Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Өмір Кәріпұлы. Мені демеген даланың аң-құсы...

16.10.2024 127

Өмір Кәріпұлы. Мені демеген даланың аң-құсы 14+

Өмір Кәріпұлы. Мені демеген даланың аң-құсы - adebiportal.kz

Прозадағы романтизм мен реализм енді керек

Әдеби ортасы бар Алматы мен Астанадан алыста, елде тұрса да, Тәңірі сыйы - талантын шыңдап, тынымсыз еңбек еткен, шығармашылықпен айналысқан қаламгерлер қазақта аса көп емес. Өзім білетін адамдардан, Көкшетаудың іргесінде Красный-Яр селосында тұрған, Татарстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бірнеше романдардың авторы Ибраһим Салахов, Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеев, Ақмола облысыдағы Абылайхан ауылының тұрғыны, агроном ақын Нұрмияш Көбеновті жақсы білдім,  араластым. Көкшетауда облыстық телевизяда жұмыс істеген жылдары олармен жиі жолығып, сыр-сұхбат жасап, ол хабарлар бірнеше  рет эфирден көрсетілді. 

Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданында өмір бойы мектепте ұстаздық еткен, жазушы Өмір Кәріпұлының «Бұрқақ» атты романын 1991 жылы оқып, оқиғасы тартымды, тілі шұрайлы туындыны ұнатып едім. Өзімен 1996 жылдың қыркүйек айында пойызда кездестім. Көрші купеде белгілі ақын Ғалым Жайлыбай екеуі Алматыға бара жатыр екен. Өмір аға ауызы ашылса жүрегі көрінетін ақкөңіл, ашық-жарқын адам екен. Шәй іші отырып, емін-еркін әңгімелестік. Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайында бірнеше рет жолығып, аз-кем тілдесіп жүрдік. 

2023 жылдың тамыз айында Өмір ағаның кенже ұлы Дархан қалта телефоныма хабарласып, әкесінің жаңадан жарық көрген кітәбін әкеп бергісі келетінін айтты. Қалыңдығы кере қарыс, 552 беттен тұратын «Бастау» романын асықпай оқыдым. Сексен төрт жастағы  қарт қаламгердің мынадай көлемді туынды жазғанына риза болдым. «Жапалақ жалпылдайды жар басында, немене жоқтың күні бар қасында, дос болып қас болғаннан сақта Құдай, қасқыр да қас қылмайды жолдасына» - деген қазақтың қара өлеңінен алынған  эпиграф де елең еткізді. 

«Қорықшы тұрағы Қызылсүйірге сұғына орналасқан. Шатырсыз аласа үй көзге қораш көрінгенімен, сырт сұлбасынан нығымдық байқалады. Қора-қопсы үймен иықтас. Қораға жапсарласа үйілген шөптің қарамы шағын. Баялыштан тұрғызылған аранда екі ересек бұзау тұр. Құлағын дамылсыз қайшылаған құла жорғада мазасыздық басым. Біраздан бері мінілмей тоқ жарау қалпын сақтаған есті жануар жүріске тіленген мазасыздықпен дамыл-дамыл оқыранады...» деп басталған жолдар мені толқытып, тебірентті.

Кітапті жеті күнде оқып шықтым. Ертеңінде «Бастау – кең тынысты роман» деген тақырып қойып мақала жаздым да «Қазақ әдебиеті» апталығына жолдадым. Мақала көп ұзамай газетке басылды.

Арада біраз күн өткен соң уацап арқылы хат келді. «Қартайғанда тапқан бауырым, Толымбек! «Бастау» туралы мақала жазыпсың.  Өзім әлі оқи қойған жоқпын. Ақадырға пошта кешігіп келеді. Алла разы болсын! Рахмет, айналайын! Мүмкіндігің болса, ауылға келіп кет. Сәлеммен, ағаң Өмір» - деп жазыпты. Бұл қыркүйек айының соңы болатын. Алланың қалауымен жуықта Ақадырға жолым түсті.

Қарт қаламгер құшақ жая қарсы алды. Кемпірі төрт жыл бұрын, пандемия кезінде қайтыс болыпты. Өзге перзенттері үйлі-баранды. Астанада, Алматыда, Ақадырда тұрады. Ал қара шаңырақта әлі үйленбеген кенже ұлы Дархан екеуі ғана. 

Біз сол күні түн ортасына дейін әңгімелестік. 

Ертеңінде күн ашық болды.  Көк торғын аспанда жеңіл ғана ақ бұлттар қалқып жүр. Таңертеңгі шәйді ішкен соң Өмір аға маған: «Мәшинеңді от алдыр, қорымға барып келейік» - деді. Ақадырдан батысқа қарай бет түзедік. «Кімнің қорымы, бара жатқанымыз?» дедім. Құлағы ауыр қарт үндеген жоқ. Аласалау төбе үстіндегі сары кірпіштен өрілген еңселі кесене-бейіт жақты нұсқады. Атақты батыр бабамыздың біреуі шығар деп топшыладым. Ауылдан екі-үш шақырым жердегі кесенеге жетіп, сыртқы қоршауын ашып, ішіне ендік. Бір адам жерленіпті. Отыр деді, ағаш орындықты меңзеп. Құран бағыштаған мені  аят соңына қарай кідіртіп, марқұмның аты-жөнін айтты. Тысқа шығып, бейіт сыртына барғанда, мәрмәр тасқа әдемі жазылған жазуларды оқыдым.

         БӘТЕНГЕ АРНАУ

         Махаббат-достық жөнімен,

         Алпыс жыл жолдас болып ең.

         Басыңа бейіт тұрғыздық,

         Тіріге міндет жолымен.      

         Жоқтаумен жүрмін өзіңді,

         Қайғы еңсерді төзімді.

         Жылауық шал атанып, 

         Көзімнен жасым төгілді.

         Жыршысы едім даланың,

         Түспеген қолдан қаламым.

         Сүйеніш, тірек болғансың,

         Кешкенде жазу азабын.

         Дейтін едің тасынба,

         Қиындық келер басыңа.

         Көрер күнім аз қалды,

         Барамын әлі-ақ қасыңа.

         Өмір КӘРІП. 

13.05.2020. 

Өмір Кәріпұлы Арқа өңірінің тумасы. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты бүгіндегі (бұрынғы Атасу колхозы) Байдалы би ауылында 1940 жылы бесінші мамырда дүниеге келген. 

Қаламгердің балалық шағы алыстағы қойлы ауылда өткен еді. Әкесі даңғайыр шопан болған. Қозы бағып, қой қайырып еңбек көрігінде шыңдалған қойшының баласы жастайынан сөз өнеріне бейім болған. Әдебиеттегі алғашқы талпынысын өлең жазудан бастаған. Ауылдық мектепте жиырма жыл бала оқытқан. ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген. Қалам алды прозалық жинағы «Сарыбел сазы» 1977 жылы жарық көрген. Содан бергі жылдарда «Атасының баласы», (1980 ж) «Ескі тоған» әңгіме-хикаяттары, (1985) ж), «Бұрқақ» және «Тайталас» романдары (1991 – 2001 ж), «Серілер мен перілер» әңгіме-хикаяттар жинағы, (2004 ж), «Тамызық» прозалық кітабы, «Тұғыр» этнотанымдық еңбегі, (2013 ж), «Сыбаға» поэзиялық жинағы, (2010 ж), «Қоңыр сарын» таңдамалы прозалық еңбегі, (2014 ж), «Дала сыры» кітабы, (2020 ж), «Белес» прозалық жинағы (2021 ж) жарық көрген. Бұл кітаптардың дені мемлекеттік тапсырыспен шыққан.

Ғұмыр бойы туған аулынан ұзамаған қарт қаламгердің сөз өнеріндегі басты тақырыбы дала мен ауыл. Содан да қарт жазушыны ауыл тұрғындары «дала жыршысы» деп мақтанышпен айтады. 

«Бастау» романы туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жазушы Серік Сағынтайдың «Бәрінің де бастауы бар» (09.02.24), «Жұлдыз журналында, (№4, 2024 ж) ҚазҰУ-нің қауымдастырылған профессоры, белгілі әдебиеттанушы ғалым Раушан Әбдіқұлованың «Ауыл ақиқатын айшықтаған» аталатын мақалалары жарық көрді. 

Қарт қаламгер «Бастау» романы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының биылғы жылғы сәуір айында өткен жыл қорытындысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. 

Мені демеген даланың аң-құсы

 - Аға, «Жұлдыз» журналындағы мақаланы оқыдыңыз ба? Ғалым Раушан Әбдіқұлованы бұрыннан білуші ме едіңіз?

- Университтете студенттерге әдебиеттен дәріс беретін профессор  Раушан Әбдіқұлованы ғұмырымда көрген емеспін. «Қазақ әдебиетінде» басылған бір  мақаласында, «Өмір Кәріпұлының анималистік тақырыпта жазған әңгімелері ұнайды» дегені есімде қалған еді. Сол  себептен де әдебиетші ғалымға «Бастау» романымды   ұсынған едім. Жедел оқып шығып, пікір білдірді. Әдебиет сыншысы жарық көрген роман, повестердің  қосалқы авторы есепті болғаны жөн.  Кей  жағдайда әдебиет сыншылары сауатты оқырман деңгейіне жете алмай, жарық көрген дүниені үстінен бір-ақ сызып тастауға бейім тұрады. Татымы аз шығарманы   көрінеу көтермелейтін әдет және бар. Соның салдарынан тәп–тәуір роман, повестер  не оқырманға жетпей, не сыншы назарына ілікпей «өлі шығармаға» айналып  жатады.

- «Бастау» романын жазуға не себепші болды?  Роман қанша уақытта жазылды? 

- Романда баяндалған оқиға  менің ойымда көп жүрді. Сеніскен достардың  бір–біріне қол көтеріп ажал құштырғанын көзбен көрген едім. Сол бір аянышты жағдай роман жазуыма түрткі болды. Роман оқиғасы табиғат пен адам қатынасына құрылған. Балалық шағым Бетпақдаламен шектес Арқа өңірінде өткен еді. Киік қырғынын көріп өстім. Болған оқиғаны қағазға түсіргенде аса қинала қойған жоқпын. Аңдар тіршілігі маған  аян. Қиянда қойлы ауылда өскен қойшының баласымын. Аң етін жесем аузыма ұшық шығып ауырып қалатын едім.  Түсіме көбінесе арқар, киік, қасқыр  енетін-ді. Романды жазып жүргенімде киік пен арқар  түсіме  еніп менімен адамша сөйлескені бар. Аңдарға тіл бітіруіме көрген түсім себеп болды. Мені ит қапқан емес, не бір қабаған иттер жолымды кеспейтін еді. Бала күнімнен әдет алып кеткенмін, қалтамда итке  деген  «сыбаға» жүреді. Ит айрықша сезімтал хайуан. Кімнің дос, кімнің  қас екенін бір көргеннен байқап қалады. Бала  күнімнен итке  үйірілігім көркем шығарма жазғанда маған жеңілдік келтірді. Романдағы дүрегей тазы бейнесінің сәтті шығуы өмірден алынған шындық. Ит кекшіл келеді, бір жолғы зекініңді  ұмытпайды. Өзіне көрсеткен жақсылығыңды он еселеп қайтарады. Нағыз опалы хайуан ит екенін ата-бабаларымыз аңыз әңгімелер мен ертегілерде жеріне жеткізе айтып кеткен.

Романдағы екінші желі  «опалы дос» қатынасына  құрылған.  Бұл тақырып  халық ауыз әдебиетінде молынан бар. Сеніскен достар жарасымын халқымыз жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынған. «Дос болып  қас болғаннан сақта құдай, қасқыр да қас қылмайды жолдасына» - деген тұжырым  басқа ұлттардың  әдебиетінде кездесе қоймайды.  Басы жұмыр пендеге  таяныш – тірек  сеніскен дос болатыны өмірде дәлелденген. Ұшы-қиырына көз жетпейтін  байтақ сахарада етек–жеңін кең тастаған дала қазағы сеніскен досты туғанынан артық көрген. Романда құмалақшы  шал былай дейді: «Есіңде болсын, балам, қатар жүрген досты сақтау, Отанды сақтаудан бір де кем емес. Бұл ата-бабамыздан ауысқан қасиет. Қолымызда өскен баласың, жүрегіңнің сау-тамтығы қалмапты, не болған саған?! Қылмыстың ең ауыры қатар жүрген досқа жасаған опасыздық», - деп және төндіреді диуана шал.

Роман оқиғасы мені көп толғандырды.  Жазбас еркіме қоймады, сексен жасымда бастадым. Бір жарым жылда жазып шықтым. Шығарма қиналмай  оп–оңай жазыла салмайды. Мені демесіндеген даланың аң–құсы, табиғаттың сұлу көрінісі еді. Кейіпкердің жан сұлулығы және еліктіреді. Әдетте кейіпкер жанының нәзіктігі  жазу мәнерімнің қозғаушы күші есепті маған  күш бітіреді. Содан соң  табиғат суреті, аң-құс тіршілігі өзіне тартады. Бұларсыз менде шабыт болмайды,  аңдар тіршілігін суреттегенде қаламым басы қатты жүйріктей ауыздығымен алысып, «жаз да жаз» деп  еліктіре түседі. Арқар мен  ақ бөкен, дала жортуылшысы  көк шулан, тау еркесі құлжа-бәрі – бәрі бізді сипатта деп алды–артымды орағыштағанда, басқа кейіпкерлерім ысырылып қала береді де, аңдар әлеміне бойлап кете барамын. Романды ықшамдауға болар еді, онда негізгі кейіпкер аң мен құстан көз жазып қаламыз.

- Әдеби ортаға үйірлігіңіз  қай жылдардан басталды?

- Сонау жетпісінші жылардан бастап Жазушылар Одағын жағалай бастадым. Қалам алды туындым  «Ақжамал» хиқаятын ұстай бардым.  Жас жазушылар секциясын басқаратын  Қалихан Ысқақов  повесті оқып шығып, дайын жазушы екенсің деп   ықылас білдірді. Содан былайғы жерде жазушы қауыммен  араластығым басталды. Жас қаламгерлердің Жазушылар Одағында өткен (1973ж) бас қосуына қатысып бағымды сынадым.  «Сарыбел  сазы» атты хиқаятым талқылауға түсті. Секция жетекшісі  Тәкен Әлімқұлов пен Қалихан  Ысқақов повесті ұнатып, баспаға тапсыру керек деп пікір білдірді.  Қалам алды кітабым «Сарыбел  сазы» деген атпен «Жалын» баспасынан 1977 жылы жарық көрді.  Әдеби ортадан  жырақта ауылда түртінетін  қаламгерлерді қанатының астына алып  қамқорлық көрсететін аға жазушылар - Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов, Тәкен Әлімқұлов, Әкім Тарази, Софы Сматаев, Рамазан Тоқтаров, Қажығали Мұхамбетқалиев, Асқар  Сүлейменов, Оралхан  Бөкеевпен пікірлес болғанымды өзіме мәртебе көремін. СССР Жазушылар Одағының мүшелігіне өтерде (1986ж) кепілдемені,  Тәкен Әлімқұлов, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақовтан алдым.

- Елде, ауылда  қай жазушылармен  арасып тұрасыз. Пір тұтқан ұстазыңыз бар ма?

- Кеңестік кезеңде таланттардың ел аралап жер көруіне мән берілетін еді. Ауылдан ұзамаған қаламгердің бір бәсі кем түсіп жататыны белгілі. Менің әдеби ұстазым Асан Жұмаділдин болатын.  Ғұмыр бойы ауылда тұрды, өзінің Жаңаарқасынан ұзамады. Прозаның хас шебері болатын. Сол кісі мені әдебиетке баулыды. Одан соңғы ақылгерім Ақселеу Сейдімбек еді.  Біз бір атаның баласымыз. 

- Орыс және шетел әдебиетінен қай жазушының шығармасын ұнаттыңыз?  Олардан не үйрендіңіз?

- Орыс әдебиетін ЛевТолстойсыз, А.П. Чехов пен Гогольсыз  тану мүмкін емес. Лев Толстой мәнерінен көп үйрендім.   Әлем әдебиеті маған алдырмады.  Әйтсе де Джек  Лондонды пір тұттым. Моппасан мен Андре Моруа туындыларына қызықтым. 

Бүгінгі ауыл қазағының тілі жұтаңданып барады

- Қазақ әдебиетінің бүгінгі деңгейі қалай?  Соңғы  рет қандай кітап оқыдыңыз?

- Қазақ әдебиеті толысқан   әдебиет. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолынсыз» ұлт әдебиетін тану мүмкін емес.  Маған Ғабиденнің суреткерлігі ұнайды.  «Дауылдан кейін» романы нағыз классика. Сәбит Мұқанов телегей теңіз. Ғабит Мүсірепов прозадағы сыршылдықты дамытты. Бейімбет Майлин табиғи дарынымен қазақ әдебиетін ілгерілетті. Әбдіжәмілдің  «Қан мен тері» озғын шығарма. Тахауи Ахтанов ірі суреткер. Әкім Тарази прозасы маған ертеден   ұнайды. Қалихан  Ысқақов өзінің қайталанбас жазу мәнерімен қазақ прозасын биікке көтерді.  Софы Сматаевтың  «Елімай» романы  бар қазақты оятқан ішті туынды еді. Кезінде бағаланбады. Әдебиеттің марқасқалары - Тәкен Әлімқұлов, Қабдеш Жұмаділов,  Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков Оралхан Бөкеев, Төлен Әбдіков,  Қуандық Түменбай қазақ әдебиетінің классиктері екенінде кімнің дауы бар.  Кейінгі кездегі қазақ әдебиетінің барысына баға бере алмаймын. Асқар Алтай прозасында жаңашылдық бар. Өзге дарындардың аяқ алысынан хабарым аз. Кітап түпкірдегі ауылдарға жетпейді  Бүгінгі жас буын  батыс әдебиетіне, әлемдік прозаға қол арта бастады. Постмодернизм бағыты күш алды. Көркем прозадан қол үзген бүгінгі оқырман  әдебиеттегі жаңашылдықты қабылдай қоймайды. Саналы қауым келешекте реалистік прозамен қайта табысатын болады. Прозадағы романтизм мен реализм бізге енді керек. Бұл  ағымдар адам рухына дем беріп, биікке бастайтын  рухани қуат көзі. Өлеңді құтқармайтын  әдетім бар. Қыз-келіншектер поэзиясына құсым түскіш, нәзіктігіне қызығымын. Талантты ақын Жәнібек Әлиманның поэзиясы ішті. Өзіңнің «Алабұға аулаған күн» деген балаларға арналған кітабыңды бас алмай оқып шықтым.  Жас кейіпкерлердің жан дүниесін шеберлікпен ашып көрсеткеніңе, терең меңгергеніңе тәнтімін.

-  Ақадырда неше мектеп бар? Бүгінгі балалар, жастар кітап оқи ма?

  - Ақадырда  үш мектеп бар.  Шақырып тұрады.  Тілім жеткенше әдебиеттің тәрбие құралы  екенін, кітапсіз білім жоқтығын айтып бағамын. Ауылдық жерде  әдебиеттің бағасы  түсіп кетті.  Осы күні қай үйге барсаң да озық үлгідегі жиһаздан көзің сүрінеді. Сондай сәулетті мекен жайдан ырымға бір кітап таппайсың.  Бұл жағдай рухани  жұтаңдықтың көрінісі. Әдеби кітаптардың, оның ішінде прозалық шығармалардың оқылмауы ана тілінің  құлдырауына себепкер.  Бүгінгі ауыл қазағының  тілі жұтаңданып барады...  Сөз білетін шежіре қарттар ырымға жоқ... Рухани жұтаңдық кітап оқымаудың салдарынан болып жатқан жағдай.

- Адамның қандай қасиетін бағалайсыз?  Қазақ атамыз ұрпағын «ұят болады, жаман болады, обал болады»  деп тәрбиелеген.

- Адам адамша өмір сүру керек қой. Үлкендер жастарға кейігенде: «Хайуаннан боғы бөтен» деп налитыны бар.  Әкем діндар болатын. Маған айтатын насихатының сарыны: «Өтірік айтпа, ұрлық қылма, кісіге қиянат жасама» деп келетін еді. Советтік мектеп тәрбиесі де осыған жуық болатын.   Үлкенді сыйлау, мұғалімге қарсы келмеу шәкірттік міндетіміз-тін. Менің ұғымымда адамның асыл қасиеті - адалдық.  Адал адам арлы келеді, намысқой келеді, шыншылдық оның бой тұмары есепті.

- «Сіздің негізгі мамандығыңыз мұғалімдік екен.   Сіз сабақ берген алпысыншы, жетпісінші жылдардағы оқушылардың тәртібі  қалай еді? Бүгіндегі мектеп  өмірінен хабарыңыз бар ма?

- Ата-анадан соң балаға ең жақын  мұғалім. Ұстаз болып қалыптасу оңай емес.  Алдыңнан сабақ алған шәкіртің сенің басқан–тұрғаныңа еліктейтін жағдайға жетуге тисті. Мұғалім баланы мінезбен тәрбиелесін...  Балаға ұрысып зекіру, мұғалімнің осалдығы.   Бүгінгі оқушы сенің ішіңдегіні біліп отырады.  Өзін оқушыға қарсы қойып алаған мұғалім тәрбие беріп жарытпайды. Заман қатыгезденіп барады дегенді жиі айтамыз. Қоғамды қатайтатын өзіміз. Қандай жағдайда  да ата–ана мен мұғалімнің ынтымағы бір болып, саналы ұрпақты жетілдіруге жұмылсын.  Оқушылар төбелесі деген нағыз бассыздық. Оны айтасың, қыз бен қыздың  жұлқысқанын  да шыққыр көзіміз көріп жүр. Өткенде «Жас  алаш» газетінде бұл келеңсіздікті  ата жазушы  Кәдірбек Сегізбаев дұрыс көтерді. Бар кінәні мектепке аудару - бір жақты түсінік.

- Сіз мейірімділікке қалай қарайсыз? Шыбын өлтіріп көрдіңіз бе?

- Шыбын өлтірмейтінім рас.  Мал бауыздап көрген емеспін. Бала күнімнен аянпаз боп өстім. Әсіресе аң–құсқа  аяушылығым басым болатын.   Аң етіне құмар болмадым.   Жазушылық машықта  жануарлар әлемін  емін–еркін төгілдіріп жазатыным, аңдарға деген «достығымның» нәтижесі  деп білемін. Адамдарды  қатыгездіктен, кекшілдіктен мейірім ғана  құтқарады... Жүрегі жұмсақ адам мейірімге шөлдегіш келеді. Кейіпкер образын сомдағанда бірінші кезекте мінез жұмсақтығына қатты мән беретінім бар.

- Қарт қаламгер ретінде сізді еліміздің ертеңі толғандыратын шығар?

- Қалам ұстаған адамның басқалардан бір уайымы артық болады. Қиян шетте  қойлы ауылда оң–солымды танығандықтан ата-бабаларымыз бастан кешкен феодалық қоғамның жұқанасын көріп өстім. Жайлауға түйемен көшетін едік. Өгіз арбамен де көштік. Қозы бағып, қой қырыққан,  қи ойған күндерімді сағынамын. Есім кіре бастағандағы жайлау думаны  алтыбақан қызығы есімнен еш кетпейді.  Апта сайын көкпар тартылатын. Екі облыс жапсарындағы Жамбыл облысының  шопандары мен Қарағанды облысының  қойшылары арқа даласын жаз бойы думанға  бөлейтін еді. Мал бағылып, шөп шабылып жатады, жайлау думаны да  қосарлана  жалғасын табады. Ол кездің адамдары  шетінен  ақ пейіл мейірман еді. Мені қаламға жайлау думаны, табиғат көркі бейімдеді. Қыз біткен шетінен сұлу келетін, шаштары тірсегіне түседі.  Апа, жеңгелеріміздің аузынан гүл төгіліп тұрады. Бұл бір  жаймашуақ елібайшылық кезең жетпісінші жылдарға дейін жалғасты. Содан былайғы жерде  адамдардың еңбекке деген ынтасы бірте-бірте төмендей берді.   Азғырынды арақ басқа шығып, үлкен - кішіні есіртіп жіберді. Тіл мәнсізденіп, «салафизм» дей ме, одан өзге де миссионерлер ағылып, асыл дінімізге кедергі келтіреміз деп әрекет етуде. Қасиетті Құран-Кәрімде: «Алла қасындағы хақ дін – ислам» деген аят бар. Орыс тілін  білмесең  күн көре алмайтын дәрежеге жеттік .

Жүзге бөліну ұлтқа қызмет жасауға жатпайды

- Бүгінгі ахуалға қалай қарайсыз? Беталысымыз дұрыс па?

- Былайша бәрі  жөн сияқты. Нансыз емеспіз. Еркіндік заман деуге болады.  Нарыққа дер кезінде ендік.  Сауданы еркін меңгеретін жағдайға жеттік.  Дінге жол ашылды, дәстүр–салт жанданып келеді.   Ана тілі бір шама алға басты. Бізге жетпей тұрған  ұлттық  намыс. Бас араздық бола береді, жеке бастың мүддесіне бола – ұлттық намысымызды мансұқтау, менің  ұғымымда барып тұрған немкеттілік.  Ұлт бірлігі намыстан бастау алады.   Намысты азамат тәрбиелі от басынан, беделді білім ұясынан, байсалды ортадан шығады. Біз болсақ, әлі де сол күні өткен ескі әдет–ғұрыптарды  ұрпақ санасына тықпалаймыз. Жүзге бөлініп, рулық қатынасты жандандыру ендігі жерде ұлтқа қызмет жасауға  жатпайды. «Бар қазақ, бір қазақ!» - деген ұстанымды жас ұрпақтың санасына сіңіру, басты мақсатымыз. 

Адамзатты тура жолға бастап, рухани кемелдікке жеткізген тәрбие құралы  кітапқа жаппай бетбұрыс жасау алғы күндердің міндеті болуға тиісті. Элктронды құралдар сананы жалаңаштап барады.  Жапон халқы  соны ертеден сезіп кітаппен достықтан  қол үзбей келеді.  Кітап шығарудан біздің қоғам кенде емес.  Алайда сол рухани байлық халыққа жетпей орта жолда қалып жатады. Бізде кітап саудасы дұрыс жолға қойылмаған. Кітап өткізуді авторлардың өзіне міндеттеп қою  немкеттілікке жатады деп білемін.

Шағын бизнесті кітап сатуға икемдеудің не қиындығы бар. Кітап-идеологиялық құрал, оны насихаттауға жүрдім–бардым қарауға бола ма? Осы күні кітапханаға бас сұқпайтындар пайда болды.   Адам санасын материалдық  игіліктер еңсеріп барады.  Біреу көлік алса, қымбат бағалы киім кисе соны жабыла құттықтап мәре–сәре боп жатамыз. Мен ауылдан ұзамаған қаламгермін. Қартайғанда жазған романыма қарағандылық жерлестерім селт етсе не дейсің!?  Жан тартқан әдебиетші інілерім де  теріс қарайды. Бірде біреуінің құттықтап қолымды алғанын көрсем көзім шықсын. Бұдан нені байқауға болады? Кітапта, рухани игіліктерде құн қалмай бара жатқаны ойланыратын жағдай. Жоғарыда сүйеушің болса ғана жалпақтайтын жаман әдетіміз бар.

- Әсерлі, мазмұнды әңгімеңізге рахмет!                   

 Толымбек Әбдірайым, жазушы, 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар