Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ілия Жақанов. Балқадиша (видео)...

06.05.2016 7103

Ілия Жақанов. Балқадиша (видео)

Ілия Жақанов. Балқадиша (видео) - adebiportal.kz

1985 жыл. 31 шілде. Көкше жеріндеміз. Ма­шина­да зайыбым Тиыш және екі қызым – Қарлығаш пен Ләйла бар. Көлік жүргізіп келе жатқан менің жа­нымда радиожурналист Жанатай Бекенов отыр. Әңгімеміз – «Балқадиша» әні туралы.

 

Бұл хикаяны біршама білетін едім, сырттай ғана. Ал, 1980 жыл­дың желтоқсан айынан бастап Көкшенің қария сөзді көне­көздерінен, Балқадишаны көрген-білген жандардан қилы-қилы әңгіме, дерек жинап, оған қызыға ден қойып жүргем-ді.


 

 

Иә, Ақан серінің көп күйіп, көп сүйін­ген жүрегінің бір тебірене елжіреген кезі «Балқадиша» әнінде қалып қойған. Бұл ән кешегі бір күндері ұзақ жылдар бойы:


 

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Күйеуің сексен бесте шал Қадиша, –


 

деп айтылып келді. Әлі де солай айтылып жүр. Өресіз, білімсіз біреулер уылжыған Балқадишаны қутыңдаған шалға тигізіп, жүректі ауыртатын әдепсіз клип те түсіріпті. Қандай сорақылық! Не деген жетесіздік! Әндегі сол баяғы қолдан жасалған жалған сөз жөнделер емес. Бүгінгі және келер ұрпақ «Балқадиша» әні жөнінде осы теріс түсінікпен кете бере ме, еш шындыққа көзі жетпей?


 

...Ол кездерде, яғни, соғыстан кейінгі жылдары Балқадишаның өзі дін аман, ел ортасында өмір сүріп жатқан-ды. Радиодан «Балқадиша» әні әлгі сөзбен беріліп, не газет, журналдарға, кітаптарға шындыққа үйлеспейтін дәйексіз әңгімелер жазылып жатқанын естіп-көргенде басқа емес, Балқадишаның өзі шарасыз күйге түсіп, не дерін білмей, күрсініп қана іштен тынады екен.


 

Соғыс жылдарында Зеренді төңірегінде гастрольде жүрген артистердің ішінде бір әншілер «Балқадиша» әнін әлгі сөзбен шырқапты. Сондай концерттерді өз ауылы Кеңөткелде өз көзімен көрген Балқадиша: «Мына жазғандар не деп отыр?» деп мұңая бас шайқапты. Ән сөзіне жыны келген бір ақсақал: «Аққудың көгілдіріндей үлбіреген Балқадиша өз сүйгеніне ұзатылып еді. Міне, ортамызда отыр, осы концертте. Әй, ессіз неме, сен өзің не деп оттап тұрсың?» деп желпілдеген ұшқалақ әншіні сахнадан қуып шығыпты. Бұл – қауесет емес, анық болған жай.


 

«Балқадиша» әні қалайша өзгеріске түсті? Бұл сырды жұрт біле бермейді.


 

Жиырмасыншы, отызыншы жылдарда қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Сол кездерде колхоздастыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбрайдың «Толқын» әні: «Елім бар колхоз болып дүрілдеген» деп, «Ақбаян» әні: «Ой, Ленин, қараңғыда көп елің» деген қайырмамен, «Балқадиша» әйел теңсіздігін шенеген ән боп шыға келді. Үлебайдың «Дударайы» ұлттар достығы саясатына орай көрінеу көзге Марьям Жагорқызының әні боп, ел санасына еріксіз сіңді. Ықылым заманнан бері бір сөзіне қылау түспеген әндеріміз осылай «жаңа сипатқа» ие боп, құбыла қалды. Әндердің тәлкекке түсуі осылай басталған.


 

Солардың бірі – «Балқадишаның» тарихы дәптеріме ауық-ауық жазылып жүрді. Оған байланысты көп әңгімелерді «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы, жазушы Жанайдар Мусиннен естідім.


 

Бір жолы қасымда осы Жанатай бар, Жанайдармен тағы жүздестік. Жұмыс мезгілі еді. Тағы да Балқадиша хикаясын қозғадық. Аса инабатты Жанайдар келгенімізді қош көріп, ақсары жүзі нұрланып: «Балқадиша» повесін енді ғана бітірдім. Уақыт дегенге зәрумін. Газеттің ісі жүйкемді тоздырды. Сал-серілердің әңгімелерін тыңдап-ақ жүрміз, ал, соның көбін дер кезінде қағазға түсіре алмаймыз. Көп жай ескіріп, ұмытыла береді. Сіздің Көкше жеріне келіп, зерттеп жүрген ісіңізге қызығамын, – деп ағынан жарылды.


 

– Көркем шығарманың табиғаты ол өзгеше бір құбылыс. Жазушының «вымысль... домыслы» болады. Ол – түсінікті жай. Ал, мен «Балқадиша» әнінің шығу тарихын қаз-қалпында білгім келеді, – дедім, өз ойымды бірден сездіріп.


 

Жанайдар жайлап сөз бастады: «Ана бір жылы... о, одан бері қанша көктем, қанша қыс өтті. Хасен деген етікші жездеміз бар еді. Сол кісінің үйіне бойы тіп-тік, киген киімі тап-таза, әсем, көзі мөлдіреген аққұба бәйбіше келіп жүрді. Көркіне қызығып: «Бұл апай кім болады?» деп сұрадым, жездемнен. Мінезі сабырлы, тұйық жан: «Балқадиша ғой. Маған сәнді кебіс тігіп бер, деп келіп жүр. Өте қасиетті кісі», – деді жайбарақат қана.


 


 


 

Жанайдар осылай деді де, есіне әлдене түсті ме, үнсіз түрегеліп барып, сейфін ашты. Ішінен бір сурет алды. Басында пұшпақ бөркі бар, сұйық мұртты, өңі ашық, байсалды қария. Жанайдар суретке ойлана қарап, әңгімесін жалғады: «Зерендіні көрдіңіз. Оның көгілдір жоталарына жалғас Қошқарбай тауы көлбейді. Іргесінде шағын ғана ауыл отыр. Қошқарбайдан әрі қарай Жыланды тауы созылады. Сол жерде Шөкейдің Ыбырайы деген аса зиялы, елге сыйлы кісі болған. Өзі орташа ғана дәулет жиыпты. Үйіне игі жақсылар, әнші-күйшілер, ақын-жыраулар көп үйірілген. Жаратылысынан турашыл, әділ жан жігіт ағасы боп толысқан кезінде ел ішінде билік айтқан. «Балқадиша» әнінде Ақан сері өз сөзін: «Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша» деп, ілтипатты сезіммен бастайды ғой.


 

Ақан сері елу сегізді мол қусырған кезінде көрген, толықсыған Балқадишаны. Мына қолымдағы суреттегі кісі – сол таңғажайып кездесудің куәгері.


 

Осы сәтте телефон шылдыр ете түсті. Жанайдар әңгімесінің үзілгеніне ыңғайсызданып: – Ғафу етіңіз... ә, баспаханадан ба? – деді, трубканы көтеріп.


 

Телефонмен сөйлесіп болған соң әріп­те­сімен әңгімесін қайта сабақтады: «Ақан сері қасында Ыбаны бар, Жыланды тауын­ жағалап келіп, Тіріжан қажының ауылына тоқтайды. Осында бірнеше күн аунап-қу­нап, көңілін сергітіп, өзін аялаған жан­дар­дың алдында жүзі нұрланып, шешіле сөй­леп, булыққан әндерін шалқытады, жадырап.


 

Осы ауылмен іргелес жатқан Монтайдың Мұсасының ауылы да үлкен қуаныштың үстінде еді. Бір дулы шілдехана болады екен. Оған Ақан серінің де барғысы келеді.


 

– Туған нәресте кімнің баласы?

– Ол менің әкем – Баймырза!

– Солай де...

– Иә. Сол кезде Балқадишаның жиырма­дағы кезі екен. Атастырылған жері бар. Болашақ күйеуі – елге сыйлы Масабайдың Сү­леймені. Іргесі берік, айтулы әулет. Ма­сабайдың әкесі жас кезінде елге найзагер, батыр боп аты шыққан айбарлы жан екен. Бұлардың тектілігін жақсы білген Ыбырай Масабаймен ниеті жарасқан құда бопты.


 

Енді қолымдағы мына бір суреттің жайын айтайын: Бұл кісі Оспан деген әнші. Оспанды 1959 жылы көктемде қайын­жұртыма барғанымда көрдім. Ақтоқты келін боп түскен Жақсылық елінің адамы.


 

Оспан Ақан серінің ән-жырларын бізге жеткізген әншілердің бірі. Аялап, қолпаштап, көтермелеп отырып шырқатса бір мүдірмей, желпіне сілтейтін сергек се­зімді дүлдүл. Баяғы серілердің көзі дей­сің, сүйсініп. «Балқадиша» әнін дәл осы Оспан­дай тамылжытқан әншіні естігем жоқ. Тек Манарбек Ержановтың үні ғана ұқсайтын секілді. Оспан сол жолы талай естіп жүрген Балқадиша хикаясының біз білмейтін көп құпиясын ашты. Анық, дәл, өрелі әңгімені осы кісіден алдым. Енді әлгі Монтай ауылындағы шілдехана жайын айтайын:


 

Зерендінің етегі. Ауыл шетіндегі оқшау тігілген төрт-бес сәулетті үйдің маңындағы көңілді шуды бетке алған Ақан сері ұлы Ыбан екеуі алтыбақан тепкен жастарды жанай өтіп, ең үлкен ақбоз үйдің алдына кеп аттан түседі. Сол елеусіз қалпы қызойнақ дуылдаған үйге кіреді. Бірақ ешкім танымайды. Сері де, отырған қыз-жігіттер де осылай дағдарып қалғанда бұлардың қасына шілдехананы басқарып жүрген Мәлік, Ғаббас, Төкен есімді жігіт ағалары қонақты кездейсоқ көріп қалып: – «Оу, бұл не тұрыс? Бұл кісі – Ақан сері ғой! Ақан сері!» – деп, әншіге сәлем береді. Сөйтеді де: «Жақсы келдіңіз аға! Балқадиша деген қарындасымыздың ұзату тойы еді. Қонақ болыңыз», – дейді жік-жапар болып.


 

Сөз ыңғайына қарағанда Ыбырайдың бәйбішесі Жықыш біраз жыл науқастанып, Балқадиша шешесінің сол жағдайына қарайлап отырыпты. Содан, бір күндері шешесі дүниеден қайтады. Жылы беріледі. Бұл парыз өтелген соң Балқадишаны өзінің атастырған жеріне ұзатуға әзірлік жасап жатқан кезі еді, бұл.


 

Ыбырай ақсақал Ақан серінің келгенін жоғарыдағы үш жігіттен естіп, мән-жайды білген соң: «Ой, құдай-ай, Ақан серідей жігіт пірін танымады деген не сұмдық? Мына парықсыз жұрт не боп барады, түге? Ой, серім-ай! Ой, Ақаным-ай! Бар болшы! Жүрші осылай, қараңғы дүниені жарық қып! Шырқашы, кей марғауды ұйқысынан оятып! Бара ғой жаным, Балқадиша, Ақан ағаңның қасына! – дейді, жаны қалмай.


 

Балқадиша да әкесінің сөзіне елең етіп, ұшып түрегеледі. Сөйтеді де, екі жағында сыл­қылдаған екі жеңгесі – Ұмсын мен Ділда бар, өзін өбектеген Мәлік, Ғаббас, Тө­кен бар, бәрі Ақан сері отырған он екі қанат ақбоз үйге келіп кіреді. Қалғып-мүл­гіп, төмен тұғжиған жабырқау әншіге иіле сәлем беріп, оң жағынан орын алады. Жі­гіттер елпектеп, Балқадишаны таныс­тырады.


 

Балқадиша! Әлбетте, Ақан сері Балқади­шаны біледі. Білгенде қандай! Көз алдында қырдың қызыл гүліндей құлпырып өскен Балқадиша! Бүгінде ол осы өңірде: «Маңдайында жанып тұрған шырағы бар!» дейтін айтулы сұлулардың ішінде жұлдызы биік періште! Жалт-жұлт еткен гауһардың өзі! Ақан сері аузымен құс тістеп, аспандап, асып-тасып жүргенде, бұл елді талай рет думанға бөлеп еді. Ыбырайдай ел құтының үйінде де болғаны есінде. Балқадиша да есінде.


 

Сол Балқадиша! Толықсыған кербез ару. Жарқылдаған жанарында күллі дүние жайнап тұр. Ә, дүние... Ақан серінің көз алдынан бір дулы өмір зу етіп өте шығады. Бәрі де өң мен түс. «Өсіпті. Бойжетіпті». Ол іштей мейірлене тамылжып: «Ыбекемнің Балқадишасы!» дейді, үздіге қиылып. Тамыр-тамыры иіп, нұры азайған тұңғиық көзі жақұттай жарқырап, шапақ шашады. Ыбаны үнсіз жәудіреп, әкесіне күлімсірей қарап, дорбасынан алып, домбырасын ұсынады. Ақан сері пернеге саусағы тиген сәтте, кеудесін шалқақ көтеріп, паң көкірекпен қиырға сарыла көз салып:


 

Шырмауық шығарында бас тартады,

Біздің ел ерте жайлап, кеш қайтады.

Жайлаудай құлазиды біздің көңіл,

Жанымды ұғар жан жоқ, жас қартайды! – деп, толғаулы үнмен жүрек сыздатып:

Ахау, дүние жалған,

Бітер ме, арман!

Қу тірлік шырмауықтай шырмап алған!

– деген сөзді құсалы көкіректің уһілеген лебімен білдіріп, сәл жымиып, әлденені есіне түсіргендей:

Үйректің атқызбайды қасқалдағы,

Шебердің былқылдайды бас бармағы.

Бұл күнде ағаң болдым төр алдында,

Бір кезде Ақан едім аспандағы! – деп масаттанған жанның кейпіне түседі. Содан соң қоңыр үнмен балбыраған домбыраны өршелене қағып-қағып жіберіп:

Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың?

Сен берген ризықтан құр қалмадым.

Дәуренді мендей сүрген кім бар екен?

Сонда да қызығыңа бір қанбадым!

Ахау, дүние жалған,

Бітер ме, арман!

Қу тірлік шырмауықтай шырмап ал­ған! – деп, шер толы көкіректі босата аһы­лаған сайын үні тым алысқа ұзай береді.


 

Осы кезде сыртта ошарылған топ бірін-бірі кимелеп, үйге лап беріп, жапырласа кеп жайғасады. Ақан сері бәрі-бәріне бас изей амандасып, сынық мінезбен сыпайы ізет білдіреді. Ойын бастаушы жігіттер жиынға дуылдата жел беріп, Ақан серіні ардақтап, Зерендінің керілген кербез алқабын әнмен толқытады. Сол сұлу үннің бірі – оң жағында ақ маңдайы шаңырақтан жарқыраған алтын Айға шағылысып, әндей мөлдіреп отырған Балқадишаның үні еді!


 

Жаздың қарға адымындай қысқа таңында қаншама ән шарықтады. Ақан серінің жай сөзінің өзі шырын әуездей шертілді. Өзін қолпаштаған жастар – бір төбе де, Балқадиша – бір бір төбе! Ақан серіні Балқадишаның назды қылығы, жанын жадыратқан жұпар лебі, тіл байлап ұмсындырған сұлу көркі шалқытты. Балқадиша жанында отыр, бірақ, ол сондай алыс. Ғарыштағы жұлдыздай арбайды. Ақан сері құмарлық отына күйіп, іштей уһілейді.


 

Арада біраз күн өткенде Ақан сері сол маңдағы ауылдарды әнмен сусындатып, Жыланды жағына барғанында Балқадишаның ұзатылғанын естиді. Бір қоңыр кеште әнші гулеген жұрттың сөзінен жырақтап, қолында домбырасы... Жыландының құз-жартасының ығында көзі ып-ыстық жасқа толып, әр пернені үзіп-шалып:


 

Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен, шіркін-ай,

тал Қадиша!

Сексен қыз серуенге шыққан кезде,

Ішінде қара басың, па, шіркін,

хан Қадиша!

Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

Бұралған белің нәзік, шіркін-ай,

тал Қадиша!

Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат бізден сізге, амал не,

бар Қадиша!

Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

Боларсың біздің сөзге, дүние-ай,

зар Қадиша!

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боларсың қандай жанға, дүние-ай,

жар, Қадиша!

Басынан Жыландының құлағаным,

Кекілін кер бестінің шіркін-ай,

сылағаным,

«Кетті» деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құз-жартасты, шіркін-ай,

жылағаным!

– деген іңкәр жүрек лүпілі «Балқадиша» әні боп өзек жарады.


 

Ақан серіге үміт шырағындай көрін­ген Балқадиша таң шолпаны секілді алыс­тай береді… алыстай береді. Ол енді бо­лымсыз дәмемен емірене ұмсынған кө­ңілдің өкінішті көксеуі боп, көз талдыра бұлдырайды. Алты қырдан асып, үн­сіз тынған бір арманды ән. Күні кеше ғана Жамалға да өстіп құлай беріліп, алды-­артын ойлатпай алдап соққан аңғал жүре­гінің мазағына қалып еді. Енді, міне, тағы да:


 

«Кетті» деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құз-жартасты, шіркін-ай,

жылағаным,

– деп, адам түгіл, бәрі-бәріне жарық дүниенің өзін таңғалдырып, ессіз махаббаттың зарын тартады…


 

...Жанайдар Балқадиша хикаясын аспай-саспай осылайша аян етті. Маған ой­лана қарап: «Сіз де зерттеп жүрсіз ғой, мен білетін сыр – осы», деді. Қоңыр кө­зінде «Бұған не дейсіз?» деген сауал тұнып.


 

Мен: «Балқадиша әңгімесінің айнымайтын өзегі – осы! Бәрі рас. Қаз-қалпында айтылды. Дәптеріме түскен сөздің нобайы осыған үйлеседі. Рахмет, Жанайдар... қадірлі Жәке! – дедім.


 

Зерендіге бет алған ұзын жолдың үстінде осының бәр-бәрі көк жүзінде маңып бара жатқан ақша бұлттар секілді көз алдымнан өте берді... өте берді.


 

* * *


 

Алыстан мұнартып Зеренді де көріне бастады.


 

Түйдек-түйдек боп, ойнақтап шыға келген қара бұлт ауық-ауық көктің нұрын сеуіп өтеді. Көз ұшында көгеріп Қошқарбай тауы жатыр. Оң жағымызда Кеңөткел ауылы сағымдай бұлдырайды. Төңірекке ойлана қарап, келе жатқанда Жанатай: «Аға, әні Забровка, – деді. – Осы ауылда сіз екеуіміз әңгімесін көп тыңдаған Ескендір Итжанов ақсақал қайтыс болған.


 

– А? – дедім, оқыс сөзге елең етіп.

– Е, естімеген екенсіз ғой, солай болды, жазмыштың ісі.


 

Забровкаға бұрылып, Ескендір ақса­қал­дың үйіне кеп, тоқтадық. Қадиша апа есік алдында отыр екен, бізді танып, ор­нынан ұшып түрегелді. Ұлы, келіні, бала-шағасы шүпірлеп қуана қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып, көңіл айттық.


 

Біз жүрісіміздің мән-жайын түсін­дірдік. Қадиша апа көзі жасаурап: «Балқадишаның қыздарын іздеп шыққан екенсіңдер, – деді. – Ана жылы қасыңда осы Жанатай бар, екеуің келіп біздің отағасымен әңгімелесіп жүргенде талай­­ рет айтуға оқталдым... Мен сол Бал­қа­дишаның туған сіңлісімін, шырағым.


 

Заматта өткен күндер көрі­нісі көз алдыма тұра қалды. «Мен бір кезде жарықтық Үкілі Ыбы­райдың қойнына жатқан бала едім ғой», – деп ағыла сөйлеген Ескендір ақсақалдың әңгімесін Жанатай екеуміз магнитофонға жазып отырғанда осы бір жылы жүзді бәйбіше әр сөзді бас изей қоштап, тамылжып, үнсіз тыңдай беретін-ді. Сөзге аралас­пайтын. Қараңыз енді: «Балқадишаның сіңлісімін», дейді. Жүрегім лүп ете түсті.


 

Қадиша апаны сөйлеткім келді. Ол дәмем де үйлесе кетті. Апамыздың жүзі­нен мейір төгіліп, «осы сөзді әбден сақтап жүр едім», дегендей өз-өзінен шешіліп, сыр тиегін ағытты: «Әкеміз Ыбырай үш әйел алған кісі. Бағзы біреулер сияқты бақ-дәулеттің буымен үйленбеген, оған жазмыштың ісі себеп болған. Үлкен шешеміз Жықыштан – Балқадиша... менен көп үлкен. Мен 1906 жылы тудым. Жықыш дүние салғаннан кейін әкеміз Бал­жан деген шешемізді алыпты. Ол Әйімбет ауылының қызы. Бұл кісі екі құрсақ көтеріп, бірақ, олар тым ерте шетінепті. Менің шешем – Алтын, Тінібай қажының қызы. Бүгінде сол шешемізден Күлжәмила екеуміз бармыз. Күлжәмила Мәлік Ғабдуллин атындағы совхозда тұрады. Мына Қошқарбай тауын етектеп, шамалы жер жүрсеңдер Кеңөткел ауылы бар. Балқадишаның үлкен қызы Күлия сол ауылда. Зерендінің ар жағында Айдабол ауылына тиіп-ақ тұр, «Сандықтау» совхозы. Балқадишаның кіші қызы Нағима сонда. Екеуі де үйлі-баранды, үбірлі-шүбірлі тоқтасқан жандар. Күйеулері өзіміз тұрғылас қариялар.


 

Балқадиша хақында ел сөзі – жөн сөз. «Балқадиша» әні... ондай ән... е, оны Ақан серідей адамның асылы шығарса, ол тегін бола ма? Адамның жүрегі бостан-босқа елжірей ме, сөйтіп? Балқадиша апамыз Ақан серінің әндерін бізге жібектей сызылып отырып айтқанда жүзі гүл-гүл жанып, бір шуақты сезімге беріліп, мөлдірей қалатын-ды. Дауысы да сондай сырлы еді. Көп желпіне бермейтін-ді. Кез келген жанға онша ашылып, сыр айтпайтын-ды. Ал, көркі, сұлулығы... Өле-өлгенше сол ажары жан біткенді таңғалдырумен өтті.


 

Үй иесі Қадиша апаның әңгімесі Жан­ай­дар Мусин шерткен сырмен қабы­сып, шай үстінде де жалғаса берді. Бізге белгілі, белгісіз жайлардың бәріне ол дәйекті сөздер сәулесін түсірді. Кей­бір дүдәмал сырлардың беті ашылды. Анықталды.


 

Қадиша апамен қоштасып, жолға шықтық. Енді ат басын тірейтін жеріміз – Кеңөткел!


 

Біз жол үстінде Балқадиша әулеті жайында қилы-қилы әңгімелерді тағы да еске алып, Қошқарбай тауын жебелеп кеп, жалпақ саздың ортасында отырған ауылға да жеттік. Тоқтаған үйіміз – Балқа­дишаның үлкен қызы Күлияның үйі.


 

Күлия орта бойлы, нәзік, аққұба, пісте мұрын, кісіге тік қарайтын көзі өткір жан екен. Бірақ, сондай мейірімді. «Қарағым... шырағым», деп аялап сөйлейді. Үні де биязы. Тұңғышы Тумырза қайтыс боп, соның қайғысы біраз қажытып тастапты. Уһілеп, әр сөзін үзіп-үзіп айтты.


 

Мұң шеккен ананы жұбата сөйлеп отырғанымызда, сырттан осы үйдің отаға­сысы Әлімжан ақсақал келді. Қау­қылдаған, кеңқолтық, ақкөңіл жан екен, еш тосырқаған жоқ, амандық-сау­лық сұрасып, бірден шүйіркелесе кетті. Күлияға көзінің қиығын салып: «Тағдырға айла жоқ. Жылап бақтық. Көз жасыңды тый, Күлия, бекінгеніміз жөн. Сабыр... сабыр дегеннен басқа не лаж бар? Алматыдан ат сабылтып келіп отырған қонақтардың жайын қылайық», – деп бізбен етене жан секілді баурай сөйлеп, «Балқадиша» әнін зерттеп жүрген жай-жапсарымызды білді.


 

Әлімжан ақсақал «Балқадиша» әнінің оқиғасын еш іркілмей, айта жөнелді. Сөзі сондай жүйелі. Бағзы біреулер сияқты қоспай сөйлейді екен. Біз зерделеген жайдың бәрі-бәрін шегелеп, бекіте түсті. Балқадиша әулетін де жөн-жөнімен таратты.


 

– Біз қарауыл ішінде Дүйсен серінің тұқымымыз. Бұл атамыздың аңызы да ел ішінде сел-сел әңгіме. Ол Біржан салдан әрірек адам.


 

Кешегі қырғын соғыста тәңір иіп, елге аман-есен оралдым. Мына Күлия апаларың отызға енді ғана ілігіп, жайнаған дер шағында жесірлік халге түсіпті. Елмен қауышып, қуанышымызда шек жоқ, біраз шайқақтап жүрдік. Бойымызда жастық жалын бар, қырмызы гүлдей құлпырған қыздарға қырындаймыз. Бірақ солардың ішінде Күлияға көзім түсе берді. Келе-келе мені әбден баурап, ешқайда тырп еткізбеді. Тал шыбықтай иіліп, былқылдаған сұлу келіншек. «Бал­қадишаның қызы ғой, шіркін!» дегізген пәк ару. Шешесін көр де қызын ал!


 

Көркі жан қызығарлық сүйкімді болса, ақыл-парасаты да бойына бек жарасыпты. Менде ешқандай дүдәмал ой болған жоқ. Ақыры бір тәңір иген күні Балқадиша анамыздың ақ батасымен Күлия екеуміз отау құрдық. Сөйтіп, өмірдің ұлы көшіне ілесіп жүре бердік. Ауылдағы үлкен кісілер қуанып, бізге тілектестіктерін білдірді.


 

Сөзге ілкімді Әлімжан ақсақал лып түрегеліп барып, төргі үйден біраз суреттер әкеліп, алдымызға жайып салды. Қарай бастадық Күлияның отыздағы кезі... Көзінде нұр ойнап, назды қылық танытып, еркелеп тұр.


 

– Осы суретін үлкен кісілеріміз: «Балқадишаның дәл өзі ғой, дәл өзі!» деп қызығатын еді. Ал, Балқадишаның өз суретін көргілерің келе ме, шырақтар? – деді, Әлімжан ақсақал, бізді оқыс таңырқатып.


 

– А, бар ма сізде? – дедім мен, алдым­да­ғы көп суреттерді сасқалақтай аралас­тырып.


 

Әлімжан ақсақал ойлана бөгеліп: «Дәл­ осы күндері ауылға Алматыда тұра­тын Кәріпхан дейтін қадірлі азаматымыз зайыбымен демалысқа келіп жатыр. Бал­қадишаның суретінің бірі сонда. Ал, тағы бір суреті мына іргелес Айдабол ауылында Рахия деген келінімізде болуға тиіс, – деді.


 

Шай үстінде де Балқадиша жөнінде көп-көп тосын әңгіме ортаға салынды. Мен Балқадишаның суретін көруге асықтым. Осы көңіл-дітімді сезгендей Әлімжан ақсақал «Ендігі сөзді сол Кәріпханмен жалғастырайық. Барайық оған. Оның тоқтаған үйі ауылдың шетінде, – деп, түрегеле берді.


 

Біз сыртқа шықтық. Күлия апай көзі жаудырап, бас изей қоштасты...


 

Кәріпханмен жүздескенде бір-бірімізді танитын боп шықтық. Жанатайды бұрыннан біледі екен. Жөн сұрасып-біліскен соң, алдымызға қымыз келді. Әңгіме өз-өзінен қисын тауып, Ақан серіге ойысты. Кәріпхан біраз беймәлім сырларды қозғады. Ақан серіні біледі екенбіз, білмейді екенбіз. Жүйелі сөзге сүттей ұйыған Әлімжан ақсақал: «Кәріпхан, ұмытпасам, ана бір жылы сен Балқадишаның суретін алған сияқты едің», – деді.


 

– Иә, Әлеке, алғам, – деп Кәріпхан да қоштай кетті.

– Мына екі азаматтың жолы болды, онда, – деді. Әлімжан ақсақал бір жоғы табылғандай елпілдеп.

– Балқадишаның суреті менде. Алматыға барайық, ол суретті беремін, саған, – деді, Кәріпхан, маған күлімсірей қарап.

Бәтуа осылай болды.


 

* * *


 

Ертеңінде біз Айдабол ауылына келдік.


 

Бұл жерде Балқадишаның келіні Рахиямен әңгіме көңілсіз басталды. Рахия жайында Әлімжан ақсақалдан біраз жайды ұққам-ды. Көп балалы, мехнаты мол шаршаулы жан екен. Тұрмыс-тауқыметі қажытқан. Қамшыдай қатқан қараторы жүдеу әйел адамға мұңлы көзбен қарайды. Біздің келген мақсатымызды түсінді де өз жайын жайлап айта бастады: «Мен Балқадишаның жолы болмай жүрген бір бақытсыз немересімен үш жылдай отастым. Бұрынғы жолдасым дүние салған-ды. Шүпірлеген бала-шағаға бас ие болу жалғыз адамға оңай емес. Амал не, сол бейбақпен өмірдің алдамшы соқпағына түстім де кеттім. Жан бағу қиын. Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Ана сорлы арақтан азды. Ақылына келіп, жөнделе алмай қойды. Сөйтіп, бір масылдың көрешегін көрдім. Ақыры дәм-тұзымыз жараспады. Ажырасып тындық.


 

Біз үш жыл бірге тұрғанда ол жазған дені сау отырғанда өз туыстарының сурет­терін мақтана көрсетуші еді. Бірақ солардың ішінен Балқадишаның суретін көре алмадым. Ондай бейне қолға түссе, қані! Балқадишадай асыл ананың бейнесін бойтұмардай қастерлеп өтер едім. Ол сурет менде жоқ. Мына иек астында «Сандықтау» совхозы... Балқашин ауданына қарайды. Сол жерде Балқадишаның кіші қызы Нағима отыр. Мен ерден кетсем де, елден кеткем жоқ, Нағимамен жиі араласамыз. Бәлкім, сіздер іздеген сурет Нағимада бо­лар. Мақұл көрсеңіздер, сол ауылға барайық, бүгін қолым бос...


 

Рақияның ізетіне риза боп, қуана келістік.


 

Дала жауындатып тұр. Күн күркіреп, төгіп-төгіп жібереді. Іле аспанның бір шеті жарқырап, ашыла қалып, көк, сары, қызыл түспен нұр таратып, кемпірқосақ тартылады. Екі көзім жауын шайып, жайнаған дүниеде, ал, көңілім әлі де алаң. «Балқадишаның Нағимасы... ол қандай жан екен? Апамыздың суреті сол кісіде болса ғой, шіркін!» деймін үмітті ойға беріліп.


 

Өстіп отырып біз тастары бейне бір қолмен текшелеп қалағандай, орманы сыңысыған таулы өңірге ене бердік.


 

– Анау етектегі өзеннің екі жағасындағы үлкен село – совхоз орталығы. Ал, Сандық­тау тауы осы жерден он екі шақырымдай... әні мұнартып тұр. Тұтасқан орман, – деді, Рахия, сәл жымиып. – Е, айттым ба, айтпадым ба, Нағиманың отағасысы Нұрқожа ата мінезі ауыр кісі, ал, бір шешілсе, ағылып ала жөнеледі. Тоқтату қиын.


 

Батпақты жолда әупірімдеп жүріп отырып, ауылдың кіре берісінде Нағиманың үйіне кеп, тоқтадық.


 

Есік алдында Нұрқожа ақсақал Нағима екеуі жылы жүзбен қарсы алды. Сәлемдестік. Таныстық. Үйге кірдік. Жайлап әңгіме де басталды.


 

Нағима... Бұл кісіге мен ойлана қараумен болдым. Зипа бойы жып-жинақы. Сыпа. Талдырмаш. Сабырлы. Ұяң. Реңі аққұба. Маңдайдан тік түскен пісте мұрынының сол жақ ұшында қарақаттай меңі бар. Шарасы кең көзінің айналасын әжім сызығы торлай бастапты. Сұрағымызға қысқа ғана жауап беріп, әңгімеге еркіндеп ене алмай, үнсіз қала берді.


 

Сөзге отағасы Нұрқожа ақсақал араласты: «Енеміз Балқадиша да сабырлы еді. Бірақ ол кісіде адамға шырай тарататын жылылық болатын-ды. Өзі де, сөзі де көркем еді. Әр сөзінен ғибрат лебі есетін-ді. Мына Нағиманы сөйлету үшін көңіл кілтін табу керек. Ал, келбетін... әсіресе, отыз бес жастағы суретін Балқадиша дей беріңіз».


 

Нағима шалына қарап, мырс етті. Нұрқожа ақсақал да жымиып: «Дәл осы күлкісі... Балқадишаның күлкісі! Мені осы күлкімен арбап түсірді ғой, бұл Нағима», – деді өз сөзіне өзі желпініп.


 

Нағиманың күлкісінен пәктігі, бір кездегі ерке-назға толы бал қылығы, ізеттілігі сезілді. Құралайдың көзіндей жаутаңдаған жанарынан көз тайдыру мүмкін емес. Тазалық пен іңкәрлік сезім тұнған, тылсым көзқарас.


 

Төрде көп суреттер ілулі тұр. «Осының ішінде Балқадиша жоқ па, екен?»деймін, жалтақтай қарап.

Мұны сезген Жанатай: «Сіз Күлия апайдан неше жас кішісіз?» – деді.

– Мүшел жас. Күлия апаймен арамызда Гүлсін деген қыз бар еді, қайтыс болды.

– Мына бір суретіңіз қай шамадағы кезіңіз? – деп Жанатай көп суреттің ішінен біреуін көрсетті.

– Отыз бестегі кезім.


 

Екі көзі жаудырап, ақ бетінде бір мін жоқ, қасы қияқтанып, туған айдай керіліп, өзіне еріксіз қаратады. Бір сүйкімді пәк бейне. Нұрқожа ақсақал ойлана сөйледі: «Осы сурет... Балқадишаның толысып, келіншек болған кезіне қатты ұқсайды, дейді, үлкен кісілер. Білем, көрдім Балқадишаның суретін, біреулерде бар деп естиміз. Оған өзіміздің де қолымыз жетпей жүр.


 

Нағиманың бұрынғы жолдасы соғыс­тан аман келіп, кейін жүрек дертінен дү­ние салды. Жазмышқа не шара... Нағи­маның талшыбықтай бұралған кезі. Сұрапыл соғыстан менің де аман-есен оралған сәтім, жар тауып, бас құ­рағым келеді. Ел ішінде асау тайдай бұ­лаңдаған жаудыр көздер көп-ақ. Бірақ не құдірет биледі, білмеймін, Бал­қадишадай асыл ананың қызы болған соң ба, осы Нағимаға бірден құлай бе­ріліп, байландым да қалдым. Сөйтіп, қо­сылдық біз. Үлкендер: «Жарайсың, Нұрқожа, Нағимадай жарыңның қадірін біл. Бақытты болыңдар!» деп қуана қоштап, батасын берді.


 

Нұрқожа ақсақал осы әңгімеден кейін: «Ә, болды ғой бәрі... бәріне куә біздің көз», дегендей сәл іркіліп еді, бағаналы бері бұйығы отырған Нағима көзі жаутаң-жаутаң етіп: – Анамыз Балқадиша, әкеміз Сүлеймен екеуі жарастықты ғұмыр кешті. «Балқадиша» әнін ел жыр ғып жатқанда екеуі ол әңгімелерді қызыға тыңдайтын-ды. Мен ерке болып өстім. Анамнан әр кез Ақан серіні сұрай беретін едім. Сонда анам: «Е, балам, Ақан серідей адамның сұлтанын кім сүймейді?!» деп күлімсірейтін-ді. Сол күлкісінде қанша жылылық, мейірім... құмарлық, ләззат нұры бар еді. «Балқадиша» әнін әдемі дауысымен сызылта айтқанда адамды өзгеше бір қиял дүниесіне енгізетін-ді. Сонда қасында ұйып тыңдап отырған әкеміз: «Тағы бір айтшы, тағы бір...» деп кәдімгідей көтермелеп қоятын-ды, – деп, жеңіл ғана күрсінді.


 

Нағиманың жанарына жас үйірілді. Біз бар әңгімеге қанығып, жүруге ыңғайланғанда Нағима маған өзінің «Балқадишаға ұқсайды» деген екі суретін және төрде ілулі тұрған ағасы Төребайдың (соғыста қайтыс болған – І.Ж.) суретін берді.


 

* * *


 

Сол 1985 жылғы тамыз айының орта кезінде Көкшетау, Петропавл, Омбы тө­ңірегін аралап, Алматыға оралдық. Ме­нің ендігі дітім – ҚазТАГ-та аудар­ма­шы боп қызмет ететін Кәріпхан Тәшеновпен жүздесіп, Балқадишаның суретін алу. Кәріпхан сондай елгезек, кішіпейіл жан. Екеуміздің арамызда бір сұхбатты күндер басталды. Жасынан қария сөздерін зерек көңілмен ұғып өсіп, өз елі – Көкшетаудың сал-серілерінің өмірінен көкейіне көп сырды түйіпті. Мені сол зердесі баурай берді. Жұмысының беймаза екенін айтып: «Сәл сабыр ет, мына бір аудармашылық іс мойын бұрғызбайды. Үйде қағаз көп. Соның ішінен іздеп табуым керек, Балқадишаның суретін. Сәл шыда», деп, ұмсындырады. Дәмелендіреді.


 

Сөйтіп жүргенде көп аңсатқан Балқадиша бейнесін көрдім, ақыры. Балқадишаның суреті! Басында түбіт шәлі. Үстінде шапан. Алдында немересі. Егде тартқан келбетінің өзінде: «Бет біткеннің сұлуы!» дегізетін ерекше бір тартымдылық құдіреті бар.


 

Кәріпхан сарғыш тартқан суретке қарап тұрып: «1939 жылы түсірілген сурет. Қазір бұны алғаныма жиырма бес жылдың жүзі болыпты. Мұны маған Балқадишаның Жетібай деген ұлы хат арқылы жіберген-ді. Суретке қоса Балқадишаның өзі, отбасы жайлы ауыл кеңес кітапшасына жазылған ресми құжат та бар.


 

Балқадиша Қойайдар ауылына келін боп түскен. Кейін бұл ауыл Сәберлі, Кенжетай ауылдарымен қосылып «Кеңөткел» колхозы боп атанды. Сол кездерде «Кеңөткел», «Өндіріс», «Қойсалған», «Еңбек-бірлік» және Ленин атындағы колхоздар Ленин ауылдық кеңесіне қарады.


 

Балқадиша Ыбырайқызы Масабаева 1883 жылы туған. Жылы – сиыр.


 

Балқадиша мен Сүлеймен тату-тәт­ті ғұмыр кешіп, біраз перзент сүйді. Солар­дың ішінде есейіп, жетілгені – екі ұл, үш қыз. Қыздың үлкені – Күлия. Төребайы – 1911 жылы туған. Одан Жолдыбай, Жарқынбай деген екі ұл бар. Төребайдың әйелі – Дәметай Кеңөткелде тұрады. Гүлсіні 1915 жылы туып, Қошқарбай ауылының жігіті – Сұңғаттың Әбікеніне ұзатылды, 1948 жылы 33 жасында қайтыс болды. Ал, осы қысқаша деректі берген Жетібай ұзақ жыл Сандықтау совхозында шофер болып істеді. Автомобиль апатынан қазаға ұшырады.


 

Балқадиша 1950 жылдың сәуір айының 17-ші жұлдызында дүние салды. Сүлеймен екеуінің зираты – Кеңөткелде.


 

Ыбырайдың үшінші қосылған әйелі – Алтын. Ол кісі менің әкем Тәшеннің туған апасы. Балқадиша біздің әулетке жиен. Шешем Балым ару апамыздың атын атамайтын, үнемі «жиен қыз» дейтін, – деп Балқадишаның суретін маған ұсына берді.


 

* * *


 

Сұлулық періштесі дерлік Балқадишаның әулетімен осылайша қауышып, осы бір ғажайып жанның суретін табуым – ән зерттеген мехнатты да ләззатты өмірімнің ең сәулелі, шуақты сәті еді… «Балқадиша» әнінің бар тарихы міне, осы!


 

egemen.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар