Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қаныш және ғылыми майдан...

15.10.2024 2586

Қаныш және ғылыми майдан 6+

Қаныш және ғылыми майдан - adebiportal.kz

12 қазан «Отбасы хрестоматиясы қоғамдық қорының» ұйымдастыруымен  Қаныш Сәтбаевтың туғанына жүз жиырма бес жылдығына орай Санжар Керімбай мен Әйбек Нәбидің халқымыздың сүйікті перзенті, геолог-ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жайында сыр шертетін «Қаныш және ғылыми майдан» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Кітап мазмұнына Қаныш Сәтбаевтың болмысы, өмір жолы, ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктері қамтылылған. Бұдан бөлек,Сәтбаевқа байланысты «Отбасы хрестоматиясы қоры» баспадан алты кітаптан тұратын «Бала Қаныштың оқыған кітаптары», Тәкен Ораздың «Қаныштың жастық шағы», Ебіней Бөкетовтің «Жас Қаныш», Медеу Сәрсекенің «Қуғындалған Сәтбаев» атты кітаптары қайтадан басылып жарық көріп отыр. 

Тұсау кесер барысында, әуелгі сөз тізгінін алған сенат депутаты, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы Қаныш Сәтбаев туралы ыстық ықыласты лебізін жеткізе отырып, қайраткер ғалымның жүз жиырма бес жылдық мерейтойына байланысты жасалынып жатқан шаралар аз емес екенін, соған орай тұсауы кесіліп жатқан бұл кітаптардың ғалымның тойына үлкен арнау екенін, бұл кітаптардың ғалым рухына ғана емес, өскелең ұрпақ, жас буынның Қаныш Сәтбаевтің ғұмырбаяндық шежіресіне қанығуға өте үлкен септігі болатынын тілге тиек етті. Және де Алтынбек Нұхұлы мемлекет басшысының сөзінен цитата келтіре, Қаныш Имантайұлы туралы былай деді: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақ руханиятының темірқазығы Абай болатын болса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, ал қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев деген болатын.»

Соңында Алтынбек Нұхұлы «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қорының» биылғы ұлы тұлғаның мерейтойы қарсаңында осы жылдар ішінде Сәтбаевтің еңбектерін насихаттауға, ғалымның ғылым мен қоғамға сіңірген ғұмыр жолын зерттеуге қосқан еңбектері үшін деп Қаныш атындағы арнайы үш дәрежелі орден тағайындаған жеткізді. Әуелгі алтын төсбелгіні алпыс жылдық саналы ғұмырын Қаныш Сәтбаевты зерттеуге жұмсаған марқұм Медеу Сәрсекеге берілгенін, бұл медаль оның ұрпақтарына Баянауылдағы тамызда өткен ғалымның дүбірлі тойында табысталғанын, енді күміс төсбелгі мен қола төсбелгіні осы кітап тұсаукесеріне орай өтіп жатқан іс-шарада «Республикалық ата-аналар қоғамының» құрылтайшысы Нұркен Асанов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанға бұйырады деп сахна төріне шығарып кеуделеріне Қаныш медалін таға отырып, осындай зор іс-шараға мұрындық болғандарына алғысын жаудырды.

Абзал Құспан, Парламент Мәжілісінің депутаты,  «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы.

«Жас оқырмандар, бүгін сіздерге жол тартқалы отырған осы шығармаларды «Отбасы хрестоматиясының» кезекті шедевр дүниесі деп айтқым келеді.  Алтынға мақтаудың қажеті жоқ дегендей, бұл екі автордың осыған дейінгі жұмыстарына куә болып келесіздер. Былтыр жарық көрген «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты Өзбекәлі Жәнібековтің өміріне арналған кітаптың жалғасы ретінде, ұлы тұлғаларымызды ұлықтан кезекті «Қаныш және ғылыми Майдан» кітабы сіздерге ұсынылып отыр. Тарихи тізбек деген болады, сосын тарихи сәт деген де дүние болады. Бұл кітаптар тарихи тізбек болса, дәл қазіргі сәтті тарихи сәт деп айта алар едім. Өйткені, ортамызда бүкіл саналы ғұмырын Сәтбаев атамызды зерттеген кітапқа арнаған Медеу Сәрсекедей ақсақалдың ұрпағы отыр. Қаныш Сәтпаевтің құрметіне қойылған Медеу ағамыздың немересі Қаныш отыр. Түсінген адамға бұл кітап тұсау кесерімен қатар, сол кітапты жазуға мұрындық болған, кеше ғана арамыздан аттанып кете барған Медеудей ақсақалымыздың көзі болған ұрпағымен сол ақсақалдың тірісінде қолы жетпей кеткен Қаныш атамыздың оқырман арасына, қазақ ортасына қайта оралуына куә болып отырмыз. Шыны керек, бұл бір ғанибет дүние. Оқырман үшін және бұл өмірден қазағым деп өткен ұлы тұлғалар үшін де өте қуаныштымын. Қазір екі автор ортамызда отыр. Жазған дүниелері кеңінен насихатталсын, кітаптарының оқырманы көп болсын! Рақмет!

Санжар Керімбай, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі, «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы авторларының бірі. 

«Бұл кітапқа келу оқиғасының өзі қызық болды. Екі мың жиырма екінші жылы Қаныш Сәтбаев туралы ақырындап материал қарастыра бастаған кезіміз. Қолыма Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» деген кітабы түсті. Мен жеті жүз беттік кітапты аударып-төңкеріп, рахаттанып тұрып оқып шықтым. Бірақ, кітапты оқып болғанша кәдімгі пұшайман күйге түседі екенсің. Не үшін десеңіз, мына өмірдегі қамсыздығыңа өзің ұяласың. Осыншама мол мағлұматты бұл уақытқа дейін не үшін білмей келгенмін деп өзімнен-өзім қысылып, әбден жер болдым. Бұл кітап кезінде шыққан болу керек, біз ізденіп оқымағанбыз деп күйініп отырғанымда, кітаптың ең соңында автор бір абзацта бір шындықты жылт еткізеді. Сөйтсек, бұл кітап негізінде баяғыда жазылып қойған. Бірақ осындай да осындай Орталық Комитетте отырған белгілі чиновниктердің кесірінен бұл кітаптың желкесі қиылып, қидалауға кеткен дейді. Содан қызығушылық кетті оянып. Бұл кітаптың авторы тірі ме, әлде өмірден өтіп кетті ме, ол жағын да білмеймін. Содан жиырма екінші жылы Өзбекәлі туралы дерек жинап жүріп, Астанаға келген кезімде дастархан басында Қанышқа байланысты әңгіме шығып кетті. Бір жігіт тұрып-тұрып алды да қазір қызық болады деп, бір кісіге хабарласып Медеу Сәрсеке деген кісінің қазір көзі тірі, осы Астана қаласында немересінің қолында екенін, егер сен барам дейтін болсаң, арғы күні үйге келсін, қабылдаймын депті. Келістім, ағамен кездестім, бірақ, барсам ағамыздың екі құлағы естімейді екен. Мен Қаныш туралы сұрақ қойған болам, ол кісі мүлде ести алмайды. Сосын ол  кісі: «Әй, мен естімеймін, сен Қаныш туралы сұрайын деп тұрсың ғой. Онда былай болсын, сен маған сұрақ қоймай ақ қой. Мен айта берейін. Сен тыңдай бер» деді. - Болды, дедім. Ол кісі екі сағат бойы Қаныш туралы, сол кітаптың жазылу, өртелу, оның Мәскеуден қайтадан басып шығу тарихының бәрін тарқартып берді. Осыншама кітаптың бізге жетпей қидаланып, қуғынға түскенін автордың өз аузынан естудің өзі бір бақыт болса, бір жағынан ауыр ой мен жауапкершіліктің жүгін арқалатып кеткендей болды. Осылайша «Қаныш және ғылыми майданның» алғашқы парақтары жазылып жатқанын кейін білдік», - деп Қаныш Сәтбаев туралы бір жарым сағаттық кітап таныстырылымында кітап авторы Санжар Керімбай тарау-тарауға бөлінген еңбектегі Қаныштың қандай тұлға болғанын, қандай кен орнын тапқанын, қандай қаланың салынуына себепкер болғанын, қандай ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің тікелей араласуымен қазақ даласында қандай ғылыми-рухани жарылыс жасағанын жеткізе баяндап шықты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар