Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мерей Қартов поэзиясының бір қыры...

31.10.2017 11545

Мерей Қартов поэзиясының бір қыры

Мерей Қартов поэзиясының бір қыры - adebiportal.kz

Мен – аспаншыл Ақынмын

Тәңір тілін түсінем...

Поэзияның болмысы мен бітімін, өлеңдердің сыры мен сипатын, мағынасы мен мәнін байыптай алған оқырман көркем шығармашылықтың ерекшеліктеріне қатысты ақынның ақындық лабораториясына бағамдау жасайды. Оқырман әрі әдебиетші ретінде тамаша ақын Мерей Қартовтың өлеңдеріне шолу жасауды жөн көрдім. Негізі Мерейдің өлеңдерін бастапқыда «Осы қалай екен?..», - деген оймен оқығаным рас. Ақын поэзиясының тылсым бір таңғажайып күші мені жетелей жөнелді. Мерейдің керемет жырлары қолыма қалам алғызып, қанаттандырып жіберді десем де болатындай. Сонымен...

Поэзияны сүймей қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ұғу, сайып келгенде, күллі ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатты тану мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда ақынның шығармашылығы терең талдауды, түсінуді, ең бастысы сезінуді қажет етеді. Жалпы, әдебиет сөзін А.Байтұрсынов «асыл сөз» деп атаса, З.Қабдолов «сөз өнері» дейді. Ахмет Байтұрсынов: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі, олар: 1. Ақылға. 2. Қиялға, 3. Көңілге. З.Қабдолов біріншіден, сезімге; екіншіден, бақылауға; үшіншіден, қиялға; төртіншіден, интуицияға; бесіншіден, өмірбаянға; алтыншыдан, парасатқа; жетіншіден, шеберлікке; сегізіншіден, шабытқа негізделеді», - деп қарастырған. Бұл дәйектемелерді осы тұста мысалға алуымыз да тегін емес. Мерейдің поэзиясынан осы аталғандарды тануға болады.

Көтерілді Күн иегі,

тартылыстың дүр күшінен.

Көру керек Дүниені,

көкіректің дүрбісімен! – деп ақынның өзі айтқандай, өмірге бір сәт ақын көзімен , поэзиясымен үңіліп көрейік ендеше.

«Көңілімде –үр-тамыз» өлеңін ақын былайша бастайды:

Көңілімде – үр-тамыз.

Ал, Көгімде – қаз әні.

Күрсіне берсін бұлт-абыз.

Жан-дүнием – жаз әлі!

Өлең басынан-ақ төгілген маржандай әсер береді. Қазақта «үр» сөзі әдемілік пен нәзіктікіті білдірсе, ақын тамызды осылай балауы лирикалық кейіпкердің көңілін бірден аңғартады. Оған көктегі қаз әні қосылып, ойды сабақтай түседі. Күзгі табиғаттың құбылысын бұлттың күрсінуі деп берген ақынның шеберлігіне тәнті боласың. Кейіптеу арқылы мезгілге тән құбылысты шолып шыққан ол келесі жолдарда осыған қарама –қарсы ойды алға тартады. «Жан-дүнием –жаз әлі!» Одан әрі:

Тамсандырды таңсәрім,

Қызыр демінен шөп терлеп.

Қиял ұзартты аңсарым,

Қия-құзға бөктерлеп.

Яғни осы шумақтан ойға түйеріміз: мезгіл – таңсәрі. Кейіпкерге осы мезгіл қатты әсер еткенге ұқсайды. Ол тіптен шөптің терлегенін де байқап қалады. Шөптің терлеуі – жансызды жандандыру. Әдемі сурет көз алдыңа келеді. Ақынның аңсарын қиял қия-құзға жетелей жөнелгенін де байқайсың.

Бесқасқам – бек серігім,

Қарсы да шабар қасқырға.

Желге айналар желігім,

Құлынжонның астында,

- деген жолдарды оқығанда : «Е, бәсе... », - дейсің тағы да.

Бұдан кейін жылқы шетіндегі кейіпкерді баяндаған ақын келесі шумақтарда әдемі суреттерді алдыңа тартады.Түнді қорған қылған ол:

Мендей ешкім кезбеген

Таулар ішін,

Ай үшін!

«Өлең» деген Сөзбенен,

Жұпарладым Ой ішін.

Мен – аспаншыл Ақынмын.

Тәңір тілін түсінем.

Жұлдыз түртіп отырмын,

Құрығымның ұшымен! –

дейді. Шабыттанған ақынның жанын осы жерде танисың Өлеңмен таулардың ішін аралап, айға да самғаған ақынның асқақ көңілі ғой бұл. Аспан – асқақ арман мен биіктіктің символы. Ендеше ақынның өршіл сезімі заңғар биік. Соңғы тармағы тіптен ерекше . Құрығының ұшымен жұлдызды түртіп отырған жылқышы-ақынның бейнесі көлбеңдейді. Тамаша сурет бар. Жұлдыз – арман мен қиял символы. Әдебиеттегі шарттылық өте ұтымды көрніс тапқан.

Негізі поэзия сөздің дұрысын, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғампаздықтың да болуын да керек қылады. Тіл көрнекі болу үшін дерексөз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дәрежеге жетуі үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш топқа бөлінеді: Көріктеу, Меңзеу, Әсерлеу. Бұл турасында З.Қабдолов «Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл – құбылту, яки троп – сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп кейде тіпті перделеп таныту» -деген болатын. Осы орайда Мерейдің поэзиясында құбылтудың алуан үлгісін кездестіруге болады.

Тастан да тәлім тыңдаппын.

Тамшының үні – жұмбақ мұң,

Түйежапырақ бүркеніп,

Жапалақ сынды түн қаттым.

Даусымды естіп әр қырдан,

Жартас та жарқын жаңғырған.

Бұлақ та , шөп те жыр оқып,

Есімнен талай таңдырған, -

деген жыр жолдарына әдеби көзбен қарайықшы.

Тамшының тырсылдаған үні деп әбден мезі болған тіркестен гөрі «Тамшының үні – жұмбақ мұң», - деуі аз сөзге көп сыр сыйғызғандай. Лирикалық кейіпкердің сезім-танымын, әсерін, түйсінуін байқаймыз. Ақын неге өзін жапалаққа теңейді. Түнді өзіне серік еткен ақын өзін жапалаққа, жай жапалақ емес, түйежапырақ бүркенген жапалаққа теңеуі заңды. Эпитетті теңеу дейді мұндайды. Бұлақтың да, шөптің де есінен тандыра жыр оқуы жансызға жан бітірген керемет сурет.

Амал не…

Менің де жаным суыйды-ау,

Судың да қатып тоң майы, -

дейді тағы да. Судың тоң майының қатуы – шарттылық десек те, бұл тіркес ақынның құлазыған жабырқау көңілін білдіргендей.

Дуалап бұлтты көрсем бе,

Жындарымды шақырып!.. - деген жолдар алдыңғы ойды дамыта түскендей.

Жан сырын жөндеп оқымай,

Адастым, сірә, апыр-ай!.

Ақылыңды айтшы сен маған,

Тәңірге, Күнге жақын Ай!. –

деп түйіндеуі де содан.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» дамытуға мынадай анықтама береді: «Пікіріңді сөйлегенде, алдыңғы сөзіңнен артқы сөзіңнің қуаты асып отырса, дамыту болады». Демек, жоғарыда келтірген мысалымыз осыған сай десек қателеспейміз.

Ырғағы мен ұйқасы келіскен , шумағы мен бунағы орнықты өлең жүйесі туралы жалаң айтудың еш керегі жоқ секілді. «Өлең техникасын жақсы меңгеріп алғандар өлеңді жаза береді...Оны талдау дегенің сөз боп па?...», - деп бәз біреулер маған кінә таға сөйлеп еді... Сондай пікірде қалушыларға міне Мерейдің мына өлеңін кесе көлденең тартамын...

Ішімдегі аңғал Ойды

Несіне мен іркемін!.

Төбедегі тоңғақ Айды,

Көрпе-бұлтпен бүркедім, -

деп басталатын өлеңге назар аудармай кету мүмкін емес. Себебі басталғаннан-ақ көркем сурет шыға келеді. Аңғал ой- ақын мінезінен хабар бергендей. Эпитет өлең тақырыбын ашуда әдемі құрал болып тұр. Төбедегі тоңғақ ай – күрделі эпитет. Тоңғақ сөзін келесі тармақтағы көрпе-бұлтпен бүркедім деген ой жетілдіріп тұр. Көрпе-бұлт – метафора ұтымды қолданылған. Ақын осы шумақта аспанның ашық еместігін, яғни бұлтты аспанды осылай шебер суреттеген. Келесі шумаққа назар салайық.

Жанымдағы жалын оттан,

Жарқ-жұрқ етер мың ұшқын.

Бұлақтарды, қаны қатқан,

Жылытуға тырыстым, -

деген шумақтан лирикалық кейіпкердің мықтылығын байқаймыз. Ақын жанының жалын оты жарқ-жұрқ етіп, қаны қатқан бұлақтарды жылытамын деуінде терең ой бар. Лирикалық кейіпкер бойындағы жалын мен жігерді байқағандай боламыз.

Сөз шылбырын бір-біріне,

Ат үстінде күрмедім.

Жаурап қалған қыр гүліне,

Қызыр демін үрледім,

- деуі сондықтан. Сөз шылбыры – ұлттық сипаттағы метафоралық тіркес болса, күрмеу сөзі – қиыннан қиыстырған сөз өнері деуімізге әбден болады.Жаураған қыр гүлін қызыр жылуымен жылыту – ақынның жыры.

Ақын назарынан айнала ештеңе тыс қалмақ емес. Сондықтан да ол:

Жылыұшырап желтораңғы,

Көзбен өптім қамысты.

Кезіктірген кемтар аңды,

Көздемедім жол үсті, -

дейді. Ақынның дархан көңілі тым ашық-жарқын көрінбесе де, осы жолдардан пейілі мен ниетін танығандай боламыз. Осы жерде желтораңғы шөптің атауы да ұтымды қолданылған. Жырдың түйінін:

Қол бұлғадым қайтқан қазға,

Тау басында ырғалып.

Ақмаңдайлым айтқан назға,

Қалдым бірақ шырмалып,

- деп түйіндеуі заңдылық. Тау басында ырғалып сөзінде қимыл әдемілігі бар. Қоршаған табиғат құбылыстарымен осылай жаны үндес ақын ақмаңдайлының назына келгенде шырмалып қалдым дегенде барып, «..Е, өлең махаббат туралы екен ғой!», - дейсің еріксіз.

Мерейдің бұл өлеңі жүйесі буын санының мөлшерін тұрақты сақтауға негізделген силлабикалық өлең деуге әбден келеді. Құрылысы жағынан 8 буынды, 2 бунақты өлең.

Өлеңдегі ұйқас әр тармақтың жігін айқындап, өлең сөздің ырғағын күшейтуге себін тигізіп, әуезділігін арттыра түскен. Сөз өнері, соның ішінде өлең дамыған сайын қазақ өлеңінің құрылысы шыңдалып, кемелденіп, жаңа өлшем-өрнектермен толысып, байып келеді.

Поэзияға әдеби талдау жасағанда әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін, көкемдігін талдауға көбірек көңіл бөлген дұрыс болар.

Екі сөздің басын құрап, әжептәуір ұйқастырса, ақын деп дандайсытып жіберетініміз – шындық. Әдебиет майданының ортасында жүрген шын таланттар бұл сөздің төркінін жете түсінеді Әсіресе өлеңге «Әркімнің-ақ бар таласы...», «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, қазақтың келістірер қай баласы?» -деп Абай ақынның өзі де жоғары талап қоя айтты емес пе?! Өлеңді тек оқу жеткіліксіз, оны саралай да білуіміз керек... Ал шын ақын, тума талант өлеңімен танылады. Сондай жарқылдаған жасын ақын Мерей Қарт дер едім.

Мұздай сөзі бұлақтардың

Тас құйқасын шымырлатты.

Мұңдасқанға сыр ақтардым.

Мұндай сәтте – ғұмыр тәтті, -

деп басталатын өлеңді тұщынып оқисың.Әп дегеннен бұлақтың тас құйқаңды шымырлатар мұздай сөзі деген суретті алдыңа көлденең тосқан ақын осы бұлаққа мұңдасқанда сыр ақтарады. Құлазыған ақын көңіліне, жабырқаған жанына ғұмыр тәтті көрінуі заңдылық. Осы жолдардағы «Тас құйқаны шымырлату» деген тұрақты тіркес ұтымды қолданылған. Алғашқы шумақтан-ақ ақынның психологиялық көңіл-күйін аңғарасың.

Мінезім-ай аңқылдаған!..

Сенбейсің-ау!.. жаз да бітті.

Қаздар ма бұл – қаңқылдаған?

Қайран көңіл сазға күпті!..-

деген келесі шумақ осы ойымызды одан әрі сабақтай түседі. Аңқылдаған кейіпкер мінезі – жаз. Қарапайым ғана метафора арқылы берілген. Шыны керек , алдыңғы шумақтағы әдемі суреттен кейін ақыннан тамаша балау күтетініміз рас. Бірақ кейінгі екі тармақтағы қаздардың қаңқылдауы, көңілдің сазға күпті болуы – бұл күдігімзді сейілтіп жібергендей болады. Көңілдің сазға күпті болуы –шартты құбылыс. Жансызға жан бітіре суреттеу бар .Келесі шумақтағы ой легі ақынның көңіл-күйімен одан ары астастырыла өріледі.

Өңменімнен жел өткіздім,

Солдырдым-ау көкшіл гүлді.

Жаңбыр жырды селдеткіздім,

Әрең бастым өкісігімді.

Осы жерде әдебиеттегі психологиялық параллелизм деген ұғым ойға оралады. Бұл көбінесе кейіпкердің ішкі толғанысын, тебіренісін білдіру үшін қолданылады. Бұл туралы мынандай анықтамаға сүйенсек те болады: Параллелизм (гр. parallelismos > parallelos - қатар жүруші, симметрия) - бір-біріне уқсас құрылымды сөйлемдер мен сөз тіркестерінің, формалас сөйлем мүшелерінін қабаттаса қатар қолданылуы. Мерей мына өлеңінде табиғат құбылысын кейіпкер жанының нәзік қылын шертудегі басты перне етеді.

Табиғат құбылысын оқи отырып, ақынның жан диалектикасына бойлай жөнелесіз.

Талдың шашы күреңденген,

Тоңдырған соң тау ызғары.

Жанға жасыл ірең берген,

Қайда кетті тамыз бағы?!

Күз келгенін аңғармаппын.

Қанық едім қыр-сырына.

Еһ, Дүние, арбалмақпын,

Енді қандай тылсымыңа?!.

Тау ызғары тоңдырған талдың шашы күреңденген – әдемі эпитетті метафора. Тоңып , жаурап отырған жанды бейне жалаң да болса, көз алдымызға елестейді.Осындай күздің көріністерін суреттей келе:

«Еһ, Дүние, арбалмақпын,

Енді қандай тылсымыңа?!», - дейді ақын. Міне, жоғарыдағы айтқан психологиялық параллелизмнің шешімі осы жерде түйінделген.

Ақын идеясын дәл басып көрсете алдым ба, білмеймін. Бұл әрине өз сөзім, пайымдауым. Өлең құдіретіне әркім өзінше бойлайды. Мен – өзімше.

Алдағы уақытта ақынның шығармашылығына кеңінен шолу жасау ойымда бар. Оны уақыт еншісіне қалдыра тұрып, сүзгіден өткен осы ойларымды қабыл алыңыздар.

Мерей інім! Ақындықтың асқар биігін , Хан Тәңірісін тіледім өзіңе!

Омарова Айгүл,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Маңғыстау облысы

Түпқараған ауданы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар