Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ғасыр тұлғасы – Шәкір Әбенұлы...

16.05.2021 6209

Ғасыр тұлғасы – Шәкір Әбенұлы 12+

Ғасыр тұлғасы – Шәкір Әбенұлы - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Шәкір Әбеновтің 120 жылдық мерейтойына арналған «Шыңғыстаудың бір шыңы» көрмесі аясында дөңгелек үстел және Тұрдықұл Қасенұлының «Шәкір Әбенұлы шығармалары (Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі қолжазбалары негізінде)» атты кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Қоғам қайраткері, халық ақыны, фольклоршы, сазгер Шәкір Әбеновтың өнегелі өмір жолын насихаттап, оның ұрпаққа қалдырған мол мұрасы, еңбектерінің зерттелуі хақында ой өрбіді.

Өз кезегінде Шәкір Әбеновтің қызы - Сана Шәкірқызы Ұлттық руханиятта сіңірген айрықша еңбегі үшін Абай мерейтойлық медалімен марапатталды.

Шара аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің қорларынан ақынның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін ғылыми әдебиеттер, жәдігерлер мен бейнелеу өнері туындыларынан жасақталған шағын көрме бұрышы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар іс-шараға Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының директоры Аслан Қабылбекұлы Гафуров, Қазақ күресінен «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» чемпионы, «Құрмет» орденің иегері Айбек Нұғымаров, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы, Құндызды ауылының әкімі Думан Ысқақов, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының дәстүрлі әншісі Біржан Айтахметов және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Тұрдықұл Қасенұлы, Нұр-Сұлтан қаласында ақын Шәкір Әбенұлына арналған көрменің Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейінде ашылуының мәні неде? Соған тоқталып өтсеңіз.

- Рахмет, құрметті Арман бауырым. «Әдебиет порталы» еліміздің мәдени өмірінде болып жатқан қандай да бір елеулі шара болса, оған назар аударып, оны қалың жұртшылыққа насихаттап жеткізіп отырады.Соған біз ризамыз.

Ал, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі өзінің жұмыс жоспары негізінде жыл он екі ай республика көлемінде көптеген жылжымалы мәдени шаралар өткізіп отырады. Біз осы мамыр айында осындай екі жылжымалы көрмені екі қалаға жеткіздік. Бірі, жер жаннаты Жетісудағы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы облыстық өлкетану музейіне «Алаш мұрасы және тәуелсіздік құндылығы» атты көрме апарсақ, екіншісі еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласына Ұлттық музейде «Шыңғыстаудың бір шыңы» деген Шәкір Әбенұлының өмірі мен шығармашылығына арналған.

Осы мәдени шара аясында, Абай музейінің ғылыми қызметкерлері дайындаған екі томдық «Шәкір Әбенұлы: шығармашылығы» кітаптың тұсаукесері өтті.

- Осы жылжымалы көрмені өкізудегі негізгі мақсат не? Белгілі бір елдік мәселеге байланысы бар ғой?

- Әрине. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, әрі ақын-сазгер, зерттеуші Шәкір Әбенұлының туғанына 120 жыл. Міне, осы қос мерекені орайластырып, Ұлттық музейдің қолдауымен ашып отырмыз. Осы шараның символдық мәні бар. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халқымыздың дәстүрімен Шәкір ақсақал Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берген еді. 1994 жылы 23 қазанда ғасыр тұлғасы Шәкір Әбенұлы дүниеден озғанда, Елбасы көңіл айтқан болатын. Сонда, көңіл айта отырып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шәкір атамыздан ақ бата алған сәт менің ғұмыр бойы жадымда жүретін болады» деп ақ батаның асыл құндылық екенін, бата алған сәттің ғұмыр бойы жадында жүретінін айтып, қадірменді ақсақалдың қазақ мәдениетіндегі орнын ерекше атап өткен болатын. Бұл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздіне тікелей қатысы бар елеулі оқиғалар. Елорда халқы мен келген қонақтар осы көрмені бір ай бойы тамашалай алады.

Өзіңіз білесіз, бата – тамыры тереңде жатқан қазақ халқының алтын қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дейді қазақ даналығы.

Алғаш 1991 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ әдебиетінің классигі, хакім Абайдың туған жері Шыңғыстау-Жидебайға келіп, халқымен кездескен еді. Сол тарихи сәтте ақын Шәкір Әбенұлы Мемлекет Басшысын өлеңмен құттықтаған болатын:

«Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ!//Қазақ елі ежелден көкседі азат.//Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,//Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.//Біз көрген зобалаңды, қуғын-сүргін,//Енді ешкім көрмесін қанды қырғын.//Бар ұлттың тілін тауып табыстырған,//Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.//Зерек ақыл, зенрделі ой, батыл жүрек,//Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп.//Қарадан қан туған деп қадірлеген,//Қазағың ғұмырыңды жатыр тілеп.//Абылайым бүгінгі сен емес пе,//Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!//Халқыңа тәуелсіздік нұрын шаштың,//Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.//Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,//Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?».

Сондай-ақ, ғасыр куәсі, қадірменді ақсақал, ақын Шәкір Әбенұлы 1991 жылы қараша айында Ел астанасында Республика сарайының төрінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты президентікке ресми сайлау салтанатында тұтас қазақстан халқының атынан ақ батасын берді:

«Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар батасын берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі – негізгі бата, екіншісі лебізді бата дейді. Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол негізінен үш міндетке саяды. Бірінші – дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы, диқан, мал өсіруші қауымының табанақы, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату. Екінші – осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суық қол сұғанақтарға, қиянатшыл-зорлықшыл, зұлымдарға тыйым салу. Үшінші – қошеметші, жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көзбен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш талап мүддесінен көрінген басшы ел сенімін ақтары хақ.

Енді менің лебізді батам, тұжырым-түйінім мынау: иллайи аумин! Халыққа береке, мынау қилы заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын болсын! Аллаһу акбар!».

Иә, Жаратушымыздың өзі қолдап, ақсақалдың батасындағы ақ ниет орындалып, бүгінде – Қазақ Елінің де, Қазақтың Ерінің де даңқы жаһанға жайылды.

- Көрменің экспозициясында біздің байқағанымыздай, ақыннның өмірде ұстаған бұйымдары, сондай-ақ, өмірінен толық мәлімет беріліпті. Ақынның өмірбаянына тоқталып өтсеңіз.

- Шәкір [Мұхамедшүкір] Әбенұлы 1901 жылдың 01 наурыз күні Семей облысының Шыңғыстау өңіріндегі қазіргі Құндызды ауылына жақын Әбеннің Ақтасы аталатын көктемеде дүниеге келген.

Шәкір [Мұхамедшүкір] Әбенұлы! ХХ ғасырдың уытты дәмін молынан татқан, бірақ мойымаған ғасыр тұлғасы. Таңы жарқырап атқан Тәуелсіздікті көріп, Ел басшысына бата берген Елдің ақсақалы болды. Ғасыр тұлғасы Шәкір Әбенұлының туғанына биыл – 120 жыл.

Алғаш Шәкір 1904-1905 жылдары әкесі Әбен Бітімбайұлынан арабша хат танып, домбыра тартуды үйренсе, 1906-1907 жылдары ауыл молдасы Ишаннан білім алады. Шәкірдің әкесі Әбен Бітімбайұлы ауқатты әрі беделді, мұсылманша сауатты адам болған. Қажылыққа барған. Ол 1908-1913 жылдары ол баласы Шәкірді Семейдегі белгілі «Приходская школаға» беріп оқытқан. Қызы Сананың айтуынша осы жылдары Шәкір Әбенұлы Уфадағы «Ғалия» медресесінде болып, Қазанға соғып Ғабдолла Тоқаймен кездесіп, аз уақыт дәріс алған. Одан Семей қаласына оралып, мешітте «Азаншы бала» атанып, қызмет етеді.

1914 жылдың күзінде Шәкір Шәрәпи Көсемсары қызына үйленеді. Шәрәпи Кенесары(1917-1919), Орынтай (1922-2003), Сапарғали (1930-1931) үш баланы дүниеге әкелген. Орынтай Шәкерова Матай темір жол станциясында тұрған. Орынтайдан ұрпақ бар, Алматы облысында тұрады. 1915 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына оқуға түсіп, «Сана» журналы мен «Айқап» газетінде ең алғашқы «Борсықтар», «Еліме», «Ел еркіндігі» т.б. өлеңдері жарық көрген. ХХ ғасыр басындағы аласапыранға байланысты гимназиядағы оқуын жалғастыра алмай ауылына қайтады. 1917 жылы әкесі Әбен қайтыс болғанда, әкесінің жаназасын өзі шығарады.

1918-19 жылдары Абай еліндегі Медеу мектебінде мұғалім болып, 1919 жылдың аяғында Құндызды ауылында басшы болып, ел басқарып, «Жүрекадыр округі» деген атты Шәкір өзі қойған. 1921-1926 жылдары Мақаншы еліне барып, ел ісіне араласқан. Тарбағатай-Барқытбел өңірінің сұлулығы жас ақынды қанаттандырып, Әсет Найманбайұлымен кездесіп, ел аралап, ән айтады.

1924-1925 жылдары қызмет бабымен Хан Алтайдың төрінде Мұзтаудың етегіндегі «Тәңіркөлде» болып, Қатон-Қарағай елінде болады. «Алтай аруы» әні сонда дүниеге келсе керек.

1926-1933 жылдары Мақаншы елінде қызмет атқарған, сол жылдары елге нәубет боп келген аштық қасіретінде Үржарға өкіл боп келген Сакен Сейфуллиннің жанында болған. Осы кезеңде Голощекиннің солақай саясаттың салдарынан басына бұлт үйіріліп, талай қуғынды бастан кешірген. Бас сауғалап Тарбағатай өңірінде, Семей маңында, тіпті Қырғыз жеріне барып та жасырынады. 1933 жылы Үржарда «халық жауы», «Садуақасовшылардың тобында» болған деп, жақсыны жаман деген заманда Ақтөбе лагеріне қамалып, 1935 жылы босап шығады. Абай ауданында аз уақыт жер бөлімінде істейді. Қиын қыстау шақта Матай елінде тұратын апайы Сағилаға барып тұрады, Тарбағатай-Барқытбелдің Мыңбұлағында бас сауғалайды. Екінші қайтара қамалы, одан қашып шығады. Қырқыншы жылдары жыр алыбы Жамбылға әдеби-хатшы болған, әлдекімдердің көрсетуімен Семей қаласындағы түрмеге айдалады, 1941 жылы наурыз айында түрмеден босап, Семей қаласында қалып, Абай музейінде қызмет істейді.

Қуғын-сүргіннен бас көтермей, өз еркімен соғысқа аттанған Шәкір Әбенұлы, 1943 жылы ақпан айында Брянск түбіндегі ұрыста қатты жараланып, Ұлы Отан соғысы І дәрежелі орденімен марапатталады. Госпидалдан емделіп шығып Матай еліндегі апайына барып тоқтайды, музыка зерттеушісі Борис Ерзаковичпен кездесіп, күйлер мен әндерді орындап орындап береді. 1943 жылы Құндыздыға оралып, Серікбүбі Молдаханқызына (1901-1981) үйленеді. Дүниеге – Дауа (1945-1966), Дана (1948-48), Сана (1956), Дару (1958-58), Ару (1959-59), Риза (1966-66) атты балалары келген. Қазір артында қалған ұрпағы Сана деген қызы Абай мемлекеттік қорық-музейіне қарасты, Шәкір Әбенұлы музей-үйінде қызмет атқарады.

1944 жылдан Құндыздыда еңбек етеді, 1948 жылы «Халық жауы» деген жаламен Семейде тұтқынға алынып, жарты жыл тергеуде болады, 1949 жылдың шілдесінде саяси тұтқын ретінде Сібірге жер аударылып, Александров абақтысына қамалады. Сталин қайтыс болғаннан кейін 1955 жылы босап, орыс жерін аралап, 1955 жылы елге оралады. 1961 жылы ақпанында Қазақ КССР Жоғары соты «жазықсыз» деген атпен ақталғаны жөнінде шешім қабылдап, зейнетақы тағайындайды.

1990 жылы Шәкір Әбенұлы «Достық» орденімен марапатталады.

1991 жылы қараша айында Ел астанасында Республика сарайының төрінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты президентікке ресми сайлау салтанатында тұтас қазақстан халқының атынан ақ батасын берді.

1994 жылы 23 қазанда 93 жасында Құндызды ауылында дүниеден озды. Шәкір Әбенұлы өзінің өсиеті бойынша Құндызды аулындағы көп зираттан бөлек биік төбеге жерленген. 1995 жылдың тамыз айында Шәкір Әбенұлының кесенесі Маңғыстау жерінің азаматы, сәулетші Сайын Назарбековтың демеушілігімен Маңғыстаудың ақ тасынан қаланды.

Шәкір Әбенұлының шығармашылығы аса арналы. Абайды «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-тарихи қорық-музейінің қорында Шәкір Әбенұлының өлеңдері, поэмалары мен дастандары, аңыздары мен әңгімелері сақталған. Осының өзі қайсар тұлғаның шығармашылық қарымын байқатды.

Бұл Шәкір Әбенұлының мол әдеби мұрасының жанрлық тұрғыдан да тыныс кең екенін байқатады. Осыған сазгерлік және әншілік өнерін, айтыскерлігін қоссаңыз оның сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі екенін көресіз.

Ақынның лирикалық шығармалары жанрлық тұрғыдан ғана емес, тақырыптық-мазмұндық жағынан да аясы кең. Көркемдік-танымдық мазмұны терең, заман ағымына «күйлемеген» даралық стилімен де ерекшеленеді. Ғасыр тұлғасына айналған қыран ақын қашанда Елдік биіктен сөйлейді.

Ақынның тау тұлғасын ақын ғана таныған. Төлеген аға Жанғалиевтың мына жыр шумағына назар аударып, ой елегінен өткізіңізші:

«Шыңғыстың бір шыңы опырылды,//Қорқынышпен тосып ем осы күнді.//Кең дүниеде тар жүрген тарланым-ай,//Қайда апарып қондырам қосыныңды.//Ит-жеккенге он барып, он оралған,//Соғыста да кезі көп жараланған.//Тас түрмеде тізерлеп отырып-ақ,//Жыр жазған сия жасап қара қаннан.//Алатаудан ары асып үні кеткен,//Тарбағатай тауларын жүріп өткен.//Шыңғыстаудың шып-шымыр бір төбесі,//Теңесе тең келетін құдіретпен».

Өлеңнің әр жолында Ғасыр тұлғасының от-жалынға оранған өмірінің қасырет-қуаты тайға таңба басқандай бедерленген. Ақын өлеңінің мән субстанциясы – құдырет ұғымымен түйінделген. Әрине, поэзияда құдырет ұғымы метафоралық қолданыста тұр.

Құдырет – Алла Тағаланың субития сипаттарының жетіншісі. Жаратушының шексіз күш-қуатын айқындайтын ұғым. Әлемді жаратуының өзі Алланың Тағаланың Құдіреті болып саналады.

Ал, ақын ағамыздың өлеңіндегі поэзиялық ұғымдағы – құдірет, ол –ғасыр тұлғасы Шәкір ақсақалдың болмысын ашудағы сәтті көркемдік-эстетикалық таным.

- Шыңғыстаудың бауырында дүниеде келген Шәкір Әбенұлын хакім Абайдың ақындық мектебінен нәр алған деп айта аламыз ба?

- Әрине, айта аламыз. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бір филиалы, Құндызды ауылындағы «Шәкір Әбенұлының музей-үйі» болуының өзі осыны айғақтайды. Өз шығармашылығында Абай дәстүрін жалғастырған деп айта аламыз.

Тіпті, Шәкір Әбенұлы хакім Абайдың даналығын терең танып, бір емес, үш өлең арнаған: «Абайдың ақындығы», «Абай сөзі құлпырмақ күнде гүлдеп» және «Қазақ халқы – Абайдың мұрагері». Үш өлеңнің тақырыбының өзі Шәкір Әбенұлының ақындық қуатын, фәлсапалық танымын айқын ашып тұр. «Абайдың ақындығы» деген, классик ақынының поэтикалық болмысын танытатын асыл тіркес, ал, «Абай сөзі» деу, сөз қадірін білетін адамның айтары, сол Абайдың сөзі «күнде гүлдеп құлпырмақ» екен, бұл тек қана тану емес, пассионарлық таныстыру жолы, бүкіл жаратылыс жылында бір рет көктемде гүлдесе, хакім Абайдың сөзі күнде гүлдеп құлпырмақ екен. Ғажап сезіну!!! Абайдың мұрагері қазақ халқы дейді. Біз, қазақтар мол дәулетке иеміз. Соны сезіндік пе, қадіріне жеттік пе? Бұл – үлкен мәселе. Ойшыл ақын Шәкір Әбенұлы хакім Абайдың қадіріне жетіп тұр. 124 жолдан тұратын «Абайдың ақындығы» атты фәлсапалық өлеңі мына жолдармен басталған:

«Сөзінің іші – музей, сырты – мүсін,//Халыққа арнап, қазынаға сықады ішін,//Алаңсыз ақыл-оймен меңгерді Абай//Көңілдің құйқылжыған құбылысын».

«Музей» болмысында реминиценциялық ұғым. Реминиценция –әдебиеттануда көркемдік жүйенің элементі, мәдениет болмысы; фәлсапада – өткен дәуір даналығының үні. Ақын «Абай сөзінің іші музей» дегенде осыны меңзеп отыр. Хакім Абай сол музейдің ішін халыққа арнап, ішін қазынаға сықаған, яғни толтырған. Сырты – мінсіз. Шексіз, шетсіз мұраны игеру біздің міндетіміз болмақ.

Ақын Шәкір Әбенұлы «Абайдың ақындығы» атты өлеңінде Абайдың ақын әрі ойшыл екенін ерекше нақтылап ашқан.

«Абай сөзі – адамның жанына азық,//Ақылдың таразысы – ойға қазық.//Абайдың өсиетін түсінгендер,//Кетпейді деп сенемін дүниеге азып».

Дүниеге азып кетпеу үшін Абай өсиетін түсіну керек, дананың сөзі –жанға азық, ақылы ойға – қазық екен. Поэзияда фәлсапа метафоралық әдіспен беріледі, хакім Абай сөзінің қуаты осында.

Шәкір Әбенұлы «Абай сөзі құлпырмақ күнде гүлдеп» атты өлеңін жазарда қатты толқыныста болғанын алғашқы шумағында білдірген:

«О, ойым, алды-артыңды аңғар барлап,//Аңғармасаң, тартқызар тілің зардап.//Жатсам-тұрсам түрткілеп мазамды алдың://«Абайға жазбадың деп, - деп, - өлең арнап».

«Ой» – жатса-тұрса мазасын алған. «Мазасыздық» шығармашылық тасқын шабыттың буырқанған сәті. Хакім Абайға деген биік құрметтің анық ақиқат факторы. Шығармашылық мазасыздық толғантып келіп, ақын жарыққа поэзиялық шедеврді әкелген.

Жауапкершіліктен туған күдік-толқынысқа ақын өлеңнің екінші шумағында да бой алдырған:

«Ақындықтың қасиетін шамдандырып,//Алармын, қол созбайтын, қол жетпеске».

Сөз өнерінің кереметіне құрметпен қарап отыр. Ақындықтың қасиетін түстеп-тану өнердегі жауапкершілік көрінісі. Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең деп отырған жоқ.

Хакім Абайдың сөзінің мәңгілігіне, болашағына, оның көкжиегі көркем болмағына автордың бек сенімі бар:

«Абай сөзі құлпырмақ күнде гүлдеп,//Келешек бізден қадірін артық білмек».

Ақын Шәкір Әбенұлы осы тұста қазақтың Мағжанымен үндесіп тұр.

«Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,//«Қор болды қайран сөзім босқа!» – деме.//Артыңда қазақтың жас балалары,// Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!».

- Шәкір Әбенұлы өмірінде көп теперіш көрген жан. Соған қарамастан сынбаған, мойымаған, не нәрсеге адамдық биіктен қарай алған. Осы тұрғыда не айтасыз?

- Төлеген аға Жанғалиев айтқандай, Ғасыр тұлғасы Шәкір Әбенұлының «Ит-жеккенге он барып, он оралуының» себебі де бар еді, оның «кінәсі» төрт шумақтан тұратын «Қайда барып күн көрем?» өлеңінде анық көрінген. Әлеуметтік әділетсіздікті ақын биік парасатпен танып отырса, ақиқатты айтса, заманына «иленбесе» оны кінәлі деп қана танымайды, бойынан «күнә» іздейді. Ақынның осы «Қайда барып күн көрем?» өлеңіне назар аударайық:

«Құдай-ау, күн көремін қайда барып?//Көзің жұм, көрме дейді мүлдем жарық...».

«Байдан тудым – жазығым, тапқаны сол,//Өкпе қысып қолқама салды ғой қол.//Халықты шат-шәлекей бүлдірді ғой,//Ауыстырып өтірік деп тура жол».

Ол заманға тура жол керек емес еді, Абайдың жолы керек емес еді, ал, байдың баласы... тіптен шектен шыққан бөлек әңгіме болатын.

«Байдың жолы батпақ,//Лениннің жолы тақ-тақ», – деген,

бойбермес-бейбауырмал заманда ақын Шәкір Әбенұлының көқарасы «қауіпті» болатын. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер», кедейлер сендерге теңдік әпереміз деп ұрандап жатқанда, қыран мінез, ақын Шәкір Әбенұлы былай дейді:

«Өтірік жетілдірем деп кедейді алдап,//Халыққа салды әкеліп ауыр салмақ.//Бүйте берсе, бай түгіл кедей қалмас,//Тауысар-ақ, қырып-жойып жерді, малды-ақ».

«Халықты қан қақсатып кеткен жауыз,//Тарыдай сыйғызғаны бір-ақ бір-ақ қауыз.//Бай менен орташаны құртқаннан соң,//Ал, кедей, саған кеп салар ауыз».

Кер заманның болмысын тамыршыдай дәл басып, нақ танып отыр. Бұл айға шапқан арыстан харекет еді.

Ақын Шәкір Әбенұлы схоластикаға жол бермеген, ХХ ғасыр басындағы аласапыран кезеңде мыңдар ғана емес, миллиондар артынан ерген идеологияның адамзат балдасына жат екенін, оның арты аштық пен зорлыққа айналатынын терең таныған, адамдықтан кетудің басы екенін білген.

Әлеуметтік мәселені көтерген тағы бір өлеңі, «Туысқан, бір-біріңнен кетісерсің» деген өлеңіне назар аударайық:

«Туысқан, бір-біріңнен кетісерсің,//Суысып өткелектеп өтісерсің.//Бас еркіңді қолыңнан байлап беріп,//Кедейлер колхоз болып жетісерсің».

«Көрдің бе, колхоз деген аты жаман,//Мұны әлі түсінбей жүр кедей надан.//Бір түссең, өмір бойы босамассың,//Қақпанға алдауменен бастың қадам».

ХХ ғасыр басында Еуразия кеңістігіне өрт болып келген идеологияның алдау-адасу екенін танып, ашып берген. Шәкір Әбенұлы сол кезеңде қоғамдық жүйені таныған ірі тұлға екені осы өлеңіндегі танымынан айқын байқалып тұр. Осы өлеңінің келесі екі шумағында сол жүйенің болмысын ашып, оның зардабын көрсетіп берген:

«Колхоз деп бар малыңды ортаға алса,//Кіру жарнасы деп салық салса.//Күндіз-түні салпылдап жұмыс істеп,//Киім тозып, есінен мүлдем танса».

«Өзің жаза тартасың өздеріңнен,//Көрерсің мен айтпай-ақ көздеріңмен.//Құтыла алмай жүрерсің кіріп алып,//Қан ағып жас оорнына көздеріңнен».

Аласапыран жылдары бүкіл қоғамдық жүйені өзгертуге ұмтылған идеологиялық жүйені терең танып, анық айту Шәкір Әбенұлының өзгеше пайым қуатын байқатады. Өмір бойы қудалауға түсуінің астары осында жатыр. Әлдекімдердің ақын Шәкір Әбенұлы бір сыйлы ақсақалымзға арнап сатиралық өлең жазыпты, сол үшін айдалыпты дегендері жел сөз. Ол – қоғамдық жүйенің болмысын таныған, адамзат баласына нәубет әкелетінін Алаш алыптары сияқты терең таныған, қарсы шыққан. Таптық бөлудің өзі адамдық жолы емес екенін өз шығармаларында өткір сынаған. Сол үшін айдалған.

Қаншама азапты айдауда болса да Туған Ел, Туған Жер, Ата Қоныс ақын Шәкір Әбенұлының поэзиясында ерекше орын алады. Өзінің «Аман бол, ата қоныс ақ биігім» деген төрт шумақтан тұратын өлеңінде, ХХ ғасыр басында нәубет боп келген жүйенің адамзат баласына ғана емес, ата қонысқа, туған жерге, туған елге орасан зиянын тигізгенін де шынайы ашып бере білген.

«Аман бол, ата қоныс ақ биігім,//Саған шыққан көретін жер биігін.//Бері қарай төрт атамнан қалған қоныс,//Ішімді өртеп барады дерт күйігің.//Атама дәулет берген құдай қалап,//Жер алған, қоныс алған шексіз алап.//Тәңірімнен өзі берген үміткермін,//Қонысым, жер мен малды алды талап».

Осы өлеңінің төртінші шумағының екінші жолында ақын Шәкір Әбенұлы «Істемей большевиктер дұрыс қамал» деп бүлдірушілердің атын атап, түрін түстейді. Мінез қайсарлығы мен орысша-мұсылманша білімі көп апаттан, итжеккенге айдалған қиын кездерінде сайыт-қорған болды.

Тұтас түркінің алтын бесігі Хан Алтайда болып, оның қадірін терең білген. Ақын Шәкір Әбенұлы өзінің «Алтай аруы» деген өлеңінде «Ажарында ақауы жоқ Алтайдың» дейді.

Ақын Шәкір Әбенұлының поэзиясында Ел тақырыбы қашан да асқақ тұрады. Ақын бес шумақтан тұратын «Елім» деген өлеңінінің үшін шумағында Ел ұғымының мәнін былай ашады:

«Ердің атын шығарған ел емес пе?//Ел даңқы асқар таумен тең емес пе?//Тау еңсеріп, теңізді тебіренткен,//Елдің күші екпінді жел емес пе?».

«Елдің күші екпінді жел» Кеңестік идеология кезеңінің өзінде Елдікті, яғни, еркін елдің қуатын екпінді желге теңеп тұр. Ақын Шәкір Әбенұлы еркіндікке ұмтылысын бір сәт тоқтатпаған. Ғасырлық күресінің нәтижесінде Туған елінің тәуелсіздігін көзімен көріп, көкірегімен сезініп «Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ! Қазақ елі ежелден көкседі азат» деп Ел басшысына Ақ батасын берді.

Қысқасы, ХХ ғасырда адамзат баласына нәубет боп келген кеңестік жүйенің келеңсіздігін ашып бере білген. Сол үшін неше мәрте айдалған.

- Өз сөзіңізден байқалғандай, Шәкір Әбенұлы терең ақын, әрі ойшыл. «Социалистік реализмнің» арбауына түспегені анық байқалады.

- Ақын Шәкір Әбенұлы өзінің шығармашылығында өнер мен ғылымды ерекше бағалады. Ғылымға ұмтылуға шақырды, ғылымсыз ел әркімнің жетегінде кететінін ашып айтты.

«Ғылымы жоқ, өнері жоқ сорлы қазақ,//Патшалы шетелдерге болдың мазақ.//Ойыншық бұл көргеннің бәрі дағы,//Алдыңда әлде болса ауыр азап».

Ғылымсыз елдің болашағы қараңғы екенін, үсті-үстіне азапты артатынын ащы да болса анықтап айтып отыр.

Ақын өзіне қаратып айтқан «Сабылып, сағым қудым, мініп желге» деген өлеңінде де адам болам десең өнер мен ғылымның жолына түс деп насихаттайды:

«Сабылып, сағым қудым, мініп желге,//Өнер менен ғылымнан қалдым кенде.//Өнерлі ұрпақтарға үлгіменен,//Бәйге тігіп отырмын, күтіп көмбе.//Жастық шағым тозаңдай ұшты желге,// Өнер менен ғылымнан қалдым кенде.//Сол кездегі қоғамның ықпалымен,//Шатасып жуымасқа болдым пенде».

Өнер, ғылым, білім жолын поэзияда наихаттауда ақын Шәкір Әбенұлы өте ықыласты. Ақынның «Жастық шақ» деген өлеңіне назар аударайық:

«Талап, жігер шығады, жастық шақтан,//Таза бұлақ жастық шақ, таудан аққан//Өмір – теңіз, қайық – біз.//Надандыққа жастық шақты, тегін бермей,//Өнер үйрен, ғылым біл, сонда мақтан».

«Жастық шақты надандыққа тегін бермеу» өзгеше насихат, бос мақтанба, өнер мен ғылым үйрен сонда ешкімге мазақ болмассың. Ақынның жастарға айтары нақты және анық. Ол – ғылым мен білім жолы. Осы өлеңнің түйін сәтінде ақын өз ойын нақтылай түседі:

«Жайнаған жаз жапырағындай,//Жастық шақ.//Қуартпаймын десең өнер,//Ғылым біл.//Жастық шақтың қорғаны – білім өнер//Өзіне өзі өнерлі толық сенер.//Өнер – теңіз, қайық – біз.//Жас шағыңда таппасаң, білім-өнер//Қартайғанда төбеңнен түнек төнер...».

Ғасыр тұлғасы, қайсар ақын Шәкір Әбенұлының «Жастық шақ» сияқты өнер-білім-ғылымды насихаттаған өлеңдері, алыста айдауда жүрсе де туған елін аңсаған шығармалары мектеп бағдарламасына енсе құба-құп болар еді.

Шәкір Әбенұлының шығармашылығы кең арналы. Ақынның қуатты лирикасы, кең тынысты эпикалық шығармалары тақырыптық-көркемдік, жанрлық жағынан қамту аясы мол, әрі даралық стилімен дараланып тұрады.

Ақынның жүзден астам лирикалық шығармаларымен қатар, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Таңшебер-Жапал», «Тоқтамыс», «Кейпін батыр» атты дастандары, «Ана махаббаты», «Бастау», «Ортақ арал» поэмалары, «Патша мен байғыз», «Қорқыт қобызы», «Әділет», «Алданған қыз», «Арманда еткен ару» аңыздық сарындағы эпикалық шығармалары, «Жолаушының әңгімесі», «Маскүнем шебер», «Мусаннифтің зайыбы» атты жалғасты әңгімелері бар.

Шәкір Әбенұлы айтыс өнерінде де өзінің дара жолы бар, сондай-ақ, халық ауыз әдебиеті үлгілерін, сөз өнерінің ірі тұлғаларының мұрасын жинауда да орасан еңбек еткен өнер қайраткері.

Әншілік және сазгерлік өнері, музыкалық мұраны келер ұрпаққа жеткізудегі еңбегі арнайы зерттеуді қажет ететін арналы сала.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар