«Талғамға талас бар. “Талғамға талас жоқ”, -деген не сөз?! Сонда, қайдағы бір халтурщиктердің өлеңдерін оқи береміз бе, соны пір тұта береміз бе?!», - дейді Есенғали Раушанов.
Поэзия дегеніңіздің өзі – жеке адам психологиясының дүниетану белгілеріне деген белгілі бір деңгейдегі көрсеткіші емес пе?! Динамикалық қозғалыс пен абстрактілі фантазияның тоғысар сәттегі ойдың таңбасы. Психологиялық сезімдердің күйзелісін тұрақты күйден тұрақсыз күйге ауыстыру, немесе, керісінше. Және де бұл айтып отырғанымыз, жазып отырғанымыз - ешқандай да зерттеушілік, сыншылық қабілеттен туған ой емес, қарапайым ғана поэзияға деген құрмет.
Оқымасаңыз оқымай-ақ қойыңыз, оған тәуелді емеспін.
Талғат Ешенұлының өлеңдерімен таныстым. Қараша құстар қайтқанда. Бірден оқып, қайран қалдым, тамсандым дегенім әсіре сілтеу, орынсыз таңдану болар. Дегенмен ішкі редакторлық сезімдерімнің толқығанын, бұлқығанын жасыра алмаймын. “Адамның кейбір кездері ”, -дейміз ғой осындайда.
Осы орайда оқырман өресі деген дүние пайда болады. Мен де оқырманмын ғой. Мағынасыз далбасалықпен біраз уақыт өткіздік. Әрине, шын поэзияның талғамы мен таразысына бағынбағандықтан, түсінбегендіктен, түйсінбегендіктен. Өлеңге жас өлшем емес екенін өзіңіз білесіз ғой, қадірлім. Жиырмадан енді асып тағдыры таразыға түскен Артығали Ыбыраев, Бибол Жұмағалиұлы, Жеңіс Шәкендердің өлеңдерімен қазіргі поэзиямыздағы алпысты алқымдаған шалдардың дәл осы тұста жазып жүрген мақтауға бай, алғысқа атан артқан шимайларын салыстырыңызшы. Арасы қандай?! Әрине жер мен көктей. Не үшін екенін сіз түсінесіз. Пышақтың қырындай ғана жұқалтаң жыр жинақтары әлгі жазғыштар сөресінің бетінде шаңға бөккен, қабырғаңды майыстыратын том-том кітаптарынан әлдеқайда салмақты, әлдеқайда өнер туындысы. Сол бозбалалардың тағдыры солай болғаны да дұрыс болды ма екен? Мынандай абыройсыздық пен жазғыштықтан қаламұш тағдыры ада, рухы үстем болғаны ғанибет қой. Артығалидың 28 өлеңі, сол шалдардың 28 кітабының белін шойырылтып жіберетін қарымы бар поэзия тұрғысынан алып қарасаңыз.
Әйтпесе, «Махаббат қызық, мол жылдар», болмаса мөлдір лирика, сұлу поэзия деп жүрген Қалқаман Сариннің өлеңдерін осы уақытқа дейін оқып жүргеніміз өреміздің төмендігі ме?! Он алты, он жеті жасар парасатты бозбаланың да мектеп қабырғасында оқып, «Еее, солай екен ғой жүдә», - деп қысқа қайырып, бетін бір ашып жаба салатын дүниелер ғой әрбірден кейін. Оны әрбірлеп, әспеттеп жату тым орынсыз.
Қараңызшы, Ықылас Ожайұлының әдебиеттегі потенциалымен Маралтай Райымбектің потенциалын салыстыруға келе ме?! Жоқ. Мысалы, Маралтай Райымбектің бір қалыпта қалып қалғаны жасырын емес. Кесе-көлденең болып жатып алған түгі жоқ. Соңғы жазған поэмасын қараңыз. «Кие» деп аталады. Осындай дүниені кім күтті, ол жағы бізге беймәлім. Бір уақыттарда «Модильяни hәм Маралтай» деп жазылған мақаланың үдесінен шыға алды ма екен?! Жауабыңыз бар ма?! Болса айтыңыз. Ақиқатында, бұл ізденістің тоқырауының дәлелі. Шығармашылығының шегі, түгесілген шағы.
Темірхан Медетбек айды аспанға шығара, дүркіретіп тұрып жазған «Алтынкөпірліктер» туралы мақаланы оқыған болуыңыз ықтимал. Қазір қайда солар? Мен байқамай жүрмін. Темағаның жалғасын таптыртып жазған XXI-ғасырдағы қазақ поэзиясының бетке ұстар ақындары «Алтынкөпірліктерінің» өлеңдерін оқып көрдіңіз бе, мысалы? Маған түк әсер етпеді, әсер етпейтіндей көрінеді. Атақ-абыройлары сұмдық енді олардың. Поэзиясы ше?!
Көк аңқыған кезде «Көк түріктің сарынын» бұрқыратқан атамыздың мұнысы қалай? Әлде шынымен қартайғаны ма, түсініксіз. Алдыңғы буын, оның алдыңғы буыны осылай десе, «Әдебиет теориясын» енді парақтап жүрген біз не демекпіз?! Өлеңге деген эстетикалық құлдырау әлеміміз осындайда байқалады.
Мынандай бір жайт бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Жалпы өзі, «Мүшәйрашылар одағы» деген бір ұйым құрсақ қайтеді осы басты қатырмай? Одақ құру, оны құлату оңай заман ғой. Мейлі, жиырманың әрісі мен берісіндегілер қатысса қатыса берсін, таласымыз жоқ оған. Жігерлендіру, рухтандыру сияқты толып жатқан лепірме мен көпірмені қосып қойсаңыз болғаны. Қырықтың қырқасына келген, елуді еңсерген үлкен ақындарға не көрінді осы?! Үлкен ақындар дейміз бе, қалай сонда?!
Сосын, білдей бір Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған ақын-жазушыларымыздың масқарасы шығып, бірімен-бірі пендәуи айтысып-тартысып жүргені ойға қонымды ма?! Содан кейін барып ол кісілер жастарға әңгіме айтады-ай келіп. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады»,- дейді емес пе Хәкім атамыз қара сөзінде.
Бәрін айт та, бірін айт.
«Көзімді жұмсам да көрем сені», - дейді. Бұдан артық не айтуға болады?! Тұмағаң ғажап қой, осы заманда туса сюрреалист деп айдар тағар ма едік, шіркін! Ал, мына өлеңге не дейсіз, алдияр оқырман:
Сізді іздемеу – сағыныштан жаңылу.
Өлеңдерімді оқырсыз:
менікі шын жақсылықты сағыну –
пәлсапасыз, ақылсыз.
Талғат Ешенұлы поэзиясы – еліктеулер мен солықтаулардан, қайталанулардан ада дейміз, сіз ше?! Әсте олай ойламайтын шығарсыз. Қайшылықпен күресуге дәрменді, өліара кезеңінен мүдірмей өткен жасампаз болмыс иесі. Қазіргі заман қазақ поэзиясындағы сапалық ұғымға келгенде, Ешенұлы шығармашылығы алдыңғы қатарға суырылып шығатыны анық.
Әдебиеттанушы Бақыткамал Қанарбаева «Модернистердің басты ерекшелігіне тоқталар болсақ, өздерінің эстетикалық әлемдеріне берілген томаға-тұйық болып келеді. Сондықтан оларды жалынды сөздерге толы көпшілік ортадағы дүрілдеген дүрмектерден кездестіру қиын»,- дейді. Әрине, бұл реалистік белгілер нышаны Ешенұлынан да байқалады. Шыны керек, бұл авторды әлем-жәлем отырыстар мен жылтырақ жиындардан байқай алмадық. Оқшау жүретіні де сұңғыла екенінің дәлелі ме дерсің. Кез келген ырду-дырдуда: «Ақынмын!» - деп кеуде соғып кететіндердің санында есеп жоқ қой бұл өмірде. Солардың қатарында жүруді намыс санаған парасат бейнесі.
Өлеңдері – шусыз, айғайсыз, ұрыссыз жазылған. “Азаматтық поэзия” деп аттан салып, тақымымыз тулап Серік Ақсұнқарды, Мұхтар Шахановты да оқыдық емес пе, бір замандарда. Қазіргі жастар буыны мұндай поэзияға көңілі жібиді-ау дегенге сену қиын.
Романтикалық сипат алған сарыны оғаш өлеңдер легі қай ғасырда да ағылып-төгіліп жатыр. Расымен де, сезімге, құштарлық пен құмарлыққа шектеу жоқ екенін дәлелдеп келеді. Мұны айта берудің де керегі шамалы.
«Мен не айтпадым, айтпағаным қалмады ғой»,- дейді Өтежан Нұрғалиев.
Кім көрінген келіп, кетіп жатыр емес пе бұл әдебиет деген ауылға?! Біреуі олай жазады, біреуі бұлай жазады. Соның ішінде біз болсақ ше, онда сорлаған өзіміз. Кімге барып менікі дұрыс, сенікі қате дейміз. Олай болмайды, әлде бола ма?!
Даурыққан әдеби жиындар, көсемсіген данышпандар мен мағынасыз поэзия кештерінен жалығатын уақыт болды ғой, қысқасы. Поэзиялық кешіңіздің өзі де сылдырлаған су секілді сұйылып кетті ғой қайбір жерде мысалы үшін. Эстрадалық поэзия Олжас Сүлейменовтермен бірге тұншығып өлгеніне де біраз уақыттар өтті. Әдебиетімізге, поэзияға авторларды іріктеп, сұрыптайтын сын керек. Сыншының сыны емес, оқырманның сыны. Болмаса, қайдағы бір халтурщиктерді оқып жүре бергеннен зиян тартпасақ, келіп кетер пайда жоқ. Оқымай қойсаң, көпшік қойып мақтамасаң олар да қоятын шығар бұл тірлікті.
Қарапайым ғана мысал: “Семейде шаhарында Әбіш Кекілбайдың «Біртүрлі ақыны» Тыныштықбек Әбдікәкімұлынан кейін ақын бар ма өзі?” - деген сауалды тудыртып кеп жіберсек не болады? Ол кісінің өзі Пайғамбар жасына таяп қалды. Өскеменді айтпай-ақ қоялық, жалпы ол жерде поэзия деген әдебиеттің қарапайым ғана элементі қалды ма өзі?! Бәрінен бұрын оқырманға жаның ашиды. Шіркін, осындайда Әмірхан Балқыбекке: “Неге асықтыңыз көке-ау?” - дегің келеді ғой Есағаңның сөзімен.
Әр адамның ішінде «Бір Құдай», «Бір Бетховен» бар. Ол - Мұқағалидың, Талғат Ешенұлының поэзиялық ойлай жүйесіндегі музыкалық композициямен жымдасқан, қиюласқан ойлау ритмі. Абсолютті рухтың көкке өрлеуі, құлазыған дәрменсіз хәлдің өнер ішіндегі өнерге сыймауы. Бұның бәрі адамның қолдан жасалған қайғысынан гөрі, сол қайғыға иек артуы. Сол дертті мансұқтауы. Сәттік көңіл-күй емес, рухтың көкке қалықтауы, ышқынған жанның бұлқынуы. Сізде сондай көңіл-күйді ғұмырыңызда, оңаша қалып сезінген шығарсыз, бәлкім. Өлеңді талдап отыратын уақытымыз жоқ. Өзіңіз оқып аларсыз.
Бетховен. «Ай сонатасы»
Елегзітпесін ессіз түн,
«Ай сонатасын» қой, панам:
өмір өзгеше айтар сыр,
өмір өзгеше айтар ән;
адыра қалар сөз бен тіл,
арыда ойын-той қалар;
төменнен қара Жер қарар,
төбеңнен сары Ай қарар;
қоңыр қонжықтай бұлттардан
қоңырдан қоңыр ой тамар;
Талғат Ешенұлы жайлы, досы, драматург Дидар Амантай: «Өлеңдері – арғымақтай. Бірден еркіндігі сезіледі. Кең тынысты екендігі де, бәйге шапқан құнан, шаң қаптырған дөнен, қара үзген бестідей, іле-шала байқалады. Жорға көрген жұрт таныса да, көбі тұлпардың қасиетіне, қадіріне жете алмады»,- дейді. Дұрыс-ақ. Иә, ол кісі талант таластыруды ар санаған суреткер-міс. Қалай болғанда да мүшәйрадан емес, мұңнан сұлулық іздеген мұңлық.
Терминологиялық модернизм түсінігіне өлеңдері арқылы ғылыми көзқараспен жауап беретін бірден-бір тұлға. Оның зерттелер уағы мен түс қайтар, бесін келер шағында әлі талай жолығамыз. Жалғыздықтан қашпаған, жалғыздыққа өз еркімен асыққан бейне. Мағжан айтады: «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді», - деп.
Өткен жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарында қазақ лирикасына соны серпін, жаңа леп әкелген буынның басындағы символист Нұрлан Мәукенұлының заңды ізін жалғастырушы, рухтасы – Талғат Ешенұлы.
Жазғы бақтағы жалғызаяқты сүрлеудің
саяқ тағдыры - басымда.
Кімнің соқпағы қайда бастарын білген кім?
Досың ба өмір, қасың ба?
Күзгі жел үзген жапырақтардай күндердің
шарасыздығы - көзімде.
Ту сыртымдағы айнадан сылқ-сылқ күлген кім?
Уақыт па?
Уақыт өзім бе?
Поэзиясы тұралап қалды, бірсыдырғы баяу ағынмен ағып жатқан өзен секілді деп айтқанымыз әбестік болар. Бірақ, не ескірмеген, не түлемеген қалпында тұр. «Үнсіздіктің өзі сөзшең келеді», - дейді жазушы күнделігінде.
Жаңару керек, жасару керек штрих-кодтарын енді пайдаланатын шығар. Пайдаланып та қойған болар. Бірақ, біз секілді пенделердің сәтке де болсын маужыраған көңілі, жеті қарақшының ізіне түсер орайға тап болса екен арасында. Оны уақыттың еншісіне қалдырғанымыз абзал.
Ең болмағанда Талғат Ешенұлы бола алсақ қой дейсің іштей.
Көзімді жұмдым азанда:
«Не енді?..» дедім мұзданып.
«...Сол енді» деді ажал да,
Бір түрлі ыңғайсызданып...
Хәлің қалай, қазақ поэзиясы?!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.