Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Максималар мен қоғамдық ойлар......

01.02.2025 906

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Адамның бас амандығының өзін арманға айналдырған елде қандай болашақ болуы мүмкін.

 

***

Мемлекетті сақтау – мәдениетің мен тіліңді, ділің мен дініңді  өзгелерден қызғыштай қорғау ғана емес, жаңа технология мен жаңа уақыт ағысының негізгі мұратын тану. Сірә,  біздің  осы Құдай деп құрақ ұшып жүргеніміз УАҚЫТТЫҢ өзі болса керек. 

Ендеше, әр уақыттың өзіне сай бейімделе алмағанымызды Құдайды да танымағанымыз  деп тұжырым жасауымызға болатын секілді. Әрине, қазіргі шақ – мистика мен діннің емес, технология мен жаңа адамзаттық ақыл-ой аумағының сұрыпталу кезеңі. 

Бұл жағынан келсек, біз төбеден түсті деп тәу ететін киелі кітаптар парағындағы ақпарлар (аяттар), бар болғаны, ілкі заман, өз дәуірінің үні. 

Ал бүгінгі замана үні – қазіргі уақыттың өзі. 

Қазіргі замана үні – оның табиғи түрде туындаған алуан түрлі мәселелерінің жиынтығы. Ендеше, сол мәселелердің шешімін не үшін күн түбінен күңіреніп өткен шақ қойнауынан іздеуіміз керек?

Қазіргі мезеттің қан тамған өз шындығына архаикалық ақпар жолбасшы болып, оны түбегейлі шешудің ғылыми жолын мешіт пен шіркеу  қалайша көрсетіп бермек? 

Рас, өткен өмір жайлы өте көп айтамыз... 

Айналып келгенде өткен өмір туралы айта беру – өз болашағымызды өзіміз өлтіру немесе осы бір нақұрыстығымыз үшін ұрпақтар несібесіне қол салу ғана болып шығады емес пе?

 

***

Ақыры айтқан екенбіз мұны да енді ақ қағаз бетіне дестелей кетейік.

Біз жоғарыда ғана сөз еткен, төбеден түсті деп тәу ететін төрт кітаптың  бірі саналатын «Інжіл» ішіндегі көп жазбалар (аяттар) Месопотамияныңың солтүстігіндегі көне Ниневия қаласындағы қазба жұмыстар барысында табылған күйдірілген қыш тақтайшалардан да кездесіп отыр. 

Қателеспесем, бұл жазуды тапқан Британ музейінің қызметкері Джордж Смит (1840-1876) деген адам болса, ал тақтайшалардағы жазуды оқыған Арне Пебелей деген профессор. 

Ең қызығы, қыштағы жазулардың Інжілдің көп сөздерімен сәйкес келетіні шынымен-ақ адамды таң қалдырып отыр. Енді бұл қыш тақтайшалардың  жасы «Киелі Інжілден» әлдеқайда әріде, кемі бірнеше мың жыл бұрын бәдізделгенін ескерсек мұны қалай деп түсінуге болады?  

Ресми шіркеу бұл жайдан толық құлағдар болса да, әзірге сына жазуларға қатысты жұмған ауызын ашпады. 

Шамасы төрт кітаптың бірінен екіншісіне, екіншісінен өзгелеріне қотарылған мұндай  көшпелі мәліметтерге қарап отырып, ештеңенің де көктен түспегенін  бағамдауға болады. Бәрі де жер үстінен жинастырылған ілкідегі бұйрық-жарғылар мен  әпсана деректерге толы. 

Айтқымыз келгені, Месопотамия топырағынан табылған қыш тақтайшалардағы бұл жазулар көп шындықтың көбесін сөгеді. Сол сөгілген шындықтың бірі ешбір кітаптың  періште мен пайғамбардың екеуара диалогымен емес, қара жер қабатынан түрегелгендігін көрсетеді.  

Анығырақ айтсақ, бұл кітаптарды  көктен түскен емес, керісінше жерден тірнектеп жиналған көне деректер дегеніміз әлдеқайда ақиқатқа саяды.

 

***

Мәуләнә Руми: «Адам оқу арқылы үйреніп, сүю арқылы түсінеді» депті.

 

***

«Сендер оқуларыңды тек қана қызыл дипломмен бітірулерің керек...».

Тағы да мағынасыз жарыс… 

Тағы да  бала сұрап баға қою... 

Сонда адамдықтың бағасы мен ұлы мұраты қайда? Тұлға танымы ше? 

Бұған енді неше деген баға қоясыз? 

Айтыңызшы, мұндай антұрған АВТОРИТАРЛЫ ПЕДАГОГИКАНЫҢ  аяғын көктен келтіріп, қалайша тыюға болады өзі? 

 

***

Cөз бен сөйлем, ең әуелі, түсініктің таңбасы. 

Түсінік – тұлғаның таңбасы. Түсінік өз кезегінде жетілген талғамға тәуелді. 

Осы бір жетілген талғамды бір төмендетпей, бетіне шаң қондырып алмай, қандай өреде қызғыштай қорғауға болады? 

Мінекей, кәсіби өнердің күн-түні бас ауыртатын басты мұраты да осы болса керек-ті.

 

***

Сахна үшін жасалған әннің де, әдебиеттің де ғұмыры келте. 

Айтқанды орындау...  Дәл осы құлақкесті құлдық өзгеге жұқса да өнерге  «мінез» боп жұқпаса екен…

 

***

Кей дүниелерге кітаппен емес, әр жастың өзіндік ерекшеліктерімен көз жеткізесің. Әсіресе, әкелеріміздің шындығына. 

Айтайын дегенім, арақты ақылды адамдар да ішті. Кешегі кеңестік дәуірде спирт кедейліктен, сондай-ақ адамның алды мен артын шеңгелдеген  мағынасыздықтан қашудың, осылайша (олар) өздерін өтірік жұбатудың тыныштандырғыш дәрісі ретінде тұтынғандай болады да тұрады.

Қазір де көңілдің терезесі бейне бір буланған әйнек тәрізді... 

Көп дүние көзге буылдыр тартып еш нәрсе көрінбейді. 

Ендеше ішкі мағынасыздықтың да тұманы толық сейілді  деп айта алмас едік...

 

***

Қойыныма кендір арқан тығып көк теректің бұтағына сан мәрте оқталдым. Кемпір демдеген күрең шайдай,  беу дүние,  не қылған  тәтті едің шіркін…

 

***

Бұл пікірді жазбауға да болатын еді.

Десек те «Қаңтар оқиғасы» дегенде қаным көтеріліп кетеді. Әрине, оқиғаның өзегінде жүйе, жүйенің түбінде «Елбасы» түсінігі  жатыр. 

Енді сол «Елбасы» ұғымы қалай пайда болды?

Бұған қарапайым халықтың қаншалықты қатысы бар? 

Жеке көзқарасым бойынша бұл ұғымның елімізде етек алып нағыз авторитарлық мәнге ие болуына, ең алдымен, саяси корпустың, оның ішінде қос палаталы Парламенттің сіңірген «еңбегі» орасан болды. 

Бірден айтайын, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесі туралы» деген заңға Парламенттің қол қоюы деген сөз, алдағы қантөгіске, атап айтқанда, «Жаңаөзен» мен «Қаңтарға оқиғасына да» қол қою деген ұғым болатын. 

Бұл енді ешқандай да дау туғызбайтын аксиома дейміз. 

Өйткені бір елді бір әулеттің  ұзақ билеп-төстеуі деген,  түбі бір халықты тығырыққа тіремей қоймас жағдаят еді.

Енді сол ертелі кеш «Елбасы мәртебесіне» ат салысқан ақ жағалылар мен әлгі депутаттарды дәл бүгін сүттен ақ, судан таза деуімізге сая ма екен...

Бұл жерде «Қарапайым халыққа оқ атқан біз емеспіз, ендеше бұл қиянатқа біздің (тікелей) қатысымыз жоқ» деп басын ала қашатындар болса қатты қателеседі. 

Кешірерсіздер, бұлай деп сіздер еш ақтала алмайсыздар. Неге?

Себебі сіз азаматтық қоғам табиғатына жат, адам ақылына сыймайтын  «Елбасы» секілді есер түсініктерді қолдап, қол қойғаныңыз үшін,  еліміздің тәуелсіздіктен кейінгі жылдарындағы «желтоқсан» мен «қаңтар» айларында төгілген  жазықсыз қанға сіздің де қосқан үлесіңіз зор.

Рас, оқты бұйрықты екі етпейтін әлгі жендеттер атты. Бірақ ол оқ кімді және кімдердің ырыздығын қызғыштай қорғау үшін атылды, мінекей, осы  мәселеге енді сіздің жүз пайыз қатысыңыз бар. 

Қайталап айтайын, қазақ Парламентінің қазақ автортаризміне сіңірген жүз пайыз «еңбегі» бар. 

Сонымен, қазақ Парламенті дедік…

Жалпы, біздегі Парламенттің ауызынан дуа, алдындағы домалақ түймешектен (кнопкадан) абырой кеткелі қашан. Бір түйір ғана мысал келтірейін.

Күні кеше ғана Астана қаласын Нұрсұлтан, енді көп уақыт өтпей Нұрсұлтан есімін қайыра Астанаға ауыстырайық дегенде де бұл еш ойланбастан басылған бәтуасыз түймешек емес пе еді? 

Осы бәтуасыз жандардың жүндібарақ  қолы  енді қай жанның обалына қалып, тағы кімдерді қан қақсатар екен?..

 

***

Уақытты ұстап қалатын  құдіретке ие күш – тек қана мәтін. 

Мысалы халықтың қара өлеңі мен көне хиссаларын оқып отырып, байырғы қазақтың болмысы мен кісілігін, керек десеңіз одан шығатын «архаикалық иісті» де сол мәтіннен аңғарасың. Қара өлең де бейне бір қара жер тәрізді. 

Әр замананың флорасы мен фаунасының қалдықтарын үнемі өз бойына сақтап отырады. Адамға өткен өмірінен алыс не болуы мүмкін? 

Алыс өмірден қандайда бір салқындықтың лебі сезіледі. 

Сондықтан архаикалық бұл салқындық пен шалғайлықты «мәтіннің мұздауы» деп атасақ та болатындай.

 

***

Ән ішіндегі пейзаж. Баяндаудағы ғажайып суреткерлік. Бұл – Игілік Омаров тембрінің менмұндалаған ең  басты шарты. 

 

***

Алаш идеясының түп-тамыры Қарқаралы (петициясы) құзырхатынан емес, Ыбырайдың алғаш қағазға тамған «Қазақ хрестоматиясының» сиясынан  басталады.

Мен  ілкідегі Ибраһим  пайғамбар салған қасиетті Қағба жайында ештеңе де айта алмаймын. 

Ал қазақтың рухани Қағбасын Ыбырай Алтынсарин салды. 

Сол Қағбадан мазмұн таратқан мемлекетшілдік идея да (дәл осы)  «Қазақ хрестоматиясынан» басталады.

 

***

Ескі Евангелие жазбасында «Шындық дүниеге жалаңаш келген жоқ, ол нышандар мен бейнелер арқылы келеді. Ол оны басқаша еш үйрете алмайды» дейді. Осы жердегі «нышандар мен бейнелер» ұғымына Қазақстандық суретші Зоя Фалькованың  2017 жылы салған төмендегі «Evermust» туындысы куә.

Біз осындай бейнелерден  Құдайдың адамдарға түсірген «аяты» өнер деген байламға шын иланамыз. 

Зоя әйгілі «Еvermust» шығармасында бокстың ұрма қапшығы (груша) образында әйелдің жалаңаш денесін бейнелеген. 

Автор осы арқылы еркектердің әйелдерге қол қату мәселесін де өнер тілімен ашық көтеріп отыр. 

Ал аңғарған адамға  «Evermust» деген жазу астына әйел әуретін жай ғана таңбамен беруі көп дүниені  ишараласа керек. 

Бұл белгілі иран суретшісі  Рауф Хагигидің «Мынаны алыңдар да, мені босатыңдаршы...» деген әйгілі туындысын да еске салады.

Осы жерде кейіптелген  әйел бейнесінің басы мен қол-аяғы жоқ қой, ол енді қайда деген сауалдың да тумай қоймасы анық.

Архаикалық тағаны антикалық Венера құдайынан тамыр тартқан туындыдағы әйел бейнесінің басы мен қол аяғының болмауы – оның шын дәрменсіздігі мен шарасыздығының ишарасы.

Бұл кешегі «Қорғансыздың күніндегі»  Ақан болыстан қиянат көрген ару Ғазиза мен  бүгінгі (абьюзер) Бишімбев қолынан ажал құшқан Салтанат Нүкенованың да шарасыз тағдырларының шындығын көрсетеді.

Осы жерде Құдайдың адамдарға түсірген «аяты» тек қана өнер дегенді тағы бір мәрте қайталап айтқымыз келеді...

жалғасы бар…

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар