Бірер күн бұрын елорда төрінде Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтті. Азияның түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылардың басты мақсаты – ортақ дүниетаным қалыптастырып, Азия әдебиетінің бар екенін, оның ықпалы жоғары екенін көрсету еді. Осы форумға қазақтың белгілі қаламгерлері де ат басын бұрды. Басқосу аясында алаштың ардақты ақыны, драматург Исраил Сапарбаймен сұхбаттасудың реті келді.
– Рухани жаңғыру неден басталады?
– Қазіргі таңда өзіміздің жазғанымызды кітап етіп шығара алмай, оқырман мен қаламгердің арасындағы байланыс үзіліп барады. Біз көбінесе экономомикалық-әлеуметтік тақырыпқа көңіл бөлдік. Ал әдебиет тысқары қалды. Сөйтіп, рухани дамуымыз кенжеледі. Олай болмауы керек еді. Ал енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғалы бір-екі жыл болғанын білесіздер. Сол бас кезінде бірте-бірте жарнамалық сипат алып кеткен еді. Мен ол жөнінде «Рух мейманасы» деген трактат жазған болатынмын. Онда «Рухани жаңғыру» тек жарнама күйінде қала ма, жоқ әлде өзекті мәселелер қолға алына ма деген сұрақтарға жауап бердім. Біз «жерге» түсіп, халықпен бірге ақылдасып, осы бағдарламаның игілігін көреміз деген үміттенемін. Кітаптың тұсаукесерін Ұлттық кітапханада жасадым.
– Жазушылар одағының кейінгі жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі нарық заманында алақан жайып отыра беруге болмайды. Құдайға шүкір, одақтың жаңа төрағасын сайладық. Онда білікті те білімді жас жігіттер жұмыс істеп жатыр. Бірақ болашақта атқаратын жұмыстар өте көп. Ең бірінші – қаламақы беру мен авторлық құқық мәселесі. Бұл үкіметтің қарауында жатыр. Дегенмен, президент бұл мәселе жуық арада шешілетінін айтқан еді. Екінші – кітап тиражын реттеу керек. Біз жазған кітаптардың тиражы мол болса, әдебиет те дамиды, оқырманның да қызығушылығы артады. Бүгінгі заманда рухымыз сәл төмендеп бара жатыр ма деп ойлаймын. Себебі біздің оқырмандар азайып кетті.
– Азия әдебиетін толықтай қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Әлемдік деңгейге шығу бізге әлі ерте. Былтыр Еуразия форумы өткенін білесіздер. Биыл Азия форумы ұйымдастырылып отыр. Шетелдік жазушылардың баяндамасын тыңдадық. Барлығы өзіндік ойымен, тың идеясымен келгені көрініп тұр. Урбанизация, қаламгерлердің өмірі, баспа ісі жөнінде де келелі сөздер, кемел ойлар айтылды. Десе де, бәрімізді толғандырған тіл мәселесі көп сөз болмай жатыр. Бұл – форумның ең өзекті құрылымы болуы тиіс. Қаламгерлер бір-бірімен аударма арқылы жақын танысуы керек. Осы шығармашылық байланыс Азия әдебиетін қалыптастыруға, дамытуға негіз болады. Шыны керек, Азия елдерінің қарым-қатынасы үзіліп қалған. Оны қалай жалғаймыз? Біз қайтсек рухани тұрғыдан біріге аламыз? Міне, осы мәселе бүгін-ертең қозғалады деп есептеймін. Елордамызда және басқа да ірі қалаларда аударма орталықтары бар. Ондағы өнімдер тарих, экономика, ғылым, әлеуметтік бағытта шығарылады. Бірақ әдеби шығармалар көп аударыла бермейді. Өкінішке қарай, бізде әдеби туындыларды аударатын орталық немесе агенттік жоқ. Қазір белгілі бір шығарманы аудару қиынға соғатыны рас. Менің ойымша, Қазақстан Жазушылар одағының ішінде аударма орталығы ашылу керек. Сосын бізде әдеби агенттік болуы тиіс. Бұл агенттіктің маңыздылығы жоғары. Себебі қаламгердердің жазған туындылары тиісті деңгейде таралмайды. Құдайға шүкір, мен бес-алты жанрда жұмыс істеймін. Оның ішінде ән мәтіні, драматургия, поэзия секілді т.б. жанрлар. Бірақ ол жазылып қана қоймай, қалың қазаққа таралуын қалаймыз. Азия құрлығында осындай шараның ұйымдастырылуы өте қуанышты жағдай. Бірақ мұның ертеңі қалай болады? Белгісіз. Сондықтан да жоғарыда айтқан мәселелер шешімін табуы керек. Жоғары жақтағы биліктің бізге құлақ асқаны, мойын бұрғаны дұрыс болды. Осы шараны үш жылдан кейін басқа бір мемлекет жалғастырады деп естідім. Ол қай мемлекет? Түркия ма, Пакистан ба, мен білмеймін. Сонда мына шараны өткізіп қана қоямыз ба? Жоқ, мұнымен іс бітпейді. Яғни, бұдан кейін ештеңе өзгермейді деген сөз. Азия форумын өткіземіз деп жарияға жар салдық. Ал енді біз іске көшуіміз керек. Менің ойымша, осы форумнан кейін біз Түркі әлемін жақындату үшін түркітілдес мемлекеттерінің әдеби сыйлығын қарастырғанымыз жөн.
– Қазіргі қазақ әдебиеті қандай деңгейде?
– Елімізде Мәдениет және спорт министрлігі бар. Жазушылар одағы осы министрліктің құрамына кіреді. Яғни, бұл жерде Жазушылар одағының жеке үні, жеке атауы аталмайды. Былайғы жұрт бізді білмей жатыр. Көрдіңіз бе? Сондықтан, менің ұсынысым – аталған министрлік «ҚР Мәдениет және әдебиет министрлігі» болып қайта құрылуы керек. Неге? Өйткені оның ішіне әдебиетті қосқаннан кейін, оның дауысы естілуі тиіс. «Ең бірінші – сөз» деп қасиетті кітаптарда, Інжілде жазылған. Біздің жан-жануарлардан артықшылығымыз – сөйлей алатындығымызда. Сондықтан тіл – ең бірінші орында тұрғаны жөн. Осы ойым іске асса, қаламгерлерге толықтай назар аударылып, әдебиет дамушы еді. Міне, түйткілді мәселе сонда жатыр. Қаржы болмаса, ешқандай іс тындыра алмайсың, ешқайда бара алмайсың. Одақта мыңнан аса жазушы бар. Мүше бола алмай жүргендер қаншама?! Егер Жазушылар одағының статусын жоғарылатса, сонда мемлекеттен арнайы қаржы бөлінеді. Сол арқылы өзіміздің идеямызды іске асырамыз, кітабымызды шығарамыз, баспалармен қарым-қатынас жасаймыз. Менің басымдағы жағдай – сегіз жүз жазушының басындағы жағдаймен тең. Көп жазушылар қалам мен қағазын тастап кетті. Өйткені жазуға қалтасы көтермейді. Алла берген талантыңды халыққа бере алмасаң, дәуренің өтіп кетеді. Өмір деген – мәңгілік жастық шақтан тұрмайды. Мен ылғи да Кеңес үкіметіндегі жүйені аңсаймын. Ол кезде жазушыларды жақсы қолдаған-тұғын. Осыдан кейін біз шетте қалмай, кім шетте қалады? Сауатсыздық деген сол. 30 жылдай уақыт болды ғой, енді.
– Сізді не толғандырады?
– Қазақ баласының жүрегіне шам жақсақ, осылайша ұлғая берсе, бүкіл қазақтың еңсесі көтерілетініне сенімім мол. Сіз жаһандық жаңалықтардан бір күн қалыс қалып қойсаңыз, бір жылға сауатсызданып қаласыз. Өмірге не үшін келдік? Тек қана таңертең тұрып, нан тауып, қара жұмыс істеуге келген жоқпыз. Кейде мен өлең немесе әннің мәтінін жазып отырғанда «осы менің жазғаным кімге керек?» деп ойлаймын. Осыдан кейі көңілім құлазып, ниетімнен айни бастаймын. Бірақ мен жазуды тастамаймын. Десе де, өз-өзімді жұбатқанмен, шындық солай.
– Келер жылы – Абайдың 175 жылдың мерейтойы. Осы атаулы мерекені қалай өткізуіміз керек?
– 1995 жылы хәкім Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысқан едім. Сонда бұрыңғы өзіміздің ұлттық менталитет бойынша көптеген қазақ үй тігіліп, аста-төк той жасалды. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Одан кейін 160 жылдығы өтті. Ол да сол деңгейде ұйымдастырылды. Ал енді 175 жылдығы қалай өтеді? Бұрынғы сарын қайталана ма, жоқ әлде тың идеямен өте ме? Ішіп-жеп, қарын тойдырып қайтамыз ба? Міне, осы сұрақтар мазалайды мені. Осының бас-қасында жүрген азаматтар бұл мәселені қолға алу керек. Мен барлығын біліп отырмын. Бұл той басқа форматта өтуі керек. Қазіргі таңда Абай өлеңдерін оқитын эстафета жүрі жатыр. Бұл үрдіс кішкене толықтырылуы қажет. Абайды тану үшін оның әлеміне үңілу – басты назарда. Сондықтан да, менің ойымша, ақынның кілті әлі ашылмады. Бірер жыл бұрын З.Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болып тұрған кезде «Жаңа ғасырға жаңа ән» деген республикалық конкурс өткен еді. Бұған 7-8 жанр бойынша 2000-ға жуық жаңа ән түсті. Біз бір жарым ай бойы сол әндерді сұраптап талдадық. Сонда Еркеғали Рахмадиев бас қазы болған-тұғын. Маған Абай шығармашылығы негізінде романстарды іріктеу бұйырды. «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы» секілді әндерді дамытуға атсалыстық. Сол конкурста 10-15 романс бәйге алды. Ал бүгінгі таңда сол романстардың біреуі де айтылмайды. Бұрынғы Абайдың өз әндері ғана қалды. Абайдың өлеңдерін жаттаумен ғана шектелуге болмайды. Оның мазмұнын, негізгі айтар ойын білу – өте маңызды дүние. Өлеңдердің ішінде қандай жауһар бар екенін іздеп, білген дұрыс. Біз Абай әлеміне толыққанды ене алмай жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР
Суретке түсірген: Артем Чурсинов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.