2000 жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше екі басылым болды. Бірі - Атырау шәрінде шығатын «Алтын Орда» газеті болса, екіншісі - Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ» газеті еді. Бұл қос газеттің біріне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал екіншісіне Талғат Ешен есімді қазақтың екі интеллектуал азаматы бас редактор болған еді. Екеуі де елге белгілі ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқан жарытып газет шығара алмайды», - деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.
“Әдебиет порталы” «ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР...» айдарымен тек осы екі басылымда ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадында қайта жаңғыртуды жөн санап отыр.
Бұл жолы бар саналы ғұмырын қазақ фольклорын жинауға, соның ішінде тұрмыс-тіршілігіндегі ұмыт болып бара жатқан атаулар мен сөздерді жинауға арнаған, халқымыздың этнографиялық қазынасын толықтыруға өлшеусіз үлес қосқан ғалым-зерттеуші Жағда Бабалықұлының “Жас қазақ” газетіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Біздің тарихшылардың қолындағы қазақ халқының тарихы туралы деректері неге сақ дәуірінен аспайды? Мысалы, Есік қаласынан табылған Алтын адам 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген. Атыраудан, Арқадан табылған Алтын адамдарға да - 2,5 мың жыл. Сонда қазақ халқының тарихы 2,5 мың жылдан аспай ма? «Бұдан бұрын менің ата-бабам болмап па екен» деген ой кім-кімді де ойландырмай ма? Әрине, ойландырады, толғандырады. Тарихшыларымыз бен археологтарымыздың 2,5 мың жылдан аса алмайтын себебі, біздің тарихты батыс ғалымдары жасаған. Батыс ғалымдары жасаған жасанды тарихты өз тарихшыларымыз әлі күнге дейін тас-талқан етіп бұза алмай келеді.
Батыстықтар бізді «Бұлар жабайы, сондықтан оларда тарих жоқ, тексіз халық» деген. Тіпті «Бұларда адамға тән тарих жоқ, сондықтан оны жазудың, зерттеудің еш қажеті шамалы» деген қорытындыға келсе керек. Біздің өлкемізден алтын адам табылған кезде кейбір батыс ғалымдары «Мынаның шашы сары екен, демек, еуропалық болуы әбден мүмкін» деп те бұрмалап жатады. Осыған байланысты мен көптен бері Мық деген халық туралы ойланып жүрмін. Өйткені, біздің қазақта мық деген ұғым бар. Мәселен, Қытайдағы қазақтардың кез келгенінен біреудің үйін сұрасаңыз «үй, ол кісілер анау ақ обаның ар жағындағы, мықтың үйінің бер жағындағы үйде тұрады» деп оба мен мықтың үйін айырып айтады. Бірақ оба мен мықтың үйі бірдей, үйіп қойған тас. Демек, мық деген халық болған. Бүгіндері Шығыс Қазақстандағы қазақтар «Әкемнің басына үй тұрғыздым, шешемнің басына үй тұрғыздым деп жатады. Міне, біздің қазақ бейітті ертеде үй деген. Мықтың үй дегені солардың моласы деген сөз.
Мен мықтың үйін іздеп біршама жерді араладым. Мәселен, еуропалықтар Тянь-Шань (қытай тілінде тянь-аспан, шань-тау) деп атайтын Еренабыр (бұл сөз даңқты, әйгілі деген мағынаны білдіреді) немесе Еренқабырға, кейде оны қазақтар Ерентау деп те атайды, осы Еренабырдың арғы тұмсығы ұлы қытай қорғанына тақап барып бітеді, арасы онша алыс емес, көп болса, 500 шақырым болып қалатын шығар. Осы екі арада Аратүркі деген аудан тұр. Қасында Баркөл деген жер бар. Екеуінде де қазақтармен бірге ұйғырлар тұрады. Осы өңірден басталған мықтың үйі біздің Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына дейін жетеді. Мұғалжар өлкесінде дәл мұндай ұғым жоқ екен, бәлкім, мен кездестіре алмадым, ести алмадым. Сонда шығыстан батысқа қарай есептесең, осы екі араның ара қашықтығы 3-4 мың шақырым екен. Ал солтүстіктің дәл қай жерінен басталғанын білмеймін, оңтүстікте, Орта Азияда, яғни, Тәшкен ойпатына дейін мықтар үйі деген ұғым бар. Осы аумақта ғұмыр кешіп жатқан адамдар біледі, айтады. Мен еліміздің оңтүстігінде жатқан Қаратаудың солтүстік-шығысында орналасқан Созақ ауданын түгел араладым. Мықтың үйі деген сөзді ел біледі. Демек, бұл жерде мықтың үйі күмәнсіз бар. Бір таңданатын нәрсе, осынша үлкен аумақты біріктірген елдің бүгін біздің қолымызда бір жапырақ дерегі жоқ. Таң қалмасқа шараң бар ма! Осынша үлкен территорияны біріктірген елдің тілі бір болмаса, діні бір болмаса, ділі бір болмаса, ұлттық рухы болмаса, шаруашылығы бір болмаса, мұндай аумақты бір тылдың астына біріктіре алмайды. Яғни, мықтар - бір тылдың астында жатқан халық. Осынша үлкен жерді иемденген ата-бабамызды бүгін біз неге жұмбақ қылып отырмыз? Шын мәнінде Мықтың рухы бізбен бірге жатыр.
Мен 1970-жылдары Мәскеудегі Ленин кітапханасында екі айдай уақыт болдым. Күні-түні кітап оқыдым, іздендім. Қарқынды жұмыстың нәтижесінде бір күні кітапхана мұражайынан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің араб қарпімен жазған өз қол жазбасын тауып алдым. Аса зейінмен оқып шықтым. Ондағы «Арқада мық деген халық - болған» деген сөзді оқығанда көзім жасаурап кетті. Қатты қуандым. Осы бір-ақ ауыз сөйлем маған қатты әсер берді. Бірден көшіріп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдім. Мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйі дегенді білемін, бір қаншасын қазып та көрдім, астында адамның сүйегі жатады екен, мола екен», - деді. Әлекең мықтың үйін қазған кезде, о кісінің қасында Сәбетқазы Ақатай да болыпты.
Мінеки, мықтың үйі деген сөз санасында сәулесі бар жанға ой салары хақ. Соңғы бір-екі ғасырда қазақтың молалары шоғырланып қойылған. Бүгінде де солай, қазақтар туыс-туғандарын шоғырландырып жерлейді. Ал мықтың үйі шоғыр қойылмаған, жалғыз-жалғыз. Ана жерде біреу, мына жерде біреу. Ана тұмсықта біреу, Мына сайда біреу деген сияқты жеке-жеке жатыр. Тіпті кез келген қолайсыз жерге қоя салған. Мен осыған мынадай ой жүгірттім: мықтың дәуірінде адам қай жерде жан үзген болса, сол жерге қойылуы керек.
Бұл - менің жеке ойым. Осындай заңдылық болуы әбден мүмкін ғой. Бір ғана жерден қатарынан үш мықтың үйі жатқанын көрдім. Қытай жақтағы Жайыр тауының етегінде Көлденең деген су бар. Ол Шәуешек пен Үрімжінің арасындағы жолдың батыс жағында жатыр. Сол жерде мықтың үйінің үшеуі бір жерде тұр. Басқа жерден мұндай шоғыр мықтың үйін көрмедім. Мүмкін, үш адам бірдей осы жерде жантәсілім еткен шығар.
Тағы бір қызық, Қытайдағы қазақтардың көбісі мал шаруашылығымен айналысады ғой. Олар қыста қыстауда тас қоралар жасайды. Әрине, бүгінгідей үлкен техника жоқ, тасты олар арбамен, сүйреткімен тасиды. Жақын жердегі тастың бәрін пайдаланады. Мықтың үйі кездесіп қалса үстінде бос жатқан тастарды ала салады. Тасқа қызығып адамның сүйегін шығарып алған талай қазақты білемін. «Ой-буй, мынау бейіт екен ғой, қайта көміңдер, құран оқыңдар...» деп қайта көміп жатады. Міне, олар мықтың үйінің не екенін ұқпастан тасын түгел алып қояды. Менің осыны айтып отырғандағы бір себебім бар, осыншалық ашылып жататын мықтың үйінен алтын тауып алдым немесе күміс әшекей бұйымдар тауып алдым деген бір қазақты кездестірмедім. Соған қарағанда мықтың дәуірінде алтын-күмістен жасалған бұйымдарды өлікпен бірге жерге көму деген салт болмауы мүмкін. Есте ұстайтын тағы мәселе бар, тегіндегі қазақтар жыртқыш аңдар адам сүйегін жеп қоймас үшін оны ауыр тастармен бастырған. Тас үюдің негізгі себебі осы. Әрі көмген жерді жоғалтып алмауы керек қой, яғни, бір жағы белгі. Мықтар заманында үйген тас аз болмаса керек. Адам бойы биіктікте я болмаса ат бойы болуы әбден мүмкін. Қазір олардың бәрі жерге сіңіп кеткен. Демек, мықтар – өте ұзақ тарихқа ие халық. Кешегі кісі бойы тастар бүгін тізеден аспайды. Жалпы мықтар үйінің бәрі бірдей болып келеді. Тек бір ғана мол таспен үйілген үйді көрдім. Алакөлдің шығыс жағында Майлы деген тау бар, оның шығыс жағында Жайыр тауы тұр. Майлының оңтүстік жағын бөктерлеп Қаратамақ деген кенере жол кетеді. Бұл тегіндегі Жібек жолының үлкен бір саласы болған. Кенере жол Майлының арғы жақ ұшына таман барып, Байынамбы сайымен құлдап жазыққа түсіп кетеді. Байынамбының аузына жақын жерде бір мықтың үйі бар. Оны мен тым ертерек, бала күнімде көрдім, екінші рет 1954 жылы көрдім. Соның биіктігі 1 метрдей болатын, ал диаметрі 20 метр мөлшеріндей еді. Демек, бұл жерде мықтың бір батыры, я болмаса көсемі, әйтеуір құрметті адамы жатыр. Мен бұдан басқа үлкен үйілген тас көрген жоқпын.
Майлы мен Жайыр тауларының арасында Нарынсу деген қыстаулық жер бар. Нарын монғолша жіңішке деген сөз. Нарынсуда менің Оспан деген туған ағам тұрған. Бір күні Оспандар қора салуға тас іздеп жүріп мықтың үйін ашып алыпты. Астынан адамның сүйегі шыққан. Ағам - алып адам, бойы 195 см. Сүйектің жілігін алып аяғына өлшеп көрсе, сынық сүйем (15 см) ұзын болыпты. Сонда ағам «менен де үлкен адам екен» деп таңданып отыратын. Бір ғажабы, олар дәл сол шұңқырдан дөңгелек тас табады. Онын диаметрі 1 метр, қалыңдығы 50 см, ортасы тесік тас көрінеді. Бүгіндері біз мәшиненің резеңке дөңгелектерін кесіп, малға жем салатын науа жасаймыз ғой, ана тас та дәл солай қашалыпты. Науа тастың тесігі табиғи болса керек, айналдыра үңгіп қолмен қашапты деседі. Тас жалтырап кетіпті дейді. Ағамыз оған тұз немесе бидай талқандауы мүмкін деген болжам айтып еді. Айтпақшы, онын қызыл, гранит тас екені есімде. Осылай мықтың үйі – ел аузында айтылып жүрсе де, ғылым бойынша біздің дәуірімізге дейін ашылмай келген тың тақырып. Сондықтан біздің ғылым осы мәселемен айналысуы керек деп білемін. Бейіті тұр, астында сүйегі жатыр, ғалымдар осыны неге зерттемейтіні түсініксіз.
Менің қолымда мық халқының қай дәуірде өмір сүргенінен аз болса да мағлұмат беретін үш дерек бар. Бір, мықтар біздің дәуірімізден 10 мың жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Мәселен, мына Алматы облысы, Жамбыл ауданында, Майтөбе дейтін жайлау тұр. Ол Алматы қаласынан онша алыс емес. 1986 жылы жазда мен Майтөбеде демалдым. Сонда туыстарым тұрады. Жаз. Жайлау. Күн ашық. Атқа мініп, жер аралап кетіп қаламын. Кейде жаяу қыдырамын. Ол жерде тастың бетінде сансыз суреттер бар. Тіпті біздің ұғымымызда жоқ суреттерді де көрдім. Біздің ұғымымызда жоқ хайуанаттардың да суреттері салынған. Ол қай уақытта болған хайуанаттар? Бұл белгісіз. Оны жобалап айту да қиын. Бір-ақ жерден Керқұла аттың суретін көрдім. Бір күні атпен келе жатсам, тастың бетінде бес адам билеп тұр (1-суретті қараңыз).
Олардың суретін бір-бір сызықпен беріпті. Тас онша үлкен емес. Жанына жақын келіп қарасам, бишілердің алдында домбыра жатыр. Кәдімгідей шанағы бар, мойны бар, екі құлағы және басы бар домбыраны тастың бетіне қашап отырып салыпты. Домбыраның мойнында үкісі бар. Ол кезде менің қолымда фотоаппарат болмады, қалам-қағаз бартын, жалма-жан сызып алдым. Олжамды Алматыдағы Ықылас атындағы халық аспаптар мұражайына алып келіп тапсырдым. Ол кезде мұражайдың директоры Сәбетқазы Ақатай-тын, суретті көрді де, қуанып кетті: «Ойбай, Жәке, Майтөбеге ертең барып, Мынаны фотоға түсіріп алып келейік», деді. Мен ол кісіге биыл бару мүмкін емес екенін, яғни, қар жауып қалғанын айттым. Келер жылы жазда барып, фотоға түсірдік. Сәбетқазы осыған байланысты үлкен мақала жазды. Мақала жазылғаннан кейін Сәбетқазы менен «тастың өзін қиып алып келсек қайтеді?» деп сұрады. «Әкелейік, несі бар» дедім мен. Сонымен екеуміз екі жыл дайындалдық. 1989 жылы Майтөбеге арнайы барып әлгі тасты қиып алып келдік. Жұмсақ қайрақ, өңі қара тас екен. Тегінде оны металмен емес, қатты таспен қашаған болуы керек. Тасты мұражайға орналастырдық. Орналастырғаннан кейін Кемал Ақышев бастаған бір топ археолог ғалымдарды шақырдық. Сонда тасты көрген Ақышевтың «4 тысячи лет до нашей эры» деген сөзі құлағымда қалыпты. Міне, сурет біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын салынған. 4 мың жылға біздің 2 мың жылды қосыңыз, сонда 6 мың жылда біздің мына домбырамыз болған. Домбыра бергі дәуірде жоқ, мықтың заманында болған. Осыған байланысты мен осыдан 6 мың жыл бұрын біздің мық деген ата-бабамыздың қолында домбыра болған деп болжам жасап отырмын. Мықтар әлемі қазіргі зерттелген біздің ғылымның сыртында тұрған, ешкім бармаған тақырып. Айтпақшы, әлгі тасты мұражайға Сәбетқазыдан кейін келген басшылар құртып жіберіпті. Мен оны сатып жіберіпті деп естідім.
Екінші, мына сурет (2-суретті қараңыз)
Біздің дәуірімізге дейінгі 4-4,5 мың жылға сай келеді. Қараңыз, оларда арба болған. Мұқият қарасаңыз, бір арбаға екі-үш және төрт аттан жеккен. Әне бір садақ ұстаған жауынгер соғысқа дайын тұр (бұл сурет А. Мелоситың кітабынан алынды. Сондай-ақ суретте екі өркешті түйелер, жылқы, сиыр, ит және адамдардың бейнесі салынған. Әне бір сиырдың тұмсығынан жіп өткізіп жетектеп барады. Мына бір түйені тұмсығынан да жіп өткізіп жетектеп барады. Бірнеше түйенің аяғын тұсап қойған. Бұл суреттердің тас бетіне түскеніне 6 мың жыл болғаны жайында осы кітапта анық жазылған. Суреттер Қаратаудан түсірілгенін есте ұстайық. Демек, 6 мың жылдың алдында біздің ата-бабамыз түйені игерген. Суреттегі түйеге назар салсаңыз, оның тұмсығында айыр ағаштың тұрғанын көресіз. Мұны қазақтар мұрындық деп атайды. Айыр ағашты қалай өткізген? Мінер жағынан қамшылар жағына қарай өткізген. Бүгін, ХХІ ғасырда да біз түйенің мұрындығын мінер жағынан қамшылар жағына қарай өткіземіз. Және түйенің тұмсығында дөңгелек сілбінің тұрғаны анық көрініп тұр. Сілбінің бір жағы бұйдаға, екінші жағы мұрындыққа байланады. Сілбі – жіңішке жіп. Жіңішке болатын себебі, егер бұйдаға қатты салмақ түскен жағдайда сілбі үзіліп, тұмсық жырылмай аман қалады. Суретте дәл бүгінгідей бұйданы сілбіден өткізіп байлап қойған. Міне, ХХІ ғасырдағы технологияның осыдан 6 мың жыл бұрынғы ұлттық технологиядан еш айырмасы жок. Бұл екінші дерек.
Енді үшінші деректі айталық. Қытайдағы қазақтар «Шыңырау» деген халық күйін тартады. Шыңырау дегеніміз – қыран құс. Яғни, бүркіт. Ол жылына бір-ақ рет жұмыртқалайды. Жылда оның жұмыртқасын қанаты бар айдаһар тартып жеп кетеді. Ғылым бойынша, бүркіт 120 жас жасайды. Ал мына аңызда бұл бүркіт қанша жасағаны белсіз, әйтеуір ұзақ жыл жалғыз ұрпақсыз ғұмыр кешкен сорлы ең соңғы жұмыртқасын дүниеге келтіріп, «не мен өлуім керек, не айдаһар өлуі керек» деп сертке отырыпты. Қайткен күнде жұмыртқаны аман алып қалу керек. Күндердің күнінде әлгі жауыз айдаһар келеді. Сонымен аспанда айқас басталады. Аспандағы айқаста ашуға булыққан қыран айдаһарды жеңеді. Айдаһар жерге құлап түседі. Сөйтіп, айдаһар өледі, қыран соңғы жұмыртқасын аман алып қалады. Бұл - «Шыңырау» деген күйдің аңызы. 1952 жылы Қытай археологтары Шындау деген өлкеден қанаты бар екі айдаһардың сүйегін тапты. Қытай ғалымдары бұл айдаһарлардың өмір сүрген уақытын 20-25 мың жыл бұрын деген болжам жасады. Демек, біздің «Шыңырау» күйіміз жыл санауымыздан 20-25 мың жыл бұрын болған. Осыған қарағанда, біз басқалар айтқандай, 2 мың жылдың алдында ғана туғамыз жоқ. Біздің тарихымыз тым әріде. Мүмкін, бұл мықтың дәуірінен мыңдаған жыл бұрын да шығар. Менің ойымша, мық 10 мың жылдың айналасында ғұмыр кешкен халық болар.
Тағы бір аңыз тыңдалық. Бізді қытайлар Хун немесе Чин дейді. Оларда «Хундар туралы естеліктер» деген кітап бар. Сол кітаптан мен мынадай аңызды оқыдым. Онда былай жазылыпты: «Хұндардың тәңірқұтылары наурыз болған күні, күн мен түн теңелген күні таудың басына шығып, күнге қарап тұрып тілек тілепті», - дейді. Тілек тілеп, олар үн-түнсіз артына қарайды екен. Артында тұрған абыз қобызбен тоғыз қоңыр күй тартады екен. Неге сегіз немесе он емес, тоғыз екенін біле алмадым. Ол тартып болғаннан кейін арт жағында үн-түнсіз тұрған 365 жігіт 365 күй тартады екен. Осыдан кейін барып қана наурыз тойы басталады. Бұл аңыз да 10 мың жылдың ішіне саяды. Бұл аңыз да мықтың дәуіріне жақын келеді. Осы айтылған аңыздар бір-бірімен тығыз байланыста екенін аңғару қиын емес. Сонымен менің ойымша, мық деген елді өз ата-бабамыз ретінде іздеуіміз керек. Біздің өлкемізде олардың моласы жатыр. Енді оны қазып, зерттеп, олардың қай дәуірде ғұмыр кешкенін анықтауымыз керек-ақ. Ғалымдар мына бір жайтты еске алса: қазақ халқының арғы тегі Алтай тауынан шыққан деген аңыз бар. Алтайдан шыққан адамдардың құйрығында көк таңба болады. Оны 1-2 жастағы балалардың құйрығынан анық байқауға болады. Бұл – биологиялық таңба. Мұндай таңба қазақта, қырғызда, монғолдарда, якуттарда және жапондарда бар. Жапондар өздерін Алтайдан шыққанбыз дейді. Бір қызығы, түркі тілдес басқа халықтарда мұндай көк таңба жоқ.
Жазып алған Еренғайып ҚУАТАЙҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.