Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Оңайгүл Тұржан. Махаббат жайлы өлең жазайын десем,...

06.03.2023 2456

Оңайгүл Тұржан. Махаббат жайлы өлең жазайын десем, ол – жер, жел, тау, теңіз туралы өлең болып кетеді 14+

Оңайгүл Тұржан. Махаббат жайлы өлең жазайын десем, ол – жер, жел, тау, теңіз туралы өлең болып кетеді - adebiportal.kz

«Шерқала», «Жыр-дала», «Теңіздер де шөлдейді» поэзия жинақтарының авторы, ақын Оңайгүл Тұржанды ӘП оқырмандарына таныстырып жату артық болар. Оның өлеңдеріндегі тосын теңеулер, тың образдар толастамайды (болашақта бұл турасында толымды ғылыми монографиялар жазыларына күмән жоқ). «Оның поэзиясынан қара өлеңге Абай әкелген Абай-Еуропа мәдениеті айқұлақтанып көрініп тұрады» деп ақын Серік Ақсұңқарұлы айтпақшы, ақын өлеңдері бүгінгі күнді жаңаша жырлауымен ерекше. 

Сондай-ақ, табанды еңбекқорлықтың нәтижесі ретінде «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясын атауға болады. Зигмунд Фрейдтің еңбегін де аударған. Әсіресе, Стефан Цвейгтің «Психологиялық портреттерін» аударғанда шығарманың табиғатын түсінуде өз ішінде нешеме күйді өткеріп, соншама сезімталдықпен, жазушының айтпағын оқырманға айқын жеткізуде автор деңгейін бір пәс төмендетпеу жауапкершілігімен келгені көрінеді. 

Ақын сонымен бірге биік зерде мен таным иесі. Серікбол Қондыбай туралы және Махамбет ақынға арнап пьеса жазып, Доспамбет өлеңдерін де философиялық жағынан талдаған. Айта кетейік, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Оңайгүл Тұржан өзі сабақ беретін Еуразия университетінің студенттеріне пиар, имидж туралы дәріс оқиды, осы тақырыпта оқулық жазған жаңашыл ғалым. 

Айтар ем мен де сағынышымды жеткізер,

Бір жұтым сөйлем тап болса, – дейтін ақын Оңайгүл апайдан 8-наурыз Әйел-аналар  мерекесі алдында сұхбат алған едік.

–  Кейінгі кездері мүшәйраларда қазылық етіп жүрсіз, жастардың қалай келе жатқаны көз алдыңызда. Мысалы, суретшілер талғамды өсіріп, композицияны сезіну үшін алдыңғы өткен суретшілерден үйрену керек дейді екен, бұны поэзияда қатысты айта аламыз ба? 

- Поэзияда біреуге бірдеңе үйрейту деген болмайтын сияқты. Поэзия табиғи құбылыс дер едім. Бұрын да айтқанмын – өлең жазылмайды, өлең пайда болады. Оны қалай үйретесің? Бағыт беруге болады, бірақ ол да қандай да бір шеберлік береді деу қиын. Жақында бір танысымыз бір кісінің 80 жылдық мерейтойына арнап өлең жазып беруді өтінді. Жаза алмай үш күн жүрдім. Тіпті «өлең қалай жазылатын еді өзі?» деген де ой келді. Ақыры, жаздым. Бірақ ол менің ұғымымдағы поэзия емес. Рас, ұйқастары бар, суреттеу бар, тілек-ниет – бәрі бар. Бірақ... мұны нағыз поэзия деу қиын. 

– Бұрын оқырман жаңа кітапты баспадан шыққанда бір көретін еді, енді шықпаған кітапты жарнамалап,  тапсырыс қабылдай алады. Сіз бұндайға дайынсыз ба?

- Әрине, бұл – жарнаманың оқиғадан озып тұрған заманы. Жұртшылықты алдын ала қандай да бір оқиғаны күтіп жүруге дайындау, яғни, өзіңе қаратып алу. Маркетингтік тәсіл. Күтіп жүріп, сол оқиға болып кеткендей, тіпті сол жерде өзің болғандай күй кештіру – ақпараттық заманда адамның «бәріне үлгеріп жүрмін» деген ойда жүруіне ықпал етеді. Тіпті кейін сол оқиғаға қатыспауына да болатындай. Өйткені ол оны ойша өткерді. Ал шықпаған кітапты жарнамалап, тапсырыс қабылдаудың сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. 

– Шығармашылық адамы өз жанының қалтарыстарында жүріп жататын диалогқа құлақ түруі үшін оған кейде оңашалық, жалғыздық керек (өйткені миллиондар алдында жанын жалаңаштап, эмоциясын шығаруға мәжбүр  болатын ақын сыры онсыз да жария), соңғы кездері сізді қандай ойлар жиі төңіректейді? Болмаса жаңа бір дүние жазғалы жүрсіз бе?

– Жаңа дүние жазғың келу – бұл қаламгер үшін өмір бойы жадынан қалмайтын қажеттілік. Бірақ ол жаңа бола ала ма? деген екінші бір сұрақ етектен тарта береді. Ғылымда да жаңадан бірдеңе жасалмайды, тек адам санасының жаңа бір ғаламшардағы мүмкіндігі ашылады. Адам санасы шарқ ұрып жүріп, жаңа мүмкіндіктерді тауып алады. Жаңалық деп отырғанымыз оған дейін де жаратылыстың өзіндік ішкі ғаламымен жасалып тұрған нәрсе. Адам соның өзіндік кодын таба алмай келген болуы мүмкін. Жаратушы Иеміз ой-санаға шығармашылықты сол үшін берген. Яғни, қандай да бір қажеттіліктерге байланысты жоқ нәрсені табуға деген құштарлық. 

- Сонда жасанды интеллектіні де қажеттілікке байланысты ойлап таптық па?

- Жасанды интеллекті, меніңше, болмыстың бағдарламасында о баста болған дер едім. Адам осындайды жасауға болатындығын енді білді. Яғни, жаңадан пайда болмайды, ол табылады. Тек оны адам өз ғаламшарында бар екендігін білмеді. Түсіндіре алдым ба, білмеймін. Гогольдің бір шығармасында мынадай сөз бар: «қиындықтың туындайтын себебі – жұрттың бәрі ми бас сүйектің ішінде деп ойлайды, ал шын мәнісінде ол біздің әрқайсымызға Каспий теңізі жақтан соғатын желмен келеді» дейді. Бұл жазушы шығармасындағы психикасында кемістігі бар бір кейіпкерінің сөзі ретінде берілген. Бірақ, осы сөйлем арқылы Гоголь адамның миы қауашақтың ішінде тұрғанымен, шексіздіктерге кетіп жатқанына сілтеме жасаған деп ойлаймын.  Адамның миы ғаламшардың кішірейтілген формасы дейді ғой. Демек, мидың мүмкіндігі шексіздіктерге дейін кетіп жүріп, небір ғажайыптарды тереңде тығылып жатқан жерінен алып шығады. Біз мұны ғылыми жаңалық деп атаймыз. Біз өзіміздің сол ғаламшарымызда тағы да қандай мүмкіндіктер бар екендігін әлі де білмейміз. Мидағы комуникация шексіздіктермен байланысқа түсіп жатады. Менің жасымдағылар – біз «Ералаш» көріп өскендерміз. Бізге білім алу қиын болды. Қиындығы – стандартты ой шеңберінен шығармау мақсат етілді. Өскенде кім боласың? деген сұраққа «дәрігер болам, мұғалім болам» деп қана жауап бере алатын ұрпақ едік. Ол жаман емес, әрине. Бірақ одан әрі не бар екендігін білмей өстік. Әсіресе, қыз балалар. Адам баласы үңгірден кампусқа дейінгі жүріп өткен жолында талай қиындық көрді. Дегенмен, ол жолда әйелдер көрген азап туралы том-том кітап жазуға болар еді. 

– Рымхан ағамыз күйші адам еді. Кездесіп қалғанда, ақжарқын пейілімен амандасатын, күйеу бала, балалар деп бәрін сұрап шығатын. Оңайгүл апайдың жолдасы қандай жақсы адам деуші едім ішімнен. Өмір ай... Ол кісінің күйімен әрленген сіздің өлең-баяныңыз бар ма?

- Иә, Рымхан жан-жағына өте мейірімді адам еді ғой. Кішіпейіл еді. Ковид деген бәлемен ауруханада жатты 26 күн. Мен де қатты уайымға салынып кеттім. Жанұшырып, денсаулық министріне дейін телефон шалып, көмек сұрадым. Ол да бақылауына алды. Бірақ, болмады. Меніңше, Рымхан сырқат басталғаннан-ақ бірден үмітін үзіп алды. «Енді оңалмаймын» деген ойдың тұтқынында қалған сияқты. Ковид деген бәленің ең қорқынышты жері осы ғой. Адамға бірден жаман ой келеді. Рымхан әлгі бірдеме деген аппаратта жатты ғой соңғы он күнінде. Өмірінің соңғы күндерін өзі де сезді ме, қасындағы дәрігердің телефонымен хабарласты. «Маған алаңдама, мен біткен адаммын. Енді сен өзіңді күт. Вакцина ал. Балдарға қара!» деп ентігіп, асығыс айтып жатты. «Неге біткен адаммын дейсің, ондайды айтпа. Біз бәріміз сені күтіп отырымз. Жазыласың» деп мен де тез-тез сөйлеп жатырмын. Соңғы сөйлескеніміз сол болды. Рымхан туралы айту маған әлі де қиын. Мен тіпті оның фотосына да қарай алмаймын. Домбыра көре алмаймын. Үйде домбырасы көрінбейтін жерде тұр... Жақында жылдық асын бердік. Бір жыл өтіпті. Ал маған ол кеше ғана үйде жүрген сияқты еді. 

Адамдардың бәрімен араласа бере алмайсың, дегенмен, кісіні бір көргеннен тани алатын қасиетіңіз бар ма? Көп адамның көзіне сіз кім болып көрінесіз?

- Кейбір адамды бір көргеннен танисың, кейбір адамдар терең ағыс сияқты танытпауы да мүмкін немесе өзіңнің тануға ықыласың болмауы мүмкін. Әрқалай ғой. Репиннің картиналарындағы сияқты адамдар болады, өмірді көп көрген. Көргені бет әлпетіндегі әрбір сызықтан байқалып тұратын.  Ал көп адамның көзіне кім болып көрінетінімді сен айтпасаң, мен қайдан білейін. Қалай бармын, солай көрінетін шығармын. Бірақ, маған орамалды неге бұлай тартасыз? деген сұрақ қояды. Астананың желі шашымызды қанша әдемілеп қойсақ та, оны жарбай түйенің жүніндей шашып жібереді. Орамалды осылай байлап алам да, шаш сәндеу деген мәселеге уақыт кетірмеймін. Біз өз сыртымызбен-ақ «әлеуметтік дене» қызметін атқарып, не үлгі бола аламыз немесе басқадан үлгі аламыз. 

- Кейде шығармашылық адамдары менің талантымның ашылуына мына жағдайдың әсері болды, мына ақынға еліктедік деп жатады, сізге ешкімнің әсері болмады ма?

- Еліктегеннен талант ашылмайды-ау!? Бәлкім, ол еліктегендік емес, өзінің түпсанасында жатқан бір қабілеттің оянуға жол іздеу кезеңіндегі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, асфальтты жарып бір тал шөп шығып тұрады ғой. Сол шөп дәл сол жерде жатқандығынан шықпаған болар деп ойлаймын. Сол жерден шығу үшін, ол топырақ астында әлдебір жақтан келіп жатқан ауаны ма, энергияны ма сезіп, соны іздеп жер астында шарқ ұрған болар. Сол шығып тұрған шөптің тамырын қазып қараса, құдай біледі-ау, оның тамыры дәл сол жерде емес, ана-а-ау жақтан басталып жатқан болуы мүмкін. Оны талай көргенмін. Енді көктем келді ғой. Тастың түбінен қылтиып тұрған шөптің астын қазып көріңіз, ұзын тамыры қисық-қисық болып анау жаққа дейін созылып жатады. Дәл сол сияқты бойға біткен қабілет тіршіліктің «асфальтын» жарып шығу үшін үнемі қисық-қисық ізденістер үстінде болады ғой. Ол да адамның еркінен тыс нәрсе деп ойлаймын. 

–  «Біртүрлі» сұрақ болсын, өлеңге қосуға келмейтін нәрселер бола ма?

– «Өлеңге ананы қосайын, мынаны қосайын» деп өлең жазу қиын шығар. Кейде өлең жазыла бастағанда, тіпті оның не туралы болайын деп тұрғанын өзің де білмейтін кездер болады. Кейбір өлеңдерімнің қалай жазылғанын да білмеймін, мысалы. Өлеңнің ішкі капиллярлары кейбір сөздеріңді лақтырып тастап, буынға сыйғызбай, «қайта ойлан!» дегендей мінез көрсетеді. Ондайда ішіңде жер сілкінгендей «қирап» отыратын шақтарың болады. 

- Осы дәл қазіргі қым-қуыт уақытта ақынның міндеті не болу керек? Ол тек өзімен-өзі өлеңін жазып жүре беруі керек пе?

- Ақын дегеніміз тек махаббат жайлы өлең жазып, қиялданып жүрген бір әуейі дегендей ұғым да бар. «Саясатта несі бар? Бастық болып не керек? Бизнес оның не теңі? Өлеңін жазып жүре бермей ме?» деген сияқты. Ақындық дегеніміз – өлең жазу емес. Өлең – ол ойды, идеяны жеткізудің ерекше энергетикалық формасы ғана. Ақындық – ойдың ұшқырлығы арқылы идея айту. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап-ақ ғалам идеямен дамыды. Көне «Авестада» ирандықтар мен турлардың арасындағы соғыс жайында баяндалады, сонда садақ оғының ұшып жеткен жерiнен Иранның шекарасы белгiленетiн болып келiсiлгенде, ирандық батыр Эрэхштiң құлаштай тартқан садағының оғы 2 күндік жердегі Бактрияға дейiн ұшып барған екен дейдi. Қазіргі таңда әп-сәтте осы 2 күндік жерге ұшып барған садақтың аналогы бар ма? Бар ғой. Бұл қазіргі зымырандар емес пе! Яғни, идеялар – көркем әдебиеттен. Көркем әдебиет оқитындардың қиялы ұшқыр болады. Әркімге әртүрлі міндет жүктелген ғой, мысалы, біреу жер астында су көзі бар екендігін анықтайды, екінші бір адамдар сол суды жер бетіне шығару үшін жерді қазады. Сол сияқты дамуға сілтеме жасау, қоғамның ой-санасында «ұйықтап» кеткен  қажеттiлiктердi ояту, болмыстың ішкі ресурстарының бар екендігіне сілтеме жасау – ақындыққа берілген міндет сол. Ал оны жүзеге асыру – арнайы мамандардың міндеті.  Ақында туа бітті тағы бір міндет бар, ол – жандүниеңді таза ұстау. Тек өзіңнің ғана емес, қоғамның антисептигі қызметін атқару. 

- Соңғы рет шетелде қай елде болдыңыз? Әдетте осындай  сапарлардан кейін өлең не жолжазба жазасыз ба?

- 2021-дің күзінде Стамбулда өткен Түркі елдері Кеңесінің форумына қатыстым. Мен журналистика  саласында 20 жылдай қызмет еттім, соңғы 15 жылда университетте ақпараттық шабуыл, ақпараттық манипулияция мәселелері бойынша дәріс оқимын. Осы Стамбулдағы жиында ақпараттық қорғансыздық мәселесі кең түрде талқыланды. Елдің ішіндегі бет-бетімен жүретін берекесіздіктің ақпараттық қорғансыздықтан болатындығы, сол берекесіздіктің басқыншы тарап үшін өте қолайлы болатындығы, оның  рухтық шашыраңқылыққа әкелетіндігі талқыланды. Осы сапардан кейін «Күлтегін» атты поэтикалық драма жаздым. Ол түркі тілдес мемлекеттердің бірлігін нығайту деген мәселеге арналды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған республикалық конкурста бұл драмаға бірінші орын берілді. 

- Тамаша. Бірақ, осы сізде жалын атқан махаббат жайлы өлеңдер жоқ қой, неге?

- Махаббат жайлы өлең жазайын десем, ол жер, жел, тау, теңіз туралы өлең болып кетеді. Неге махаббат жайлы өлең жаза алмағанымды  түсіндіріп айтып бере алмаймын. Шамасы, Фариза ақынның махаббат жайлы  жанартаудай отты өлеңдері бет қаратпаған болар. Оның үстіне классикалық канондарды қайталай бергеннен адам өзі де жалығады. Сосын басқа бір әлемді іздейсің. Есенғалидың бір өлең бар еді: «табынарға табарсың кімді болсын, сағынарға демесең, сағынарға» деген. Ол табылмаса, махаббат жайлы өлең де болмайды. 

- Бүгінгі адам біресе анаған, біресе мынаған үлгерем деп қапылып жүреді. Сіз ақындықпен қоса аудармамен айналыстыңыз, оқулық жаздыңыз, қоғамдық жұмыстарға араласасыз, әйел адамның үйдегі шаруасы да жетеді, соның бәріне уақыт табу үшін қай істен, неден уақыт үнемдейсіз?

– Кейде өзімді мүлдем жоқ адамдай сезінетін кездерім бар. Тек бірдеме жасағанда ғана, «е, бар екенмін ғой» деп ойлайсың. Адамның ерініп отырған сәті – сол жоқ болып кеткен сәтің болуы керек. Ол кезде ештеңеге зауқың соқпай, болмыстың сыртында қалып қалған сәтің бұл. Мысалы, ерініп отырмын дейміз ғой, шын мәнісінде ол еріну емес, ол мына қоғамдық ортада «жоқ» кезің. Сондықтан өзіңді қайнаған ортаға салып отыру қажет болады, сол кезде  «уақытты қайдан табам?» концепциясы шегініп кетеді.   

- Сіз жазуға отырарда жан-дүниеңізде тыныштық болғаны керек пе әлде қандай да бір эмоцияға билетесіз бе?

- Жазуға отыру деген арнайы кез болмайды менде. Өлең жазылайын деп тұрса, автобуста келе жатсаң да жазыла береді. Өлең кейде жарты-ақ сағатта жазылуы мүмкін. Кейде 2-3 күн мазалап барып жазылатыны болады. Ол – адамның басындағы басқа бір күй. Ол кезде жан-жағың тыныш па, тыныш емес пе, оған мән берілмейді. Ешкімді естімейсің де. Жан-жағыңмен ісің болмай кетеді. Болса да, ат үсті. Бұл – осындай күй.

– Оқырман үшін қойылатын сұрақтан бөлек өз ішімде «не сұрар едім?» дегенде келгені – сіз өнерді жынысқа бөлмеу туралы айтып жүресіз, бұл осындай пікір қалыптаса берсін дегеніңіз бе? Өйткені, бұл бар, оған ештеңе істей алмаймыз,  ер ақындар мен жазушылар әйелдер прозасын да, поэзиясын да бөлек қарастырады, олардың жазғанын көбіне үстірт дүние санайтынын да байқаймыз.

- Қаламгердің шығармасына жынысқа бөліп қарау – ол ер адамдардың тарапынан болатын нәрсе және бұл не қызғаныш, яғни, әйел адамның шығармашылық қабілеті қалай асып тұрса да, төмен санау керек деген іштегі «динозаврлық» дәуірдегі ұғым немесе әйел адамға осы да жарайды деген мағына. Бірақ нағыз дарындылар өнердің қай-қайсысына да жынысқа қарау тұрғысынан келмейді. Олар мойындайды. Ал бөлетіндер – өз қабілетінің төмендігін білетіндер. Іштей мойындайтын, бірақ сыртқа жалын қомпайтатындар.

- Осыдан екі жыл бұрын ба, сіз психологиялық тренинг жүргіздіңіз, оған қатысқан адамдардың арасында журналист келіншектер де болды, пікірін сұрағанымызда өздері үшін пайдалы нәрселер алғанын айтты. Қазір тоқтатып қойдыңыз ба? Бұл бағытта да ізденген шығарсыз, жалпы бұл өзіңізге не берді?

- Сыртқа білдірмей, бірақ іштей қорқынышты өмір кешетіндер баршылық екен. Тренинг өткізе бастағанда соған көзім жетті. Кейде олардың қойған сұрақтарының өзі қорқынышты. Қорқытайын демейді, бірақ бар шындығы сол. Былайғы адамдарға түсініксіз, басқа параллельмен өмір сүретіндер болады екен (бір жынысты дегенге қатысы жоқ). Олардың көзге көрінбейтін өз ортасы да бар. Бұл туралы мен Воле Шойнка деген нигериялық жазушының кітабынан оқыған едім. Сонда мен оны ойдан шығарылған нәрсе деп қана қабылдағанмын. Өмірде болатын жағдай екен. Жөн сілтеп, тыныштандыруға, жайбарақат өмірге қайтаруға тырысып көрдім. Одан не шыққанын білмеймін. Хабарсыз қалды. Сонымен бірге, қазіргі заман талабына сай өзін-өзі дамытқысы келетіндер, жалпы мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасында оқытылмайтын бағыттар бойынша білім алғысы келетіндер, болмысты тануға құштарлар да аз емес. Шетелде өзін өзі дамыту тренингтері баяғыдан бар және сұраныс үлкен. Өйткені адамдардың ішінде бұғып жатқан, былайғы жұрттан айқайлап сұрауға болмайтын, сұрай алмайтын құпия сұрақтары да болады. Кей адамдар ондай сұрақтарын сұрамайды, тек сенің айтқандарыңның ішінен үнсіз іздейді және жауапты осындай тренингтерден табады. Бұл бағыттағы менің ізденісім талай жас әйелдерге кәдімгідей мектеп болды деп айта алам. Жандүниесіндегі ауыр жағдайдан құтылғандар бар. Әлі де хат жазады. Ең бастысы – сабыр сақтау! Сабырын сарыққандардың жағдайлары ауыр. Бұл тренингті әрі қарай жалғастыру ойымда бар.

Бізбен әңгімелесуге уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет, апай. Енді Әдебиет порталының оқырмандары үшін жаңа өлеңіңізді жариялауға берсеңіз. 

СІЗГЕ ДЕ СОЛАЙ МА?

Таусыншақ көлдің тақ-тұқ суындай мелмеңдей,

Өлең жүр, сірә, төр көрмей. 

Қара шашым жүр қоғам ішінде бұрқырап,

Айвазовскийдің «9-шы валынан» келгендей.

 

Не боп кетті өзі?

Кермек татиды балдай түн.

Үзіліп кетпесе екен үмітімдегі жарбай-тін.

Сағыныш деген – даусы естілмейтін құс екен,

діттеген жерге ватсаппен ұшып бармайтын.

 

Атқан жоқ қой таң әлі,

Қара жердің ұйқысы қанбаған қоғамы,

Мына бір ақымақ баспалдақтармен

тоқ-тоқ етіп, қайда кетіп барады?

 

Кетіп барады талай да!

Қолдарында – Интернеттік шарайна. 

Маған жұрттың бәрі мен сияқты,

Біреуді іздеп жүрген сияқтанады,

- Табам, – деп, – қалайда!

Сізге де солай ма?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар