Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Нұрзия Әбдікәрімқызы. Бауыржан поэзиясы хақында...

29.04.2019 4326

Нұрзия Әбдікәрімқызы. Бауыржан поэзиясы хақында

Нұрзия Әбдікәрімқызы. Бауыржан поэзиясы хақында - adebiportal.kz

Қазір Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіз, сана-сезіміміз азат. Сол азаттық пен тәуелсіздіктің символы ретінде қазіргі біздің жастарымыздың поэзиясын атауға болады. Алайда осы поэзияны қабылдап алуға оқырман да, біздің қоғамның ағы буын өкілдері да дайын еместігі аңғарылып жатады. Тіпті жастардың өзі... Сондай бір жайт мені Бауыржан Қарағызұлымен таныстырған еді. Әрине, оған дейін өлеңдерімен таныс болатынмын.

Ж. Аймауытовтың «тән» – жанның» қабы» деген тамаша сөзі бар. Жаңа заман жастарының поэзиясына дейін көбінесе сол «қап» жырланып келді, қазір де бар, яғни көзбен көрген шындықты жырлап, көкейімізде жүрген сауалға жауап алып, біз оны өлең деп қабылдаймыз. Бұл туралы Бауыржан ақынның «Апатия» деген өлеңінде жақсы айтылған:

«Ымырт тағы өлең оқып өткенге,

Көшелерден сөз жинап жүр көп

пенде...

Ертең үміт сығалаған шығыстан,

Келер жыл қар жылап тұр

Көктемде.

Асылында, биік поэзияда шындық өмірді бейнелену мүмкін емес, өйткені әр ақын өзінің жан-дүниесіндегі шындықтың моделін ғана ұсына алады:

Бұл не деген ғажайып,

Бұл не деген өзгеру.

Әр секундта ғарыштың кезіп күллі

ғұмырын,

жан даусына үңілу

бұл Бауыржанның шындығының бір моделі ғана. «Әр секундта ғарыштың күллі ғұмырын кезіп шығу» және «Еріп кеткен кеңістік пен омырылған уақытты Бақыт» деп бағалау көңіл кеңістігінде ғана жасалатын шындық. Сонысымен нағыз поэзия оқырманды көңіл-күй шаттығына (катарсиске енгізу) бөлеп, эстетикалық мақтаныш туғызады. Себебі ондай поэзия сізге ақыл-уағыз айтпайды, сізді тәрбиелемейді, тек қана:

«Күн туғанда басыңа

қандай ғажап Ай туғаны керіліп...

Қап-қара Түн сипағанда басыңнан,

шыдай алмай жылайсың,

қандай ғажап!» яғни, күйкі тірлікті ұмыттырып ішкі Ұлы бостандыққа жетелейтін күйді сізге сезіндіре алатындығымен құнды болып табылады.

Жалпы қазіргі қазақ поэзиясында жас ақындар «бір түрлі» жазатын болып жүр. «Бір түрліліктің» сыры неде деген сұрақ туындайды. Өйткені қазіргі жастар поэзиясында өлең «материалы» түгелдей формаға еніп, «парадокс» тіл ретінде жарыққа шығады. Сонысымен де рациональды таным мен қоғамдық сананы тәрбиелеу үшін жазылған өлеңдерден ерекшеленеді.

«Жер бетінде ешкім жоқ.

Сол.

Себебі жоқ – себебі.

«Біреу қайтыс болыпты...»

Күлкім келеді» –

ал түсініп көріңіз! Логикалық тұрғыдан немесе өмірдің шындығы ретінде қабылдайтын болсақ, мұндай «есі ауысқан», «мәнсіз», «мағынасыз» сөздердің қажеті не? Біреу қайтыс болса, ол күліп отыр. Жер бетінде адам деген толып жүр ғой, оның бәрін қайда жіберді? т.с.с. Иә, «ақиқат», «шындық» деген философиялық категорияға, ғылыми логикаға сүйенер болсақ, жоғарыда қойған сұрақтарымыздың жауабын таба алмаймыз. Бауыржан ақынды (егер бұл өлең кемі 30 жыл бұрын жазылғанда) баяғыда-ақ «ақындар» деген тізімнен сызып тастаған болар едік. Қуанышқа орай, «Әлемге сүйгізем қазақтың хұсни жүрегін!» деп ант еткен асқақ ақынды қабылдайтын орта аз болса да, бар болғаны қандай жақсы?! Өйткені Алла адамзатқа «белгісіз» тылсым дүниені қабылдап, түйсіне білетін сұлулық сезімін, эстетикалық талғамды, көркем хикмет қасиетті де өзі дарытқан жоқ па?! Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі жастардың поэзиясы «интеллектуальдық поэзия» екеніне күмән болмаса керек.

(жоғарыдағы шумақты талдап көрейік:)

«Жер бетінде ешкім жоқ»: тіл білімінде «ешкім» деген есімдік белгісіз есімдігі деп аталатыны белгілі, мәні біреу бар, бірақ ол жоқ; ал қарапайым арифметикалық заңдылық бойынша екі минус плюске айналатыны белгілі және тілімізде екі болмысыздық формасы қатар келсе (ешкім жоқ емес), болымды іс-әрекетті білдіреді (бар) және; ал мұнда сіз түйсігіңіздің тереңіне бойласаңыз, «емес» деген сөзді өзіңіз тауып алуыңыз керек; ақын сізбен «жұмбақ айтысқа» түседі, сізден «қаптап жүр адам, бірақ...» деген бір ауыз сөзді естігісі келеді; «Мені де өлім әлдиле» дейтін Мағжанның философиялық ойына еркіндік дарытып, бақыт, шаттық деңгейіне көтергісі келеді, сондықтан да «Күлкісі келеді...». Себебі «ешкім жоқ» деген тіркестегі «жоқ»-ты «бар»-мен алмастырса, онда манағы «бәрін өзім білем, қожамын бұл өмірге» дейтін рациональ ойдан қандай айырмашылығы бар? Бұл иррациональ танымның мақсаты ма? Әрине, жоқ.

Постмодернистердің мағыналық және көркемдік формасының барлық деңгейінде кілт (код) ұғымын кеңінен пайдаланады. Бұл код пәлсапалық ойдың «ішкі заңдылығын» көркемдік немесе танымдық мақсатқа үйлестіріп, қолдану арқылы көрініс табады. Олар: мәтіннің көп деңгейлі композициясы (ауызекі сөйлеу тілінен бастап тарихи әңгіме, ... анекдотқа дейін өріп жүреді), мистификация, коллаж, шындық пен көркемдік ойдың шекарасын ажыратып болмайтындай күрделілік, дискреттілік т.б. болып табылады.

«Өлім деген судыраған Сөз ғана...

Ойлан, бала аз ғана...», - дейді тағы,

Ішімдегі Бауыржан – түсімдегі әуре.

Содан кейін ауырғам. Енді

Жазылдым.

Жазған.

өмірдің мәні өліммен өлшенбейтіндігін өзінің ішкі монологына сүйене отырып, ауызекі сөйлеу тілдерінің элементтерін қолдана отырып, «О, жалған дүние! Сенің хикметіңнен ауырдым, енді менің сөзім – өзім» деген «диагнозды» өзіне-өзі қояды: «Жазған – мен, жазылған – өмір, ал өмір – ол сөз».

Қазір өнер теориясында оны синергетика ғылымының тұрғысынан түсіндіретін үрдіс бар. Синергетика дегеніміз динамикалық жүйелердің өзіндік ұйымдасу үдерісі. Өзіндік ұйымдасудың диссипативтік, фрактальды, тербелмелі, стохастикалық түрлері болады. Фрактальды түрде өзін-өзі ұйымдастыру дегеніміз белгілі бір жүйенің көлемі, ауданы, ұзындығы деген өлшемдер оның метрикалық сипатына ешқандай әсер ете алмайтындығы. Бауыржан өлеңдері де осы фракталды құрылымға тән болып келеді. Яғни, дәстүрлі өлеңдердегідей қатып қалған құрылым жоқ, еркіндік бар. Бұл өз кезегінде «бей-берекет» құйылған өлең жолдарының жарыққа шығуына мүмкіндік беріп қана қоймайды, көңіл тербелісінің динамикалық хаосы кез келген уақытта өзінен бұрынғы тарихтың әрекетін «жаңғыртып» отыратындықтан, ақын уақыт пен кеңістіктің өн бойына еркін шарлай алады.

Бауыржан өлеңдерінде тәртіпке келтірілген бір жүйе бар: ол – минус пен плюсті шендестіріп, көркем ой тудыратындығы:

...жантайып жатып әңгіме айтшы,

Көктем келді ғой...

Жату – тыныштық күйге ену, яғни горизонталь ендік; ал көктем – көктеу, көкке ұмтылу – вертикаль бойлық; ендік пен бойлық координаттарға тәуелді болумен қатар олардың кеңістегі, жазықтықтағы, цилиндрлік, эллипсоидтық түрлері болатынын ескерсек, жоғарыдағы екі жолдың кеңістік пен жазықтықтағы нүктелерді қиюластырып тұрған «тәртібін» көреміз.

«...ұятым қызарып кетті,

уақыт ұзарып кетті...»;

«...тәп-тәтті қайтыс боласың,

тәп-тәтті аруақ боласың – сәби!»

«...Шыдай алмай жылайсың,

Қандай ғажап!» т.б. жолдар осыған дәлел бола алады.

Бауыржан ақынның өлеңдерінде қарапайым жай сөйлемдер ешбір инверсиясыз қолданылуы жиі кездеседі:

«Топырақ!

Топыраққа жанталасып жүгірген,

Мен ғана емеспін,

Өз ойына өртенген, жүгінген, үгілген,

Мен ғана емеспін...»

Қазақ поэзиясында инверсияға түспеген өлең, өлең емес болып есептелгелі қай заман?! Сондықтан мұндай өлеңді қарабайыр сөйлем жолдары деп түсініп, сынауы мүмкін. Сыналып та жүр. Ал енді жоғарыда аз ғана тоқталып өткен синергетикалық фракталь құрылым қанша күйге түссе де, өзінің бастапқы мәнінен ажырамайтындығымен, түптің түбінде сол құрылымның ең кіші бірлігіне қайтып оралатындығымен ғажайып құбылыс болып есептеледі. Ендеше қазіргі жас ақындардың өлеңдерінде инверсиясыз жолдар жиі кездесетіндігін фрактальды құрылым жүйесімен түсіндіруге болады. Судыраған сөзді жақсы көретін (мұндай өлеңдер көбінесе үгіт-насихат, ұран-үндеу сипатында болып келеді) біздің поэзиямыз ұлттық тамырынан ажырап қалғандығын мойындау керек. Ғылым мен техниканың шыңына жетсе де, өзінің ұлттық бет-бейнесін жоғалтпаған халықтардың бірі – жапондықтар. Жапондықтардың үш тармақтан тұратын хокку деп аталатын өлең түрі бар. Оны жапон әдебиетіне Мацуо Басё әкелген. Бір күні Басё өзінің шәкірті Кикакумен бірге күріш егістігінде келе жатады; инелікті көріп, Кикаку:

Инеліктің бір-екі қанатын

Жұлып ал –

Бір тал бұршақ болып шығады» деген өлең шығарады. Сонда Басё:

- Жоқ, бұл хокку емес. Сен инелікті өлтірдің. Оны былай айту керек еді:

Бір тал бұршаққа

Қос қанат қоссаң (бізше, бітірсең) –

Инелік болып шығады, – дейді.

Яғни, өлең жазғың келсе, оған жан бітір дейді. Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың халық әніндегі:

«Күміс құман-ай

Отта тұрған-ай,

Айналайын көзіңнен

Ашып-жұмған-ай» деген өлең жолдары халқымыздың табиғи менталитеті мен дүниетанымының түпқазығын көрсетеді. Мұндай өлеңдерді социалистік реализм «ұйқас үшін алынған жолдар» деп түсіндіріп келгені аян. Жоғарыда айтып өткен координаттар жүйесі тұрғысынан қарасақ, бұл да автордың өзінің жан-дүниесінің шындығының моделі ретінде көрініс тапқан. Қазіргідей Ғаламторы жоқ, Фейсбукі жоқ, Инстраграмы жоқ, социалистік дәуірдегідей тіпті сымды телефоны да жоқ адамның «ошақта қайнап тұрған күміс құманынан» асқан қандай шындығы (бұл жерде қазақтың санасы мен дүниетанымының төмендігінен деген сөз емес, шынайылық деген мағынада айтып отырмыз) болуы мүмкін?!

Ал қазір қала халқының «уақыт жоқ» деген бірауыз сөзі дала халқы үшін лакуна болғалы қашан?! Есесіне мұхиттың арғы жағындағы біреудің үйінде кім кімнен ажырасып, кімге тиіп жатқанын біліп отыратын, Украина халқы дұрыс таңдау жасады ма, жоқ па дегенді сараптап отырған досымды, Қытайдағы беймәлім лагердің сұмдығын, мектепте оқушысын ұрған мұғалім, мұғаліміне қол көтерген оқушыны көріп, «Батыстың ұстаздары өзін балаға мойындатуға, ал шығыстың ұстаздары баланың жүрегіне сәуле түсіруге ұмтылады» деген неофрейдист неміс Э. Фромның сөзі есіме түсіп отырған өзімді, анда бір топ адам тірідей жанып кетіпті, мында жұрт селге кетті, шашыңызды сәндеп өріп-қиып беремін... толассыз ақпарат құйылған тірлікте, телефонның қуаты бітіп қалса, байыз таба алмайтын кибер дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Мәдениетіміз тоғысқан мәдениеттер жүйесі, кеңістік туралы ұғымның шегі жойылған, кімге сенеріңді білмейтін, ертең не боларын болжап болмайтын, бірақ сайлаудың қалай өтетіне сенімді, Ванга ма Нострадомус па біреу баяғыда бірдеңе деп еді ғой, соның айтқаны келді дейтін «есінен ауысқан» әлемде (осы сөзді бәріміз қайталаймыз) «тәртіпті», «айналасы дөңгеленіп, жұмыр келген» өлең жазып отыру мүмкін бе?!

Әр түрлі уақыт пен кеңістікте, дәстүрі, мәдениеті, тіршілік деңгейі сан алуан, тіпті қарама-қайшы «кейіпкерлерді» ақын бір өлеңнің көлеміне жарыспалы түрде жинақтап, қоғамның «кертпе-кертпе» бейнесін беру де Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерінде көрініс тапқан:

Жаныма келген кім?! Жалғызбын.

Қанымда жаралған ғарышта балалар

ойнайды,

бабалар бата оқып...

Уфф... Ойыма келген кім?!

Ерменнің иісі келеді мұрныма,

күрең тауларды еске алсам, ...

Бұл ақынның өзі – қазіргі уақыт, болашақ (балалар), өткен тарих (бабалар) деген тізбектің ішіндегі «шындық», ал соңғы екі жол арқылы шығыс әуенін болашақтың дұғасы ретінде оқып отырғандай сезіледі.

Жалпы көркем шығарманың құндылығы оның қанша рет интерпретация жасалуымен өлшенеді дегенді менің әдебиет теориясынан білім берген ұстазым жиі айтушы еді... Сондықтан мен айтқан мәселені басқа бір оқырман басқаша түсіндіріп, қабылдап жатса, ол өлеңнің бағасын арттыра берері сөзсіз.

«Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан,

Мейірім жауып тұр мөп-мөлдір.

Иә, рас,

біз – жетімбіз жерге тасталған,

мастанған Жоққа,

не

Рахым Нұрына мас болған,

ұмытшақ нүктеміз – адасқақ...» деген жолдарды жазған Бауыржан Қарағызұлындай ақын барда, оны оқып, көңіл-шаттығына бөлене алатын оқырман барда қазағымның ақындық Тәңірі биік болатынына кәміл сенемін!

Нұрзия Әбдікәрімқызы,

Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің

«Қазақ, орыс және шетел тілдері» кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымының кандидаты, доцент.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар