Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Морфидтер түнде не істейді?...

20.11.2024 209

Морфидтер түнде не істейді?

Морфидтер түнде не істейді? - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Мен онымен алғаш рет әлеуметтік желіде таныстым. Əйтсе де, таныстық үстінде оны бұрын-сонды əлдебір бейнетаспалардан көріп жүргенім жайында жақ ашқан емеспін. Оның түсіретін блогтары жайлы, эстетикалық көзқарасы мен қызықты стористері жайлы ғажап таңданыста болсам да, мақтауға кеудемдегі себепсіз өр көкіректік жіберген емес-ті. 

      Ол өзінің шытырманға толы еркін өмірін оқырмандарымен күнделікті бөлісіп, адамның рухани құлдырамауына септесетін ғажайып контент түсіріп жүретін қарапайым үрімдей қыз-тұғын. Кейінірек маған оның блогтары емес, ішкі жан дүниесі, толғаныстары, көңіл иірімдері, мынау бұлыңғыр əлемге деген тұнық көзқарасы, жер астынан суырып шыққандай ойға келмейтін сауалдары, тіпті ешбір аруға ұқсатып баға алмайтын терең бейғамдылығына дейін елітіп əкетті...

      Бүгін сондай өзіме де, өзгеге де сабырсыз, беймаза күйзелісте болдым. Университеттегі ауыр сабақтан жүрісімнен сүрінгелі кешқұрым шыққасын, группаластар болып жиналайық деген отырысқа айтарлықтай зауқым соқпады. Бірден қаладағы екі жігіт болып жалға алып тұрып жатқан сырты ескі көрінетін  бес қабатты ғимараттағы жалғыз бөлмелі пəтерімізге қайттым. Жолай дүкенге соқтым да, өзіме қажет сусынымды алып пәтерге ендім. Жанымдағы Смағұлдың әдеттегі жасайтын еті жоқ кеспесін жеп, кешкі ас ішіп алғасын тəтті латтемді алдым да, залдағы жасыл кереуетіме құлай кеттім. Кірпігім кірпігіме айқасқалы жатса да, ыстық латтемді сораптап өліп барамын. Дәмі тіпті әдеттегі латтеден ерек көрінді. Сөйтіп жатып инстаграмдағы стористерді қарауға кірістім...

      Смағұл болса əдеттегідей өңі кетіңкірейін деген созылмалы шылғаудай қара майкасымен тізеден қысқа қызыл шорты киіп алып жаттығу жасауда. Ол кешкі астан кейін ең алдымен бес минут тоғын басып алып, кейін арлы-берлі секіріп денесін қыздыратын. Сосын үнемі біреу-міреу аяғын соғып ауыртып алмасын деген оймен жасыл кереуеттің оң жақ шетінде қоятын он бес келілік кір тасын алып, əр түрлі жаттығулар жасайтын. Өзі сондай арық, қара торы жігіт болғанымен, ерекше шымыр еді. Қайратты шаштары мен тастай қатты қолдарын ұстағанда оның осы бір ауылдың қара домалақ, темірдей шыдамды баласы екенін мойындайтынмын. Қанша жерден салмағым одан ауыр десем де, сол арық баладан қол күрестен үнемі жеңіліс табатыным жалған емес-ті. Смағұлдың денесі қаншалықты қатты болса да, тиісінше ерекше мейірімді, қолы ашық, ерекше қанағатшыл жігіт. Онымен қоймай өзі Медициналық университеттің екінші курс студенті болатын. Смағұл жаттығу сəтінде көбіне терезені ашып азынатып қоятындықтан, қызып тұрған өзіне əсер етпесе де, дəл терезенің аузында жатқан мені ызғар үрлеп, айтарлықтай жаурататын да тұратын. Пəтердегі жалғыз қоңыр көрпеге тұла бойыммен ене кетіп, денемді жылытып алғасын, ішіндегі жүні үлпілдеп кеткен жастықты желкелей қойып алып, латтені тағы бір ұрттап ап, инста стористерді əрі қарай қарауға кірістім. Сәлден кейін аздап басым айнала бастады. Маған күні бойы əлеуметтік желіге қарауға мұрныңа су жетпей кеп, кешкісін осылай алаңсыз қарап отырған сəт ерекше жағатын. Кенет «marzhanmm» атты парақшаның Муракамидың «Норвег орманы» романы жайлы сторисін көзім шалып қалды. Ол стористе романдағы «ажал өмірге керағар ұғым емес, ол оның бір бөлшегі» деген бір ауыз болса да тамыры терең үзіндімен бөлісіпті. Мен бұл парақшаның иесі Элиана екенін жақсы білетінмін, əрі бір-бірімізге тіркелгенімізге де ұзақ уақыт болған жоқ. Ол қызды өмірде көрмесем де, əлеуметтік желідегі оның өмірі, контенттері мен көңілге жағымды цитаталары, тіпті өзі де мені бір ерекше қызықтырғаны үшін тіркелгенмін. Жалпы болмысы мен сырт келбеті адамды бірден баурайтын жан. Ал, Мураками өзімнің сүйіп оқитын жазушыларымның бірі болғасын міндетті түрде əлдене деп жауап қайтару менің ішкі парызымдай көрінді. Сəті түскен шығар деп тұспалдадым іштей.

       – Қалай роман ұнады ма? - деп табан астында сұрақ қойғанымда, арада минут өтпей,

       – Иə, əрине! - деп бұрындары тек стористеріме сырттай ғана реакция мен лүпіл басып жүрген қыз бірден жауап қайтарды.

       – Саған дейін «Норвег орманын» оқыған адам кезіктірмеп едім, қызық. Талқыламадық па? – дедім де, өзімнің дəл осылай лəм-мим демей бірден сөз бастап кеткенім жөнді іс пе деп ойланып қалдым. Неден екені белгісіз екі бетіме қан шапшып, дуылдай бастады. «Жақсы, қазір босап алайын, жазамын» - деді де бірер сəтке желіден жоқ болды. Бөтен қыз болғанымен, ортақ тақырыпқа ұсыныс тастағасын сондай жылы əрі еркін түрде тілдесуге тұрарлықтай көрінді. Оның үстіне бір-бірімізге бетпе-бет отырған жоқпыз, қысылатын несі бар екен деймін іштей.

      Бір-біріміздің парақшамызға тіркелгенімізге бір аптадай уақыт болғанымен нағыз ашылып, ақтарыла сөйлесу осы мезеттен басталған. Мен сонда бір ай шамасында ғана оқып бітірген романды жаттығу жасап жатқан Смағұлдың үстінен аттап өтіп, ағаш сөреден қайта қолыма алдым. Бір есіме түсіріп, белгілеп кеткен əсерлі жерлерін қайта ерінбей оқып шықтым. Арада он бес минуттай өткенде телефоныма Элианадан «келдім, бастаймыз ба?» деген хат түсті. Іштей жылып сала бердім. Жылынбай қайтейін? Айналамда бір-біріне соқтығысқан қанша əдебиетші жүргенін қайтерсің, дəп «Норвег орманын» оқып біткенде солардың оқып талқылайтын біреуін таппай қалғасын, мына сөз маған ерекше əсер еткен еді. Ал, оның жасқанбай бірден сөз бастап кеткені менің манадағы тұсауланған ойыма әдеттен тыс еркіндік сыйлады. Бейтанысболсақ та, туғалы бері жанымда жүрген жақыным секілді барынша ашылып талқылап кеттік. Мен романда бір жағынан ғана қарастырған мәселелерді оның көзқарасы бойынша да көріп таң болдым.

      – Меніңше, Нагасауа əкетіп бара жатқан қызқұмар емес секілді, - дедім бір сөзімде.

      – Қызық, істеген ісіне қарамастан жан дүниесі терең жан, қалай түсіндірсем екен, - деп ойланып қалғандай болды.

      – Əлі де болса толық ашылмаған кейіпкер дегің келді ме?

      – Сөзімді айтып үлгермедім, қалай жылдам жазасың? - деді. Мен отырып-тұрып жаттығу жасап жатқан Смағұлға қарап жымиып қойдым. Бұл əңгімеміз маған бара-бара жағымды əрі ыстық бола бастады.

      – Осы маған қызық, себебі мен сені аса танитын жан емеспін. Сондықтан айтшы, романда жаныңа ең жақын, соның сезімдерін өз бойыңнан тапқан қай кейіпкер болды? - деді. Ол кейіпкер мен үшін айдан анық еді, ол Ватанабэ.

      – Ватанабэде өзімнің ішкі күйлеріммен егіз сезімдер бар, - деп сөз соңына көп нүктені қыстырып жібердім. Шынымен де, менің өмірімде  жалғыздық сезімі кең етек жайғаны өзіме мәлім. Ал, жалғыздық ол әрдайым адамның өзіне ғана тән сезім, оны өзге ешкім байқай да, сезе де алмаса керек. Қалай деген күнде де, университетте күнде жападан жалғыз жүріп, жалғыз тамақ ішіп, жалғыз сабақ оқып жүрмесем осылай өліп-талып бейтаныс қызбен онлайн сөйлесер ме едім? 

      – Мен де дəл осы күй, ғажап! - деп ол қуанған сыңай танытқан смайликтерді жіберіп отырды. Əңгімеміз қыза түсті.

      – Наоко маған əлі де болса түсініксіз кейіпкер, - дедім үстел үстіндегі латтемді қайта алып ішіп жатып. Осы бір сәтте Смағұлдың жаттығулары маған қисынсыз жаттығулар секілді көріне бастады. Бір қарағанда қабырғаға жабысып, бір қарағанда басымен тіке тұрып айналып жатқандай әрекеттерді көзім шалды...

      – Маған да! Меніңше автор біздің оны толыққанды түсінгенімізді қаламаса керек, - деді.

      – Оқырманның өзіне қалдыратын жерлері тым көп, соның бір де бірегейі осы Наоко. Осы сəтте маған телефонның арғы жағында ағынан жарыла ақтарылып отырған ару тым жақын досымдай көрінді. Жүрегімде көтерілген əлдебір көмескі ұшқын, бара-бара менің жаныма майдай жаққан мына хаттардың әсерінен өртке ұласайын дегендей. Арада уақыт өтіп бір сағатқа таяу талқылағаннан кейін манадағы мен сені жақсы танымаймын деген хатына жауап ретінде:

      – Мен де сені тым жақсы танитын адам емеспін, десе де ішкі жан дүниемізде егіз қызығушылық пен көбелектің деміндей ғана ұқсастық бар секілді. Оны айтып отырған себебім кітаптағы көзқарастарымыз бетпе-бет түйісіп, идеал келіп тұр. Дəл осы шығарманы басқаша қабылдайтын жандарды да көргенмін əйтпесе... - дедім. Кенет қолы қолына тимей жазып отырған екеуміз де үнсіз қалдық. Мен телефонды өшіріп, беті-қолымды салқын сумен шайып келуге кеттім. Өзімді осы сəтте бір ақымақтай сезініп үлгергенім өтірік емес. Айнадағы бозарып кеткен, әйтсе де бір шаттықпен айқасқан жүзімді бағып ұзақ тұрдым. Арада біраз минут өткенде Смағұл апыл-ғұпыл жүгіріп келді. Манадан бері ашылып тұрған кранды жауып, «ысырап қой»,- деп мені сөккендей болды. Шынтуайтында өзімнің кранды ашып, суды сарқыратып қойып мәз болып тұрғанымды сол кезде ғана білдім. Ары қарай барып төсегіме жатайын десем үстел үстінде бағана ішкен латтемнің ыдыстары көбейіп кетіпті. Көзімді арлы-берлі уақалап барып, ештеңе түсінбестен төсегіме жаттым. Шаршаған шығармын дедім. Не дегенмен бірінші рет ашылып сөйлесіп отырған қызға бұлай жазғаным артық емес пе деп те ойланып кеттім. Əйтсе де кітап арқылы леп көтерген таныстығымыз жайлы ойымды шынайы білдіргеніме риза болдым. Смағұл бұл кезде бөлмедегі жарықты өшіріп, жерге көк матрасын жайып, телефонымен алsсып жатқан. Элиана минуттар өткенде әріп тере бастады.

      – Ойларым сенікіне ілесіп үлгермей жатыр, ал сенің сөз байлығыңмен ойларыңды түсіндіре алуың мені тым баурай түсті - деді. Жүзімде қайта шаттықтың ізі байқалды. Смағұл менің бал-бұл жайнаған жүзімді көріп, кіммен сөйлесіп жатқанымды сұраған, мен оған дəл осы қыз деп ашып айтпағасын, ол тереңдете сұрай қоймады. Мен Смағұлды осы бір ісі үшін ерекше құрметтейтінмін, жақсы көретінмін. Маған Смағұлдың болмашы заттарды жағаңнан алып тергемейтін осы қасиеті ұнайтын.

      – Əрине, енді бостан-бос əдебиетші болып жүрген жоқпын ғой, айтпақшы өзің нендей мамандықта оқисың? - кеудеме піскен кішігірім наның буын телефонның арғы жағынан білдіргім келмеді.

      – «Нендей» деген қандай деген сөз бе? Əлдеқашан суып қалған кофемнің түбіндегі соңғы жұтымды ішіп отырған жерімнен күлкі қысып, аузымның жан-жағына жұққанды сүрттім де:

      – Иə, дəл өзі.

      – Ааа, қайдан білейін - деп ол да күлді. – Негізінде мен əлі мектеп оқитын он жеті жасар қызбын.

      – Мəссаған!

Шынымен таң қалдым. Мен оны əуелден университетте оқитын студент қыз деп ойлаған едім. Түрін, түсірген бейнероликтеріне қарасаң дəл үлкен қыздар секілді. Қысқасы мен күтпеген жауап болды. Сосын ақыры мектеп оқып жүрген қыз болғасын қандай мамандық иесі болғысы келетінін сұрағым келді. Осы мезетте сəл кідіріс болды да, мен ойламаған жерден дауыстық хат келіп түсті.

      – Мен негізі кім болатынымды əлі де болса білмеймін, егер шынымен қызықтыратын болса, шамамен жеті-сегіз дауыстық хатты тыңдауға дайын бол, - деді.

      – Құлағым сөзіңде, көзім хаттарыңда, - дедім. Алғашқы дауысхатын жіберді. Тым тəтті əрі жағымды дауысы құлағыма ұялап алғандай болды. Ол дауыстың арғы жағында маған деген артылған үлпек сенімнің, тәтті шынайылықтың барын сездім. Сол себепті ме,оған осы бір сағаттар көлемінде тым жақын болып кеткенімді де аңғардым. Тұла бойымнан қан жүгіріп, осы жатқан жерімнен Смағұлды қайта тұрғызып ап, қатарласып жаттығу жасағым-ақ келгені-ай. 

       – Мен негізі жетінші сынып оқып жүргенде менен кім боласың деп сұрағандарға «блогер» боламын деп жауап беретінмін. Күлкілі, иə? Бірақ бұл менің арманым еді, әлі де болса соны армандайтын сияқтымын. Неге екенін білмеймін, дәп осы мамандық жайлы сөз болса, ойларым әр жаққа шашырап кетеді. Кейінірек суретші, дизайнер болғым келді. Бірақ онымен де нан таба алмайсың деген маған жақпайтын сөздер ол арманымнан бас тартуға итерлемеледі. Сосын актриса боламын деген арманым пайда болды, бірақ бара-бара барлық өмірімді актерлікке арнауға дайын емес екенімді түсіндім, - деді. Элиана телефонның артынан күрсінгендей көрінді. Онымен қоймай маған өзі жайлы сырларын ашықтан-ашық ақтарып отырғасын, өзімнің Элиананың алдындағы болмысым мен қадірімді, жауапкершілігімді терең ұқтым. 

– Жалпы менің болғым келген мамандығым өте көп, бірақ олардың барлығы маған келмейтін секілді көрінеді... Мен қалайтын мамандықтар бүгінгі күні нан табуға қолайсыз және өзімнің болмысыма тоғыспайтын мамандықтар...

      – Меніңше, адам жаны қалайтын іс əрекетті өзінің идеялары арқылы табысқа айналдырып, сол табыс арқылы бір рет берілетін өмірді ғажайыпқа толтырып сүру керек.

      – Мені осы тұста жауапсыз қалдырып отырсың. Десек те, екеуміздің жолымыз екі түрлі. Сенде өзің қызығатын, жаныңа тыныштық əкелетін ісің болуы мүмкін, ал менде керісінше... Алайда мен барлық затты қолымнан келгенше байқап көргім келеді, барлығын...

      – Сонда қазір жаның мүлде ештеңені қаламай ма?

      – Жаным қалайтынды əзірге таппадым, бір нәрсеге аз уақыт қана қызығамын, толық бір іске берілу мен үшін шоқ ұстағаннан қиын. Сондықтан жанымның тыныштығын табатын іс-əрекетті əлі де болса тапқан емеспін.

      Меніңше, бұл жағдай қазіргі он бірінші сыныптың оқушысы үшін тым қиын. Себебі жақында тестілеу бар, мамандық міндетті түрде таңдау керек, ертеңгі күніңе жоспар құру дегендей мәселелер маңызды еді.

      Мен телефоннан назарымды алып, айналама көз тастағанда төбедегі люстра арлы берлі теңселіп тұрды. Мен жер сілкініп жатыр ма деп ойлап, төрде ілініп тұрған ағаш сағатты түзеп қойдым да, орныма кеп қайта жаттым. Смағұл «не істеп жүр» дегендей бір қарады да, қайта телефонына байланды.

      – Бəріне уақыт керек шығар - дедім, өзімнің аяқасты даналығым ұстап. – Ең бастысы сəл ұнайтын, өзің соны жасаудан лəззат алатын істерден үмітіңді үзбеу керек шығар. Бір күні болмаса да, бір күні сол əрекетің сені жетістікке жетелейді... Өмірдің мəні осы емес пе?

      – Сеніңше өмірдің мəні белгілі бір жетістікке жету ме? Кім білсін, бəлкім маған мүлде белгілі бір мамандық иесі болуды жазбаған да шығар. Ол да мүмкін ғой? Сондықтан өмірімнің мəнін мамандық, не болмаса жұмыс қылмай, өмірімді жəй ғана ел қатарлы, естеліктерге толтырып, бір рет келгенге лайықты етіп сүру болмақ... - деді. Көз алдыма оның бейғам ғана ешқандай мəселеге алаңдамай блог түсіріп жүретін бейнетаспалары оралды. Неге екенін білмеймін Элиананың осы сөзі əлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Мен ойланып қалдым. Сөзіне шынымен де келіспеске шарам қалмады.

      – Иə, дұрыс айтасың, өмірге келгендегі бірінші талап - маман иесі болу мен жұмыс істеу емес, өмір сүру, - дедім. Маған он бірінші сынып бітіргелі жүріп, мамандық жайлы емес, кең өрістегі өмір жайлы ойлаған Элиана қоғамдағы таптырмайтын қыздай көрінді. Шынтуайтында Элиана телефонның арғы жағында отырып алып, көзқарасын ерекше көрсеткісі келген қыз емес, меніңше оған олай көрінудің келіп-кетері де жоғын тілдесу үстінде барынша ұқтым. Бір кезде менің соңғы жазған хатыма:

      – Өмір. Төрт əріп. Сонша сұрақ пен жауап. Эх, оны талқылауға бір кеш жетпес еді... - деп жауап жазды. Мен бұл сөзге де келістім. Мен Элиананың парақшасына кіріп, оның суреттерін тағы бір қарап шықтым. Шашы карэ  үлгісінде қиылған, көзінің астындағы нүктедей ғана меңі мені ерекше баурады. Шынымен елден ерек қыз екенін тағы да мойындаймын.

      – Негізі роман жазуға таптырмайтын образсың, - дедім. Егер сені ұлы жазушы жазар болса, туындысының дəмі сен болар едің.

      Ол тағы кідіріп қалды. Мен ыстықтап барып Смағұлдың жанына жерге жаттым. 

      – Сенің мен жайлы ойлағаның ерекше сезіледі екен. Жадымда көп зат сақтала бермейді, десе де мен жайлы мына пікірің ұзақ уақытқа сақталар, - деді. Мен бұл сөзге тіпті масайып қалғандай күй кештім.

      – Айтпақшы, сен жаңа сені не нәрсе қызықтырады дедің ғой, оны білмеймін, алайда мені өмірдегі ақымақтар қоятын сұрақтар өлердей қызықтырады, - деді күлген смайликтерін жаудыртып.

      – Иə, қандай?

      – Ей, сен тек мені мынау жынданған ба деп ойлап қалма, ок?

      – Жоға, ондайым жоқ, айта бер, не сұрақтар ол?

      – Сені өзі көбелектерді жақсы көресің бе? 

Сəл кідірдім де, өтірігімді соқтым:

      – Иə, əрине, тым жақсы көремін!

      – Огоо, қандай түрін?

      – Барлығын. 

      Өтірікті судай сапырып отырғанымды қайдан білсін. Бірақ амал қайсы, қазір «жоқ, мені көбелектер мүлде қызықтырмайды, қызықтырған да емес» десем әңгімеміздің күлін көкке ұшырғаным ғой.

      – Ал, морфидтерді ше? Олар сондай ғажап қой! 

      Мен дереу телефон шұқып жатқан Смағұлға қарадым.

      – Смағұл?

      – Ммм? - деді көзін телефоннан алмастан иегінің астымен мыңқылдап.

      – Морфидтер деген қандай көбелектер ол?

      – Ыыы, қазір, бүгін ғана өткен тақырып қой, - деді телефоннан көзін алмай ойланып жатып. Мен қуанып кеттім. Сəл кідірді.

      – Əй, болсаңшы енді

      – Морфид əлемдегі ең əдемі жəндік (грек тілінен аударғанда «морфо» сөзі əдемі дегенді білдіреді). Түгел дерлік ақ бояуға малынған морфидтер бар, алайда аталықтарының қанаттары əртүрлі реңдермен құбыла құлпырып тұрады, қара күлгін түстен аспан-көк бояуға дейін жайнаса, енді бірде жылтыр күмістен жасалған айнадай күнге шағылысады. Қанатының асты əдетте қара-қоңыр, бұтаққа қонған көбелекті солған жапыраққа ұқсатуға болады. Аналықтар аталықтан ірі жəне қоңыр, сары-жосалы немесе қызғылт түске малынған, - дегенде Смағұлдың білімді екенін мойындауға сəл-ақ қалғаным рас. Алайда ол бəленің ғаламтордан оқып, сайрап жатқанын бағып, тек алғысымды ғана айттым, басынан нұқып қойдым. Кейін өзім де олар жайлы бейнетаспа көріп шықтым. Маған мүлде қатысы жоқ, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тақырып болғанымен, суретін көргесін мені əлгі көбелек өзінің ерекше әдемілігімен елітіп əкетті. Дәп бір ертегілер еліндегі көбелектердей әсем жаратылыс! Менің мынау санамда ендігі Элиана мен осы морфидтер ассоциация орнатты. Маған әрдайым осы екеуі бейнебір егіз жаратылыстай елестейтін болды.

      – Иə, олар тіпті ұнайды, сондай ғажап көбелектер ғой - дедім.

      – Мен көбелектердің қаншама түрін білемін, əйтсе де осы көбелек маған ерекше қызық.

      – Дәл айттың қызығарлықтай, тіпті ғашық боларлықтай!

      – Жəне сұрағым да соған байланысты

      – Иə?

      – Сол морфидтер түнде не істейді екен? Түу, сондай қызық! Білетін бе едің? 

      Мен дереу Смағұлға қарадым. Смағұл сасқан жоқ:

      – Олар əн айтатын шығар, шілде айында түн кезіп далаға шықсаң самал желдің əуезді əуені адамды елітіп əкететіндей, олар да орманда жүріп дəл солай əн шырқайтын шығар, біз бірақ өкінішке орай түнде орманда болмаймыз да, ол ғажайып əнді естуден мақрұм қаламыз, ааа, сосын олар біз жақта мүлде мекендемейді, ендігі оған тіптен мүмкіндік жоқ, - деді де, артынша неге ақымақтың сұрағын қойып отырсың, - деп күліп қойды. Маған Смағұлдың айтқаны ақылға сыймаса да, ертегі ретінде шынымен көңілімнен шықты.

      Мен Смағұлдың айтқанын Элианаға əдемілеп жазып жібердім. Элиана жіберген қуанышты дауыстық хаттарынан кейін Смағұлды емес, өзімді ерекше тапқыр сезіндім. Шынымен де морфидтер түнде дәл осылай ән салатын болса, ғажап емес пе?

      – Олар түнде шынымен де солай ән сала ма? - деді кенет Элиана. Мен оның бұл сөзге сеніп бара жатқанына күлдім де:

-        Жоға, әрине, мен жәй әзілдегенім ғой, шын көріп қалма, -дедім.

            – Түу, олай әзілдегенше, не істейтіні жайлы айтып берсең етті. Мен соны білгім келеді және тым жақын арада, тіпті бүгін, қазір. Ұнататын жаратылысы жайлы ақымақ сауалдар да адам баласын қызықтырады емес пе?

       – Айтпақшы, Эли, сен əлі де өзіңнің не нəрсеге қызығатыныңды білмеймін дейсің бе? - дедім. Ол күлді.

      – Алдағы уақытта мен саған міндетті түрде морфидтердің түнде не істейтінін айтамын. Уəде беремін, - дедім. Ендігі ісім Смағұлға қайта өтініш білдіру еді.

      Сосын мен Элианаға Муракамидың «Лексингтондағы елестерін» оқуға ұсыныс тастадым да, ол оқып болғанша түн ішінде ас бөлмесін салдырлатып жүрек жалғамақ болдым. Ас бөлмесінде отырып сол шығарманы талдадық. Кейінірек ол маған өзінің армандарын, өткен шағы қалай өткенін, өзінің бойында өзге ұлттың қаны бар екенін, анасынан ерте, кейінірек алты ай бұрын ғана Мәскеуде сырқаттанып жатқан әкесінен айырылғаны жайлы сөз етті. Мен барынша мұңдас болуға тырыстым. Он сегізге де толмаған үрімдей қыздың осындай қиындық көргеніне, сірә, сену қиын. Әйтсе де, соншама батпан зілдің өмірде титтей лебін де байқатпайтынына қарап, Элиананың қайсарлығына таң қалдым. Біз жалпы осылай қысқа ғана сәтте жақын жандардай болып кеттік, тіпті тым қысқа... Ол жақындықтың əрине, қыз бен жігіт болып махаббаттың іргесіне жақындадық деген сөзден ада екенін екеуміз де айдан анық білетін едік. Біздің жақындығымыз достық санатына да жатпайтын тым бөлек, ғаламнан тыс сезім мен бір-біріміздің іштей ұқсастығымызды тапқан дерексіз таныстық...

      Ұйықтар алдында тағы да жуынып-шайынып келдім де сағатқа қарасам сағат түнгі екіден кетіпті. Ас бөлмеге барып суды тыңқита іштім де орныма кеп жатсам Элианадан хабарлама түсіпті. Сүгіретпен бөліскен екен. Ішін ашып қарағанымда өзінің ауруханада жатқан жүзін көрдім. Түрі бозарып, көзінің асты тұманданып, бетінің бірнеше жерінен үлкен бездер пайда болыпты. Астына, «ойлашы, осымен бәрі бітті, жанымда рак пен сенен өзге ешкім жоқ...» деген сөз жазыпты. Менің жүрегім тарс-тарс ұрып, аузыма тығылды. Не болып жатқанын анығырақ сұрағым келді. Менің жазып жатқан хаттарыма қарамастан ол маған тек «ғұмырымның соңғы сәтінде жанымнан табылып, жүрекпен тілдескенің үшін саған мың да бір рахмет, мені анда-санда болсын есіңе алып тұршы, соңғы өтінішім сол» деген ғана хат жазды. Үстімнен тастай суық су құйғандай жатқан орнымда сірестім де қалдым. Неге ол маған осыған дейін ауырып жатқаны жайлы айтпаған? Айтқан күннің өзінде мен бейбақтың қолынан не келер еді? Ол мүлде жат қалада, мен мүлде басқа қаладамын. Бір-бірімізді көрмеген жандармыз, оның қайда тұратынынан де бейхабармын. Элиананың маған жазған соңғы хаты осы еді. Содан кейін қанша қоңырау шалсам да, хабарлассам да еш жауап болмады. Не істерімді білмей дал болдым. Артынша инстаграмдағы авасы алынды да, посттарындағы барлық суреттер бірден өшіп кетті...

      Таң атысы қоңыраудың жағымсыз дауысынан ояндым. Басыма зіл тас байлап қойғандай ары-бері ауып кете береді. Сынып барады. Смағұл әлдеқашан тұрып кеткен екен. Шамасы сабағы ерте басталатын болу керек, болмаса бүгінгі сабағынан бас тартып, бір күндік жалақылы жұмысқа кетті ме. Үстел үсінде сыраның бес бөтелкесі шашылып жатыр. Кейін Смағұлға хабарласқанымда менің группластарыммен отырыстан масайып келіп, одан кейін тағы да бес бөтелке сыра алдырғанымды,  түні бойы айнаға қарап тұрып лоқсып, кранды ашып тұрып алғанымды, ас бөлмесін ақтарып сыра іздегенімді, өмірі қыз атаулыға жазып көрмеген менің, бір қызбен түні бойы еркін сөйлесіп шыққаным жайында майын тамызып, жіліктеп тұрып жеткізіп берді. Менің сенгім келмесе де, үстел үстіндегі латте деп жүрген сыраның бөтелкелеріне қарап сенбеске шарам қалмады... Барлығы дерлік үп етіп өте шыққан жел не жеңіл түстей ғана, Элианадан өзге миымда ешбір дерек сақталмапты. Санамда тек Элиана, Элиана, Элиана...

      Онымен сөйлескен əр минуттар маған кітап пен өмірді түсінуге жол ашты. Ол мынау бұлыңғыр ғұмырға тұнық көзбен қарауды үйретті. Ол маған ешбір қыздан табылмайтын эстет қыздың бейнесін көрсетті. Жəй ғана онлайн танысып, бір түн ғана сырласқан қыз осыншалықты қымбат жан болып қалады деген үш ұйықтасам да түсіме кірмеген болар.

      Осы оқиғадан кейін айлар бойы түн ортасында ұйқым қашып оянып кете беретін болдым. Көз алдыма Элиананың суреттері, құлағыма оның жіберген дауысхаттары, ойыма оның өмірдің мəні жайлы тапқыр көзқарасы келе беретін. Бұл оқиға жайлы ешкімге, тіпті Смағұлға да тіс жарып, жақ ашпадым. Тек жеке өмірімдегі өткен біреулер үшін маңызсыз, ал өзіме елеулі де, ерекше сезім сыйлаған сəт болып қала берді. Шынтуайтында сайтан алғыр сыра болмаса мен сол күні өмірінің соңын жалғыздықпен өткізіп жатқан арудың сырласы болар ма едім..? Өмірді әрқашан бүгін өлердей сүру керектігін түсінер ме едім?

      Бүгін де түнгі сағат екіден бес кеткенде оянып кеттім. Элиана жəне морфидтердің түнде не істейтіні жайлы төбедегі люстраға қадалып ұзақ ойға баттым. Жынды адамдарша күлдім. Смағұлға көз тастағанымда оның тек пысылдап ұйықтап жатқан жүзін ғана байқадым. Ноутбугымды ашып осы оқиғаға негізделген, морфидтердің түнде не істейтіні жайлы шығармамды жазып бастап кеттім. Айтпақшы, мен Смағұлды ұйықтағанда қорылдамайтыны үшін де жақсы көремін...

Тұрарбек Мерей

Автор жайлы мәлімет

Тұрарбек Мерей Қайратбекұлы, 2006 жылы 13 сәуірде Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Шәкәрім университетінің 2 курс студенті. Жыр-мүшәйралардың жүлдегері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар