкерлер қолындағы мылтықтарын кезенуге шамалары келмей жапырлап қаша жөнеледі.

Сығыр: Ұстаңдар! Ұстаңдар!

Кәрім: Сабыр ет, балам. Сәбиің үшін сабыр ет. ( Еркенің алдынан шығып,қолынан пышақты алады. Осы кезде босқа пышаққа ілігеміз бе деп үрпиісе қарап тұрған қызметкерлердің бәрі Еркеге жан-жақтан жабыла кетеді.)

Маймақ: Қолын байлаңдар. Қолын...

Сығыр: Аяғын да тұсап тастаңдар.

Беркетов: Қасқырбаев, аты-жөнін дұрыстап жазып алыңыз. Кеңес қызметкерлеріне қару көтерді деп түртіп қойыңыз. АЛЖИР-ге айдатамыз.

Маймақ: АЛЖИРІ несі? Шет елге айдатқанша сібірге жөнелтіп Поляковтың тапсырмасын орындамаймыз ба?

Қасқырбаев: Әй, сауатсыз сорлы. АЛЖИР-Акмолинский лагерь жен изменников родины. Әйелдер лагері. Мәселен, міне дәл көз алдыңда «халық жауының» әйелі тұр. Және оның үкімет адамына қарсылық көрсеткеніне, қару жұмсауға шақ қалғанына бәрі куә бола алады. Жаудың әйелін ұстадық деп тура кешке қарай облысқа рапорт беремін.

Сығыр: Ал бізге керек тізім қайда? Біз тізімсіз барсақ Поляков өлтіреді.

Беркетов: Түрмеге бір қамап алсақ, жанын қинап отырып тізімді де жазғызып аламыз. (Бәрі осылай шуылдасын жүріп Еркенің қолына кісен салады. Бірі Кәрімге мылтық кезеп тұр. Абыр-сабыр қарбалас. Шымылдық)

Үшінші көрініс

Әртіннен ауылдың сүренсіздеу келбеті көрінеді. Жалғыз аяқ соқпақ жол. Жапырағы түскен жалғыз ағаш. Қайсар пен Ерке дүниеден өткен. Сахнада жастық кездеріндегі елес бейнелері Ақ түсті жеңіл көйлектің сыртынан фуфайка секілді қара бешпет жамылған, сұрғылттау орамал тартынған Ерке. Кең балақ шалбар, жеңді жейде киген Қайсар.

Ерке: Қанем, сен әріптерді үйреткен соң оқымысты болып кеткенімді білесің бе? Қалқаман-Мамырды тауып алып оқыдым. Оқыдым да ойладым. Махаббат деген қандай әсем дүние. Махаббатты таусылмас шырын ба дедім...

Қайсар: Тоқта, тоқта! Ұмытпасам Шәкәрімнің өлеңі былай болып келеді:

Адамзатқа көмексіз,махаббатсыз,

Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

Болмаса махаббатлы бір сүйгенің,

Ойлашы керегі не бұл дүниенің.

Сүйсін,жолдас болсын деп жаратты Алла,

Бұл туралы білгенім осы менің...

Ерке: Иә, солай. солай. Бізге берген қысқа ғана тіршілікте басқаның да жүрек сезімін ұғып үлгердік пе екен. Маған әйтеуір Мамырдың сезімі жақын көрінеді.

Қайсар: Бұл сенің Мамырды ғана емес, жалпы махаббатты жүрегіңмен сезінгендігің... Қандай ғашықтық. Екеуінің де жүрегінде алаулаған от. Қандай ынтазарлық. Біздің ше? Біз ше. Мен жігіт болып бешпет, сен қыз болып ақ мамықтай үлбіреген, желбір етекті көйлек кимедік. Жасыл желегі жайқалған даланы қол ұстасып кезген кезіміз болды ма екен?

Ерке: Қанем, мен таңданамын. Таңданатыным сол, менің жадымда неге кілең қорғасын бұлтты сүйреткен сүреңсіз күз қалған. Апыр-ау,өткен жалған! «Жарық дүние,біздің қысқа ғұмырымызда сыйлағаның сол ғана ма? »- дегім келеді. Сонда қалай? Алдымен жауқазын гүл жарған көктем, одан кейін шуағын мол төккен қырмызы көңіл жаз болмас па еді? Неге мен ә дегеннен ызғар шашқан күзді елестетемін.Жарық дүниеде мен тек күзді ғана көргенім бе?

Қайсар:Еркешім менің. Аласапыраны көп мынау зымыран уақыт бізді жарық дүниеден тым ерте әкетті. Біз тіпті жан-жағымыздағыны тамашалай да алмай тура жұлдыздай ағып түстік. Еркешім менің, жұлдыз демекші, түнгі аспанда күмістей шашылған сансыз жұлдыздар есте болар. Жердің сыз тарта бастағанына да қарамай шалқадан жатып алып әлде бір тылсым сыр шерткен жамыра жарық әлемді ойша шарлайтын едік қой. Ол да күз. Күздің де өз қызығы бар еді... Менің құшағымда жас баладай әдемі исіңді үрлеп қойып, тым-тым алысқа мөлдірей қарайтынсың. Сен тіпті үндемеген сайын бір-бірімізді тереңірек ұғынып, жүрегіміз аттай тулайтын. Тіпті әдемі сөз айтылмай-ақ, біз шексіз бақытқа бөленіп, мәңгілік ғұмыр кешетіндей едік. Сонда жұлдыздар бізге қызыға да қызғана да қарайтын секілді еді. Олар сонда бізді алдамшы тіршіліктен бөлектеп, тым-тым алысқа шақырды ма екен? «Қанем, анау, менің жұлдызым» дейтінсің. Ол бәрінен де жарық, бәрінен де сұлу көрінетін. Сол жұлдыздар шақыра берген соң біз жастығымызға қарамай ерте кетіп қалдық-ау деймін, пәни дүниеден...

(Сахнадағы үн) Дала кешкен жұмбақ сырлар көп еді.

Мол болатын айтылмаған өлеңі.

Аспандағы ай да мінез танытып,

Мұңды шақта тым сұсты боп төнеді.

Мақпал түндер ызғар желге байланып,

Көшеді екен сұм түнекке айналып,

Жарқын мінез көрмегендей кең дала,

Бәрін жұтып алғандай-ақ қайғы анық.

Сол мұңлы кез іңкәрлікті жеңе алмай,

Жарқын шақтың келеріне көне алмай,

Бұйдаланып кетеді екен шығанға,

Аққа ұмтылған ақ ниетті сөге алмай...

Ерке: Иә, иә, Қанем! Мен жарық дүниеге ғашық едім ғой. Бірақ сол дүниенің,ғашықтықтың кәусарына қанып ішіп үлгермедік. Сен он алтыдасың. Мен сәл жастаумын. Бірақ мендік бір дауыл күш саған қарай жетелеп жөнелгендей еді. Алғашқы сезім тоғысын үнсіз-ақ ұқтық. Сол кезде өмірде өзге де бір қызық болады деп те ойламаппын. Менің пірім де мәңгілік өмірім де жалғыз сен едің. Бұйра шашың желбіреп сен қасымда тұрғанда әлемде сенен басқа күш бар демейтінмін.

Қайсар: Сол кездерде. Сол кездерде... Қас-қағым бақыттың өзі ғасырларға бергісіз екен ғой. Қараша үйдің қарапайым тойы өтті. Бірақ сол тойдан асқан мереке жоқ еді ғұмырымызда.

Ерке: Сол бір той... Айналамыз жадыра күлкі, қуанышты халық. Соның бәрі біз үшін. Ал сен болсаң алпауыт болып кеткендейсің. Құшағың қандай кең. Лебің от. Мен сенің алдыңда ерке лақтай ойнақы жеңіл болып кеткендеймін. Сенің жүрегің! Сенің жүрегің соққанда бүкіл әлемді тербетіп тұрғандай. Міне, енді алыс-алыс белестерге ұшып кеткенбіз. Арысым менің, біз жұлдыз болып ағып кетпегенде, жүрегіміз мәңгілік лүпіл қағып жатар ма еді.бұл дүниеде.

Қайсар: Қамауға алынып, торға түскен арыстандай бұлқынған шағымда екеуміздің бақытты шағымыз тым-тым қысқа болғанына өкініп түрменің тасын үгіп, құмдай шайнағым келді. Амал не... Амал не... Мәңгілік мұз құрсанған әлемдегі лагердің тар қапасында жатып талай тепкі мен езгіні көрдім. Аяусыз соққыдан кейін көз алдым тұманданып, есім ауып бара жатқанда әппақ болып сен келетінсің. «Шыда арысым, өмір үшін күрес» дейтінсің. Шыдаймын. Шыдаймын да, ертеңінде сені елес ретінде көргеніме де тәубе деймін. Есіңде ме, бала сезімдерімізді өзгеге сездірмеуге тырысып қыста кездескенде шұлғаусыз керзі етікті кие салып, екеуміз тар фуфайкаға оранып сарышұнақ аязда дірдектеп тұрғынымыз. Сол бір үскірікке оранған күндердің өзі естен кетпес үкідей үлбіреген шақ екен-ау. Апыр-ай, сонда ақ әлемнің әппақ періштесі екеніңді ойламаппын. Таңданамын. Тар қапаста өлі мен тірінің арасында жатқанымда сен алдыма аппақ болып келесің де тұрасың. Сендегі шексіз қуаттың күші сол ма?

Ерке: Қанем! Сен айдауда,атам ауылда,Тұрлыбек алыс нағашыларында сай-саланы бойлап дара өскен саяқ талдай болып кеттік қой бәріміз. Мен де халық жауының әйелі ретінде Ақмоланың лагеріне айдалып кеттім. Кілең әйелдер жатқан бараққа түскенде ақырғы демім таусылар тұсқа жеткенім осы шығар деп,өз-өзіме қол жұмсап, өмірмен қоштасқым келді. Өлгім келді, Қанем! Бәрінен өлім жақын көрінді. Кейде адамның күрт қалжырап кететін де кездері болады екен осындай. Біздей ғана пышақты тауып алып, тура жүрегіме қадап етбетімнен құлағым келді. Менің қимылыма жан-жағымнан қаумалаған әйелдер де қарсы тұра алмас еді. Түра алмады. Бәрін қоғадай жапырып,итеріп- итеріп тастадым.(Еркенің қолында жалаңдаған қанжар. Арпалысқан әйелдер. Қолынан ұстауға шамалары жетпей құлап жатыр.) Бір уақытта! Бір уақытта қанжарды жүрек тұсыма енді қададым-ау дегенде... Көз алдыма арыстай азаматым, асқар тауым-сен келіп тұра қалдың. Қанем менің! Өмірімнің өзегі-сен келдің құшағыңды жайып. Осы бір қаныпезер пиғылымнан қайтпасқа бекінгенімді сезгездейсің. «Мен үшін болмаса да, Төкенім,Тұрлыбегім үшін өмір сүруің керек» дейсің сен. Сенің баяу ескен қоңыр желдей жұмсақ үнің. Шіркін-ай, десеңші. Тасқын сумен арпалысып жатсаң да мен дегенде мамыражай күйден айнымайтын, сол бір қоңыр даусың.

Қайсар: Сол бір арпалыста мен жетсем ғой. Әттең. Әттең. Сол жарық дүниеде де екеуміз мәңгілік түйіспес жолға түсіп кеткендейміз.

Ерке: Сонда, сол арпалыс кезінде, сенің бейнең кеудеме сағыныш болып құйылды. Елжіреп кеттім мен. Сағындым ғой мен. Сағындым! Қол жетпестей алысқа кеткен Қанем! (Ах ұрады) Сонда, сонда... Сенің бейнеңді көргенде қолымдағы қанжардың қалай сусып түскенін де аңғармай қалдым.

Қайсар: Еркем! Мен де сенің елжіреген сезіміңді ұқсам да, қайыспас қайсарлығыңды кеш біліппін. Сенің тұтқынға алған кезде «халық жаулары» деп жарты ауылды тізімдеп бер дегендеріне көнбегеніңнің өз ерлік.

(Сахнадағы дауыс) Дүниеде кім күшті?

Түнеріп келген түн күшті.

Мәңгіліктей мұнарған,

Бұлт көшірген шың күшті.

Дүниеде кім күшты?

Ағысы қатты су күшті.

Бойына жұмбақ жасырған,

Қалың орман ну күшті.

Сөз қозғалса әріден.

Адам күшті бәрінен,

Төтеп берген қиынға,

Намысымен, жанымен.

Ерке: Өмір-ай, десеңші. Ауылдағы ақсақалдар өзінен-өзі отырып өткендегі бір оқиғаны есіне түсіп, «Ей, қу жалған-ай» деп өкінгенін естігенде сықылықтап күлетін едік. Қартайғандар ғана өткенге өкініп, аһ ұратындай көрінетін. Міне, біздің өмірімізде қуаныштан гөрі өкінішті тұстар көп. Қалай ұмытарсың. Сол бір тұтқындалған кез еді... (Сахнаны қараңғылық басады. Қайта жарық түскенде түрме іші. Столдың екі жағында әйелдер түрмесінің тергеушісі Ғалия мен Ерке қарама-қарсы отыр)

Ғалия: Уыздай жас дейін десем, байың бар. Балаң да бар. Балаңның аты кім дедің?

Ерке: Тұрлыбек.

Ғалия: Қазақ қай есімді де ырымдап қояды ғой. Мәселен «Жаманқұл» дейді. Жаман болсын, құлақ кесті құл болсын демейді. Болашағынан үлкен үміт күтіп, атын әдейі елеусіз қылып қояды. Ал енді Тұрлыбек ұрпақ болашағының тұрақты жалғасы-Тұрлы –бек. Тұрлаулы бек болсын дегені де. (Бір сәт үнсіздік) Неге үндемейсің? Өзің қатты мұңайып отырсың ғой. Мұңайма деуге шамам жоқ. Аяқ астынан лагерь камерасынан шыққан адамға қалайша көңіліңді көтере отыр дерсің.

Ерке: Апай, көңіл күйімде неңіз бар. Одан да тікелей сұрақтарыңызға көшіңіз.

Ғалия:Анықтайтын сұрақтар бар, әрине. Ретіне қарай қойылар. Екеуара ғана отырмыз ғой. Бір шындықты айтайын, сендей жап-жас әдемі келіншектер бізге сирек түседі. Талай оқымысты-білгірлердің әйелдері лагерде отыр. Басында сәнденіп, өздерін жоғары санап, кейкиіп жүреді. Бұл сылқым келіншектердің сырбазданар жері емес. Ертеңінде-ақ жындарын қағып аламыз. Көп ұзамай-ақ қазақтың қара қатындарының бірі болып шыға келеді.Мынау білекті көрдің бе?

Ерке: Көрдік. Түрменің ботқасын жеген-ақ екенсіз.

Ғалия: Сен қырсықпай тыңда.Осы білекпен мемлекет басшысының әйелімін дегендердің өзін жас балаша шырылдатып жібергемін.(Рабайсыз күледі)

Ерке:Сорлылар-ай. Ел қайғысын арқалаған мұңлықтар-ай...

Ғалия: Не деп отырсың. Жаудың қаншықтарын жақтап отырсың ба?

Ерке: Мені сауалға шақырдыңыз ба? Әлде өткен-кеткен жел әңгімені айтып, уақыт созғаныңыз ба? Онсыз да мең-зең болып отырмын.

Ғалия: Тулама, тулама! Сұлу келіншек, сенімен әңгіме басқа болмақшы.

Ерке: Қандай әңгіме?

Ғалия: Міне, бұл сұрақтың жөні бар. Мына түрмеде де өзгеден ерек, шалқып өмір сүретін жайлар болады. Иә,иә. Таңданып қарайсың ғой. Таңданба. Қырықтың қырқасына шықпасақ та заманның талай тірлігін көріп үлгерген адамбыз.Түрменің ішінде де көңіл көтеруге болады.

Ерке: Не дейт?

Ғалия: Не дегенде, сол. Жас кезіңде бос жүрме, ойна да күл дегендей... Жә, сені ойландырмай төтесіне көшейін...Біздің комендант Гулявинді көрген боларсың.

Ерке: Жоқ.

Ғалия: Әй, қатындар-ай. Қу боласыңдар-ау. Көрмедім деме, көрген боларсың...

Ерке:Ерігіп отыр екенсіз. Сыздықтатпай төтесінен бастасаңызшы.

Ғалия: Міне, әңгіме қайдан басталу керек.Байқаймын, менің айтарым сені қызықтыра бастады. Бәсе, әдемі келіншектер жан-жағындағылардың жақсылығын көре білу керек.

Ерке: Ол қандай жақсылық?

Ғалия:Әй, қазақтың келіншектері-ай. Ұйықтап жүресіңдер-ау. Жақсыны көрмекке дегендей, Гулявин қазақша айтқанда жігіттің төресі. Оны көргенде ақсағының өзі балдағын ұмытып, біздей тықылдатып жүріп кетеді. Ал Виктор Соломонович сені алыстан-ақ байқап қалыпты. Ғалия, сен анау бір тұтқын келіншекпен дұрыстап сөйлес деді.

Ерке: Сонда қалай? Сөйлескенде не демексіз?

Ғалия: Әй, даланың аңқау өскен қазақтары-ай. Мәселенің бәрі сол - сөйлес деген тапсырмада. Гулявин патша заманынан келе жатқан офицер. Ақсүйек. Қыз-келіншектердің сұлулығын тез байқап қоятын қырағы адам. Қыран көзі сені де байқап қалған секілді.Бір құпия сырымды айтайын, біз де Виктормен бір болсақ,бір кешті оңаша өткізсек деп армандаймыз.Еркектің жалындаған оты ғой ол. Е-ей десейші. Көрген де бар, көрмеген де бар. Шіркін,тіп-тік жүрісі қандай,күлкісі қандай! Ойласаң түсіңе кіреді.

Ерке:Түсіңе кіргені қалай?

Ғалия:Қап, оңай ұғына қоймайды екенсің. Ол өзіне ұнаған әйелді қалт жібермей қағып түсетін адам дедім ғой. Шақша басыңа жетті мен енді... Ашығын айтайын, сен жылы лебіз білдірсең оның да құлап түсер сыңайы бар. Жолың болатын келіншексің, оңай-ақ қақпанға түсіресің.(Сықылықтап күледі)

Ерке: Қайдағы қақпан?

Ғалия: Қайдағы қақпан дейді-ау. Қасқырға құрған қақпан емес ол. Қақпан деген құшақ. Сенің құшағың, оның құшағы... Екі құшақтың тас бұғаудай айқаса кеткені қақпан емей немене. Несін айтайын, Виктордың құшағы дүниедегінің бәрін ұмыттырып жібереді. Сенің де күйеуің қамауда. Ыстық құшақты аңсап жүрген шығарсың.

Ерке: Сайқал!

Ғалия: Әй-әй, байқап сөйле! ( Ерке орнынан тұрып, алдында отырған әйелге ұмтыла береді. Түсі қатқыл. Ғалияның қозғалуына шамасын келтірмей бүріп ала жөнеледі.Бөлме көмескілене береді.)

Ерке:Тура сөз түгілі, орағытып айтар ойдың астарын да аңдытпай аулайтын қазекемнің баласымыз ғой. Ғалияның ойын ашық айтып, намысымды жаншығанына қаным қайнады. Бұл дүниеден жақсылық естімей құса болып жүрген жүрегім кеудеме симай кетті. Сол тұрған бойында Ғалияның шашына жармастым. Алдында тұрған темір столға басын олай да соқтым, бұлай да соқтым. Қайдағы бір жез мұртқа қосып, жыртиып мәз болған беті қызыл жоса қан болды. Шыңғырған даусын естіп күзетшілер келіп қалмаса қолымда өлетін еді... «Дикарка! Бандит! Қарақшы!» десіп шуылдасып жүріп әйелдер әзер айырып алды. Мен де шашынан босатпадым. (Жарық қайта жанады. Сол ауыл көрінісі. Сахнада Ерке мен Қайсар)

Ерке: Шашынан босатпадым ғой мен. Менің ашуымнан ботқаға тойған борсық қатындар түгілі түрме басшыларының өзі шошынды. Қанем менің, шіркін-ай, деймін. Сол жерде екеуміз қатар жүрсек бүтіл түрмесін талқандап жіберер ме едік. Е-ей... Қысқа ғұмыр-ай! Арысым менің, түрменің күші мені де көндіре алмады ғой. Бір лагерден екіншісіне, одан басқаға ауыстырды. Шанада бүрісіп Сібірді шарладым, арбаны шиқылдатып талай түрменің ауласынан шықтым.

Қайсар: Аяулым менің. Адами сезім, ғашықтық, әділдік үнемі күреспен келеді. Жастайымыздан пешенемізге жазылған арпалысты жер де ауыр сезініп, көтере алмасын біліп жұлдыздар әлеміне жіберген болар. Жерде. Жерде сені сағынып жүрегім сыздағанда, сені сағынып күрсінгенімде кеудем түрменің тар қапасын жарып жібередей болатын. Түнмен таласып сен туралы жазған жырларым да аспанда ақ көгершін болып ұшып жүрген шығар ендігі. Ақ қағазға түсіп, талай мәрте топастардың қолында отқа оранып, көк түтін,қара көмірге айналған кездері де болды. Аяулым менің, сен туралы жазбаған жырларымның өзі өрши алмаған шоқтай болып жүрегіңе жетіп, жалынға орағанын білемін.

Ерке: Қанем менің. Бақытқа ерте ұмтылдық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Кеудемізге қонған бақыт құсы да неге тез ұшып кетті екен? Неге?

Қайсар: Аяулым,өмірде біз бақытсыз жандар болдық демейміз Білесің бе, еркем, Біз күштіміз. НКВД-ның басшылары бізді зорлықпен, үреймен қорқытамыз деп жүріп өздері алаштықтардың атын естісе үрейлері ұшып, зәре-құттары қалмайды. Бір күні лагерь камерасының есігі кілті сылдыр-сылдыр етіп ашыла бастады. Кірген баяғы күзетші Қаныбек. «Жүр. Сені Поляков шақырып жатыр» дейді барынша басқаларға естірпеуге тырысып, пысылдай сөйлеп. Соңынан ердім. (Лагерь кеңсесі. Кеңседе полковник Баранов. майор Поляков,екі күзетші отыр. Қайсар кіреді.)

Поляков: Міне, тұтқындағы Кәрімовтың өзі келді. Сұраңыз, бізбен қандай қатысы бар екенін?

Полковник Баранов: Біздің кімнен не сұрайтынымызды үйретпей-ақ қойыңыз, майор мырза. Сенің сонау шалғайдағы қазақ ауылымен байланысыңыз жайлы өзіміз де білеміз. Кәрімов, сен майорды жақсы танисыз ғой?

Қайсар:Талай мәрте соққыға алған адамды неге танымасқа.Танимын. Тағы да жүз сұрағын қайталап, тепкіге алмақ па? Сұрасын, бірақ айтар жауабым белгілі.

Баранов: (Қуақыланып) Сен жас болсаң да далада еркін өскен көкжал секілдісің. Саған батырлық, шыншылдық жарасады. Мыналар сенімен дұрыстап та сөйлесе алмаған ғой.

Қайсар: Сөйлесіңіз, полковник мырза. Еркін ел құрдық деген кеңестіктер еркіндік аңсаған халқымды жерге тұқыртып отырғанда билік өкілі - сізбен ұғысар ой таба алар ма екенбіз.

Баранов: Мынау жас жігіттің сөзі емес. Ел туралы ой айту сендей терең азаматтардан шығады. Өзіңдей жігіттерден биік тұрғаныңның белгісі. Дегенмен осы бағытты бастап бергендер де бар ғой? Әлгі, не деуші еді, көсемдер бар ғой. Батыл болсаң,өзіңе ақыл бергендердің атын атап шықшы. Білемін. Сендей жігіттер тек шындықты айтады.

Қайсар: Әрине елімізге көсем болар азаматтар аз емес. Бізде елге тұлға болар зерделілер көп. Көп! Бірақ олармен тілдесуге сендердің өрелерің жетпейді.Ал олардың кім екенін менен сұрап әуре болмаңдар. Майор да сұрай-сұрай жалыққан болар.Елім деген азаматтарды сатпаймын.

Баранов: Білмеймін, білмеймін. Поляковтың сендерден қандай жауап алып жүргенін. Мүмкін сен Поляковтың алаштарға көмектесе бастағанын айтарсың? Ал майор сен арқылы, маймақ дей ме,Сырғақов дей ме, әйтеуір осындай бір сүмелектер арқылы шпиондық тор құрып алғанға ұқсайды. Солай ма, Кәрімов?

Қайсар: Қызық екен. Ондай жағдайды естімеппіз.

Баранов: Иә, бұл дүниеде адам естімеген сұрқия әрекет, сатқындықтар көп.(Күзетшілерге бұрылып) Қараңдаршы,беделді офицер. Тіпті майор дәрежесіне дейін көтерілген. Міне, сондай оқымысты адам алашординецтердің қармағына түсіп отыр. Майор қазақ даласындағы ауылдарға тыңшы жіберіп, хат алып,өзара байланыс құрған. Тіпті, анау «Маймақ-Косолапый» дегенді астыртын қызметі үшін түрмеден де босатып жіберіпті. Алыс-жақынмен байланысқан Поляков секілді сатқындардың жапондық барлау қызметімен байланысы бар екеніне таңданбаймын.

Поляков: Полковник мырза, бұл жалған. Жапондықтармен байланыспақ түгілі қысықкөздермен ғұмырымда кездесіп көрметппін. Айтсаңшы Кәрімов, мұндай байланыстың болмағанын.

Баранов: Сорлы Поляков. Ұсталған тұсың да осы болды-ау. Сасқаныңнан өзіңнің сыбайластарың, алаштардан көмек сұрадың. Алаш дегенің осал жау емес. Өздерінің кеңес үкіметіне қарсылығы аз болғандай, міне қатарына белді-белді офицерлерді тарта бастапты. Сталин дұрыс айтқан, алаш секілді ұлтшылармен күрес миллиондарды тұтқындағанмен бітпейді. Тұтқындаған сайын өршіп, қатары көбеюде.

Қайсар: Дұрыс айтасыз, полковник мырза,ел азаттығын ойлаған алаш қозғалысын оңай тоқтата алмайсыңдар. Әлі-ақ елім азат болар күн келер.

Баранов: Байқадың ба, майор, сендердің жаулықтарың қайда екенін. Міне, енді баланың өзі полковникке қарсы сөйлеп, өз саясатын өткізе бастапты. Шпиондықпен айналысып, жауды еркіне жібергендеріңнің сиқы осы. Бара,бара алаштықтар көтеріліске шығып, елді басып алса, кім кінәлі болмақ?

Қайсар: Ел аңсаған еркіндікке қарсы тұра алмайтындарыңызды өздеріңіз де мойындай бастапсыздар ғой.

Поляков: Жап аузыңды иттің күшігі. Мен бұл сүмелекті қазір-ақ атып тастайын. (Белінен тапаншасын ала бастайды)

Баранов: Қызбаланба. Сырың белгілі болды, майор. Куә болатын адамның бірін көз алдымызда құртып жібермексің ғой.

Поляков: (Амалы таусылғандай кейіпте) Әй,Кәрімов, шыншыл едің ғой. Айтсаңшы менің сендермен байланысым жоқ екенін. Айтсаңшы, жалындырмай.

Баранов: Жетер, Поляков! Жас балаша көз жасыңды төгетін түрің бар ғой. Бәрі түсінікті болды. Кәні, конвой, майордың тапаншасын алыңдар! (Екі күзетші Поляковқа жабыла кетеді. Абыр-сабыр қозғалыс. Поляковтың «Мен кінәлі емеспін! Мен жазықсызбын!» деген жанұшырған айқайы. Сахна тағы да көмескіленіп барып көрініс ауысады. Сол ауыл, жол бойында елес бейнелі Қайсар пен Ерке)

Қайсар: Шыбын жаны дегенде азаматтар түгілі, тұтас елін сатып жіберуге әзір тұратындар осылай торға түскен шортандай тулайды екен. «Жазықсызбын» дейді. Сыртынан жала жабылып, нақақтан-нақақ атылған миллиондар ше? Коменданттың өзі де қанға құмар еді. Қанша адамның қанын ішті. Сол кезде шімірікпейтіннің бірі еді-ау. Асқанға-тосқан. «Бұл дүниеде жасалған қысастықтың қайырымы о дүниеге кетпейді» деуші еді. Комендант та өздері құрған тордың құрбаны болды. Көп ұзамай Поляков атылды. Поляков секілді көп лагердің басшыларының бірі емес «аузыма құс тістеген алпауытпын» деген қаныпезер комиссарлар Ягода мен Ежовтар да оққа ұшты. Күн көсем Сталиннің өзі оларға қорған бола алмады.

(Сахнадағы дауыс) Бақыт қайда барасың,

Кезіп қазақ даласын.

Бөле алдың ба айырып,

Жақсы-жаман арасың?

Бақыт сонда тіл қатты:

« Білем асыл, қымбатты,

Байтақ жатқан мына ел,

Тарих сырын тыңдатты.

Біреу ұзақ жасайды.

Аз жасайды қырандар.

Бақыттылар ел үшін

Жанын қиған ұландар.

Ерке: Қанем менің! Әділдікті көп айтатын елді жалғандық жайлап кетер деп кім ойлаған. Шындық ашылып, жазықсыздар босатылар деп те ойлаған едік. Қанем,сенің бір топ арыс азаматтардың қатарында атылып кеткенің жайында алғаш хабар да естімедік. Үміт отын өшірмей, бір хабарыңды күтіп сарылып жүргенімізде, айқасқа толы дүниеңмен қоштасып кете барыпсың. Арысым менің! Құс болып ұшсаң да жете алмайтын шалғайда кішкене Тұрлыбегіңе де әкелік тілегіңді айта алмай өлім жолына жаутаңдап кете бардың-ау. Арыстай азаматқа оқ атқандар қараңғы ауыл азаматтарының сұрауы да болмайды деген шығар.

Қайсар: Жо-жоқ, олай деме, Еркем! Менің ғұмырым қысқа болған шығар. Бірақ, мен әйтеуір кәрі сүйегін сүйреткен қариядай өмір сүріп, көп төмпешіктің бірі болып қалмайтыныма сенемін. Менің рухымды ел көтереді. Себебі, себебі менің қамшының сабындай қып-қысқа өмірім халқымның азаттығы мен еркіндігіне арналды. Біздер, алаштықтар секілді қазақтың қанша тұлғалары арман жолында, айқас жолында өмірден өтті. Ақиқат жолы осындай ауыр екен. Бірақ елімнің еркіндік жолына жетеріне сендік. «Біз жетеміз! Біздің рухымыз жетеді. Еркіндік аңсаған ұрпағымыз жетеді» деп болашақтан үмітімізді үзбедік. Мен болашаққа сенемін. Сенемін! Сол үшін де жас жанымды пида еттім. Азаттық деген сөз мақтанышпен айтылады деп армандаған едік. Елім еркіндік белесіне жеткенде Азат деген есімін мақтанышпен айтатын ұрпақ көп боларына еш күмәніміз болмаған еді... Себебі олар біз аңсаған азат елде өмір сүреді. Мен сенемін! Мен сенемін, Еркем! Бәріне мың сан жұлдыз куә. (Пафосты дауыспен) Мың сан жұлдыз! Сендер естисіңдер ме? Елімнің азаттығы жүрегімде! Мен де ағып барамын! (Сахна қараңғылана береді. Аспанда жұлдыздар. Аққан жұлдыз. Соңы.Шымылдық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар