Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
МАҒЖАННЫҢ «ПЕДАГОГИКАСЫ»...

30.12.2022 7906

МАҒЖАННЫҢ «ПЕДАГОГИКАСЫ» 14+

МАҒЖАННЫҢ «ПЕДАГОГИКАСЫ» - adebiportal.kz

Бүгін қазақ сөз өнерін Абайдан кейінгі кезеңде заңғар биікке көтерген алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабайұлының тұтқындалған күні. Тура осы күні, 85 жыл бұрын, 1937 жылдың 30 желтоқсанында ұлт ақыны үшінші мәрте абақтыға қамалды. Арада азапқа толы екі жарым ай өткенде оққа ұшып, фәниден бақиға аттанды. Туындыларында ұлт-азаттық Алаш қозғалысының тұжырымдамасын көркем бейнелеген, ұлтын оятып, кейінгі дәуірде қазақ әдебиетінде мектеп қалыптастырған, поэзиясымен талай буын шәкірт тәрбиелеген, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, жауһар жырлары сан уақыт қалың оқырманнан қол үзіп қалған, ақыры туған халқымен қайыра қауышып, әдебиет аспанында шолпан жұлдыздай жарқыраған Мағжанды оқыған сайын тамсанамыз, таныған сайын өмірдің тылсым сырларын айқындай түсеміз. Суреті айқын, рухы тегеурінді, сиқыры тылсым өлмес өлең қалдырған Мағжан – ақын ғана емес, ол сонымен бірге «Шолпанның күнәсі» сынды жалғыз ғана психологиялық ғажап әңгімесімен қазақ прозасын асқақтатқан ұлы суреткер, орыстың, сондай-ақ шығыс пен батыстың классиктерін керемет тәржімалаған шебер аудармашы, әлеумет тұрмысын жақсартамын деп қоғамдық іске араласқан қайраткер, жаңа мазмұндағы ұлт мектебін ұйымдастыруға тырысқан ұстаз, оқулық жазған ғалым, ағартушы, Алаш ренессансы сынды құбылыстың ішіндегі ғаламат пассионар тұлға. Биыл Мағжанның қаламынан туған «Педагогика» еңбегіне 100 жыл толды. Бұл атаулы күн елімізде тиісті деңгейде ескерілмей қалғанына қынжыламыз. Қазақ топырағында педагогика ілімінің бастауында тұратын асыл кітаптың мазмұны мен идеясы, тағылымы мен ғибраты ескірмейтіні, қайта уақыт озған сайын арта беретіні аян. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінің 2 курс студенттері «Мағжантану» арнаулы курсын оқиды. «Педагогика» кітабынан алған әсерін шәкірттер қағазға түсірді. Алаш рухынан сусындаған болашақ білікті педагог, филологтардың пікірі мынадай болды. 

 

Қайырбек Кемеңгер,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 

Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі

 

Мағжан Жұмабайұлының білімді әрі жан-жақты дамыған жеке тұлға екенін «Педагогика» еңбегін оқыған кезде ұқтым. 1922 жылы жарық көрген бұл оқулық ғасыр өтсе де, өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі аналар, ұстаздар, тәрбиешілер жалпы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін әр жанға арналған энциклопедия іспетті. 

«Педагог» сөзінің мағынасы мен үшін тереңдей әрі толыға түсті. Бұған дейін бала тәрбиесінің соншалықты ауқымды және маңызды жұмыс екенін аңғармаған екенмін. Болашақ ана және ұстаз ретінде бұл рөлдің маңыздылығы және жауапкершілігі артқан сияқты. 

Ең қызығы, тынығу дағдысы жайлы жазғаны: «тынығу екі түрлі болады: не біржола жұмысты доғару, не болмаса жұмысты жаңарту. Жұмысты жаңартқанда да, яғни бір жұмыстың орнына екінші жұмыс қылғанда да адам тынығады. Мысалы, көру жұмысынан соң (оқу, жазу) есту жұмысына көшсе (әңгіме тыңдау), бала әжептәуір тынығып қалады». Қазіргі заманда адамдар демалу деген сияқты осындай қарапайым дүниенің маңыздылығын ұмытып кеткен. Ал Мағжан оның өзіндік әдеп екенін көрсеткен.

Мөлдір Түсіпбек

 

Автордың туған  халқының тәлім-тәрбиелік  бай мұрасын игеру жөніндегі бағыт-бағдары да құптарлық. «Ұлт тәрбиесі  – баяғыдан бері сыналып келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп жазады Мағжан.

Менің мән берген тұстарым, Мағжанның құлық сезімін аша отырып, баланы қалай тәрбиелеу керектігін ұғындырады. Құлық сезімін ізгі ой һәм ізгі іспен байланыстыра отырып, оның адамға жағымды сезім туғызатынын ескертеді. Бұл сезімді ағартушы адам бойындағы ізгілік пен жауыздықтың болуына байланысты деп көрсетеді. Яки адамның білімі қаншалықты терең, санасы биік болған сайын құлық сезімі де тереңдейді. Адамның эгосы артқан сайын жауыздық арта түседі және құлық сезімі безіп, дүниеге пайда келтіруден алшақтайды. 

Сәби дүниеге келе келгенде, алдымен анасына деген сүйіспеншілігі оянады. Бұл ізгіліктің бастапқы сатысы болады. Өсе келе баланың туысына деген сезімі оянады. Бұл да бір ізгіліктің нышаны десек қателеспейміз, себебі Мағжан өзі солай мысал келтірген болатын. Бұл екі ізгіліктің баспалдағы құлық сезімін толықтырмайды. Оны ағартушы тек пайдақұмарлыққа, байлыққа ұмтылушылыққа әкеледі деп сипаттайды. Егер халқына, еліне деген сүйіспеншілігі оянса, сонда ғана ізгіліктің шыңына шығады. Мағжан ақын «адамның шын мағынасымен адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт» деп дөп басады.

                                                                                Даяна Дюсегалиева 

 

   

Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика» еңбегін естімеген педагог жоқ шығар? Қазақ қоғамында алғаш оқу-ағарту ісіне мейлінше еңбек еткен тұлғалар жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі, шоқтығы биік – Мағжан! Мағжан – ақындығынан бөлек тұңғыш педагогикалық оқулықтар жазып қалдырған өз заманының біртуар азаматы. Ақынның 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» атты оқулығы педагогика және әдістеме әлеміне қосқан үлесі екені сөзсіз. Оқулық төрт ірі бөлімнен құралып, педагогика ұғымын жан-жағынан толықтай зерделеп, ұлт, ұрпақ тәрбиесіне таптырмас бағыт-бағдар беруші құрал іспеттес. Оқулықта жүргізілген бағыт төртеу. 1.Ақыл тәрбиесі, 2. Құлық тәрбиесі, 3. Сұлулық тәрбиесі, 4. Дене тәрбиесі. «Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны...Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын...» деп ақын Мағжан тәрбиедегі маңызды аспектілерді айқындап көрсетеді.

Мағжанның «Педагогикасын» оқи отырып, мен қандай ой түйдім? Оқулықта тізбектеліп жазылған әр бөліміне назар аударсақ, өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы тәлім-тәрбиенің құндылығы, маңыздылығы бүгінгі тәуелсіз елдегі жастарымызды дамытуда өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Мағжан айтқан ақыл да, құлық та, сұлулық та ақын жүрген заманының жастарына ғана емес, бүгіннің де, ертеңгінің де бойында болуы керек нағыз тәрбиенің тармақтары. Қарап отырсақ, ғасырлық тарихы бар бұл еңбек ұстаз үшін де, бала тәрбиесіндегі ата-ана үшін де, тәрбиені сіңіретін өскелең ұрпақ үшін де маңыздылығы мен құндылығын сақтап тұр. Бір ғана еңбектің ішінде ғасырлап тәлім-тәрбие беретіндей мұра қалдыру шоқтығы биік, жан-жақты терең білімді, жоғары мәдениетті, адамгершілігі зор, жаны таза, ары биік, өнегелі интеллигент Мағжанның ғана қолынан келді.

Гүлназ Тыныбекова

 

Алғашқы сөзімді, Мағжанның ой тартуымен бөліскім келеді: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалімі. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас  қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі». Иә, расымен де, Мағжанның бұл сөзінің жаны бар. М. Жұмабайұлы – өзінің қамшының сабындай қысқа өмірінде  ұлтының, елінің қамы үшін нағыз тер төккен ұлы тұлға.

Мағжан – қазақ ұлтының патриоты.

«Педагогика» атты ғылыми еңбегі он бес бөлімнен тұрады. Кітаптың әр бөлімінде ол педагогика  ғылымын әр бағытқа жіктеп, болашақ жас ұрпақ тәрбиесіне азық болар таптырмас ғылыми еңбек жазған.

Алғаш осы еңбекпен толықтай танысқанымда, «Мағжан неткен ақылды, сол заманда отырып, болашақ ұрпақтарына қандай ұлы өсиет қалдырған», - деген ой санама келді. Шынымен де, біз оның еңбегін қазіргі заманда ұлықтауымыз керек. 1922 жылы жазылған бұл еңбекке, биыл 100 жыл толды. 100 жыл – аз уақыт емес. 100 жыл аралығында көптеген еңбектер, ғылыми-зерттеулер жарық көрді. Алайда, Мағжанның «Педагогикасы» басқа еңбектерге қарағанда шоқтығы биік туынды деп айта аламын.

Ғасыр толған еңбекті оқи отырып, алған әсерім ерекше. Мағжан ғылыми еңбек жаза отыра, ұлттық болмысымыз бен сана-сезімімізге этнопедагогикалық, психологиялық принциптерін сіңірген.

1922 жылы жарық көрген Мағжанның «Педагогикасында» айтылған ойлар, тұжырымдар  бүгінгі тәуелсіз, егемен мемлекетімізді, Жаңа Қазақстанды дамытуда  рөлі зор. 

М. Жұмабайұлының еңбектеріндегі ұстаздықпен қоса  тәлім-тәрбиелік, өнегеге толы идеялары біз үшін, болашақ жас ұрпақ үшін маңызы зор туынды.

Мағжан «Педагогика» еңбегінде жан сырын терең зерттеді. Педагогика мен психология ғылымдарын қазақтың ертеден келе жатқан тәлім-тәрбиесімен байланыстырды.

Ғылыми-зерттеу жаза отыра, қазақтың тәрбиесін басты орынға қойды. 

Біз үшін, болашақ жас ұрпақ үшін бұл туындының алар орны ерекше.

Дария Әділжанқызы

 

«Адам – саналы жаратылыс. Оның аурушаң болып өсуі де, моральдық тұрғыда «жарымжан» болуы да өзінен» деп ойлайтын маған Мағжан атамыздың бұл еңбегі қатты әсер етті. «Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, оған ол кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, оған да айыпты емес, тәрбиеші жазалы» деген жолдар ой-санамды өзгертіп, әр сәбидің мінез-қалпына оның баулушысы ықпал ететінін ескерткендей. 

Одан бөлек, ол тәрбиешінің ұстанатын салты, оның ішінде айрықша айтатыны – қазақ салтының қателігі балаға кейде теріс жағынан әсер ететіні айтылады. Күнделікті өмірде көп көріп жүрген ағаттықтарымызды екінші рет қайталамайтындай көзім ашылғаны хақ. Мысалы, баланың жеке бөлмесі болуының маңыздылығы, бала терісінің маймен сылануының, баланы арбамен қатты жылдамдықта сүйретудің, бесікте қатты тербетудің, қатты байлаудың зияны, т.б. Тек қана физиологияға қатысты емес, психологиялық тұрғыда да, болашақ ата-анаға өте құнды ақпараттар жазылған. 

Мағжан атамызды осы кітап арқылы сыршыл лирик, талантты ақын ретінде ғана танып қоймай, қабілетті психолог әрі педагог ретінде басқа қырынан аштым. «Педагогика» және «Психология» пәндерін қазақы болмысқа сай етіп, түсінікті тілмен әдемі өрнектеген дара Мағжанның бұл еңбегі ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпайды, осы бағытта жазылған  қаншама кітап дәл Мағжандікіндей болмақ емес.

Аяужан Қалтай 

 

«Педагогика» еңбегінде бала тәрбиесі жөнінде көп мәселелер сөз етілетіні бізге мәлім. Мағжан Жұмабайұлы сөз еткен дене тәрбиесі, жан көріністерінің бәрі де тұлға тәрбиелеуде өзіндік орны бар мәселелерді қамтиды. Бірақ менің ойыма ой салған, назарымды аудартқан айрықша бір мәселе болды. Ол – бала ойыны. Біз күнделікті өмірде аса мән бермейтін құбылыс болса да, ойынның бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Қазіргі баланың киім-киісіне, тамағына, дәрі-дәрмегі мен дәруменіне көңіл ауған заманда көп ата-ана баланың ойынын естен шығарады. Соның салдарынан телефонға телмірген бала көп. Баланың анасы да сол бір темірге байланғандықтан, балаға не айта аламыз?! Бала ойынына мән бермеу, жалпы алғанда баланың немен шұғылданғанына назар аудармау – балаға деген немқұрайлылық. Ойынның маңыздылығы туралы «Бала қиялы әсіресе, ойында жарыққа шығады. Ойын – балаға кәдімгідей бір жұмыс», - дейді. Яғни, біз баланың не ойнап жатқанына, кіммен ойнап әрі қалай ойнап жатқанына да мән беруіміз тиіс. Дегенмен, ғалым бала ойынын қадағалау туралы былай деп пікір қалдырады: “Ойнап отырған баланың ойынын бақылауға тәрбиеші міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойыннан ынтасын суытып аласың. Ойын – баланың өз ісі. Бала ойынына кірісуші болма»,- дейді. Осыдан түйгенім, қазіргі қоғамда балалар өзара ойнап жүріп, араларында кикілжің туып, төбелесіп қалса, бүгінгі жас аналар баланың ісіне араласа жөнеледі. Ғалымның жоғарыда көрсеткен пікірін негізге ала отырып қарасам, меніңше, бұл дұрыс емес. Баланың ісіне, ойынына араласу олардың еркіндігін белгілі бір деңгейде бұзады деп есептеймін. Себебі ата-анасы әр ісіне, ойынына араласа беретін баладан ертеңгі күні ынжық, ойын ашық, қадамын нық баса алмайтын тұлға шығады. Демек, бастапқыда біз мән бермеген ойын – бала болашағына әсер етер бірден-бір фактор болмақ.

Мөлдір Баймұқан 

 

Мағжанның «Педагогика» еңбегін су түбінде жатқан асыл тас дер едім. Өйткені, онда жазылған мәліметтерді көп жерден кездестіре алмаймыз, әрі ол ақпараттардың құндылығы өте жоғары. Шығармада адам өмірінде қолданатын негізгі, қажетті материалдар қамтылған. Оқи отыра, Мағжан атамыздың қандай білімді, жан-жақты кісі болғанына таңдай қағасыз.  Көпшілігі сияқты мен де бұл ғылыми-зерттеу еңбегі мұғалімдерге арналған педагогика саласы жайлы деп ойладым. Бірақ мүлде қателесіппін. Кітапты кез келген жастағы, кез келген мамандықтағы адам оқыса артық етпейді. Білімі толысып, таным-көкжиегі кеңейетіні сөзсіз. Әсіресе, бала тәрбиесіндегі аналарымызға немесе енді сәби сүйетін жеңгелерімізге нағыз керек құрал деп есептеймін. Себебі, мұнда баланың психологиясына, қажеттіліктеріне баса назар аударылады. Шығарманы оқи отырып, күнделікті өмірде көріп жүрген апа-жеңгелеріміздің бала тәрбиесіндегі қателіктері көз алдыма келді. Олар да сондайды көріп өскеннен кейін, соны қайталайды. Бұлай жалғаса берсе не болмақ? Болашақ ұрпақтың тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайды ғой...

Менде есте сақтаумен қиындықтар бар. Оқыған нәрсемді тез ұмытамын. Соның салдары өмірімде көп келеңсіз жағдайларға ұшыратады. Бұл мәселенің шешімін осы еңбектен таптым десем болады. Автор есті өркендетудің бірнеше шарттарын ұсынады және адам жасындағы өзгерістерге байланысты ес те өзгеріп отыратынын түсінікті түрде көрсетеді. 

«Педагогика» – әр адамның үйінің сөресінде тұруы тиіс, жол бастайтын, бағдар беретін темірқазық іспеттес бағалы туынды. Өкініштісі, шыққанына 100 жыл болса да Мағжанның бұл «қазынасын» көбісі біле бермеуі, атауын естісе де, ішін ақтарып қарап, практикада қолданбайтындығы... Мұны әрі қарай кеңірек насихаттап, көп жерде тарату біздің қолымыздан келеді.

Гүлнұр Сапарова 

 

 

Еуропалық тəрбие жүйесінің негізі ежелгі Греция философиясында Демокриттан бастау алса, қазақ халқында тәрбие туралы тұңғыш ғылыми зерттеу жазған Мағжан болып табылады.

Ақынның «Педогогика» еңбегі барша тәрбие табиғатын көрсетеді. Әсіресе, тіл және жан көрінісін айрықша үлкен мәселе деп қарастырады. Яғни, Мағжан тілді адамның тілмашы деп түсінеді, тілсіз жүрек түбіндегі, жан түкпіріндегі асыл, бағасыз ойлар жарық көрмеуші еді деп ұғынады. Сондай-ақ ақын тілді жан жайының жарыққа шығару жолы деп, психологиялық тұрғыдан жан деген не нәрсе деп сұрақ қояды. Және оған өзі үш түрлі пікірмен жауап береді. Жалпы, менің ұққаным, бұл үш пікір де үш түрлі философияға негізделген. Мағжан заманында осы еңбек ұлт тәрбиесін қалыптастырудағы үлкен қадам болып саналды. Бүгін де ақынның ұстаздық-тәлімгерлік идеялары біз үшін өте құнды дүниелер болмақ.

Назерке Мұратова 

 

Алғаш «Педагогика» еңбегі жайлы естігенде, “мұғалімдерге арналған нұсқаулық шығар”- деген ой келді. Бұл еңбекті толықтай оқыған соң, тек қана мұғалімдерге емес, барлық адамзатқа арналғанын түсіндім. “Бала тәрбиесі –бесіктен”,- демекші, әрбір дүниеге келген пенденің, толық адам болып қалыптасуы дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесіне байланысты. Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. «Педагогика» еңбегінде, жан психологиясының қалыптасуы, биологиялық тұрғыдан жүйені талдау, педагогика пәнінің мақсаты т.б. мәселелер жайлы көп дүние айтылды. Кітапты оқи отыра, өзімді салыстырып, әлсіз, мықты тұстарымды саралап отырдым. Анализ жасай отыра, өзімді өзімді өмірдегі “ең бақытты адаммын”- деп санай аламын. Қорытындай келе, кішкентайымнан, бойыма тек қана жақсы қасиеттерді сіңірген, “Өзімдей болма, мен жете алмаған белестерге сен жет!”- деп тәрбиелеген ата-анама мың алғыс. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан атамызға: “Көкжиегімізді кеңейткеніңіз үшін, заман жастарына дұрыс бағыт беріп, әрбір адамзат бақыты үшін күрескеніңізге рахмет айтқым келеді”. Келешекте, бұл кітапты өзімнің ата-анама, мұғалімдеріме, жеңгелеріме, туған-туысыма ұсынатын боламын.

              Айым Акишева 

 

Адамның ең басты қасиеті де ұқыптылығы да, білімділігі де, өзін-өзі ұстауы да тарбие көзінен бастау алады десем қателеспегенім деп білемін. Тәрбие туралы ой пікір Мағжан Жұмабайұлы айналасында да өз орнын алып, өрбіген. Адамды адам қылатын, оны бір тұлғаға айналдыратын адамның тәрбиесі. Мағжан Жұмабайұлының “Педагогика” кітабын қарастыра келе тәрбиенің туа бітер тылсым күш екендігін көреміз. Тәрбиенің 4 түрін жіктеп көрсеткен Мағжанның ойы тереңде. Дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі деп атап кеткен тәрбие түрлері. Өмір бізге көрсетуші, құлатушы, жылатушы, күлдіруші. Яғни өмір де бізді тәрбиелеуші. Мектептен алған білім ол азық, ал біз өмірдің ағысы арқылы өзіміз тәрбиеленеміз. Мектеп табалдырығын аттаған балаға бағыт, бағдар беруші мұғалімдер болса, оны қолдана білер тәрбиені ұғынған бала ғана. Өмірдің ағысы дегенім: біз елдің, халықтың, жұрттың алдында тәрбиемізді көрсетеміз. Мағжан айта кеткендей ”Баланың тәрбиесінің жақсы болуы – тәрбиелеушіден”. Оны ақылға салып орнын білер тәрбиені ұғына білген бала. Ұлы ақын Абай атамыз айтқандай ”Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап”. Қай кезең, қай ғасыр, қай жер болмасын тәрбиенің алар орны ерекше екендігін аңғарамыз. Мағжанның зерттеуін қарасақ тәрбиемен педагогиканың байланысы ерекше. Шынымен балаға берілген алғашқы бағыт, өмірдің бастамасы. Ал балаға дарыған тәрбие – ұлт тарбиесі. Он бес бөлімнен тұратын бұл еңбегінде адамның жанын да тәнін де тәрбиелей білген Мағжан. Жоғарыда айта кеткендей ”Адамда осы төрт тәрбие болса, бала тәрбиесінің түгелдігі” деген Мағжан Жұмабайұлы сөзімен қортындылағым келеді. Тәрбиені үйрету де оны үйрене білу де өнер. Өмір жолында алған әр тәрбие арқылы біз құрметтелеміз. Біздің тәрбиеміз – ұлттың тәрбиесі.

 Аружан Қыстаубай 

 

Мағжан «Педагогикасы» жеке пендені әуелі адам, кейін тұлға болуға үйретеді. Ерекше ұнағаны, сұлулық және құлық сезімі балаға эстетикалық ләззатты тануға, сұлулықты көруге, тазалыққа баулиды. Және оны осы бағытта дәріптейді. Қыз бала ретінде оқып отырып, бала күнімде мен осы қағидаға бағындым ба? Ата-анам осы ережелерді ұстанды ма деген ой келді. Алайда мен өз балаларымды болашақта Мағжан «Педагогикасына» сүйеніп өсіргім келеді. Мағжан айтпақшы, балаңды өзімдей бол деп емес, заманына сай өсірсем елімнің есті қалануына септігімді тигіземін деп сенемін. Мағжан «Педагогикасы» – ескірмес сыр сандық. Енді біраз жылдан кейін оқығанда,  18 жасар менімен салыстырамын.Шолпанның шоқтығы сөнбесін!

Ақерке Талғатбек 

 

"Мағжантану" пәні - біздің оқу бағдарламасына биыл жаңадан келіп қосылған пән. Бұл пән арқасында Мағжан әлеміне терең бойлап, біз білмейтін, ел білмейтін Мағжанды тану үстіндеміз. Оның шығармашылығы мен үшін бір сиқырлы әлеммен сырласудай көрінеді. Әсіресе, Мағжанның 1922 жылы жазылған "Педагогика" еңбегі маған ерекше әсер қалдырды. 
Ең алғашқы қатты қызық болған мәлімет - "Педагогика қандай пән? бөліміндегі "педагогика" ұғымына түсінік. Бұл туралы еңбекте былай берілген: "Педагогика – грек елінің сөзі. Пед – бала, а гоги – жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы  болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән,  ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын педагог деген ат қадірлі, қасиетті болып барады". Педагог сөзінің тереңіне бойламаған мен үшін бұл жаңалық қатты таңқалдырды. Себебі, сонау замандағы бала жетектеуші құл болған жандардың қазір әлемдегі ең жоғары санатты қызметке ие болуы, әрине таңқаларлық жайт емес пе? Бұған ұлт зиялысы Мағжанның "Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі" деген сөзі де айқын дәлел. Осыдан 100 жыл бұрынғы еңбекте жазылған сәби туралы деректің барлығы қазіргі дамыған заманда да өз құндылығын жоймақ емес. Керісінше, білімімізді тереңдетіп, көзімізді ашпақ. Медицина дамымаған заманның өзінде осы еңбектің жазылуы сол кездегі қазақ қоғамы үшін ірі жетістік деп ойлаймын. Тағы бір ерекше есте қалған дерек. Сәбидің тілін шығару үшін біздің өз тілімізді бұрмалап, сөздерді қате айтуымыздың өрескел қателік екендігін жатқызсам болады. Себебі, сәби әлемді ата-анасы арқылы таниды. Санасы толысқанша балаға ата-анасы жасаған істің бәрі дұрыс болып көрінеді. Бұл еңбекте тіпті сонау қазақ қазақ болғалы қолымызға біткен бесікті тербетудің де дұрыс жолы жазылған. Жарық дүние есігін жаңа ашқан шарананы бесікке бөлеуді де асқан сақтылықпен, ұқыппен жасау керегін біле аламыз. 

Кітапта ол шақтағы әлі қазақ қоғамына күңгірт психология, физиология секілді салалар туралы да қанша құнды ақпарат берілген. Оқи отырып, тәрбиенің  қаншалықты терең әрі маңызды екенін ұғамыз. 
"Педагогика" - мен үшін Мағжанның қарапайым бір еңбегі емес, жантану мен тәнтанудағы қазақша жазылған, қазақ санасына лайықтап жазылған шоқтығы биік дара дүние. Бізге бастауыш сыныпта "Әліппені" оқу міндет болса, Мағжанның "Педагогикасын" да оқу барша қазаққа міндетті болу керек деп санаймын. Шағын ғана бұл кітаптан жантану керек пе, тәнтану керек пе, тәрбие керек пе, медицина керек пе – бар сұраққа шешім табасыз. Бұл кітап бәрімізге керек, тек филологтарға ғана емес... Тек оқу керек... 

Гауһар Шайхы

 

Жазбамды бастамас бұрын айта кететін дүние – Мағжан жазған «Педагогика» кітабы мен үшін ақынды тек ақын емес, ғалым ретінде танытқан үлкен еңбек болды. Биыл еңбекке жүз жыл толыпты, сонда да өзінің өзектілігі мен құндылығын жоғалтқан жоқ. Меніңше, адам баласының өмірге келгендегі міндеті – басқалардан пайда көру емес, керісінше айналасына қызмет етіп, пайдалы өмір сүру. Осыны ұққан кезде ғана адам баласы бақытты болмақ. Көкірегі қуанышқа толып, күш-қуаты артады. Бойына сарқылмайтын жігер мен алапат күш орнайды. Бұл жолда қандай қиындық кездессе де, сәтсіздікке мойымайды. Мағжанның еңбекті жазудағы ең басты мақсаты пайдалы болу емес пе? Иә, мақсаты пайдалы болу: біз үшін, тұтас алаш үшін. Қазақ халқым қазақи тәрбиеге көңіл бөліп надандықтан ада болса екен деген арманын осы оқулықпен білдіргендей. Алғы сөзін оқығаннан-ақ ішім жылып қоя берді. «Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл алып көріп алыңыздар», - дейді. Осы сөзінен-ақ Мағжанның еңбекті жазудағы ниеті мен  мақсатын айқындауға болады. 

Тәрбие деген не? Еңбекте Мағжан тәрбиені былай түсіндіреді: «Тәрбие – кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз». Жалпы адам баласына Жаратушы сан мың қабілет берген, бойдағы ашылмай жатқан қабілет кемелденуді тілеп, іштен мүлгіп жатады. Ашылмаған әрбір қабілет бейне бір аршылмаған бұлақ іспеттес сылдырлап ағуды қалайды. Ашылмаған қабілетті ашу үшін ең бірінші тәрбие дұрыс болу керек. Тәрбие дұрыс болғанда ғана адам бойындағы барлық қабілеттер жарыққа шығуға талпынған дәнекке ұқсап, мәуелі ағаш секілді әдемі жеміс беруге асығады. Білім алу, кемелдену, салауатты өмір сүру – бәрі тәрбиеден басталады. Тәрбиесіз берілген дүниенің бәрі адамға өз кесірін тигізері анық. Әл-Фараби айтқандай, нағыз «адамзаттың қас жауына айналмақ». Еңбекте адам бойына дәл керек төрт түрлі тәрбие айтылады: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі және құлық тәрбиесі. Осы төрт қасиетті бойға жиған адам шын адам болғаны. Адам баласы – жан мен тәннен тұратын таңғажайып жаратылыс. «Педагогиканың» өзі осы екі дүние «жан мен тән» жайында сөйлейді. Жалпы алғанда, бұл еңбек мен үшін оқыған дүниелерімнің арасындағы нағыз құнды еңбек десем артық айтқаным емес. Нағыз қазақы менталитетке сай жазылған, тәрбие үшін тапсырмас құрал. Бұл еңбекті ең алдымен әрбір қазақ қызы оқуы тиіс деп білемін. Себебі ұрпақтың сау болуы, тәрбиелі болуы анаға тікелей байланысты. Әрбір қыз баласы осы кітапты оқып, өзінің және перзентінің бойына сіңірсе, ең мықты, тәрбиелі, дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелейтініне кәміл сенемін.

Нилюфар Қалменова 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар