Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Күләш Байсейітова қазақ әйелдері туралы...

06.03.2018 13411

Күләш Байсейітова қазақ әйелдері туралы 12+

Күләш Байсейітова қазақ әйелдері туралы - adebiportal.kz

ҚҰРМЕТТІ СІҢЛІЛЕРІМ!

  • Қазақ әйелдерінің өткен замандағы құқықсыз ауыр халін біз көзімізбен көрдік. Оқу-ғылым арқылы сіздер бізден гөрі де тереңірек ұғынуларыңыз мүмкін. Қазақ әйелдеріне отбасы ошақ қасынан басқа тиген теңдік болған емес.

Енді, міне, кеңестік заманда қазақ әйелдері – ерлермен тең құқылы азамат. Қазір қазақ әйелдері мемлекет басқарып отыр. Еңбек майданында Социалистік Еңбек Ерінің атағын алуға қолы жетті. Қазақ әйелдері Ұлы Отан соғысында да елдің атағын түсірген жоқ. Ғылымда, мәдениеттің әр саласында қазақ әйелі өзінің ынтасы мен зеректігін, дарындылығын көрсете алды.

Сіздер тәрбие дәуірін өтіп, енді міндет дәуіріне бет алдыңыздар. Шынында, ғылым, тәрбие алу дәуірін дұрыстап өте алу да үлкен міндет. Бірақ алған білімді халқымызға дұрыстап жеткізу, жас буынды, болашақтың қайраткерлерін тәрбиелеу – одан да ауыр міндет. Бәріміз де білеміз, елде істелетін мәдениет істері әлі де көп. Ол істерге сіздер мектепте де, оқушы балалар үйінде де, еңбек істеу әдістерінде де кездесетін боласыздар.

Мәдениет қайраткері өзі атқаратын жұмысын ғана білетін болса, ол сыңаржақтық болады. Әсіресе оқытушылар тек қана беретін сабағын біліп отырса, қоғамдық-мәдениет жұмыстарына селсоқ болса – онда олар мәдениет қайраткері деген ардақты атын ақтай алмағандығы.

Ал, құрметті сіңлілерім! Ғылымға суарылып сіздер өссеңіздер, сіздер арқылы ел мәдениеті көркейе берсін!

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты

қызметінде жүрген кездегі сөйлеген сөзі.

Күләш БАЙСЕЙІТОВАНЫҢ өмірі мен шығармашылығы

1912 – 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

1928 – Алматы педагогикалық институтына оқуға түседі.

1929 – күнкөріс үшін Қазақ өлкелік тұтынушылар одағына іс қағаздарын жүргізуші болып кіреді.

1930 – Қазақ драма театрына қабылданады.

1933 – 23 сәуірде қазақтың дүлдүл актері Қанабек Байсейітовпен шаңырақ көтереді.

1934 – 13 қаңтарда Қазақ музыка студиясы (қазіргі Қазақ опера және балет театры) құрылып, сонда жұмысқа тұрды.

1934 – М.Әуезов пен И.В.Коцыктың «Айман–Шолпан» музыкалық комедиясында Айман рөлін сахнаға алып шықты.

1934 – 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды.

1936 – Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысты. Орыс халқы «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің «Гәккуіне» ерекше ілтипат білдірді.

1936 – 22 мамырда Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1936 – 6 қыркүйекте небары 24 жасында КСРО Халық әртісі деген атаққа ие болды.

1937 – Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсында хан қызы Ақжүністің рөлінде ойнады.

1938 – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қайтыс болғанға дейін депутаттық қызметін үздіксіз жалғастырды.

1939 – Мәскеуде өткен эстрада әртістері байқауының сарапшылар алқасының мүшесі.

1940 – Мемлекеттік сыйлық жөніндегі Комитеттің мүшесі болды.

1942 – жаз мезгілінде 45 күн майданда ән салды.

1944 – 14 мамырда Күләштің атағын аспандатқан «Чио-Чио-Сан» операсының премьерасы өтеді.

1944 – 24 желтоқсанда «Абай» операсы үлкен сахнада қойылып, Ажардың рөлін Күләш алып шықты.

1948 – «Біржан–Сара» операсындағы Сара бейнесі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.

1949 – Н.Жигановтың «Алтыншаш» операсында Алтыншаш рөлін сахнаға алып шықты.

1950 – бейбітшілікті жақтаушылардың бүкілдүниежүзілік ІІ конгресінде делегат болып Варшаваға барды. Осы сапарында поляктың «Қыз келеді» деген әнін үйреніп қайтты.

1950 – 8 маусымда «Даиси» операсындағы Маро партиясын грузин сахнасына алып шықты.

1951 – Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне енді.

1951 – Моңғол Халық Республикасы үкіметінің шақыртуымен Ұлан-Баторға концертпен барды.

1952 – жазда қазақтың Құрманғазы атындағы халық музыка аспаптары оркестрімен бірге біраз қалаларды концертпен аралады.

1957 – 45 жасында Мәскеуде дүние салды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар