Жазушы Мақсат Мәлік шығармашылығы туралы Әуезхан Қодар: «Шынында да Мақсаттың әңгімелері онша көлемді емес, үш-төрт, төрт-бес-ақ бет, бірақ осы шағын көлемде көптеген мәселер қойылып, кейбірі тіпті шешімін тауып немесе мәңгі шешімсіз қала береді екен. Сөйтіп, менің, Мақсат Мәліковтің жас болса да, сауатты, әлемдік мәдениеттің мистикалық, утопиялық, қорқыныш, үрей тудыратын формаларына еркін бойлағанына көзім жетті. Әрине, қазақ әдебиеті үшін бұл әлде де тың ізденіс. Бұл тұрғыда мен тек Төлен Әбдіковтың «Оң қол» әңгімесін және орыстілді жазушы Шоқан Әлімбаевтың данышпандық мәселелеріне арнаған романдарын атай аламын. Сондықтан Мақсат Мәліковтің рухани тамырларын қазақ әдебиетінен емес, әлемдік әдебиеттен іздегеніміз жөн. Бұл тұрғыда бірден көзге ұратыны жас жазушының Өлім және Зұлымдық тақырыбына жақындығы», - депті. Ал ақын Ақберен Елгезек «Мақсат Мәлік – жаңа ғасыр басында бізбен бірге әдебиеттің киелі табалдырығынан сенімді аттаған дарынды жазушы. Аз жазса да саз жазатын, мистика мен психологизмдерді қатар өре алатын, әріп арқылы емес, сөйлемдер арасында жасырулы алуан түрлі ойлар мен тұспалдарды түйсігіңе жеткізе білетін, заманауи прозаның қыр-сырын жетік меңгерген талғампаз қаламгер. Мақсаттың шығармашылығы көп оқырманға таныс болмаған шығар, бірақ таптаурын емес, өзге прозаны іздеуші, ерекше стильді жақсы көретін адамға таптырмайтын қазына», - дейді.
Бүгінгі қазақ қоғамының тынысын, мінезі мен психологиясын жазушы Мақсат Мәлік әңгімелерінен көреміз. Кейіпкерлердің болмысы мен әрекеттерінен, шығармаларының композициялық құрылымынан мистикалық атмосфера байқалады. Қаламгер «Қоғам қайда бара жатыр?» деген сауалға жауап іздейтіндей. Оның жауабын өз туындыларында астарлап жеткізіп және ол сұраққа оқырманды да бірге ойлануға шақыратындай.
Адамның жан әлемі әуелден тылсым сырларды білуге құмар. Көне заманнан бізге жеткен фольклорлық шығармаларда да бүгінгі адам баласының ақылы қорыта бермейтін құпияларға кезігесіз. Аңыз-әпсаналардың дені қазақтың басынан небір заман өткенін әңгімелейді. Аңыз қайдан туады? Бір ұстазымыз «аң+із» – түркі тілдерінен аударғанда «сананың ізі», яғни ол өмірде болған дүниені жеткізуші деген сыңайдағы сөз айтқан еді. Бәлкім, рас та шығар. Күмән болмаса біз алға жылжымаушы едік қой.
Мақсат Мәлік әңгімелері аңызға құрылмағанымен, аңызға бергісіз автор қиялының жемісі іспетті. Қоғам шындығын қаламгер қызықты оқиғалар арқылы суреттейді. Бұл жазбамызда жазушының үш әңгімесін қал-қадерімізше талдап көруге бекіндік.
***
Тақырыбы тосын «Бассыз бөрі» әңгімесі – шағын ғана туынды. Автор қысқа шығармада қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қозғайды. Бассыз бөріні әркім әрқалай елестетеді. Біздіңше, ол өз болмысынан айырылып қалған қазақ ұлты. Бассыз бөрі бұрынғыдай еркін далада ұлығысы келгенімен, ұли алмайды. Себебі басын жоғалтқан. Басын қайда қалдырғанын өзі де білмейді. Оны жоғалтқанын кеш түсінеді. Түсінгеннен кейін Тәңірмен тілдеседі. Адамша сөйлеуді шығарады.
«Көк бөрі: «Менің басым кімге керек болды екен?» - деп ойланып келеді. Бір қызығы өз табиғатына тән құбылыспен ұли алмаса да, адам секілді сөйлейтінді шығарды. Мұндай дауысты талай артынан қуған аңшылардан естігені бар. Оны ұли алмай ышқынып, өз ішінен ащы өксікпен «Ей, Тәңірім...» деп сыртқа шығарғанда байқады. Көк бөрінің ең алғашқы сөзі «Ей, Тәңірім» деп басталды. Осы бір дауыс даланы жаңғырықтыра жөнелген. Әуелі адамдар келіп қалған екен деп үрке түсіп, қашпаққа ұмтылған. Қателесіпті, ол – өзі екен».
Көк бөрінің трагедиясы – басын жоғалтқаннан соң, тілін ұмытуында. Енді ол өз табиғатымен ұли алмайды, дұшпанның, ата жауының тілінде сөйлейді. Бір қызығы қалайша адам тілінде сөлей бастағанын өзі де білмейді. Бәлкім, басын жоғалтарда соңғы естігені де адамдар сөзі болған соң шығар...
Бассыз бөрі – қазақтың бүгінгі бейнесі. Намысқой болғанымен, дәрменсіз. Тілінен де, басынан да айырылғанын кеш түсініп, оянғысы келеді. Әйтсе де, ол мақсатына қандай жолмен барарын білмейді. Шарасыздықтан шыққан алғашқы сөзі – «Ей, Тәңірім». Көк бөрі көк Тәңірден медет күтеді.
«Қайта-қайта ышқынған дауысқа салды: «Ей, Тә-ңі-і-і-рі-ім...» Айқайға басты. «Ей, Тә-ңі-і-і-рі-ім...» Алыстан «Несіне айқайлап, даланы басыңа көтересің», - деген ашулы жауап жетті. Кілт тоқтай қалды. Жауаптың қай жақтан естілгенін аңғармады. Тағы да айқайлауға оқталғанымен, «Осы да жетер, одан да не бұйымтайың бар, айта бер. Менің атымды атап несіне шақырдың» деген дауыс естілді. Жан-жағына алақтай қараған бассыз бөрі, еш нәрсені байқай алмады.
– Бекерге әуре боласың, мені ешқашан көре алмайсың. Мен сенің Тәңіріңмін.
– Оған мен құштар емеспін де. Менің басым қайда?».
Көк бөрі жоғалтқан басын Тәңірден сұрайды. Тәңір оның мұңын көріп, тілдескенімен, бірақ басын қайтарып бермейді. Себебі бәрі кеш. Шығарманы оқып отырып, кей сұрақтың жауабын оқырман өзі іздеуі керек екенін түсінесіз. «Бұрын-соңды адамдардың тұзағына түсіп көрмеген бөрінің басын олар қалай алды?» деген ой сізді де мазалауы мүмкін.
– Түк түсінсем бұйырмасын, мен ешқашан адамдардың тұзағына түсіп көргенім жоқ.
– Оның рас, дегенмен сенің басың солардың қолында.
– Олар менің теріме ғана қызығушы еді ғой. Басым не үшін қажет болды екен?...
Көк бөрі ойланып қалды. Басын жоқтап жылағысы келді. Бөрілігін танытып, сыр бермеді.
– Кім біледі, өзгелердің алқымынан алу үшін шығар. Олар мені де ұмытып кеткелі қашан...
Бұл – Тәңірдің сөзі. Өн бойы өкініштің табымен өрілген».
Көк бөріге Тәңір адамдардың басын ұсынады, бірақ намысқой бөрі оны қабылдамайды. «Маған тек ұлитын бас керек» дейді.
«Көк бөрі не істерін білмеді. «Тәңірдің қолынан бәрі де келді» деген ойдың шындығына жете алмағандай. Осы кезде Тәңір сөйледі:
– Енді басыңды іздеуің бекершілік. Менің ұсынысымды қабыл алмадың. Енді сенің бассыз ғұмырың басталады.
Көк бөрінің денесі дір етті. Желкесін күжірейтіп, әлдекімге айбат шеккісі келді. Қорыққаннан... Иә, үлкен үңгірдің ішінде алғаш көзін тырнап ашқаннан бері ғұмырында алғаш рет қорықты. Бассыз ғұмырынан».
Тәңір сөзі мен көк бөрінің қорқынышы – шынында да адам денесін тітіркендіреді. Бассыз өмір сүру де мүмкін екен. Бірақ бассыз екеніңді түсініп үлгергенше – бәрі кеш болмаса. Онда «Бассыз бөрі» секілі не өз үйіріңе, не өзгелер арасына бара алмай, қорлықпен күн кешетіндейсің.
***
«Ағаш адам» әңгімесін оқып болған соң, мистикалық кино көріп шыққандай әсерде боласыз. Түсініксіз, беймәлім сырларға аңсарыңыз ауып, өз санаңызда соның жауабын іздей бастайсыз. Жазушы бұл әңгімесінді бір кездері Алматыда пайда болған алып тиін мүсінінен бастап, экологиялық мәселелерді қозғайды. Жасыл ағаш – оттегі, адам ағашсыз өмір сүре алмайды. Бірақ оны мойындағысы келмейтіндей. Олар ағашты кесіп, мүсін жасайды. От жағып, отын қылады. Бір сөзбен айтқанда, аяусыз пайдаланады. «Мені кеспе» деп айтатын ағаштың тілі болмаған соң, қалағанынша зұлымдық істейді. «Ағаш адам» әңгімесі осындай қарапайым шындықты түсіндіруге тырысатындай.
«Сәл шыда… сабыр ет…», - деп өз-өзін жұбатты да, қашау мен балғаны алма кезек ауыстырып, қимылын үдете түсті. Тық-тық… дың-дың… Етінен ет кесіп жатқандай қатты ауырсынды. Тоқтамады. Сәл кідірсе, бойын үрей билей жөнеледі. Неден? Кімнен? Әйтеуір тұңғыш мәрте өзінің қатты қорыққанын есіне түсірді. Қашан еді?.. Бір жыл, екі жыл… мүмкін арада үш-төрт жыл өтті ме екен?.. Ол жайқалып өскен ағаш болатын. Иә, осы қаланың көрікті ауданы Көктөбе жақта тамыр жайған. Еңселі үйдің иесі күн ыстықта сая болатын ағашқа ерекше құрметпен қарайтын. Тек ол терек пе, қара ағаш па, әлде емен бе, оған бас ауыртқан емес. Бәрі-бәрі жайқалған ағаштың өзіне аян. Күндердің күнінде үй иесі қызметкерлеріне ағашты кесіп тастауға бұйрық берді. Иә, ең алғаш сол кезде қатты қорқып, бойын үрей билеген еді».
Әңгімені оқи отырып, өзінің мүсінін өзі қашап жатқан ағаш бейнесін көз алдыңызға елестетесіз. Амалсыздан осы әрекетке барады. Себебі оны адамдар осындай күйге салған. Оның да жаны бар екенін олар елемейді. «Ағаш адам» әңгімесі автордың табиғатқа деген жанашырлығын көрсетеді. Жайқалып өсіп тұрған ағаш адамдар қолымен шабылып, жаңқаға айналады. Әңгіме соңында өз болмысынан айырылған ағаш та бассыз бөрі секілді әуелгі кейпін іздеп, жоғалып кеткендей көрінеді.
«Екі қалақтан астам ағаш жаңқасын жылжымалы қоқыс жәшігіне салып алған көше сыпырушысы бұрқылдай сөйлеп әрі жөнелді. Бір кезде кілт тоқтап, басын кері бұрды. Жаңа сөйлеп жүріп байқамапты, мүсін орнында жоқ екен. Тек, қашау мен балға ғана жатыр».
***
«Зұлымдық портреті» – адам психологиясының әлі толық зерттелмегенінен сыр шертетіндей. Басты кейіпкер өмірде жолы болмаған адам. Қаланың шет жағындағы үйінде жалғыз ғұмыр кешетін оның «бір бөлмесі ас үй, екінші бөлмесі тау-тау болып үйілген кітаптар» екеніне қарап, кейіпкердің көп оқитынын пайымдайсыз. Оның өмірге деген өз түсінігі бар. Ең жақсы көретін сөзі – зұлымдық. Ең жақсы көрген адамы – әлемдегі зұлымдардың зұлымы болған Гитлер. Бас кейіпкер суретшіге дәл осы зұлымның портретін салғызып, төріне іліп қояды. Соңында сол портретті құшақтап, өз үйінде өзін өртеп жібереді. Автор қоғамда осындай да адамдар барын жеткізеді. Шаһардың шетінде өмір сүріп, тіршілік етіп жатқан ол адамның әлемге деген өз көзқарасы бар. Ол пайымын досымен болған диалогтан білеміз:
«Досы да қарап қалмады, ашулана түсті.
– Енді маған бәрібір. Бұл айна-қатесіз — «Зұлымдық портреті». Сен оны төріңе іліп әспеттейсің.
– Ал мен зұлымдықты құрметтеймін.
– Алла сақтасын, не деп тұрсың?
– Менің айтарым осы.
– Қырсықпашы, Гитлердің зұлым, қанқұйлы болғанын, миллиондаған адамдардың қанын мойнына жүктегенін айдай әлем біледі ғой. Керек десең сенің әкең де сол соғыста мерт болды емес пе? Мұны қалай түсінбейсің.
– Әке дейсің бе, – қарқылдап күліп жіберді, – енді мен баяғыда қурап қалған әкемнің сүйегін жоқтай алмаймын. Менің әкем тек отан алдындағы парызы жолында шейіт болды».
Кейіпкердің соңғы сөзі – өз түсінігінің дұрыстығына кәміл сеніп, еті өліп кеткен адамның қорқынышты ойын көрсетеді. Әкесінің өзі ол үшін қасиетті құндылық бола алмайды. Оның ойындағы идеал – Гитлер. Ең үлкен құндылық – зұлымдық. Өзінің ойы дұрыс екеніне күмәнданбайды да:
«– Тарихты жасайтын зұлымдық. Егер зұлымдық болмаса тарих бір ізбен ғана аяңдап, сүреңсіз болар еді. Егер жер бетінде зұлымдық болмаса әлдеқашан ақыр заман орнап қояр еді. Ақыл мен ойдың небір дүмпулері зұлымдық әсерінен кейінге шегеріле береді. Егер оның дегендері өз уақытында орындалса, адамзат ақырзаманға қарай адымдап емес, жүгіре түскен болар еді».
Қоғамда осындай адамдар қалай пайда болады екен? Олар неден бұндай ойға келеді? Неге тарихтан сабақ алғысы келмейді? Көрініп тұрған нәрсені неліктен көрмейді? Бәлкім, көрінбейтін дүниелерді көреміз деп ойлайтын шығар?.. Не болса да, бұндағы бас кейіпкер оқырманды ұзақ ойға жетелейтіндей.
Жазушы Мақсат Мәлік әңгімелері адамдарды ойлануға, өз-өзіне есеп беруге үндейді. Жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық тең емес. Автор туындыларында көп сұрақтың жауабын оқырманның өзіне қалдырғандай.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.