Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ислам Байрамуков үш тұғырлы тіл туралы...

14.05.2016 4399

Ислам Байрамуков үш тұғырлы тіл туралы

Ислам Байрамуков үш тұғырлы тіл туралы - adebiportal.kz



Мен ауылда, ауыл балаларымен қазақша сөйлеп өскендіктен, тілді еркін меңгердім. Бір қызығы, алты жасқа келгенше, өзімнің ұлтым кім екенін білмеппін. Бұл да қазақ халқының қонақжайлылығын, ешкімді бөтенсінуді білмейтін қасиеттерінің бірі шығар. Ауыл тұрғанда ана тілі ешқашан жоғалмайды. Себебі, ауыл тұрғындары қашанда қазақ тілінде сөйлейтіні хақ. Тіл үйрену үшін адамда тек үйренетін тіліне деген қызығушылық болса жеткілікті деп санайды. Егер Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілі тіл білсе, білімі болса, азаматтығы, сонымен қоса Отанға деген сүйіспеншілігі болса, ол азамат үшін барлық мүмкіндіктер ашылады. Белгілі бір елде тұрып, сол елдің тілін білсең, салт-дәстүрлерін қастерлесең, өзіңді сол елдің нағыз азаматымын деп санасаң, алға жылжу мен болашақта үлкен шыңдардан көрінуіңе, өсуіңе, өнуіңе еш кедергі туындамайды деп ойлаймын.


«Үш тұғырлы тіл» мәселесін халық дұрыс түсінбей отыр. Алдымен ақты ақ, қараны қара деп, мәселені жеке-жеке бөліп, мемлекеттік тілге ешқандай зиянын тигізбейтінін насихаттау мәселесі жетіспей отыр. Яғни, орыс тілі мен ағылшын тілдері қазақ тілінің көлеңкесінде, ығында жүреді. Президентіміз айтқандай, үш тілдің ішінде қазақ тіліне басымдық беріліп, қалған екі тіл сол ана тілімізге бағынышты күйде болады. Әрине, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе.


Мәселен, Қазақстанда заң мамандары, экономика мамандары өте көп және жұмыссыз. Бірақ, көп компаниялар мен кәсіпорындар заңгерлер мен экономистерге зәру. Әрине, мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын, орыс тілдерін білетін, өз мамандығының нағыз іскерлеріне. Осы олқылықтарды толтыру мақсатында «Үш тұғырлы тіл» идеологиясы дүниеге келіп отыр. Яғни, елімізге қажетті, үштілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі, бүкіл әлем бойынша коммуникацияға түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар ауадай қажет. Аталмыш кадрлар мәселесін «Үш тұғырлы тіл» саясаты оп-оңай шешіп бере алады.


«Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйренуіміз керек.


Ислам Байрамуков

Қазақстанның еркін күрестен еңбек сіңірген спортшы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар