Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Мағауин шығармашылығындағы бала бейне 1...

31.05.2025 848

Мағауин шығармашылығындағы бала бейне 1 6+

Мағауин шығармашылығындағы бала бейне  1 - adebiportal.kz

Көптеген классиктердің бала күнінен сыр шертетін, балалық шағынан бірер үзік картинаны болса да суреттеп кететін шығармалары болады. Мысалға Оралханның, Сайынның, Бердібектің шығармаларынан көптеп кездестін бала бейнелерінің өн-бойынан, бастарынан кешкен кейбір оқиғалар мен өткен күн естеліктерінің қиқымы көрініп тұрады. Осы суреткерлердің қатарында Мұхтар Мағауинның да бала тақырыбында жазған, бала бейнесін әдіптеп сомдаған біраз шығармалары бар. 

«Менің балаларымның туысқан ағасы» (1973), «Бір атаның балалары» (1973) секілді ертеректе жазылған шығармаларынан тыс, еліміздің тәуелсіздік алу қарсаңында жазылған, атасы Мағауияның жанында жүріп көрген-білген біраз дүниені хатқа түсірген дүниелері бар. Мысалға 1989-90 жылдары жазылған «Абақтыда өлген Уан атам», «Әбдіғаппар сері» секілді әңгіме-хикаяттары мен кейінірек, 2000 жылдары жарық көрген «Қос ағаш», «Эльза жеңешем», «Тағдыр жазуы» атты шығармаларының бас кейіпкері Мадияр атымен жүретін бала Мұхтардың өзі деп қабылдай берсеңіздер болады.

«Қос Ағашты мен тұңғыш рет үш жасымда көрсем керек. Күз, бұлыңғыр еді. Жайлау тозған, қыстауға көшіп барамыз. Мен, әдеттегідей, ат үстінде, атамның алдында, бірақ алакеуімнен басталған салқар жүрістен шаршадым ба, әлденеден жайым болмады ма, мазам қашып, қырсығып келе жатқам. "Осы жерге тоқтап, үй тігейік", - деймін. "Жерге түсіп, жаяу жүрем", - деймін. "Қазір, қазір..." - дейді атам. "Қазір" де бітті. Мен енді тура қиғылық салмақ едім. Шіреніп, көтеріле бергем. "Әне!.. - деді атам сол кезде. - Қос Ағаш! - Қамшысын бүктей ұстап, жамбастай бере, қолын қиырға созды. Әне, қасиетті Қос Ағаш!” Мен қалт тынып, атамның қамшысының ұшына қарадым», - осылай басталатын «Қос ағаш» әңгімесін бастан-аяқ оқып шығар болсаңыз, шығармадағы бала кейіпкер автордың өзі екеніне күмәніңіз қалмайды. Тіпті автордың жазушылықты өзіне мұрат еткен антын бұл бір ғана әңгімесінде емес, әлденеше әңгімесінде қайтара жазатынын реті келгенде айта кетеміз.

М.Мағауинның жоғарыда аталған шығармаларын ақтара кетсеңіз қашанда ақылды, дана ақсақал ретінде атасы жүреді. Мұхтарды Мұхтар еткен, дүниетанымын түзіп, болашақ бағдарын бағыттап берген Мағауия ақсақал екенін сұхбаттарында, видео естеліктерінде үнемі ыстық-ықыласпен еске алып отырады. Автордың Мағауия ақсақалмен ілесе жүріп, көргенін әңгімеге айналдырған аталған шығармалардың өзіндік бір ерекше атмосферасы бар. Осы әңгімелердегі бала Мадиярға әсер ететін кейбір жәйттер, оқып біткен шақта, ішіңдегі өспей қалған балаң қазақты қалай есейтіп жіберетіні өзің де байқамай қаласың. Пәк, таза бала кейіпкердің саф, асыл күйінде көретін Уан атасы мен Әбдіғаппар сері секілді күні өтіп бара жатқан қазақылықтың, қазақы мәрттіктің соңғы тұяқтары еді дейтін ишарасы, Қос ағашпен бірге күлге айналған қасиет пен кие көзден бұлбұл ұшты дейтін өкініші кеудеңді осып түседі.

Кейде оқыған кейбір дүниелеріңнен әлденеше жылдар бойы есіңнен кетпей қоятын бір-екі картина болады. Мұхтар Мағауинның «Әбдіғаппар сері» әңгімесіндегі серінің мінезі, істеп жүрген іс-әрекетінің дені сол кезде орнап жатқан қызыл үкіметке қып-қызыл қарсылығы десек. Сол қарсылықтың қатарында, ішкі келіспеушілігін өзгеше әрекетімен білдіретін бір қылығы бар еді.

Қазіргі біздің ел сыйласудың ибасы мен әдебінің көп қырларынан айырылғаны шын. Елге белгілі ардақты ұлдардың өкпесі, назы деген де болады кейде. Қазіргі көп «мықтылар» көңілінің күпті екенін білдіруді білмесе, қарапайым халқы ондайдың өкпесін таратып, көңілін жібітіп жіберу дегеннің қалай болатыны таппай қалып жатады.

«Елу сегізінші статья - саяси қылмыскер. Он жылға кетеді, біржола жоғалады. Әбдіғаппар сері де он жыл алған. Бірақ екі жылға жетпеді. Жылы леп соғып, темір дарбаза айқара ашылғанда көппен бірге кешірімге ілініп, елге оралған. Ауыл аралап шыққан жоқ. Көңілі жақын ағайын өзі іздеп барып сәлем берісті. Арнайы сапар ма, әлде жолы түсті ме, көп ұзамай ауданға атам келгенде (бұл кезде орта мектепте оқимын) бірге барып, мен де Серінің жүзін көрдім. Біз кіргенде Сері төрде, көнетоз құрақ көрпе үстінде, бояуы оңған қызыл жастықты құшақтап, етпетінен түсіп жатыр екен. Тұрмады. Бұрылып, бас көтермеді. Атам үнсіз қалпы тізе бүгіп, жауырынынан қапсыра құшақтаған. Сері сол етпеттеген қалпы аяғын баурына тартты, түйеше теңкиіп барып еңсе жазды да, көтеріле беріп, атаммен қос қолдап амандасты, сол үнсіз күйі төменірек сырғып, малдас құрып, қонжиып отыра кетті»,- дейді автор.

М.Мағауинның осы әңгімесіндегі үнсіз түсінісетін жері әрі серінің оғаш қылық көрсететін жері осы тұс. Жазушы осы деталды қиып алады да, оқырманға, - Не түсіндің? - дегендей серінің етпетінен жатып алатын, орнынан ерсілеу көтерілетін картинасын ұсына салады. Неге екені «Әбдіғаппар сері» әңгімесі еске түссе, басқа сюжеттерінің бәрі ұмытылса да, дәл осы картинаның тозбайтын бір кереметі бар. Бала Мадияр не көріп, дана Мұхтар не дегісі келіп отыр дейсің ғой. Бәлки, Мұхтар Мағауинда бұл жеріне онша мән берместен, ретімен келген сюжет ретінде баяндап өте шыққан шығар. Ал шындығында серінің шығарма бойында серілік қылық көрсететін жері тек осы жерінде екен. Ана жатыс, ана үнсіздік сосын түйеше теңкиіп орнынан тұруы – сал-серіліктің шұлғау орауға да жарамсыз болып қалған заманында қадірін білетін, өзім дейтін кісі мен сері арасындағы классикалық көрісуі рәсімінің бәлки соңғы картинасы ма екен. Әйтеу сондай оргиналды бірдеменің тәтті дәмі бар.

М.Мағауинның соңғы үш шығармасындағы бала кейіпкер Мадияр дүниені өзгеше бір өткір түйсікпен қабылдайтын, сезімтал санамен сезінетін бала болады. Бұл бала кейіпкерді маймөңкелемей Мағауинның өзі деп атар болсақ, біз тілге тиек етіп отырған серінің әңгімесіндегі біраз жайттер көңіл сергітетін, шабыт сыйлайтын уақиғалар емес екенін оқыған кісілер жақсы біледі. Бірақ, бір қызығы осынша ойпыл-тойпыл заманның үйіре соққан дауылын көрседе, қан қасаптан енді шыққан елдің қансыраған түрін көрсе де Мағауинның сынбаған өзегіндегі Меніне таң қаласың. Қайта жаншылған рухтан қуат алып, езілген еріктен  жылу жинай отырып, саналы түрде өзіне-өзі ант беріп, өзіне-өзі үлкен міндет жүктейді. Бейне өзін-өзі жарытқан сайгүліктерше сол көргенінің бәрін хатқа түсірмекке Мұхтар атына серт байлайды. Осы сертінің ұшығы көрінетін жоғарыдағы әңгімелері біз секілді қағаз мүжіген пенделердің біразының санасын сілкісе, әлдекімдердің жүрегіне қазақ деген отты лаулата жағып кеткені қалай жасырамыз. 

Жалпы,  бала өсіріп отырған қазіргі әр қазақ Мұхтар Мағауинның атасы мен немересі қатар кездесетін шығармаларын көбірек оқытқаны абзалырақ болар ма дейміз. Себебі, балаға өнер-ғылым үйрету өз алдында, үлкен арманнан, берік мақсаттан туатын, ұлы суреткер өзі айтқандай: «Қазақ деген – мен!» - дейтін сананы құйып тастайтын «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Абақтыда өлген Уан атам», «Әбдіғаппар сері» сынды шығармаларының орыны алабөтен, ерекше.

Мені жоқ бала - ертең мені жоқ ұлттың азаматы болады. Ол мені жоқ ұлтты қалыптастырады. Мені жоқ ұлттың, мені жоқ биліктің «пайдасын» қазір қазақ қалай көріп отыр. Кейде бір белден асу үшін, ортақ пайымға тоқтау үшін артық философияның да, терең танымның да қажеті шамалы. Осындай қарапайым ғана дүниеге көмкеріп кеткен ұлылардың жауһар дүниелерін кеудемізге тағуға жарасақ, соның өзі  көп дүниені шешіп, көп мәселенің басын қайырып кетер еді. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар