Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Маржан ЕРШУ. Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ...

13.04.2023 1772

Маржан ЕРШУ. Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ертегі 14+

Маржан ЕРШУ.  Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ертегі - adebiportal.kz

(Халық ертегісінің желісімен)

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде.

Су астында ел бопты

Жүзген екен теңселе.

 

Жерден алыс көп әрі,

Өздеріне жоғары.

Мекендеген бұл елдің

Су болыпты тамағы.

 

Маржан тасқа көмілген,

Жеріне гаухар төгілген.

Патша менен байлары

Тойып әбден семірген.

 

Сол бір өткен заманда,

Алынбайтын қамалда.

Паң Шортан хан өтіпті

Бал –бұлақты тауы бар,

Алма, жүзім бауы бар.

Сұрағаны алдынан

Бәрі - бәрі табылар.

Салтанатты сәні бар, 

Сарайында әні бар.

Ақшортандай ханымы

Құлы, күңі бәрі бар.

 

Патшалығы Шортанның

Күнде билеп, ән салды.

Шарап ішті шалқайып

Дүниеге тамсанды.

 

Уәзір, балшы, молдасы,

Болыпты және қолбасы.

Шауып-жаншып ел тонап

Толтырыпты дорбасын.

 

Желкесін де қасымай

Күндер өткен осылай.

Болған екен елінің

Аяғы-жыртық , басы-май.

 

Шортан хандай қаһарлы

Хан болмаған деседі.

Теңселтетін жаһанды

Қатты бопты меселі.

Бақ маңдайға қоныпты,

Шортан ханның мұрнындай 

Жалғыз ұлы болыпты.

 

Ертең оның тағына,

Мына ғажап бағына,

«Ие болар жалғыз» деп

Тастамапты жанынан.

Шортан -бала өседі,

Қызық дәурен кешеді.

Жиырмасында кішкентай

Бала бопты деседі.

 

Қомағай боп тамаққа,

Шала мас боп шарапқа.

Шортан-жігіт көздері

Тұрады екен алақтап.

 

Ақшортандай анасы

Саялайтын панасы.

Еркелетіп ерке ұлды 

Кірлетпеді жағасын.

 

Ұйқысын да қандыртты.

Еркетайын аялап

Бесікке де салдыртты.

Балашығын шайқады

Бесік жырын айтады:

 

Шорағайым!

Қомағайым!

Бесік жырмен тербеледі

Шорағайы сөйлегені:

«Әйел, әйел» дейді ақырып

«Әйел алып бер» дегені.

 

Ханым бір сәт ойға қалды,

Таранып сан тойға барды.

Шорағайға әйел іздеп

Елден алыс жоғалады.

 

Қалың нөпір нөкерімен

Сан ауылға жетеді де.

Шорағайға қыз іздейді

Жығылып жүріп етегіне.

 

Талай суды асып өтті,

Талай суды басып өтті.

Шашына да ақ қосылып

Қартаятын жасы кепті.

 

Қалай үнсіз қалар енді,

Шабарманнан хабар келді.

Шабақтардың тайпасында

«Бір сұлу қыз бар» деген сөз

Қуантты ғой тәмам елді.

 

Шабақбайдың жалғыз қызы,

Ақшабақтай жан құндызы,

Өзі сұлу, өзі ақылды

Тілі тәтті бал қыз еді.

 

Жақсы хабар қиындады 

Ақшабақ қыз бұйырмады.

Ертең Шабақ батырменен 

Некесі тұр қиылғалы.

 

Ханым көзі бұлдырады,

Күңнің шашын жұлдырады.

«Қызды алып келіңдер» деп

Қара түнді жол қылады.

 

Шорағай сонда атып тұрды,

Хабар жанға батып тұрды.

«Нөкеріммен барамын» деп

Шалқасынан жатып күлді.

 

Қалың нөкер сайлап алды,

Қолға найза, қайла алды.

Темір сауыт киіп алды

Белін буып түйіп алды.

 

Шортан батыр атқа мінді

Мінгенде де шаққа мінді.

Баласының қылығына

Мәз боп әке тақта күлді.

 

Асығып бір жатқан жандай

Батыр міне, баққан қандай!

Қызға емес, қалың жауды

Қопаруға аттанғандай.

 

Нөкерлері майлы еді,

Кілең қорқақ сайлы еді.

Ойлайтыны қызық-қырқын

Аспандағы Ай біледі.

 

Шабақбайға шауып келді,

Қалың елге қауіп төнді.

«Қыз беріңдер, мына маған»

Шорағай талап қойып көрді.

 

Шабақ елі мақұлдасты

Бір - біріне жақындасты.

Кеңес құрып өзді –өзімен

Мән жайымен ақылдасты.

 

Шабақбай батырға жақындады:

-Хан ұлысың атың мәлім.

Аттан түсіп, қонағым бол

Дастарханыма шақырамын.

 

Қанатыңды еркін қомдап

Ақ көңілден адал дәм тат!

Қызымды мен беремін ғой

Сөйлесеңші ойлап-барлап.

 

Ата-ғұрып салтыменен

Теңеу, жасау нарқыменен.

Ұзатайын жалғызымды

Осы менің шартым деген.

 

Шүкір, қыздар қат емес қой?!

Ойыңды қай үсік алар?

Қарағым! Ол зат емес қой

Қолтығыңа қысып алар.

 

Шорағай Шабақбайды бастан ұрды,

Нөкерлер де білмеді жасқануды.

Қалың елді қамшымен тіліп салып

Көнбегенін жаншылтып тасқа ұрды.

 

Шабақбайдың көзінен жас тамады,

Құрығандай әзірге басқа амалы.

«Он күндей мұрсат бер, қарағым» деп

Жалынып- жалбарынуы басталады.

 

Шорағай ыржың-ыржың күлкіге енді,

Жамаумен бүркелгендей жыртығы енді.

Шортан-батыр шабақ-елге көзін қысып

«Жөн» деді, әйтпесе кетер ек құртып елді.

 

Шабақбайдың ауылынан

Шорағай-Қомағай аттанды,

Аттан түспей шаттанды.

Судағы батыр өзі боп

Өзгесі қорқақ боп қалды.

 

Сол екпінмен желеді,

Итбалық ауылына келеді.

Итбалықтар тірлігін 

Көздерімен көреді.

 

Қолдарымен түртеді

Аяқтарын сүртеді.

Шорағай-Қомағай батырдан

Бүкіл халық үркеді.

 

Қарапайым күн кешкен

Момындау бұл жұрт еді.

Көк қылышын суырып

Қалың елді қуырып.

Ашуына буынып

Ысынып бір суынып

Тиісерге қара іздеп,

Жабатұғын жала іздеп

Жазықсыз елге араз боп.

Қоқиланып қораз боп.

Мойнын көктен түсірмей

Қырсығады пәле іздеп.

 

Ешкім қарсы шықпады,

Мойындарын бұққаны.

«Шорағай батыр жөн» деді

Қалың шудан ұққаны.

Сонда да айызы қанбады,

Жауға қарсы самғады.

Шорағайдай батырдың

Болар әркез жолдары.

 

Қуаныштан жарыла,

Қанның исін сағына.

Қарамады өріне,

Қарамады жарына.

Алабұғабай еліне

Шауып келді қағына.

 

Нөкерлері соңында

Ала найза қолында.

Жеңіс деген жолында

Ойы кетті сағымға:

Шорағайдай ер батыр

Біткен елдің бағына.

 

Қақпасына енеді,

Енгенінде ішінен

Қалың әскер көреді.

Алабұға тайпасы

«Батыр халық» деп еді.

 

Елдің сөзін ұқпаған

Әркез өзін құптаған.

Шорағай қолға найза алып

Жауға қарсы шықпаған.

Көп әскерді көргенде

Қорыққаннан бұққан ол.

 

Алабұға елі ел еді,

Сауыт берік денелі.

Батырлығы сеп еді

Қиындығын жеңеді.

Не болса да маңдайға 

Жазылғанын көреді.

 

Қарсы шықты батырға

Алды оны тақымға:

Нөкерлерің байлаулы

Еркек кіндік затың ба,

Иманыңды шақыр да!

 

Тайпа басы сөйледі, 

Терленеді көйлегі

Шорағайсың өй, деді,

Қомағайсың өй, деді,

Бейбіт жатқан еліме

Тиісесің сен деді.

 

Әттең , жап-жас баласың,

Сен кіміңе панасың,

Сен кіміңе ағасың?

Батыр болған түріңнің 

Айырайын жағасын.

 

Шорағай сонда жылады,

Бітті де қос құлағы.

Әке-шешем шынарым

Қайда менің тұрағым?

Бастағандар сенсің деп

Нөкерлерін ұрады.

 

Алабұғаның көсемі

Ойға кетті нешелі.

Шорағайдай батырдың

Тағдырын енді шешеді.

«Бала ғой» деп кешегі

Қателігін кешеді.

 

Айқайлайды Шорағай,

Нөкерлері қоғадай.

Жапырылды жағалай.

Тау, тасаны сағалай

Қашып бара жатады

Алды-артына қарамай.

 

Еліне жетті жылай-жылай,

Екі көзін бұлай-бұлай.

Атынан да құлай-құлай.

Нан таусылды сұрай-сұрай.

Асығады, жасығаны

Батырдың да күні-ай, күні-ай!

 

Анасы оны күтіп алды

Нөкерлерді түтіп алды.

Баласының түрін көріп

Жүрегін бір түтін алды.

Бәрі ханға хабардар боп

Хан толғанды. Үкім алды.

 

Шабақбайдың тайпасына,

Итбалықбай тайпасына,

Алабұғабай тайпасына

Асығып елші кетті.

 

Ертеңгілік жаланған

Ел жиналды алаңға.

Шақырылған харамдар,

Биттей болған жамандар

Тырнақтары майысып

Әзер тұрды қамалда.

 

Шортан хан сонда бұйырды,

Санатты теңге-тиынды

Кінәлілерге қиын-ды

Құдайларына сыйынды.

Хатшысын хан сайлатып

Бұйрық жазуға бұйырды.

 

Балдыр жүзді сылқылдап,

Ағыс жүзді тың-тыңдап.

Суға жазып отырды

Хан бұйрығын қылпылдап.

 

Сонда ханы сөйледі

Сөйлегенде бүй деді:

-Әй, Шабақсың сен деді,

Мына менің ұлыма

Сенің қызың тең бе еді?

Әйел болар жөні бар

Бірақ сен неге бермедің?

 

Ханның сөзі батады,

Шабақбай қалды қақалып.

Кебін тілеп бақаның

Сипай берді сақалын.

-Бердім, көндім, жаңылдым-,

Деп ықылық атады.

 

Ханның биік өресін, 

Тек алыстан көресің.

Бұйрық берем мынандай

Талабыма көнесің!

Әйелдікке ұлыма 

Сол қызыңды бересің,

Өзің алып келесің.

Оған қосып қырық қыз

Және де алып келесің.

 

Бұл бір! - деді хан.

Итбалықбайға бұрылып,

Бай тұрды түрі құбылып.

-Мына сен 

Неменеңе сенесің?

Көресіні көресің.

Барлық байлық жиғанды

Қазынама төгесің.

 

Бұл екі! –деді хан бұрылып.

Алабұғабай бұлқынды,

Көрсетем деп құлқымды

Жарылқаймын деп жұртымды

Айтайын деп бір сырды

Бірақ ханнан қаймығып

Төмен қарап іркілді.

 

-Жазықсыз аппақ гүлімді,

Шорағайдай ұлымды

Ат артына сүйретіп

Алабұғабай бүлінді.

Аламын деп құнымды

деп оған бір бұрылды.

Ханның беті жылынды,

Көрдің бе деп түрімді,

Сездің бе деп сырымды

Өңкей жаман-жырынды.

 

Ендеше, - деді хан,

Мына Алабұғабайға 

Жүз дүре соғылып

Оны көрсін бар маң.

Бұйрық тез іске асты,

Хан жеді піскен асты.

Шәрбат, шарап, бал, сыра

Күшке жақсы!

Ертеңіне ағын су тоқтап ақты

Кемемен алып келді

Қырық қызды және де Ақшабақты.

 

Ақшабақ ару сызылып,

Қылдай белі үзіліп, 

Өне бойы дірілдеп,

Екі көзі күлімдеп

Шорағайға жақын кеп

Және -дағы батыл кеп

Иіліп тағзым етеді.

Көйлегінің етегі

Судай сусып

Желпең-желпең етеді.

 

«Батырым» деп тіл қатты:

Жігітсің! Көркем ! Сымбатты!

Өзің айтатын әніңді

Су асты түгел тыңдапты.

Сіздей ерге лайық

Адал жар болам, қымбаттым!

 

-деп тағы басы иілді,

Қылығына ел сүйінді.

Сұлу қыз деген қиын-ды.

Есі кетіп Шорағай,

Сілекейі шұбырды.

 

-Теңдесі жоқ батырсыз!

Жанарымда жатыр – сыз.

Артта қалған елім бар

Әлсіз әрі батырсыз,

 

-деп тағы бір иілді.

Қылығына ел сүйінді.

Шорағайдың қиялы

Аралап кетті қиырды.

 

Батыр, батыр, - деді тағы

Ақшабақ қыз жақын кеп

Кірпігінің екі талы

Жасын болып атылды оқ.

 

Желік кіріп көңіліне,

Көрік кіріп өміріне

Шортан батыр қомданады

«Айым» десе айы міне!

«Күнім» десе күні міне!

 

Сұлу қызды ала-сала,

Кетсем дейді оңашаға.

Оңашада сыр аша ма?

Гүлдей балқып бүр аша ма?

Шәрбат тістеп, шарап ішіп

Батар ма еді тамашаға.

 

Талай таңды атырады,

Талай күнді батырады,

Қиялымен осыны ойлап

Сейілдеуге шақырады.

 

Сөйлегенде жыр төгілді,

Аузынан гүл төгілді

Есеңгіретті, елжіретті

«Батыр» деген тентек ұлды.

 

Ақшабақ қыз сырын ашты:

Артта қалған елім бар,

Ұлтарақтай жерім бар.

Сол елімнің жауы бар, 

Аса алмайтын тауы бар,

Арқалаған қабы бар,

Анау тұрған «қармақ» деген

Қара пәле жауы бар,-

 

деді көзі мұңданып.

Ал Шорағай

Батылданып тұрды анық.

Ғашығының жалғыз сөзі

Бар көңілін бұрғаны,

Ынтасымен, жүрегімен тыңдады.

Сосын, сосын солай қарай зулады.

 

-Тоқта ,-деді Ақшабақ қыз

Көзін жасқа толтырып.

Бағын қалай сақтамақшы

Көңілінде сор тұнып.

 

-Жоқ!- деді ол қайрылмады,

-Жетем! -деді -, Сүйіктім!

-Орал!-деді Ақшабақ қыз 

Таңдайы оттай күйіп тұр.

 

-Кейін қайтшы, өтінем,-деп

Ақшабақ қыз жалынды

Өкініштен аһ ұрды,

Алласына табынды.

Тағы, тағы жалынды.

 

Шортан-жігіт 

Ойланды енді,

Қайтты кейін жарына,

Сезіміңе айлаң көнді

Сабыр қылшы тағы да.

 

Сынап едім қыз-қылықпен 

Назымды бір ұғарсың 

-, деді Ақшабақ мұңданып.

- Айтасың-ау, 

Бұрын тіпті қорқақ едім

Енді алдыңда 

Көрмеймісің

Батыр болып тұрғаным.

 

Екеуі де ұқты. Жеңген,

Сезім-ойды түсініп.

Бір-бірінің алдында енді 

Тұрды іштей кішіріп.

 

Жылдар өтіп, айлар талай,

Тәтті ғұмыр кешіпті.

Шаңырақтарына күлкі толып

Былдыр-былдыр

Былдырлапты, өсіпті...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар