Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Гүлмира Мәукенкеліні. Өмірден ерте кетерін сезгенд...

13.03.2020 7093

Гүлмира Мәукенкеліні. Өмірден ерте кетерін сезгендей еді... 12+

Гүлмира Мәукенкеліні. Өмірден ерте кетерін сезгендей еді... - adebiportal.kz

Нұрлан Мәукенұлының өлеңдері өзі емірене жырлаған Ертісі, үлбіреген Үлбісі, көсіліп жатқан кербез Зайсаны сияқты. Сауыр-Сайқанның күдірейген жотасы, сиқырлы қойнауы, күмбірлі тынысы, күреңсе белі іспетті. Сол күрең белден асқан жұмбақ соқпақтың көкжиекке асығыс аунап, тылсымға ерте шомғанындай ғайып дүние, ғафыл өмір, кәусар әуен. «Өлгеннен сұра өлеңді, Тірінің көзі тірлікте, Бір діріл жайлап денемді, Қойылмай қалды-ау бір нүкте» - деп жырлаған ақын артына мол рухани мұра қалдырып, қазақ өлеңін бір белеске биіктетіп, арамыздан ерте аттанған-тұғын. Биыл сол айбоз ақынның туғанына 60 жыл толып отыр. 60-қа кім келмей жатыр? Тірі болса төрімізде отырар еді. Өкінішімізді ақынның өлеңімен жұбатамыз. Осы орайда Нұрлан Мәукенұлының шаңырағына ие боп, отын өшірмей, рухани жоқшысы боп отырған аяулы ана, асыл жар Гүлмира Мәукенкелінімен әңгімелескен едік.

– Гүлмира апай, Әңгімемізді Нұрлан аға Мәукенұлымен алғаш рет қалай танысқандарыңыздан бастасақ деймін?..

– Нұрлан екеуміз де Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тумасымыз. Ол Жамбыл ауылында 1960 жылы, мен Сартерек ауылында 1961 жылы дүниеге келіппіз. Алтай мен Тарбағатай тауларын ұштастырып жатқан Сайқан-Сауырдың баурайы. Табиғаты кербез, асқақ. Жер жаннаты ғой. Іргеде Құралайдың көзіндей мөлдіреген Зайсан көлі. Кірпияз тұнық айдын. Нұрлан екеуміз Ломоносов атындағы орта мектепте бір сыныпта бірге оқып, бірге бітірдік. Оқушы күнімізден бір-бірімізді жақын тартып, жиі араласып жүрдік. Он жылдықты бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға да бірге келдік. Нұрлан КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Мен Нархозға түстім. Бала кезден бірге өскен риясыз сезіміміз кейін ыстық махаббатқа ұласты. Сонымен 1983 жылы Алматыда үйлендік.

1984 жылдары оқуымызды бітірген соң ауылға қайттық. Нұрлан аудандық «Достық» газетінде тілші боп жұмыс бастады да, кейін сол газетте жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып абыроймен қызмет атқарды. Одан кейін аудандық баспахананың директоры, райком комсомолда екінші хатшы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жемісті жұмыс жасады. Айналасына сыйлы, ортасында беделді еді. Нұрлан бәрібір үлкен шығармашылық ортаны аңсады. Қанатын кең жайып, алысқа самғағысы келді. Оның үстіне аудандық райком жолдамамен Алматыдағы партия мектебіне оқуға жіберетін болды. Сонымен дәм тартып 1990 жылы Алматыға қайта көшіп келдік. Ол кезде біздің Гүлрең, Гүлден атты екі қызымыз бар. Есімдерін де өзі қойған болатын. Екі жылдан кейін партия мектебі тарқап кетті. Нұрлан заманның ағысын бағамдай білді. Алдынан жаңа, жарқын азат қоғам келе жатқанын сезді. Ауылға қайтқысы келмеді. Әдеби ортада болуым керек, өлең жазуым керек деді. Содан Алматыда біржола қалуды шештік. Өлеңдерін бұрқыратып жазып жүрді. Қосымша «Жас қазақ» газетінде жұмыс жасады. Шығармашылығы жаңа өріс алды. Әдеби бәйгелерге де ат қосып жүрді. Абайдың 150 жылдық тойына орай ұйымдастырылған мүшәйрадан ІІ-ші орын алды. Түркі әлемі поэзиясының фестивалынан лауреат атанды. Кітаптары да шыға бастады.

Суретте: Нұрлан Мәукенұлы мен жары Гүлмира Амангелдіқызы

– Ақынға жар болу оңай шаруа емес қой, азабы да, ғажабы да көп. Ағаға тұрмысқа шыққаныңызда ақынға жар болып жатырмын деп ойладыңыз ба? Салмағын сезіндіңіз бе?

– Рас, ақынға жар болу оңай шаруа емес. Оның азабы да, ғажабы да көп болды. Онсыз да өмірдің қалтарыс-бұлтарысы, ойлы-шұңқыры аз емес. Нұрлан екеміз шаңырақ көтерерде бұның бәрін өзімізше түйсіне алдық деп ойлаймын. Ақынға жар болып жатқанымды да, оның салмағын да, жауапкершілігін де сезіндім. Бір-бірімізді қатты сыйлап, қадыр тұттық. Бір-бірімізді сүйгендіктен, ешбір қиындыққа мойымайтынымызды, бәрін де жеңе алатынымызды білдік. Бір-бірімізге сендік. Сол сенімнің арқасында жүгіміз ауған жоқ.

– Нұрлан ағамыздың мінезі, болмысы туралы айтып берсеңіз? Балаларына қойған есімі де ерекше, отбасында қандай әке болды?

– Нұрланның мінезі жұмсақ, мейірмге толы еді. Адамды аяп тұратын. Білімі мен адамгершілігі толық ұштасқан, ішкі мәдениеті аса жоғары еді. Біреудің сыртынан жаман сөз айтқанын, күндегенін ешуақытта көрген емеспін. Ешкімге жалтақтамайтын, жағынбайтын, бетке айтатын тік мінезі де бар еді. Досқа да, отбасына да өте адал еді. Қолынан келсе көмектесуге дайын тұратын, жаны ашығыш, қолы ашық еді. Кейде көп үндемей, албаты сөзге араласпай, оңаша көп ойланып, момақан баладай боп жүретін кездері де болушы еді. Отбасын, балаларын өте қатты жақсы көретін. 1993 жылы Наздан атты ұлымыз дүниеге келді. Сондағы Нұрланымның қуанғанын көрсеңіз. Артымда ізбасарым, ұрпақ жалғастырушым бар. Нұрландай ақыннан ұл болмауы мүмкін емес деп балаша масайрап, асып-тасып, жайраңдап жүрді. Назданым кішкентайынан оқуға зерек, алғыр боп өсті. Мектепті жақсы оқыды. Әкесі шахматқа үйретіп, кітап оқуға баулыды. Бос уақытында спортқа тәрбиеледі. Суға жүзуді үйретті. Спорттың ауыр түріне бергісі келмеді. Өйткені, өзі боксқа, еркін күреске көп қатысқан, ауыр соққылар алған, кейін сол денсаулығы сыр беріп, басының қан тамырлары жарылып, белінен зақым алып, операцияда жасатқан еді. Назданымның да өлең, фантастикалық әңгімелер жазатыны бар еді.

Суретте: Ұлы Назданды емірене құшақтап тұрған ақын

– Ағамыз өмірінде кімдермен жиі араласып тұрды? Әдеби ортасы, қаламдас достары, аға-бауырлары туралы айтып берсеңіз?

– Ол кезде Алматының әдеби ортасы керемет еді ғой. Нұрлан соның бел ортасында жүрді. Көп ағаларымен араласты. Тұманбай аға, Қадыр ағалардан, Фариза апайынан бата алған. Асқар Сүлейменовтың де Нұрланның поэзиясына деген ықыласы ерекше-тұғын. Ол кісінің Нұрланның өзі де «Шик» өлеңдері де «Шик» деп еркелеткені бар. Жәркен Бөдеш, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет сынды ағаларымен етене жақын жүрді. Ағалары қайрап-қайрап қоятын. Шабыттандыратын. Замандастары Қасымхан Бегман, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қазбек Иса, Темірғали Көпбаев, өкшесін басып келе жатқан інілері Жанарбек Әшімжан, Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсектермен көп араласты. Бәрімен қатар жүрді. Сырлас, мұңдас, ниеттес болды. Өлеңді жарыса жазды. Бәріне тілекші болып жүретін.

Суретте: Ақынның жастық шағы. Жары Гүлмира және сіңлісімен бірге

– Аз өмірінде ағамыз шығармашылыққа көп уақытын бөле алды ма? Журналистік шеберлігі туралы да замандастары тамсана айтады. Өлеңді көбіне қай уақытта, қалай жазушы еді? Кімдерді көп оқып, кімдерден үлгі алушы еді?

– Аз өмірінде, аласапыран шақтарда жүріп біршама қомақты дүниелер тындырып кетті деп есептеймін. Бірақ жазары одан да көп еді. Болашақта жазам деп жоспарлап жүрген дүниелері де тиянақтанбай қалды. 43 жас деген немене?! Ең дер шағы еді ғой... Шығармашылығының ұшар биігіне көтерілер шақта қапияда ғұмыры қиылды. Журналистік шеберлігі де мықты болатын, өте сауатты, қолынан қызыл пастасы бар қаламы түспейтін. Редакцияның жұмыстарын үйге әкеп түнімен істейтін. Газет-журналдарға даярланып жатқан материялдардың қателерін қызыл сиямен жөндеп отыратын. Кітаптар сатып әкелсе, оны қып-қызыл ғып шимайлап тастайтын. Қателерін жөндейтін. Журналистиканың қара жұмысына бір кісідей жегілді. «Ана тілі», «Қазақ елі» газеттерінде, «Жалын» журналында жұмыс жасады.

Өлеңді көбінесе түнде отырып жазатын, бір жақсы өлең жаза қалса мені оятып оқып беретін кездері болушы еді. Бірақ соңғы кездері жазған өлеңдері тым мұңдылау, тым ауырлау болды. Өмірден ерте кетерін сезді ме екен, кім білсін?..

Суретте: Ақынның қыздары Гүлрең мен Гүлден және ұлы Наздан

– Нұрлан аға шығармашылыққа келген жылдар, қазақ қоғамының ауыр өтпелі кезеңдері еді ғой. Өмірдің, тұрмыстың тауқыметі де аз болмаған шығар?

– Үй саламыз деп біраз қиналдық, заманның өзгеріп, аумалы-төкпелі боп тұрған, елдің бәрінің күйі кеткен кез еді ғой. Елмен бірге көрдік. Небір қиын күндер өтті ғой бастан. Сол жылдары Нұрланның өзінен кейінгі інілері қайтыс болды. Осының бәрі Нұрланды айналып өткен жоқ. Әрі-сәрі болған кездер көп болды. Өлеңдерінің мұңлы, қорғасындай ауырлап кеткені де осы тұс шығар. Кітапты өте көп оқитын, көп ізденетін. Жаңалыққа құштар еді. Әлемдік классиктерді, шығыс-батыс поэзиясын сарқа оқыды. Поэзияда өз «Менін» тапқан, өз сүрлеуі, өз жолы бар ақын деп білемін.

– Ағамыздың өмірден өткеніне де он жеті жылдай уақыт өтіпті. Нұрлансыз өткен жылдардың салмағы сізге оңайға түспегені анық. Ағамызды балалары іздеп, өзіңіз сағынған шақтарда нені жұбаныш еттіңіздер?

– 2003 жылы 11 маусымда Нұрлан дүниеден өтті. Жүрегі тоқтап қалды. Содан бері 17 жыл өтіпті. Әрине, оңай болмады. Нұрлан барда бәрі білінбейтін. Өмірдің қиындығы да қызық құсап тұратын. Сағынған шақтарда, жылап-жылап алып, балаларымды жұбаныш ететінмін. Бір жағынан шүкір деймін де, Нұрландай азаматқа жар болып, 20 жыл бірге отастық, өмірдің ащы-тұщысын бірге жүріп көрдік, қиындығы да, қызығы да мол болды.

Құдайға тәуба! Нұрланның шаңырағы орнында. Оты өшкен жоқ. Балалары өсіп-өніп, ер жетті. Ат жалын тартып мінді. Ұлдары ұяға, қыздарымыз қияға қонды дегендей. Немерелеріміз де өсіп келеді. Бәрінен бұрын жаныма қатты батқаны Нұрланның жалғыз ұлы Назданымның өмірден аяқ асты ерте кеткені болды. Тура қаңтардың 1-і күні, әкесі сияқты жүрегі тоқтап қалды. Небәрі 26-ақ жаста еді ғой. Артында Абдрахман, Ілияс деген екі ұлы қалды. Нұр-Мүбарак университетінің бакалавр және магистратурасын бітіріп, 2019 жылы доктарантураға түсіп еді. Әрі сол университетте сабақ беретін. 300-ге тарта шәкірттері бар еді. Алланың ісі деп, басқа салғанына көніп келеміз. Тағдырдың жазымышына кім қарсы тұрмақ. Құдай қайырын берсін дейміз де.

Суретте: Наздан әкесімен бірге

– Биыл Нұрлан Мәукенұлының туғанына 60 жыл. Өздеріңізге және оқырмандарына мерейлі жас құтты болсын дейміз. Қандай іс-шараларды жоспарлап отырсыздар?

– Биыл 2020 жылы Нұрланым тірі болса 60-қа келер еді. Төрімізді толтырып, ортамызда отырар еді. Зымыраған уақыт. 43-ақ жыл өмір сүрді. Енді міне, Назданын қасына алып мәңгілікте жатыр. Жатқан жерлері жарық болсын, ұрпақтары ғұмырлы болсын деймін де...

Өзінің туған жері Зайсан қаласында Нұрлан Мәукенұлына берілген көше бар. Туған ауылында Нұрлан атындағы саябақ (парк) бар. Оған өзі оқыған мектептің оқушылары қарап, баптап жүреді. Енді сол мектепке де ақын ұлдарының атын берсе деген тілегіміз бен үмітіміз бар. Екі жылда бір аудан көлемінде Нұрлан Мәукенұлының поэзиясынан көркем оқу байқауы өтіп тұрады. Биылғы жылы, ақынның алпыс жылдығына орай Алматыда Жазушылар одағында, облыс орталығында еске алу кештерін өткізсек деген ойымыз бар. Туған топырағы Зайсан жұрты да биыл күзде Нұрланды еске алу шараларын жоспарлап отыр. Дәстүрлі Нұрлан Мәукенұлы оқулары да биыл осы ауданнан жалғасын таппақшы. Құдайға шүкір. Туған ел-жұрты, қадірлі оқырмандары, дос-жарандары мен қаламдас аға-бауырлары Нұрланды, Нұрлан шығармашылығын ұмытқан емес. Кітаптары да шығып жатыр. Биылда толықтырып қайта шығарсақ па деген ойымыз бар. Қазақ барда, өлеңге іңкәр оқырманы барда, Нұрланның өлеңі де ел-жұртымен бірге жасай бермек.

Сұхбаттасқан: Ұмтыл Зарыққан

Фотосуреттер: Гүлмира Амангелдіқызының жеке мұрағатынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар