Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Маржан Аманқосқызы. Сөйлегенің не керек, жұрт тыңд...

28.11.2023 3849

Маржан Аманқосқызы. Сөйлегенің не керек, жұрт тыңдарлық болмаса... 14+

Маржан Аманқосқызы. Сөйлегенің не керек, жұрт тыңдарлық болмаса... - adebiportal.kz

Ақынның бәрі туған жерін жырлайды. Бірақ өлеңі жақсы деп бағаланғандардың ғұмырын ауылда  өткізетіні некен-саяқ. «Қасыңнан қарға адым жер ұзамастай, кіндігім нық байланып қалған екен» – деп, туған жерінен ұзамай, өзі қасиетті   жерұйығы санаған ауылда жатып-ақ қазақ әдебиетіне адал қызмет еткен ақын – Аманқос Ершуов. «Келешегім – көкжиегім», «Шырқау», «Шопан баласы», «Жылқышының ұлы», «Ойсылқара», «Алтын босаға», «Шұғылалы шақтар», «Пір Бекет пен жыр зекет», «Оғыланды», т.б. жыр кітаптарын шығарып, «Жаралы жылдар», «Мәңгілік махаббат» атты драмалық шығармалар жазған ақын Аманқос Ершуов есімі өлеңнен хабары бар жұртшылыққа кеңінен мәлім. 

Ауыр салмақ басқанда ер иығын,

Адастырып кетеді пері-құйын.

Аралап аспан астын, жердің үстін,

Асанқайғы таппаған жерұйығын. 

 

Ақкиізтоғай! Жерұйық сенде ғана,

Жын қуып, жыр іздеген мен де бала.

Көңілдің кірі кетті, денем сергек,

Шайынып шыққандаймын Жемге жаңа.

 

Сені таптым! Жоқ. Өзің таптың мені,

Қатайтты қабырғамды Хақтың белі.

Айтқаным: сенің сөзің, сенің жырың,

Шаш қойып, қамшы ұстап, ат мінгелі, – дейді ақын. Өмір бойы бала оқытып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген, Халық ағарту ісінің үздік қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» белгісі орденінің иегері болған азаматтың мұраты – туған тілдің қасиетін таныту болғаны анық. 

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы Аманқос Ершуов ақындығына: «Қазақ поэзиясының жаңа жүйріктері қатарында жарқ етіп көзге түскен жас талант Аманқос Ершуов әйгілі француздар тудырған: «Ақындар ауылда туып, астанада тұрады» деген қанатты сөзге бағынбай, өзінің баянына біткен бірбеткей мінезіне бағып туған ауылында қалды. «Ауылда туған ақындар ауылда күн кешеді» деген ұғымды қалыптастырды. Осынысы дұрыс болған секілді, ол ауылда ақындар галереясын жасақтады, ақындар гвардиясын құрды. Аспандағы бұлттардан айшуақ ой, астарлы пікір түйген ақын Аманқос Ершуов өлеңдері алаш жұртының адуынды ақыны Қасым Аманжоловтың сарынымен сабақтас, екпінімен ерулес» деп баға берген екен. Жуырда туған жерінде ақын есімін ардақтаған мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Осыған орай ақынның перзенті Маржан Ершу порталымызға  сұхбат берген еді. 

Маржан Аманқосқызы! Өзіңіз ақынның қызысыз, өзіңіз де ақынсыз. Әкеңіздің өлеңдерін неше жасыңызда оқыдыңыз? Өзінің жолын қуғаныңызға ол кісі қуанды ма?

- Әкем Аманқос  Ершуов – ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп-интернаттың директоры болды. Бала кезімізде біздің әр түрлі қылықтарымызға орай табан астында өлең шығаратын. Батырлар жырын жатқа оқитын. Қара сөзден гөрі өлеңнің адамға әсері күшті екенін байқап, ақын болуды армандап өстім. Әкемнің тәрбиесі мен батырлар жырын, ертегілерді сүйіп оқығаным да  қаламды серік етуіме ықпал етті. 

Анам Алтын – Махамбет Өтемісұлының «Өтемістен туған он едік» атты атақты өлеңіндегі Өтемістің оныншы  ұлы Досмайылдың  ұрпағы. Досмайылдың ұлы Есеттің кенже қызы  Ақшабалдан  менiң анам Алтын туған. «Менің бабам – Махамбет» деп жүргенім содан. 

Мектепте оқып жүргенімде республикалық балалар басылымдарына өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып тұрды. Студент кезімде  әкем: «Енді өлең жазба! Сабағыңды оқы! Өлең жазған адам «қияли» болып кетеді», – деп ақыл айтып, мені орта жолдан тоқтатуға тырысып бақты. «Біздің заманымызда ел жыр оқыды, ақынға ықылас болды. Сенің заманың басқа. Жазсаң, қарасөз жаз» деген де болатын. «Қасқа-ау, жазу деген бақыт емес, сор мен бейнет қой. Сорына көнсең де, бейнетін қалай кешесің?» деп те ұрсатын. Әкемнің айтқаны рас екен. Мен мұны жылдар өткен соң сезіндім.

Аманқос ақынның: 

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса даналық бар

Біреуде қарт та болса шалалық бар...» – деп келетін өлеңі елдің есінде. Кезінде ол кісіні Зейнолла Қабдолов ерекше бағалаған екен. Бірақ ол өзі туған жерден кетуді ойламапты.Егер Алматыға бара қалса, ақындық тағдыры басқаша болуы мүмкін бе еді, қалай ойлайсыз?

- Атам  Назар Ершу майданнан броньмен қалып, Жаршық колхозында басқарма бастығы  болған. Сондай-ақ  аудан орталығы Қосшағылда, аудандық прокуратура, сот орындарында да жауапты қызметтер атқарған. Ершу атамыз құралайды көзге атқан мерген, ат  жалында ойнаған шабандоз, қызыл тілді, қызуқанды адам  болған екен.1929-32 жылдары Кеңес үкіметіне  қарсы  Жылыой, Бейнеу, Үстірт, Маңғыстау бойында адайлар көтерілісі болғаны мәлім. Адайлар көтерілісіне атам Ершу да қатысып, қол бастағандардың бірі болған екен. 60-жылдардың  аяғында колхоз басшысы Назар  атама  Мәскеуден, Орталық Комитеттен арнайы хат келіп, ол хатта әкесі  Ершудың «Адай көтерілісіне» қатысқаны туралы жазылады. Ол кез әкемнің «Ақ бұлттар» деп басталатын атақты өлеңімен  ақын деген атағы шығып, аты ел ауызына іліне бастаған уақыт екен. Назар атам баласының болашағын ойлап, «Ол Ершу деген кісі аттас адам, біздің атамыз емес екен. Біз Лениндік ұлт  саясатына адал, партияға қызмет еткен жандармыз» деген сыңайда жауап хат жіберуге мәжбүр болады. Уақыт солай болған. Партияның қаһары күшті кез ғой. Назар атам ашаршылықты, жеке басқа табыну, соғыс, тыл қиындықтарын көріп жүріп жетілді ғой. Өте сақ және сабырлы адам еді. Содан әкеме: «Кітабыңды ауылда жазып жүре берсең болмай ма? Алматы деген үлкен қала ғой, шуы көп» депті. Осылайша әкем  Әбу, Жұбан, Қадыр  бастаған арқалы ақын ағалары  Алматыға шақырса да, ақындар мекеніне жол тартпай ауылда қалып қояды. Кейін жылдар өте келе Ершу атам да ақталды. Егер әкем сол кезде Алматыға барса, ақын болып қалар еді. Ал мен ақын болмас едім, балерина болар едім. Бала кезімнен арманым балерина болу еді. Ауылда балет мектебі болған жоқ қой.

Сіздің алғашқы жинағыңыз шыққанда әкеңіз қалай қабылдады? Жалпы шығармашылық жайында әңгімелесуші ме едіңіздер?

- Мектепте оқып жүргенде, газеттерге, «Пионер» журналына мақала, өлең, суреттер жіберіп тұрдым. «Пионер» журналының лауреаты болдым. «Лениншіл жас» газеті жариялаған мүшәйрада жеңімпаз атандым. «Қазақстан газеті» жариялаған байқауға қатысып, жеңіп шығып, Алматыда өткен пионерлердің республикалық слетіне делегат болып қатыстым. Мені мектепте оқып жүргенде, үйі-іші түгел қолдады. Бірақ студент болғанымда әке-шешем «Ақындық мамандық емес. Сабағыңды оқы» деді. «Сен талант емессің! Тек атаққұмарсың. Сенен ақын шықпайды» деп те ұрысты. Менің ішімде үнемі: «Мен жаза аламын не жаза алмаймын» деген екіұдай соғыс жүріп жататын. Осындай қарсылықтар адамның мінезіне де әсер етеді екен. Ақыры «жазам» деген ойым озып шықты. Алғашқы кітабым 1998 жылы Атыраудан жарық көрді. Бұл кітап маған ыстық. Ол кезде университетте қызмет етіп әрі қосымша табыс үшін «Ақ Жайық» газетіне мақала жазып, тиын-тебен тауып жүрген кез. Бұл газеттің форматы тәуелсіз газет болатын. Ащы материалдар жақсы өтетін. Мақтаудан гөрі сын-пікір жазу маған да ұнайтын. Содан бір күні облыстың мәдениеті мен білім басқармасының жұмысына байланысты сын мақала жаздым. Менің жазғаным шындық еді. Айқай болды. Папамды облыстық әкімдікке шақырды. «Әбеке! Қызың жазуын қойсын» дегендей әңгіме болған. Ойлап қарасам қолымнан жазудан басқа ештеңе келмейді екен. Содан өлеңдерімді жинап, «Ақ Жайықтың» ЖШС  директоры Әбділдә Мұқашевқа бардым. Жақсы адам еді, жарықтық. Өтінішімді жерге қалдырмады. Осылайша «Дариға-ғұмыр – жыр-жүрек» деген атпен алғашқы кітабым шықты «Ақ Жайық» баспаханасынан.  Менің кітабымды көргенде, әкем үндеген жоқ. Ішінен «қолынан бірдеңе келеді екен» деп ойлаған болар. Шығармашылық туралы әңгімелерді мектепте жүргенде көп естіп алғанмын. Әкем шығармашылық ортадан алыста жүргесін, ақындар мен әдебиет туралы ойларын, қоғам туралы әңгіме-мысалдарды, кітапта, баспасөзде жарияланған туындыларды талқылап,  шай үстінде, ет жегенде үнемі айтып отыратын. Теледидарда біреу ән салып тұрса, «мынау әнші емес» немесе «мынау әнші» дейтін. Өлең оқыса, «мынау ақын емес, ал мынау ақын» дейтін. Сонда ойлайтынмын: «ән салып тұр ғой, неге әнші емес? Газетке өлеңі шығып тұр ғой, неге ақын емес», – деп. Бұл сараптау маған жақсы әсерін тигізді. Сөзтану, адамтану деген алғашқы танымым осылай басталды.

- Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлының сіздің әкеңіз жайлы жазған мақалаларын тұшынып оқыдық. Атырау облыстық Мәдениет басқармасы мен «Мәдениет порталы» және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы қолдауымен Аманқос Ершуовтың 80 жылдығына орай «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық онлайн Эссе байқауын жариялаған еді. Осы байқау туралы не айтасыз?

Дұрыс айтасыз, тамаша мақалалар сериясын жазды. Өтеген аға көркем сөздің шебері ғой. Ол кісінің жазбаларын ел жақсы көреді. Өзі әрі әкемнің шәкірті. Ал Эссе байқауы  жақсы ұйымдастырылды. Отыз бестен аса материал түсті. Мені қуандырғаны қатысушылар  өздерінің жүрек қалауымен жазған. Басында қалай болар екен деп ойлаған едік. Қазіргі қоғамға Эссе байқауы керек екен. Сананы жаңғыртып тұруға, еске алып ойлануға, оқып-ізденуге жетелейді емес пе мұндай байқаулар! Эссенің бас жүлдесін «Дос керек» деген эссесімен ғалым, зерттеуші, публицист Мақсат Тәжімұрат жеңіп алды. Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов  басшылық еткен Эссе байқауының қазылар алқасында Мейірхан Ақдәулет, Амангелді Кеңшілікұлы, Бауыржан Қарағыз сияқты белгілі қаламгерлер әділ шешім шығарды. Ол кісілерге рахмет айтамын. Сондай-ақ, Эссе байқауына түскен шығармалар кітап болып шығады және келесі жылы да бұл байқау жалғасын табады деп жатыр ұйымдастырушылар. 

- Сондай-ақ, А. Ершуовтың 80 жылдығына орай «Азамат сөзі» атты облыстық  жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылыпты. 

- Жиырма екі ақын ақын қатысқан облыстық мүшәйра Жылыой ауданында өтті. Шараны аудан әкімдігі мен облыстық халық шығармашылық орталығы ұйымдастырды. Сондай тамаша жиын болды. Ел де риза. Ақындар да риза. Өтеген Оралбаев ағамыз қазылар алқасының төрағасы болған мүшәйрада Бас жүлдені Нұрым Ерғалиев иеленді. 

- Жазушылар Одағы басқармасы Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып  осы әдеби сапар жайлы:  «Бір ғана Ақкиізтоғай ауылынан 35 ақын-жазушы шыққан екен. Ең алдымен Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов, Аманқос Ершуов есімдері аталады. Ақкиізтоғайға жақын тұстағы Ақмешіт – әулие Пір Бекет атаның кіндік қаны тамған жер екен. Осы ауылға жақын жерден ежелгі сармат жауынгері, Алтын Адам табылған. Ақкиізтоғай – қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтің атамекені. Осындай киелі топырақтың тумасы Аманқос Ершуов те талантымен ерте әйгіленді. Ол небәрі 19 жасында республикалық ақын-жазушылардың семинар кеңесінде танылып, «Жұлдыз» журналында «Бұлттар» және «Қасымның жырлары» өлеңдер топтамасы жарияланған. Оған академик-жазушы Зейнолла Қабдолов жоғары баға берді. Кейіннен Хамит Ерғалиев, Әбіш Кекілбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова сынды айтулы ақындар да Аманқос жырларын жоғары бағалап, ерекше қадірлеген. Мерейтойлық ауқымды шараның әдемі де әсерлі өткені де ақын жырларының ешкімді бей-жай қалдырмайтындығында болса керек», – деп жазыпты.

- Рас айтады. Шын жүректен шыққан сөз. Әкемнің мерейтойлық шарасына Атырау облыстық әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы,  Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Махамбет атындағы академиялық драма театры, Жылыой ауданы әкімдігі,  А.Иманов атындағы мектеп ұжымы да жақсы дайындалыпты. Өзі өмірінің соңына дейін еңбек еткен Ақкиізтоғайдағы Амангелді орта мектебінде Аманқос Ершуов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинет-мұражайы ашылды. Кабинетке демеушілік жасаған жылыойлық кәсіпкер Ризангүл Атинова. Екі күнге созылған мерейтойлық мерекеде  алты шара ұйымдастырылды. Әр шараның да өзінше мәнді-мазмұнды, тәлімді-тәрбиелі өтуіне күш салған, жақсы ұйымдастырған барлық ұжымдарға, жақсы жандарға алғыс айтамын. Бұл да әкемнің ақындық өнері мен беделінің биік болғанын айғақтайды. 

Елдің елдігі осындайда көрінеді ғой. Қазақта «Той – тойлау үшін емес, тағылым үшін керек» деген сөз бар. Әкеңізге құрметіңіз ретінде өзіңіз қандай тағылымды істер атқардыңыз?

- Әкем Аманқос Ершуовтың жарық көрген және қолжазба күйінде қалған өлеңдерін жинақтадым. Үш томдық өлеңдер жинағын шығарам деп едім, кейін ойланып, бес поэмасы мен эссе-мақалаларын біріктіріп, «Ақмешіт» деген кітап шығардым. Балалар әдебиетінде қолтаңбасы қалған адам. Әкем кезінде Баспа комитетінің  балаларға арналған жабық бәйге конкурсына екі рет қатысып, жүлде алған. Сол кезде жүлде алған шығармалар көркем безендіріліп, баспадан кітап болып шығатын дәстүр болған. Тоқсаныншы жылдардың соңында әкем бала ұғымына лайықтап ұлттық тәрбие бағытында тыйым сөздер, салт-дәстүрді насихаттау бағытында қысқы жырлар жазды. Олар жеке жинақ болып шыққан жоқ еді. Осының бәрін ойлап, балаларға арналған өлеңдерін екі кітапқа топтастырып, «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендер» атты көркемсуретті  кітаптар шығардым (бес жүз данамен). Мен бизнесмен емеспін, ақынмын. Өзім қарызданып, жартылай баспаға қарыз болып, осы кітаптарды  шығардым. Осы кітаптарға облыс әкімі Серік Шапкенов көмек берем деген еді басында. Тағы да басқа әкім-қаралар сөз берген. Бірақ, хабар болмай кетті. Шамасы олардың кітапқа құлқы жоқ. Мұндайда қазақ «уәдесін жұтты» дейді ғой. Балалар әдебиетін түсініп тануға да, танытуға да үлкен күш керек. Қазіргі уақытта балалар әдебиетін дамытуға күш салып жатқан кез. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алуды тапсырғаны белгілі. Бұл кітаптар «Балалар кітапханасының» төрінде тұратын кітаптар еді.Түсінгенге жеткізіп айттым-ау деймін. Сөзімді әкем Аманқос Ершуовтың мына бір өлең жолдарымен аяқтайын.

« ...Дейміз кімді керемет,

Керіліп бір толғаса!

Сөйлегенің не керек

Жұрт тыңдарлық болмаса...»

Әңгімеңізге рахмет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар