Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Оралхан Бөкейдің "Құм мінезі"...

31.01.2024 1675

Оралхан Бөкейдің "Құм мінезі" 14+

Оралхан Бөкейдің "Құм мінезі" - adebiportal.kz

"Құм мінез" деген тақырыптың өзі жазылған дүниеге екі түрлі мағына жүктеп тұрғандай. Ж. Аймауытовтың "Күнікейдің жазығы" деген шығармасын оқымай тұрып, тақырыбына назар салсаңыз - ол Күнікей деген жер ме, жер болса шығармаға тақырып болтындай не қылған жазық деген ой туады. Енді бірі бас кейіпкер Күнікей болса, ол жазықты болатындай қандай күнә істеп қойыпты деген жаңылтпаш ой тұрады. Сол секілді "Құм мінез" кімнің, ненің мінезі? Құмның мінезі ме, әлде шығармаға арқау болған бас кейіпкердің мінезі ме?

Шығарма парақталып оқыла бастағаннан құмда қой баққан Бархан есімді қойшыға тап боласың. Айдаладағы қыстауда жатқан қойшы дегенің болмаса, оның азабы, оның күйзелісі дәл қазіргі қалаласқан қазақтан бір кем емес екенін оқып таң қаласың. "Қойын қоралап, жұбайы қайнатып берген шайды терлеп-тепшіп ішіп алғасын, бос уақыты жүйкесін тоздырады-ай" дейді автор. Қойшының жүйкесі неден, неге тозады? Біз жүйке тозу дегенді соңғы отыз жылдықта, қазақ қалалық бола бастағанда тапқан жоқ па деп жүрміз ғой. Айдалада, Бетпақта жатқан қойшы Барханның жүйкесін соншалықты тоздыратын не қылған қысас, не қылған қысым?

Сөйтсек, табан ет, маңдай тері сіңген адал еңбегі Әліқұл мен Сейітқұл деген екі құлқыны зордың аузына жем болуынан бастау алып жатады екен.

- "Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлға жіберген оқушыларға маған неге көмектес демейді"

- "Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлдың шөбін жер қара, күн жылыда тартып береді, ал маған тышқан ізін салған жоқ"

- "Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлды екі күннің бірінде ауданға, облысқа, тіпті, анау Алматыға машина жіберіп, шақыртып жатыр, мал-жанынна сен ие бол. Ой, пәтшағарлар ай, "ие бола тұрыңыз" демейді, "ие бол!" деп кесіп айтады. Егер есептеп беретін ЕСІ бар адам табылса, Сейітқұлдың қойын одан гөрі мен көп бағып келемін". Осылай-осылай Бархан қойшының ішкі менімен арпалысы өз сана сезімін шарпып, басшысы мен көрші бауырына деген наласын сыртқа шығара алмай құм далада жігері құм болып жүргені. Қырық бес жылдық ғұмырында біреудің бетіне қарап "жоқ" деп көрмеген. Адами болмыспен айтқанда өзі түсінер деген түсінікпен қарым-қатынас орнатқан "жаман", "жуас" Бархан, Әліқұл мен Сейітқұлдың алдында тірлікке мүлде қыры жоқ, "адам" тілін таппас топас, ынжық болып көрінеді.

Дәл осы "Құм мінездегі" "жоқ" деп айта алмайтын кейіпкер Ш.Айтматовтың "Ақ кемесінде" де кездеседі. Елпек Момын атанған Момын шал бүкіл ауылдың өзі таныс, көзі таныс кісілерінің той-томалағын, ас-суын бір өзі жайғап жүргені. Ал, сол елпектігінен алғыс алған, құрмет көрген Момын шал жоқ. Біздің бас кейіпкер Бархан да жасаған жақсылығынан, көрсеткен кеңдігінен жақсылық емес, тек қиянат, тек кесапат тауып жатады. Бірақ, бірақ Барханның ішкі қыжылы бір басылмайды. Өзінің не істеп жүргенін, Упр бастығы Әліқұл мен Сейітқұлдың өзіне не жасап жүргенін жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де жүйкесін жұқартып, өзін мұжи береді. Осы кезде біздің кейіпкер мен он бес жылдан бері мал қыстатып келе жатқан Қызыл құм арасында өзгеше бір ұқсастық байланысы өрбиді. Автор құмды жуасып, бұрынғы мінезінен айнығанын, кейде көшетін, көтерілетін әдеті бар-тын дейді, ол мінезінен ада болғаны сонша тіпті атам заманнан бірге жасасқан халықтың өзі құмның бұл мінезінен қорқа бастайды деп келеді. Құм да жуас, Бархан да жуас. Құмның бұйрат-бұйрат асау қызыл жалы тосырқаған, тозған. Барханның жүні жығылғаны сонша, өз тәрбиелеген бауырының бұл күнде қапысыз қолбаласына айналған. Қойшы болса да еңбегінің бағаланғанын, қадірінің болғанын қалайды бірақ құммен бірге Барханның да мінезі құмығып ары қарай жұтылып кеткен.

Әдетте көп жазушылар, әсіресе кеңестік жазушылар кей шығармаларына көп дүниені астар ете суреттейді. Оны қазақы тілдің қаймағына тойған пенде болмаса, олардың не деп ымдап тұрғанын ұстап алу қиын. Дәл сол ым осы "Құм мінезде" де бар. "Құм мінезді" кейде "Құл мінез" деп оқысаң да болады. Елің отар болған, ұлтың отын болған заманды көру кім-кімге де ауыр сын. Ал жазушы жүрегімен оны түйсініп, оны жазу одан да бетер ауыр. Ұлттың қайғысына күйінген авторға қалам ұстатқан да осы құм болған халқына жігерін жану үшін емес пе? Бархан бір қарасаң шолтыраң, атақ құмар бастықсымақ пен жылмақай, жылпос бауырының құрбанына айналғанын көресің бірақ, арғы жағын кетсеңіз құм болып егілген, көшуін тоқтатқан, ашуынан, мінезінен айныған қазақ елін көресің. Құм мінезденіп ұлт ретінде өз меншігіңді, өз ақыңды талап ете алмуың отарлығың, егесіздігің деп ишаралайды. Ал, кейіпкердің ішкі меніндегі әділетсіздіктен күйген жан-дүниесін автор керемет берген. Кейіпкер наласын заманға төкпейді, уақытқа жаппайды, өкпесін алыстағы басшыдан да көрмейді. Оның дұшпандары дәл жанында, қасында тын. Оның бар қалауы сол екеінен есе қайтару. Автор қойшының тағдырын жазды деген болмаса, сол Барханның орнына қазіргі күндегі кез-келген мекемеде болсын, жұмыс орнында болсын бастығы мен пысықайдан қиянат көріп жүрген әркімді қойып жаза беріңіз, ешқандай айырмашылығы болмайды. Оралханның көрегендігі, шеберлігі, әулиелігі осы болса керек. 

"Еспенбеттей ер қайда,

Ерді сыйлар ел қайда" дейді. Бұл шығарма жазылғалы жарты ғасыр өтсе де өміршеңдігі сол, біздің қазіргі қоғамның да диагнозын дәп басып, дәл қойып бере алатындығында. Сандар үшін, артық есеп үшін қиянаттың түр-түрін жасайтын ұждансыздар қазір де, кезінде де болғандығы. Содан бергі ұлт мінезінің аса бір қатты өзгермегендігіне, бүгінгі күнімізбен жауап бере аламыз. Сол пысық Сейітқұлдар әлі пысық, сол пасық, бирокарт Әліқұлдар әлі пасық, әлі бирократ. 

Құм мінез ауыр бірақ тентек. Барханның ішкі мені әне атылайын, міне атылайын деп жүрген жанар тауға айнала бастаған. Тойған, шаршаған. Негізі шығарма Барханның ішкі күйзелісінің картинасымен құралса да, соңы жеңіспен, бас кейіпкер мен Қызыл құмның оқыс мінез көрсетуімен аяқтайды. Шым болған жерді Қызыл құм қалай шайқаса, құм болған жігерді Барханда солай шайқап төгеді. Құм Сейітқұлды қалай аямаса, Барханда солай аямайды. Ішкі өлген меніңді тіктеу үшін, бетің сан қайтқан жерден жігерің мен қорқынышыңды жеңіп шығу үшін аса зор қайрат керек. 

Жалпы Оралхан шебер суреткер жазушы. Шығарма картинасын қоюлату үшін түрлі-түрлі элементтерді шығармаға жолдан қосып, іліп отырады да кезі келгенде уақиғаның пілтесі етеіп сақтайды. Қара құйрық да сол элементтердің бірі. Қара құйрық пен Бархан арасындағы нәзік байланыс, сондай сұлу даланың қоңыр аңымен жақындығы сонша екеуі бір бүтін тұлға, бір бұтін мұңлық еді. Екеуі де Сейтқұлдан жапа шекен, жара алған. Екеуінің де түбіне Сейтқұл жетеді. Біреуін оққа жем қылса, біреуін Қызыл құмнан көшіреді. Шығарманың кілті, шырқау шегі Сейтқұлдың қара құйрықты итке жем қылумен Барханның көзіне қан толып, Сейтқұлға кеткен есесін өмірінде алғаш рет қайтарумен өзі де, жұбайы Жұмагүлді де риза қылып уақиғаны тамамдайды.

1. О. Бөкей "Құм мінез" 

2. Ж. Аймауытов "Күнікейдің жазығы"

3. Ш. Айтыматов "Ақ кеме"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар