Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мақтымқұлы - күллі түркіге ортақ тұлға...

26.06.2024 288

Мақтымқұлы - күллі түркіге ортақ тұлға 12+

Мақтымқұлы - күллі түркіге ортақ тұлға - adebiportal.kz

Кеше 25 маусым Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада түркімен жұртының Абайы саналатын, түркімен халқының рухани ұстазы, ақын, философ, түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұлы Фрағидің 300 жылдық мерейтойына байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жаңа аударма кітабының тұсау кесері өтті.

Мақтымқұлы 1724 жылы қазіргі Иранның Гүлстан провинциясындағы Гонбаде Қабус қаласына жақын орналасқан Қажыгушан (Hajygowşan) ауылында дүниеге келген. Әкесі Дәулетмамбет Азади де өз дәуірінің айтулы ақындарының бірі болған. Мақтымқұлының ақындық жолға түсуіне әкесі көп үлгі болса керек. Бұл туралы ол: «Ғылым үйреткен ұстаз – әулие» деп жазады. Одан сырт шешесінің, ауылдың қарияларының аузынан көптеген халық аңыз-әңгімелерін, өлең-жырларын, ертегі-әңгімелерін тыңдап өскен. Мақтымқұлы әкесі Дәулетмамбет Азади жазған шығармалардың көбін жатқа білген. Ол алғашында ауыл медресесінде оқыды. Алғашқы ұстазы Нияз-Салих болды.

Мақтымқұлының дарынын, оқуға деген құштарлығын сезген әкесі оның ғұлама болып қалыптасуына жол ашады. 18 ғасырда ол аймақтарда сапалы медреселер болмаған болса керек. Сондықтан Дәулетмамбет баласын Халаждың Ғызылаяқ (Halajyň Gyzylaýak) ауылында тұратын сол кездегі мықты оқу орыны саналатын Ыдырыс Бабаның медресесіне оқуға жібереді. Мақтымқұлы біраз уақыт осы медреседе оқыған. Одан кейін Бұхараға барып, сол жерде Көкілташ медресесінде екі жыл оқиды. Шахир медресесінде сабақ беретін түрікмен азаматы Нұр Казім ибн Бахрмен де кездесіп, достасады. Бірақ медреседегі шәкірттердің тәртіпсіздігі Мақтымқұлының бұл медреседен кетуіне себеп болады.

turkmenportal.com 

Мақтымқұлы толық білімді Хиуадағы «Сырғазы» медресесінде алады. «Сырғазы» медресесінде оқыған 3 жылда медреседегі дәрістерден тыс шығыстың көрнекті ақындары: Низами, Насими, Физули, Науаи сынды т.б шайырлардың шығармасымен танысады. Ол сол шақта медресе шәкірттерінің арасында атын шығарып, дарынды шәкірттер қатарына қосылды. 

Осылайша Мақтымқұлы түрікмен, парсы, араб тілдерін меңгеріп, сауатын ашты. Кейбір деректерге қарағанда ол ақындығы, қайраткерлігінен тыс зергерлік бұйымдар сияқты ата кәсіпті де шебер меңгергенін, күміс пен алтыннан түрлі бұйымдар жасағаны туралы айтылады.

Ақынның жеке өмірі туралы көп мәліметтер кездесе бермейді, тек ерте қайтыс болған ұлдарына арнап «Іздеуге бола ма», «Мүбтела қылда» деген шығармаларын жазғаны туралы деректер бар.

«Мақтымның құлы» деген мағынаны білдіретін Мақтымқұлының есімі түркімен қауымындағы қастерлі есімдерінің бір егейіне айналады. Ақын өзінің әдеби шығармаларында өз есімінен басқа «Фрағи» (пырағы) деген ерекше қалам атын иеленеді.

Мақтымқұлы оқыған Көкілташ медресесі, Бұхара (қазіргі Өзбекстан )

Мақтымқұлы көзі тірісінде білімінің өрісін кеңейту үшін көп елге саяхат жасаған. Ол саяхат жасаған елдердің қатарында қазіргі Әзірбайжан, Үндістан, Иран және Өзбекстан мемлекеттері болды.

Өз елінің Иран шахы  мен Хиуа хандарының отарлық езгісінде қалғанын анық сезінген ақын, түркімен ұлтының азаттығы мен бостандығы жолында көптеген толғаулар мен жырлар жазады. Ұлтының ертеңі үшін алаң болған ақын философиялық астары терең, ұрпаққа берер тәрбиелік мән-мағынасы мол мұра қалдырады. Мысалы, «Боларсың», «Мақтымқұлдың термесі», «Күндерім» сынды термелері қазақтың дәстүрлі ән орындаушыларының да ән қоржынын толтырғаны белгілі. 

Мақтымқұлы Фрағидің мерейтойы 2024–2025 жылдарда ЮНЕСКО-ауқымында атап өту үшін атаулы күндер тізіміне енгізілді, сондай-ақ Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) 2024 жылды Мақтымқұлы Фрағи жылы деп жариялады.

Мақтымқұлы бейнеленген Түркіменстанның 10 манат банкнотасы (2009)

Соңғы жылдары ұлы гуманист ақын Мақтымқұлының өлеңдер жинағы әлемнің көптеген тілдеріне, соның ішінде түрік, орыс, ағылшын, әзірбайжан, араб, армян, беларусь, қазақ, өзбек, тәжік, грузин, украин, қытай, жапон, румын және басқа тілдерге аударылды. 

Тарихи даму процесінде түрікмендер мен қазақтардың мәдени-рухани өмірі әрқашан бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақстанның батыс облыстарының, әсіресе Маңғыстау мен Атырау, сондай-ақ Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңірінің тұрғындары ұлы ақын және ойшыл Мақтымқұлы Фрагидің өмірі мен шығармашылығы туралы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардан хабардар болған деп сенімді түрде айтуға болады.

Қазақтың әр кезеңдегі көрнекті ғалымдары, оның ішінде академиктер Мұхтар Әуезов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібай, Серік Қирабаев, Уәлихан Қалижан, Бауыржан Омаров, «Қазақ-түрікмен әдеби байланыстары» монографиясының авторы Сағынғали Сейітов өз ғылыми еңбектерінде Мақтымқұлының жеке өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы толғамды пікірлер жазады. Олардың ұлы ақынға деген құрметті қарым-қатынасын Зәки Ахметовтің сөзімен түйіндеуге болады: «Мақтымқұлының данышпандығы – бұл адам ойы мен рухының көкжиегінде жарқыраған жұлдыз секілді.... Мақтымқұлы Қазақстандағы ең танымал және сүйікті ақындардың бірі деп айта аламыз».

Осыған дейін қазақ тілінде «Таңдамалы өлеңдер» 1947 жылы; «Мақтымқұлы таңдамалы өлеңдер», 1959 жылы; «Мақтымқұлы пырағы» 2014 жылы сынды өлеңдері бірнеше рет жеке жинақ болып жарық көрді. Бұл жолғы кітаптың тұсаукесері түркімен ақынының бай әдеби мұрасын терең зерттеу және кеңінен насихаттау, заманауи басылымдармен таныстыру мақсатында өткізіліп отыр.

Қазақ пен түркімен елдерінің мызғымас достығының айғағы ретінде Астанасының Алматы ауданындағы бір көше Мақтымқұлының есіміне беріліп отыр.

Іс-шараға Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Батыр Режепов,  дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстан мен Түрікменстанның көрнекті ғалымдары мен жазушылары қатысып, өз пікірлерін, ыстық лебіздерін білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар