Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ғасыр бұрын жазылған құнды жәдігер табылды...

10.03.2023 4004

Ғасыр бұрын жазылған құнды жәдігер табылды 14+

Ғасыр бұрын жазылған құнды жәдігер табылды - adebiportal.kz

(«Бұршақбайды жоқтау» атты қисса)

Жоғалып кеткен көлемді жоқтау жыр ел қазынасына қосылғалы тұр. Еліміздің егемендігінің арқасында өшкеніміз жанып, жоғымыз түгенделуде. Әсіресе, тәуелсіздіктен бері елге оралған ағайынның рухани қазына сақтап, қалам ұстағандары қаншама мұрамызды ел қазынасына қосты. Біз өткен жазбамызда Алаш арыстанының бірі болған Әбдікәрім болыстың жұртқа белгісіз жырлары табылғанын айтып «Abai.kz» сайтында және Моңғолия қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ақтан Бабиұлының «Дүңген төңкерісі» атты кесек дастаны табылғанын айтып «Әдебиет порталында» қаймана қазақ баласынан шүйінші сұраған едік. Екі құнды мұраны да алғашқы болып ұсынған, бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне бет алған ақсақал Шорман Қабдырахманұлы екенін жеткіздік. Жаттампаздық қасиетті жасынан-ақ жадына ұялатқан сол Шорман ақсақал «Бұршақбайды жоқтау» атты көлемді қиссаны да ұсынып, ары қарай Алаш баласына жеткізу сендерге аманат деп қолжазбасын берген еді. Жазуы маржандай ұқыпты да рухы биік қарттан аса құнды аманатты алғаннан кейін, төте жазумен (А.Байтұрсынұлы жазуы) жазылған жыр жолдарын бүгінгі жазуға түсіріп, шамаша түсініктер мен ескертпелер қосып, ойлы оқырманның зердесіне тарту етіп отырмыз. 

«Бұршақбайға арнау» (жоқтау) атты бұл көлемді қисса жырдың авторы да Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург Ақтан Бабиұлыныкі болып шықты. Жырға арқау болған Бұршақбай – өткен ғасыр басында ҚХР Алтай бетіндегі Шүйіншәлі елінің өте білікті, жұртына әділдігімен аты шыққан атақты биі (үкірдайы). Шамамен 1874-1931 жылдары арасында өмір сүрген. Жыр авторы Ақтан Бабиұлына Бұршақбай би ауылы қайын жұрт болады екен. Дегенмен, автордың мақсаты қайын жұрттағы білікті бір кісіні мадақтау емес, алты алашқа аты кеткен бірегей тұлғаны ел есіне қалдыру екені байқалады. «Сайраған Орта жүзде бұлбұлым-ай», - деп емірене еске алғанына қарап та, Бұршақбай бидің күллі Алтай бетіне танылған беделді тұлға болғанын мөлшерлеуге болады. Он жеті жасында би болып, елу жеті жасында мәңгілік сапарға аттанған бидің қырық жылдық билік жолында қара қылды қақ жарған әділетті кісілігі сөз болады. 

Туған елі, өскен жері атын төте атамай Пұшаң атап кеткен Бұршақбай би туралы жазба әдебиет пен ел тарихындағы ресми дерекке тұңғыш рет енгелі отыр. Осыған дейін, өткен жылы Алматыдағы «Bilge» баспасынан шыққан «Кешубай шежіресі» (кешубай – он екі Абақ керей руының бірі жәнтекейден тарайтын сүйіншәлінің секелінен тарайтын аталық ру) атты кітапты құрастырушы Бақытхан Әбілқұмарұлының қысқаша таныстыруында да Бұршақбай би есімі аталып өткен болатын. Енді бүгін бір дәуірдің бірегей тұлғасы Бұршақбай биге арналған кесек еңбектің табылуы алаш баласы үшін қуанышты ірі жаңалық деуге толық негіз бар. 

Жоқтау жыр 325 жолдан тұрады. Ішінара тармақтары өшкен немесе ұмытылса керек. Ақтан Бабиұлы 1933 жыл ел ішіне дүрбелең туғызған «Дүңген төңкерісінде» бөліне көшкен елмен бірге бүгінгі Баян-Өлгей аймағына көшкенін ескерсек, Бұршақбай би онан екі жыл бұрын қайтыс болды, арнау жоқтау сол жылы жазылды деуге болады. Қалай дегенмен жазылғанына ғасырға жуық уақыт өткен (тоқсан екі жыл) бір тарихи мұраның қазақ рухани қазынасына қайта қосылуы ақжарма жаңалық есептеледі. 

Қисса сарынды жырдың өн бойынан құнарлы әдеби көркем тілді көруге болады. Мына тармақтардан оқырман ойға қалары хақ. 

Әй, жалған, азды-көпті көрген қызық, 

Болды ғой көзді ашып-жұмғандай-ақ. 

Кеткендей жер шайқалып, күн тұтылып,

Түбінен мықан ағаш сынғандай боп. 

 

Құлады амал қанша асқар тауым,

Айырған жез бен мыстай дұшпан жауын.

 

Қайтейін, берсін жұртқа қайырымды-ай, 

Қоймаған шариғаттың заңы мұндай. 

Бұзылып ел реті күйік шекті, 

Өрт шалған ақ түбектің қайыңындай. 

Қазақтың күні кешеге дейінгі тілінде бар етістіктен кейін көптік жалғауы жалғанатын қаисетін де дастаннан көріп қалдық. 

Қағазға тәмам молда қарадылар, 

Сарап қып біткен малын санадылар. 

Өліктің мал зекеті, садақасы, 

Қырық-елу қара ұстауға жарадылар. 

Сондай-ақ автор дәстүрлі қазақ қисса жазармандары сияқты шығарма арасында өзін де таныстыра кетеді:

Мен Ақтан мұны жазған пақырыңыз, 

Көп емес аз ғана еді ақылымыз.

Бір жұрты – ер жігіттің қайын жұрты, 

Тақсырдың алыс емес, жақынымыз. 

Міне, біре жыл ішінде бір емес, бірнеше жәдігер мұраны ел қазынасына қайта қосқан Шорман ақсақал Қабдырахманұлына алғыс білдіреміз. Бұл туындының Арғы беттегі қандастар тарихын, әдебиетін зерттеуде, тұлға тануға арналған еңбектер тұрғысынан зерделеуге, Ақтан Бабиұлы шығармаларын толықтап зерттеуге тың жол ашары даусыз. 

Әділет Ахметұлы

ақын, Алаш мұраларын зерттеуші

БҰРШАҚБАЙҒА АРНАУ

(жоқтау) 

Бастайын бір қиссаны үкірдайдан[1],

Көп тілеп иманымды бір Құдайдан. 

Сайраған Орта жүзде бұлбұлым-ай,

Табылар сіздей адам бізге қайдан?!

 

Бақ қонған арғы атасы Шүйіншәлі[2],

Солардан қалған мынау дүние пәлі.

Барлыбай, Барақ пенен Шүйіншәлі,

.....................................................

 

Солардан қалған осы дүние пәлі, 

Бекежан солардың да өткен жары. 

Жұртында өткен елдің қалғандай боп,

Айланып сұм дүниеге елдің жайы.

 

Дүниеден ол да өткен Дәуіт биім,

Жүрекке қайғы-қасірет болар түйін. 

Әй, жалған, енді ойласам ұлық өліп,

Артында елі жетім қалған қиын. 

 

Шүйіншәлі төрт еді-ай, 

Барлыбай шыққан ертеде-ай. 

Жазылған асыл таңбасы,

Тұратын қолда көс-көс ет,

Барлыбай мен Шобашты-ай.

Байқан, Шаған төртеуі,

Бұқара болдық сізге деп,

Ұлығына кәпірдің,

Қоятамда жолығысты-ай. 

Шаған менен Байқашты-ай,

Асылдығы жайтастай.

Қарақасты[3] ол билеп,

Қонысы кетті айқаспай.

Ажал бір түскен құрықтай, 

Алыста емес жуықта-ай. 

Арада өтіп неше ата,

Дәуіттен Пұшаң туыпты-ай. 

 

Дәуіттен сонан кейін Пұшаң туды, 

Атаның туа сала жолын қуды. 

Пұшаң би дүниеден өткеннен соң,

Ел жылап көз жасымен бетін жуды. 

 

Би болып он жетіде жетілгенің,

Аяқ жұрт ақыл тілеп өтінгенің.

Жасында елу жеті о, дариға-ай,

Ақсұңқар қолдан ұшып кетіргенім.

 

Би болып отырды жыл жиырма тоғыз, 

Сылдырып үніндей боп сырнай, қобыз. 

Қайран ер сапар шекті дүниеден,

Елудің жетісінде, жылы доңыз. 

 

Пұшаң да жігіт еді туғандай-ақ, 

Ел бетін көз жасымен жуғандай-ақ. 

Әй, жалған, азды-көпті көрген қызық, 

Болды ғой көзді ашып-жұмғандай-ақ. 

Кеткендей жер шайқалып, күн тұтылып,

Түбінен мықан ағаш сынғандай боп. 

 

Үкірдай елу жеті жаста онда,

Шәріптің Рамазан басшларында.

Түнінде сейсенбінің қонақ болып, 

Бір сайгуан[4] отыр еді қастарында.

 

Жыр, қисса қағаз жазсам үкірдайдан,

Болжаусыз тағдыр қаза осындайдан. 

Тарауық оқымаққа намаздарын, 

Мәзіндер мешіттегі айтты азан. 

 

Дұғаға қол көтерді жиылған жұрт, 

Қабыл ал ниетімді омин деп.

Жердегі аяқ жетер бас-аяқтан, 

Тарқады намаз оқып мешітке кеп. 

 

Мешіттен намаз оқып қайтты үйге, 

Салады Құдірет күшті қандай күйге. 

Тағдырдан ажал уақыт жетіп келіп,

Білінді әрбір мысал Пұшаң биге. 

 

Тұрса да көз бұлдырап, денесі ұйып, 

Айтпады ел-жұртының көңілін қиып. 

Қайда келді ажалы, амал қанша, 

Бір ауыз айтпады ақыл есін жиып. 

 

Сайгуанмен аз сөйлесті үкірдайым,

Айтады бұрын-соңды елдің жайын. 

Бар еді бір арманы жүрегінде,

Жеткізер кімді арманға бар Құдайым.

 

Тақсырдың айтқан сөзі кеңескенде,

Биікке бас ұрмаған теңескенде.

Келтірген елге пайда ерлікпенен, 

Алашқа күш бермеген егескенде. 

 

Ағайын өкпе аралап арасында,

Мәлік[5] пен шүйіншәлі арасында. 

Сайысып ала көз боп қылышпенен, 

Құйғанның[6] жатып алды қаласына. 

 

Қытайдан бітпей ол іс кетті ұзап, 

Бүлдірген ел арасын жалғыз қысырақ. 

Тақсыр-ау, жетпей кеттің сол арманға,

Адамға ажал деген құрған тұзақ. 

 

Сарғайтып Пұшаң ағам Мұхтасарды, 

Бұрынғы орнын алып тұрды дағы. 

Сайгуанмен аз сөйлесіп тұрды дағы, 

Кеңесіп айтқан сөзі сол баяғы. 

 

Ғазизім келді үйіне қайта қайтып, 

Сайгуанға білген сөзін айтып-айтып. 

Ізденіп ұзақ жолды бір сапарды,

Ғазизім қайтам деді көңілін жай қып. 

 

Күттірді қонақтарын беріп асын,

Ойында ештеңе жоқ, беріп асын. 

Дәретке түзге шығып отырғанда, 

Ауырып бара жатыр деді басым. 

Барады әлім құрып дегеннен соң,

Мария көл қып төкті көздің жасын. 

 

Жыбырлап бара жатыр бетім дейді,

Барады оттай күйіп етім дейді.

Үш қарап төңірекке күрсінеді,

Қайран елім, қалдың ғой, жетім дейді.

 

Құлады амал қанша асқар тауым,

Айырған жез бен мыстай дұшпан жауын.

Түрегеп дәрет алып тұрып қалды, 

Байлауға халі келмей ыштан бауын.

 

Ауырды өстіп тақсыр алғашында,

Аллалап жатыр оң жақ жамбасында.

Жиылып ауыл-аймақ бәрі шулап,

Құрбан ғып айттық дейді мал басын да.

Бір ауыз сөйлемеді дүние сөзін, 

Ажалдан білгеннен соң қалмасын да.

 

Оңғарып Құранменен сипап жүзін,

Кәлима мұштаһади айтып сөзін. 

Өтерін дүниеден білгеннен соң,

Жалғанға қарамады-ау ашып көзін. 

 

Ауырды өстіп тақсыр таң атқанша, 

Тақыттан түсіп кетті асыл патша. 

Байланып кетті тілі сөз қатқанша. 

 

Түнімен елі-жұрты болды жиын,

Айтпады алым-берім жалғыз түйін. 

Ғазиз жан көп кешікпей бойдан шықты, 

Түскендей заман ақыр болды қиын. 

 

Абақ жұрттың арманы-ай,

Қош айтпай бәрі қалғаны-ай.

Кімге опа береді,

Пәни дүние жалған-ай. 

Қош деуге дәрмен келтірмей,

Құдірет Алла пәрмені-ай. 

А, дариға сұм жалған, 

Көк тұйғын сұңқар жеуді алғаны-ай. 

Сұрамай ақыл аузынан, 

Халыққа болды-ау, сол арман. 

Айтпады ақыл бұрын да-ай,

Арманда қалды жұртың-ай, 

Патшадай сағынам,

Пайғамбардай сыртың-ай, 

Шүйіншәлі баласы,

Бір білектің саласы.

Жасағанның жарлығы, 

Құлады қорған қаласы.

Патшаң келсе бір порым

Кім болар оған панасы. 

Ағайын мен алашын,

Білдірмей жұртқа жаласын,

Айдыннан ұшқан аққуым, 

Сынды ғой сабы ақ туым. 

Елу жеті жасыңда, 

Таусылды тақсыр, дәм-тұзың.

Асылым шыққан халқымнан, 

Жаралып жауһар алтыннан,

Алдымда басшы ақ серке,

Жүруші ек еріп артыңнан. 

Жалғыз күнім, айымыз,

Не болар енді жайымыз.

Қабақтың көңілін ашатын, 

Ақ  бүйрек ішкен шайымыз. 

Көтеріп елдің көңілін,

Білінбей жарлы-байымыз. 

Алашқа намыс бермеген,

Биікке қолын сермеген. 

Қолыңыз құт аяққа, 

Күн сайын бақытың өрлеген.

Асылым гауһар алтыным, 

Мінезің ашық жарқыным. 

Жайлаушы едің сайрандап,

Аютының салқынын, 

Буыршынның алқымын. 

Он жетіңде би болып, 

Абаққа айттың ақылды-ай.

Әділдікпен іс қылып, 

Тентекті тыйдың мақұлдай. 

Өзекті жанда өлім бар,

Ажал шіркін жақында-ай. 

Арыстандай айдыным, 

Алашқа бермей қақыңды-ай. 

Асылым сапар шекті ғой,

Түсіріп заман ақырды-ай. 

 

Жалғанда кім тауысар мұңын айтып,

Қайран ер дүниеден кетті-ау қайтып.

Білдірмей ел-жұртының кедей-байын,

Ғазизім жүруші едің көңілін жай ғып. 

Салды ғой мұндай күйге құдірет Жаппар, 

Шапқыншы әр тарапқа кетті шауып. 

Мақпуза амандасып Зағилаға,

Ауылында Құйқабайдың жатыр олар.

 

Жіберді қағаз жазып Тұрғынбайды,

Жатыр деп сырқаттанып үкірдайды.

Таңда жоқ түнде көрген деген заман,

Жарлығы құдіреттің осындай-ды. 

 

Бір адам түнде жүріп дүбірлейді,

Сөйлесіп біреуменен күбірлейді.

Үкірдай қатты науқас болып жатыр,

Шақырып балаларын жүрсін дейді.

 

Мұны естіп Зағиланың кетті есі,

Ажалдың болжалы жоқ ерте-кеші. 

Бір сұмдық не қылса да болған екен,

Шапқыншы түн ортасы келгені несі?!

 

Мақпуза Зағила мен жылайды зар, 

Орнына үкірдайдың екеуімізді ал. 

Қанжарқан, Уәлихан жас еді ғой, 

Не керек сізден кейін дүние мал.

 

Дүниеде өлмей кеткен пенде қалған емес,

Түңілген хақ өлімнен арман емес.

Әуелде жазу солай болғаннан соң,

Біреуді біреу үшін алған емес. 

 

Отырды шуылдасып таң атпады,

Балалар жалғыз қасық дән татпады. 

Бәрі де не болдық деп шулай берді,

Бір ауыз одан басқа сөз қатпады. 

 

Жылайды елі-жұрты, құдандалы,

Көл болып етегінен көздің жасы. 

Қайран ел не болады қалды-ау иен, 

Құлады жұрт сүйенген гауһар тасы.

 

Балалар таң сәріде мінді атқа, 

Бір қисса үкірдайдан жаздым хатқа.

Көре алмай балалардың қалғанынан,

Берейін біраз сөйлеп жамағатқа. 

 

Дүние ойлап тұсаң бәрі шолақ, 

Ағалар, ол болжаусыз, өлмек, тумақ. 

Дәреттеп таза жуып оңға салды, 

Қойыпты құбылаға басын оңап. 

 

Мықты атқа түстік-ақ жол еді, 

Буыршын, Қаба арасы. 

Жасағанның ісіне,

Жамағат енді қарашы. 

Зарлап келді әкелеп, 

Мақпуза, Зағыш баласы.

Зарлайды жылап егіліп,

Екі бірдей анасы. 

Ауылдың сырты топыр ғой,

Не болған жұртым ойпырай.

Жұртым келе жатыр деп,

Пұшаң үйде отыр ма-ай?!

Биікке түскен тұмандай,

Кім көрген істі мынадай.

Жақсылар отыр сандалып,

Белге соққан жыландай. 

Балалар отып ойбайлап,

Қой дегенге уанбай. 

Моллалар айтар шариғат, 

Осылай деп Құранда-ай.

Құлаққа тиді бір хабар, 

Суықты күн мұздай боп, 

Күйдіріп ішті барады,

Ұстап жеген тұздай боп. 

 

Балалар келе аттан қалды құлап,

Ауыл, жұрт бәрі шулап жатыр жылап.

Әуелде, жазу солай амал қанша, 

Ағалар, ол болжаусыз өлмек, тумақ. 

 

Жиылып үлкен-кіші келді бәрі, 

Зар жылап.... ... жас пен кәрі.

Бәйшешек гүлі үзіліп қалды солып,

Бұзылып бұрынғыдай елдің сәні. 

 

Қайтейін, берсін жұртқа қайырымды-ай, 

Қоймаған шариғаттың заңы мұндай. 

Бұзылып ел реті күйік шекті, 

Өрт шалған ақ түбектің қайыңындай. 

 

Жиылды үлкен-кіші, жақсы-жаман, 

Сәлем жоқ бір біреуге айтар арман. 

Жәрмеңке бауырындай тамашасы,

Қайтейін о, дариғай-ай қайран заман. 

 

Буыршын, жоғары Ертіс, төмен Қаба,

Жиылды бірі қалмай бәрі ғана.

Қайран ел не болады, қалды-ау иен,

Қайтейін, жәрдем берсін Хақ тағала!

Көп жылау шариғатқа қиын іс деп, 

Моладалар ақыл айтар тоқтау сала. 

 

Естіген қатын-бала қалды талып,

Көп жазған дүние зарын мен бір ғарып.

Төрт түлік үкірдайдың біткен малы, 

Алдына салды жұрттың жиып алып. 

 

Құдайым асылына берсін иман, 

Іс қып ед шариғатқа ауқым иман. 

Тәмсіл қып осылардан ойлағанда,

шіркін-ай, неге керек дүние жиған. 

 

Қағазға тәмам молда қарадылар, 

Сарап қып біткен малын санадылар. 

Өліктің мал зекеті, садақасы, 

Қырық-елу қара ұстауға жарадылар. 

 

Бір жазу жазса алғашта тәңірім солай,

Құрбан қып айтсаң алмас мал басын да. 

Жиылып қанша кісі жаназа боп, 

Бейсенбі күні тиді жерге жамбасы да. 

 

Тіледім иман тілеп көзімнен жас, 

Естіген береген жан қарындас.

Ғазиз жан бойдан шығып кеткеннен соң,

Суытпас кімнің көңілін қара жер тас.

Артыңнан намаз оқып екі ракат,

Сәждеге илаһи деп мен қойдым бас.

 

Дұға қып илаһи деп көтердім қол, 

Асылым, сапар шектің бір ұзақ жол. 

Алдыңнан басшы болып Хақ Пайғамбар, 

Оларға жолықтырсын я-зүлжәлал. 

 

Есігі сегіз бейіс болсын ашық,

Алдыңнан қордың қызы інжу шашып. 

Хақ расұл Құдайымның сүйген досы,

Соларға жолықтырсын дидар нәсіп. 

 

Мен Ақтан мұны жазған пақырыңыз, 

Көп емес аз ғана еді ақылымыз.

Бір жұрт – ер жегіттің қайын жұрты, 

Тақсырдың алыс емес, жақынымыз. 

 

Жазамын ерлігіңді бір-бір бастан,

Алашқа аты шыққан арыстандай. 

От шыққан ауызынан шақпақ тастай, 

Артыңда араманым сол амал қанша, 

Мәрия Қанжарқан мен қалды-ау жастай. 

 

Қанжарқан жетпей қалды-ау он жасына,

Жаратқан патша Құдай қолдасын дал. 

Ойласам Мәрия мен Зағиланы, 

Көлкиді қорғсындай көз жасым да.

 

Зағыш қой нақ Пұшаңа тарқан бала,

Алмал жоқ болмаған соң еркек бала.

Көп көрді рахат пен михынатты,

Қоянға тау артқандай болып қана. 

 

Заты артық зағиланың басқасынан,

Көп көрді михынатты жас басынан. 

Түрленіп бәйшешектей тұрғанында,

Айырылды екі үкірдай достасынан. 

 

Осымен ер кезегі үш болды ғой, 

Бір қиын Зағышыма іс болды ғой. 

Айырылып екі үкірдай Сейітінен 

Бір көрген ұйқыдағы түс болды ғой. 

 

Алланың көп емес пе берген бағы,

Сөйлейді бұлбұл адам тіл мен жағы.

Бір мысал асығыста жаза салдым, 

Қолдасын үкірдайдың әруағы! 

 

Жазып, ел ішіне таратқан Ақтан Бабиұлы


[1] Үкірдай – манчжур тілінен енген, болсы дәрежелі мәнсап аты. Цинь империясына қараған қазақтардың билік дәрежесінде төре мен биден өзге, уаң, гүң, амбы, үкірдай, зәңгі, залың,т.б. атақтар болды. – Ә. Ахметұлы. 

[2] Шүйіншәлі – Орта жүз Абақ керейдің ең көп өскен руы – жәнтекей. Жәнтекейден Сүйінбай, Сүйіндік, Сүйіншәлі (Шүйіншәлі) тарайды. – Ә. Ахметұлы. 

[3] Қарақас – он екі Абақ керей  рунының бірі. 

[4] Сайгуан – қытай тіліндегі қазына басқарушысы деген мағынада болуы мүмкін. 

[5] Мәлік – он екі Абақ керейдің бірі Жәдіктің бір үлкен руы. 

[6] Құйған – Төменгі Алтайдағы Буыршынға қарасты жер аты. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар