Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Арда Алтайдағы Абай шәкірті (ақын, жазушы, драмату...

10.10.2024 795

Арда Алтайдағы Абай шәкірті (ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлының 100 жылдығына орай) 12+

Арда Алтайдағы Абай шәкірті (ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлының 100 жылдығына орай) - adebiportal.kz

Тағы бір ғасыр оң жамбасымен аунап түсті. Бұл-Абай ғасыры. Абай дүниеден өткеніне биыл 120 жыл. Ал, Абай шәкірті Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл. Алаш жұртына Абай аруағы риза... Иә, күн нұры түспеген сәрсем жер бар шығар-ау? бірақ, Абай сәулесі түспеген сана жоқ. Сол сансыз алтын шұғыланың бір өрімі Қытайдағы қандастарға да жарығын шаша бастаған. Сол шұғыладан нәр алған ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы еді. Ендеше, Абай рухы, Абай шығармалары Қытайдағы қандастарға қалай жетті? Ақындық өнерде Абай жолын ұстанған шәкірттері кім? Мұны білу үшін әңгімені арыдан қозғауға тура келеді... 

Абай Қытайға қалай жетті?

1. Абай есімі, ең алдымен, оның әкесі Құнанбай арқылы жетті. Жіпселей айтсақ, аға сұлтан Құнанбайдың Өр Алтайға сапарында (шамамен 1860-жылдардың соңы) Абай хақында әңгімелер болғанын үлкендер жағы айтып отырушы еді. 

2. Құнанбайдың Алтай бетіне – керей, найман ішіне келіп алқалы жиналыс ашуы. Бұл туралы «Қылышбай шежіресінде»: «...Құнанбай аға сұлтан болып тұрған кезінде, найман дөртуыл руының күзеулігі Ақжон деген жерінде (бұл қазіргі Марқакөл ауданындағы «Ақжайлау» деген жер болуы мүмкін) керей, найман, арғын және төрелерді шақырып сиез ашқаны жазылады. Осындай дүбірлі бас қосуда Абай туралы сөз болмауы мүмкін емес. Өйткені бұл Абайдың ақындық өнерге дендеп кірісе бастаған шағы. 

3. 1900 жылдардың басында-ақ, Абайдың атақ даңқы, ақындығы, шешендігі, қара қылды қақ жарған кесімдері, ішінара өлеңдері барған-келген жолаушылар арқылы ауызша там-тұмдап жетті. 

4. Абай заманында Өр Алтайдан қажыға барушылар Семейді басып өткенде Құнанбайдың өзінен асып туған Абай деген ұлы бар екенін айта келетін болған. Қарт ағартушы Мидхат Разданұлы маған берген сұхбатында (2011жыл) «...Мәми бейсінің ағасы Ешен қажы (Мәсәлима) қажыға барып келе жатқан жолында Омбыда қайтыс болады. Ешен қажыны жерлеп, белгі қойып қайту үшін 1905 жылы Мәмидің ұлы Қанапия Омбыға бара жатып, Абай ауылына түсіп құран оқып аттанған. Омбыда, Семейде Абай туралы көптеген әңгімелер естіген. Бірақ, өлеңдерін әкелмеген көрінеді», - деген еді. 

5. Абайды Алтайға жеткізген «Абақия» мектебі еді. Мидхат мұғалім бір кеңесінде: «...1909 жылы Мәми бейсі «Абақия» мектебіне жаңаша сабақ беретін мұғалім әкелу үшін, Нұрғабдолла деген азаматты Семейге жібереді. Ол Абай ауылына келіп, онда мұғалім болып жүрген Сейтқазы деген мұғалімді Алтайға алып келеді. Бұл тұста Абай жоқ болса да, Шәкәрім бар еді. Абай туралы кеңірек әңгіме өрбіткен көрінеді...», - дейді. Демек, Сейтқазы мұғалім Абай тағылымын, өлеңдерін қолымен де, көкірегімен де ала келгені шүбәсіз еді.

6. Шәкәрімұлы еңбектерінің бірі «Шежірені» жазған кезде Алтай еліне хат жазып, Абақ керей шежіресін сұратқан. Мәмиге арнап өлең де жазған. «...Бұл өлеңді 1947 жылы Ыбырайымбай деген әскери адам Мәңкейдің үйіне келіп отырғанда жатқа айтып берген. Онда Абай туралы айтылады екен. «Амал қанша, осының бәрі сақталмай жоғалған», - деп өкініш білдірген еді Мидхат Разданұлы. 

7. 1925-1929 жылдары Қанапия бейсі мен Мәңкей жазысқан хаттарында «Абай айтқандайын» деп Абайдың ғибратты сөздерін келтіреді. 

8. 1930 жылдардың басында сол кездегі саяси жағдайға байланысты Абай ауылынан Әзімбайұлы Бердеш, Шәкәрімұлы Зият қатарлы азаматтар Алтайға өтіп, Қыран өзені бойындағы Мәми бейсі ауылына барады. Олар Обай Шәкәрім шығармаларын ала келеді. 

9. Абайды жеткізген Абай Қасымов (1896-1939). Кеңес Одағының адамы. Моңғолия Қобда аймағында, Қытайдың Құмыл, Баркөл аймағында қызметте болған. Ғазез Ақытұлы маған берген сұхбатында: (2004 жыл) «Абай Қобда бетінде тұрған кезінде 1932 жылдары Көктоғайдың Қайырты деген жерінде әкемізге кезігіп, Абайдың 1922 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын тарту етіпті», - деген еді. 

Асқар Алтайдың алабына Абай өнері міне, осылай жетті. 

Абайдың арғы беттегі екі шәкірті

1. Ақын, ағартушы, ғұлама Ақыт Үлімжіұлы 

Ақындар бізден бұрын өткен талай, 

Әсіресе, Құнанбай баласы Абай. 

Дәл сондай өткір сөзді болмасам да, 

Ойымды жеткізейін құрай-жамай, - 

деп Абайдың өткір сөзді ойлы ақын екеніне таңдана тәнті болған Ақыт тағы: ‹Ғақлиялық үндеулерінде››: «Ей, мөмін қарындастар, қазақтың керей елінен шыққан мен әлсіз, бақыр пенде, қазы Ақыт Үлімжіұлы мөміндердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды, кейінгі ұрпаққа естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай қажы кітабынан өрнек алдым. Шіркін, Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген. Абай өлеңдерін үзіндісін басына алып, күрделі лафыздарын істеттім. Мақсатым: ел-жұртқа тағылым болса» дейді. 

Ақыт енді бірде: 

«Абай өлеңін атүсті бір оқып кеткен адам оңай-оспақ түсіне қоймайды. Бұл Абай өлеңнің ойлылығы һәм мазмұнының тереңдігі. Абай ойшыл ақын. Абай өлеңі оқырманды сынайды әрі тәрбиелейді» деп тұжырымдайды. 

Ақыт шығармаларының 1 томында ақынның Абайша ой толғап, ой жарыстыра жазған 55 өлеңі бар. Мұнан ақынның Абай поэзиясын жоғары бағалап, ұстаз тұтқанын әрі Абаймен талант, қарымын да сынағанын байқау қиын емес. Абайдың үлкен идеясымен үндестік, ішкі бітімдік тауып, философиялық көзқараста имани философияны Қытай қазақтарында бас болып қалыптастырғаны шығармаларынан байқалады. 

Басынан өткен, 

Көздері жеткен. 

Шек қылман ескі шалдарға.

Абай мен Ақыт 

Біткен соң уақыт, 

Келетін қайта хал барма? –

деп дүниенің, тіршіліктің нағыз мәнін тереңнен толғайды.

2. Ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы 

Туғанына дәл биыл 100 жыл толып отырған (1924-1998) ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы Ақыттан кейін, Абайдан ең сауатты түрде тәлім алған талант иесі. Ол Абайдайдан нәр алып, тағылмы терең шығармалар жазды. Қытайдағы қандас қаламгерлер арасынан шоқытығы биік көрінуі оның бөгенайы бөлек шығармаларымен қатысты. Мағаздың әкесі Раздан ел ішінде беделді имам, күйші, зиялы болған. Буыршын ауданында және Алтай аймағында басшылық қызметтер атқарған. 

Разданның үш ұлы: Мағаз, Мәсғұт, Мидхат. Үшеуі де Қытайдағы қандастар арасында көрнекті тұлға. Мен Алтай орта мектебінде оқыған кезімде осы Мидхат Разданұлының үйінде көбірек болдым. Сәлихалы кеңестерін тыңдадым. Соның бірінде: «Әкем қайдан алғанын білмеймін, біздің үйде «Абай Құнанбаевтің өлеңдер жинағы» деген кітаптың көшірме нұсқасы болды (Мағаз мұраларының қатарында әлі сақтаулы тұр), бұл кітап 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы Сант-Петербург қаласында бастырған нұсқасынан көшіріліпті. Кітапқа қатты қызығып қалған ағам Мағаз оны 1945 жылдың жазында Буыршынның Үштас жайлауында бір ай уақыт жұмсап көшіріп шыққан...», - деп әңгімені арыдан толғағаны әлі есімде. Бұдан Мағаздың Абайдан құныға сусындағанын аңғару қиын емес. Ал, Мағаздың өзі: 

…Абайды мен жасымнан өстім тыңдап, 

Деген ол екі нәрсе сыр мен сымбат. 

Сыр – іші, сымбат – сырты, сол себепті, 

Жақсының өзі – тұлға, сөзі – қымбат! – 

деп Абайды өте жоғары бағалап, Абайша өлең шумақтарын өреді. 

Қартая білмес табиғат, 

Қартайта берер пендесін. 

Әуелде осы шариғат, 

Жылайсың пенде сен несін? 

Табиғат бізге сетерлеп, 

Қызығын түгел сыйлаған. 

Өзімнен асып кетер деп, 

Тозбауды ғана қимаған!

Абай «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» десе, Мағаз ақын «қартая білмес табиғат, қартайта берер пендесін» деп өз қырымен жырлады. 

«Ар, махаббат, сүйспеншілік, сүйкті, қымбатты» дейтін мағыналарды білдіретін Мағаз есімі, оның затына айналып кетуі де кездейсоқтық емес-ау! Әкенің ардақтап қойған атын аспандатып, биікке, алсықа алып ұшуға кез келгеннің қуаты жете бермек емес. Мақаң бірде: 

Ақын кім, сөнбес жұлдыз, тұтас дәуір,

Қысқы аяз, жазғы шуақ, күзгі дауыл.

Өлмес жан, өшпес рух, осы үшін,

Сөз қозғау дәтің жетіп қандай ауыр!? - 

деп толғаныпты. 

Мағаз Разданұлы туған ауылында ескіше, жаңаша оқумен сауатын ашып, 1938 жылдан кейін Алтай қаласында білім алады. Дулайты «Жеміс» мектебінде ұстаз, одан ары «Алтай газетынде» тілші, редактор болған. Жасампаздық сапарын 1946 жылы бастаған. 

1957 жылдан кейін, Шыңжаң жазушылар одағына, «Шұғыла» журналында редактор болып қызмет істейді. Қытайда жүрілген саяси аласапырандықтың кесірінен мұнда көп тұра алмай, жалған жала жабылып, айдауда кете барады. 

Ер жасып мұңая ма ажырғыға, 

Немене ауыр бейнет сабырлыға.

Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,

Жайлап сал төсегіңді абыржыма, -

деп, абақтыда, еңбекпен өзгерту лагерінде жиырма жылды өткеріп:

Сәлем саған Алтайым,

Тентегің сонша сағынды.

Жоғалып кеткен бір тайың,

Тарландап барып табылды, - 

деп 1979 жылы туған елімен қайта қауышты. 34 жасында қуғынға түскен ақын, туған жеріне 55 жасында оралды. Артта азапты жиырма бір жыл, алда ендігі тірлік қамы тұрды. Сонда да ол артқа қарап өкініп, алдыға қарап алаңдамапты. 

Жылыта бер көктем шуағы,

Әжім басқан бетімді. 

Жырлардың асыл шумағы,

Алдымда жатқан секілді!

Өзіне үлкен міндет жүктей, әдебиетіміздің поэзия, проза, дырамма жанрында тынбай еңбектеніп, мәңгілік туындылар жазған Мағаз Разданұлы жасампаздық сапарының жемісті шағы 1979 жылы наурыз айынан 1995 жылға дейінгі 15 жылдай уақыт болған. Осы кезде қаламгер Алтай тауларындай ойға батты. Ұлы Ертістей тебірене толқып толыса түсті. Құлашын кеңге сермеп, көсілте жазды. «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Босаға», «Ертең» төрт өлең жинағы, «Ата заман сөйлейді» әңгіме-повестер жинағы, «Сары бел» өлең романы, «Алтайдың ақиықтары» тарихи романы, «Арман-ай» атты көлемді драмасы оқырманға жол тартты. Қаламгердің әр жанрдағы осынау шығармалары әр ұлт тілдеріне аударылды және Қазақстан басылымдарында айшықты таныстырулармен жарияланды. «Сары бел» өлең романы 1987 жылы Қытай аз ұлттар әдебиетінің «Үздік шығарма» сыйлығын алады. 

Күлмеңдер, ей, жарандар, қапалыға, 

Қарайды құдай кімнің сақалына? 

Тағдыры көзге шұқып жылатпаса, 

Сыя ма пенде шіркін шапанына?!

Мағаз шығармаларынан қазақ поэзиясының барша тақырыптық, мазмұндық ізденістерін түгел табылады. Ол қай жанрда қалам тебесе де, түбегейлі эстетикалық нәтижеге жетіп, толыққанды көркем туындыға айналып отырған. 

Есеймес егес көрмей майдан ері, 

Ер жұтса азап уын тарқар шері. 

Мың бейнет көтеремінбір кейіссіз, 

Жаралған жәннат ары, тамұқ бері. 

Мағаз жырының негізгі пафосы – өз халқына, өз өлкесіне махаббат, өз халқының бағын ашып отырған заманға махаббат, өз халқын бақыты. Содан да ақын: 

Алтын ба туған жердің топырағы, 

Күміс пе талдарының жапырағы. 

Мұжылған молалардың құлағында, 

Алтайдың ақ иығы отырады, - 

деп әр сөзін тариықтан тамыр алып жырлады. Талғар таудың тарғыл тасына қонақтаған тарлан бүркіттей алғыр ақын, сары табан жүйіріктей тынысты жазушы кең байтақ қазақ даласының өткенін жырласын мейлі, бүгінін жырласын мейлі біртұтас ұлт, біртұтас мемлекет болған халық пен өлкенің әр бұрышындағы оқиғаны да ешбір алаламай бірдей толғанып, бірдей тебіреніп, тұтас жырлады. Жасампаздықта, Бейсенібше ой толғап, Өміртайша кеңес құрып, Бықыштай шешендік көрсетті. Қара Оспандай асқақ көрініп, Мәмидей маңғаздық байқатты. 

Екі үйек ұзын-қысқа, ауыр-жеңіл, 

Қас сараң, ашық, жомарт, ағыл-тегіл. 

Көп пен аз, терең-таяз, алыс-жақын, 

Қайырымсыз қатты мінез, жұмсақ көңіл!

«Ойшылдық, сыршылдық, халықтық өрнек Мағаз поэзиясының негізгі ерекшелігі. Ақын кішкене детальдан үлкен ой туындатып, оқырманын тарих пен реалдықтың күрделі қойнауларына бастап отырады», - деп әдебиеттанушы Әбденбай Бажаев айтқандай, Мағаз Разданұлын ойшыл ретінде тану енді басталды. 

Кәртейгенде терсем де күз масағын, 

Арманымының артынан із басамын. 

Аз қарызым бар еді ағайынға, 

Өлең үшін келеді жүз жасағым! - 

деп, халық қасиетін, халықтың тарихы мен дәстүрін, тілі мен тіршілік тынысын еркін суреттеп, қарапайым қазақи сөздерден көрікті, зәулім құрлыстар тұрғызған ірі көркем сөз падишасын Алланың өлшеулі ғұмыры арманын ада етуге үлігіртпеді. «Бір кейіссіз мың бейнет көтере жүріп» толысқан ақын өмірінің ең соңына дейін ізденді, тоқтаусыз жазды. Өмірбаяндық эссесін жазуға да үлгіртпей, 1998 жылы 2 мамырда 74 жасында «тонналап су құйса да сөнбейтін жүрек» соғудан тоқтады. Ертістің сарылын тыңдап, Көксін тауының етегіне мәңгілік жантайды. 

Дүние бір қонақжай аз күн түнер, 

Жеңген де, жеңілген де көрге кірер. 

Шығады шын бағамыз өлгеннен соң, 

Не дерін кейінгілер өзі білер.

Ақын осылай ертеңін де өлеңмен болжап кеткен сияқты сезіле береді. Мақаң, «Өлең үшін келеді жүз жасағым» деп бекер жазбапты. Өткені уақыт ғана екен. Ұлы өнерге айналған өмір өтпепті де өлмепті. Ол міне, бір ғасыр бигінде.

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ

2024 жыл, Астана


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар