Мұхтар Әуезовтың жүз жылдық мерейтойына байланысты 1997 жылдан басталған 50-томдық академиялық жинағының 6-томына атақты «Хан Кене» драмасының екі нұсқасы және орысшаға жасалған жолма-жол аудармасы басылған. (95-275 бб.) Жазушы архивінде осы үш нұсқаның да қолжазбалары сақталған.
Алайда, олардың тұтас осындай мол көлемде түгелдей басылып шығуына кеңестік саясаттың теріс ықпалы кедергі болып келді. Драманың бірінші нұсқасы араб әрпімен қалың дәптерге жазылып сақталған. Кітаптағы көлемі 75 бет болса, екінші нұсқа – 54 бет. Яғни, пьесаның 22 беті қысқартылып, әдеби тұрғыдан өңделіп, латын әрпімен машинкаға басылған. Кейін М.Әуезовтің 20-томдық шығармалар жинағының 14-томында жарық көрген, осы екінші нұсқасы.
М.Әуезовтің бұдан өзге де көптеген пьесаларының әлденеше нұсқалары белгілі. Шығармашылық сапарының алғашқы туындылары «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөз» трагедияларын арада біраз жыл салып барып, өзгертіп жөндеуіне бір жағы баспасөзде айтылған сын пікірлердің әсері болса өз көзқарасындағы ілгерілеп өзгерулердің де ықпалы аз болмаса керек. Оның үстіне жазушының шығармашылық жағынан өсіп, толысуы бұрын жазылған кейбір жайттарды өңдеп толықтыруы, қайта қарап өзгертуі кез-келген қаламгерде бола беретін әдеттегі заңды құбылыс. Жазушылық жұмыстың жемістілігі әр суреттердің өмірлік ұстанымдарымен, алдына алынбайтын қамалдай биік мақсат қоя білетін еңбегімен сабақтасып жатады. Суреткерге бір жазғанын баспаға ұсынбай тұрып оны екінші рет түзетіп жазғанда, ана жазғанынан мына нұсқа сәттірек екен дегенді жарыққа шықпай тұрып ешкім де айта алмайды. Оның үстіне өз ойға алған оқиғасын алдын-ала егжей-тегжейлі пісіріп алып барып жазатын да, немесе шығарма жазуға отырарда неден бастап қалай аяқтарын жоспарламай жазу үстінде сан өзгертіп, тіпті осы жолда айлап-жылдап еңбектенетін жазушылар да әдебиет тарихында жеткілікті.
Айналасына жарық түсірген әрбір көркем шығарманың өмірге келу сыры бар. Оны жазушының ішкі ойымен, алға қойылған жоспарымен, өзіндік өсу жолымен, мүмкіндік аясымен, жазған туындыларының сапасымен бірге қарастыру жөн. Демек «Хан Кене» драмасындағы оқиғаларды М.Әуезовтің «Еңлік Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал» трагедияларымен, «Қараш-қараш», «Қилы заман», повестерімен салыстыра қарап, ондағы көрсетілген жайларға ұқсас қатар өрбіп, өсіп отыр деп қараған дұрыс. Жазушының шығармашылық жолындағы өсу белесін танытатын, елдік, халықтық тақырыптарға жазылған көркем туындыларының ішіндегі жаңағы айтылған туындылармен қоса аталатын алғашқы тарихи драмасы «Хан Кене» десек, шындықтан алыс кетпейміз. Өйткені, бұдан бұрын да М. Әуезов шығармасында талай сөз болған қазақ халқының бұрынғы ел басқару жүйесі, мемлекеттік мәселесі, тәуелсіз ел болуы жолындағы күресінің ұзақ, аласапыран бір кезеңі осы пьесада көрініс тапқан. Сөйтіп, «Хан Кенені» көркем әдебиетімізде алғаш рет қазақтың азаттық үшін күрес шежіресін, тәуелсіздік мәселесін көтерген шын мәніндегі ауыз толтырып айтарлық сахналық шығармасы, тарихи драмасы дейміз.
Драманың бірінші нұсқасы «Алты перделі тарихи драма» делінсе, екінші нұсқасында «Бес перделі тарихи драма» деп жазылған. Осы алтыншы перденің тұтастай қысқартылуы екі нұсқадағы басты айырмашылық. Сегіз беттен тұратын осы қысқарту (167-174-бб.) көлемі жағынан ең үлкен өзгерту болса да драма мазмұнына түсініксіз болатындай нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Бұдан көркемдік жағынан әлсіреп, не аяқталмай қалған сияқты шығарма шешімін босаңсытар кемшілік таппаймыз. Қайта шығарма артық оқиғадан арыла түскендей. Өйткені, бесінші перденің соңғы жағында Хан Кененің қырғыздарға тұтқынға берілуімен оқиға түйіні шешіліп тұр. Ал, алтыншы пердеде суреттелетін бас кейіпкердің тұтқында болуы, қырғыз манаптарының келісімге келуіне көнбей, өштескен көпшілік пен нөпір халықтың ашу үстінде Кенесары мен Наурызбайды өлтіруі көркем шығарманың эстетикалық әсері мен биік нысанасын, жоғары көтеруден гөрі асқақ мұраттарды түсінбей, артық қимылға барған әрекеттерді суреттегендей әсер қалдырады. Осы алтыншы пердедегі тоғыз көріністің қысқартылып, драма шешімінің негізгі қаһармандардың тұтқынға түсуімен аяқталуы көркем шығарма үшін әрі жинақы, әрі дұрыс ұстанған бағыт болып шыққан. Жазушының бұл шешімін саяси, не сыншылар, көрермен тарапынан болған ескерту нәтижесі деп емес, көркемдік үйлесімге, өзінің алға қойған идеялық ұстанымына сай деп қарау орынды сияқты.
«Хан Кене» спектаклі
«Хан Кене» драмасының екі нұсқасын салыстыра сөз еткенде ондағы қысқартулар мен түзетулердің, жаңадан енгізілген өзгерістердің неғұрлым көлемді жерінен бастадық. Осындай көлемді қысқартуды драманың алғашқы перделерінен де табамыз. Мұндағы қысқартулар 1-3 беттен аспайды. Арасында бір бет, жарым беттік қысқартулар да бар. Ондағы сөз болатын диалог иелері: кедейлер, байлары соғыста өлген, баласы бәйгеге тігіліп теңсіздік көрген панасыз әйелдер, т.б. Драма прологында жазушы 1,2,3 кісі, 1,2,3 жігіт, 1,2,3 шал деп сахнаға халық өкілдерін шығаруы ақ киізге көтерілген хан сайлауы алдында ескі өмірдің әлеуметтік теңсіздігін көрсетуді мақсат етуден туған. Осы арадағы 1,2,3 кедей, 1,2,3 қатын диалогтарын қамтитын төртінші және бесінші көріністер қысқартылған. Бірінші перденің басталар тұсындағы Жесір қатындар, Жоламан, Кене, Шеген, Дуана қатын диалогтары шынайы әрі өткір жазылуына қарамастан жазушы оларды бүтіндей алып тастап, драманы ел басшыларының сөзімен бастауды жөн көреді. Осындай ірі қысқартуды төртінші пердедегі 4 Дулаттың, кемпірдің диалогынан табамыз. (142 бет.) Мұндағы диалогтар, көптің әртүрлі көңіл күйін, іштей толқып ауытқуын, әрі-сәрі болуын жеткізеді. Осындай диалогтарды жазушы бесінші пердеде (154-155 бет) артық деп қысқарту арқылы драманың босаңсып, әрекетсіз тұрған жерлерін ширата түседі. Драмадағы ең бір шиеленісті тұс – Науан мен оның немере қарындасы Қарашаштың жақындығының әшкереленуі. Қарашаш пен Науанның өлеңмен қоштасуын (159 бет) жазушы екінші нұсқада қысқартады. Науанды Кененің ат құйрығына байламақ болуы, осы оқиғадан туады, басына төнген қатерден соғысқа сұранып құтылу сияқты эпизодтан кейін бұл сезімнің қыр-сырына тағы да тоқталып жату көркемдік тұрғыдан үлкен жүк көтеріп тұрмаса керек. Қыз бен жігіттің өлеңмен жауаптасуында айтылған ойлар екеуінің бұдан бұрынғы сезім-күйлерін қайталаған, сол себепті де ықшамдалып алынып тасталған. Драманың бесінші пердесіндегі 10-көріністе, шығарма аяқталар сәттегі Кененің монологы бүкіл оқиғаның шиеленісі, идеялық түйіні десе болғандай. Жазушы оны екінші нұсқасында ортаңғы тұсынан біраз сөйлемдерін ықшамдап, оның жалғасын әсерлі ғып ширата түскен. Сондай-ақ Кененің аруақпен кезігетін 11-көрініс те бірталай ықшамдалып, қысқартылған. Драма композициясында әр адамның, алынған эпизодтың, айтылған сөздің, ішкі монологтың өз орны, мазмұнға, шығармадағы тартысқа қосатын үлесі болатыны белгілі бір өлшемге негізделген. Егер кейіпкердің сөйлеген сөзі әрекетіне лайықсыз, не өз орнында айтылмаса шығармадағы композицияға не мазмұнға сөзсіз нұқсан келеді. Осы ретпен алғанда Науанның көп жағымсыз, қатал істерін Хан Кенеге автор Бұғыбайдың сөздерімен, қырғыз елшісі мен қырғыз адамдарының аузымен айтқызады. Осындай сәттердің бірінде Науан шыдамай өз істеген істерін Бұғыбайға айтқызбай өзі баяндайды. Осы қорқынышты, аса қатал жазаға іліккен адамдарға істелген қиянат былай баяндалады:
«Бұғыбай. Тынайдың, әсіресе Науандардың шауып алған бір ауылы тым ауыр жазаға ілінген көрінеді.
Кене. (сызданып) Не болыпты?. Не қылыпты?..
Науан. Өзім айтайын. Қалпақ дегеннің ауылы екен. Қарсыласып көп тартысты. Артынан, ауылды алған соң, қыз- келіншегін тұтқын қылдық та, буаз қатындардың ішін жарып, баласын керегеге ілдік. Суанбек деген бір жігіт көген арасында жараланып жатыр екен. Соны тірідей сойып, жүрегін аузына тықтым.
Байұзақ. Ойпыр-ай, тым қатты тым ауыр істеген екен.
Науан. Қолға түскен бір батырын әлгіден де сорақы жазамен өлтірттім. Қалай қылғанды айтпай-ақ қояйын. Бұғыбай соны істегеннен бері өзім қолға түссем жаман болар деп күйінді болғансып жар салып жүр. Ісім сол-ақ. Көндіремін осымен, әке-үке деп ешкімді ала алмаймын. (Өзгелер Кенеге қарайды)
Кене. Жаза қаттырақ болған екен. Бірақ үркер, қорқар, енді тоқтар, (Науанға қарап) осы да болады. Енді бұдан былай істемеңдер мұндайды... Кезінде жауға-жауша, досқа-досша іс істеген мақұл. Бірақ шегі бар, тоқтар жері бар. (Өзгелер үндемейді)
Рүстем. Қырғыз, Дулат ежелгі көрші ел еді. Дулаттың бұл есітіп, көрмеген құқайы. Не дер екен ? » ( 128-бет )
Екінші нұсқада аса қатал, соғыс уақытының бұндай қорқынышты суретінің қысқаруы түсінікті. Драмада ондай суреттер қырғыз елшісінің өлтірілетін жерінде, бірінші нұсқадағы қысқарып кеткен алтыншы пердеде, тағы да басқа жерлерде мол кездесуі уақыт тудырған аласапыран кездің, қатыгездігін, заманның бейбіт билігіне көне бермейтін озбырлығын сипаттайды. Жазушы екінші нұсқадағы қысқартулар арқылы, Хан Кенені Дулаттармен, қырғыз елімен, қытайға жөнелткен елшісіне берген кеңестерінде, күрмеуі қиын елдік мәселелер сөз болатын хан кеңесінде айтқан сөздерімен тиісті жерінде ортақ мәмлеге келе алатын байсалды басшы ретінде де көрсете білген. Бұндайда орамды оймен қарсыласын да ортақ іске дос етіп, беттеген ойынан айнымайтын, байлаған уәдеге берік, беталған іске шешімтал, қатал билік иесі боп танылады. Осылайша, Мұхтар Әуезовтей айтулы сөз зергерінің «Хан Кене» драмасының бірінші нұсқасын сол алғашқы жазылған күйінде оқырманға түзетіп өңдеусіз ұсынбай, оған көптеген толықтыру енгізуі шығарманың көркемдік жағынан жетіле түсіп, жаңа сапаға көтерілуіне ықпал еткен. Әсіресе драмадағы басты тұлғалар хан Кене, Науан, Бұғыбай, Бопай, Қарашаш сияқты кейіпкерлердің бейнесін ашатын тұстарға түрлі өзгерістер енгізгені көркемдік тұрғыдан өзін-өзі ақтап тұр десе болады. Шығармадағы көпшілік, тарихи оқиғаға қатысушы халық өкілдерін 1,2,3 кедей, 1,2,3 шаруа, 1,2,3 Дулат, қырғыз жігіттері деп олардың көзқарасы арқылы елдің тілегін білдіруі жазушының 1920-жылдардағы әртүрлі автор ойын бұра тартып түсіндіретін көзқарастардан сақтануынан болса керек. Драманың екінші нұсқасында бірінші нұсқадағы бірталай қоспалардан арылуы, қысқара түсуі шығарманың көркемдік деңгейін әлсіретпей, мазмұнына түсініксіз болатындай кері әсер етпей, қайта оны артық эпизодтардан, шұбалаңқы диалогтардан арылтып, көркемдік деңгейін көтере түскен. «Хан Кене» тарихи драмасының бірінші және екінші нұсқаларын салыстыра отырып тексергендегі өзгерістер – жай ғана қысқарту, ықшамдау үшін ғана жасалмай, қайта қысқа көлемге көп мазмұн сыйғызуға ұмтылған жазушының еңбеккерлігін, аз сөзбен көп ой айта білген шеберлік мектебі десе болады. Бұл жерде айтулы сөз зергері Мұхтар Әуезовтің адам характерін жасауда әр түрлі мінез қақтығысынан ортақ оқиға өрбітіп, әрбір қаһарманның бейнесін ортақ желідегі мазмұнда өз орнын сақтай отырып әрекет етуші ретіндегі бейнесін бірден-бірге көтеріп дамыта білетін композиция құрудағы шеберлігін көреміз. Жазушы кейіпкер характерін, ойларын жеткізгенде көзсөзділікке ұрынбай ұтымды диалог арқылы сөйлетеді. Хан Кене әскерінің шешуші ұрысы сәтсіз аяқталып, оның басшыларының тұтқынға түсуінен, Дулат жігіттерінің, Рүстем, Байұзақ, Сыпатай т.б ұрыс даласынан үн-түнсіз кетуі тәуелсіздікке деген ел үмітінің үзілмей алдағы уақытқа жалғасуына деген сенімін ұялатады.
Драманың алғашқы нұсқасының бірінші, екінші перделерінде бір бет, екі бет қысқартулар, алынып тасталған жерлер болмаса, аса көп өңдеу, көркемдеп өзгерту кездесе қоймайды. Ал, пьесаны көркемдік тұрғыдан жетілдіру барысында бірінші нұсқаны одан әрі әрлеп ұштау, әр түрлі характерлерді мазмұнды диалогтармен беру, аз сөзге көп мағына сыйғызып, басы артық сөйлемдерді қысқартып жіберіп, ойды ықшам сөздермен жеткізу сияқты өзгерістермен жазушы драманың екінші нұсқасын сапалық тұрғыдан жақсарта түскен. Ал, қазақ драматургиясындағы тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындының орысша аудармасының ұзақ жылдар оқырман қолына тимей жазушы архивінде болуы М.Әуезовтің аудармашы ретіндегі жұмысының кемшілігінен емес, осы пъесаға деген кеңестік кезең саясатының теріс көзқараста болуынан.
Әрбір шығармасын жазып біткен мезгілде оны өз қолымен орыс тіліне аударып отыруды жазушы мақсатты түрде жүзеге асырған. Жазушы архивінен алынған осындай орыс тіліндегі пьесалар мен либреттолар саны көптеп саналады. Мысалға алсақ, «Ақан – Зайра», «Шекарада», «Тартыс», «Түнгі сарын», «Айман –Шолпан» пьесаларын, көптеген либреттолар мен кино сценарийді орыс тілді оқырманға арнап аударуы М.Әуезовтің шығармашылық өміріндегі жаңа қырларын, бұрын оқырман көпшілікке мәлім болмай келген жақтарын көрсетеді. Ол аудармалардағы жазушы шеберлігі мен үлкен ауқымды мол еңбегі әлі де көп зерттей отырып, алдағы уақытта жарыққа шығуға тиісті еңбектерінің қатарында өздерінің жаңа зерттеушілерін күтіп тұр деп айтамыз. «Хан Кене» драмасының қазақ тіліндегі екі нұсқасы мен орысша аудармасы М.Әуезов шығармашылығындағы аса күрделі, еліміздің тарихының қиын кезеңдерін түсініп білу жолындағы көркем әдебиетіміздің жасаған үлкен қадамы.
Осы жолдағы алғашқы қадамдардың бірі болса да кеңестік уақыттың әр түрлі қыспағы салдарынан ол туралы аз айтылып келді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты осы шығарма толық көлемінде алғаш рет жарық көрді. Алдағы уақытта ол туралы айтылар сөз де, жазылар зерттеулер де еш бөгетсіз, толық болып алдағы уақытта зерттеле береді деп ойлаймыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.