Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Наррация эволюциясы...

31.07.2017 11874

Наррация эволюциясы

Наррация эволюциясы - adebiportal.kz

Қазіргі әдебиеттану ғылымында нарратология мен сюжет мәселесі өзекті тақырыптың бірі. Жалпы нарратология деген термин сюжетке қатысты аталуда. Сонымен қатар, кейде баяндау тәсілі жағынан «нарация» деп те аталады. Бұл тәсілдің мәні - классикалықтың (әрекет жүйесі), морфологиялық тәсілден (мотивтер жүйесінен) айырмасы мәтін көпдеңгейлі жүйеде қарастырылады және оқиға желісі осы деңгейлердің қатынасымен анықталады. Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік, этикалық мәселелер, автордың орны мен оқырманның ара қатынасы, ең бастысы оқиғалардың қызметі мен шығарманың баядалуы мен тілі – осының бәрі жеке мәселе емес, мәтін желісін қамтитын тұтас жүйе. Нарратология, нарратив теориясы, әңгімелеу теориясы - әңгімелеуді тұтастай зерттейтін ғылыми пән. Кейде әдебиеттануға кіріспенің ерекше сапасы ретінде, кейде жалпы гуманитарлық пән ретінде қарастырылады. Нарротология өз алдына мынадай міндеттер қояды: нарративтің жалпы анықтамасын беру; олардың арасындағы айырмашылықты анықтау; нарративтің мүмкін болатын құрылымын ашуға ұмтылу, нарративті дамыту.

Қазіргі заманғы нарратология 1960 жылдардың аяғында әдебиеттануға ерекше бөлім болып қосылды. Алайда нарротологияның негізі 1920 жылы орыс формалистері арқылы қаланды: В.Шкловский, Б.Томашевский, В.Пропп, Б.Эйхенбаум, М.Бахтин, т.б. Яғни бұл зерттеушілерге біздің ғасырларымыздан бастап әңгімелеу теориясының негізгі тұжырымдарын қайта қарап шығу ұсынылды. Нарратологияда мынадай категориялар қарастырылады: оқиға, сюжет, фабула, тарих, әңгімелеу сатысы, әңгімелеу түрі, айтушы мен айтылымның ара-қатынасы, автор мен нарратор (әңгімелеуші), автордың, кейіпкерлердің, оқырманның көзқарасы, нарративті деңгейлер, әдістер, т.б

Әлем әдебиетінде нарротологиялық концепциялар Р. Барт, Ж. Женетт, М. Риф­фатер, А. Прието және орыс әдебиеттануында М.Ю.Лотманның мен Р.Якобсонның сюжеттер түзілімі (сюжетосложение) теориясы туралы зерттеу еңбектерінен шыққан.

Нарратология – баяндау мәтіндерін (нарративтерді), нарративтердің табиғатын, формасы мен қызметін зерттейтін пән. Нарратив (ағыл. және фр. – narrative) – өзара байланысқан оқиғаларды оқырман, не тыңдарманға сөздер мен бейнелер (образ) арқылы жеткізеді. Нарративтің негізгі идеясы ретінде финалды субъективті көзқарас негізінде түсіндіру болып табылады.

Нарратив – постмодерн дәуірінде көп қолданысқа түскен сөз. Қазіргі кезеңде бұл термин «баяндау» немесе «сюжет» ұғымдарының орынына қолданылуда. Бұл латынның narrare — «баяндау тілі» сөзінен шыққан. Постмодернист философтары бұл терминді историографиядан алғаны белгілі. Ол тарихи оқиғаларды сол оқиғалар туралы әңгімелер контексінде қарастыратын «нарративті тарих» концепциясын құрудан пайда болған дейд» зерттеушілер. Нарративті тарихтың ерекшелігі – ол болған оқиғаны объективті түрде бағалауға ұмтылмайды, оқиғалар интерпретациямен тікелей байланысты болады. Дәл осы әдісті мәтінге қатысты да қолдануға болады. Постмодернистік концепция аясында басты назар тарихи оқиға емес, оның құндылығын ескере отырып, мазмұнын жеткізу әдісіне көңіл аударылуы керек.

Француз философы әрі семиотигі Ролан Барт айтқандай: «Повествование разворачивается ради самого рассказа, а не ради прямого воздействия на действительность, то есть, в конечном счете, вне какой-либо функции, кроме символической деятельности как таковой».

Психолог Ром Харре мен философ Йенс Брокмейердің анықтамасы бойынша, «нарратив — бұл әр индивидтің шеберлік деңгейімен және оның әлеуметтік-коммуникативтік қабілеттері мен лингвистикалық шеберлігінің ұштасуымен шектелетін, мәдени-тарихи түрде жеткізілетін лингвистикалық және психологиялық құрылымдардың ансамблі». Өмірде болған кез келген оқиға туралы хабарлама «белгілі бір келісімдермен» сәйкестікте айтылған тарихи форманы иемденеді. Осы тарихтың көмегімен адам өз өмірі туралы көзқарастарынан туындаған жеке тәжірибесін реттеуге ұмтылады. Қалай дегенмен, нарратив тарихтың негізгі мазмұнын фабуладан процесске немесе баяндау әдісіне өткізеді.

Бізге өз өмірімізді түсінуде белгілі бір логикалық ережелер көмегінен гөрі, сюжет заңдылықтары бойынша қарастырған қолайлы дейді нарративті зерттеуші психологтар. Оның үстіне өмір «өз өзінен» пайда болмайды: біз балалық шағымыздан бастап әлем туралы өз көзқарасымызды жақын адамдар мен үлкендердің әңгімелеріне сүйене отырып қалыптастырамыз».

Әдебиеттегі нарратив бұл – көркем шығармадағы фактілер мен оқиғаларды баяндаудың бірізділігі. Бірақ оны сюжетпен шатастырмау керек: нарратив – бұл фабула емес, фабулаға негізделетін құрылым. Сонымен қатар нарратив белгілі бір заңдылықтар бойынша қалыптасады. Мысалы: кеңес фольклорисі Владимир Пропп ертегілік наративтің базалық құрылымын жасамақ болды. Ол нарративті шағын бөлшектерге бөлуді ұсынды – нарратемаларға: характерлер, персонаждардың қызметі, сиқырлы құралдар немесе белгілі бір жағдайлар. Мысалы «кейіпкер сиқырлы көмекшісін кездестіреді» нарратемасын біз «Иван Царевич и серый волк» орыс халық ертегісінен кездестіреміз. Лингвист Альгирдас Жюльен Греймас көпшілік мәтіндерге қолдануға болатын универсальді нарративті схеманы ойлап тапты. Онда алты актантты рөлдер көрініс береді (яғни, персонаждар орындайтын функциялар): жіберуші, қабылдаушы, субъект, объект, көмекші және оппонент.

Нарратологияның нысаны нарратологиялық шығармалардың құрылуы болып табылады. Ең алдымен, нарративтілік сөзінің мағынасын ашып алайық. Әдебиеттануға кіріспеде нарративтілік екі түрлі түсінікте қарастырылады. Біріншісі әңгімелеудің классикалық теориясында пайда болған. Бұл термин неміс теориясында нарратология емес, әңгімелеу теориясы деп аталған. Бұл бойынша нарративті немесе әңгімелеу қатарына шығарма коммуникативті құрылым ретінде қосылған. әңгімелеуде мәтіндегі дауыспен тығыз байланысты адам- әңгімелеуші болып саналады. Классикалық теорияда әңгімелеудің маңызы нарратордың әңгімені дұрыс қабылдап, оны оқырманға жеткізуінде жатыр. Нарратордың қатысуымен әңгімелеудің ерекшелігі анықталады. Нарратив туралы екінші түсінік құрылымдық нарратологияда қалыптасты. Осы тұжырымдама бойынша, әңгімелеуде коммуникацияның құрылымдық белгісі ғана емес, сонымен қатар, айтылып жатқан әңгіменің құрылымдық белгісі де шешуші роль атқарады. Нарратив термині суреттеу терминіне қарама-қарсы. Ол мәтіннің нақты құрылымын мазмұндайды. Тарих деген түсінік оқиғаны білдіреді. Ал оқиға жағдайдың өзгеруі болып табылады немесе кейіпкердің ішкі толғанысы, жағдайы болып есептелінеді. Сонымен құрылымдық мағынада нарративті шығарма оқиғаларды бейнелеп, тарихты мазмұндайды.

Классикалық түсінікте нарративтілік тек қана сөйлеу шығармашылығымен шектелмейді, сонымен қоса, нарраторлық қасиетке ие. Құрылымдық анықтау нарратология аумағына шығарманың барлық түрлерін кргізеді. Бұл көзқарас бойынша нарративке роман, повесть, әңгіме ғана емес, сонымен қатар, пьеса, балет, мүсін өнері, сурет өнері, кинофильм жатады. Керісінше, нарратив қамтитын аумаққа мыналар кірмейді:әлеуметтік, ортаның бейнеленуі, салынып жатқан сурет, портрет, өткенді қайталау, циклдік үдеріс. Нарративті және суреттеуші мәтін арасында шекара анық болмайды. әр нарративте суреттеу элементтері болады. Суреттеу элементтерісіз іс-әрекет те жүзеге аспайды. Бір жағынан суреттеуші элементтер көрнекілік ретінде де қолданылады. Классикалық анықтама бойынша, нарративтер арасында суреттеуге жақынырақ келетін очерк болып табылады. Құрылымдық мағынада, нарративті емес суреттеуге Д.В.Григоровичтың «Петербургские шарманщики» атты очеркі, Н.А.Некрасовтың «Физиология Петербурга» атты жинағы мысал бола алады. А.Битовтың мәтіндеріндегі нарративті құрылымының пайда болуын байқай аламыз.

Қаламгер шығармасында өз ойын оқырманға жетік түсіндіруі үшін, кейіпкерлер мен образдарды пайдаланады. Бір оқиғаны әртүрлі тұрғыдан баяндайтын бірнеше кейіпкер-нарраторларды енгізіп, автор шығарма мазмұнына әңгімелеудің алуан түрлі тәсілдерін қолданады. Олар: сентиментальдық және романтикалық стильдер, анекдоттар, әзіл-оспақтар, ертегілер және детективке сықақтар, мысалдар мен нақылдар. Мысалы, автор негізгі ой өзегін астарлап жеткізгенде, оқырманға идеясы бірден түсінікті болмайды. Автордың эмоциясы метофоралық сөздер есебінен пернеленген; астарлы сөздер бейнелілігі мен оқырмандардың өмірлік тәжірибесіне негізінде ғана түсінікті болады.

Нарратор - көркем туындыда тарихты мазмұндау, оқиғаны баяндау қызметтері бөлінген тұлға. Бұл бағытта жазылған еңбектердің қатарында В.Шмидтің «Нарратология» еңбегі, сондай-ақ «Нарратология» атты ғылыми пікір тұжырымдар жинақталған 2 томдық жинақты атауға болады. Нарратор түрлеріне әңгімеші мен баяндаушы жатады. Әдебиет теориясында автор мен нарратор ұғымын дәйекті түрде қарсы қояды яғни автор туындыдан тысқары болса керісінше сол көркем туындының бөлшегі, онсыз баяндаудың болуы мүмкін емес. Әдебиеттегі мұндай тұлғаларда әнгімеші, баяндаушы терминдерімен атайды. Нарратор түрлері көркем туындыда атқарар қызметтерімен ерекшеленеді, неге біз авторды нарратордан бөліп қараймыз? Бір ғана автор әр түрлі туындыда түрлі мәнерді таңдайды. Мысалы, Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол майдан», «Шал мен теңіз» туындыларында баяндаушы әр қалыппен көрінсе, Л. Толстойдың «Анна Каренина» мен «Әзәзіл» туындыларында баяндаушының тұлғасы әр түрлі. Гогольдің «Диканька хуторы түбіндегі кештер» мен «Шинелін» қараңыз мұндада автор біреу болғанымен оқиғаны баяндаушылар да бір біріне мәнері жағынан сәйкес емес. М. Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қаралы сұлуын» алайық. Болмаса Ж.Аймауытұлының «Ақбілегі» мен «Әншісін» алайық. Бұдан өзге егер автор, мысалы, сатиралық бет пердені жасауда, баяншыдан әдейі алыс қашықтықты ұстап, онымен мүлде сәйкес келмейді.

Әдеби туындының қайнар көзі ретінде автор нарраторды яғни тарихты оқиғаны әнгімелейтін нақты немесе жалған тұлғаны жасайды. Ақырында көркем туындыда баяндалатын ойдан шығарылған оқиғаны нарратор шындыққа айналдырып, нақтылық сипат бере отырып, басынан өткендей, өмірде болғандай етіп жеткізеді. Нарратор автормен кереғар қалыпта ғана тұрмайды, бұл екі тұлға арасында түбегейлі айырмашылық жиі байқалады.


Нарратор тұлғасының лирикалық эпикалық драммалық туындыларда көрінуінің де шектеулі шекарасы бар. Егер лирикада тек өз сезімін бейнелейтін лирикалық мен әрекет етсе драмада нарратор оқиғаға тартысқа орын беріп «қағажу» көреді. Ал эпикалық туындыларда нарратор автормен оның суреттейтін әлемі арасында өзгеше делдал қызметін атқарады. «Шұғаның белгісі» мен «Қазақ солдаты» туындыларындағы автор мен баяншы арасындағы қарым қатынас өзгеше сипатта болса, «Тар жол, тайғақ кешу» романында автор мен баяндаушы арасында тығыз сабақтастық бар. Көптеген қаламгерлер баяндаушыға өз міндетін толықтай жүктейді. Қаламгердің жеке өмірі мен шығармашылығы арасындағы байланыс өте күрделі. Кей жағдайда баяндаушы образы шын жүзін көлеңкелегісі келген, жасыруға тырысқан жаңа маска екендігін Андре Моруа айтқан болатын. Өз өмірін басқаша қырынан жаңғырту үшін жазушы «жаңа маска» киеді дейді ол.

Қорыта келгенде, нарратология – баяндау теориясы, бір жағынан структурализм және екінші жағынан, рецептивті эстетика арасындағы аралық орынды алады. Нарратор автор мен баяндалатын әлем арасындағы делдал болып табылады, яғни баяндау мәні нарротордың қабылдау призмасы арқылы туындының шындығын пайымдауға әкеледі.

Автор мәтіндегі нарраторларды өз шығармасында жазушының қандай ойды жеткізгісі келгенін әртүрлі көзқарастар негізінде оқырман өзі түсінсін деп қолданады, бұл өте маңызды. Ұлттық әдебиеттану ғылымында бұл мәселе жан-жақты толық қарастырылған жоқ. Әлі де ізденуді қажет етеді.

Әйгерім Наурызбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар