Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Лев ГУМИЛЕВ. ӨЛЕҢДЕР. ...

24.10.2017 6316

Лев ГУМИЛЕВ. ӨЛЕҢДЕР.

Лев ГУМИЛЕВ. ӨЛЕҢДЕР.       - adebiportal.kz

«Тарих топтамасынан»

Бөгденің сөзінде жасырын бар аңыз

Бөгденің сөзінде жасырын бар аңыз:

Кезекті батырлық һәм жаттың күнәсы

Опасыз әм сараң шақтарда мұң үнсіз,

Біздерге көрінбей бабалар моласы,

Ғасырдың сағаты төсімде соғады

тынымсыз...

Бөтеннің өмірі, бөтеннің өлімі,

Тірілер ділінде, үнінде басқаның.

Оралмай өткенге жалғасар өмірі,

Аттанған бақиға күркіреп аспаным.

Кітапта өртенген бұлыңғыр келбеті,

Олардың қаһарлы, үрейлі ғұмыры.

Қандары төгілді, әйтсе де өлмеді,

Бұзылып кетсе де, түспеген тұғыры,

Сенімді ұрпақтың ойынан сөнбеді.

Уақыттың ұршығы айналар тынымсыз,

Өрнектеп жүз жылдық сезімнің кестесін,

Жүректер соғады кеудемнің ішінде.

Өлмеймін, сеніңдер, өлімді кешкесін,

Өмірді сүремін бөтеннің ділінде.

1936 ж.

«Петербург»

Тұйық көше

Тербетеді қасқыржемді қызыл Ай,

Граниттің жүзін сүйді толқындар.

Тұйық көше, аяқталған жырымдай,

Билік үшін кенеттен ол салқындар.

Әуестенбей шамшыраққа, шапаққа,

Көбік шашқан толқындарға ынтықпай.

Ант етемін тосын келген атаққа,

Жолда тұрам жарық берген шындықтай.

Асылдардың жолы мынау тар көше,

Бәлесі бар өзіне һәм өзгеге.

Сүлдерімді көтеріп тұр сол көше,

Жаяу жетем мақсатыма көздеген.

Сайраған құс, ысылдаған сұр жылан,

Ашыққан хайуандардың шатпағы.

Тар көшеде ұялмаған жүр ылаң,

Бекер мені қорқытады соқпағы.

Бекзадалар күтіп алар солыңнан,

Оң жағыңда төрелікті құшқандар.

Қапияда жерге түскен жалыннан,

Асфальт үстін сипалап жүр ұшқындар.

Жалын шашқан мың сұрақтар түсті де,

Жауап қатты пулеметтың кесегі.

Оқ жаудырсаң қара жердің үстіне,

Соның бәрі көшет болып өседі.

Тірілердің маңдайында мұң күрең,

Мүрделерден жүрек таппай қарадым.

Асфальттардың ұшқындарын сөндірем,

Еккенімнің өнімдерін орамын.

Һәм кетемін, достарыммен қоштасам,

Үміттерім қол бұлғайды сағымнан.

Түршігеді табанымда тас масаң,

Тұйық көше, Ай нұрына шомылған.

1934 ж.

Бағана

Бағанада патшаның үкімі,

Ғасырларша граниттей қап-қатты.

Қағады қанатын қап-қара періште,

Атақ, даңқын аяққа таптатты.

Еркің де жоқ, жоқ үлес,

Шытынаған қараңғы шыныдай.

Бәлесіндей Биронның* мың егес,

Патша тірегін бұлт басты о, Құдай!

Жерді тесіп шығады сан қырдан,

Қасіреттер сүйретіп балағын.

Иудадай* антұрған,

Есі ауған жаңа жыл.

Айта аларсың иә не жоқ деп,

Дұшпан, достар жайында.

Дарға асатын бағананы,

Санап жүрсің ойыңда.

Қайғының күшейіп азасы,

Ағынымен көгілдір ағамын.

Алаңқай –өлімнің жазасы,

Кемпірқосақ – ажалым.

Алаңқай алдына шығамын,

Жұрт куә, мен шалыс аттасам,

Ұят пен мұң жылы – жаңа жыл,

Есептесіп, қоштасам.

1936 ж.

Эредиканың* барлауы

Лирикалық мемуарлар

Кіріспе

Жанады шамдар, жоғалды уақыт көмескі,

Ұзын көшеде дәліздер жатты адасып.

Сараң жанарым терезеден көрді елесті,

Вокзалда жүрген көлеңкелердің қарасын.

Соңғы рет иіскеді маңдайымнан қия алмай,

Қуғынға түскен Отаным.

Шатасып жатты: ғимарат, келбет, трамвай,

һәм император

тұлпар көтерген атағын.

Бұл қоштасудың дауасы бәлкім – жүз үміт,

Жымыңдап шамдар, уақыттың көрдім әлемін –

Орасан һәм бос, қолымнан кетті үзіліп.

Барады әне – алыстап уақыт көйлегі,

Сорапқа түсіп, ми сайдан өтіп кетті де

Жұтылып үні, түнекке сіңді желегі.

Жоғалған оны аспанда айтты кеңесіп,

Шоқжұлдыздары – Жылан һәм Итке ұқсаған.

Жұлдыз қарайды мекендеп көктің көбесін,

Қарайған таудан қап-қара жұлдыз өтеді,

Көзімде менің өлмесін олар, сөнбесін.

Шырақ іспетті шіркін-ай, көрсем жанарды,

Жұлдыздың емес, адамның тілін тыңдасам.

Бұрқасындарда мәңгі серігім жалғыздық –

Жұлдызым ғана сырласым болды жырласам,

Сол ғана маған үн қатты:

«Неліктен досым азаптанасың еңбекпен,

Бекерге түннің қойнында?

Баянсыз жарың сенімен мәңгі серттескен,

Тігеді көзін дәл сендей үй мен жайыңа.

Сандырақтайды алқызыл жұлдыз көгінде,

Әйнектен қарап іңірге.

Самал еседі атыздың суық бетінде,

Құлақ түреді теңізден соққан күбірге.

Күдіс көпірдің астында жатыр көл үнсіз,

Жорғалап барад шырақтар әне жыландай.

Айдаһарлардай қанаты қалың, сезімсіз,

Тұлпарлы төре қасқайып тұрар жүре алмай».

Әдеттегідей жүрегім тағы ауырар,

Ал өмірім ше? Көңілді әрі жабығыс.

Жанымнан менің баянсыз жарым табылар –

Тағдыр мен Жан һәм сағыныш.

Сібір

Оқыста ғана келе қалды есіме,

Бітпес түні, бұрқасыны Тайганың.

Ал Байкалдың шегі де жоқ, шеті де,

Көлбіп ұшқан көк түтіндей көгіне.

Ұлы таулар, кенен дала көсілген,

Мұз тастардан секіреді жылғалар.

Жүрек сыздап шығатындай төсімнен,

Сәл жұмылған жанарымнан мұң ағар.

Жомарт аспан тұманға бай... Жүгі көп,

Ауырлықты сезінбейді адамдар...

Балқарағай бал мен бақыт әні боп,

Шарап-бұлақ таудан құлап ағылар...

Тайганың бар қарағайы ол маңда,

Ауылымның дұғаларын тыңдадым.

Бақытсызды тағдыр салып сарсаңға,

Арманшылдың бұлтқа орады шыңдарын.

Шоқыдағы маздап жатқан ақшамға,

Әй, жолдасым, сапарласым, қарашы!

Күйіп жатқан көне түтін ол маңда,

Қытайлардың таразысы жанады.

Тағы қара қарағайға құлаған,

Суып жатқан шайырының жамалы.

Отырардың арулары жылаған,

Дәл осылай өртенгенде қамалы.

Біздің бақыт шапқылайды тартынбай...

Біздің бақыт шапқылайды тартынбай,

Іздерімен бөрілердің ұзаған.

Оқты суыр, жебе тисін жарқылдай,

Сұңқарды қой еркіндікті сұраған.

Шүйірілген сұңқар құсты бақыла,

Қашқан аңды тоқтуға шақ қалды.

Ызылдаған оқ атылды тағы да,

Қасқыр жатыр қанға бояп ақ қарды.

Сен айтасың: ертең тағдыр жазуы...

Сен айтасың: «Ертең тағдыр жазуы

Небір ойын қойды бізге дайындап.

Күллі әлемді билейтін тек Жаратқан,

Уақыт ақты жұмыр жерде арындап.

Сағат берді, мас қылатын шараптай,

Қайталанбас ырғағындай Дантенің.

Терезеде түн қалыпты, таң атпай,

Ал қуаныш бұрып кетті желкенін.

Кеңістіктің ішіндегі жарылыс

Кеңістіктің ішіндегі жарылыс,

Кетпейтін де шығар мүмкін жоқ болып.

Сәбидегі аңғалдық пен сағыныш,

Аяқтарда қалмасыншы тапталып.

Біте алмайсың ішіп болып заһарды,

Бітпейінше демі іштің.

Қолжазбасына атақтың жазасың,

Жылнамасын жеңістің.

Қолыңа алып тағдырыңды тастай сал,

Таптап ал да, қайта көтер, жарқылда.

Дос, дұшпанға осылайша айқай сал,

Дәті жетсін қарауменен, қорқуға.

Қараңғылық кеңейтуде тарлығын,

Тереңдерде түн көзінен сүйді күн.

Өмір жайлы түс көріңдер барлығың,

Патшалығында мәңгілік ұйқының.

Біздің атқа жел жетпес, біздің қыздар періште

Біздің атқа жел жетпес, біздің қыздар періште,

Біздің дала кең байтақ, шабындығы жайқалған.

Бірақ, қыздар қызғанар, ал ат қалар өрісте,

Жасырады аппақ қар боз бөктерді ойланған...

Жұбанышым тым басқа: жауған күнді ұмытып,

Отырамын достармен, ортаға ап шырақты.

Көңіліміздің кесесін бақыт тұрар жылытып,

Біздің ортақ қуаныш – жарқ-жарқ еткен шарап-ты.

Кіріспе

Елестейді шойын шарбақ алыстан,

Һәм трамвайдың жөйткіген шырағы.

Жапырақ исі құлап түскен ғарыштан,

Һәм қарашы табиғаттың бұлағын,

Һәм жып-жылы күз жауыны жауып тұр,

Көпірдегі шымырланған тастарға!

Жүрегімде жалғыз бақыт жанып тұр,

Жастық-шаһар қолын созған аспанға.

Меніңше... жоқ, сенімдімін бұған мен!

Білемін бос шақырым шегі, жыл шегі.

Жарық түскен көшелерде тұрам мен,

Сұлбама ұқсап шам жанады білтелі.

Көлеңке боп қабырғада қалам ба,

Менің ізім көшелерде тапталған.

Шаһар менің сақталады санамда

Көлеңкемдей, көлеңкеде сақталған!

Қалай сүйем осынау бір отанды...

Қалай сүйем осынау бір отанды,

Қайда барсақ тұтқын болып қаламыз!

Дала анау теңіздерге оранды,

Айкезбе түн, боранды,

Сағыныштың кепкен қаны өңімде,

Жанарымда іңір батып барады.

Серіппелі қолын созды өлім де,

Ақ қайыңның жүректері солады,

Жолсыз аяқ – Тундра,

Һәм Тайганың шақырымы есепсіз.

Алайда...

Қорықпау керек өлкеден,

Ажал бізді ала алмайды кезексіз.

От демімен жын үрлейді желкеден,

Еңкейместен өлеміз-ау, өлсекбіз.

Көк күлгінге боялады түнгі аспан...

Көк күлгінге боялады түнгі аспан,

Петр мүсіні оранады ақ қарды.

Жұмақ жайлы екі жүрек мұңдасқан,

Әзәзілдей шұғыладан сақтанды.

Ұлы күнде қатігездік таңы атқан,

Һәм жаңғырып һәм жаңарып күшейген.

Бақтың сүйем шексіздігін боратқан,

Адалдығым қорықпаған дүлейден.

Көңілсіздік би билейді кеудемде,

Мұң атқанда пенде байқұс өлген бе.

Жүрегіме дөп тиеді жебесі,

Қанталайды күндерімнің елесі.

Алқызылмен боялады күндерім,

Ұрламасын сол сәттерді түн керім.

Мұң әуені ішіндегі есімнің,

Жаңғырады үңгірінде төсімнің.

Жүрегімнің төбесіне жоқ іліп,

Жарықтарды аспан жұлып алады.

Піштірілген табындардый сағынып,

Әлем солай тыныштыққа толады.

Бозарған бақ, тұмауратқан, кесел-ді,

Баральефлердің сауытындай қираған!

Төсегіме аппақ қырау төселді,

Алғашқы рет Сіз жайында ойлаған...

Түс

Шошып ояндым үрей кірген түсімнен,

Ауыр қайғыбасыптұрдыкеудемді.

Жатты сүйдің; көрдім сені түсімде,

Ол бәтшағар арттырыпты өкпеңді.

Төсегімнен қуып шықтым елесті,

Кеспелтектен басым ұшты аңғардым.

Қарап тұрмын жарқылдарға көмескі,

Шам жанады жанарындай аңдардың.

Бәлкім, мендей баспанасыз қалғанды,

Бірі көрмес жанарлары сарқылған.

Осы түннің көшелері қараңғы,

Өзендердің арнасындай тартылған.

Есігіңнің сыртында мен жүргенде,

Басқа жолмен кете барды күз өтіп.

Есігіңді қақпасымды білсемде,

Отырамын күзетіп.

Сол жан сені өкпелетті білемін,

Өз түсіме әлде сеніп қалдым ба.

Сонда да мен қайта-қайта өлемін,

Мәңгі жабық терезеңнің алдында.

Жерге қарай бағыт

Махаббат ол жердегі бағыттардың негізі,

Ғаламшарда мекен бар ма бос қалған.

Көзімізде мөлдіреп домалайды жер жүзі,

Қара жерге қарайлаймыз аспаннан.

Жұмыр жермен расында, азтаныспыз кеш біле,

Жерде жүрсек бұлт құшамыз жиі біз.

Қара жерге қонаққа келіп едік бес күнге,

Тек аспанда мәңгі тұрақ үйіміз.

Қаперіңде сөніп жатыр кезеңдер...

Қаперіңде сөніп жатыр кезеңдер,

Соғыс, отты – жыл аяғы таптап жүр.

Бірақ, таулар, ағаштар һәм өзендер,

Ғасырлардың аңыздарын сақтап тұр.

Жасырды түн замандарды парақтай,

Бақ пен сордан жүзіп өтті ар кеме.

Қалай жүрем ұмтылмай әм оралмай,

Бабаларым өскен ұлы өлкеге.

Ұйқыдағы арудың түсі

Ұршықтың жібі айналған,

Түйреп алды патшы қызы саусағын,

Мейлі, батыр тоқтатпайды аңсауын,

Кезіп келед енді, міне тоғайды

оятам деп аруды.

Ай ілінген жап-жаңа,

Және аспан түпсіз терең қап-қара.

һәм осындай өжеттігі құлдырап,

Жұлдыздарын жоғалтып ап түн тұрад,

Міне, осындай ертегісі ұршықтың,

Тұңғиықты ойлай-ойлай тұншықтым.

Таң балбырап, күндіз күйіп тас төбем...

Қалғымайды олар түпсіз, ең биік.

Отыру керек тұқылымен өлсекте,

Қалғығанша шам сәулесі еңкейіп,

Қараңғыда ажал жатқан төсекке.

Тербеледі естеліктер ескірген...

Тербеледі естеліктер ескірген,

Кеңістігінде шам тұтатқан өзеннің,

Сорғалайды арасымен Неваның,

Темір есіктің арасында сезем мұң,

Ал көшенің тас біткені қанталап,

Баса-көктеп жалын келді тағадан.

Отқа оранды жылнамалар һәм парақ,

Ғасырлардың жыртықтарын жамаған.

Қадағалап осы тастың мұқамын,

һәм мағына сақтап қалған кезінде,

Ойлан, пайдың кереметін, тұрағын,

Ең ғажаптар – ғасырлардың тәжінде.

Зердеміз бай, бірақ пақыр жер жүзі...

Зердеміз бай, бірақ пақыр жер жүзі,

Ол қорықпас шақырымнан, жылдардан.

Ескілердің есімімен ант ішіп,

Шыға алмаймыз ар ішіндегі зынданнан.

Монтаны жан қор боп келед,

тораптың

алдында жары тұр кірпігін жас тарап.

Біз сыйлаған бокалында шараптың,

Тұншығады қызғаныш пен масқара.

Түн тізбегі жүзеді...

Түн тізбегі жүзеді,

Айсыз аспан, күндер сансыз ғаламда.

Қара сәуле һәм бозғыл нұр түседі

Ойларыма шаршап жатқан санамда.

Дыбыс та жоқ, әуен де жоқ, сөз де жоқ,

Ойларым өз зердесінде бұлыңғыр.

Адасады түстер көріп түсінде,

Қанымдағы қатып қалған мұңым тұр.

Бұрыштарда қиындысы байрақтың,

Қамшылары тастан ауыр моңғолдар.

Ғасырлардан оралады айлап мың,

Бұл заманға қаһармандар, заңғарлар.

Ескі заман соғысында жыр қамын,

«Волынка варягамен» шырқай түскен әр күнін.

Көңілді емес түстер бізге сыйладың,

Ханшаймы ұйқының.

«Бауырлардың қайғысы» һәм аяз

«Бауырлардың қайғысы» һәм аяз

Жауынгерге табыт іші тым суық.

Қара жұлдыздар қарап жатыр шаһарға,

Мәпелейді жат тағдырды жылауық.

Ал көшелер жібі іспетті ажалдың,

Тұншығады көмейі.

Жарым түнде азғындыққа қамалдың,

Өлім алды естімес енді азаңды.

Қарындасың һәм жолдасың тағы да,

нан мен суға заһар қоспақ ойы бар.

Түн тағы да ілініп тұр найзаға,

һәм тағы да бауырларда қайғы бар.

Неткен терең милауыт...

Неткен терең милауыт,

Түбі жоқ қой, батқан күннің өзінде,

Орап алад балдыр қолы шығам деген кезіңде.

Қара түсті жұлдыз сипап басыңнан,

Өмірден де, өлімнен де ұзақта,

Су перісі табылады қасыңнан.

«Жалын һәм ауа» топтамасынан

Сөз сиқыры, беймәлім рас санаға,

Сөзбен туғам, жанымнан сөз аңқуда.

Ол менікі. Әміріммен қалаған,

Бойсұнады бәрі: құрлық һәм су да,

Долы от та, қауырсынсыз ауа да,

Бір сөзіме жасырынған барлығы.

Сөзім тайдай шапқылайды далаға,

Жағалауда екпіндейді әрбірі,

Кей кез де ол құтырынып секірсе,

Ипполиттің сүйегіндей шарасыз.

Ұмытқам жоқ ақсиғанын сойқанның,

қабыршығы жарқылындай нефриттің.

Айбарланса қаны қайнап намыстың,

Кісінейді әруағын шақырып мың.

Ал мен болсам Ипполитей өлікпін,

Қанға боялған зердесі.

Әр болмыстың құпиясын көріппін,

Басты ию өліммен тең ерге осы.

Әрбір сөзім хатқа түскен жырлардай,

Жағалауда екпіндеген тұлпардай.

1934 ж.

Орыс тілінен аударған: Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар