1 наурыз – Қазақстан Респубикасындағы Алғыс айту күні. Өзінің бастауын 2016 жылдан алатын бұл күннің мән-мағынасы уақыт алға озған сайын артып келе жатқаны анық. Әлемдік геосаяси ауқымдағы қазіргі жағдайлардың өзі ел ішіндегі және көрші мемлекеттер арасындағы татулық пен бірліктің қаншалықты маңызды екендігін айқындап отыр.
Алғыс айту күнінің негіздемесі қалай болды дегенге көз жіберіп көрелік. 2016 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Міне содан бері биыл тоғызыншы жыл Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіліп келе жатыр.
Алғыс айту күнінің өзі Қазақстан Республикасының соңғы екі ғасыр жүзінде, әсіресе ХХ ғасырда қалыптасқан әлеуметтік, демографиялық құрылымына байланысты негізделгені анық.
Мемлекет құраушы ұлт қазақтардан өзге, мемлекет аумағында сан түрлі ұлт өкілдері тұратыны белгілі. Олардың барлығының қазақ жеріне келуінің өзіне тән себебі, диаспоралардың өзіндік қалыптасу жолы бар. Мемлекеттің ұстанатын ішкі-сыртқы саясатында оның ұлттық құрамының да үлкен маңызы бар. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алған уақытта қазақтардың үлес салмағы елу пайыздың төңірегінде ғана болды. Қазіргі 70 пайыздан асқан межеге дейін де, бұдан кейінгі кезеңде де ұлтаралық қатынас елдегі тұрақтылық пен дамудың ең маңызды факторларының бірі ретінде қала бермек.
Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына орай сонау 1992 жылы ел астанасы Алматыда Қазақстан халқының форумы өткен болатын. Форумда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы идеяны алғаш рет ұсынылған болатын.
Осы идея үш жылдан кейін нақты жүзеге асырылып, 1995 жылы 1 наурыз күні ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған еді. ҚР Конституциясына да енгізілген бұл құрылымның іс-қызметі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 20 қазандағы N 70-IV Заңымен реттелген болатын. Аталған Заңның 1-тарауы, 1-бабының 1-тармағында Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесшілік сипаттағы орган ҚХА-ның құқықтық мәртебесі көрсетілген: «Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – Ассамблея) – заңды тұлға түрінде құрылмайтын, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.»
Аталған заңның 3-бабында Ассамблеяның мақсаты көрініс тапқан: «Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.»
Мінеки биылғы жылы ҚХА-ның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Отыз жылдың ішінде еліміз қандай жолды басып өтті, сын-қатерлі қандай кезеңдер болды дегенге халықтың, жалпы тарихтың өзі куә.
Кешегі қиын-қыстау кезеңдерде басына күн туғанда аталары мен әжелері Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен қазақ жеріне арып-ашып жеткенде паналатып баурына басып, қолындағы бір үзім нанын бөліп берген жергілікті халықтың риясыз қамқорлығын, биік адамгершілік рухын сол адамдардың бүгінгі ұрпағы ұмытпағаны анық. «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді». ҚР тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев Алғыс айту күнінің негізгі мәнісі жайында кезінде осылайша тұжырымдап көрсеткен екен. Қазақстан Республикасындағы Алғыс айту күнінің мән-мағынасы осы күнді атап өте бастағаннан бергі кезеңде біршама өзгеріске түсіп, ауқымы кеңейгенін көреміз. Оның мысалы – Жаратушыға, ата-анаға, жан жарына, туыс-туған, дос-жаранға, әріптес-қызметтестерге, т.б. арнап алғыс айтулардың молынан көрініс тауып жатуы болмақ. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ деп білеміз. Себебі «алғыс алған – арымас, қарғыс алған – жарымас» немесе «қарғыс алма, алғыс ал» дегендей, алғыс ешқашан артық болмайды.
Қазақстанда бірнеше жылдан бері атап өтіліп келе жатқан Алғыс айту күнінің пәлсапалық, идеологиялық мәні жалпы алғанда осы. Бірақ та мемлекет құраушы қазақ ұлты өздерінің кешегі ата-әжелерінің ешкімге міндет қылмай жасап өткен жақсылығының өтеуін күтіп: «Маған осы елде өмір сүріп жатқан қай диаспора өкілі келіп алғыс-ризашылығын білдіреді екен?» - деп те күтіп отырмайтыны белгілі ғой. Расымен де ата-әжелерінің осыдан сексен жыл бұрынғы бастан кешкен азапты жылдарын, көрген қиыншылықтарын естіп өскен бүгінгі ұрпақ сол үшін қазақтарға рақметін жаудырып, алғыс айтып жатса, олардың кісілігінің, ұрпақтық парызын сезінгендігінің белгісі болар. Шындығында алғысты ешкім ешқашан ешкімнен әдейілеп сұрап алмайды. Егер ондай жағдайда бұл – жүректен шыққан шынайы алғыс емес, жасанды жалыныш немесе өзгені алғыс айтуға мәжбүрлеу болып есептелетіні анық. Сондықтан да алғыс білдіру де, алғысты қабылдау да өзінің шынайы қалпымен, адамзат баласына тән өзіндік жөн-жосығымен болуы тиіс.
Қазақтарға алғысын жаудырып, сол кезде осы бір мейірбан халықтың көмегі болмаса үй-үйелменімізбен аштықтан қырылып кеткен болар едік дегенді үнемі айтып, жазып жататын шешен, ингуш, балқар, курд, месхет түрік, поляк т.б. ұлтты адамдардың жүрекжарды сөздерін әлеуметтік желілерден, теледидардан жиі көреміз. Кейінгі жылдары Грузиядан, Армениядан машина айдап әкеліп жүрген қазақтардың жолшыбай Шешенстан жерімен өткенде қарапайым шешен адамдарының оларға деген ықыласы мен ниеті, көмек қолын созуға деген ұмтылысы жайлы да жиі айтылып жүр. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, бұл да болса, қазақ халқының жомарт жүрегінің жылуын ұмытпағандық қой.
Біреуге жақсылық жасауды о дүниеде алдыңнан шығатын сауап ретінде емес, жан баласына деген қамқорлық, әрі мынау дүниеде ұрпағымның немесе ұрпағымның ұрпағының алдынан шықсын дегенді ұстанатын қазақтың парасатты ұстанымының айқын көрінісі де сол халықтардың бүгінгі ұрпағының алыстан-жуықтан айтып, жолдап жататын риясыз көңілден шыққан алғыстары, тілектері. Бұл әлі де талай буын ұрпақтарға жалғаса беретіні күмәнсіз.
Осы ретте айта кетерлігі – алғыс айту дәстүрі әлемнің көптеген елдерінде де бар екендігі. Әр елдегі осындай күндердің шығып қалыптасуының да өзіне тән себептері бар. Қазақстандағы алғыс айту күні – саяси, тарихи факторға негізделген.
Осындай алғыс, ризашылық сипатындағы атаулы күндердің бірі – Америка Құрама Штатында атап өтілетін Ризашылық білдіру күні (Thanksgiving Day) Құрама Штаттарда жыл сайын 24 қарашада кең көлемде атап өтілетін Ризашылық күнінің негізінде мұхит асып жеткен қоныс аударушылардың жергілікті халыққа алғыс айтуы жатыр. Екі ай бойы мұхитта жүзіп жадап-жүдеп жағалауға ағылшындық колонистердің «Мэйфлауэр» кемесі 1620 жылы Америка жағалауына келіп тоқтайды. Плимут колониясын құрып жаңа қонысқа табан тіреген жүз адам үшін мұндағы алғашқы қыстың климаты өте ауырға соғады. Губернатор Уильям Брэдфорд өз қарамағындағы адамдардың рухын көтеру әрі жергілікті халықтың көмегіне сүйену үшін Ризашылық айту күнін ұйымдастырады. Бұл мерекеге британ колонистері мен көрші үндіс тайпалары бірге қатысады. Келімсектерге көмек қолын созған жергілікті үндістер оларды қатал қыстағы аштық пен өлімнен құтқарады.
1789 жылдан бастап АҚШ президенті Джордж Вашингтон мерекені ресми бекітеді. Қарасаңыз, бұл мерекенің де түпкі мағынасы біздегі Алғыс айту күніне ұқсас екен. АҚШ-тан өзге бірнеше мемлекетте де осындай күндер бар. Ерекшелей атап айтқанда 21 қыркүйек – Дүниежүзілік алғыс айту күні екенін де қаперге алып, біле жүргеніміз дұрыс. Дәл осы күні Жер шарында мекендеген барша адамзат баласы осы бір ғаламшарда өмір сүріп жатқан тағдырластар ретінде бір-біріне алғыс білдіріп, шүкіршілік айтуы тиіс.
Қазақстанның өзіндік мән-мағыналы Алғыс айту күні құтты болсын! Қазақ елінің көк аспаны мәңгілік ашық, еліміздің бірлік-берекесі әрдайым бекем болсын!
Алғыс айту күніне орай белгілі қаламгерлеріміздің жолдаған жүрекжарды лебіздерін ұсынып отырмыз.
***
АЛҒЫСТЫ БОЛАЙЫҚ!
Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқы ежелден алғыс алуды, бата алуды өз өмірінің басты мұраты санаған халық, «Алтын алма, алғыс ал» дегенді айтқан халқымыз алғысты бәрінен биік қоя білді. Сондықтан Алғыс айту күні – біздің еліміздің бүгінгі заманның идеологиялық саясатқа айналды.

Әуелде Қазақстанды мекендеп отырған өзге диаспора өкілдері қазақ халқына алғыс айтуы керек деген ниетпен ойластырылған болатын. Қазақ халқы біздің елді мекендеп отырған кез келген диаспора өкілдерінің алғысын алуға әбден лайықты. Қазақстандықтар бір бірімізге алғыс айту арқылы еліміздің бірлігін, өзара сыйластығымызды арттыра түсеріміз бар. Алғыс айту күні құтты болсын! Алғысты болайық!
Жабал Ерғалиев, жазушы, журналист,
қоғам қайраткері, ҚР Сенаты жанындағы
Сенаторлар Кеңесінің мүшесі
«БАБАЛАРЫМ, РАХМЕТ СЕНДЕРГЕ!..»
(Алғыс айту күнгі ойтолғау)
Міне, он жылға тақап қалыпты, жыл сайын 1 наурыз күнін «Алғыс айту күні» деп атап өтіп келе жатыр екенбіз. «Қарғыс емес, алғыс ал» дейді дана қазақ. Ал, арнайы бір күн белгілеп, сол күні еліміздегі барша азаматтар тілі мен діліне, ұлты мен тегіне қарамастан, бір-біріне жылы шырай танытып, алғысын жаудырып, жақсы сөздерін айтып жатқаны қандай ғанибет! «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тағы да қазақ!
Біздің туған топырақта осындай әдемі әдеттің, жақсы ықыластың һәм достыққа шақыратын ізгі ниеттің, қысқасы, кең көңілдің туындап жатуында да белгілі бір заңдылық бар. Ол не?
Жақын күндердің бірінде әлде басылымнан, әлде әлеуметтік желіден мынадай жағымды әрі ой салар деректі оқыдым. Қазіргі қазақ халқы иеленіп отырған жер көлеміне тығызырақ орналастырар болса, барша әлемдегі сегіз миллиардтың айналасындағы халық түгелімен сыйып кетеді екен. Жері кең халықтың көңілі де кең. Содан да болар, арғы жағын айтпағанда, он бірінші ғасырдағы Дешті Қыпшақ мемлекеті (мемлекет болу тарихымызды осы уақыттан бастасақ та болар ма еді) осы сіз бен біз өмір сүріп жатқан топырақта шаңырақ көтеріпті, оның алғашқы ордасы Сығанақ шаһары болыпты.
Осыншама кең де шалқар жерді еркін иеленіп, қызғыштай қорғап, мына біздерге сыйлап кеткені үшін ең алдымен ата-бабаларымызға бас иіп, алғыс айтуымыз керек болар! Ешкімнен тартып алған жоқ, ешкімге қиянат көрсеткен жоқ, емін-еркін қоныстанып, сосын ғасырлар бойы ең қимас қазынасына балап, құшағына қысып ұстап келгені үшін де рахмет деуге тиіспіз.

Осынау кең дала төсінде есімдері ерекше құрметпен аталар Әбу Насыр әл-Фарабидей ғұлама-философ, Ахмет Иасауидей имани ұстаздар туып, білімі мен біліктілігінің арқасында әлемді таң қалдырды. Екі тұлға, екі дарақ! Ұмытайын десең де ұмыта алмайсың, ойламайын десең де ойыңа маза бермес алып шыңдар! Міне, біз, қазіргі ұрпақ, осы екі данагөй тұлғалар алдында иіле тұрып, артында халқы мақтана айтар асыл қазыналар қалдырғаны үшін алғыс айтуымыз парыз.
Фарабидей ғылым мен білімнің алыбы, Иасауидей иман мен тазалықтың дарағы өсіп шыққан елден кешегі Ыбырайдың, Шоқанның, Абайдың шығуы заңдылық еді. Бұлар да біз үшін ақыл мен парасаттың, ізгілік пен мейірімнің қайталанбас тұлғалары болғаны үшін де алғыс сөзімізді арнасақ артық емес. Оларға ілесе тарих сахнасына шыққан Алаш арыстары қалың қазағы үшін һәм ел бірлігі үшін қасық қаны қалғанша еңбек етті, тер төкті, тіпті осы жолда қасық қанын да төкті. Барша Алаш арыстарының әруағы алдында бас иіп, алғыс айтайық, достар!
1941-45 жылдардағы қиын-қыстау күндерде қазақ топырағы тағдыр айдауымен сырттан келген қаншама ұлттар өкілдеріне баспана берді, құшағына қысты, аман қалуына септігін тигізді. Олардың арасында шешендер де, ингуштер де, қарашайлар да, корейлер де, тағы басқа қаншама ұлт адамдары бар еді десейші! Солардың көбісі қазақ жеріне сіңісіп, туған жеріндей бауыр басып, өсіп-өнді. Сол қиын-қыстау заманға тап келген жылаулы ұрпақтың бүгінгі таңда қазақ ұлтына айтар алғысы да, рахметі де шексіз! Оны көріп те, біліп те жүрміз.
Мына бір оқиға есімнен кетпейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Шешен елінің танымал жазушысы, Ресей мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Шешенстан Жазушылар Одағының басшысы болған, көптеген тамаша романдардың авторы Канта Ибрагимов есімді азаматпен таныстым. Мәскеуден кітабым шыққалы жатқанда екі-үш пікір керек болды. Башқұрттың халық жазушысы, жақсы досым Флюр Галимов мен туралы осы Канта – жазушыға айтып, өзі хабарласады депті. Хабарластым. Жылы сөйлесер ме деген күдік те болды кеудемде. Кенет телефонның арғы жағынан «салам, қазақ бауырым» деп жарқырай сөйлеп қоя бергенде төбем көкке бір елі жетпей қалар ма! Жөн сұрастық. Сөйтсем, Канта өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келіпті. Мен көршілес Жаңақорған ауданының тумасымын. Екеуміз аяқ астынан жерлес болып шыға келдік. Сол жазушы Канта Ибрагимов сөз арасында менің халқымның шешендерді жат санамай, жасаған жақсылығы мен берген көмегі туралы һәм бауырмал мінездері жайынан төгіле сөйлеп, алғыс сезімін де бүгіп қалмады. Жазушы досым болашақта қазақ халқы туралы да көркем дүние жазу ойында барын жасырмады.
Міне, отыз төртінші жылға аяқ басты, еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, дамудың жаңа кезеңіне көтеріліп барады. Осынау азғана уақыт ішінде жеткен жетістіктеріміз бен асқан асуларымыз да көзге көрінерліктей. «Тырнақ астынан кір іздей» бермей, бірауық жақсымызды да еске алайық. Кемшілік тек бізде емес, қай елде де бар, алайда өз жері мен халқын құрметтейтін елдер сыртқа жақсысын айтады, жетістігін паш етеді, мақтануға тұратынын тілге тиектейді. Бұл да елдік мінез һәм ақылдылық пен парасаттың бір белгісі болса керек. Негізінде, ұлт пен мемлекет мейлінше бірігіп, бір-біріне кірігіп, жаманымен қосыла күресіп, жақсысын қосыла жария етуге талпынса ғана елдіктің көк туы барынша молынан желбіремек. Қазақ елінде көк тудың желбіреп келе жатқанына отыз төрт жылға аяқ басса, өңірлерімізде тыныштық болып, жас ұрпақ еркін оқып, еркін жүріп һәм еркін ойлауға мүмкіндік алып жатса, онда мұндай мүмкіндікті туғызып отырған қоғамға һәм барша парасатқа иек артқан, елдің жарқын болашағын бірінші кезекке қойған елшіл азаматтарға да алғыс айтсақ артық болар ма? Алғыс айту мерекесі құтты болсын, ағайын! Мен де өз атымнан баршаңыздың алдыңызда басымды иіп, алғыс сезімімді жеткіземін! Аман болыңыздар, достар!
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, жазушы, драматург,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
ТАТУЛЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ
Құрметті отандастар, қадірлі ағайын!
Бүгінгі Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын!
Бұл мереке – көктемнің шуақты алғашқы күнінде өтетін ерекше мейрам, жүректерді жылылыққа бөлеп, адамдарды бір-біріне жақындастыратын аса мәнді күн. Алғыс айту күні Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдеріне ортақ мереке болып саналады. Өйткені бұл күннің түпкі мәні – көпэтносты халқымыздың өткеніне құрметпен қарап, бүгініне ризашылық білдіру, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша жұртымыздың бірлігін атап өту. Біз бұл күні ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ізгі дәстүр – алғыс айтып, ризашылық білдіру арқылы ұлттар достығын нығайтып, ортақ Отанымыз Қазақстанның жарқын болашағын бірге құруға деген бекем ниетімізді көрсетеміз.

Тарихтан тағылым алып, тағдыр тоғыстырған халқымызға алғыс айту – осы мерекенің негізгі өзегі. ХХ ғасырдың қасіретті жылдарында, сталиндік репрессия мен жер аудару кезеңінде Қазақстанға сан түрлі халық өкілдері еріксіз қоныс аударылды. Сол қиын-қыстау заманда кең жүректі қазақ халқы олардың ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бауырындай қабылдап, бөліп-жармай, барын бөлісіп аман алып қалды. Қуғын-сүргінге ұшырап, жат жерге келген жандар қазақ даласынан пана тауып, өсіп-өнді. Қазақстан олар үшін туған еліне айналды. Міне, Алғыс айту күнінің тарихи негізі – осы тар замандағы адамгершілік пен мейірімге, бірлік пен достыққа негізделген оқиғаларда жатыр. Бұл күні түрлі этнос өкілдері қазақ халқына қиын күндерде көрсеткен қамқорлығы үшін жүрекжарды алғысын білдіреді. Сонымен бірге, қазақ елі де тағдыр сынын бірге көтерісіп, ел дамуына үлес қосқан өзге ұлт ағайындарына ризашылығын көрсетеді. Сөйтіп өткеннің тағылымын ұмытпай, тарихқа тағзым ету – Алғыс айту күнінің маңызды шарттарының бірі. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, кеңпейіл қазақ халқы сол бір ауыр жылдары жер аударылып келген 1 миллионнан астам адамның өміріне араша түсіп, құшағын ашты. Бүгінде сол адамдардың ұрпақтары өсіп-өніп, Қазақ жерін өз Отаны санап, қоғамның сан-саласында еңбек етіп жүр. Елбасымыздың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы да дәл осы бірлік пен татулықты көздейді. 1 наурыздың Алғыс айту күні ретінде таңдалуының өзі символикалық мәнге ие – осы күнгі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келуі бекер емес. Бұл барша ұлт өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін, тарихи жадымызды жаңғыртып, қазіргі ынтымағымызды мәңгілік ететін мереке. Жыл сайын Алғыс айту күні әр өңірде түрлі іс-шаралар өтуде: ел азаматтары бір-біріне игі тілектер айтып, жақсылық жасауға ұмтылады, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетіледі. Отбасылар да осы күні дастарқан басында бас қосып, ата-анаға, туған-туысқа деген ризашылықтарын білдіріп, үлкендер ақ батасын береді. Осылайша Алғыс айту күні ізгі істер мен игі ниеттердің мерекесіне айналып отыр – ол қазақстандық патриотизмнің, этносаралық татулық пен өзара құрметтің жарқын көрінісі. Алғыс айту күні қазіргі қоғамда аса маңызды рухани рөл атқарады. Бұл мейрам бізді бір сәт күнделікті күйбең тіршіліктен алыстатып, айналамызға назар аударуға шақырады. Жан-жағымыздағы жақындарымызға – ата-ана, ата-әже, бауырларымызға, достарымызға, көршілеріміз бен әріптестерімізге алғыс айтып, олардың қадірін білуге үндейді. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдерімен арадағы достық пен сенімді нығайтуға себеп болады. Алғыс айту – тек ризашылық білдіру ғана емес, жүректерді жақындататын үлкен күш. Біреуіңе біреу қол ұшын созса, оны міндетті санамай, шын көңілмен алғыс айту – халқымыздың болмысына тән асыл қасиет. Қазақтың «Алтын алма, алғыс ал» деген мақалы тегін айтылмаған: адамның алғысына бөлену, біреудің ықыласына ие болу – алтыннан да бағалы байлық. Демек, алғыс айту арқылы біз бір-бірімізге рухани қуат сыйлаймыз, өмірдің мәнін терең түсіне түсеміз. Неліктен Алғыс айту күні қажет? Өйткені алғыс айту – қоғамды мейірімділікке тәрбиелейтін, адамдар арасындағы түсіністік көпірін нығайтатын қозғаушы күш. Бұл күннің әрбір сәті бізге ортақ тарихымыздың мәнін ұқтырып, көпұлтты еліміздің татулығы қандай қымбат екендігін еске салады. Айналамызға ризашылықпен қарау, өткенге құрмет, бүгінге шүкіршілік ету – болашаққа сеніммен қадам басудың берік негізі. Қазіргі жаһандану заманында, түрлі сын-қатерлер кезінде, бірлігімізді бекем ұстап, бір-бірімізге деген жанашырлық пен құрметті сақтай білсек қана, еліміз өсіп-өркендей береді. Алғыс айту күні жыл сайын осы құндылықтарды жаңғыртып, жүректерге жылу себетін мейрамға айналды. Бұл мейрамның әр отбасыға, әр адамның жүрегіне қуаныш сыйлайтын ерекше қуатты бар: алғыс айтылған жерде ренішсіз сыйластық орнап, ізгілік пен өзара сенім беки түседі. Қадірменді ағайын! Көпұлтты халқымыздың татулығы мен ынтымағы – біздің басты байлығымыз. Осынау жарқын мереке күні баршаңыздың жүрегіңізге шуақ ұялап, көңілдеріңізге мейірім толсын. Қазақстанды ортақ үйіміз деп білетін барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне бейбіт өмір, береке-бірлік тілеймін. Алғыс айту күні құтты болсын! Әр күндеріңіз алғыс пен қуанышқа толы болып, достық пен өзара сыйластық мәңгі жасай берсін!
Сәуле Досжан,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
және Mecenat.kz әдеби сыйлығының иегері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.