Көркем шығармаға қойылар талап та, әдебиетке берілер баға да уақыт өткен сайын түрленуде. Оқырманның талғам-таразысы да бұрынғыдан тым бөлек. Сондай өзгерістердің бірі, қазір әдеби ортада: «Оқиғалар аяқталды, шығармаларда тек кейіпкерлер ғана көрініс табатын болады» дегенге саятын пікірлердің айтыла бастауы дер едік. Сонымен, ендігі шығармаларда оқиғалар аяқталып, тек кейіпкерлер ғана өмір сүре ме? «Қазақ әдебиеті» апталығы осы сауалдың жауабын білмекке, әдебиетшілер мен қаламгер қауымына хабарласқан еді. Олар былай деді:
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, мәдени сарапшы
«Жазушы – қоғам тәнінен адам жанын іздеген бейбақ»
- Бүгінгі қоғамда, оның ішінде әдеби ортада да пікірлер алуандығы қалыпты жайтқа айналып келеді. Осы орайдан алғанда «оқиғалар аяқталды, шығармаларда тек кейіпкерлер ғана көрініс табатын болады» сынды пікірлер, мүмкін, максимализм жарасатын жас буын арасында айтылып жүрген болуы керек... Ал, шынтуайтында толыққанды көркем шығарма үшін оқиғалар да, кейіпкерлер де маңызды. Өнер - қоғамдық сананың бір формасы, демек, әдебиеттің де қоғамның даму заңдылықтары аясында дамитынын еске алғанда, белгілі бір тарихи кезеңдер маңызды оқиғалармен айшықтала отырып, кейіпкерлерді ірілендіруге бастаса (көбіне кезеңдік, тарихи шығармаларда), кейіпкердің жан дүниесі арқылы уақыт идеалдарын айшықтау заманауи шығармаларға тән. Бұл екі сипаттың айқын классикалық мысалы - Ә.Нұрпейісовтің күрделі кезеңдік оқиғалардан Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Сүйеу, Қален, Дос, Мөңке сынды ірі кейіпкерлер, тіпті Судыр Ахмет, Қарақатыннан бастап әрбір кейіпкері құрыштай сомдалған «Қан мен тер» трилогиясы және Жәдігер, Бәкизат, Әзімдей кейіпкерлері арқылы адам жанының экологиясы Арал экологиясы – әлем экологиясы қасіретімен шендестіре суреттелген «Соңғы парыз» заманауи романы. Бүгінгі таңда әдебиетті иерархиялық және демократиялық аспектілерде қарастыруға болады. Көрнекті сыншы, әдебиеттанушы С.Чупринин иерархиялық әдебиетті - вертикальды көпқұрылымды жүйе: ұшар биігінде классика мен элитарлық әдебиет, одан кейін заманауи әдебиет, келесі кезекте бұқаралық әдебиет, содан кейін беллетристика, бүгінгі терминмен қисындағанда, мидл-әдебиет деп жіктейді. Өз танымымда, беллетристика мен мидл тепе-тең емес, соңғысы мейлінше күрделі, элитарлық әдебиеттің жеңілдетілген, яғни көпшілікке өтімділеу түрі. Бүгінгі таңда бізде мидл-әдебиет шамалылау, ал, айқын мағынасындағы беллетристика жеткілікті. Тағы да жеке пікірімде, бүгінгі таңда классика және таза реалистік, постреалистік және постмодерннің өзі емес, сипаттары ғана бар (қазақ әдебиетінде нағыз постмодернистік шығарма бар деу қиын және оның уақыты да өтіп барады) шығармалар өз алдына - заманауи әдебиет пен беллетристика молырақ. Ал, оқиғаның не кейіпкердің басымдық алуы шығармалардың қай сипатта жазылуына да байланысты. Жазушы өмірдің көркем шындығын өз танымында құрылымдандыратын шығармалар өнер – көркем мәтін парадигмасында бағалы. А.Сүлейменов «Шашылып түскен тіркестерінде» жазғанындай: «жазушы – қоғам тәнінен адам жанын іздеген бейбақ.» Оқиғалардан кейіпкерлер басымдығы негізінен кейіпкердің дүниетанымы, жан әлемі, көзқарасы, яғни өзіндік рефлексиясы және жаңашылдығы басым заманауи әдебиеттің жақсы үлгілерінде, көбінесе жас буын шығармаларында көрінеді. Кейіпкерлері негізінен ширыққан оқиғалар барысында ашылатын шығармалар қатары бүгінгі әдебиетімізде өте мол. Бұл қатарға беллетристика мен детективті де толығымен жатқызуға болады. Бұрындары бір айтқанымызды тағы алға тартсақ, орта буынның заманауи ізденістерге барған, бүгінде танымал, тіпті үлкен сыйлықтарға ие біраз өкілінің шығармашылығында осы беллетристика мен публицистика және трансформацияланған нон-фикшн қосындысы белең алып тұр. Бұл, жоғарыда айтылған екінші аспект - әдебиеттегі демократияшылдық сипаттың көрінісі болса керек. Мұндай шығармалардың басты фишкасы - қоғамдық-әлеуметтік өзектілігі. Жаңа парадигмалармен қарастырғанда танымалдағы да осында. Бүгінде полистилистика - қай бағыт, қай көркемдік әдіснамада болсын саналы еркіндік. Сондықтан да жаңа формалар тудыру, әлемге ашықтық – бәрі-барлығы жазушының парасаты, білімі, рухани тәжірибесі мен ізденістері және саналы заманауи трансформациясына байланысты.
Мадина ОМАРОВА, жазушы-драматург
Кейіпкер қарап тұрмайды, әрекет етеді...
Мен бұндайды бірінші рет естіп тұрмын. Меніңше, кейіпкер мен оқиға бір-бірінсіз дербес тіршілік ете алмайды. Әлдебір оқиға өрбу үшін кейіпкер керек, кейіпкер пайда болған соң ол қарап тұрмайды, әрекет етеді. Классикалық (дәстүрлі) әдебиетте осылай. Кез келген жағдайда көркем туындының бағынатын ішкі механизмі, қағидасы бар. Ал ол сөзсіз әрекетке құралады. Қазіргі әдебиетке жаһандану үрдісі тән. Жеке ұлттың өзіндік ерекшелігі, проблемалары мен ізгі арман-мақсаттары деңгейі жоғары оқырманға қызық емес. Кейіпкердің есімі де, тұрмыс-салты да, шығармада өмір сүретін шартты ортасы да әмбебап, африкалыққа да, америкалыққа да түсінікті болуы тиіс. ХХ ғасырдағыдай халықтардың бір-біріне деген антропологиялық қызығушылығы, бірін-бірі көркем әдебиет арқылы тануға ұмтылуы енді қайталанбайтын тәрізді. Сұрағыңызға келсек, әлем бойынша бестселлер атанған шығармалардың форматы (стилі, формасы, жанры, т.б. сипаты) әр он жыл сайын өзгеріп отырады екен. Бәлкім, «оқиғалар аяқталды» деген ұғым да сондай бір онжылдықтағы сәнге сай қалыптасқан болар. Қазіргі уақытта автофикшн деген жанр модада көрінеді. Онда сюжеттік желіге аса мән берілмейді, кейіпкердің рефлексиялары мен флешбэктерге барынша молынан көңіл бөлінеді. Бірақ ондай жанрлық басымдық әдетте ұзақ сақталмайды, сөзсіз келесі бір басқаша жазылған сәтті туынды оның орнын басып, формалық тұрғыдан әдеби көшті басқа бағытқа бұрып әкеткенше ғана өмір сүреді. Бұл – әлем әдебиеті туралы айтқанда. Ал Қазақстандағы кітап индустриясына бойкүйездік тән. Кеңес кезінде белгілі болған авторлар мен олардың шығармаларын жақсы білеміз, заманауи, жас қаламгерлерге келсек, оларды таныту, таныстыру жұмыстары мүлде жүргізілмейді. Сондықтан да бірін білсек, екіншісінің аты-жөнін естімеген болып шығамыз. Әдетте олар – өздеріне өздері менеджер, демеуші, әдеби агент және т.б. функцияларды атқарушы. Мемлекеттік деңгейде демесек те, жеке баспа деңгейінде оқырмандарға арнап сатылымы жоғары кітаптардың тізімін жариялап отыру, олардың (газеттер мен сайттар арқылы жүргізілетін) рейтингімен таныстыру, кәсіби және кәсіби емес (мысалы, блогерлар) сыншылардың талдаулары мен елдегі кітап нарығына жасаған шолуларын әлеуметтік желі, теле-радио қызметтері арқылы тарату, насихаттау, жарнамалау, «Жылдың үздік кітабы (жазушысы, баспасы, жобасы)» тәрізді марапаттар тағайындау, т.б. жұмыстар жүйелі, стратегиялық мақсаттар көзделіп жүргізілмейді. Бұл өркениеттің, мәдениеттің көрінісі ғана емес, кітап саудасы ісіне нарықтық тұрғыдан келудің бірден-бір үлгісі болар еді (және, әрине, көркемдік межені белгілеп, сапалы, кәсіби әдебиеттің қалыптасуына септесер еді). Осы себептерге байланысты заманауи қазақ әдебиетіндегі жаңа тенденциялар туралы, прозадағы структуралық, формалық өзгерістер жайлы сапалы әңгіме айту өте қиын. Үзік-үзік, әлдебір автордың ана жерден, мына жерден оқыған бірді-екілі дүниесін негізге ала отырып, жалпылама, объективті баға беру мүмкін емес.
Ақерке АСАН, ақын, әдебиетші
Шкафтың да кейіпкер деңгейіне өтуі – автордың жемісі
Пікірдің алуан түрлісі бар: бұл – кез келген сала үшін заңдылық. Уақыт өте келе өзекті ойлар мен пікірлер бір парадигма аясында шоғырланады, сондықтан түрлі ойлардың осындай ортақ құндылығы бары рас. Кейіпкер – көркем мәтін поэтикасына, оның жүйесіне тиесілі міндетті құрал; мәтін семиотикасының әдебиеттануға белгілі барлық құралының да дәл сондай қайталанбас функциясы бар. Көркем элементтер мәтін табиғатының ең қарапайым қағидаларына негіз бола отырып, автор қаламының қуатына қарай түрленіп, өсе алады. Мәселен, структуралист әдебиетшілердің алды болған белгілі ғалым В.Я.Пропп ертегі морфологиясында әлем фольклорының басым бөлігінде кездесетін кейіпкердің 7 түрін белгілеп берді. 7 кейіпкер концепциясы тек ертегіге ғана емес, сонымен бірге барлық көркем мәтінге ортақ екенін білеміз (әсіресе осы тұрғыдан қазіргі кинематографияны талдағаны қызық. Мәселен, Нури Бильге Джейланның «Bir zamanlar Anadoluda» фильміне Пропп әдіснамасы арқылы қарап көрсеңіз). Бірақ бұл кейіпкерлер заманына қарай қажетті трансформациядан өтіп, біз әлі де ойламайтын биіктерге ұмтылатыны рас. Алайда түбінде кез келген кейіпкер, сөз басында атап өткендей, мәтін поэтикасына қажетті көп құралдың бірі. Поэтика бір тұсы басқасына қорек беріп тұратын тірі ағза іспеттес. Мәселен, әдебиеттануда кейіпкер ұғымынан «тип» һәм «типаж» ұғымдары өсіп шығады. Мәселен, орыс әдебиетіне ерекше қонған «Артық адам» типажы (Онегин, Печорин, Кирсанов), «Кішкентай адам» типажы (Макар Девушкин, Акакий Башмачкин). Бұл орайда кейіпкер сюжетті жаратты ма, әлде сюжет кейіпкерді жаратты ма деген сауал орынсыз болар еді. Себебі сюжет те, фабула да, кейіпкер де, бейнелер мен пейзаж да – бәрі поэтиканың мызғымас бөлігі. Тағы бір мысал, Чеховтың «Шие бағы» пьесасында шебер өрнектелген кейіпкерлер арасында ескі шкаф бар. Жүз жылдық тарихы бар шкафтың кейіпкер деңгейіне өтуі, одан кейін бейнеге (образға) айналуы – автордың жемісі. Яғни «кейіпкер» сынды әдеби-көркем ұғымды жалпы поэтикадан бөліп қарастыру мүмкін емес екенін түсіну шарт. Мұндай шарт оның эволюциялық сипатына, көркемдік потенциялына балта шаппайды. Көркем мәтін шеңберінде бәрі мүмкін, ал оның жаратушысы – автор.
Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы
Кейіпкер – жиһаз, оқиға – үй
Негізі бұл сөздің өзіндік қисыны бар. Шын мәнінде шығармада басты нәрсе – кейіпкер; оқиға – кейіпкерді ашудың құралы, тәсілі. Бірақ алғаш жазушылыққа келген жас талап та, қарапайым оқырман да әуелгіде оқиға қуалайды. Уақыт өте келе, оқырман да, жазушы да жетіле келе басты тұлға кейіпкер екенін түсініп, түйсініп, сол кейіпкерді тануға барын салады. Сондықтан егер «оқиға таусылған, кейіпкер ғана қалды» десе, бұл, менің білуімше, екі түрлі ұғымды беретін секілді. Біріншісі, кейіпкер бар, алайда оны аша алатын оқиға жоқ, яғни кейіпкерді ашатын келісті оқиға құрастыра алатын шебер жазушы жоқ деген сөз болуы да мүмкін. Екінші, әдебиет өсіп, тек оқиға қуалаудан аулақтап, барынша кейіпкердің бейнесін беру басты орынға шықты деген ой болуы да қтимал. Әрине, әдебиет өскен сайын кейіпкерді басты нысанаға ала түседі, бұл дегеніміз – жалқының мұңын мұңдау деген сөз. Ешкімге ұқсамайтын дара кейіпкерлерді суреттеу арқылы жазушылар жеке тұлғаны әспеттейді, тобырды сынайды. Әлсізге, шетқақпай көрген мұңлыққа сүйеу болады. Қоғам осыларды түсінген кезде ғана тыныш, бейбіт заман орнамақ. Жазушы өзінің шамасы келгенше оларды түсіндіруге еңбек етеді. Осындай шығармаларды көп оқу адамдарды «жылы жүрек, нұрлы ақылға» жетелейді. Бұл қоғамда либералдық идеялардың жеңіл қабылдануына жол ашады. Сәйкесінше әділетті қоғам да солай орнайды. Осыдан-ақ жалқы кейіпкерлердің жан дүниесін аша білудің қаншама маңызды екенін аңғаруға болады. Алайда кейіпкер оқиғасыз ашыла алмайды. Оқиға деп міндетті түрде қан төгілген, бас кеткен күрделі оқиғаларды атаудың қажеті жоқ. Кейіпкердің екінші бір адаммен тілдесіп, пікірлесіп қалуы да, түс көруі де – оқиға, жай ғана терезеден сыртқа қарауы да – оқиға. Кейде тіпті оқиға кейіпкердің өз ішінде, ой-санасында болып жатады. Шебер жазушы осының бәрінің қисынын келтіріп жеткізеді. Сондықтан да оқиға аяқталды дегенге келісу қиын. Кейіпкер мен оқиға бірінсіз бірі күн көре алмайды деп білемін. Құр оқиғадан тұрып, кейіпкер болмаса, онда ол шығарманы жансыз, өлі шығарма деуге болады. Ал тек кейіпкер болып, оқиға болмаса, онда бұл шығарманың оқырманды қызықтыра қоюы екіталай. Жазғанда да оқиғасыз жазу (егер жоғары аталған оқиға туралы ұғымды ескерсек) мүмкін емес. Кейіпкер бар жерде оқиға өзі-ақ пайда болып отырады. Өз басым, кейде кейіпкерді әсем жиһаз секілді көремін, ал оқиғаны үйге ұқсатамын. Сізде көп жағдайда әсем жиһаз болады да, соны үйдің қай жеріне қою керегін ойлап ұзақ жүресіз. Ал жиһазсыз үй – үй емес, қора болар еді.
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ, жазушы
Кейіпкер бар жерде оқиға бар
Анығына келгенде, шығармада образсыз оқиға, оқиғасыз образ болмайды. Сондықтан «оқиғалар аяқталды, енді тек образдар қалды» деген түсінікпен келісе алмаймын. Дегенмен қалай жазады, туындысын қандай үрдіспен алып шығады, ол автордың көзқарасына, стиліне байланысты. Мысалы, қазіргі қазақ әдебиетіндегі Әлішер Рахаттың жазуына зер салсақ, ол образдар тудырғысы келеді, шығармасының идеясын образдар арқылы алып шыққанды құп көреді. Өзі де: «Әдебиетте образ жасалу керек», – деп айтып отырады үнемі. Ал Бақытбек Қадыр сынды өзге жазушылар оқиғаға көбірек мән береді. Бірақ, қалай болғанда да, екі шығармада да оқиға бар, образ бар. Бір-бірінсіз жеке-дара туынды жасауы мүмкін емес. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиетінде образ жоқ» деген пікір жиі айтылып жүр ғой. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әрбір шығармадағы кейіпкер өз қоғамының образы болады. Қоғам тоқтаусыз өзгерісте. Жаңа қоғамның өзгерістеріне қарай жаңа оқиғалар пайда болады. Сол оқиғаны тудырушы бар, шешуші бар, ортасында жүруші бар, бәрі де – бір-бір кейіпкер. Әр кейіпкер – жаңа, әр кейіпкер – дербес. Оқиға да дәл солай. Қай нәрсеге де өзінің фонында, өзінің уақытында, өзінің кеңістігінде қарау қажет. Дамыған әдебиет деп Еуропа әдебиетін айтамыз. Еуропа қоғамы бізден 20-30 жыл, тіпті 50 жыл алға озып кеткен. Олар индустриялық, постиндустриялық өзгерістердің барлығын көрді, сол өзгерістерге орай талай кейіпкерлерді қалыптастырды. Бізде де көптеген жаңа үрдістер жүруде, қазақ әдебиетінде де жаңа кейіпкерлер өмір сүріп жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, кейіпкерді туғызатын күш – оқиға. Келесі тұсынан көз салсақ, мынадай да жайттар кездеседі. Бір оқиғаны бірнеше адам бастан өткереді. Бірнеше кітапта да – бір оқиға суреттеледі, бір сюжет құрылады, алайда оның шешімі, кейіпкерлердің қабылдауы әр қилы болмақ, яғни бір оқиға негізінде бірнеше образ жасалады. Сондықтан оқиғалар, тіпті сюжет таусылды деп айту дұрыс емес, жаңа оқиғалар толастамайды, нәтижесінде жаңа кейіпкерлер легі де таусылмайды.
Әлішер РАХАТ, жазушы
«Бовари ханым» оқиғасымен емес, басты кейіпкерімен есімізде қалды
Соңғы уақытта расымен осы тақырып жиі қозғалып, айтылып жүр. Бұл мәселеде көркем әдебиетте мен үшін бәрібір образ бірінші орында тұрады. Әдебиет адамның жанын зерделейтін күш, сол үшін де адамның басынан өткен оқиғадан гөрі, сол оқиғаларға оның реакциясы мен әрекетінен көрінетін мінез-құлқы, ақыл-парасаты маңызды. Өйткені оқырман әдебиеттен өзін, жақынын іздейді. Шытырман оқиғаға толы қызықты әдеби шығармалар бар, бірақ оларды қайталап оқимыз ба? Шекспирдің Гамлетін оның басынан өткен оқиғалары үшін оқымаймыз ғой. Әдебиетті басқа арнаға бұрған Флобердің «Бовари ханым» романы оқиғасымен емес, басты кейіпкерімен есімізде қалды. Достоевскийдің Роскольниковы, Толстойдың Аннасы, Маркестің Аурелиано Буендиосы, Камюдың Мерсосы, Хемингуэйдің Шалы, Исигуроның лорд Дарлиңтоны, Сайын Мұратбековтің Аяны, Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы біздің санамызда әлі күнге дейін тірі. Яғни көркем әдебиет үшін кейіпкер маңызды болған және бола да береді деп ойлаймын. Ал шытырман оқиғалы, типтік образдары бар шығармалар олардан бір саты төмен тұрмақ. Оның үстіне, қазіргі заманда кинематография, телевидение сюжеттің түр-түрін жасап жатыр. Кез келген оқиға туралы телехикая, фильм бар. Олардың ішінде өзгеше әрі терең, сан қырлы кейіпкерлері бары – бірен-саран ғана.
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым
Оқиға ‒ өзек, ал кейіпкер ‒ орбита
«Оқиғалар аяқталды, шығармаларда тек кейіпкерлер ғана көрініс табатын болады» деген оймен келіспеймін. Оқиға, прецедент болмай сюжет те дамымасы анық. Әлбетте, сюжетсіз я тырнатізбек сақталмайтын туындылар да бар. Осы ретте, Милорад Павичтың «Шаймен салынған пейзаж» романын атап өтсек болады. Мұны желісіз проза деп те атайды. Десек те, үлкенді-кішілі оқиғаның болуы ‒ интрига бастауы, оқырманды еліктіріп-желіктіріп отырудың алғышарты. «Тарихтың қайталанатыны» сынды кейбір оқиғалар да уақыт, заман талап-тілегіне сәйкес жаңаша сипатта жаңғырып отыратыны рас. Мәселенки, XVII ғасырда Рембрандт Інжілдегі сюжет негізінде «Адасқан ұлдың оралуы» картинасын тудырса, XX ғасырда Андрей Тарковский түсірген «Солярис» фильмінде Крис Кельвинды сомдаған атақты литвалық актер Донатас Банионис осы оқиғаға оқшау сипат дарытты. Сол себепті, оқиғалар таусылды, аяқталды деп кесіп айтуға әлі ерте. Палеолит, неолитке оралмасымыз анық, алайда сол кездегі адамдардың болмысын, ойын, арман-аңсарын, дүниені, әлемді қабылдауын болжаммен, авторлық қиялмен жазуымыз мүмкін. Осы дүние оқырманды қызықтырары белгілі. 60-жылдары қазақ әдебиетінде ауыл прозасы өрістесе, Еуропа мен Америкада концептуалды өнер өркен жайды. Марсель Дюшанның «Субұрқағы» ‒ соның дәлелі. Батыс әдебиетіндегі, жалпы өнеріндегі destructio енді-енді Орта Азия әдебиетіне дендеп еніп келе жатыр. Бір ерекше ескерер нәрсе, бұл ‒ менталитет-діл. Кірікпейтін дүниені күштеп кіріктіре алмайсыз, сондай-ақ табиғи сіңісіп кететін те құбылыстар болады. Адамзаттың түйсінуі өзгеріске ұшырап жатыр. Қалам ұстаған қауым осы өзгерістерді бірінші боп тамыршыдай тап басуға тиіс. Қазақ қоғамындағы ескішілдікті ырлаған-жырлаған туындыларды Сананың қабылдай алмауының сыры ‒ осында. Эстетика өзгерген, таным өзгерген, қазақтың өзі де өзгерген, Жаһан өзгерген. Демек, өнер де өрістеу керек. Ақпарат тасқыны адамға ойлануға мұрша бермеуде, күнде бір жаңалық, жақсысы бар, жаманы бар. Кісінің жан-дүниесінде тыныштық жоқ, себебі сәл аялдап, салмақтап, ойланып, дамыл табатын уақыты аз. Бүгінгі реципиент әдебиеттен өзін көргісі келеді, өз жанына батқан жағдайлар, қиналған не қуанған кездерін кейіпкер бойынан іздейді, ал таппаған сәтте өкініш пайда болары даусыз. Қазіргі қоғам, қазіргі адам ірі істерге дайын ба? Батырлық дегенді қалай түсінеді? Адам үшін, адамгершілік үшін жанын қия ала ма? Биік-биік сезімдерді көрсетуге әзір ме? Дон Жуан, Тартюф, Онегин, Анна Каренина, Гамлет, Обломов, Фауст, Хлестаков, Вотрен, т.б. сағыну байқалады, әдебиетшілерде. Бұл дұрыс па, бұрыс па, білмедік, бірақ артқа қарайламаған жөн. Тың персоносфераны түзу ‒ автордың өз еркінде. Әсілі, образдың, тұлғаның ыдырауы, атомдарға шашылу үрдісі қарқын алды. Сондықтан, жоғарыдағы көркем бейнелерге деген пародияның ғана қалуы ‒ бір жағынан заңдылық, ал екінші жағынан автордың біреудің эпигоны болғысы келмеуден туындаған әрекет. Мұны адам деген ұғымның құнсыздануымен, құндылықтардың құлдырауымен байланыстыруға болады. Біздіңше, оқиға ‒ өзек, ал кейіпкер ‒ орбита.
Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
«Қазақ әдебиеті»,
№21, жұма, 31-мамыр,2024
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.