Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Сәкен Сыбанбай. Суыту, қайта қарау деген қалып бар...

09.10.2024 1735

Сәкен Сыбанбай. Суыту, қайта қарау деген қалып барады

Сәкен Сыбанбай. Суыту, қайта қарау деген қалып барады - adebiportal.kz

Сәкен Сыбанбайдың журналистік мақалаларын студент кезімізде қалдырмай оқып отыратынбыз. Талай рет «айтыскер былай дегенде қарсыласы былай деп жауып қайырды» деп шумақтардан келтіріп, айтысты да сынады, үнді фильмдеріндегі актерлерді де күнде көріп жүргендей таныстырып, «Жас алаштың» қосымшасы «Ырғақты» да келістіріп жүргізді. Кейін қаламгердің әңгімелерін оқи бастадық. «Автор оқырман назарына ұсынған әр туындысында – жарқыраған күн, жайма-шуақ жаз мезгілі. Күлкі көп. Бақытты жұрт қалың» деп Дидар Амантай ағамыз айтқандай, шынымен де Сәкен Сыбанбай әңгімелерінен оңтүстіктің дидары, қазақы мінезі мен жазы көрінеді. Мысалы, «Бір шәугім шай» атты этнографиялық дүниесі кеше оқығандай есімізде. Қазір ауыл туралы бірыңғай мұңға толы әңгімелер жазылады, өйткені баяғы ауыл жоқ, бар болса да бүгін-ертең көшеміз деп алаңкөңіл отыр, оның ақжарқын адамдары да азайған. Ал Сәкен Сыбанбайдың «Бір шәугім шайын» оқығанда әлеуметтік, моральдық жағында қиындықтар болғанымен, «ауыл әңгімесінің» қадір-қасиеті сарқылмайтынына көзің жете түседі. «Тура ауылға барып келгендей болдым. Кемпірлердің өзара әңгімелері кейбір классик жазушылардың шығармаларында айтылатын оқиғалардан әлдеқайда тартымды, әлдеқайда табиғи» деп Дулат Исабеков ағамыз айтпақшы, бәріміз де сол шәй үстіндегі өз шешелеріміз бен әжелерімізді еске алып жасарып қаламыз.

Жуырда жазушы Сәкен Сыбанбаймен Жазушылар Одағының фойесіндегі сұхбатымызда біраз әңгіме айтқандай болдық,  журналистикадан көп үйренген ұстазы Марат Қабанбай жайында, одан бөлек бүгінгі прозаның дамуына қатысты да  ойлар айтылды. Төменде сол сұхбаттың жазбаша ықшамдалған нұсқасын өздеріңізге ұсынып отырмыз.

Сәкен аға, өткенде фейсбуктегі парақшаңызға ақын Бекжан Әшірбайдың «Телефоны тыңдалатын адамдай, Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен...» деген сөзін келтіріп, жалпы қазір «ұйқасы бар мақала», «публицистика сарыны көп проза» көбейіп бара жатқанын қозғап өтіпсіз. Осындай сын өз шығармашылығыңызға байланысты да айтылып қалған жоқ па?

– Сол жазбаны біраз адам онша түсінбей қалған сияқты. Мен әдеби шығармаға тән көркемдік құралдардың (образ, тіл, астарлау, шендестіру, т.б.) азайып бара жатқанын, поэзияда да, прозада да қарадүрсін тәсілдердің алға шығып кеткенін меңзеген едім. Екі жердегі екінің төрт болатыны секілді, онсыз да елдің бәріне мәлім нәрселерді өзі ашқан жаңалықтай етіп жаза салатын ақындар, әңгімедегі идея құпиясын соңына дейін сақтай алмай, түпкі айтар ойын публицистикадағыдай төтесінен, бастапқы беттерінде-ақ сездіріп қойып, ары қарай оқуға деген ынтаңды жоятын жазушылар бар. Шығарманың тілі туралы әңгіме бөлек қой, мен тек осындай айналдырған алты бет әңгіменің өзінің шиеленісін ақырына дейін ұстай алмай, кәдімгі мақалаша төпей салатындарға қатысты айтқан едім.

Жалпы, «публицистиканың сарыны бар» деген әңгіме, сын, кінәлау әдебиетке журналистикадан келген қаламгерлердің бәріне қатысты ара-тұра айтылып қалады. Және көбінесе – өмірінде газетте істеп көрмеген жазушылар тарапынан. Олардың ойынша, «газетте істеген адам – мәңгі-бақи журналист, олардың прозаға келуге хақысы жоқ, келсе – міндетті түрде бұлар қалыптастырған (?) әдеби-көркем тілді бұзады» екен. Рас, ондай олақ тілді «жазушылар» да бар шығар. Бірақ, мәселен, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза да әдебиетке газетте жұмыс істеу арқылы келген жоқ па? Олардың тіліне, стиліне, шеберлігіне кім шәк келтіре алады? Демек, мұны жалпылаудың қажеті жоқ, типтендіру жөн емес.

Жеке өзіңізге қатысты ше?

Жеке өзіме келсем, менің әңгімелеріме қатысты «публицистика сарыны бар» деген сын тікелей айтылған жоқ (өзім естімедім). Алайда «тақырыптарыңның бәрі – бүгінгі күннің әңгімесі ғой» деп жанама түрде меңзегендер кездесті. Бірақ мен мұны кемшілік деп есептемеймін. «Қайта жазушы өз заманын жазуға, өз уақытының кейіпкерін сомдауға талпынуы керек» дейтін марқұм Қажығали Мұханбетқалиұлы ағам. «Сәкеннің бүгінгі заманды іштен көре білетіні, озық идеяларды көтере алатыны тәнті етті. Сауатты жазады екен» депті «Егемен Қазақстанға» берген бір сұхбатында Төлен Әбдік ағам. «Сәкен Сыбанбай – өмір шындығын көркем шындықпен қабыстыра білетін, шеберлігі ұшталған талантты жазушы» деп пікір білдіріпті «Жас Алашта» Дулат Исабеков ағам. Әрине, менде де кемшілік жетеді. Бірақ журналистикада қандай стильмен жазуды, прозада қандай тілдік бағыт ұстануды айыра аламын деп ойлаймын. Егер басқаша болса, Мемлекеттік сыйлықты прозадан алған осы қадірменді үш ақсақал маған әлдеқашан айтар еді, ескертер еді, ұрсар еді ғой...

 Иә, осы «проза арқылы-ақ әлеуметтік мәселелерді көтеру» деген пікірге қатысты көзқарас сан алуан. Бірақ қалай айтсаңыз да, бәрібір соның ішінен қоғам көрінеді ғой. Сіз «Мұңлық», «Үміт үйі», «Бесінші палата» сияқты әңгімелеріңізде үлкен мәселелерді қозғайсыз, бірақ соны әңгіме жанрына сыйғызып жібересіз. Көлемдірек дүние жазуды ойлап көрмедіңіз бе?

– Жалпы, «мәселе көтеру, әлеуметтік дерттерге үңілу, қоғам уайымын айту – публицистиканың, журналистиканың жұмысы, ал әдебиет – адам жанының қырыс-қатпарына үңіліп, оның өзгеру-даму-құбылу сипатын зерделеуі керек» дегенге саятын пікірлерді мен де көріп қаламын. Дұрыс та шығар. Бірақ сол мәселеге басы қатты қатып жүрген де, әлеуметтік дертке шалдығып жүрген де, қоғам өкілі болған соң оның бәріне алаңдайтын да – бәрібір сол адам ғой. Соның бәрі адамның жанына әсер етпей тұра ма? Жазушы жазбақ болған «адам жанының қырыс-қатпары, оның өзгеру-даму-құбылу сипаты» сол қоғамдағы өзгерістерге тікелей байланысты емес пе? Әлде адам жаны деген өзінен-өзі өзгеріп-дамып-құбыла беретін нәрсе ме? Әдебиет осының бәріне араласпай қалай отырады? Бүгінгі күннің сырын жетпіс жылдан кейін емес, мүмкіндігінше қазір жазуға, қазір аңдауға, қазір талдауға тырысқанға не жетсін...

Дегенмен... әдебиетте ол журналистиканың машығынан бөлек, көркемсөз тәсілдерімен берілуі керек. Егер мақалада – мәселе ашықтан-ашық тура көтеріліп, төтесінен қойылса, әдебиетте – сол жүрегіңді ауыртқан дүниенің бәрі әуелі кәдуілгі қызықты оқиғалармен тұмшалана, кейіпкер қақтығыстарымен байқалмай барып, сосын ғана астарлай аңдатыла келе, аяғында нағыз жанайқайға ұласып, оқырманның жүрегін селт еткізуге тиіс. Мақалада жазылғанның көбі көп өтпей-ақ ұмытылуы мүмкін, ал әлгіндей әдеби тәсілмен ерекше әсер еткен ой оқырманның жадынан оңайлықпен жоғалмайды, өшпейді. Осы тұрғыдан келгенде, «Телефоны тыңдалатын адамдай, Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен» деген ақын Бекжан Әшірбайдың әлгі сөзі – қай қаламгерге де ескертпе. Мен баяғы газет-журналда жүрген кезден-ақ мақаланың өзін үш-төрт беттен «асыра алмай-ақ қойған» сөзге сараң адам едім. Прозада да сол екі шоқып, бір қарап, өз сөзімді өзім аңдып, артық-ау деген тұсын кертіп-жонып, келте қайырамын да жүремін. Газетте істегеннің бір жақсысы – өз сөзіңе зор жауапкершілікпен қарауға, «тіл біледі екенмін» деп келсін-келмесін қызылды-жасылды салалас-құрмалас сөйлемдерді сала құлаш етіп соза бермеуге, мәтінге ұқыптылыққа үйретеді. «Үлкен мәселені әңгімеге сыйғызып жібересіз» дегеніңе рахмет. Әйтеуір талпыныс қой. Ал көлемді дүние жазуға енді ғана кірісіп жүрмін. Бір хикаят алдыңғы кітапқа шығып кетті, екіншісі жақында жарияланса керек, үшіншісі де ұзаққа созылмас.

– Сіз кейде әлеуметтік желіде қазақы қағытпалар, анекдоттар жазып отырасыз, сондықтан осыған дейін жүзбе-жүз жолықпасақ та, көңілді адам секілді көрінетінсіз. Қазіргі қазақ жазушыларында қазақы юмор көп емес, егер болса, қазақы кең мінезбен қабысып, оқиғаның ажарын аша түсер еді-ау. Ауыл-елде аңғал, ақкөңіл адам азайды ма, әлде жазушылар тым ауыр мінезді болып, юмордан алыстап кетті ме? Сіздің «Бір шәугім шайыңызды» сүйсіне шай ішкендей оқыдық. Дегенмен, жалпы алғанда, Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қысы» немесе «Қар астындағы ауылы» секілді рахаттанып күліп оқитын дүние қазір аз. Неге?

– Мен көпшілік арасында аса көңілді адам емеспін, ортаға бірден араласып, кірісіп кете алмай, шеттеп жүремін. Ал оңаша ортада, ағайын-дос ішінде әңгіме арасына әзіл жүгірткенді жөн көретінім рас. Мына фейсбукта кейде негатив тақырып өршіп бара жатқанда әдейі үнемі анекдоттар салып отыратыным бар. Әрине, кей-кейде болмаса, оларды өзім шығармаймын, әр жерден естіген, оқыған қалжыңдардың қазақ оқырманына бейімделген нұсқалары, ұлттық үлгідегі қағытпалар ғой.

Қазіргі әдебиетте юмор азайып бара жатса, ол біздің кемшілігіміз деп ойлаймын. Мен де кейінгі уақыттағы шығармалардан онша көп кездестіре алмадым, бәлкім, аз оқып жүрген шығармын. Бұл шығармашылық шеберліктің ғана емес, жалпы сөз-мінез-оқиға ойнатудағы, образ кейіптеудегі тапқырлығымыздың жетіспей жатқаны болар. Әйтпесе өте байыпты «Періштелер өлімінің» өзінде Тынымбай аға сюжетті ауылдағы қазақы күлкілі оқиғалармен бастайды ғой. Әрі қарай ептеп негізгі айтпақ байсалды мәселесіне көше береді.

Адам да әрқалай-ау. Кейбіреулер ауызша әзілді әдемілеп ішек-сілеңді қатырып айтады, ал жазғанда дым да қызық шықпайды. Енді бір кісілердің ауызша айтқаны аса тартпағанымен, жазып бейнелегеніне риза болып күлесің. Мен осы екі топтың қайсысына жататынымды білмеймін, бірақ мақала жазсам да, жай пост жарияласам да әйтеуір әзіл қосып отырғанды тәуір көремін. Өйткені адамды күлдіру, оның бір сәтке болса да көңілін көтеру деген қасиетті ерекше бағалаймын. Бірақ ол – құр ыржаң емес, ар жағында міндетті түрде жұқалтаң болса да астар жататын дүние болуы керек. 

Рас, қазіргі қаламгерлер үлкен тақырыптарға барғысы келеді, маңызды мәселелерді қозғауға тырысады. Көбіміздің данышпан боп көрінгіміз келуі де мүмкін. Байсалды тақырыптарға бару дұрыс та шығар. Бірақ оқырманның да жан қалауы бар екенін, қызықты оқиға, тартымды кейіпкер, ойнақы тіл деген дүниелерді ескермей кететініміз рас. Соның бірі – өзім. Бір досым айтып еді, «осы сенің ауызша сөзіңде юмор бар да, көркем әңгімелеріңде неге жоқ?» деп. Осыны ойланып қарасам, менің таңдап алған тақырыптарымның басым бөлігі – байсалды дүниелер екен. Бәлкім, оларға әзіл сөз сыналап кіргізуге қиналған, тіпті ол туралы ойламаған да болсам керек. Жалпы юмор деген дүние – байқампаздық пен тапқырлықтан туатын нәрсе ғой. Көбімізге осы да жетіспейді. 

– «Ғаламтордағы махаббат» атты әңгімеңіз бізге ұнады, тағы да осыған ұқсас дүние жазатын ойыңыз жоқ па? Виртуалды өмір деген – мүлдем басқа өмір ғой шынымен. Жастар оқыр еді.

– «Ғаламтордағы махаббаттың» жалғасы жазылып жатыр. Бірақ бұл нақты сол шығарманың оқиғалық жалғасы, яғни «е, әрі қарай әлгі кейіпкерлердің тағдыры не болыпты» дегенге жауап беретін дүние емес. Мұнда Санат та, Айғаным да, басқалар да жоқ. Мүлде басқа адамдар. Бірақ бұл – сол «виртуал әлемге тәуелділік» деген тақырыпты одан әрі тереңдеп қазуға талпынысы бар шығарма деп отырмын. Ол – жалпы осы идеяның әрі қарайғы дамуы, толығуы, яғни «біздің осы телефон-компьютер, гаджет деген әлемге арбалуымыздың түбі нендей апатқа апарып соғуы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеу, ойнақы оқиғалар арқылы, кейіпкерлердің қарым-қатынасы арқылы, монологтар-диалогтар арқылы осы бір уайымның маңызын аша түсу. Апат дегенде – техногендік, ядролық апат емес қой, адамды өзінің табиғи арнасынан, арқауынан адастырып, робот тектес бір тіршілік иесіне айналдырып алмаймыз ба деген өзгеше алаң, жандүниенің, болмыстың апаты. Осы техника, технология жетістіктерінің барлығы да адамның ойлануы арқылы пайда болды ғой, қоғам игілігіне жарап жатыр, пайдаланып жүрміз, ризамыз. Енді неге осы адам баласының ойлануы арқылы жасалған игіліктер қазір адамды ойландырудан айырып бара жатыр? Адамның адам болуы, дамуы, өресінің өсуі осы ойлану сұрақтарынан, сол сұрақтарына жауап іздеуден өрбіді ғой. Әрнені білуге ұмтылу, зерттеу, іздену – адамды алға жетелеп, дамытып келе жатқан жоқ па еді? Бұрын автобуста келе жатқан адам терезеге қарап, біраз ойланып үлгеретін. Қазір бәрінің қолында – телефон, ойлануға 1 минут бос уақыт жоқ. Адамның ойланудан қалуы, әрнені салыстырудан, сараптаудан, көкейдегі сауалдарына жауап іздеуден, өзін тұлға ретінде жетілдіруден қалуы – түбі адам болудан қалу болып шықпай ма деген алаңнан туған туынды (әлі толық аяқталған жоқ).

– Дұрыс екен. Әлгінде «көлемдірек дүние» деп қалдық. Қазір роман жазылып жатыр. «Ура, роман!» деп қуанып… оқыдық. Соңынан «Е-е» дегеніміз де, қоңылтақсып қалғанымыз да бар. Роман – ірі кейіпкерімен, кезеңді беруімен, сан салалы техникасымен, көлемімен, ауқымымен, үлкен ой айта алуымен роман. Бірақ бізде жанр табиғатын жеткілікті түсінбеу бар ма, тез, асығыс жазылып жатқандай. Сіз неге осы роман жазбайсыз?

– Әйтеуір бір асығыстықтың бары рас. Тіпті «роман жазғалы жүрмін», «міне, бастап та кеттім», «ортасына кеп қалдым»... деп әлеуметтік желіде жария ғып отыратындар да бар. Әуелде қабылдай алмаушы едім осындайды, кейін бойым үйренді ме, әйтеуір «қалай болғанда да, кітаптың, әдебиеттің насихаты ғой» деп қоя салатын болдым. Соңғы бетін жазып бола салысымен жариялауға деген асығыстық та аз емес. Суыту, қайта қарау деген қалып барады. 

Жанр табиғатына аса сәйкес келе бермейтін «романдар» бар екенін де дұрыс аңғарып отырсың. Баяғы Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнерінде» роман сипатын әбден талдап-таразылап бермеуші ме еді: дәуір тынысын беріп, замана шындығын қамтып, адамдар тағдыры бір-бірімен қиылыса, үйлесе үлкен дүниеге жетелеуші еді ғой. Дегенмен кейінгі кезде романға қойылатын талаптар да өзгерді деседі. Шағын романдар шыға бастады. «Оқырманды жалықтыруы мүмкін» деген оймен 100 бетпен қысқа қайырулар да бар секілді. Кейбірін қарасаң, салмақ-сапасы жағынан роман деңгейіне жетпейді, көбі, жетілмей қалған мешеу бала секілді, роман дәрежесіне талпыну барысында әрі қарай дамымай қалған «ересек-повесть» маңайында.

Менің көп кемшілігімнің бірі – тәуекелшілдіктің жоқтығы. Мерил Стрип деген америкалық ғажап актриса бар. «Оскар» сыйлығын, жаңылмасам, 6 рет алған. «Үздік актриса» ретінде. Сол бір сұхбатында айтады: «Мен, осы даңқ-дәрежеммен, әр фильмге түсуге кірісерде, сценариймен танысқанда, кәдімгідей толқып, дірілдей бастаймын, «жоқ, мына рөлді мен алып шыға алмаймын», «жоқ, мынау менің қолымнан келмейді», «ертең ұятқа қалармын» деп бас шайқай беремін... Шыным осы. Бірақ араға біраз уақыт салып барып, мүмкіндігімді сабырмен саралап барып, жүрек тоқтатып, өзіме сенімім ояна бастайды. Осылай қорқасоқтап жүріп ақырында әжептәуір дүние жасайтыным бар. Бірақ бастапқы толқу дегенді, үрей дегенді әлі қоя алмай келемін».

Мен бұрын осындай толқу, күмәндану, жауапкершілік деген нәрселер – шығармашылық адамының бәріне тән шығар деп ойлаушы едім. Бірақ не дефис пен сызықшаны айыра алмайтын, не төл сөз бен төлеу сөзді қалай беруді білмейтін, ішінде қате сөз қолданыстары өріп жүретін, халықаралық терминдер, жағырафиялық атаулар жарыса шатасып-ауысып-былығатын, бас жағындағы оқиғасы соңғы жағымен еш үйлеспей қалатын, кейіпкерінің аты басында Айман, аяқ жағында Шолпан боп кететін жазушыларымыздың туындыларын қараймын да, «бұлардағы не деген батылдық!» деп таң қалып, қызығамын, олардағы толқу, күмәндану, жауапкершілік дегендердің деңгейін біле алмай, дағдарамын. 

Роман жазу туралы осы биылға дейін ойланып та көрмеппін. Енді ғана басымда бір романның сұлбасы айқындалып, желісі «желіндеп», толысып келеді. Бұл – «әй, жұрттың бәрі роман жазып жатыр ғой, мен неғып жүрмін» деген құр дүрмекке ілесу емес. Пісу уақыты енді келсе керек.

– Шығармаларыңыз өзбек, түрік, қырғыз тіліне аударылыпты. Басқалар аударылса соған қуанады, ал бірақ қалай аударылғанына көзі жете алмайды. Сіз ептеп тіл білесіз, сол аударманың сапасы қалай болғанын білетін, кей жерін түзейтін де шығарсыз?

– Менің тіл білуім шамалы ғой. Түсіну бар, ауызекі сөйлеу, аздап сөйлем құрау бар. Бірақ әдеби аударма деген – мүлде бөлек дүние. Оған шамам келмейді. Оның үстіне, аталған тілдерге бірді-екілі әңгімелер ғана аударылды.

– Сізге футбол туралы, футболшылар туралы немесе баяғы «Қайрат» командасының тағдыры туралы шығарма жазуға болар ма еді деп ойлаймын. Өйткені Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев ағалардан кейін футбол туралы көп жазған сіз ғой. Ондай ойыңыз жоқ па? Өзіңіз футбол ойнайсыз ба?

– Доп теппейтін бала жоқ, баяғыда ауылда аз-кем ойнағанымыз рас. Бірақ, шыны керек, өзгелерден аса артылып көзге түсердей ойнап қарық қылмағаным да анық. Қазір ойнау қайда... Жанкүйер ретінде футбол көреміз, журналист ретінде сараптап бірдеме жазған боламыз. Кезінде «Жас Алашта» бірге жұмыс істеген жігіттердің бір қалжыңы бар еді: қателеспесем, Руслан Ербота ғой деймін, «доп тебе алмайтын адам да «Ала доптың аламаны» деп кітап жазады екен-ау» дегенде, белгілі карикатурашы-суретші Ғалым Смағұл «жоқ, Сәкең допты тебе алады, бірақ тимей қала береді» деген... 

Ал футбол тақырында көркем шығарма жазу деген... әуелде мүлде ойыма келмеген дүние екен. Бірде әңгімелесіп отырғанда Дәурен Қуат досым айтып қалды: «Сен футбол тарихы туралы кітап жаздың, қазақ футболының шежіресін түзуге де атсалысып жүрсің. Енді бір футболшының бүкіл тағдырын, бастан кешкен оқиғаларын, айналасындағы қоғам шындығымен байланыстыра отырып бір көркем шығарма жазсаңшы». Содан бері ойланып жүрмін. Нобайы бар.

– Сіздің әнге мәтін жазатыныңызды білмейді екенмін. Әнші-композитор Гауһар Әлімбекованың концертін көріп қалғанда байқадым. Мұндай идея қалай, қашан келді? Осы кезге дейін қанша әнге сөз жаздыңыз? Ең танымалы қайсысы?

– Әнге мәтін жазу туралы мүлде ойлаған емеспін. Бірақ ұйқасы ұйпа-тұйпа, нашар ән мәтіндерін көп сынадым. Гауһар Әлімбекова – жерлесім, әрі досым ғой. Оның да бұрынғы балаң кезіндегі әндерінің сөзіндегі олпы-солпы тұстарын сәл өңдеп бергем. Кейін Гауһарға кәсіби ақындардың жазып берген өлеңінің де ән ырғағына сәйкеспей, бірер буын не ары, не бері болмай, 4-3-4 пен 4-4-3-тің (ән-өлеңдегі буын реті) арасында «адасып» жүрген жерлерін жөндей салатын болдым. Ақыры «жұрттың жазғанын жөндей алатын адамның өзі өлең жазбауы мүмкін емес» деді ме, Гауһар әйтеуір қайта-қайта айтып, «Махаббат ордасы» деген әннің мәтінін жаздырып алды. Содан біраз уақыт шығармашылық байланыста болдық. «Махаббат құдіреті», «Орындалған арман», «Ынтызармын», «Қош деме ешқашанда», «Үміт әні» және т.б. сияқты ұзын саны тоғыз ән жазылды. «Қош деме ешқашанда» әнін тыңдап, өзі жазушы, өзі ақын, өзі композитор Тұрсынжан Шапай ағам әнге де, оның өлеңіне де өте жоғары берді.

Жалпы бұны үйренуге бола ма екен? 

–  Үйренуге бола ма, ол жағын білмеймін. Мен ән туралы көп жазғаннан кейін, үнемі ән тыңдап жүретіндіктен, жалпы өлең оқитындықтан, әуен, ырғақ, буын, бунақ дегенді бұрыннан білетінмін. Бірінші сөздің қандай дыбыспен аяқталып, одан кейінгі сөздің қандай дыбыспен басталып кетуі әуенге, әншінің орындауына қалай әсер ететінін де байқайтынмын. Сосын ба, маған соншалықты қиын тиді деп айта алмаймын. Бірақ әрі қарай жазамын деген ойым жоқ. Бұл – мен үшін қызық кезең болды, бірақ өтті-кетті. Мен прозаға адал болғым келеді. 

Әңгімеңізге рахмет. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар