Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Майн Ридтің де көрмегені жоқ......

04.04.2022 3755

Майн Ридтің де көрмегені жоқ... 14+

Майн Ридтің де көрмегені жоқ... - adebiportal.kz

Шотланд текті ағылшын жазушысы, өзіңіз бала кезде талай рет тамсана оқыған «Бассыз салт атты» сынды шытырман оқиғаға толы қызықты романның авторы Томас Майн Рид 1818 жылы тап осы 4 сәуір күні дүниеге келген.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларының біразын Капитан Майн Рид деген бүркеншік атпен жариялаған ол XIX ғасырдың елуінші жылдары әлем әдебиетіндегі авантюралық романдардың біразын жазған. Олар жаңа ғана атаған «Бассыз салт атты», «Маңдай терісін сыпырушылар», «Оцелоа – семинолдар көсемі» тағысын-тағы деп тізбектеліп кете береді. Қаламгердің негізгі тақырыбы – Америкадағы езілген халықтарды азат ету күресі. Сондай-ақ, Азияның, Африка мен Американың флорасы мен фаунасын көркемдеп қағазға түсірген бір адам болса, ол осы Майн Рид шығар.

Жазушылық жолында дейміз бе, тіршілік күресінде дейміз бе, Майн Ридтің көрмегені жоқ. 1834 жылы қыркүйекте ол Белфасттағы Патшайымның академиялық институтына түседі. Аттай төрт жыл тапжылмай оқып бітіреді де. Бірақ содан кейінгі өмірі өз романдарындағыдай шытырман оқиғаларға ұласып жүре берген.

Хош. Рид 1839 жылы қыс ішінде Шотландияның Дамфрис қаласында кемеге мінеді. Сөйтіп екі ай жүзіп Американың ірі портты қаласы Жаңа Орлеанға жетеді ғой. Алыс құрлыққа жетуін жетіп алған соң, енді күн көру керек. Сөйтіп бірімен бірі үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сауда агенті, актер, мұғалым сынды кәсіптердің басын шалып екі жыл жүреді де, 1842 жылы журналист болып жұмысқа тұрады. Біреулер газет тасушы болған дейді. Не де болса, жазушылыққа бір қадам жақындағаны хақ. Бұдан кейін Оңтүстіктегі штаттар мен Мексика саяхаты басталса керек. Сөйтіп жарты құрлықты талмай шарлаған Рид 1843 жылы Филадельфияға жетіп жығылады. Және сонда табаны күректей үш жыл тұрақтапты. Ал біз, әдебиет оқырманы үшін, одан да маңыздысы – Майн Ридтің сол үш жылда атақты Эдгар Помен танысып, достасқаны шығар-ау... Кейін осынау бір әдебиеттің талай әңгімесі талай таңға талғажау болған ұмытылмас сәттердегі «сөзуар» досы туралы Эдгар По: «Ол өтірікті шындай, ақсақты тыңдай соғушы еді. Және өзі құдды суретші секілді. Әңгіме айтқанда аузыңның суын құртады. Мен сол үшін де оған зейін қоя құлақ түретін едім», - депті. Айтпақшы, Майн Ридтің «Байғұс оқушы» деген бүркеншік атпен жазатыны да осы кез.

1846-1848 жылдары Рид Мексика соғысына қатысады. Бұл оның «New York Herald» газетінің тілшісі ретінде «Гимназист» деген лақап атпен жарияланып жүрген кезі болатын. Сөйтіп 1846 жылы 23 қарашада офицер шенімен еріктілерден жасақталған 1-ші Нью-Йорк жаяу әскер полкы сапында ұрысқа кіреді. Ағылшынның Риді жебе дарымайтын, қылыш кеспейтін қазақтың Алпамысы емес қой, 1847 жылы 13 қыркүйекте Чапультепек түбіндегі кезекті бір шайқас кезінде жамбасынан ауыр жараланады. Дегенмен бұл да ер неме екен, шабуыл кезінде оқтың ысқырығы, топтың гүрсілінен естері шығып, ошарылып қалған әскеріне рух беру үшін мексикалықтардың батареясы бекінген төбеге бірінші болып жүгіріп шығады ғой. Осы батырлығының арқасында ол енді капитан шеніне көтеріледі. Бірақ бұл кейін, ұрыс тынғаннан кейінгі жағдай. Ал бағанағы біреуді біреу біліп болмайтын алас-қапаста қаруалстары Ридті өлдіге санап, майдан даласына тастап кете берген екен. Сөйтіп арада біра-а-аз уақыт өткеннен кейін барып госпитальға жеткізіледі.

Сол жолы қаптаған өліктің ортасында қорқынышты сағаттармен арпалысқан Рид іштей өмірмен қоштасып та қойған болуы кәдік... Өйткені өлікті тонаушылар мұны да істікпен шаншып өтуі бек мүмкін еді. Рид 1848 жылы 5 мамырда отставкаға өтініш жазып, әскерден босап, Нью-Йоркке қайтады.

Рид енді, 1849 жылы, Бавар көтерілісіне қатысуға қамданып жатқан еріктілердің қатарына қосылмақ болады. Бірақ қаражат тапшылығы қолбайлау болып, Америкада қалып қояды. Әдебиеттің бармақтай ғана бағына көрінген шығар, бәлкім.

Хош. Еуропадағы елеулі оқиға сөйтіп бұның қатысуынсыз өтіп, Рид әуелі туған жері Солтүстік Ирландияға оралады да, елуінші жылы Лондонға келеді. Осылайша Ұлыбританияның астанасында Мексика соғысына арналған тұңғыш романы – «Еркін атқыштар» романы жарық көреді. Одан кейін үйлі болады. Жас жұбайымен аздап саяхаттайды. Сөйтіп аптығы басылған соң сүйікті жазу стөліне қайта оралады. Нәтижесінде, 1865 жылы, Майн Рид есімін әлем әдебиетінің тарихында қалдырған атақты «Бассыз салт атты» романы жарық көреді.

1867 жылы Рид Нью-Йоркке оралып, Onward Magazine журналын шығаруға кіріседі. Сондағысы – бұрнағы жылдардағы ат-атағым сүйеу болар деп дәмеленген деседі. Бірақ бұл жолы америкалық оқырман оның жаңа шығармаларын салқын қабылдайды. Жығылғанға жұдырық, 1870 жылы баяғы Мексика соғысынан қалған жарақаты сыр бере бастайды. Сөйтіп Рид бірнеше ай Әулие Луки ауруханасына жатып қалады. Әйелі де АҚШ-қа аһ ұрып тамсана қоймаған секілді. Қойшы әйтеуір екі себеп бір шешімге келтіріп, Рид ауруханадан шығысымен, ерлі-зайыптылар Англия қайдасың деп тартып отырады ғой.

Англияда Рид депрессияға ұшырайды. Өйткені ойындағы дүниелерді қағазға түсіруге әл-қуаты қалмаған еді. Күнделікті ішіп-жемге талғажау боларлық жалғыз кіріс – соғыстағы еңбегі үшін Америка үкіметі тағайындаған зейнетақы ғана. Өмірінің соңғы жылдары жазушы, тіпті, таяққа сүйеніп қалады. Осылайда осылай, тірісінде қызығын өзі аз көрген шығармалары ХХ-шы және ХХІ ғасырда әлемдік әдеби мұраға айналған Майн Рид те 1883 жылы 22 қазанда 65 жасында ана дүниеге аттанып кете барады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар