Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Максималар мен қоғамдық ойлар......

25.02.2025 926

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Қазақтың «Үй, ұят болады...» ұғымының құдіреті  Құранның 114 сүресінен де биік.

 

***

 

Софистика... Әсіресе әдебиеттегі әдепсіздік. 

Қағаз қардай аппақ еді. Енді мұның да бетіне  арсыздық  айласын жұқтырып, ақыры кірлетіп тындық…

 

***

 

Олжас Сүлейменов: «Қазіргі дағдарыс оқырманды көрермен мен тыңдарманға айналдырып жатыр. Жазу пайда болғанға дейін тас ғасырында да дәл осылай еді. Алғашқы әріп таңбаларын тасқа қашап, үстіне тері киген арғы бабаларымыздың алдында даму келешегі тұрған болса, ал қазіргі жетілген өркениет құлдырау мен мәдени азып-тозудың алдында тұр», –  дейді. Енді Эйнштейннің  не дегенін білесіздер ме? 

«Мен үшінші дүниежүзілік соғыста қандай қару қолданатынын  білмеймін, бірақ Төртіншісінде ағаштар мен тастардың болатыны айдан анық», – депті.

Байқаймын, екеуі де тегін кісілер емес. Мұны жай ғана юмор мен пессимистік көңіл күй деп еш есептемес едім. Әгәрәки, өркениет былай құлдырайын десе, шынымен-ақ шошиын дедім.

 

***

 

Әдебиетке әскери тәртіп пен коменданттық сағат енген күні жер үстінде ақырзаман  басталады.

 

***

 

«Құдай өлді» (Фридрих Ницше).

Тың көзқарас, жаңа таным. 

Енді жақша сыртында қалған Жаратушыны Джон Кейджидің "4'33"  (төрт минут, отыз үш секундтан) тұратын  дыбыссыз музыкалық пьесасы мен Казимир Малевичтің «Қара шаршы» туындысының мәнінен қарастырған дұрыс.

 

***

 

Шектік немесе бастапқы нүкте…

Бәлкім, біздің пешене деп жүргеніміз –  хромосомадағы «уақыт» болар...

 

***

 

Постмодернизм – бүкіл өнер саласына көп өзгеріс әкелгенімен, дін мен оның «сүйікті»  қызметкерлеріне оң әсер еткені жайында еш жерден естіген емеспін.

Құдайшылығын айтыңызшы, «постмодернистік дін», «модернистік молда» дегенді  көрген, білгендеріңіз бар ма еді осы?

 

***

 

Тексіз адам (симулякр) түпнұсқасы жоқ жазба секілді.

 

***

 

Ақан Сері мен Шәмші Қалдаяқов  әндеріндегі әуеннің өз болмысың мен төл танымың екендігін түсінесің. Бәрі де тағдырының кермегін ғазиз жүрегінен өткізген аяулы дыбыстар. 

«Қайғысыздың бәрі асау» дейді жарықтық Абай. Дүниеде мұңсыз адам өнер атаулыдан (алпыс шақырым) алыс жүрсе екен деймін. Қолдан құрастырылған, жемге бордақылаған жылқыдай жүні жылтыраған тоқ дыбысты естігенде қарадай зығырданым қайнайды. 

Қазір қан соратын масадай ызыңдаған, қаулаған, қалың дауыс...

Қайғысыз кеудеден шыққан қай жасанды пафос қан жүрегіңді қозғаушы еді?!

 

 

***

 

Шын өнердің ғұмыры өмірдің өзінен де ұзақ…

 

***

 

«Білімді ақпараттандыру білімнің шыншылдық табиғатын жояды. Бұл өз кезегінде зілмауыр зардаптар алып келеді», – дейді француз ойшылы Жан-Франсуа Лиотар. Адамзат баласы неге осы алданып қалуға оң иығын беріп тұрады екен? Бұл жерде Лиотардың сөзімен толыққанды келісуге болады. 

Мен кешегі әм бүгінгі білім беру табиғатын «ақпараттық алхимияға» балаған болар едім. Қайыра айтайын, «ақпараттық алхимияға» жатқызар едім. 

Бұл жағынан келсек, біздің бәріміздің жанымыз дуаланып, жанарымыз байланып қалған. Енді жүз бақсы жынын өргізіп, жерұшық жасаса да бұл дуамыздың бетін еш қайтара алмас...

 

***

 

Адамзат баласы үшін қан мен топырақтың қадірі бірдей...

 

***

 

Популизм мен жарнаманың табиғаты – «Қарақұрдымға» пар. 

Осы жағынан келсек, «Жарнамадан, ең әуелі, ақшаны, содан кейін секс пен билікті қоса сылып тастасаңыз, сонда дәнеңе де қалмайды» деген Дэвид Харвидың сөзі отырған орынымыздан тұрып, зор құрмет көрсетуге әбден лайық.

 

***

 

Сүйген адамыңның көлеңесі де сұлу...

 

***

 

Адам бір ғұмырын (онсыз да диктатор)  Құдайды дәріптеуге емес, бір басын құлдық құрсауынан құтқарып, санасын азат етуге неге арнамайды екен? 

 

***

 

Біздің осы  өткен өмір жайында  өзеуреп айта беретініміз  тарихи түсінікті  қайыра зерделеуден  гөрі шизофрениялық  ауытқуға көбірек келіңкірейді.

 

***

 

Ажал  ағзамызға түбі бір қоңырау шалады...

 

***

 

Ұлы сәулетшілер (архитекторлар)  зәулім ғимараттарды сана еркіндігінің  негізгі нышаны ретінде қарастырады. Сонда хрущевтік тар әрі тапал үйлерге не деп философиялық баға беруге болады. 

Тұрғын үй – әлемді қабылдау мен бағамдаудың алғашқы әліппесі.  Үйдің биіктігі мен аумағы көзқарастың да көлемін анықтайды. 

Хрущевтік кеңістік пен таным... Аясы тарылған түсінік пен талғам… Онда өскен адам көзқарасының өркениетке қоспақ үлесі қандай?

Сөз жоқ, кешегі (самсай салынған) кеңестік жатақхананалар – жатақтар санасының ойлау формасы-тұғын.  Жатақтар санасы... 

Біз әлемге әлі күнге дейін осы форманың оптикасымен қарап отырған секілдіміз.

***

 

Анри Лефеврдің «Кеңістікті өндіру» деген еңбегін зерделей отырып, уақыт пен кеңістік ұғымдарының  адам болмысынан тысқары емес екендігін ептеп түсінгендей болдым. Асылық айтты демессіз, уақытты адам жасайды. Осылайша адам болмысы уақытқа мән мен мағына дарытады. Мұнсыз уақыттың да еш мағынасы жоқ.

Араб ойшылы Әл-Кинди уақыт жайында: «Уақыт сандық өлшем болғандықтан, оның бастауының бар екенін ескерсек, уақыттың соңы болуы да еш мүмкін емес. Мен бұл жерде дененің кеңеюін тек қозғалыс арқылы ғана өлшенетінін айтып тұрмын. Егер қозғалыс бар болса, уақыт бар, егер қозғалыс жоқ болса, онда уақыт та жоқ», –  дейді.  

Осы жерде Әл-Киндидің көтеріп отырған «қозғалыс» ұғымы адам ақыл-ойының интеллектуалдық әлеуетіне саяды.

«Уақыттың бар болуын» ақыл ойдың жоғарылауымен, ал «жоқ болуын»   құлдырауымен де түсіндіруге келеді.

 

***

 

Кез келген елдің көтерген идеологиялық ұранына емес, сол ұранды не үшін айтып отырғаны жайлы логикалық  пәлсапасына үңілген абзал. Бұл көбіне «Көкек өз атын өзі шақырады» лепесіне барынша ұқсайды. 

Сол кезде әділетсіз қоғам әділет, мәдениетсіз қоғам мәдениет жайында айтып өзі түсінбейтін бір мағынасыздыққа ұшырайды. 

Қайыра айтайын, кез келген биліктің көтерген қызылды-жасылды ұрандарына емес, логикалық астарына үңілсеңіз, бәрінің де керісінше екендігіне көзіңіз жетеді.

Ендеше, керісінше істеудің кешегі мезетінен бір ғана мысал келтіре кетейін.

Шын мәнінде, Ресей гитлерлік фашизмді түбірімен жоюға емес, оны өз топырағында гүлдендіруге зор еңбек сіңірді емес пе?

Мұны сөз бен істің қайшылығы емес деп, кәнекей, кімнің жүрегі дауалап дау сайлар алар екен?..

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар