Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Назила Сіләмқызы. Cуретші есек...

16.02.2024 883

Назила Сіләмқызы. Cуретші есек 14+

Назила Сіләмқызы. Cуретші есек - adebiportal.kz

 Сара күндегідей ерте тұрып, далаға шықты. Таңғы жаттығуын жасады. Жатын бөлменің жанған жарығы күйеуінің тұрғанынан хабар берген соң, жаттығуын тоқтатып, үйге кірді де, Садықтың таңғы шайын дайындап күтіп отырды. Садық болса бір шыны шай ішіп, шығып кетті. Сара нанға сары май жағып жеді, «Тары ботқасына Садық қасық батырмай кеткені несі, болмағанда дәмін татып көрмеді ме», - деп ойлап отырып, өзі жеп алды. Қызғылт сары құлақбасқа шай құйып, шеберханаға кірді. Әне, «Анасы» көңілі алаң болған сияқты, өңі шаршаңқы, екі жағы кіріп кеткен, Сараға мейірлене қарайды. Ал мына суреттегі «Әкесі» торы атына мініп бір жаққа аттанғалы тұр, мүмкін Мақпал көлдің ар жағындағы ескі қыстауды бір көріп келмекші шығар, мүмкін орманды аралап қайтпақшы. Иығына мойын ағашпен екі шелек су көтерген «Бойжеткен» иығы талып, ел жатқан соң шелегіндегі суды төгіп тастап, қайтадан «Бұлаққа» барып келген бе? Қалай болғанда да қыздың көзі жайнап тұр. Мынау өрмек құрып, «Алаша тоқып отырған әйел» жүзін бері бұрмай, тоқымасына кірісіп кетіпті. Шынжыр табанды трактор бозала таңда жер жыртып жүр, «Тракторшы жігіттің» ойынан қызымен қыдырған түн кетер емес, бүгін мына алақандай жерді жыртып бітіріп тастап, күні бойы ұйықтап дем алады да, түнімен тағы да жер жыртуға аттанады. Суреттегі жігіттің ойын Сарадан басқа ешкім түсінбес еді. 

 Сара жалғыз тұрған «Қайыңның» жанына келді, неғып жапан даладағы жалғыз қайыңды салғанына таң қалды. Неге қара ағаш емес? Шөл даладағы жалғыз қайыңды салған кезде Сара оңбай қателескен, шөл далада қайың қалай өссін? Жаны жалғыздықтан жапа шегіп отырған кезде салғаны екен ғой, ей, дүние-ай, десеңізші, содан бері де он бес жыл өтіпті. Сара өмір бойы жалғыздықпен дос. Бала кезінде де ешкіммен қосылмай жеке жүретін, үлкейгенде де солай. Сараға жалғыз қалып бір затқа немесе құбылыстарға ұзақ қараған, әр нәрсені жіті бақылап зерттеген ұнайтын. Қарап тұрса, Сараның салған суреттерінде жалғыз нәрселер көп: жалғыз «Алманы» салған кезде Әлимаға аяғы ауыр еді, алмаға жерік болды, базарға барып алма сатып әкеліп жейтін. Алма жеп болған соң ұйқысы келуші еді. Ал жалғыз «Гүл» күйеуі Садықтың үйге қонбай, Сараның түнімен жылап шыққан күнінің ертеңінде салынған. Сол жалғыз гүл қаншама сезімді арқалап тұр десеңізші!

 Осы шеберхананы жасап бер деп Садыққа бірнеше рет айтты, Садық құлағына да ілмеді. Соңғы рет айтқанда: «Саған немнің шеберханасы керек, бәрібір бітіріп жатқан ештеңең жоқ»,—деді. Сараның қаны басына шапты, дірілдеп кетті, жолы ауыр суреттерден де, Садықтан да құтылғысы келді. Ашу ішіне түсіп кетті ме, өне бойынан өнер ағып тұрған бір тамыры қысылды ма, басы зеңді, аздап есі ауысып қалды ма, «шынымен ештеңе бітірмеппін» деп өзіне-өзі күбірлеп екі-үш күн жүрді. Жаратылысынан байсалды Сара тағы да ашуын ішіне жұтты, Садыққа бір сөз айтпады. 

 Соңғы кезде басы ауырып, мазасы болмай жүрген соң, дәрігерге көрінді, қан қысымы көтеріліпті, «ашулануға болмайды» деді дәрігер. «Ашулануға болмайды!» деп жол бойы қайталады Сара. Сурет салса ғана көңілі орнына түсетінін Сара білетін, сол күннен бастап шеберхананы жасап алуға іштей шешім қабылдап, ақша жинай бастады. Садықтың санап берген ақшасынан теңге жону қиынға түсті, тіпті бір жыл бойы түк те жиналмады. Ақыры Сараға баласы көмекке келді, Әлішер анасының сурет салатынын жарнамалап берді.

Жарнама өтіп, балабақшаның қабырғасына суреттер салып, түскен ақшасын түгел жинап қойды. Жиі болмаса да, екі айда бір тапсырыс түсіп тұрды. Киімдерінің бәрі ескіріп, сәннен қала бастапты, күнделікті киетін киімдерін жаңалады. Есесіне Садық тамыз айының несиесін төлеуден бас тартты, «фирмада бір нәрселер жоғалып, күзетшілердің мойнына қойды, мен осы айдың несиесін төлей алмаймын» дегенде, Сара еш таңданбады. Садықтың бұндай әдеттеріне жиырма жылдан бері үйренген. Жинап жүрген ақшасынан жырып несиені төледі. Несиені төлеген күні ірі тапсырыс түсіп, жарты айда қомақты ақшаны бірден тапты. «Шеберхананы жасайтын ақша таптым», - деп еді, Садықтың көзі алайып кетті. «Қолыңнан түк келмейтін болған соң, шеберхананы қойсаң қайтеді? Сурет салғаныңа отыз жылдан асты, бірдеңе шықса, шықпай ма? Енді жасың елуден асқанда бір нәрсе шығарсаң, басымды кесіп берейін! Сенің тапқандарың киіміңді де ақтамайтынын білесің бе? Ертең құрылысты бастап алып, «ақша жетпей қалды, бере тұршы» дегеніңді естімейін, ұқтың ба? Есек болсаң, осы ғой! Мен онсыз да көлігімді жаңалай алмай жүрмін».

Сара шеберханаға арналған ақшаны қайда жұмсарын білмей екі күн жүрді. Тапқанын ақша ұстай алатын Садыққа берсе ме екен, әлде шеберхана жасаймын деген ойын іске асырғаны жөн бе? Егер Садыққа берсе, ол көлігін жаңалайды да, бұл қайтадан бұрынғы кебін киеді. Егер өзі шеберханасына жұмсаса... Жалпы өзі, Сараның салған суреттерінің болашағы бар ма, әлде құр далбаса ма? Басы қатты. Ақылдасатын ешкімі жоқ екен. Ақыры, шеберхана жасататын болып, екі ай бұрын балабақшаның қабырғасына сурет салып жүргенде танысқан құрылысшыларға хабарласты. Ертесінде екі адам келіп көрді де, Сараның қолындағы бар ақшасына туралап жасауға келісіп, жөндеу жұмыстары басталып кетті. 

Жарты айда тап-тұйнақтай болып аяқталған құрылыс Сараның көңілінен шықты. Шұрым-бұрым, ұсақ-түйек тұрған жаман сарай жап-жақсы шеберханаға айналды. Сараның гүлдері үйге сыймай тұр еді, үлкен ыдыста тұрғандарын шеберхананың есік жағына қойды, суреттерін гүл шашып қарсы алмақшы. Суреттеріне Сарадан басқа кім әке, кім шеше? Суреттерді екі қатарға іліп шықты. Егер мына бөлмені басқа қажетке пайдалану керек болса, суреттерді алып тастауға да болады деген есебі бар. Жап-жақсы шеберхана шыға келгеніне Садық не дер екен деп, іштей қуанып, тосынсый жасауға дайындалды. Қабырғасына Сараның отыз жылдан астам жәшіктерге жинаған суреттерінің жартысына жетер-жетпесі ілінді, біразы жерге қойылды, ескіріп, өңі кеткендерін уақыт бөліп жаңалау үшін қайтадан жәшікке салды, түкке жарамай қалғандарын қимаса да лақтырды. 

Осы уақытқа дейін білмепті, осынша көп суреті бар екен ғой! Сара импрессионистерді қайталап пейзаждарды, күнделікті өмірді, қарапайым адамдарды салғысы келсе де, ванитас стиліндегі сұр, қара түстерге ауысып кете беретін. Қара түс—терең күйзелістің, қорқынышты білдіреді. Сара картиналарын толықтай ілгенде ғана қара, сұр түс араласқан суреттерінің көп екенін аңғарды. 

 Садық қабылдап алатын комиссия сияқты келіп көрді де: «Есек», - деді. «Есебін білмеген есек болады, осыны өзімізге жатын бөлме жасап, қонақ бөлмені үлкейтпедің бе?»

 Сараның көзі жыпылықтап кетті, Садық неге сол ойын бұрынырақ айтпаған, құрылыс жұмысы жасалып жатқанда неғып ескертпеді? «Қонақ бөлмені үлкейтпедің бе?» - дейді, «Үлкейтпедік пе?» - деп неге ауыртпалықты өзіне алмайды? Жиырма бес жасында алған жатақханасын сатып, бір бөлмелі үй алды, оны екі бөлмелі үйге айырбастап, оны сатып жер үйді ипотекаға алған Сара еді ғой. Енді келіп Садық отбасын ойлап жүр екен де, Сара болса өз басын күйттеп, шеберхана ашып алыпты. Шеберханасы құрып кетсінші! Өңкей сұп-сұр суреттер құрып кетсінші». Ішіндегі долы әйелмен ұрсысамын деп Сара қалшылдап кетті, қан қысымының көтеріліп бара жатқанын сезіп, тездетіп дәрісін ішті де, диванға жантайды. Диванға қарама-қарсы өлі гүлдің суреті ілініп тұр екен. Барды да натюрмортты жұлып алып, қоқысқа атып ұрды. Сара жастығын сулап ұзақ жатты, шеберханасына кіргісі келмеді, киінді де, үйлеріне жақын жердегі саябаққа қарай жүрді. 

Күз кезі болатын, айнала Ван Гогтің суреттеріндегідей сағыныштың симфониясын орындап тұрған. Сара уайымға малынған сарыала түстерден гөрі, шымқай көкті көріп, көңілін жадыратқысы келді. Ашықтау алаңқайда үйден алып шыққан көрпешесін жерге төсеп, күртешесін жамылып көкпеңбек аспанға қарады. Қанша қараса да көңілінің аспанынан сары уайымды алып тастайтын күші жетпеді. Бұлтсыз аспанға тесіліп жатып қалғып кетіпті, телефонының шырылынан оянды. «Көрмең құтты болсын, ренжіп қалдың ба?» - деді Садық. Бірде көл, бірде шөл мінезі мезі етті, бағана жанын ауыртып «Есек» деп кеткенін жуып-шайып жатқанын көрдің бе?!

Сара жан-жағына біраз қарап, сары түске көзін тойдырып, үйге қайтқан кезде, кеш болып қалған. Көңілсіз жүріп, кешкі асқа макарон дайындады, Садыққа тамағын берді де, шеберханасына кірді. 

Суреттеріне қарағысы да келмеді, көңілі көтерілмеді. Осы суреттерден қайтіп құтылса екен? Суретшілер суреттен құтыла алар ма? Суретшінің өмірі сурет екенін Садық неге түсінбейді? Сара өзін кінәлі сезінді. Енді қайтпек керек? Болар іс болды, баламыз үйленіп жатса, тағы көрерміз, Әлішер әлі жиырмада ғана, Әлима он сегізде, күйеуге кетсе бөлмесі босап қалмай ма?

Әлиманы ойлағанда жүрегі сыздады, қыз деген – ананың жанды жері. «Өзі сүйген адамына күйеуге шықсыншы, өзі сүйген жұмысымен айналысуға жары қамқорлық жасасын. Әлимам жақсы адамға кездессе, менің төбемнің көкке жеткені. Әлішер жігіт ғой, бірдеңесі болар», - деп ойлап отырып альбомына «Сәукеле» суретін салып тастады. Әлима әлі бірінші курста ғана оқиды, түстен кейін мейрамханада даяшы.

Жөндеу жұмысынан кейін суреттерінің рамасын ауыстыратын бір тиын да ақша артылмады. Суреттер біреуі жіңішке, біреуі жалпақтау болып, қалай қойса да, көрмесінің ұсқынын кетірді. Шеберханасын көрме деп атап алды. «Расымен де болашақта көрмеге айналсын», - деп ойлағанда Сара бәрін ұмытып кетеді. Сара үлкен көрмелерден дәмесі бар. «Бәрі бірден қайдан, ақырын бола жатар» деп ойлаған Сара қолына қылқаламын ұстап мольбертке жақындады. Бұрын бір суретті сипалап екі күн, әйтпесе бес күн салып, көз алдына келіп тұрған елесті жоғалтып, шашыратып алатын. Қазір көргенін тезірек салып алуға асығады, уақыт ұзартқан сайын сурет жансызданып кететінін мұнда ғана түсініп, альбомына жобалап немесе телефонына түсіріп алады. 

Мінеки, бүгін де Садықты жұмысқа жіберген соң, тездетіп үйді ретке келтірді де, сыртқы есікті ішінен тарс жауып, ас үй арқылы өтетін шеберханасына келді. Кеше күйеуінің «Күні бойы отыра бермей, бірнәрсе істесең болмай ма, сурет саған не береді? Бұрынғыдай арасында үй жинап, жатақхана жумайсың ба?» -дегені бар. Бұдан үш ай бұрын болса, Сара кәдімгідей ренжитін еді. Ал қазір ренжімейді, күйеуінің сөзін көңіліне де алмайды, өйткені иесін күтіп тұратын шеберханасы бар. Сараның ашуланбай, көңілді жүрген түріне қарап, Садық одан әрі күйіп-піседі. «Сен отбасым бар деп ойламайсың-ау деймін? Елдің әйелдері күйеулерінің бір жағына шығып, ақша табады. Тіпті тамақ та жасап жетістірмейсің? Нан илеп, кеспе көже жасап қойсаң қайтеді? Қашан көрсең, макарон, не картошка, әйтпесе қарақұмық, борщ. Макарон мен картошканы жұмыста да жеп жүрміз. Есіл дертің түк өнбейтін шеберханаңда. Осы суреттеріңді біреу алса, мұрнымды кесіп берейін. Саған сөйлеп кетірген асыл уақытым-ай! Есек!»

Садық не айтса да, Сара қарсы жауап қайтарған емес, тек ішіне жинай береді. Жинай береді де жалғыз қалған кездерінде, әлгі сұрақтың астарын қазғылайды, үңгіп көреді, жауабын табады, жауаптың бетін қайтадан сұрақпен жабады, сөйтіп шаршап әлсіреп қалады. «Мен сурет салмасам жоғалып кететінімді білесің бе, Садық? Сурет салғанда не тұр? Адамдар қабілеттерін ашпағаннан соң ауру болады, түсінесің бе? Сен де бос уақытыңда жақсы көретін ісіңмен айналыссаңшы?» Сол кезде көз алдына ұзын бойлы, арық, қасқабас, шегіркөз Садық келе қалады. «Менің жақсы көретін ісім, ол сенің жыныңа тию» деп екі бүйірін таянып, шіреніп тұрғандай. 

Сара тағы да ешнәрсені елемеуге тырысса да миында жана алмай, бықсып жатқан ойлары тыныштық бермей, үйдің ішінен жау тауып алды. Ойларына бірнеше жерден тіреу қойса да, Садық жақтан келген соққы тіреуді қисайтып кетеді. Үнемі қан қысымы көтеріліп кететін болды, қант ауруына ұшырағанда ғана есін жинады. Осының бәрінен сурет салу ғана ем болатынын түсінгенімен, орындауға шамасы келмей бара жатыр. Сараны мына бықсық әлемнен құтқаратын тағы бірнәрсе керек, ол не екенін білсеші! 

Жиырма жылда Садықтың мінезіне үйренетін болды ғой! Қалай десең де, екеуінің әлемі екі түрлі, Сараның ғажайып әлемін Садықтың найзағайы келіп соғып, кемпірқосақ бояуларының быт-шытын шығаратын. Жиырма жыл бойы Садық не істе десе, соған көнді, енді көне алмайды. Сараның өз туындыларына көңілі тола бермейді, дәл салатын кезде ойы бөлініп, картинасы шашырап кететіні бар. Сара бір керемет туынды шығарғысы келеді. Бірақ, қалай? Әлем суретшілерінен салынбаған сурет қалмағандай, Сара бірнәрсе салса, сол сурет ертеңінде алдынан шығады. Енді не салуы керек? 

Күндердің күнінде өтетін жеке сурет көрмесіне жол ашып беретін бір сурет қой бастаған серкедей алға шықса ғой. Бәйгелерге де қосып көрді, бірде-біреуі алға шығып кеткен жоқ. Бәйгіден келер сәйгүлік салмапты, салғаны өңкей есек-суреттер. Садықтың айтқанының жаны бар сияқты: есектер. 

Садық тамағын ішіп ғана қоймай, Сарадан бір мін тауып кетті. Асты күйіп кеткен самсаға шүйлігіп, тағы да есекке теңеді. Болды, Сара есек болудан шаршады. Дәл қазір Сара жеңіле салса, сөз қайтармаса, Садықтың жеңгені. Сара жеңіліп қалғанымен, Садық кеткен соң, шеберханасындағы суреттерімен жеке қалған кезде басқа әлемге еніп бара жатады. Суреттермен сөйлеседі, олар жауап қатады, осылайша тамақ жасайтын уақыт болғанда бірақ есін жинайды. 

Сара базардан дайын рамалар сатып әкеліп, біраз суреттерді жаңалаған соң ғана несінің бар, не жоқ екенін түсінді. Суреттер неше жыл бойы қағаз жәшіктерге салынып, осы бұрышта тұрды. Көрме болса, біраз суреттерін алып барады, бір-екеуі сатылса болды, бір-екеуін сыйлап, қалғанын сол қалпында көтеріп келеді. Бәрін қойшы, үйге келген соң Садықтың: «Картиналарың түгел өтіп кеткен ғой деймін, ә?» - деп келеке ететінін айтсаңшы. Ондай кезде Сара басын изейтін. Басқа қайтпек керек? Егер Садық жарының жанын түсінбесе, не шара! Садық ақылсыз жігіт емес, өз ісіне ұқыпты, жұмысында да беделді, бастығы да жақсы көреді, арасында жеке жұмыстар жасап, қомақты ақша да табады, тек Сараға келгенде қырсыға қалатыны бар. 

Сара не суретті, не еден жуатын жұмысты таңдауы керек. Мүмкін, Садық айтқандай, сурет бұның жұмысы емес шығар? Суретті шынымен де еріккен, қолы бос адам салу керек пе? Садықтың «Есекке жүк артсаң да, артпасаң да шаршап жүреді, сен сол есексің» дегеніндей, Сараның түк бітірмей шаршап жүретіні рас. Алматының кептелісінен өтіп, жұмысқа барып келу де оңай емес. Дәл бүгін сол түк бітірмей шаршайтын суретші Есекті салып жатыр. Осы Есекті салады да, төсегінің бас жағына іліп қояды, сонда Садық есектің қандай болатынын білсін!

Суретші Есегі қолындағы тақтайшаға бояуларды араластырып, сурет салып тұр еді. Сара бұл суретті үш күн салды, арасында жұмысқа барып, еден жуып келеді, бір ұйықтап алып, кешкі тамағын жасайды, сол екі ортада шаршаса да, сорлы Есектің суретін салуы керек. Алғашында ашуланып салған Есегі күннен күнге өзіне ұнап бара жатты. Көзіне көзілдірік киген, қолына палитра ұстаған, жүні сұр, күлгін, жасыл аралас, әдемі, бейкүнә Есек Сараға қарап тұрды. «Мына Есек шаршағаныңды ұмыттырып, шабыт береді ғой» деп ойлаған Сара, Есектің суретін өз бөлмесіне ілмекші болды да, Садық күлетін шығар деп жерде тұрған үлкен картинаның артына қоя салды. 

Осы суретті салған соң, Сараның ішінен басқа Сара атып шықты. Садықтың жазғырған сөздерін елемеді. Садық бірнәрсе десе басын изеп күле салатын болды. 

Бүгін таңертең Садық тағы да Сараны ренжітіп кеткен. Мүмкін Садық ренжітейін деп ойламаған шығар, бірақ көңілі жұқарып жүрген Сара күйеуінің бір сөзін көңіліне алып қалды да, сол сөзді қапқа салып, сүйреп шеберханасына келді. Шеберханаға кіріп, жарықты жақпай біраз тұрды. Тылсым әлемге енгендей суреттеріне үңіліп біраз жүрді де, жарықты жағып, Есектің суретін шығарып ұзақ қарады. Есек те: «Қалайсың, Сара? Сурет салмаймыз ба?» - дегендей, бұған аянышты көзбен қарайды. «Диванға жатып ұйықтап ал, сен тұрғанша сурет салып көрейін» дегендей, Суретші-Есек Сараның қолынан қылқаламын алды. Сара өзін күпті етіп жүрген сұрағына жауап тапқандай, шешесі келіп басынан сипағандай, «уһ» деп күрсінді де, диванға жата кетті. Сараның сырласатын адамы бары қандай жақсы болды. Бірақ, Есек адам емес, адам болмаса да, Сараның ең жақын құрбысына, тіпті жанашырына айналды. Оянса, Суретші-Есек қызыл кілем үстінде келе жатқан Сараның суретін салып қойыпты, қолынан Есегі ұстап келе жатыр. Риза болған Сара Есегіне ат қоймақшы болды, Айгүл, жо-ға, Райгүл, жоқ, келмейді. Майгүл, ол да жараспайды. Сара деп еді, Есегі жалт қарағандай болды. «Сенің де атың Сара болды» деді Есегіне. «Енді сен Сарасың, суретшісің, қолыңдағы бояуыңмен сурет салуың керек». 

Бұрынырақ неге осы Есектің суретін салып алмаған? Күндердің күнінде бұны түсінетін біреу пайда болды. Ол да Есек, мен де Есекпін. Есек болмасам, мені Есек түсінер ме еді? Неге мені Садық түсінбейді? Сара тағы да Есектің суретін салды. Бұл жолғы Есек еденді жуып болып, сүрткіш таяққа сүйеніп тұр еді. Сараға мына суреттегі Есектің ұнап кеткені соншалықты, үстіне шақпақ жейде, сұр шалбар кигізді. Джинса шалбар, көк жейде киген Есек автобустан түсіп келе жатқан. Ертесінде де, арғы күні де Есектердің суретін сала берді, сала берді. Боянып алған Есек, бақ-бақ ұшырып тұрған Есек, микрофон ұстаған, жылап тұрған, ақырып тұрған, мойнына бантик байлаған, костюм киген, галстук таққан Есектерді салды. Жалы қызыл ала кемпірқосақтың нұрына малынған, көзі жәудіреген сүйкімді Есекті, қара көзілдірікті Есекті, бағдаршамнан өтіп бара жатқан Есекті, жайылып жүрген, айнаға қарап тұрған Есекті салды. 

Сара әр күні Есектердің суретін сала берді, суреттерді Сараның өзі емес, Есек-суретші салып жатқандай еді. «Еңбегім мені көтереді, әлі. Мен өз арманымды ұмытқан жоқпын. Есек армандаушы ма еді? Жо-жоқ, адамдар ғана армандай алады. Ендеше есек деген сөзден құтылуым керек. Қалай құтыламын?»

Сара жылап тұрған Есекті, жаттығу жасап жатқан Есекті, аспаз Есекті, гүл иіскеп тұрған Есекті альбомына салды, ертең туған күні екені есіне түсті. «Егер осы туған күнімде Садық гүл әкеліп берсе, мен бәрін кешіремін, ақша бермейтінін де, басқа әйелдерге барғанын да, өмірінде бір-ақ рет гүл сыйлағанын, тіпті Есек деп айтқанын да кешіремін». 

Ертесінде Садық бір шоқ гүл алып келіп, барлық күнәдан арылды да, қорылдап тұрып ұйықтады. Ал Сара болса, Есегіне туған күнінің қалай тойлағанын айтып тұрып, Садықтың әкелген гүл шоғының суретін салды. 

Шеберханасынан ас үйге шыққан Сара бүгін макарон жасап, ертеңнен бастап толық өзгеретін болып шешім қабылдады. Сара есек атанудан жалықты, есектен құтылудың жолын іздеді. Барлық Есектердің суретін далаға шығарып жағып жібергісі келді, ортасынан тіліп айырып тастағысы келді. Етті қуырып қойды да, отты азайтып шеберханасына кіріп, бұрыштағы үлкен раманың артындағы Есектің суретіне қарады. Есек бұған күліп қойып, сурет салатын бояуларын араластырып тұр екен. «Тезірек тамағыңды жасасаңшы, сурет салуға кіріспейміз бе?» - деп тұрған Есекті теріс қаратып орнына қоя салды да, макаронын жасап, шай жөндеп қойды. 

 Садық жұмыстан кешікті, ас үйге бір кіріп, бір шыққан Сараның тамағы суып қалды. Сыртқы есік ашылғандай болды, Әлішер тамақ ішпейтінін айтып, бөлмесіне өтті. Әлима мейрамханада болған тойдан сарқыт алып келіп, ол да тамақ ішпейтінін айтып бөлмесіне кіріп кетті. Сара ас үйде жалғыз қалды да, сарқыттарды жей бастады. «Мен—нағыз есекпін» деп ойлады Сара. «Есектің сағдар шөпті жейтіні сияқты, мен неге елден қалғанды жеп отырмын?» Тәбетті ашар көкшөптерден жасалған салатты жеп отырғанда, Садық келді. 

Садық «Жігіттермен біраз отырып қалдық, тойып тұрмын», - деп тамақ ішпеді. Оның қандай сылтау екенін Сара сезсе де үндемеді, өйткені Сара есек ғой. Ал есектер сөйлей алмайды, ойын да айта алмайды. Өз ойымен өзі әуре болып жүріп, тамақтың орнын жинады.

Садық жуынатын бөлмеден шығып, теледидардан атыс-шабыс фильм көрді. Теледидарды бар дауысына қойды. Сара шеберханасына кіргенімен, жұмысқа зауқы болмады. Теледидардың қатты дауысынан шеберханасындағы суреттердің де шырқы кеткендей: үйдегі ауа-райын «Анасы» сезіп қойғандай, шөпке кетіп бара жатқан «Әкесі» қайта айналып келетіндей сезінді. Қоңыр көйлекті, қызыл галстукты «Оқушы қыз» қатты дауыстан көздері бағжия қалды, ал «Бақ-бақ ұшырып тұрған Есектің» екі құлағы елеңдеді. Үстел үстіндегі қызыл сары «Алмалар» қозғалақтап, Сараның көңілін аударды, «Ақ қайыңның» мұң жапырағы желмен шайқалғандай, аулада ойнап жүрген «Үш қыз бала» Сараға жалт қарағандай. Суреттерге жан бітіп кеткендей. Мынау таулардың басына қонған «Ақша бұлттар» ұшайын деп тұр ма, қайтеді? Тек қолындағы қылқаламын бояуға малып тұрған көзілдірікті «Суретші Есек» ғана көрінбеді. Сара тек жалғыз қалғанда ғана суреттермен сөйлеседі екен, суреттері бұрын мақау болатын, енді ғана тіл бітіп келеді. Тіл бітірген – Суретші Есек.

Сара Есектің суретін көргісі келді. Бұрыштағы үлкен раманың артындағы Есектің суретін бері алып шықты да көзіне қарады. Мүсіркей қараған көзден «Дем алсаңшы, енді» дегенді оқыды да, жатын бөлмесіне келіп, төсегін салып қойып, жуынуға кетті. Жылы себезгінің астында ұзақ тұрды, есектердің осылай жуына алмайтынын ойлады, олар тістерін де жумайды, олар төсек те салып жатпайды. Сонда мен Есек болсам, есі жоқ, тек жұмысқа жаратылған болғаным ба? Мен бұдан былай есек емеспін. Сара жылы себезгінің астында жылап тұрды. «Есектер жылай да алмайды» деп ойлаған кезде, тіпті тоқтай алмай өксіді. Бір кезде қызы есікті тоқылдатып: 

- Мама, сіз қашан шығасыз? - дегенде, есін жинап алды.

- Қазір, - деді Сара. 

Жатын бөлмесіне келіп, денесіне, бетіне май жақты, осыдан бес жыл бұрын құрбысы алып берген әтірді тауып алып себінді. Сөйтті де жарықты өшіріп, жатып қалды. 

Тәтті ұйқыда жатыр еді, үстіндегі көрпесін күйеуі жұлып алғанда оянды. Ұйқылы ояу:

- Не болды? - деді.

- Не болушы еді, күндіз бір жаққа барып келгесің ғой деймін, - деді Садық. 

- Қайда барамын, өшірші жарықты.

- Өзіңше әтірленіп жатыпсың ғой, қайдан үйреніп жүрсің? - деді Садық.

- Әтір себінуге де бас керек пе екен? Соны да үйрене ме? Ұйықташы, шаршап тұрмын, сағат үш болды, - деп жатып қалды.

- Есек, - деді Садық. 

Сара сол кезде Садықтың мас, әлде сау екенін ажырата алмады. «Садық шөп шегетін шығар» деп ойлаған кезде Сараның ұйқысы шайдай ашылды. Адам тектен текке адамға тиіспеуі керек, бұл шегіп келіп жүр. Аһ, Сараның есек екені рас болып шықты. Сара есек болмаса күйеуінің нашақор екенін осы уақытқа дейін неге сезбеген? Есек, Сара – есек! Сурет салған неңді алған? Күйеуің – нашақор! Бәсе, жап-жақсы жүрген күйеуі соңғы екі жылда неғып есек, есек деп кетті десе, осы екен ғой! Өзі есекке айналғасын, әйелін де есек санайды екен ғой. 

Есектің суретін көргісі келді. Дәл қазір шеберханасына барса, Садық секем алуы мүмкін, сондықтан телефон ақтарды, ұйықтататын дәрі ішті. Артынан шай қойып, бір шыныаяқ шай ішті. Түн ортасында макарон салып жеуді де ұмытпады, есектер түннің ортасында да шөп жей ме екен деп ойлап жатып, ұйықтап кетті. 

Кешегі дәрінің әсері болу керек, дым сезбей ұйықтап қалыпты. «Сара, шай қойшы!» - деген Садықтың дауысынан оянған ол үнсіз тұрып, шай қойды, жылы суын ішті. Садықтың жүзіне барлай қарады, ол бұған тік қарамады. «Есек» деген сөзді жаттап алған көрінеді» деп өз ойымен өзі арпалысты Сара. Садыққа шайын беріп, шығарып салған кезде сағат сегіз еді. Бір сағаттың ішінде үйдің бүкіл жұмысын бітіріп шықты. Тездетіп шеберханасына кірді де, үлкен картинаның артында теріс қарап тұрған Есекті шығарды. Тісі қисық Есек бұған күле қарап «Тезірек келсеңші, сурет салайық та», - деп тұр еді.

Түске дейін шеберханасын реттеді, суреттердің тізімін жасады. Есектің суретін берірек шығарып қойды. Суретші Есек: «Жұмысыңды бітір, сосын сөйлесеміз», - дегендей қарап тұрды. 

Түстен кейін дүкенге барып азық-түлік алып келді де, қойдың етінен қуырдақ жасады. Садықтың келуіне әлі бір сағаттай бар, шкафтарды жинап болып, айнаға қарады. Қобыраған шашын тарап тұрған үлкен қой көзді, әдемі қыр мұрынды, аққұба әйел айнаның алдында белінен түскен шашын төбесіне түйіп тұрды. Айнаға қарап жымиып еді, қисық-қисық тістерін есектің тістеріне ұқсатты. Сара Садықтың неге есек деп айтатынын түсінді. «Тісімді жөндетемін» деп ойлады Сара. «Сосын көресің кімнің есек екенін?» «Бірақ қандай ақшамен?» «Садықтан сұраймын, бермесе тағы да пәтер жинауға шығамын», - деп ойлады. 

Сара тісін жөндететін ақшаны сұрай алмай, бір апта өткізді. Сол күндері жұмысы да дұрыс жүрмеді, сурет салудың орнына миына ақша деген бәле кіріп алды. «Ақша бар жерде шығармашылық дамымайтын шығар» деп ойлады Сара. Садыққа жағу үшін көп нәрсе істеді, бар өнерін салып тамақ жасады, оны есіктен кіре сала күтіп алды, тамақ ішіп біткен соң әңгіме айтып біраз отырды, Садықтың кілиген көзіне қарап тағы да анаша шегіп келді ме деп қорқып кетті, тісін жөндету үшін ақша сұралмай қалды. Ертесінде тіс дәрігеріне барып, жағдайын айтты. Тісті жөндету миллионның үстіне шықты, Сара салы суға кетіп үйіне оралды. «Не де болса, айтып көрейін, берсе берер, бермесе оны көрермін», - деп кешке батылы жетіп ақша сұрады. Миллионды естіген кезде Садық шошып кетті. «Өзіңе жарасып тұр, жүре бермейсің бе?» - деді кекесінмен күліп, Сара қорланып тұрып кетті. Шеберханасына барып Есегінен ақыл сұрағысы келді, Есек не айтар екен деп ойлады. Садық кіріп келіп, есегін көріп күле ме, «Екеуің енді жарасыпсыңдар» деп айта ма деп, кешке есектің суретін шығара алмады. Ары жүрді, бері жүрді, үйде байыз таппады. 

- Мама, не істеп жүрсіз? - деп сұрады Әлима.

 Осылай да, осылай деп, бар сырын қызына айтып берді. Қызы:

- Әлішерден сұрайық, - деді. 

- Қызым-ау! Әлішерде қайдағы ақша? 

- Мам, сіз білесіз бе, Әлішердің сөйлесіп жүрген қызы бар, ақша жинап жүр, келесі жылы үйленетін шығар. Оған дейін ақшасын орнына қоямыз. 

- Әлішерден ақша сұрағаным ұят ғой. 

- Әкем не дейді?

- Әкең көлігін жөндетемін дейді. 

- Мама, несиеге жасатайық. Келесі жылға дейін екеулеп төлеп тастаймыз. Әлішер мені басқа мейрамханаға орналастырамын деді, ол жақта жақсы төлейтін сияқты.

- Сабағыңды қайтесің?

- Үлгірем ғой, мама.

Ертесінде таңертең Садық тіске төлейтін соманың жартысын тастап кетті. Қалғанын несиеге жасатқан Сараның тісі көз тартарлық әдемі еді. Тіс дегеннің өзі адамды қалай өзгертеді десеңші? Күлсе, тістері теп-тегіс болып жарқырап тұрды. 

Осылайша Сараның жұмыстары біртіндеп реттеліп, бітіп жатты. Қалайша армандарының орындалып келе жатқанын ойлағанда, өмірге құштарлығын оятқан, суретті басқа қырынан салуды үйреткен Суретші Есекке алғысын жаудырды. 

Бүгін Сараның көңілі жабырқаулы еді. Таңертең Садық бұның көңіл-күйі түсетіндей ештеңе демеген, тіпті есіктен шығарда бетінен сүйген күйеуіне Сара таң-тамаша болып біраз тұрып қалды. Бетін сипады, Садық қашаннан бері үйден шығар кезде бетінен сүймепті. Тіпті кеше:

- Бір жаққа барып келемін десең, ақша берейін, - деген. Садық кеткен соң Сара шай ішіп отырып күйеуінің не үшін олай дегенін түсіне алмады. Тісім жөнделген соң қайтадан жақсы көріп қалды ма, деп те ойлады. Анаша шеккенін қойған шығар, шекпесе Садықтан жақсы, мейірімді адам жоқ. Осы уақытқа дейін Сара-есек күйеуінің шегетінін сезбепті. Мүмкін екеуінің ортасына әйел түсті ме? Сара күйеуі барын ұмытып, суретке толық беріліп кеткенде, Садықты басқа бір әйел иемденген шығар. Жылағысы келді, көзі жасаурап, мұрны ашыды, екі көзінен екі тамшы үзіліп түсті. Шайы суып қалған кезде жылағаны да басылды. «Қайда барамын?» - деп ойлады Сара. Бұны күтіп отырған қайын жұрты алыста, жалғыз абысыны шаңқылдап қалған, адам жақтыртпайды. Көптен араласпаған алыстау ағайындарына не деп барады? Сарада құрбы жоқ, тек жатақхана жуып жүргенде танысқан Жәмила бар. Жәмила жақсы келіншек, екеуі анда-санда кездесіп тұрады. Шынымен де ешқайда шықпағанына біраз болыпты. Ауылдағы ағасына қоңырау шалды, жауап болмады. Бір кезде ағасы өзі қоңырау шалды.

- Неғып қоңырау шалдың? - деді Тоқтар амандықтан соң.

- Сендерді сағынып жүрмін, барып келейін деген едім, - деді Сара. 

- Бізді несіне сағынасың? Үй-жайың, бала-шағаң бар адамсың. Біз ғой бұнда үй-жайсыз қалған. Бір жаман шірік үйге соншама таласып едіңдер, енді сендерге де жоқ, маған да жоқ болды. Ақыры мені үйсіз қалдырдыңдар, - деді Тоқтар.

- Үйсіз қалғаны несі? 

- Мен ол үйді сатып жіберіп жаңа үй алмақшы едім, малымды сатып қоссам да қаладан ең арзан үй келмеді, Мүнираның атына ипотека алып жатырмыз. 

- Неғып саттың? Қара шаңырағымыз еді ғой. 

- Менің де сендер сияқты қалада тұрғым келеді. Сатып қалаға көшеміз.

- Біз енді ауылға барғанда қайда тоқтаймыз?

- Ол енді сендердің өз жұмыстарың, өздерің білесіңдер. Мен малдарымды өткізіп жатырмын.

- Жарайды, аға. Сау болыңыз.

Сара телефонын өшірді де сұлқ отырып қалды. Неғып ағасы Сарамен бір ауыз ақылдаспады? Айналдырған екеуі ғана емес пе? Неге ғана осындай жатбауыр болып кетті? Рүстем ағатайы он жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған, тірі болса Тоқтар осылай бетімен кетпейтін еді. Баласының күйігінен соң әкесі сал болып екі жыл жатып, беті бері қарамады. Әкелері қайтыс болған соң, Тоқтар мен Мунира екеуі екі жақтап шешесіне күн бермеді. Анасы қайтқан бес жылдан бері Сара туған ұясына үш рет ғана барыпты. Бір жағынан «Ол жақта не бар?» - деп Садық жолына кесе-көлденең тұрса, ақылдасып алғандай Тоқтар да әр нәрсені сылтауратып бұны жолатпайды. Жаздың күні бір қыдырып, бой жазып келейін десе, ақшаға әкеліп тірейтін Садық Сараны арқансыз байлайтын. 

Тоқтардың айтқан сөзін көтере алмай шеберханасына кірді. Көзі бірден қараторғайдың ұясына түсті. Сараның өз үйінен басқа, шеберханасынан басқа барар жері де жоқ, әке-шешесінің үйі сатылып кеткен. Әкесінің ағасы қайтыс болған, бір інісі Өскеменге, әпкесі Алматыға көшіп кеткен. Ауылда ешкімі жоқ. Сараның ата-анасына, туған ұясына деген сағынышын басатын жалғыз нәрсе, ол мына суреттегі қараторғайдың ұясы. Осы суреттегі қыз бала сондай бақытты еді. Еее, енді білді, қараторғайдың ұясына қарап отырған кезі ештеңе ойламайтын, алаңсыз, бақытты күндері екен ғой.

Сара көңілі жабырқап, қараторғайдың суретін сипады. Осы суретті Сара он алты жасында салыпты. Қандай пәк, таза кезі еді десеңші! Суреттен де тазалықтың исі аңқып тұрды. Ана тұрған Есекті айтсаңшы, іші толған арамдық. Тісі ақсиып алып Сараға кекесінмен қарайды. 

Ал мына қараторғайдың моп-момақан ұясын айтсаңшы. Өзінің балаларынан да жасырақ кезінде салғаны. Осы суретті салуға қалай басы жетті екен? 

Сара кенеп керілген кәсекті мольбертке орналастырды да, ақ қайыңға ілінген қараторғайдың ұясын салды. Құстың кіріп-шығатын домалақ тесігін де, есіктің алдына қонатын тақтайшасын да ұмытпады. Қайыңның ар жағында қарағайдан қиып салынған үй көрінді. Үйдің терезесінен бір кішкентай қыз құстың ұясына қарап отыр. Сара тоғыз-он жасар қызға бір, торғайдың ұясына бір қарады. Бір кезде суретші Сара қараторғайға айналды да, ұшып барып, ұяның алдындағы тақтайшаға қонды, қанатын қомдап қойып, жерге қарады. Сара-Қараторғай басы айналып, көзі бұлдыраған соң ұяның ішіне енді. Ұяның іші жып-жылы, астына шөптер төселген, енесі бауыр жүнін мамықтап салыпты. Анасының жасап беретін мамық құс төсегі есіне түсті. 

Қараторғай-қыз ұядан басын шығарды да, сурет сала бастады. Үй мен екі ортаны аппақ қайыңдардың бұтақтары бөліп тұр еді. Бұтақтардың төстері томпиып, жаңадан бүр жарып келеді. Ағаштың ар жағынан аулада ойнап жүрген көк көйлекті қызды көрді. Қыз тауықтың ұяларынан жұмыртқа жинап келе жатыр, жем қорадан жүгіріп шығып тауықтарға жем беруде. Таңертең сөмкесін асынып мектепке кетіп барады, енді бірде мектептен қайтып келе жатады. Арықтан су көтеріп келеді, екі кішкентай шелегін жолдың бойына қойып, дем алады. Дем алып тұрып жан-жағына қарайды. Ашық тұрған қашадан кіріп келе жатып шешесін көреді, анасы ошаққа тамақ пісіріп жатыр. Сараның мұрнына қоңырсыған иіс келеді. 

- Ойи-буу, қойдың етін қуырып, астын басып қойып ұмытып кеткенімді қарашы! Қазір Садық келсе, не болады? 

Сара ас үйге жүгірді. Тамақтың асты күйіп кетіпті, тездетіп тамақты итке төгіп, қазанды жуып, қайтадан ет турап қуырды. Күйген иіс кетпеді. Қазір Садық кіріп, «Тағы не бүлдіргенсің? Үйді жағып жібермегеніңе шүкір, есек», - дейтін шығар. 

Қарторғайдың ұясына қарап отырамын деп, ұмытып кеткенін қарашы. Садықтың сүйіп жейтін тамағын жасай қояйыншы деп еді, жарты сағатта ет қатты болып қалатын болды. Садық кешіге тұрса екен. Шешесінің жасайтын қуырдағы есіне түсті. Ортасынан бөлінген қойдың қабырғаларын бәріне бір-бірлеп таратып беретін, Сара тап-таза ғып мүжуші еді, былбырап піскен еттің дәмі тіл үйіретін. Үстіне салынған картоптарға қойдың майы сіңіп, аузыңда еритін. Үстіндегі домалақ пияздары тәбетіңді аша түсуші еді. 

Үйдің ішіндегі қоңырсы иіс болмаса, тамағы дәмді шықты. Есіктерге сулы орамалдарды іліп, терезені ашты. Садықтың келетін уақыты болып қалды деп күйгелектеніп, шәугімнің астын бір жағып, бір өшірді. 

Садық кешікті. Сағат тоғыз болды, сыртқы есік қағылды. Сара жүгіріп шығып еді, қызы екен. 

- Әкең екен деп қалсам, - деді Сара.

- Мені күтпедіңіз бе? - деп еркелей сұрады Әлима.

- Кіре ғой, тамақ ішейік, сендерді күтіп отырмын. Әкең әлі жоқ, - дей жүріп шәйнектің астын жақты.

- Әкеме қоңырау шалмадыңыз ба?

- Үйден күйіктің исі шықпай ма? - деді Сара 

- Үйден дәмді тамақтың исі шығып тұр. Не пісірдіңіз?

Күйіктің исін кетірем деп жүріп, Садыққа қоңырау шалу да ойына келмепті. Садықтың телефоны өшірулі. Қайда жүр екен?

Қызы екеуі тамақ ішті, қуырдақ дәмді шығыпты. Қызы сабағын, жұмысын айтып, анасының көңілін аулап отырғаны білініп тұр. Ал Сара болса, қайта-қайта телефонына қарағыштайды Сол түні Садық үйге қонбады. Сарадан ұйқы қашты. Ұйықтататын дәрі ішті. Оянса, күн көтеріліп қалған, Садық жұмысына асығыс жиналып жатыр екен. 

Сара ұйқысы қанбай, мең-зең болып жүрді. Әр бөлмеге бір кіріп, не істеп жүргенін өзі де білмейді. Сара шеберханасына барды да, қызыл диванға жатып ұйықтап алды. Оянса, дем алып қалыпты, тіпті басқа әлемге тап болғандай, аяғын ақырын басып келіп Суретші Есекті шығарып, қолына қарындашын ұстатты. Суретші Есек қалың альбомға сурет сала бастады. 

Сара-Қараторғай ұясынан ұшып шықты да, қайыңның бұтағына қонып, өзінің кішкентай кезіндегі терезесінен далаға қарап отыратын үйін іздеді. «Үйді сатып алғандар бұзып, бөренелерін қыстаққа апарып үй салыпты», - деп ағасы айтқан соң сол қыстақты бетке алды. Сара-Қараторғай қанаты талып ұзақ ұшты. Үкілі сәукеле киген таулар алдынан соққан желге ық болып, бір-бірімен қол ұстасып, бірінің салған әнін екіншісі іліп әкетіп, шарықтата шырқады. Таулардың әні Сара-Қараторғайға бұрыннан таныс. Таулар ұзын көйлектерін жерге сүйретіп Сара-Қараторғайдың соңынан қарап тұрды. Таулардың ар жағынан жалғыз үй көрінді, үй тұрған аула таудың етегіндегі ғажайып орманның дәл ортасында тұр. Ормандағы талдар, қайыңдар бұрала майысып, бастарына бұлттан ақ жаулық тағып алыпты. Екі көзінен жас аққан үйдің көңілін көтеру үшін гүлдер бұрала билейді. Мына бір қайыңның ұзын болып өскені соншалықты төбесі аспанға тіреліп, жеті қат көкпен байланысып тұр. Сара-Қараторғай ұшып келіп үйдің дәл алдында өсіп тұрған қайыңның бұтағына қонып еді, қайыңның тамыры арқылы жер астын сезінді. Қайың сияқты үйдің де тамыры бар екен дейді, үйдің тамырынан жер астында созылып жатқан жол бар, сол жолмен жүре берсең, сәукеле киген таулардың арасындағы үйге келесің. Үйдің алдында ағаш, ағаштың бұтағында қараторғайдың ұясы, сол ұяға кірсең, балалық шағыңа ораласың.

Ауылдың үйлері балмұздақтың үшкір қауырсынына қатарласа орналасып алған, енді бірде таулардың ортасына түсіп кеткендей тар жерде шүртиіп, қушиып, екі аяқтары бір етікке тығылып, екі терезе-көздері бағжиып тұрған суреттерін салды. «Үйлер иесіз қалған соң қорқып тұр» деп ойлады Сара-Қараторғай. Тау асып көшіп бара жатқан үйлердің қолдарында балмұздақ. Көшкен ауылдардың арасында Сара-Қараторғайдың да үйі бар. 

Сара-Қараторғай тақтайшасындағы қара қарындашты іздеді. Ұшты күйлі жоқ! Бір кезде үйдің алдында Есегінің темекі тартып тұрғанын көрді, темекінің орнына Сараның қарындашын ұстап алыпты. Ал қарындаштың ұшы жоқ, Сара-Қараторғай қарындашты ұштап көрді, ұшы шықпады. Суретші Есек қарындаштың ұшын Сара- Қараторғайдың көз жасына малып еді, түрлі-түсті бояулар төгілді. Суретші Есек Сара-Қараторғайдың үйін табуына көмектесіп, тоқтамастан суреттерді сала берді. 

Сара-Қараторғай таулардың төбелерінен аттап-бұттап кетіп бара жатқан үйлерді көрді, үйлердің аяқтары тіс шұқығыш шиден жасалыпты. Алдымен кеткен үйлер бізөкшелі қаланың үйлерінің қабырғасына кірпіш-бетон болып қаланып жатыр. Бетон дегені бір үйдің жиһаздары, сырмақ, алаша, кілем, түскиіз, көрпе, сандық, ыдыстар, кеселер, самаурындар, дәптерлер мен кітаптар, портфельдер үлкен формаға салынып жатыр. Сара-Қараторғай темір қалыптың аузына жұтылайын деп тұрған өзінің Әліппе кітабы мен сары портфелін, ақ бантигін және шешесінің оюлы сары сырмағын көрді. 

Сара-Қараторғай жылап жіберді. Көз жасы темір қалыпқа тиіп еді, станок сол мезетте бұзылып істемей қалды. Сара-Қараторғай кітап-дәптерлерді өз ұясына тасып апарды да, әлсіреп, шаршағаны соншалықты ұясының ішіне сырмақты төсеп, ұйықтады. Сара-Қараторғайдың үйшігінде бәрі бар еді, анасының сары жез самаурыны да, сырлы тегеші де, қара қазаны да, сүт тартатын машинасы да, үш сиыры да, аты да, есегі де бар болатын. Күн сайын Есегі екеуі отырып шай ішетін, Есегі темір қалыптарға заттарды таситын, ал Сара-Қараторғай болса, күні бойы қойдың жүнін түтетін. Жүн түтіп болған соң түнімен иіріп, кенеп тоқитын. Кенепті кәсекке керіп қойып майлы бояумен үйлердің суретін салатын. Сара-Қараторғайдың үйі кәдімгі құстың ұясы еді, тек төбесіне телескоп, терезесіне дүрбі орнатылған. 

Суретші Есек жазбай қалған қарындашты тағы да Сара-Қараторғайдың көз жасына малып еді, қызғылт күлгін, сәл көкшілдеу құлпырған түске айналған соң, сурет сала берді. Міне, Сара-Қараторғай тағы да басына сәукеле, үстіне қос етек көйлек киген таулардың арасынан ұшып барып орманның ортасындағы үйдің төбесіне қонды. Сара-Қараторғай үйдің мұржасынан шығып жатқан иісті сезді. Бұл жолы үйдің төбесінен мұңның иісі шығып тұр еді. Үйдің екі жағында өсіп тұрған екі ағаш майысып, ұштары бір-бірімен бастарын түйістіріп, «Ауылым» әнін шырқай бастады. Ал аппақ бұлттар әннің ноталарын іліп алып, аспанда ұшып бара жатты. Бір қызығы, екі ағаштың басы түйіскен жерге алтын таға ілінген. Сара-Қараторғай алтын таға тұрған жерді сипалап көрсе, есіктің маңдайшасы екен. Әкесінің аттың тағасын әкеліп сол жерге қаққаны есіне түсті. 

 Сара-Қараторғай үйден шыққан мұң аралас түтіндердің қошқар мүйіз ою бейнесінде аспанда ұшып бара жатқанын көрді. Аспан толған қазақтың оюы. Әр оюдың ортасына кимешек киген әжелер ұршық иіріп отырып алып, қара шаңырақтарына жаутаңдай қарап, аспанға көтеріліп барады. Иірген жіптерден құстар тұмсықтарымен кенеп тоқып, кенептерге қазақтың киіз үйлерінің суреттері салынуда. 

Сара-Қараторғай сәукеле киген таулардың арасынан үйіне ұшып келе жатыр. Жасыл көйлектерін шұбатқан Тау Аналар кесте тігуде, кестенің бәрінде үйлер мен құстың ұялары. Бұл не деген көп құстың ұясы екенін Сара түсінер емес, бірақ ешқайсысына қонбады. Ұшып келе жатып қалың орманды көрді. Шыршалар бірдей сәукеле, бірдей көйлек киіп алыпты, ортасында үй тұр. Сара-Қараторғай ең биік шыршаның ұшына қонып, қайта-қайта көзін уқалап қарады, өзінің үйі жай үй емес, алтындалған сарай екен. Алтын сарайдың төбесіндегі мұржадан түтін шығып жатыр, түтін оюланып барып ауаға тарайды, оюдың бір ұшы Алматыдағы өз үйінің төбесіне тартылған антеннаға жалғаныпты. Есік алдындағы ағаштардың бұтақтары да оюланған, жайылып жүрген қойлардың жүндері де оюланған, тіпті есектің де үсті қызылды-жасылды ою. Алтын шатырлы сарайдың алдында шешесі жүн түтіп отыр, әкесі есек арбадан шөп түсіріп жатыр. Аулада бес бала ойнап жүр, Сара-Қараторғай өзін таныды да, қыздың иығына қонды. 

 Сара-Қараторғай туған үйін, ауылын көріп, жүрегі орнына түсті. Қыздың иығына қонып отырып, өзінің жүрегін тыңдады. Жүрегі өнер деп соғып тұр екен. Көңілі жайланып, Алматыдағы өз үйіне қайтпақшы болып қанатын қомдады. Сол кезде жанына мыңдаған қараторғайлар ілесті. Сара-Қараторғай өзімен бірге ұшып келе жатқан құстардың періштелер екенін сезді. Құстардың көздері доп-домалақ болып денесінде орналасқан. Сара-Қарторғай екі көзін ұстап еді, бұның да көздері жүрек тұсында екен. Жүрегінің көзі ашылғанына қуанғаннан жылап жіберді, көз жасынан жер бетіне жақұт тамшылы жауын жауды. Сара-Қарторғай төмен қарап еді жал-құйрығы оюланған, аяқтары да ою іспеттес, қанатты жылқылар құстармен жарыса ұшып келеді екен. 

- Сара, сен әлі ұйықтамағансың ба? Сағат таңғы төрт болды, шаршадың ғой, ұйықтасаңшы. 

- Біттім, қазір ұйықтаймын.

- Мен де кеше күні бойы ұйықтап, ұйқым қанып қалыпты. Сара, шай қойшы. Мен бүгін жұмысқа бармаймын, жұмыстан шығамын. Бастық кетсе болды, жұмысшылар жабылып карта ойнайды. Басқа жұмысқа ауысамын, әлде сенің суреттеріңді сатып кәсіп жасасам ба екен?

Бұны естіп тұрған Суретші Есектің аузынан темекісі, қолынан қарындашы түсіп кетті. Көзілдірігінің үстінен Садыққа бір, Сара-Қараторғайға бір қарады да, екеуінің бірге шай ішіп отырған суретін сала бастады. 

Сол күні Сара галереяға барды. Суреттерінің арасынан бір-екеуін көрсете келейін деп салып алды. Көрме ұйымдастырушы жылы қабылдады. Қараша айында Жапон елінде өтетін көрмеге суреттер қабылдап жатыр екен, Сараға бес суретке дейін тапсыруға болады. Сара қайсы суретін берерін білмей басы қатып үйіне жаяу тартты. Екі аялдама жүрген соң саябаққа баратын автобусқа отырды. Ойы жинақталмады. 

- Не істейін, Есегім? - деді Сара.

- Мені алып бар, жеңіп келемін, - деді Есегі.

- Есектің бәйгеде жеңгенін көргемін жоқ, - деді Сара. 

- Көрмесең көресің.

- Шынымен бе?

- Бәрібір бес сурет жіберуің керек ғой, «Қараторғай» екеуімізді де жіберсеңші..

- Иә, бес сурет жіберуім керек, тағы қайсысын жіберейін? 

- Бізді сонша жерден көтеріп барып кеңесшіге көрсетпей алып қайтқаныңа қарағанда, ішіңде бір құлпы ашылмай тұрған сияқты.

- Иә, көрсетпей қайттым.

- Жүр, қайтадан барайық.

- Қайтадан?

- Оның несі бар, біз есектер бір барған жерімізге қайта барып үйреніп қалғамыз. Қанша ауыр жұмыс болса да қайтпаймыз. 

- Сонымен, не істейін?

- Мені жібер! Қайтсем де жеңіп келемін!

 Сара «Суретші Есектің», «Қараторғай ұясының», «Бізөкшелі қаланың», «Балмұздақ жеген ауылдың», «Қанатты жылқылардың» суреттерін көрмеге жіберді. Суреттің әрқайсысы жиырма мың доллардан сатылып кетіпті. Тағы да сұраныс түсіпті. 

Сара бұдан кейін талай рет көзілдірік киген ақылды есектің суретін салғысы келді, бірақ ойындағыдай шықпады. Өйткені, «Суретші Есек» Сараның дәл сол күйзелісте жүрген кезінде ғана керек еді.

Садық қазір Сараны «Есек» демейтін болған. Ол да бір өтпелі уақыт болған шығар. Сара Садықты есек ретінде көргенін, ал Садық Сараны есек кейпінде елестеткенін бір-біріне айтпады. Керегі не? Сол есектің суретіне қарап түзелгендерін екеуі де түсінді. Кейде, жайбарақат жүрген кезде шықпыртатын қамшы-сөз де керек. Суретші Есек болмаса, Сара Қараторғайға айналар ма еді?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар