Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Ұлы даланың ұлы есімдері
/
Аян Қажыбай. Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп...

26.08.2025 755

Аян Қажыбай. Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп 12+

Аян Қажыбай.  Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп - adebiportal.kz

Ақ балдақ алмасымның сынығысың,

Шынардың көлеңкелі шыбығысың.

Бәйге аттай жұрттан озған заманыңда,

Арда емген арғымақтың құлынысың.

Ұшырған сұңқарымсың талай дерек,

Білмеген хабарыңда хақтан бөлек.

Сені айтсам халқым, сірә, бөтен көрмес,

Басқаны жараспайды мақтай бермек.

Ақын Мәнсүр Бекежановтың даңқты Иманжүсіп Құтпанұлына жазған назым-хаты осылай түйінделеді.

Қара құрым қалың қыпшақтың жеті атаға тамыр жайған шаштысынан тұқым өрбітер Иманжүсіп дәуірін шаш ал десе бас алар қаталдыққа толы, ерлік пен еркіндікті аңсағандарға ала бүлік болып тиген, теріс тепкен теке тірес тексіз, қиянатшыл әрекетке толы, ұртынан қара қаны төгілген большевиктердің ұрда жық кезеңі болды деп бағалауға болады.

Қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры атанған Абылай дәуірінен жалғыз тұтамдай болса да қалған бір үзік ерлік пен серілік дәстүрін қолдан шығармай дәуірлете аспанға көтерген Балуан Шолақ пен Мәди, Бадақтың Сарысы, Аманғали, Басығараның Қанапиясы Кейкі батыр шоғырындағы Иманжүсіп өзінің ғаламат тегеурінді тектілікке толы табандылығы мен қыпшақтың қайқы қылышындай қайсарлығы арқасында аңызға бергісіз айтулы тұлғаға айналды.

Ауылым Қараөткелді жанай қонған,

Кешегі әкем Құтпан қандай болған.

Елімде қазы, қарта жемейтұғын,

Түрменің қара наны балдай болған, – 

деген Иманжүсіп еркіндіктен айырылып, пұшайман хал үстінде, сағын сындырған жан күйзелісін бүкпе бұлтақсыз білдірсе, Бадақтың Сарысы:

Баласы мен Бадақтың атым Сары,

Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.

Он екі ай қараңғы үйге қамағанда,

Қара су, қара нанмен болды дәрі, – 

деген сипатта өз халінен хабар береді. Бірін бірі қайталағандай үндес үн-зарын айтады. Тап осындай жағдаят Балуан Шолақта да, Бәпиұлы Мәдиде де, Басығара баласы Қанапияда да бастарынан кешкен қасірет әуені болып ашу-ызаға толы ән болып айтылады. Бұлардың бәрі де отаршыл озбырлықтың тақымға түскен қылбұрауын былайғылардан тым ерте сезінді. Сол үшін де туған елін азаттық жолына салғысы келіп алас ұрды. Қаптаған қалың жауға дара шауып, көзсіз ерлікке барды. Өздерінің алапат күш, ерен ерліктеріне салып қарсыласты. Бірақ озбыр күш өз дегендерін істеп бақты, түрмеге қамады, атты, жер аударды.

Мәдидің «абақты қатар-қатар болады екен» мәлімдеуі де «тесіктен алақандай тіл қатамын» деп күйзелуі де, Қанапияның «ала жардай қандалаға жем болдым» деуі де, «жасымнан қарсы болдым ханзадаға» деп өз мақсат мұратын білдіре алуы да өз дәуірдің күрескер ұлы перзенттерінің тағдыр бірлігін, арман-аңсар ірілігін байқатады.

Еркіндік сахарасынан кіндік үзіп кетпеген бұл күрескерлер қазақи тұрмыс-тірлікпен жағаласа, жауласа омыраулай келген жаңа қоғамды мойындамақ тұрсын танығысы келмеді. Түптің түбінде бұл жаңа қоғамның қазақ халқына опа бермесін ұғынды. Оның үстіне алаштықтармен пікірлес Иманжүсіп тәрізді күрсекерлер академик Манаш Қозыбаев атап көрсеткендей «Алаш зиялыларының ықпалымен қазақ елінде бір екпінді қозғалыс болды, сол қозғалысқа қатысқан талай адамдардың есімі осы уақытқа дейін толығымен аталмайды. Сондай есімнің бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы». Бұлардың өмірлері бодандық бұғалығын аш мойынға түсірген темір талқылы дәуір сипатының шынайы суреті, күрескер ұрпақтың ұлтан болып табанға тапталған ар-намысы еді ғой.

Алапат күштің иесі Иманжүсіп «аузы түкті кәпірдің талайларын бақыртып бауыздаушы ем лақтайын» деп өзінің өрлік пен ерлікке толы жойқын тұрпатынан хабардар етсе, енді бірде – «бір түнде сегіз қызды алып қаштым» дегізер серілік салтынан сыр ақтарып, елден ерек ерке мінезімен көз алдыңда атой салады. Өйткені ол өзі нақтылап айтып бере алған «қыпшақтың бар қатыны ұл туса да болмайды соның бірі Иманжүсіп» қой!

Ақмоланың оязнайының басын жарып, болыс біткенді шетінен шытырлатып сабайтын Иманжүсіп Кейкі батырдай «сары орыстың бәрі орыс» деп таңдау, талғауы жоқ орысқа жаппай күрес ашпайды. Билік тізгінің қос қолдап ұстаған ұлық атаулыға қарсы шабады.

Жалғыз үй естек едің сен Рақымжан,

Қолыңнан сорғалап тұр қып-қызыл қан.

Ойда орыс, қырда қазақ малын жедің,

Тәкаппар, қызыл ауыз сен ант ұрған! – 

деп қарсы белдесуге шыққан ұлықтың атын атап, түсін түстейді. Оның жемқор, кісі қанын мойнына жүктеген зорлықшыл, менменсіген жауымен бітіспес күреске түседі. Оның арқа тіреуінің де кімдер екендігін жазбай таниды.

Қай атаңнан қалып ед өңкей жорғаң,

Оязнай, патша боп тұр саған қорған, – 

деген Иманжүсіп түптің түбінде ұлы күреске түсері патша мен оязнай екендігін дөп басады, ата жауының кім екендігін танырда қате баспайды. Бұл жағынан келгенде Имекеңді көзі ашық, саналы күрескер, саяси тұлға деуге де әбден болады.

Сарыарқаның сайын даласын еркін аралаған Иманжүсіптің бойында кескекті ердің сойына біткен батырлық пен батылдық әу бастан менмұндалап тұрса, тағы бір ғаламат қасиет оның алапат ақындығы мен аса биік композитор әншілігі деуге толық талассыз негіз бар. Жиі еститін:

Сары арқа менің жерім-ай.

Сауықшыл, сайран елім-ай.

Ит жүгіртіп, кұс салған,

Айдын да шалқар көлім-ай, – 

деп келетін терең сезімге бойлай толқытар әуен сарыны Иманжүсіптің туған жерге, оған деген ерен сығынышқа тола ет жүрек, ұшқыр көңіл естіледі Естледі де көзіңе жас үйірілтіп, сахара саңлағының ерке желмен қосыла еркін жүйткіген ерлік пен серілікке толы беймарал тірлік халінен елес береді. «Сауықшып, сайран ел» тұрмысының келмеске кеткен сұлу сипатын алдыңа тартып сені де Иманжүсіп өзімен серіктес, қанаттас қалыпта өткен дәуір көшіне әкеліп қосып кетеді. Әттең, мұның бәрі мұңға оралған есіл арман, ескіріп, естен шыққан елес қой.

Ерейментау өңірі қазақтың құт қонып, нар шөккен, тарихы текше-текше қаланған көк қасқа тастарының қатпарында қалып қойған ғажап сыр мен жыр бөккен киелі жер ғой. «Ақылдың үйі» атанған қанжығалы қарт Бөгенбай, жезтаңдай жырау Үмбетей, Сақұлақ шешен мекендеген осы өлке Имекеннің арман-аңсары, ала бөтен сағынышы болған. Осы өңірде еркін сайраңдап, саятшылық құрған Иманжүсіп өз өлеңінде:

Басыңа бүркіт алып шығар едім,

Көзіме бір көрінші Ерейментау, – 

деп толғана келіп, сағыныш әніне қосқан.

Имекеңнің өлең толғауларында Баянауыл, Қызылтау, Есіл, Нұра, Аюлы, Нияздың Қаракөлі, Күйгенжар, Бота Қара, Бұғылы, Тағылы, Шағантау, Қараөткел, Ақтау, Ортау, Сарысу, Көктің көлі деген жер, су, тау-тас атаулары жиі кездеседі. Және осылардың бәрінде күрескер ақынның сары тап сағынышы, естен кетпес ерекше сүйіспеншілігі бар. Бүгінгі біздер де осы жерлерде Иманжүсіп Құтпанұлының табан табы қалған, жанына дауа, көңіліне қанат байлаған құт мекендер-ау дейсің. Дейсің де ақын қиялымен қанаттаса ілесіп, осы мекендерді шарлайсың, ойша кезіп кетесің. Әттең, бәрі арман, бәрі жалған екен деп күйінесің, күйзелесің.

Көлденең күн батыстан аққан Нұра,

Өзен көп оған құйған қанша жыра.

Көдең мен Сарыарқаның бетегесі,

Шөбің болған закуска, суың сыра, – 

деген тосын теңеулі тұсқа келгенде тосылып қаласың. Қазы, қарта жемейтін Имекең орыстың «закускасынан» дәм татып, сырасын сімірген екен-ау дегің келеді.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,

Аюлы мен Нияздың Қара көлі, – 

деп жырлаған Иманжүсіп бұл күнде табандарын шаң басқан атышулы көлдерді көрсе не дер еді дейсің.

Иманжүсіптің ерлік пен серілікке толы өмір жолы Қараөткел, Ерейментау, Есіл, Нұрадан әрі асып, Арқа бойын асау толқындай аралай жайылып кетті. Жүрген жері, істеген ерен әрекеттері аңызға айналды. Әсіресе ояздың басын жарып, болыстарды «лақша бақыртып сабауы» жойқын бір істің тұрпаты бөлек тұлғасы ретінде ауыздан-ауызға тарап жатты. Балуан Шолақ, Қажымұқан тәрізді алып күштің иелері Имекеннің ғажап өнерін де, алапат күшін де мойындады, мойындатып қоймай аттан түсіп сәлем бергізіп, ерекше құрмет тұтқызды.

1927 жылы Сәкен Сейфуллин Иманжүсіпті арнайы іздеу салғызып, таптыртып алып, өзара сұхбаттасқан деген де дерек бар. Сәкеннің қазақ даласында есімі елге мәлім азаматтарды іздеп тауып, кеңес құрғаны, өнерін қызықтағаны оның ұлы тұлғаларды құрметтегені, реті келсе қамқорлығына алып, туған еліне қызмет етсін деген ізгі ниеттен туғандығы сөзсіз.

Осы орайда көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Иманжүсіп сияқты адамның қазақ әдебиетінің, өнерінің, музыка тарихындағы рөлін жарқыратып көрсету – біздің парызымыз» деген пікірі әлі де болса Имекеңе қатысты құндылықтарды теріп ғылыми айналымға түсірмек түгілі, есімін қастерлеп, мұрасын аштырып, танып білуге қадам жасамай отырғанымыз көп жағдайды аңғартса керек. Демек Иманжүсіп мұрасы терең зерттеуді, тарихтағы өз орнына орнықтыруды аса қажетсінуде деген пікір білдіруге жетелейді.

«Иә, бәрі өтпелі, бәрі көшпелі.

Көкмойын атқа үкі тағып, көсілте желген Иманжүсіп тағдыры трагедиялық халде аяқталды. Әкесі Құтпан (1817–1905) Кенесары қозғалысына қатысып, ұлт азаттығы жолында жалғыз жанын шүберекке түйсе, ұлы атасы Тұрғынбай Сіргебаев (1794–1854) Қоқан хандығына қарсы күреске қатысып шаһит кешті. Иманжүсіп болса ес білгеннен кәпірлердің отаршылдық озбырлығына қарсы атой салып күресіп, бодандық бұғауына көнбеді. Кеңестік дәуірде де озбырлық пен қорлыққа мойынсұнбай большевиктермен бітіспес күреске шықты. Мойынқұм көтерілісіне қатысып, төтен ерлікке барды. Тұтқынға түсіп атылып кетті.

Есіл ердің еркіндікті аңсап, азаттықты көксеген алып жүрегі өз соғысын тоқтатты. Соңында «Сары Арқа», «Сары мойын», «Ерейментау», «Сары бел», «Бұғылы-Тағылы», т.б. әндері қалды. Әнмен әлдиленген өлмес рухы қалды. Рухын биіктете түсер аңызға бергісіз ғажап елесті бейнесі Ерейментау шоқыларын мәңгілік шарлай берері сөзсіз.

Қазақстан өз тәуелсіздігінің 35 жылдығына қадам басты. Бұл бабалар аңсары, аталар арманы еді. Солардың қатарында басын оққа байлаған Иманжүсіп Құтпанұлының тұрғандығы даусыз. Ендеше бүгінгі Астана, кешегі Қараөткел өзінің күрескер ұлы перзентін қалайша ұмытады деген сауал саласың.

Өйткені сұңғыла қаламгер Әбіш Кекілбай атап көрсеткендей: «Өткен ғасырымыздың руханият әлеміндегі қаһарман тұлғалардың бірегейі – Иманжүсіп. Ол бар болмыс білімімен ұлы суреткер, асқақ рухты күрескер, кемел композитор».

Олай болса Иманжүсіп Құтпанұлының да Астана төрінде өзінің Көкмойын тұппарымен тас тұғырдың үстінде сәулет шырайы артқан асыл қаланың бүгінгі келбет-кескініне сүйсіне көз салып тұруы керек-ақ қой дейсің. Бұл ұлы рухты күрескер азаматқа бүгінгі ұрпақтың шынайы алғысындай қабылданары ақиқат...

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау

университетінің қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар