Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Аида Балаева жас ақын-жазушыларға Президенттік арн...

25.02.2025 2868

Аида Балаева жас ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты табыстады 14+

Аида Балаева жас ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты табыстады - adebiportal.kz

Бүгін, 25 ақпан күні ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасымен жарық көрген 20 жас қаламгер кітаптарының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері және министрлік жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері қатысты.

«Жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 2023 жылы Президент Жарлығымен тағайындалып, отандық әдебиет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл – Мемлекет басшысының мәдениет саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған бастамаларының бірі. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу. Мемлекет басшысының мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше мән беруі – оның ұстанып отырған реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы. Өйткені мәдениетті, әдебиетті дамыту – жас ұрпақтың жан-жақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ал рухани тұрғыдан кемелденген, білімді, еңбексүйгіш әрі патриот азаматтардан құралған қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдік құрады, адамдар өз әрекеттері үшін жауапкершілік алады, дәстүрге құрметпен қарап, ұлттың негізгі құндылықтарын ардақтайды», – деді Аида Балаева.

Министр халқымыздың негізгі құндылықтарын насихаттау – әдебиет қайраткерлеріне жүктелер ауыр әрі мәртебелі міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ақын-жазушылар қоғамның моральдық бағыт-бағдарын айқындайтын рухани көшбасшылар екеніне тоқталды.

«Сіздер өз замандарыңыздың бейнесін жаңаша жазып, жаңа көзқарас қалыптастыруға тиіссіздер. Ұлы қаламгерлердің жолын жалғастырып қана қоймай, әдебиетті жаңа белеске көтеру – сіздердің қолдарыңызда. 20 ғасырдағы әдебиет адамның жан әлемін тереңнен суреттесе, 21 ғасырдың қаламгерлері жаңа технологиялар дәуіріндегі адам тағдыры, жаһандану мен ұлттық болмыс, жеке тұлғаның күресі секілді тақырыптарға қалам тербеуі керек», – деді Аида Балаева.

Басқосуда бүгінгі әдеби тенденциялар мен өзекті мәселелер талқыланып, түрлі ұсыныс-пікірлер көтерілді.

Қазақстандық жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы «Проза» номинациясы бойынша «2026» шығармасы үшін Есбол Социалханға, «Поэзия» номинациясы бойынша «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы үшін Жәнібек Бақытұлы Әлимановқа, «Драматургия» номинациясы бойынша «Апатай» драмалық туындысы үшін Әлишер Жеңісұлы Айтуарға, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Рокет Ера» повесі үшін Әсет Жүкенұлы Сыздықовқа берілді.

Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер бұрын халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындыларымен қатысты.

Айта кетсек, жас қаламгерлер шығармашылығын қолдау үнемі назарда. Өткен жылы Президенттің Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Соған орай «Ұлттық кітап» байқауы жарияланды.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптeстік орнату бойынша 3 жаңа жоба жүзге асырған болатын.

Атап айтқанда, жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде еліміздің әр қиырын аралап, жаңа шығармалар жазды. Жоба нәтижесінде жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне 20 жаңа туынды қосылып, әр жас қаламгерге 4 млн. теңге көлемінде қаламақы тағайындалды.

Бұдан бөлек, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Осы орайда, еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсатында «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы өткізіледі.

Сонымен қатар, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жалғасын тауып келеді. Былтыр Ұлттық сыйлыққа 7 номинация бойынша бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған 176 туындының құжаты қабылданды.

 ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар