Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жамбыл ақынның Санкт-Петербург қаласына қандай қат...

19.05.2017 19450

Жамбыл ақынның Санкт-Петербург қаласына қандай қатысы бар?

Жамбыл ақынның Санкт-Петербург қаласына қандай қатысы бар? - adebiportal.kz

Санкт-Петербургтегі біз тоқтаған қонақүйге жақын жерде Жамбыл атты көше бар екен. Оны алғаш картадан көргенде елең етістік. Жергілікті қазақтар мұнда Жамбылдың ескерткіші бар екенін айтып, оны да зиярат етіп кетуді ұсынды. Әрине, онсыз бола ма?!

Жамбылға берілген көше шап-шағын. Бас-аяғы 500 метрге жетер-жетпес шығар. Десек те, аяқ аттасаң ескерткіштен көз сүрінетін Санкт-Петербург қаласының қалтарыс бір тұсында жыр алыбы – Жамбылдың да тас мүсіні бой көтергені көңілге қуаныш сыйлайды.

Ескерткіш түбінде бірнеше тал қызыл гүл жатыр. Бұл зиялы қала халқының Жамбылды ерекше құрмет тұтып, көше беріп, ескерткіш орнатқызуына не себеп болды екен деген сұрақтың тууы заңды. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Біреудің есінде, ал біреу ұмытқан. Әйтсе де, тарихтың ұмытпайтыны секілді, бұл әсем қалаға қонақ боп келген әр қазақ бір кездері Ленинградты дүр сілкінткен Жамбыл жырын бір еске алады.

Санкт-Петербург қаласы Кеңес үкіметі орнап, оның көсемі Ленин қайтыс болғаннан кейін 5 күннен соң, яғни 1924 жылдың 26 қаңтарынан бастап “Ленинград” деген атау алды. Енді ақын-жазушылар өз шығармаларына қаланың осы бір жаңа атын қосып жаза бастады.

1941 жылдың 8 қыркүйегінде неміс басқыншылары Ленинградты қоршауға алып, бомбаның астында қалдырды. Қала тұрғындары ерекше ерлік көрсетті, жауға берілмеді. Ресейдің ең маңызды екі қаласының бірі жау қоршауында қалғанынан бүкіл Кеңес үкіметі құлағдар болды. Міне, осы кезде Жамбылдың атақты “Ленинградтық өренім” атты жыры дүниеге келді. Ленинградтан мыңдаған шақырым шалғайда жатқан қарт ақын жау қолында қалған халықтың жан азабын жақсы түсінді. Мәскеуді көргенімен, Ленинрадқа табаны ешқашан тимесе де, халық рухын көтерген тамаша толғау жазды. Оның бұл өлеңі қоршауда қалған мыңдаған аш­-жалаңаш жанның дәтке қуат етер бойтұмарына айналды. Үгіт емес, үміт болып құлақтарына жетті.

Ленинград тұрғындарының төбелерінен жауып тұрған бомбаға қарамастан Жамбыл өлеңдері басылған газетті аламыз деп кезекке тұрғаны туралы ленинградтық ақын Александр Прокофьев былай деп жазады: “Ленинградты қорғаудың нағыз ауыр күндерінде шығарылған «Ленинградтық өренім» Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзияның ең таңдаулы туындыларының бірі болды. Өлең қаланы қорғаушыларға күш-қуат берді, оларды жеңіске жігерлендірді. «Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры жарияланған кез Ленинград халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды. Үйлеріне кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті қызмет атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқыды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды кездестірдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім». Плакат болып ілініп, листовка ретінде қолдан-қолға тараған өлеңдер тарихта сирек. Ал Жамбылдың «Ленинградтық өренімі» - сондай сирек тағдыр бұйырған жыр.

Жамбылды орыс халқы жай ғана жыр жазды деп емес, қала қорғаушыларының қатарында, әскер сапында барлығымызбен қатар тұрды деп қабылдады. Бұл туралы ақын Николай Тихонов: «Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарында тұрды», – деп жазды. Халыққа үлкен рух берген өлең бүгінде Жамбыл ескерткішінің түбіне ойылып жазылыпты.

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің.

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін.

Көпіріне қарасам,

Көмкерген су көлемін.

Өркеш-өркеш жарасқан,

Шоқылардай дер едім.

Сапырылған көк теңіз,

Шомылдырған кемерін.

Шамы күндей жайнаған,

Аспанға үйлер бойлаған

Арқа тұтып алыста,

Айбыным деп ойлағам.

Жасағам жоқ өмірді,

Жау сойқанын көргелі.

Төккенім жоқ терімді,

Шер қылғалы кеудені.

Жасалған жоқ салтанат,

Жаудың болған ермегі.

Жауда қалып Ленинград,

Жаралған жоқ көнгелі!

Жасағамын өмірді

Жау біткенді жеңгелі.

Саудыратып сүйегін

Топыраққа көмгелі.

Қазақстан жерінен

Тұтанғандай ел кегі.

Жолды кернеп қол кетті,

Сендерге дем бергелі!

Нева алаңын қорыңдар,

Ленинградтың ерлері.

Ұрпаққа үлгі болыңдар,

Заманымның өрнегі!

Өлеңдегі рухты айтсаңшы! Талай жүрекке жігер сыйлаған, талай кеуденің үмітін оятқан бұл рухты жыр үшін Сталин Жамбылға 80 мың сом сыйлық берген деседі. 900 күн жаудың тас құрсауында азапты күн кешкен халық ақыры 1944 жылдың 14 қаңтарында азаттыққа жетті. Мұнда ленинградтық әр тұрғын жатқа білетін Жамбыл поэмасының үлкен үлесі бар еді.

1952 жылы Ленинградтағы осы біз көріп тұрған шағын көше Жамбыл ақынның атына берілді. Көше бұрышына “Переулок назван в честь великого казахского акына Жамбыла Жабаева (Джамбула) воспевшего подвиг ленинградцев в годы ВОВ 1941-1945 годы” деп жазылған. Ең қызығы, 1998 жылы билік бұл көшеге “Лештуков” деген XVIII ғасырдан келе жатқан бұрынғы тарихи атауын қайтармақ болады. Бірақ жергілікті халық қарсылық көрсетіп, Жамбыл атын сақтап қалған екен. Осының өзі тұрғындардың әлі күнге дейін Жамбыл жырын ұмытпағанын көрсетпей ме?!

Ал 2003 жылы Санкт-Петербург қаласының 300 жылдық мерейтойына орай дәл осы көшеден Жамбыл ескерткіші бой көтерді. Бұған қаржыны алғашында петербургтіктердің өздері бөлмек болған. Бірақ ондағы қазақ диаспорасы бұл ұсыныстан бас тартып, ескерткішті Қазақстан салуы керек дейді. Ақырында Қазақстан арнайы қаржы бөліп, Петербург қаласының 300 жылдығына сый ретінде Жамбылдың осы ескерткішін салып береді. Бүгінде Санкт-Петербург қаласына табан тіреген әр қазақты домбырасын ұстаған Жамбыл ескерткіші күтіп алады.

Бүгінде елімізде “лениншіл”, “сталиншіл” деп, “комунистік партияны жырлады” деп Жамбылға кінә артатындар, оның поэзиясын түбегейлі жоққа шығаратындар жоқ емес. Жамбылдың бар кінәсі “жоқты бар жасаймыз” деп ұрандатқан кеңестік билікке сенгені ғана. Ол тұрмақ, зиялы, сауатты адамдар да сенді емес пе? Сондықтан Жамбыл жаңа көзқараспен, тарих тұрғысынан баға беруді ұмытпағанымыз жөн шығар...

Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар