Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
2024 жылғы әдеби Нобельге кім ие болды?...

10.10.2024 1712

2024 жылғы әдеби Нобельге кім ие болды? 12+

2024 жылғы әдеби Нобельге кім ие болды? - adebiportal.kz

Нобель сыйлығы - әлемдегі атаулы сыйлықтардың ең беделділерінің бірі. 2024 жылы әдебиет саласы бойынша сыйлыққа бұл жолы Азия құрлығынан шыққан әйел заты ие болуы да ерекше оқиғаға баланып отыр.

2024 жылғы әдебиет саласындағыНобель сыйлығына ОңтүстікКореяның әйел жазушысыХан Ган ие болды. Стокгольмдегі Швед академиясы жазушының туындысы «Адам өмірінің нәзік қырларын ашу арқылы тарихи жарақаттарға қарсы тұруға үндейтін қанық та поэтикалық прозасы үшін» лайықты деп тауыпты.

Хан Ган – көптеген халықаралық сыйлықтардың, соның ішінде Букер сыйлығының иегері. Бұл беделді сыйлыққа 2016 жылы «Ет жемейтін әйел» («Вегетарианка») романы үшін ие болған еді. Бұл туындысында жазушы қоғамдағы жеке тұлға, сексуалдық мен зорлық-зомбылық мәселелеріне терең бойлайды.

Марапаттау рәсімі дәстүр бойынша әдеттегідей Альфред Нобельдің өмірден өткен күні 2024 жылдың 10 желтоқсанында өтеді. Медаль мен дипломнан өзге нобелиат 11 миллион швед кронына немесе 1,1 миллион АҚШ долларына тең қаржыға ие болады. Бұл марапаттау рәсімнің тағы бір дәстүрлі бөлігі – нобелиаттың сөйлейтін сөзі.

Корей халқының талантты жазушысы Хан Ган 1970 жылы 27 қарашада Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында дүниеге келген. Әкесі Хан Сынвон мен ағасы Хан Дол Лим – жазушылар. Хан Ган он жасында отбасымен ел астанасы Сеулге көшіп келеді. Ёнсе университетінде корей әдебиеті бойынша білім алған. 1995 жылдан бастап шығармашылықпен тұрақты шұғылданған. Шығармашылық әлеміне поэзия арқылы келген. Кейіннен проза жанрына ауысқан қаламгердің бүгінге дейін бірнеше романы жарық көрген. Роман, эссе, әңгіме жанрларында қалам тербейді. 2013 жылдан бастап Сеул әдебиет институтында шығармашылық шеберлік бойынша сабақ береді. 2018 жылы «Сүйікті ұлыма» атты романы шотланд суретшісі Кэти Патерсонның «Болашақ кітапханасы» арт-жобасына таңдалуы оның әлемге танылуына жол ашады. 2021 жылы Чеджудо аралындағы көтерілісті үш әйелдің көзқарасы арқылы баяндайтын «Мен қоштаспаймын» романын жариялайды. Бұл роман 2023 жылы үздік шетелдік туынды аталымы бойынша француздық Медичи сыйлығына лайық деп танылды.

Жазушы, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақын ағылшын тілінен аударған сұхбатында жазушы өзінің шығармашылық машық ырғағы туралы былай деген екен: «– Сіздің соңғы романыңыз жеке тәжірибеңізден туындады ма?

– Үшінші романым «Вегетарианнан» кейін мен төртінші романымды жазуға отырдым. Бірақ жетінші тарауға жеткенде, мен жалғастыра алмадым, мен тоқырауға ұшырадым. Сосын мен бір жыл бойы жазуды тоқтатып, оның оқиғаларын естен шығардым. Не жетісіп кітап та оқи алған жоқпын. Ұзақ демалғаннан кейін мен мұны қайта бастадым. Осылайша, мен бастан өткерген тыныштықтан туындаған бұл бесінші романым «Грек сабақтары» дүниеге келді.

– Неліктен жазу қабілетін жоғалттым деп ойлайсың?

– Мүмкін мен ол кезде шыншыл болмаған шығармын. Жазу кезінде маған шынайылық жетіспеді, сондықтан мен жалғастыра алмадым. Кейіннен мен шындықты көркем әдебиетке жатқызуға болатынын түсіндім. Көркем шығарма жазу дегеніміз шындықты жоғалту емес. Сен соқтықпалы да соқпақ болса да, жазуға жетелейтін жолдарды іздеуіңіз керек.»

Бұл расымен де жазушы адамға қажет үрдіс деп білеміз. «Жазу үшін жазу емес, жазуға құлшыныс, мүмкіндігің болған кезде жазу керек» деген осы.

Өзіне деген талап пен талғамды ұштастыра білген жазушы осылайша Нобель сыйлығына қол жеткізіп отыр.

Осы орайда орыс тілді әдебиет әлеміне қызмет етушілердің әбжілдігіне қызығасың. «Литерс» электронды кітапханасы сөресінен Хан Ганның Человеческие поступки» («Адами қылықтар»), Вегетарианка» («Ет жемейтін әйел») кітаптары әлдеқашан орын алған. «Біз неге осы?» - деп ойланып-тоғанып болғанша, біраз уақыттың өтіп кететіні – шындық. Қазақ тілді оқырман да әлемде тренд болып тұрған жазушының шығармасын ана тілінде оқымасқа? Біз неге оларды ағылшын, қытай, орыс, т.б. тілдерде оқып тамсануымыз керек? «Біздің кітап нарығымыз шағын ғой? Ақтамайды», - деген уәж айтылар. Мынау көршіміз, үш-ақ миллион халқы бар Монғолиядан санымыз да, нарығымыз көп шығар, қалай айтсақ та? Бұлар да Хан Ган туындыларын әлдеқашан өз тіліне аударып тастаған. Электронды басылымын сатып жатыр. Бізде де оқырман бар, тек әбжілдік, ұйымдастыру, ұмтылыс керек.

Танымал әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы Хан Ган шығармашылғы туралы былай деп пікір білдірген екен: «Маған Хан Ганның «Ет жемейтін әйел» романы қатты ұнады. Шығарманың оқиғасы қарапайым ғана. Бір әйел түнде қорқынышты түс көріп, ет жеуден бас тартады. Міне, осы кезден оның күйеуімен, қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасы күрделене түседі. Роман өте шебер жазылған. Шығарма біресе күйеуінің атынан баяндалып, біресе әйелдің көзімен беріледі. Автор детальдарға қатты мән береді. Бір артық сөйлем жоқ. Стильдің нәзіктігіне қарап, автордың мәтінмен күні-түні жұмыс істегенін түйсігіңмен сезесің. Мына екі кітапты оқып болғаннан кейін Оңтүстік Кореядан шыққан қаламгерлердің туындыларын оқуға деген құлшынысын арта түсті. 

Ей, қазақтар. Замандастарымыз әлемге танылып, Нобель сыйлығын алып жатыр. Ал, біз әлеуметтік желіге желімше жабысып алып, бір-бірімізді өтірік мақтағанға мәзбіз. Қашан есімізді жиып, өзімізді қамшылаймыз. Әлде, ішкен-жегенімізге ғана мәз болып, өз жазғандарымызға өзіміз ғана тамсанып осылай жүре береміз бе? Өмір болса өтіп барады.» Иә өмір болса, өзгелердің жетістігіне тамсанумен өтіп барады...

Корей халқынан шыққан қарапайым жазушы қыз лайықты деп танылып жатқан беделді сыйлыққа проза жанрында тер төгіп жүрген талантты қазақ қыздары неге ие болмасқа? «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп Абай хакім айтқанындай, жазушыларымыз талап қылып көрсе, таяу кезеңдерде бұл қуанышты сәттің де куәсі болып қалармыз, мүмкін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар