Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
«Кішкентай ханымдардың» кереметі неде?...

09.11.2023 990

«Кішкентай ханымдардың» кереметі неде? 14+

«Кішкентай ханымдардың» кереметі неде? - adebiportal.kz

Уақытында Луиза Мэй Олкоттың бұл шығармасы оқырман үшін кәдімгідей жаңалық болып,  әдебиетке жаңа леп әкелген екен. Танымал әдебиетшілер оны Фрэнсис Фицджеральд, Джейн Остин, Эдгар Поның қатарындағы жазушы есептейді. О бастағы әдебиет тарихын қарасаңыз,  жазумен негізінен ер адамдар айналысты, бұл тұрғыда автор деген терминнің өзінің шығу тарихы қызық, қазір ғой бұл гендерлік жағынан бейтарап сөз болып көрінетіні. Бұл тұрғыдан келгенде Олкотт әдебиет әлеміне әйел қаламгерлер үшін жол ашып бергендердің бірі есепті.  Кейіпкері Джозефина Марч  арқылы әйелге жазуға рұқсат етілмеген, әйелдің жазғаны қабылданбаған кезде де жазуға талпынған шығармашылық адамы ретінде бізге қызықты оқиғалар айтып береді. Ерік-күші мықтылығынан да ол өзінің «менін» айқындап, танымалдыққа жету үшін тыным көрмей, кәсіби жағынан жетіліп, кейінгі авторлар мен оқырман үшін үлгі бола алды. Джоның басқа авторларға шынымен де әсері болғандығына мысалдар жеткілікті. Мысалы, атақты «Гарри Поттерді» жазған Дж. Роулинг: «Менің ең сүйікті әдеби кейіпкерім -  Джо Марч. Мінезі қиындау, бірақ батыл қыздың жазушы болуға деген құштарлығын, өжеттігін бағаламауға болмайды», - депті. Ал Урсула Ле Гуин деген жазушы: «Бала шағымда Джо Марчқа еліктеп жүріп алғашқы шатпақтарымды жаздым», - дейді.

Қыздар туралы жазғысы келмеген

Негізі Олкотт о бастан қыздар туралы шығарма жазам деп тіпті де ойламаған деседі. Себебі, ол өзі нәзік жаратылыс бола тұра қыздарды ұнатпаған. Луизаға бұл романды жазуда баспа редакторы Томас Найлздің қыздарға қатысты кітап жазу жайлы ұсынысы себеп болыпты Басында Олкоттың өзі: «Менің керемет қыз болған ештеңем жоқ, еркекшора әрі бұзық болдым», - деп көнбейді. Артынша оның әкесі баспагерге келіп, қызының қолынан ертегі жазу келетінін айтады. Бірақ Томас Найлз тек қыздар туралы шығарма керек деп айтқанынан қайтпай отырып алады. Қаражаттан қиналған Олкоттың әкесі қызының философиялық туындысын әкеліп береді, баспа жағы егер әкесі Луизаны роман жазуға көндірсе ғана философиялық туындыны басып шығармақ болады. Ақыры Луиза әкесінің өтінішімен жазуға отырады. 

«Мен өз мәтінімді қайта-қайта қарап, кеуектен тазартумен болам, бұл маған нағыз азап көрінеді. Оның үстіне ешуақытта қыз балаларды ұнатқан емеспін, олар жайлы білетінім де аз, тек өзімнің бірге туған сіңлілерімді болмаса... Дегенмен өзім бұған күмәнді болсам да біздің ерекше жоспарымыз бен осыған қатысты уайымымыз біреулер үшін қызық болуы да мүмкін ғой» депті ол бірде. Өз шығармасындағы кейіпкерлердің тілін тапқан Олкотт басында балаларды рухани жағынан байытам дегенді мақсат етпейтін, бастысы - оқуға қызықты әрі бала қабылдауына жеңіл әдебиет жасауға талпынған деседі. Кітапты оқыған оқырман «бұл шығарманы жазу Олкотт үшін  соншама қиын болмаған шығар, өзінің бала шағына ойша оралып, естеліктерін ақтарып жазып шыққан ғой» деуі де мүмкін. Шығармада апалы-сіңлілі төрт қыздың күнделікті өмірі, армандары, ойларымен қатар, апалы-сіңлілі Марчтардың жазушы, суретші ретінде шығармашылық жолдарын қалай тапқаны туралы да айтылады. 

Олкотт екі айда 400 бет жазады. Ол басында кітаптың коммерциялық жағы қалай боларын болжады ма? Әрине, жоқ. Кітаптың оқырман ықыласына бөленіп, табыс әкелеріне баспагерлер де сенбеген. Тек редактор шығарманың қолжазбасын туыс сіңлісіне берген кезде ол бас алмай оқып, көзінен жас аққанша күліпті. Сөйтіп 1868 жылы Бостонда тысы күлгін, жасыл, кірпіш түсті матамен қапталып шыққан кітаптың алғашқы томы жарық көргенде бірден екі мың экземпляры  сатылып, күзде тағы 4500 экзампляры өтіп кеткен. Осыдан кейін Олкотт екінші томға отырады. Онысын 2-қарашада бастайды, соңына шумақ-шумақ түтін қалдырған паровоз сияқты тоқтамастан жазып, айналасы он бес күнде яғни 17 қарашада романның 13-нші бөлімі дайын болады. Тіпті өзінің туған күніне қарамастан (29 қарашада) тапжылмай отырып жаза береді. Бір қызығы, оң қолы талып қалған кезде сол қолымен жазып кете беретін болған. 

Биографтарының айтуынша, жазушының осынша еңбекқорлығына әдеби әлемде мойындалсам деген арманы мен туыстарына материалдық көмек берсем деген мақсаты себепші болған. Кей дерекке қарағанда, автор «Кішкентай ханымдарды» жазбас бұрын көркем дүниеден алыстау, дөрекілеу (бульварный)  романдар жазған. «Полиннің құштарлығы мен жазасы», «Қауіпті ойын» атты шығармалары трансвеститтер, шпиондар, есірткі туралы болыпты, қазіргі уақыт болса заманауи немесе детектив жанрындағы шығарма ретінде аталар ма еді, бірақ олар сол кездегі құндылықтарға мүлдем қарама-қайшы шығарма болғандықтан да «Кішкентай ханымдар» таралып, танымал болып кеткеннен кейін Олкотт бұрынғы жазғандары туралы айтқысы келмеген. Айтпақшы, «Кішкентай ханымдардың» танымалдыққа ие болғаны сондай, оқырмандары Олкотт өскен үйді көреміз деп келіп есікке тыным бермепті. Сонда Луиза шығып, өзін осы үйдің қызметшісімін деп таныстырады екен. Қазіргі уақытта олардың тұрған үйі Корнкордта Ұлттық сәулет ескерткіштерінің қатарына енгізілген, әлі күнге туристер баратын жер саналады.

Не айтады?

Әйелдер өмірін баяндап, ішкі дүниесін беретін шығармалар аз емес. «Кішкентай ханымдарды» әдебиетшілер ойдан шығарылған оқиғалары көптеген өмірбаяндық детальдармен сәйкес келетін автофикшн жанрындағы шығарма санайды,  өйткені басты кейіпкері автордың өзіне жақын екендігі анық болды. Ол шынымен де солай. Романын үй ішіндегі оқиғадан бастаған Олкотт бірте-бірте кішкентай әлемнен әрі аттап шыға бастайды. Апалы-сіңлілі Марчтар кітап оқығанды жақсы көреді, кітапты басқа әлемді тану құралы санайды. Көркем әдебиет олардың қиялын дамытып, жаңа нәрсе ойлап табуға талпындырады. Сөйтіп Олкотт өзі оқыған Бронте, Шекспир, Диккенс аралығындағы ғаламның өз нұсқасын жасауға кіріседі. Шығармадағы Марми  ( Луиза Олкоттың сіңлісі) өздерінің бала шағын жан кіргізе суреттесе, төрт қыздың бірі Джо өзінің атын шығаруды армандайды, сол үшін көп оқып, пьесалар қояды, өзінің газетін шығарады, ол өзі нешетүрлі уақиғаны шебер әңгімелей алатын болған. Және ылғи да: «ат қорам арабы жүйріктерге толы болса, бөлмем кітапқа толса, мен болсам сиқырлы қаламымды сиясауытқа малып, алаңсыз жаза берер едім, сонда менің жазғандарым Лоридің музыкасы сынды атақты болып шығар еді» дейді екен. «Кішкентай ханымдардағы» арман-мақсаттар кейін «Бақытты ханымдарда» жалғасын табады.  Расымен, Джо ерекше кейіпкер. Ғасырларға аты қалатындай, тіпті өлгеннен кейін де аты өшпейтіндей бірдеңе жасағысы келеді оның. Әзірге тек қана ауадан қамал тұрғыза алатынын шамалаған ол: «мен кітап жазып, атақты әрі бай боламын» деуден танбайды екен. Бірақ оның бір мезетте мұғалім бола жүріп әрі қайырымдылықпен айналысуы, күйеуінің оған қайдағы-жоқты жазба деп тыйым салуы («Мен ұлдарға мынадай түкке тұрғысыз нәрсені оқытқаннан гөрі оқ-дәрі лақтырып ойнауға рұқсат берер едім» дейтіні бар профессор Баэрдің) оны арманынан алыстатады. Кейін жазушылық атаққұмарлықтың, елдің бәріне елгезектік танытып, қызмет жасауға дайын тұратын альтуристік мінездің, отбасылық бақытқа талпыну деген мақсаттардың бір-бірімен қайшылығы күнделікті өмірде де  көрінеді. Джо өзінің атақты жазушы болам деген арманын қоя тұрып, әйелдік ролін, аналық міндетін атқарады, мұғалім болады, өз балаларын өсіріп, одан бөлек жеке мектеп ашады. 

«Мұнда тұнып тұрған ізгілік»

«Кішкентай ханымдар» 2021 жылы «Фолиант» баспасынан қазақша жарық көрді. Аударған жазушы, драматург Өтен Ахмет ағамыз. Аудармашы ағамыз бүгінгі таңда біздің қазақ қоғамына осындай шығармалардың керегіп тұрғанын айтады.

Өтен Ахмет, жазушы, аудармашы: Бұл «Кішкентай ханымдар» әлемдік классика. Америкада Азамат соғысы болып, екіге бөлініп соғысады ғой, солтүстіктегілер прогрессивті халық, елде құл иеленушіліктің болғанын қаламайды, ол жойылуы керек деп есептейді, ал оңтүстіктегілер керісінше, сол жүйені сақтап қалғысы келеді. Соғыстың солтүстіктің жеңісімен аяқталғанын білеміз. Былай қарағанда кітап соғыс туралы сияқты, соғыс жағдайындағы халықтың жағдайын баяндайтындай көрінеді. Бірақ, олай емес, бұнда екі мәселе бар: біріншіден, қандай жағдайда болмасын, адам адамшылығын қалай сақтап қалады, екіншіден, әрбір отбасы бастарына қиындық түскенде бала тәрбиесіне қалай қарауы керек? Осы тұрғыдан келгенде бұл терең кітап, бүкіл әлемнің бұл кітапты жақсы көріп кетуі тегіннен тегін емес. Әке соғыста, шешесі сол соғысқа көмектесу үшін үлкен бір жауапты міндеттерде жүреді. Үйелмелі-сүйелмелі төрт қыз үйде, оқиға рождествоға дайындықтан басталады. Заман тынышта балаларға ақша беріп қоятын, олар оны қажеттіліктеріне жұмсайтын болса, бұл жолы одан артыққа мүмкіндіктері болмағандықтан тек бір доллардан ғана береді. Шығарма балалардың сол бір долларды қалай жұмсаймыз деп мәселе көтеруінен басталады. Сонда тапқаны – «біз шешемізді қуантайық» дейді. Кітап ә дегеннен осындай адами қарым-қатынас мәселесінен,  бір-біріне қамқорлығы, мейірім таныту, ата-ананың еңбегін ақтайын деген балалық парызды сезінуінен басталады. Қыздар қиын шақтағы өмірлерін мазмұнды, қызықты өткізу үшін әртүрлі ойындар ойлап табады. Рождествода бар жиған-тергендерін дастарханға салып, тамақтанамыз дегенде көршілерінің қиын жағдайда қалып, баласының ашығып жатқанын естіп, дайындаған тамақтарын жемей қиындыққа тап болған отбасына апарып береді, осының өзі балалардың өмірді түсінуіне әсер етеді. Жақсы мен жаманды салыстырып, өзінің аузынан жырып беріп, басқаны қуантуды көру оларды есейтеді. Осындай мысалдармен өріледі. Төрт қыздың төрт түрлі мінезі, төрт түрлі талғамы болса да, отбасылық мүдде үшін әрқашан тату. Аналарына деген құрмет пен махаббат үшін қайшылыққа, шарпысуға бармайды. Ортақ мүддеге үйлестіреді. Бала тәрбиелеу мәселесіндегі үздік әдеби кітап деп танылуы бекер емес. Мұнда тұнып тұрған ізгілік. Отбасын қадірлеу, әке-мен анаға септесу, жәрдемдесу, көршімен тату болу  туралы айтады, моральдік тұрғыдан алатын болсақ, қиындыққа қарамастан төрт аяғынан тең басып, берік тұрған отбасыны көреміз. Соғыс жағдайы қандай қиын болса да, осындай отбасылар, тылда осындай жақсы адамдар барда соғыстың арты жақсы болатынына сенесің. Кез келген қоғамның тірегі - отбасы, отбасы жақсы болса қоғам дұрыс болады, осы идея бастан-аяқ берілген, біздің қазақ қоғамының да мықтылығы отбасында болған. Қазіргі қоғамдағы келеңсіз жағдайдың барлығы отбасында берекенің болмауынан екендігін түсінуіміз керек. 

Жазушының жеке өмірі

Жазушының еркін адам болып өсуіне оның ата-анасының ұстанымдары, тәрбиесі әсер еткен. Оның әке-шешесі сол қоғамдағы күрескер адамдар болған, құлдарды босатуды қолдаған. Луизаның әкесі транценденталист жазушы Эймос Бронсон деген кісі, өзі философ болған. Өз идеясына сенген, берілген адам болған ау, қаржылық жағынан қиналып жүріп клуб құрыпты, оған ең танымал адамдар мүше болып кірген екен. Сондай-ақ , Луизаның анасы Эбигейл Мэй де ерекше адам болған. Ерекшелігі - бала тәрбиесіне мүлдем басқаша қараған. Қыздарын жастай шаруаға үйреткен, әрқашан еркіндік берген. 

Луиза кішкентай кезінен бастап әке-шешесінің идеясын сіңіріп, қоғамдағы әділетсіздік туралы ойланған, талай рет құлдардың теміржол арқылы қашып шығуына көмектескен. Әйелдер құқығы туралы еркін ой-пікір алмасып, әйелдер құқығы мәселесін көтерген, «19 ғасырдағы әйелдер» деген еңбек жазған  америкалық журналист әйел Маргарет Фуллермен пікірлес болған. Кейін жазушы әйелдер құқығын қорғауды насихаттайтын басылымдарға жиірек жариялана бастайды. Массачусетстің үйлерін аралап, әйелдерді дауыс беруге шақырады. 1879 жылы штат әйелдерге сайлауда дауыс беруге құқы бар деген заң шығарып, Олкотт елдің алдымен барып тіркеледі.

Луиза жастай еңбекке араласады.  Адамға жаны ашып тұратын мейірімді, кеңпейіл Луиза Мэй Олкотт отызға толғанда әскери медбике болуға өтініш береді. Жаралылардың жарақатын емдеп жүріп сүзекпен ауырып, өмірбақи денсаулығы кінаратты болып қалады. Бірақ ол романын ештеңеге қарамай сырқат кезінде де жаза берген.  Кейін бұл туралы «Егер мен «Кішкентай ханымдарды» қолымды байлап, басымды таңып, аяғым ауырып отырып жазған болсам, демек, ондағы қиналыс та шынайы берілген шығар деп ойлаймын» деген екен. Жасы қырыққа келгенде бүкіл әулетті түгел қамтамасыз етіп отырады. Жазуын жаза жүріп, ата-анасын, сіңлілерін бала-шағасымен қоса асырған адам. Өйткені ол қарыз десе сайтан көргендей қорыққан.

Бірде жазушы денсаулығынан, жоқшылықтан қатты қиналып кеткен кезде өмірмен қош айтыспақ болыпты, бірақ, Шарлотта Бронтенің өмірбаянымен танысып, ол ойынан айнып, ақылға келеді.

Олкоттың өз өміріне қатысты ұстанымдары да ерекше: қызы ретінде ата-анасынан алған, әпке ретінде бауырларынан сезінген махаббат оған жетеді: осындай туыстық байланыстар үшін тағдырына риза екендігін және солар үшін өмір сүргенін айтады. Ол жалғыз емес, әдебиет атты қатал да мейірбан ұстаз – оған еңбектің қадірін түсіндірді, ол бақытсыз емес, өйткені, махаббат пен еңбек екі періште тәрізді оның екі жағынан демейді. Ал әдебиет оның ең адал да жаны нәзік серігі деп есептейді, кейде өзін әдебиетке күйеуге шыққандай сезінемін дей келіп, шығарма жазған сайын аналық жүрегі қуанышқа толатынын жеткізеді. Олкотт өзі жазған кітаптардан өзінің перзентерін көреді, бірақ кейде «мен өз балаларымды сатып жатырмын, олар мені асырап жатыр, бірақ олар мені Аннаны балалары жақсы көргені сияқты жақсы көрмейді» деп налитыны бар. Ол сіңлісінің бір қызын бауырына басып қамқоршы, тағы екі жиен інісіне «әке» болады.

Жазушының жанкештілігі туралы әңгіме бір бөлек.  Романдағы «Аурухана жазбалары» оның медбике болып жүрген кезінен алынған.  Сол жерде жүріп пневмониядан және сүзектен ауырып, оны емдеймін деп сынаптан уланып, өмірінің соңына дейін дімкәс болып қалған (ол кезде каломель қолданылған). Бұл деген өте ауыр болатыны сондай, басы айналып, көзіне қос көрінетін болғасын, қатты қиналғасын опиум қолданады. Сөйтіп бір күні жүрегі тоқтап қалады. 

P.S. Луиза Мэй Олкотт өзінің «Бақытты ханымдар» эссесінде бір мәселені көтереді. «Әртүрлі себеппен жалғыз өмір сүріп, өзін  өнерге, әдебиетке, музыка не медицинаға яғни үлкен еңбекке арнаған әйел қаламгерлер жоғарғы қоғамға кіретін кезде ол күйеуі бар әйел сияқты өзінің таңдауына адал әрі риза болып қала ала ма?» деген сауал тастайды.  Некеден бас тартып, өмірін жазуға арнаймын деп мақсат қойған жазушының  өз шығармасына бас кейіпкер етіп жазудан бас тартатын әйелді  алатыны да қызық…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар