Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Әуезовтің Қасқабұлақта сөйлеген сөзі

05.10.2018 1594

Мұхтар Әуезовтің Қасқабұлақта сөйлеген сөзі

Қадірлі жолдастар!

Осы арада, осы тұрған жиындарыңызбен көңіл толқытқандай соншалық зор, адамға әсер еткендей достық, туысқандық ниет көрсетіп тұрсыздар. Бұл зор сыйларыңызға, осы көрсеткен пейілдеріңізге, жаңағы айтқан, менің алдымда сөйлеген жолдастардың аузынан шыққан неше түрлі достық та, туысқандық та сенім, сүйініш сөздердің барлығына мен соншалық ризамын да, қуанамын да және барынша алғыс айтамын. Менің алғашқы айтайын деген сөзім осы.

Көңіл, жүрек, кеуде алғысқа толы. Осы көрсеткен пейілдеріңе, үлкен аға, кіші іні, атадан шөбереге дейін, анадан кішкентай немере-шөбере қыздарына дейін – бәрлеріңіз де жиылып келіп тұрсыздар. Менің туған ортам, туып өскен елім, досым – Сіздерсіздер. Сіздердің орталарыңа келу – менің 60 жасқа жасым келгенмен мені қайта тудырғандай, қайта жасартқандай болып тұр. (Қол шапалақтау).

Орталарыңа келу, жүздеріңді көру, осындай жақсы пейілмен қарсы алуларыңызды тану, білу дегеннің барлығы – ол зор сыйлық. Әр жақта талай-талай жерлерде, талай-талай жылдар келмей жүрсем де менің көңілім осы жерлермен, осы елмен байланысты.

Өйткені: Отан дегенде, ел дегенде, біз осындай туған жерді, осындай елді айтамыз. Сол ел – сіздерсіздер. Көріп тұрсыздар, менің де көңілім толқып тұр, сіздерге кездескенге, айып етпеңіздер!

Бұл сыйларыңыз жалғыз маған ғана жасалған сый емес, осы күнгі қазақ совет әдебиетінің өсіп келе жатқан жолына, жеткен табыстарына, соған арналған сый-құрмет. Бір жағынан сол сіздердің көңіл-пейілдеріңіз өздеріңіздің ғана көңіл-пейілдеріңіз емес, бүтін Абай ауданының, қала берсе бүтін Семей облысының, қала берсе, Қазақстан, бүтін совет халқының осы күндерде менің аз ғана еңбегіме, менің кешегі өткен еңбек жолыма жасап отырған аналық, аталық, достық құрметінің айғағы, соның белгісі. Сіздер айтып отырған сөз, сіздер жасап отырған сый-құрмет – бұл бүтін сіздердің арқаңызда, бұл арада өздері болмаса да, жасап отырған көп халқымыздың, совет халқының, Отанымыздың құрметі деп білемін мен. Сол үшін де жүрек, көңіл алғысқа толы. Ал бұл құрметті бұл күнге дейін істелген ісіммен мен толық ақтадым деп ойламаймын, есептемеймін. Бұдан былай да, ендігі қалған өмірде, қолдан келген күш-қуаттың барлығын жұмсап, бұдан былай да сіздердің көңілдеріңізде осындай маған, менің еңбегіме жақсы пейілмен қарап, жақсы бағалайтын, алғыс айтарлық туысқандық, аталық, аналық, бауырлық көп сезімдер өзгермесін деп, сол сезімдер, мүмкін болса, өсе берсін деп, сол өсе беруіне лайықты еңбек берсем деп, мен соны арман етемін. Сол еңбекті мынау отырған кішкентай балалар, ертең мектепке барғанда, бүгінгі мектептегі балалар бұл арадағы мектептерін бітіріп, жаңағы жоғарғы дарәжелі мектептерге барғанда, сонан соң кейінгі осы тұрған жас келіндер, қарындастар, осылардан туған бала ұрпақ – бәрі де біздің осындай еңбектеріміздің маңында туып жатқан халықтың осы бүгінгі сіздер көрсетіп отырған сый-құрметін олар да еске ұстайтындай, жадында сақтайтындай болса екен деген арман болады менің де көңілімде. Бір емес, талай рет әлі де оралып, тірі болсақ, келеміз деп ойлаймын. Әрбір келген сайын елдің, өлкенің көркейіп келе жатқанын естігенде, білгенде менің де көңілім шат. Сіздер менің табысымды қуаныш етіп құттықтасаңыздар, мен сіздердің табыстарыңызды, сіздердің жеткендеріңізді, бүгінгі буынның, бүгінгі нәсілдің, Совет елінің, осы Абай ауданындағы, колхоздағы Совет елінің бүгінгі нәсілдерінің қолы өнерге, білімге жетіп отырғанына мен де сондай қуаныш етемін. Сіз бенен біз – бір жанбыз, бір тәнбіз...

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қорында

сақтаулы аудиожазбадан дайындалды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар