Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Мұхтар Мағауин. Жамбылдың ұлылығы...

28.02.2020 11914

Мұхтар Мағауин. Жамбылдың ұлылығы 12+

Мұхтар Мағауин. Жамбылдың ұлылығы - adebiportal.kz

Жамбылдың 150 жылдығы құрметіне Қазақстан Жазушылар одағы өткізген кеңейтілген мерекелік пленумда (22.VІІІ.1996) сөйлеген сөз. Магнитофон жазбасы.

Өткен жыл – Абай жылы, әдебиеттің, ұлттың мерекесі, қаншама ұлағатты сөз айтылды, бірақ мұхиттың тереңіне жетпедік, заңғардың биігіне жетпедік. Биігін бағамдап, тереңін түгесу, ауқымын тану, аумағын қамту мүмкін де емес.

Қашанда ұлылардың үлесі осындай. Әйткенмен, бәріміз бас қойған ақиқат бар: Абай – біздің ұлттық бейнеміз. Ерек, бөлек. Мақтан, мерей.

Биыл – Жамбыл жылы. Тағы да айтып жатырмыз, асқақтатып жатырмыз. Бәрі жөн. Артығы жоқ. Бірақ... жеттік пе... таныдық па?

Халықтың үлкендігі хан көтерген тұлғаларымен өлшенеді. Бірегей ғана емес, бірталай болсын. Біріне-бірі ұқсамасын, айналып келгенде, бір арнадан тоғыссын. Осы тұрғыдан алғанда, Жамбылдың ұлылығы неде? Күні бүгінге дейін біздің түсінік ескі ұғымдар шырмауында тұр.

Біз ең алдымен бір нәрсеге бейіл беруіміз керек. Өзінен бұрынғы барлық ірі қайраткерлер сияқты, Жамбыл да ұлттың рухы. Қазақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі өзгеше құбылыс. Жәкеңнің өз тұсында қаншалық атақты болғаны, совет кеңістігіндегі, одан шалғай аймақтардағы жұртшылық санасына қалай әсер еткені, неге әсер еткені жаңаша байыпталуға тиіс. Анық ақиқат – ол заманда Жамбыл – қазақ деген ұлттың тұлғасы, көрнекі бейнесі болды. Сол кейіпте тарихқа енді, санаға орнықты. Біз мұның бәрін сызып, өшіріп тастай алмаймыз, керісінше, нығыздай, бекіте түсуіміз керек. Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды.

Өзім куә болған бір мысалдан бастайын.

1983 жылы сонау қиырдағы Сақа елінде – Якутияда қазақ әдебиетінің декадасы өтті. Ол кезде мені тәуір тізімге жуытпайтын еді, қазір де іліне бермейміз, бірақ талап етіп, сұранып жүріп, қатарға қосылдым. “Шақан-Шері” деген роман жазуға дайындалып жатыр едім, бас кейіпкерім ақыр аяғында итжеккенге айдалуға тиіс болатын, романның әлде прологы, әлде эпилогында Якутияда, Вилюй деген өзеннің жағасында отыруы керек еді. Сол жерді, елді көріп қайтуым қажет болды. Бірақ кейін шығарма шешімі басқаша құрылды...

Содан, Якутияға бардық. Жарқыраған жасыл күндер, ғажайып сырлы ақ түндер. Сақа бауырлар құдайындай қарсы алды. Сақа астанасындағы құрмет, рәсімдерден соң алыс аудандарға бөліндік. Кім қайда барады дегенде, сол жердегі бір ағайын айтты: анау – түстік тараптағы ауданға барыңыз, сондағы – нағыз сақалар, нағыз якуттар – біз боламыз деп. Қоңырат екен. Ал мынау – сіз барайын деп тұрған жердегі жұрттың көздері қысықтау, түрік тегінен айрылған, өңіне дейін бұзылып кеткен деді. Енді бір туысымыз айтты: осы терістік жаққа барыңыз, басқалары бұзылып кеткен, ежелгі дәстүр-салтты сақтаған – біз боламыз деді. Сөйтсек, әлгілер адайлар екен, жаңылыс естімесем.

Ақыры, бөлініп-бөлініп кеттік. Біз – бір тобымыз поляр белдеуінің арғы жағына, терістікке қарай аттандық. Сунтар деген аудан. Өзіміздің еліміздегідей, қаптаған қазақтың ортасында жүрміз. Әсіресе, жастары, томпалаңдап ойнап жүрген балалары қазақтан аумайды екен. Қонақжайлығы да қазақ. Ауылдарды араладық. Екінші, әлде үшінші күні, сол, мен іздеп барған Вилюй өзенінің бойымен, кемеде келе жатырмыз. Өзеннің қабағы биік, бірақ топырақты жар емес, түйетайлы көк шым екен. Бір уақытта, жағалауға жақындасақ, қабақ қаптаған халық. Қаптаған қазақ – сақалар. Күн ыстық, жер құрғақ. Біз кемеден түскенде қабақтағылар жағалауға, аяғымыздың астына даланың ақ, сары, қызыл гүлдерін лақтыра бастады. Гүлдің үстімен тайқы, жасыл қабақтан шықтық.

Шықсақ, шағын ауыл, бергі жақ шетінде, қарсы алдымызда үлкен ағаш үй тұр. Ақсұр қарағай қима. Сол ағаш үйдің оң жақ... жоқ... сол жақ қапталында сақал-мұртсыз, көзі қысықтау бір қартаң қазақтың әйдік суреті тұр. Ал оң жағында... жарықтық, аруағыңнан айналайын Жамбыл атам – Жәкемнің суреті тұр. Тұтас бір қабырғаны тіреп. Бөркін оқшырайтып, сақалын төгілдіріп, аппақ қылып әдемі салынған. Сөйтсек, бұл келген жеріміз – сақаның Сергей Зверев дейтін, атақты халық жыршысының ауылы екен. Анау – соның музей-үйі екен. Осы Төбей ауылында бізді айрықша құрмет тұтып, атақты жыршының бедерлі сөлкебайын тартты. Содан қаншама әңгіме айтылды. Зверевті мақтағанда, ең биік мақтау: біздің осы Зверев – Жамбылдың шәкірті деді. Жамбылдың өзін көрген жоқ, бірақ сол кісінің үлгісін, өнегесін алып, осындай дәрежеге жетіп, біздің сақа жұртының халық даналығын бүкіл Совет Одағына, қала берді, бүкіл дүниеге танытты. Сөйткен керемет жыршымыз – Сіздің Жамбылдың шәкірті еді деп мақтанды.

Мінеки, жердің қиыр шетінде, поляр белдеуінің арғы жағында, жарық түн, қараңғы күн, тоғыз ай қыс, үш ай жаз – мәңгі тоң аймағында біздің алдымыздан Жәкең шықты. Якут елі, Сунтар ұлысы, Төбей ауылы, 1983 жылы.

Жәкең қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбыс ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан – Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі – үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс. «Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек» деген сөз бар. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлділін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің аруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет.

Бұл Жәкең шын мәнісінде өлең сөздің даңғылы болатын, атамыздың соншама атаққа жетуі, дүниеге кеңінен танылуы кездейсоқ емес еді. Көрген адамның бәрі – орысы да, орманы да, ғалымы да, данасы да бар, бәрі де таң қалып, құрмет тұтқан. Орыстың белгілі жазушысы, әлемді шарлаған Илья Эренбург, өте талғампаз адам, білімдар, кірпияз адам, Шота Руставелидің тойынан қайтып келе жатқан жолында Жәкеңмен бір купеде болыпты. «Люди, годы, жизнь» деген кітабында бар. Әуелде ақсақал салғырттау болды, маған онша ұнаған жоқ, бойынан ерекше бір данышпандық, ірілік, ұлылық байқаған жоқпын дейді; тым сүлесоқ отырды, біраздан кейін даяшы қыз – жолсерік келіп кетті, шәй әкелетін болды дейді. Сосын Жәкең қолына домбырасын алды да, кенеттен толғап өлең айта бастады дейді. Мен ерекше бір пәлсафалық, сондай өлең айтып жатыр ма деп, хатшысынан сұрап едім, хатшысы айтты дейді, «міне, шәй келеді, шәй келген соң көңіліңіз жай болады» деп айтып жатыр деді. Сосын, терлеп-тепшіп шай ішіп, демалып алған соң, терезеге қарап отырып, тағы да шырқап қоя берді дейді. Сондағы айтқаны: мына екі рельс, жолдың екі темірі, бұл – алыс, қиыр-шалғай жер мен елді байланыстырып жатқан даңғыл жол деп айтты дейді. Теміржолдың төс табаны сияқты, менің домбырамның да екі шегі бар. Мына темір жол әлемді жалғап жатса, менің екі шектен шыққан өлең-жырым бүкіл дүниеге тарайды деп айтыпты. Эренбург қайран қалған, қатты толқыған. Тоқсан екі жастағы қарт ақынның өңі ескі заман қағазы сияқты екен, көзі өткір – кейде сырлы, кейде мұңды көрінді дейді. Бұл – 1937 жылдың жазы.

Беріде өзіміздің Әбдіжәміл ақсақал Жамбылдың 125 жылдығында бір мақала жазды. Тәуір мақала. Содан мен ол кісіге Эренбург осылай деген екен, мақаланы қайыра өңдесеңіз, қаперіңізде болсын дедім. Пайдаланды ма, пайдаланбады ма, білмеймін.

Ал енді Жәкеңнің тағы бір ғажайып, айрықша ақындық шеберлігі, өзгеше өрнегі болды. Ол – мадақ жырлары. Біз Сталинге арналған, Ленинге арналған, сол кездегі партияға арналған өлеңдерді біртүрлі қоңылтақсып, қалай екен деп, кешіріммен қарағымыз келіп тұрады. Ал шын мәнісінде бұл да Жамбылдың ұлылығы, қазақ поэзиясының биік дәрежедегі бір көрінісі еді.

Әлем әдебиетін саралайтын болсаңыз, сонау арғы заманнан бастап, эллин-рим заманынан бергі ақындардың арнау жырларын, одан кейінгі Шығыстың ұлы ақындарын қарасаңыз, орыстың кешегі XVІІІ-XІX ғасырын, Пушкиннің өзін қарасаңыз, мына мадақ дейтін жанр – әдебиеттегі ерекше сыпаты бар, өзіндік заңы бар, ежелгі жанрлардың бірі. Қазақ ипровизаторларының құдыреті сондай, сараңды – жомарт деп, кедейді – бай деп, қорқақты – батыр деп, кереметтей толғап, жырлап шығара алатын болған. Өйткені, мадақ жырлардың мән-маңызы оның әлеуметтік тұрғы­сында, деректік нақтылығы, саяси не басқадай мазмұнында емес, өлеңдік өрнегінде, шеберлік өнегесінде. Мадақталып отырған кісінің шын мәнісінде кім болғаны ұмытылады, заман көмескіленеді, жағдай өзгереді, ал ақын қиялынан туған асыл сөз тозбайды, уақыт озған сайын түрленіп, жаңара береді. Біз Жамбыл толғаған мадақ, марапат жырлардың бәрін қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының ескірмес озық үлгісі деп қарауымыз керек, қазақ сөз өнерінің мәңгілік ескерткіші деп қарауымыз керек. Анау бір жылдарда Жамбыл толғауларынан Сталин есімі аласталды, енді Ленин мен Компартия аласталды, сонда ақынның дәстүрлі арнау жырларынан не қалмақ. Жәкеңнің жаңа басылымдары мұндай тазартуға түспеуге тиіс.

Осыдан оншақты жыл бұрын Мәскеуде, әріптестермен бас қосқан әдепкі отырыста, бір үлкен орыс жазушысы: сіздер Жамбылды әлі де құрметтейсіздер ме, деді. Мен айттым: құрметтеп жеткізе алмай жатырмыз, бағасын біле алмай жатырмыз дедім. Қалайша, ол Сталинді мақтаған ғой деді. Сонда мен айттым: Сталинді XX ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова мақтаған. XX ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақтаған. Басқаларын айтпай-ақ қояйын дедім. Бірақ солардың бәрінен де Жамбылдың арнауы артық болды. Өйткені, Жамбыл риясыз көңілден жырлады дедім.

Жәкеңнің өлеңдерін кейінгі дүниежүзілік соғыс кезінде де бүкіл халық қабылдады. Майдан даласына жетті, блокададағы Ленинград көшелерінде ілулі тұрды. «Ленинградтық өренім» деген өлеңін білесіздер. Бұл соғыс – қазақтың соғысы емес еді. Қырғыздың, өзбектің соғысы емес еді. Герман тайпалары мен славян, ағылшын-саксон тайпаларының арасындағы соғыс, батыстағы кәпір қауымының өзара қырқысы еді. Ал біз, отар ел болғаннан кейін, бұл соғысқа зорлықпен тоғытылдық. Байқап қарасаңыздар, Жәкең сол соғыстың ұранын өзінше, қазақша түсінген. Жәкеңнің соғыс тақырбындағы толғаулары – майдандағы балаларына жолдаған тілек, бата, биік адамгершіліктен туған шығармалар. Қазақтың намысын, аман-саулығын ойлағандықтан айтылған жырлар. Менің бала кезімде жатталған бір өлең бар еді, әлі есімде қалыпты. Соғыс кезіндегі патриоттық өлеңі қазақтың:

"Домбырам басы дың,

Немістен өлсін мың,

Орыстан өлсін бес-алтау,

Қазағым қайтсын аман-сау!"

Совет заманындағы қазақтың идеологиясы, қазақтың соғысқа деген көзқарасы. Жәкеңнің танымы да осы – қанды қырғыннан қазағым, балаларым аман-есен қайтсын деп, майданға сағынышты сәлем жолдаған.

Ал, «Ленинградтық өреніме» келетін болсаңыз, Жәкеңе айтқан кезде, сондай үлкен, әсем қала, неше мың сан адам қоршауда қалды, халық аштан қырылып жатыр деген кезде, қарт ақынның адамгершілік сезімі толқып, шын жүректен толғаған. Ал енді, сол өлеңді бүгінгі орыстың қарсы алуы қалай? Орыстың үлкен жазушыларының бірі Астафьев өзінің бір шығармаларында Жәкеңді мазақ қылады. Қазақтың ақыны, қарны тоқ ақын, кекірігі азып жатып, ерігіп жатып шығарған өлеңдері деп бағалаған. Каверин бе, тағы бір орыс жазушылары да осылай бағалаған. Жалпы, біздің Жәкеңе тиісе сөйлеу, кекету, мұқату орыстың қазіргі баспасөзі, қазіргі әдебиетінің үйреншікті сарынына айналған. Бұл – бүгінгі орыста берік қалыптасып отырған астамшылықтың, қазақты жамандаудың бір тармағы, ақын есімі тек ілгішек қана.

Ал енді, ой көзімен қараңыз. Қазақ орыстың жерін қорғады, қан кешті. Өзі үшін емес, орыс үшін өлді. Сонда алып отырған алғысымыз мынау. Осыдан оншақты жыл бұрын, атақты Багратионның Бородинодағы сүйегін атып қопарды, мына жерде қайдағы чукчаның сүйегі жатыр деп. Бұл чукчалардың моласы неге тұрады деп, бүкіл Ресей жерінде, соғыста қаза тапқан – орыс емес жұрттардан қаза тапқан жауынгерлердің басына орнатылған құлпы­тастарды құлатып жатыр. Ресейді қорғап емес, Ресейді жаулап жүріп өлген сияқты. Адамның ең жаманы – достықты білмеген, халықтың ең сорлысы – алыс-жақынды айыра алмаған. Бұл – бүгін ғана шыққан сойқан емес, ежелден қалыптасқан көзқарас, тек бұрын бұғынып жатқан, астыртын әрекетте болған. Енді арқырап алға шықты. Айғақты нәтижесін көзбен көріп отырмыз: орыстың бір кездегі биік әдебиеті ұсақ-түйек, адамгершілікке жат пиғылдағы әдебиетке айналып бара жатыр. Нәсілдік артықшылықты, дөкір шовинизмді, отаршылдықты, оны аз десеңіз, кәдімгі фашизмді насихаттайды. Чешенстандағы соғыс біздің көп нәрсеге көзімізді ашып отыр. Жария геноцид, жай ғана зорлық емес, адамгершілік негіздеріне қайшы жауыздық. Дәл осы кездегі орыс жазушыларының үнсіз қалып отырғаны, керек десеңіз, іштей мақұлдап, қостап отырғаны сол ұлы дәстүрден айрылып қал­ғандығында, мүлде кері кетуінде. Ал біздің қазақ әдебиеті, құдайға шүкір, биік адамгершілік өресінен, қазақ дәстүріндегі кісілігінен жаңылған жоқ. Қазақ қаламгерлері чешен жұртының азаттық соғысынан сырт қалмады. Жәркен Бөдеш «Генерал Дудаев» атты поэма жазды. Сол поэмасында Дудаев пен Масхадовты Кенесары-Наурыз­байдай көремін деп толғапты. Рафаэль Ниязбек «Чешендер» деген ерлік дастан жариялады. Мұнда ол чешендердің өлігі де тауда, биікте қалады деп жазыпты. Міне, соның бәрі – қазақ әдебиетінің озық адамгершілігінің көрінісі, Жәкеңнің үлгісі.

Осы орайда, Жәкеңді жай ғана мадақтамай, бізге не берді, қандай дәстүрі бар, қандай тағылымы болды дегенді де айтуымыз керек. Алдағы уақытта зерттеушілер осы жағына көбірек назар аударуы, бажайлап зерделеуі қажет. Мен өз тарабымнан, Жәкең қазіргі қазақтың прозашыларына да үлгілі дәріс берді деп айтар едім.

46-жылы Жәкеңнің үлкен қызыл кітабы шықты. Үлкен том. Мен енді мақтанайын: мектепке бармаған едім, Абай атамның өлеңдерін түгелге жуық жатқа білетін едім. Жәкеңнің жаңағы толық жинағы Абайдың мерекелік толық жинағынан кейін қолға түсті. Менің алғаш сауат ашқандағы оқыған кітаптарымның бірі осы еді. Абайдың, Жамбылдың үлкен-үлкен бір томдығы және Мақтымғұлының Ғали Орманов аударған шағын жинағы. Сонда, қазір ойлап отырсам, бізге кім ұстаз болды, біз кімнен үйрендік, үлгі алдық десем, алғаш рет әдебиет әлемінің есігін ашу, мына менің қазіргі көркемдік танымым, тарихи сананың қалыптасуына, ұлтшылдық сананың қалыптасуына Жамбылдың да әсері мол болыпты.

Бір ғана мысал. Қаншама заман өткеннен кейін, цензура жойылғаннан соң, мен жігіттеріме арнайы тапсырма беріп, 46-жылы басылған кітапқа шыққан, қырық жыл бойы жабылып жатқан туындылар бар деп, көшіртіп алдым. Кенжехан Матыжанов деген жігіт жазып әкелді. Ол өлең алдымен “Жұлдызға” басылды, 91-жылы ғой деймін. Сыздық сұлтанға арналған.

«Сәлем бердік, алдияр,

Орын бердің қасыңнан,

Сен бір қалған көз едің

Кенесары асылдан...»

Міне, қараңыз: «Кенесары асылдан...» Ұлттық сана, тарихи сана, отаншылдық дегеніңіз – осы. Шағын ғана толғауда қаншама зар мен мұң бар. Тілек пен тәуба бар. «Екеуінің жатқаны – Он бір жыра деген жер...» – дейді, Кенесары мен Наурызбайдың қайғылы қазасын еске алып. Осыдан бірер жыл бұрын Ғылым академиясының Тарих институты Кенесарының сүйегін іздестіріп, қазақ пен қырғыз шекарасында қазба жұмыстарын жүргізді. Игі жұмыс, ізгі жұмыс. Бірақ амал не, басқа жерден іздеді, басқа жерді қазды. «Жұлдызды» мұқият оқыса, осы Жәкеңнің нұсқауын басшылыққа алатын еді.

Сол, 1946 жылғы жинақта Жәкеңнің Кенесары хан мен Сыздық сұлтанға қатысты естеліктері де бар еді, соның бәрін қоса бердік. Енді ойлап қараңыз. Жамбыл ең алдымен – қазақтың ұлттық ақыны болды, өз халқының патриоты болды. Кенесарының кім екенін, Сыздық сұлтанның кім екенін, қазақтың ерлік тарихын әйгіледі.

Тағы бір сөз бар Жәкең айтқан, Сүйінбайдан қалған сөз деп. Бұл – орыс отаршылдығына байланысты толғау-дастан.

«Айналайын, Алатау,

Құс жетпеген басыңа,

Барабан соғып, балдырап,

Кәпір келер қасыңа,

Қайран жерім, қош енді!..

Бұрынғыдай ой болмас,

Тойлап жүрген той болмас,

Қайран жерім, қош енді...»

Бұдан отыз-отыз бес жыл бұрын, аспирант кезімде қолға ілініп еді, бұл дастан да «Жұлдызда» басылды, бірақ әдеби қауым, жалпы жұрт тарабынан ықылас, пейіл, қуаныш байқалмады. Арада тағы қаншама заман өткен соң, немесе ертең-бүрсігүні біреу әлдеқайдан көріп, біз таптық деп, жаңалық аштық деп, манағы, Сыздық сұлтанға арналған толғау сияқты, қоңыраулатып, әлденеше мәрте қайыра басады. Дұрыс, бұл да сол үшін жұртқа жария болған, архивте біржола ұмыт қалмасын, елге тарасын деп басылған дүние ғой...

Жамбылдың төңкеріске дейінгі, басқа бір шығар­маларына қарайтын болсақ, біз Жәкеңді оқу арқылы қазақтың елдік тарихының бір бөлігін таныдық. Саурық батыр кім болды, Сұраншы батыр кім болды, Домалақ ене кім еді. Бүгінгі тарих әлі жазылмай жатқан кезде, қазақтың ұлттық рухы жанышталып жатқан кезде Жәкең қазақтың ескілігін ұмыттырмаған. Ерлікті айтқан, елдікті айтқан. Сонымен бірге қазақты кім сатты – Сыпатай сатты. Сондай сатқындардың болатындығын, сондай сатқындардың опасыздығы нәтижесінде ер – қазаға ұшырап, ел – кіріптар жағдайға түсетінін де алғаш айтқан Жамбыл еді. Кейінгі біздің бір жазарман Сыпатайды екі халыққа ортақ батыр деп жазды. Екі халыққа ортақ сатқын деу керек. Өйткені, Кенесарыны өлтіргеннен кейін, көп ұзамай қырғыз да орысқа тәуелді болды. Өзбекті де шауып алды. Соның бәрі Кенесары ханның өлімінен кейін болды. Жәкең соны білген. Сыпатайдан жиренген. Сұраншы-Саурыққа сүйсінген. Кенесары-Наурызбайды пір тұтқан.

Енді, қазақтың ұлттық сөз өнері қандай болды, қазақтың айтысы қандай болды, бұрынғы суырыпсалма ақындар қандай болды деген тұрғыдан келетін болсақ, ол кезде біз үшін әдебиет тарихының мазмұнды беттері түгел жабық жатты. Дәстүрлі әдебиетті тек айтыс арқылы ғана таныдық. Айтыс дегенде, Біржан-Сараның айтысынан басқа айтыс атаулы тағы бүркеулі қалды. Және ол, қалай дегенмен де, әлеуметтік, махаббат айтысы ғой. Ал тарихи тұрғыдан, қазақтық тұрғыдан, ұлттық дәстүрді, ұлттық сананы, көне шежіре, ескі әңгімелерді насихаттайтын айтыстың үлгісі Жамбылда болды. Жамбыл айтысы – қазақтың ежелгі сөз өнерінің озық үлгісі, ол сонысымен қазақтың бұрынғы әдебиетіне, көне эпосына деген көзқарасымызды қалыптастырды. Айналып келгенде, біз Жәкеңнің айтысы арқылы қазақтың ақындық рухын таныдық. Ескіше ойлау жүйесін аңдадық, байырғы тілін бойымызға сіңірдік.

Сонымен, айта берсек, әңгіме таусылмайды. Уақыт бітті деп ескертіп жатыр төраға. Енді бір ғана пікір. Былтыр ЮНЕСКО шеңберінде Абайды атадық. Ұлы Абайды. Ендігі жылы ЮНЕСКО шеңберінде ұлы Әуезовті атағалы жатырмыз. Ал, осы екі ортада артық болмайтын еді, тиесілі мекемелер жеріне жеткізуі керек еді, қайткенде де, Жәкемнің тойы ЮНЕСКО аясында өткізілуге тиіс еді. Өйткені, Жамбыл – әлемнің небір дамыған елдері мен халықтары мақтан етіп, тойлап жүрген ірілермен, алыптармен терезесі тең, өзгеше тұрпатты, дара тұлға.

1996.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар