Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мөлдір Төлепбайқызы. Ақмолла – үш халыққа ортақ ақ...

22.05.2023 1883

Мөлдір Төлепбайқызы. Ақмолла – үш халыққа ортақ ақын 14+

Мөлдір Төлепбайқызы. Ақмолла – үш халыққа ортақ ақын - adebiportal.kz

Бірнеше мың жыл бойы Еуразия құрлығында үстемдік құрған көшпелі жауынгер өркениеттің дағдарысы, одан сауда-тауар қарым-қатынастарына кірігу, отырықшылыққа қадам басу ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының айрықша белгілері. Бір қалыпты жағдайдан екінші бір сапаға өту жеке адам үшін де, тұтас бір этнос үшін де қиын. Өтпелі кезең кез келген этностың өміршеңдігіне үлкен сын, биік сапаға тек шаруашылығын жаңа жүйеге бейімдей алған, рухани негіздерін заманға сай қайта құрып, жаңғырта алған мықты этностар ғана өте алады. Осы себептен де ХІХ ғасыр тәжірибесін зерттей түсудің қазіргі уақыт та өтпелі жағдайда өмір сүріп жатқан қазақ қоғамы үшін өзектілігі айқындалады. Бұл ауыр сыннан қазақ халқы абыроймен өткенін біз Абайды және оның ізбасарлары Алаш қайраткерлерін туғызған және өсіріп шығарған  ХІХ ғасыр соңындағы ахуалдан толық көре аламыз. Дегенмен де бұл дәуірдің әлі де зерттеле түсуге тиіс, әлі де бағасын алмаған тарихи оқиғалары мен тарихи тұлғалары баршылық. Солардың бірі тағдыры да, шығармашылығы да аса күрделі және бірнеше халық өзімнің ақыным деп танитын – Ақмолла Мұхамедияров. Осы тарихи тұлғаның тағдыры төңірегінде Ұлттық Академиялық кітапханаға қарасты ғылым, менеджмент және маркетинг бөлімінің ғылыми қызметкері Мөлдір Төлепбайқызымен сұхбаттасып едік. Оқи отырыңыз, қадірлі оқырман!

- Мөлдір ханым, ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінде аты алтын әріппен жазылуы тиіс Ақмолла немесе Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров туралы өкінішке орай толымды монографиялық зерттеу талас тудырады. Ақмолла ақын өз шығармашылығын қазақ тілінде жазған екен. Бірақ, бұл қайраткерге түбі түркі ағайындар «бізден шыққан» деп таласып жатады. Сіздің осы жөнінде пікіріңізді білсек деп едік?

- Әрине, ХІХ ғасырда қазақ бастан өткерген күрделі кезең туралы ғылыми еңбектер біршама бар.  Олардың ішінен ерекше А.Н. Бөкейхан, С.Д. Асфендияров, Е. Бекмаханов пен Н.Е. Бекмаханова аттарын атасақ да жеткілікті. ХІХ ғасырда қазақ қоғамының зерттелу тарихы туралы  да бірталай тарихнамалық еңбектер бар екенін айтқымыз келеді. Жалпы осы тақырыпқа арналған шолуды  Ж.О. Артықбаевтың «Казахское общество в ХІХ веке: традиции и инновации» монографиясынан қарап шығуды ұсынамыз. Қазақ руханиятында ерекеше орыны бар, көптеген жарияланымдардан оның тек шығармашылығы бағаланбағанын ғана емес, сонымен бірге өмір тарихы да нақтыланбағанын көреміз. Егер біз башқұрт әдебиетін қарасақ онда Ақмолланың башқұрт ақыны болып аталатынын, қазақ жазушыларының еңбектерінде Ақмолланың қазақ болып жүргенін, тіпті Ақмолланы татар ғалымдары да өзіне тартатынын көрер едік. 

Башқұрт деректеріне негізделген жазбаларды сараптасақ башқұрт халқының ұлы ағартушысы және ақыны Ақмолла 1831 жылы 14 желтоқсанда Орынбор губерниясына қарасты Белебей ауданында туғандығы туралы ақпараттар береді. Башқұрттың мұрағат деректері әкесі жергілікті молда – Камалетдин Ишкузяұлы, анасы – Бибіүммігүлсім Салимянқызы және екеуі де мин тайпасынан шыққан деп көрсетеді. Ал, Қазақстанда жазылған ескі кітаптар мен жазбаларда Ақмолланы ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ, башқұрт, татар халықтарына ортақ демократ ақын деп айтылады. Бұл тұрғыда академик Зәки Ахметовтің эпистолярлық жанрдағы «Ғалымдар және хаттар» (Астана, 2019) атты кітабы осы мәселе туралы бірталай дерек береді. Академик Зәки Ахметов өзінің жазбаларында М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, ҚазМУ, ҚазПИ оқытушылары мен Мәскеу, Қазан және Уфа ғалымдары қатысуымен арнайы «Ақмолла ақынның 150 жылдығына арналған» ғылыми-теориялық конференция өткізу, ақынның өлеңдер жинағын қайта басу мен ф.ғ.к. Уәлихан Қалижановтың «Ақмолла ақынның өмірі мен шығармашылығы» атты кандидаттық монографиясын басып шығару туралы және республикалық, облыстық газет-журналдарға оның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар беру қажеттігі айтыла келіп, төмендегі мәліметтерді ұсына отырып, тиісті мекемелерге арнайы хат жолдайды.

Хаттардың бірінде былай делінген, «Ерте бала күнінде әкесі мен анасынан айрылып, жеті жасынан бастап тәрбиелеген өгей әкесі Камалетдиннің баласы болып кетеді. Біраз уақыт Ақмолла Стерлибаш қамалындағы медресені, содан кейін Орынбор мен Троицктегі медреселерді оқыды. 1850 жылдың аяғында ол Троицкіден жүз шақырым жерде орналасқан Қарасу ауылында ұстаз және ағаш ұстасы болды. Халық оны «Ақмолла» атап кетеді. Ел ішінде зор беделге ие болып, әлеуметтік ұлттық теңсіздікті әшкерелеп, жалған жаламен 1867 жылы Ақмолла қара қыз Есенгелді мен Бытыш отбасыларынан шыққан билеушілердің наразылығымен зынданға тасталады. Осыдан кейін Ақмолла Орынборға барып, ресми іссапармен жүрген, қазақтың жаяу әскербасы генерал Ғұбайдулла Жәңгіров-Шыңғысханға өлең жолдап, оның көмегімен толықтай босатылды. Ақталып шыққаннан кейін Қостанай, Қызылжар, Көкшетау қалаларының маңындағы қазақтар арасында бала оқытады, өлең жазумен айналысады. 

1895 жылы 8 қазанында Троицкіден Злотустіге атпен кетіп бара жатқан кезінде, яғни Миасс қаласы мен Сарслан ауылы арасындағы жолда Нығметолла мен Дәулетшінің қарақшылары оны «бай саудагер, көпес» деп қателесіп, аяусыздықпен өлтіреді. Миасс қаласындағы зиратқа жерленген және зираттың үстіне қабір тасы орнатылған» деп жазылған. Академик Зәки Ахметов сондай-ақ, Ақмолла өзін «қазақ» деп, көптеген еңбектері қазақ тілінде жазылғандығын алға таратады. Оған себеп, мына өлеңін атап көрсетеді:

Көшпелі қазақпыз ғой күрке астында,

Өнері жоқ, ұйықтаған тек көрпе астында.

Қазақша өлең жаздым ашық қылып,

Хасистердің жүрегін ашыттырып.

Айтамын үгіт қылып қазақ халқын,

Баяғы тастамайтын ата салтын.

Бұл хатында академик Зәки Ахметов Ғабдолла Тоқайдың «Оның өлеңдерінен көшпелі қазақтың иісі есіп тұрады» - деген қанатты сөзін де қоса ұсынады. Ақмолла поэзиясының ең ұшар шыңы – оның ағартушылық идеяларын ашатын поэзиясы. Ақмолла шығармашылығы қазақ әдебиеті тарихында маңызды орын алады. Оның дүниетанымдық және идеялық-эстетикалық көкжиегінің барлық шектеулерімен әдебиетке бұрынғы өзінен бұрын өмір сүрген зар заман ақындары Дулат пен Шортанбаймен түбегейлі жаңа салыстыру берді және оның негізін салушылар Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлы болған қазақ әдебиетінде жаңа прогрессивті демократиялық бағытқа жол ашты. Ақмолла шығармаларының халық арасында кең тарағанын әр түрлі жазбалардан кездестіруміз дәлелдей алады. Ақынның аты елге кең таралғанынының тағы бір белгісі «Мес» жинағында өлеңдерінің түгелге жуық жүруі. М.Ж. Көпейұлы өз шығармаларында  Ақмолла ақынға жиі сілтеме жасап, керек жерінде оның «Ең әуел керек нәрсе – иман» деген,«Ақырет істеріне илан» - деген. Құдай кешер дегенмен іс бітпейді,«Иман шартын білмесе айуан» деген сияқты насихат өлеңдеріне сүйеніп отырады. Қазақтың белгілі ақыны және өнерпазы Нартай Бекежанов Ақмолланы ұстаз санап, «Ақмолла, Ұзақ ақын, Мәшһүр Жүсіп, Заманға жатушы еді үлгі пішіп. Солардың ағып жатқан теңізінен, Біз пақыр сөйлеп жүрміз қанып ішіп! - деп жырлайды.

Ақмолланың «Маржани туралы естелік» (1892), «Түрмеден келген хаттар» (1904) және «Ақмолла өлеңдері» (1907) шығармалары Қазан төңкерісіне дейін жеке басылымдарда жарияланды. Кеңес дәуірінде - Алматыда «Өлеңдер жинағы» (1935 жылы С. Сейфуллиннің алғысөзімен) жарық көрді. Өлеңдерінің үзінділері 9 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» (1939), «Татар поэзиясының антологиясы» (1956), «Башқұрт поэзиясының антологиясы» (1971) және «Қазақстан ақындары» жинағына (Ленинград, 1978) енді. 

Ендігі қолда бар тағы бір деректерді толығырақ ұсынсақ, «Ақмолла (Мұптақеддин Мұхамедияр ұлы) өлең жинағы» атты кітабы. «Ескі ақындар» сериясымен шыққан жинақ. Алматының Қазақстан көркем әдебиет баспасынан – 1935 жылы шыққан. Сәкен Сейфуллиннің алғы сөзімен шыққан «Ақмолла (Мұптақеддин Мұхамедияр ұлы) өлең жинағы» атты кітабы бірнеше тараушадан тұрады. Алдымен біз «Ақмолланың өмір тарихы» деген атпен берілген өмірбаяндық этюдке тоқталайық. 

Сәкен Сейфуллин «Ақмолла 1839 жылы туып, 1895 жылы өлген. Бұл кісінің әкесі қазақ, шешесі татар» деп бастайды. «Ақмолланың шын аты: Мұптақеддин. Ақмолла деп қазақтар атап лақап аты қылып жіберген. Ақмолланың әкесі Мұхамедияр Сырдария өзенінің бойындағы Ақмешіт (қазіргі Қызыл орда) аймағының қазағы. Мұхамедияр жас күнінде Нығметолла қазірет деген молла мен Башқұртстанның Істерлибаш деген қаласына еріп кеткен. Сол Нығметолла азіреттің қолындағы бір асырап алған қызын Мұхамедияр алып, сол татар қызынан Ақмолла ақын туады. Ақмолланың әкесі өліп, анасын Камелетден деген бір татар алады. Ол кісі анасы мен бірге Ақмолланы да (яғни Мұптахиддинді) өзіне бала қылып алады. Ұзамай анасы өледі. Сөйтіп ақын өгей ата, өгей ананың қолында жасынан жетім қалады. Ақмолла жасынан жетімдік көріп, мұқтаждық көріп, таршылықты басынан кешіріп, туған жері Істерлыбашты тастап, Жайық бойына Орынбор қаласының маңына келеді. Орынбордан жоғарғы жаңа Қарғалы (Әмен ауылы) деген ауылда тұрады. Бұл ауылды орысша Николский дейді. Сол арада Мұптахиддин хат таниды. Содан бір аз уақыттан соң Троицке қаласына келеді. Сол жерде оқуға барады. 

- Ақмолланың өзінен бұрынғы және өзінен соңғылар ескішіл, діншіл ақындардан айырмашылығы қандай? 

- Ол айырмашылық бұл кісінің ақындыққа, әдебиетке, өнер деп зор мағына мен көзді жұмып алып, Аллалай берген молла емес. 

«Сөз шығар шағырлардан қыкиметпен пенен...-

Және -... әр пәнде шығып менен кітап толы,

Қарасақ иелері қандай ұлы...» - дейді Ақмолла.

Ақмолла жасынан ғылым-білімге құмар болған. Ғылым мәселелері мен таныс адамдармен сөйлесуден жалықпаған. Ылғи кітап қараудан, зерттеуден жалықпаған. Ғалыммын деп, молдамын деп басқа өнерден бой тартпаған. Балта ұстап, ағаш істеу ісін жақсы білген, Арба істейтін болған. Молда болып жүргенде өз қолымен күймесін үш бөлімді қып жасап, бір бөліміне балта, шалғы, бұрғы, балға сияқты аспаптарын салып, екінші бөліміне кітаптарын салып, үшінші бөлмесіне өзі отырып жүрген. Тройцкейден оқып, болған соң қазақ арасына шығып, моллалық құрып тұрған. Бірақ, Тройцкіден келіп-кетіп жүретін болған. Көбінесе бала оқытып тұрған жері Тройцкейден жүз шақырым жер қазақтың Қыпшақ руы, Қара қыз елінде Қара балық. Қара сор, деген жер болған. Елде жүргенде Есенгелді деген бір бай өшігіп, Ақмолланы солдаттан қашып жүрген «Ноғай» деп патша үкіметіне көрсетеді. Есенгелдінің алғаш өшігуінің себебі мынадан болады:

Сол елде бір әйел өледі. Әйелдің жаназасында, әлгі Есенгелді жиналған жұрттың көзінше, Ақмоллаға таяғын нұсқап тұрып, мынадай сөз айтады:

«Әй, мына молланы қараңыздар!.. Қазақта бір мақал бар еді: «Өлеңді жерде өгіз семірер, өлікті жерде молла семірер» деген, сондай-ақ, мына молланың семіргенін қараңыздар!..» дейді. Ақмолла жұлып алғандай – «Рас айтасыз, бай, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлікті жерде молла семіреді, молласыз жерде, сіздей надандардың басын ит кеміреді»-дейді. Жұрт Ақмолланың тапқырлығына риза болып, күліседі. Содан кейін Есенгелді Ақмоллаға өшігіп қас болады. Есенгелдінің көрсетуімен Ақмолла тұтқынға алынып, Тройцки түрмесіне түсіп, қапаста бірнеше уақыт жатып шығады. 

Ақырында Ақмолланы «Мыйас» қаласына қояды. Сол Тройцкиде болатын белгілі Зейнолла Ишан ақын тарих опатын жаздырып, басына әдемі тас ойдырып қойдырады». Кітапшаның екінші тарауы «Ақмолланың ақындығы» деп аталады, яғни Сәкен Сейфуллин бұл жерде  ақынның шығармашылығын талдап, бағасын береді: «Ақмолла билер (феодальдар) және байлар табына наразылықпен ағартушылықпен жырлаған ақын. Әрине, моллалығы да соның ішінде. Билер, байлар табына қарсы жырлаған ақыны болған соң, өлеңдерінің қандайлығы, өз-өзінен мәлім болса керек. 

- Ақмолланың көп өлеңдері таза қазақ тілінде болса да кей бір өлеңдері татаршаға жақын екен. Татарша дегенде, Араб, Парсы сөздері толған «шағатайшалау» татаршаға жақын, мысалы Шыйабеддин Маржаниді мақтап шығарған «Мәрсиәсі». Осы өлеңдерін қолға алып, татар әдебиетшілері Ақмолланы татар ақыны қылып, татар әдебиет тарихына кіргізген. Осы хақында не айтасыз?

- Өз әдебиет тарихына кіргізгенде, татар әдебиет тарихшылары Ақмолланы өте биік көтеріп, мадиқлап айтады. Бір дәуірдің қақпасын ашсақ сол дәуірдің қақпасының аузынан көрінетін зор ақынымыз дейді. Әрине, Ақмолланың ақындығын мақтауға болады. Жұмаледдин Уалит ұлының 1912 жылы шыққан «Татар әдебиетінің барысы» деген кітабында Ақмолланы былай дейді: «Татар шығыр ва назымның ынтыбаден іліккі дәуіріні шушы қадар ійлә тумала, қазір ынтыба дәуіріне кәләбіз. Бұл дәуірінің қақпасына ашып кіргеш те біз анда ең әуәл-жарты қазақ, жарты татар Ақмолла әпәндіге ұшыраймыз.  Ол өзі қазақ шағыры болуы дағуасы менен майданға шыққан, және қазақ шағыры болуға тырысқанда татарлығы шенген деп айтуға жарайды. Маржани қазіретлері қақында жазған Мәрсиәсі оны шын татар қылады...» дейді.  Және Ғалый Рахым, Ғ.  Ғазиздің «Татар әдебиет тарихы» деген, 1925-жылы шыққан кітабында, Шамсиддин софының жырларын баяндап келіп, Ақмолланы былай деп айта кетеді: «... Шамседдиннің медресесінен байтақ (көп) ғалым шәкірттер шыққан. Олардың ең атақтысы шағырлікте ұстазының ыстық қақылы барысы, Татар әдебиетінің жаңару дәуірінің бірінші шағыры Муптахыйтден Мұхамедияр, яғни «Мәшһүр» Ақмолла «дүр-» дейді.

Татар әдебиетшілері мен тарихшылары Ақмолланы әдебиет тарихындағы зор орынға қояды. Әлбетте өйтулері теріс емес, Ақмолланы қазақ әдебиет тарихында да, татар әдебиет тарихында да зор орын алуға тиіс ақын екені рас. Бұл арада және айта кетейін: 1934 жыл 20 мартта шыққан көркемірек және тілі де таза. Қазақша екендігі айқын көрінеді. Мысалы: түрмеде жатып жазған мынау сияқты өлеңдерінің тілінде қазақшадан бөтені бар ма? Міні:

 

.... Менің жатқан мекенім аты зындан,

Әр түрлі адамы бар жапа қылған. 

Ішінде түрлі ғыбырат қисасы жоқ,

Сұрқия неше түрлі бар жыйылған.

 

Темір мен қадақтанған терезесі, 

Қара тас қабаттанған кірегесі.

Орыстың толып жатыр кінегесі,

Құдадан дұшпаныңа тілемеші.

 

Келмейді көңіл жетер көңіл сұрай,

Мылтығы салдат жүрер орай-орай.

Құдайым қылған іске шара бар ма?

Жатырмыз бишаралар жылай-жылай...»

Міне, бұл өлеңнің ырғақ мөлшері де, ескі қазақ ел өлеңдерінің ырғақ мөлшерімен жазылған. Татар және Башқұрт жырларында мұндай ырғақ мөлшері көрінбейді. Тек, бұл өлеңдерді татар әдебиетшілері жинап, татар баспасында бастырып шығарғандықтан кей сөздердің кей бір дыбыстарын татаршалап жіберген. Мысалы: «жатырмыз» деген, «жүрек» деген сөздерді – «жатымиз», «жүрер» деп, өзгертіп, бір өлеңнің дені татарша деген. Және Ақмолланың өлеңдерінде таза қазақ өлеңдерінде көп кез келетін қоспақ сөздер көп кездеседі. Мысалы, жаңағы келтірген өлеңдегі: .... «орай-орай», - «жылай-жылай» деген қоспақ сөздер. Және «сабай-сабай» және мына өлеңдегі қоспақ сөздер: 

... Жемейтін бауырсақты Ақмолла едім,

Шайнаймын қара нанды, қашыр-қашыр...»

«Салдаттар кеш болғанда қойдай қамай,

Жабады малдай қылып санай-санай...»

«Сарғайдым терезеден қарай-қарай,

Зарығып шыдамайды тәтті жан ай.

Есенгелді Батүшке астат болып,

Ақмолла қорлық көрді талай-талай...»

Міне, осы өлеңдегі, «санай-санай», «қарай-қарай», «талай-талай», деген сияқты қоспақ сөздер Ақмолланың сөздерінде көп кездеседі. Мұндай қоспақ сөздер қазақтың ел әдебиетінде де көп кездесетін жайт. Онан соң, Ақмолла ел әдебиетін жинап та пайдаға асырған адам. Өлеңдерінің көбінің сарыны қазақтың ескі ел әдебиет сарынындай болып келеді. Ақмолланың өлеңдерін, оның кітаптарын, және ол туралы жазылған сөздерді жинауда Башқұртстандағы Вәли Қангелдіұлы мен Ысмағұл Орманұлы жәрдем істеді.

Ақмолланың өлеңдері әлі де түгел жиналған жоқ. Ақмолла татар, Башқұрт арасында туып, сонда оқып, сол татар Башқұрт арасында өлген соң, және оның шығармалары татар баспасында басылып қазақ арасында көп тарамаған соң оны қазақ әдебиетшілерінің бір азы білмейді. Білсе де оның шығармалары мен жақсы таныс емес. Әрине, бұл азырақ ұялатын ғана жайт. Сол, ақынның шығармалары мен таныс еместіктің салдарынан, жақында біреу, Алматыда шығатын Қазақ әдебиет газетінде де Ақмолланы Башқұрт ақыны деп жазыпты. Жазғанда әлгі, Мәскеуде шығатын: «Лит газеттің» 20-мартта шыққан нөмірлеріндегі П. Низовойдың мақаласындағы Ақмолланы Башқұрт ақыны деген сөздерін қазақшаға аудара салыпты. Аударғанда әрине Ақмолланың кім екенін білмегендігі көрініп тұр. П. Низовой ол мақаласында: «төңкеріске шейін Башқұртстанның тек Ақмолла деген ақыны ғана болған еді, дейді». Одан, басқа Башқұрттың ешбір ақыны жоқ еді»дейді. ... әрине, П. Низовойдың Ақмолланы да, Башқұрт әдебиетінде білмегені оғаштау болып көрініп тұр... бірақ, енді Ақмолла ақынды әркім білер.... Әмин».

Сәкен Сейфуллиннің біз жоғарыда келтірген Ақмолла жинағына жазған алғысөзі Алматы қаласында 28-IV-1934 жылы жазылған. Ақмолла аты репрессиялар мен екінші дүние жүзілік соғысқа байланысты көп үзілістерден кейін, тек ХХ ғасырдың 60 жылдары қайта атала бастады. Бұл тұрғыдан біз профессор Б. Кенжебаевтың еңбектерін ерекше атап өтуіміз керек, оның зерттеулерінде Ақмолла қазақ, татар, башқұрттың ортасындағы үш халыққа да ортақ  ақын. Осыдан кейін Ақмолла туралы әдебиет зерттеуші У. Қалижанұлы кандидаттық диссертация қорғады. Зәки Ахметовтің де Ақмолланың мерей тойын Қазақстанда атап өту керектігі туралы мақаласы осы кезеңде жазылды. Өкінішке орай бұл мәселе жалғасын тапты деп айта алмаймыз.  Қазіргі кезеңде КСРО империясының құлауына және қиыншылықтарына байланысты  көрші елдермен әдеби-мәдени байланыс нашарлап кетті. Тіпті бүгінгі күні сенсация іздеп жарияланып мақалаларда мақалалар да Ақмолла ақының қай халықтың ортасынан шыққандығы жөнінде бірде-бір нақты сөз жоқ. Жалпы көркем әдебиетте Ақмолла сияқты құбылыстар сирек болатынын ескеру керек. Бір халықтың, немесе екі халықтың ортақ ақыны болу кездеседі, ал үш бірдей халықтың  поэзиясынан орын алу сирек таланттардың маңдайына жазылатын бақ. Біз Ақмолла феноменін ХІХ ғасырдың екінші жартасындағы инновациялық, яғни өтпелі кезеңмен байланыстармыз.  Арқалы және теңіздей  терең ақын Ақмолла Мұхамедияров тағдыры мен шығармашылығы бізге өтпелі кезең және тарих пен тұлға арақатынасы деген құбылысты түсінуге көмектеседі.

- Уақыт бөліп, шынайы сұхбат бергеніңіз үшін зор алғыс айтамыз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар