Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Оразбайдың Медеуі – елінің болған демеуі...

05.07.2023 2825

Оразбайдың Медеуі – елінің болған демеуі 14+

Оразбайдың Медеуі – елінің болған демеуі - adebiportal.kz

М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романында әкесі Оразбаймен бірге Көксеңгірдегі бас қосуда болған, оның Елеу деген баласының аты аталады. 

Романның «Қыстақта» деп аталатын осы тарауында қазақ оқығаны, Әзімхан төренің Көксеңгір жайлауында Оразбайдың ақ отауында арнайы қонақ болып, оның Шыңғыс төңірегіндегі бай-манап, атқа мінерлерді жинап қазақ елінің болашағы туралы келелі кеңес жасағаны әңгіме болады. 

Сол оқиға ішінде болған Шұбар деп жазылған - Шәкәрім, Елеу деп жазылған - Медеу болса, бәрі үйіріліп, аузына қарап тамсанып, үміт еткен адамы Әзімхан төре, ол - болашақ Алашорда үкіметінің басшысы кемел қайраткер Әлихан Бөкейханов еді.

Мұхтар Әуезовтің қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін заман мен уақыттың қатал сынына орай осылайша бүркіншек, атпен атауға тура келгендігін бүгінгі көзі ашық оқырман жақсы түсінеді. 

Демек, Оразбай, оның баласы Медеулер ұлы даланың белгілі тұлғасы, кезінде Алаш деп аталған, бүгінгі қазақ мемлекетінің алғаш басшысы Әлихан Бөкейхановпен жақсы қарым қатынаста болған. Алаш арыстарына қаржылай қолдау көрсетіп, қырдағы қарайған халыққа қорған болар айбатты ұлдың бірі Медеу Оразбайұлы да советтік жүйеге қарсы күрескен, қару көтеріп, майдан ашқан есіл ердің сойынан болатын. 1922-жылы өз қаражатына Қыдыр тауының бауырында, Ақтанбұлақ деген жерден Шыңғыстау атырабында бұрын-соңды болмаған, жаңашыл бағыттығы жаңа үлгідегі мектеп салған тұлға. Міне, осындай ағатушылықпен айналысқан Медеу есімі сол мектеп тұрған ауылға, жаңа мектепке беріліп отыр. Ғасыр жасаған сол мектептің, алаш ардақтысы Медеудің тағдыр жолына үңілсек деген ниетпен арнайы зерттеуші ғалымдармен сұхбаттасқан едік. 

Қонақтарымыз: Журналист, зерттеуші Әсет Медеуханұлы мен Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор Ұлан Үмітқалиев. 

- Әңгімемізді алдымен Медеу Оразбайұлы өмір сүрген кезеңнен, оның қайраткерлік қалыптасу жолынан бастасақ...

Әсет Медеуханұлы: Медеу – Оразбай байдың ортаншы ұлы, одан бұрыңғы ұлдары-Қасайын, Қасымжан өз заманында би, болыс болса, Медеу жаңа дәуірге сай дара тұлға, белгілі қайраткер боп қалыптасты. 

Медеу Оразбайұлы туралы түбегейлі жазылған, зерттеу еңбектер аз, жоқ деуге де болады. Оның өз заманында коғамдық тірлікке араласқан кейбір жақсы істері, Алаштанушы ғалымдардың еңбегінде айтылып та, жазылып та жүр.        

Белгілі тарихшы, Алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының (тегі Оразбайдың әкесінің атына ұқсас) жазуына қарағанда Әлихан Бөкейханов 1908 жылы өзінің бостандық, азаттық туралы патша үкіметіне қарсы көзқарасына байланысты 8 ай Семей түрмесінде жатқан. 

Сонда, Медеу мырза «бұл қазаққа керек адам» деп жан ұшырып, Семейдің Шағыл бойына арнайы қазақ үй тігіп, 10 құлынды бие байлап, Әлихан үшін деп түрмеге күніне қымыз бен дәм апарып отырған.

Медеу ХХ ғасырдың басындағы озық ойлы қазақ оқығандары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмут Торайғыров, Сәбит Дөненбаев, М. Әуезовтермен жиі кездесіп, пікірлес, ниеттес болған. Олардың қазақ халқының болашағы үшін жасап отырған істеріне түсіністікпен қарап, өз тарапынан қамқорлық пен қаржылай қолдау жасап отырған.

Мұхтар Әуезов пен қазақтың өлең көгіндегі ерте сөнген жұлдызы, айтулы ақыны Сұлтанмахмут Торайғыров бір-бірін жақсы білген Сұлтанмахмут Семейде болып, көкірек ауруымен сырқаттанып жүргенде оған Медеу ауылына барып, емдел деп кеңес айтып, жол көрсеткен Мұхтар еді.

Мұхтардың хабарласып, тапсыруымен 1918 жылдың қыс айларында Медеу ауылында, дәлірек айтқанда өзімен жасты, жаңа үй боп шыққан Медеудің ұлы Сәнияздың Садырдағы қыстауында Сұлтанмахмұт ерекше күтімде болады. 

Ол жайлы Сәнияздың әйелі Тұрағұл қызы Ақылияның ақтарылып айтқан естелігі бар.

Ол кезде Оразбай тірі және қазақ игі жақсыларының Медеу айналасында болып, оның ауылына келіп, аста төк ас беріліп, күнде той, күнде кеңес болуын өзі де қолдап отырған сыңайлы. 

Сырт көзге білдірмесе де, жасы ұлғайып қалған Оразбай ондай қонақ атаулы Шұнайға беттесе «Шашылып, ашылып жатқан Медеу ауылы-анау, соған барыңдар» деп жолға салып жібереді екен.

Ұлан Үмітқалиев: Қазақ даласында ағарту саласына үлес қосқан тұлғалар мен меценаттардың қызметі және олар ашқан мектептер жөніндегі тақырып аз зерттелген десек қателеспейміз. Әсіресе Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамына жасаған ұшан теңіз еңбегі толық жүйеленіп бұқара халыққа таныстырылды деп айта алмаймыз. Сондай ірі тұлғалардың бірі Алаштың орталығы Семей қаласына жақын жердегі Шыңғыстау өңіріндегі Медеу Оразбайұлы болатын. Алаш зиялылары Елім деген осындай Медеу Оразбайұлы сынды көзі ашық көкірегі ояу қазақ байларынан қолдау тауып, кей жағдайда солардың панасында болды десе қателеспейміз.

Медеу Оразбайұлының жеке тұлғалық бейнесіне тоқталмас бұрын, оның әкесі Оразбай қажы туралы айтпай кету мүмкін емес.

Оразбай Аққыұлы (1831-1922) «Абай жолы» эпопеясындағы көпшілікке таныс Абайды соққыға жығатын Оразбай еді. М.О. Әуезовтың «Абай жолы» романы халқымыздың бірден-бір әдеби мұрасы саналғанымен ондағы кейбір образдардың кеңестік идеология ырқымен басқаша сипатталғаны белгілі. Сол себепті «Абай жолы» романындағы басты бейнелердің бірі Оразбай бейнесі Абайға қарсы дүниеден бейхабар, дүмше байлардың қатарына қосылып келді. Әйтсе де соңғы жылдардағы қалам тартқан әдебиетшілер қауымының болсын (Абайтанушы ғалымдар болсын), тіпті ел аузындағы көзқарастарға сүйенсек Оразбай бейнесі жаңа қырынан ашылуда. Оразбайдың қазақ қоғамындағы ірі байлардың бірі ретінде саналуымен бірге беделі, билігі, қажылығымен қоса айбынын асқақтатар бір басы қазақтың қарабайыр үш жабысына татырлық тек көк шұбардан 3000 нан астам жылқысы болған деседі. Оразбайдың жылқысы жөнінде ел аузында тараған әңгімелер көп болғанмен оның санына байланысты деректер алғашында жеткіліксіз, әрі нақты дәйексіз болған болатын, кейіннен Орыс сібір бөлімшесінің мәліметтерінде 4560 бас жылқы болғаны көрсетіледі. Ал бұл жерде бір ескерте кететіні сол уақыттағы байлар өз малдарын азайтып көрсеткен. 

Оразбай жас кезінен кедейліктің тауқыметін көріп өскен дүниенің парқын білетін адал еңбекпен байыған өжет елден шыққан. Аталары Бекқұл, Аққұл атанып кедейлікпен өмір өткізгеннен болар, «осы бір нысаналы туған, бір көзі кем жаман-неме», бай болсыншы деп атын Оразбай қойса керек. Қалай болғанда да, Оразбай өте шаруақор, ұстамды, қайтпайтын өжет, қайсардан болған. Еңбекпен байыған Оразбай қашанда қой жатқан жерге түлеп түскен лас пұшпақ жүнді жиғызып, жуғызып, содан арқан жіп естірген. Мырзалығы да елден ерек болған. Ауылға түспей өтіп бара жатқан адамды шақыртып алып мал сойып, күтіп жіберетін болыпты. Оразбай өзі сырт буын тартқанда, күнде мал сойып аста төк болып жататын ұлы Медеудің ауылын нұсқап «Барыңдар бар, ана шашылғанның ауылына» деп отырады екен. Оразбай осы Медеу деген ұлына өмірінде үш рет енші бөліпті деген де сөз бар. Бұны да Оразбай өзінің атын шығару үшін жасаған. Оразбайдың алдын-ала ауа райын болжайтын қасиеті де болыпты. 1911 жылы сексеннен асқан шағында жұт болатынын болжап, жаз бойы шөп дайындатып, жас тобылғы мен сасырды шаптырып маялап үйгізеді. Айтқанындай қар қалың, қыс қатты болып, тіл алмаған кейбіреулердің сабасы керегенің басында қаңырап қалыпты деседі.

Оразбай заманының теңдессіз ірі байларының бірі болуымен бірге ақыл парасаты да мол кеңінен ойлайтын адам болған. Оразбай Абайды Шыңғыстаудың Көшбике жайлауында (халық ақыны Шәкір Әбеновтың әкесі) Әбен қажыға сабатқаны тарихи шындық десек те ел іші, заманы сол деп қана қысқа қайырамыз. Ал Оразбай айналасындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар шежіресі тың тақырып екені анық. Өз зерттеулерімізде көз жеткізгеніміз сондай игі шаралардың бастамасы ретінде Оразбайдай текті де зиялы әулеттің тағдырының куәсіндей болған халық жадында сақтаулы тарихи мекендер жетерлік. Оразбай жөнінде Молдабек Жанболатұлының 2004 жылы жарық көрген «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі» атты кітабының бірінші томында біршама қызықты әңгімелер жинақталып баяндалған. 

Жеке Оразбай тұлғасымен бірге қазақтың біртуар бірнеше тұлғалары өмірге келген және Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты халқымыздың асыл азаматтары аялдап, аунап – қунап, мәжіліс құрған Шұнай тауының баурайындағы қара қоныс, «тарихи кешенді ескерткіш» жасауға сұранып ақ тұр. 

Шұнай тауының етегінде орналасқан Оразбай Аққұл ұлының ата қоныс қыстағы сақталған. Қоныста 2 үлкен үй құрылыстарының орны сақталған, маңында Оразбайдың өзінің және белгісіз адамның, барлығы 2 қара кірпіштен соғылған үлкен бейіт бар. Төрт құлақты бейіттің батыс жағына балалары Бұхарада шапқызып, ескі арап әрпімен жазылған мәтіні бар, бояумен өрнектелген қызыл түсті, кісі бойы құлыптас қойылған. Бұдан солтүстік-шығысқа таман 2,5-3 шақырым жерде 3 мыңнан аса көкшұбарды суарған атақты Оразбай құдығы бар. Қоныстағы екі үй де өздерінің үлкен өлшемдерімен ерекшеленеді. Қабырғалары тастан тұрғызылған бөліктерімен қатар, саманнан тұрғызылып, үлкейтілген тұстары да бар. Бір үй бейітке жақындау орналасса, екіншісі одан әріректе, таудың мүйісіне кіре орналасқан. Екеуінің арасы 0,7 км шамасында. Осы екінші үйдің тас, саман қабырғалары 1,5-1,7 м биіктікте сақталған тұстары бар. Сыртқы пішініне қарағанда, екінші үй алдыңғысынан кейіндеу салынуы мүмкін. Сол жолғы зерттеулер барысында Оразбай қорасының сызбалары, алғашқы сипаттамасы жасалынды. 

Әңгімемізге арқау болғалы отырған Медеу Оразбайұлы (1863-1931) сауатты, көзі ашық, қазақ зиялыларының бірі болған. Ол Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты халқымыздың біртуар тұлғаларымен жақын жолдас пікірлес болған. 

- Уақыт бір орнында тұра ма? Кеңес үкіметі орнап, түсінбейтін заман болды. Кешегі ел жақсылары - билер мен байлар жаман болды, аралас болған ағайын туысқан екіге бөлініп, бай, кедей тап болып шыға келді. Осы тұста қазақ оқығандары жағында болған Медеу Оразбайұлы тағдыры қалай болды екен?

Әсет Медеуханұлы: Медеу Семейдегі ел тірлігінің ішінде болып, Алаш қозғалысына қатысып, Алашорда үкіметін құрған Әлихан Бөкейхановты барынша қолдады. 

Сол себептен де, 1917-1918 жылдары Шыңғыстау өңірінде Алашорда үкіметіне демеу, қолдау жасаған, қол ашық жомарт жандардың бірі осы Медеу болды. Шұнайдағы Медеу ауылы Алаштың жақсы жайсаңдары бас қосатын, маңызды жиын өткізетін ордаға айналды. 

Сол тұста жаңа құрылып жатқан Алаш әскеріне ер тұрман, барлық жабдығымен 40 ат сыйлаған да Медеу еді. Бұл фактіні барлық Алаштанушы зертеушілер жазып, бекітіп жүр. 

Сондай, аласапыран уақытта дүниеден Медеудің әкесі атақты Оразбай қажы өтеді. Оразбайдың жылы өтісімен Ақтанбұлақ деген жерден Медеу мектеп салады. Мектеп еңселі, есік, терезесі биік, асты үсті тақтайлы ақшаңқан білім ордасы болып, анандайдан ағарып көрінгендіктен Медеудің ақ мектебі деп аталған. Мектеп жанынан балалар жатып, оқитын интернат салып, барлық шығынын өзі көтерген. 

Медеу мектебінің тарихы туралы деректер, онда ұстаздық еткен адамдар мен оқыған шәкірттердің естелік-әңгімелері аз емес. Бұл мектеп 1932 жылға дейін ашық болып, сол тұстағы талай балалар мен білім аламын деген жүздеген жеткіншектердің көзін ашып, бастауыш дәргейінде білім берген. 

Онда тұңғыш мұғалім болып Жақсыберді Мұхаметжанов, Зікірия Рақымжанұлы, Тәшпық Құтжанұлы, Рақым Жандабайұлы, Қажи Абралыұлы, Ибадат Матақов сияқты кейіннен елге белгілі қоғам қайраткерлері, ел ардақтылары болған азаматтар жұмыс істеген. 

Сол мектепте алғаш білім алып оқыған шәкіртерінің ішінен: Қабыш Медеуұлы Оразбаев медицина ғылымының кандидаты, дәрігер-хирург, Әбділманап Медеуұлы Оразбаев тарихшы- археолог, профессор, Уатай Қадыров, химик, профессор, Қырғыз Республикасының академигі, профессор Ғазиз Тоқтарұлы сияқты белгілі ғалымдар шыққан.

Осы мектепте оқыған Омарғали Байжанов, Есбай Бекхожин, Әбусағит Жиреншин, Жәкішбек Әбсалямов, Шыныбек Оразбеков сияқты, бүгінде өмірде жоқ аталарымызда білім алып, заманына орай Абай, Семей, Алматы төңірегінде әр түрлі салада абыроймен қызмет істеген. 

Осы мектепте ұстаздық қызмет істеген, кейіннен драматург, өнер танушы, жазушы атанған Ибади Матақов деген ағамыз осы ауылда 1926 жылы М.Әуезовтың «Байбіше тоқал» пъесасын дайындап, қойған екен. 

Мектеп 1932 жылғы аумалы-төкпелі қилы заманда жабылғанымен кейіннен қайта ашылып, бастауыш білім беретін мектеп міндетін мүлтіксіз атқарған. 

Кеңестік билік тұсында осы өңірде жаңа шаруашылық орнап, жаңа ауыл бой түзеп, ол ауыл-Медеу, жаңа салынған мектеп Медеу атымен аталып, тарихи әділеттілік орнап, Оразбай, Медеу аттары қайта оралды. 

Тәуелсіздік тұсында Медеудің ағартушылық, меценаттық қызметіне, Алашорда үкіметін қалыптастырудағы еңбегіне лайықты баға берілді. 

Бұл әрине бертінде болды. Әңгімеге қайта оралсақ 1928-1929 жылғы кеңес үкіметінің ірі байларды тап жауы ретінде айыптап, олардың мал-мүлкін конфескелеу науқаны қазақ даласын қызыл өрттей шарпыды. 

Оған, әрине бірінші кезекте мыңғырған бай әрі қажы болған Оразбайдың бел баласы-Медеу және оның ересек балалары бірден ілікті. 

1931 жылы ашаршылыққа ұшыраған, жөнсіз алым салықтардан діңгелеген, алдындағы бар малынан айырылған ашынған халық кеңес үкіметіне қарсы көтерілуге еріксіз мәжбүр болды. 

Мәселен: Салыстырмалы түрде қарасақ, Шыңғыс өңірінде 1928 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 54141 жылқы, 36135 ірі қара, 362,000 қой ешкі, 12925 түйе болса, ашаршылық пен тәркілеуден соң 1933 жылы небары 747 жылқы, 241 ірі қара, 6102 қой ешкі, 186 түйе қалған деректі оқысаңыз, асыра сілтеудің орасан зор зардабын аңғару қиын емес. 

Шыңғыстауда, оның ішінде Шұнай, Шаған бойында кеңестік жүйеге қарсы бас көтеру ақпан 1931 жылы басталып кеткен. 

Қаражан Үкібаев, Ике Әділов, Медеу Оразбаев сияқты ел мықтылары шын мәнінде халық толқуын қолдаған, көмектескен, рухани демеуші, басшы болған. 

Алашорда тарихын зертеуші, 1931 жылғы Шыңғыстау көтерілісі туралы деректер жинап, тарихын жазып жүрген жерлесіміз, Ардақ Беркімбай өзінің «Ұлт жолында біріккен Алаш тұлғалары» деген зертеу еңбегінде (79 б): «Негізінде Шыңғыстау ауданында кеңес үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы халық толқулары 1931 жылы ақпаннан басталған. Көтерілісті Санияз Медеуов пен Емілжан Торайғыров (Ике Әділовтің ағасы) басқарып, оған барлығы 200 ден астам адам қатысқан екен. Тарихшы Т.Омарбековтің жазуынша көтерілісшілер ақ жалау көтеріп, халықты аудандағы кеңес үкіметін құлатуға шақырған. Көрші Қу және Абыралы аудандарымен байланыс орнатып, олармен қосылуға әрекеттенеді. Бірақ, Қызыл Армияның тұрақты бөлімдері бұған кедергі жасады, көтеріліс кең тарап үлгермей жатып-ақ, ақпан айынның соңында күшпен басып тасталынды»-деп жазуы оған нақты дәлел. 

Тағы бір осы кітаптағы (80 бет) деректі келтірсек, онда «1931 жылғы ақпан айындағы көтеріліске қатысты деген желеумен 183 адам тұтқындалып, олардың 47 адамы ОГПУ-дің ерекше үштігінің 1931 жылғы 15 мамырдағы шешімімен ату жазасына кесілді, ал 105 адам еңбекпен түзеу лагерлеріне қамалды. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге 13 адам жер аударылған» деп жазылған. 

Осы орайда белгілі Абайтанушы, үлкен ғалым, Қайым Мұхаметхановтың Шыңғыстау көтерілісінде ұсталған көтерілісшілердің тағдыры туралы жазған «Абай» журналының № 2 2004 жылғы санында жарияланған «Ұлы ұстаз, қамқор аға» деген естелігі бар. 

Сонда, Қ.Мұхаметханов бұл жайлы: «1931 жылы Абай елінің көп адамдарымен бірге әкемде түрмеге қамалды. Түрмеге жабылғандардың ішінде Абайдың баласы Мекәйіл, Шаһкәрімнің баласы Ғафур, Оразбайдың баласы Медеу, Медеудің балалары Мәукіл, Сәнияз бар барлығы 70 адам екен. Бұлардың ішінде әйгілі ақын Нұрлыбек Баймұратов та бар. 

Абайдың баласы Мекәйіл бастатқан. Тобықтының 70 адамы түгел атылды. Атылудан аман қалған менің әкем, мен, Нұрлыбек ақын ғана болды,»-деп жазған.

Осы арада анықтап алатын, болашақта дұрыс айтып жүретін бір жағдай бар. Жоғарыда, Қайым Мұхаметханов Тобықтының 70 адамы Семей түрмесінде атылды дегенде, олардың аты-жөнін түгендеп келтіріп тұрған жоқ. 

Осыны алға тартқан кейбір адамдар істің жәйін терең білмей, Медеу, оның ұлдары Сәнияз бен Мәукіл Семейде атылды деп айтып жүр. Шындығында Медеу Оразбаев пен оның балалары Сәнияз бен Мәукіл Алматы қаласында 15 мамыр 1931 жылы ату жазасына кесіліп үкім сонда орындалған.

Кешегі мыңды айдаған бай Оразбайдың, қажы Оразбайдың «Абай жолы» романнының кейіпкері жұмбағы көп дара тұлға Оразбайдың баласы асыл туған есіл ер Медеудің тағдыры осылай болды. 

Үмітқалиев Ұлан: Медеу 1922 жылы Мұқтар Омарханұлы Әуезовтың ақыл кеңесімен Қыдыр тауының бауырында Ақтан бұлағының басында өз қаржысымен Семей қаласынан түйемен қызыл кірпіш тасытып мектеп салдырған. Негізінен мектепте сол уақытта Семей уезінің Мендеш және Бос болыстарынан оқушылар жиналған. Бұл екі болыс елдегі бірінші рет жаңа типпен салынған 8 класс үйі бар, 3 мұғалім тұратын жатаханасы бар, төбесі қаңылтырмен шатырланған жақсы мектеп болған. Медеудің тағы бір көрегендігі мектепті Оразбайдың әулеті тұратын Шұнай тауының бөктерінен емес, қайта 20 шақырымдай алыс жерге кедей кепшіктерге оқуға қатынасуға ыңғайлы болуы үшін Ақтан бұлағының басына салғызған. Мектепте сабақ берген мұғалімдердің жалақысын да өзі беріп, мұғалімдердің жатаханасына қыста соғым сойып беріп отырған. Жалпы бұл мектеп 1932 жылға дейін талай жалшы, кедей орташалардың балаларының көзін ашқан. Осы мектепте Семей қаласынан келген Мария Александровна деген орыс әйел мен ерлі зайыпты Андрей, Мария Оконечниковтар орыс тілінен сабақ жүргізген. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкір Әбенов, Жақсыберді Мұхаметжанов, Зікірия Рақымжанұлы, Ташпық Құтжанұлы, Рахым Жандыбайұлы, Қажи Абралыұлы сияқты халқымыздың белгілі тұлғалары да осы мектепте ұстаздық еткен. Отызыншы жылдардың орта шенінде байдың салғызған мектебі деп шолақ белсенділер Ақтанбұлақ мектебін бұзғызып тастаған. Кейінгі Ұлы отан соғысы жылдарына дейін мектеп пешінің мұржасы қалқиып тұрғаны айтылады.

Көп жылғы саяси қысымға байланысты сол мектепте еңбек етіп, оқыған адамдар оны жасырып келді. Бүгінде сол уақыттың қарияларының көзі жоқ. Ел тарыдай шашылып, Медеу мектебі жайындағы деректер жиналып жүйеленбей қалған. Тек 1928-1929 жылдары мектеп үйін бұзып, аудан орталығында қызыл шатырлы үй салғаны белгілі. Кейінгі кезде бұл жерден ұлы Отан соғысының батыры Жанғазы Молдағалиев атындағы совхоз құрылып, мектеп, т.б. орындар қайта салынды. 1997 жылы ауыл тұрғындары, жергілікті әкімшілік, аудан жұртшылығы Медеу мектебінің 75 жылдығын өткізіп, игілікті шаруа жасады.

1931 жылы ақпан айында Абыралы, Шұбартау және Шыңғыстау аудандарында болған шаруалар көтерілісіне қатысты және кеңес өкіметін құлатып, жаңа өкімет құрмақшы болған бандылар тобының бас көтерушісі ретінде айыпталып Оразбаев Медеу мен оның екі ұлы Медеуов Саниязбек пен Медеуов Сләмқайдар қамауға алынады. 1931 жылы мамыр айының он бесінде ППУГПУ үштігінің жиылысында мемлекеттік қылмыскер ретінде айыпталып, заңның 582 тармағы бойынша Медеу Оразбай ұлы 68 жасында Саниязбек және Сләмқайдар атты ұлдарымен бірге Алматы қаласында ату жазасына кесіледі. Негізінен Шыңғыстау көтерілісінің жетекшісі ретінде 200 адамды басқарған Медеуов Саниязбек бен Торайғыров Емілжан деген азаматтар болған. 

Медеуов Саниязбек (1898-1931жж) қазақтың біртуар азаматтарының бірі болған. Саниязбек жастайынан алғыр зерек болып өсіп, әкесі Медеудің ықпалымен білім алып ер жетіп, қазақ зиялыларымен ол да өте жақын аралас болған. Саниязбек Медеуұлы 1928 жылы Мендеш болысы Шұнай ауылында «Қадыр-қарыз серіктестігі» деген кооперация ашып халықты азық түлік, киім-кешек, кездеме, былғары, ұлтанмен қамтамасыз етіп, тегін үлестіріп берген.

1901 жылы Оразбай Абай ауылына келіп Тұрағұлдың қызы Ақылияның шілдеханасына құтты болсын айта келіп, немерелер татулықтың ұйытқысына айналсын деген тілекпен бесік құда болуға өтініш білдіреді. Абайдың өсиеті бойынша Ақылия бойжеткен соң Оразбайдың немересі Саниязбекке тұрмысқа шығады. Жастардың 1917 жылғы шілде айының 7-сі күні Ойқұдықта өткен некелесу тойында М.Әуезовтың «Еңлік Кебек» пьесасы қойылып, қазақтың Европалық үлгідегі ұлттық театр өнерінің тұңғыш сахнасы ашылады. 

Абай төңірегіндегі Әуез, Әйгерім, Омархан, Шәкәрім, Көкбай сияқты кісілерді жақын біліп өскен Ақылия кезінде М.Әуезовке көп көмек берген. Абай аулына әр уақытта келіп-кеткенінде А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатовтар Ақыштың қолынан дәм татқан. 1918 жылдың қысында Шұнайдың баурындағы Садыр қыстағында отырған Саниязбек пен Ақылияның үйінде денсаулығы нашарлаған Сұлтанмахмұт Торайғыров бір қыс жатып, қымызбен емделіп қайтады. Абайдың жаңашыл әдеби мектебінің алып өкілдерінің бірі С. Торайғыровтың бірқатар жырлары осы кезеңде жазылған. 

Оразбай ұрпақтарының ішінде Медеудің Қабдісләм (Қабыш) атты ұлы 1906 жылы мамыр айының оныншы жұлдызында дүниеге келген қазақ совет хирургы. Медицина ғылымдарының кандидаты (1937 ж). Томск медицина институтын 1931 жылы бітірген. 1931 – 1932 жылдары Түркісіб темір жолының тоғысқан жерінде Талдықорған облысының Айнабұлақ станциясында дәрігерлік бөлімше меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1933-38 жылдары академик А.М. Сызғановтың клиникасында жұмыс істейді. Кейіннен Алматы қалалық ауруханасының хирургия бөлімінде ординатор, медицина институтының жалпы хирургия кафедрасының ассистенті, хирургиялық госпитальдың бас хирургы қызметтерін атқарады. Қабыш Медеуұлының ғылыми еңбектері қалқанша бездің қызметін реттеуге және қан құю мәселелеріне арналған. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақтың эксперименттік хирургия институтында қарынның ойық жарасын хирургиялық тәсілмен емдеу жөнінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

1931 жылы Медеу екі ұлымен атылып кеткен соң панасыз қалған Медеудің кенже ұлы Әбдіманап шешесі Қасежан апа (Медеудің екінші әйелі 1878-1978) екеуі Томск қаласындағы медицина институтын бітіріп келген Қабыш Медеуұлының қолына Жетісу жеріндегі Айнабұлақ станциясына көшіп келеді. Үйден кетерде Әбдіманап пен анасы қолына бір түйіншектен басқа дәнеңе алмаған. Мәселе бас амандығына келіп тірелген заман еді деп жазады Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев өзінің естеліктерінде. 

Бұл жерде Қабыш Медеуұлы мен оның зайыбы Мария Федоровна дәрігер болып жұмысқа орналасады. Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев осы ағасының қолында тұрып, Айнабұлақ станциясындағы орыс мектебінің 1 класын бітіреді. 1932 жылы ағасының жұмыс орыны ауысуымен байланысты аналары Қасежан апамен Алматы қаласына көшіп келеді. Қабыш Медеуұлы мен Мария Федоровна Алматыда № 1 қалалық ауруханаға орналасады. Кейіннен Қабыш Медеуұлы академик А.М. Сызғановтың клиникасында жұмыс істейді. Осыған байланысты мұрағатта фотосуреттер бөлімінде № 29 істе тарихи, деп айтуға болатын сурет бар, онда Қабыш Медеуұлы мен А.М. Сызғановтың еш жерде жарияланбаған фотосуреттері сақталған. Бұл туралы Әбдіманап Медеуұлы: - «Ол кездері мен мектеп оқушысы едім. Жазғы демалыста академик А.Сызғановтың клиникасында эксперимент жасалып жатқан қояндарды күтіп – бағумен айналыстым. Еңбекақыма велосипед сатып алдым. Оған апам, ағам Қабыш бәріміз қатты қуандық» - деп аса бір ыстық сезіммен еске алып жазған еді. 

1938 жылы наурыз айында Қабыш Медеуұлы Оразбаев халық жауының, тап жауының баласы деп және кеңес өкіметіне қарсы жиындарға қатысты деп айыпталып Сібірге жер аударылады. Красноярскдегі еңбекпен түзеу лагерінде хирург-дәрігер қызметін сол жақта да жалғастырады. 1943 жылы жанұясын өзінің қасына шақыруға рұқсат алады. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан соң Алматы қаласына оралуына мүмкіндік алады. Бірақта соғыс жылдарындағы ауыр тауқымет кеудесіне жара салып, өкпе құртынан айықпай 1946 жылы сәуір айында қаза болады [12, 22-37 б.]. Қабыш Медеуұлының жалғыз қызы Лейла Қабышевна Оразбаева ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында дәрігерлік қызметін атқарып келді, белгілі әрі білікті маман бүгінгі күні зейнеткер, әкесі мен анасы жөніндегі ақпаратты және фото суреттерді бізге табыстады. 

Осындай текті тұқымның талантты ұрпақтары тағдыр талайымен тоз-тоз болып кеткені рас. Орнында бар оңалар демекші Медеу мектебінің орны ғана қалса да 1997 жылы Жанғазы Молдағалиев ауылы Медеу атымен аталды. Соңғы жылдары Абай елінің азаматтарының ат салысуымен Оразбай Аққыұлының мал таптап жатқан бейіті жаңартылып ас берілді. Бүгінде сол елдің азаматтары Медеу мектебінің орнына белгі тас қойып, мектептің салынғанына 100 жыл толуына орай 2023 жылдың мамыр айының 20 да Республикалық ғылыми конференция өткізуді қолдап отыр. Бұл да Ел үшін қызмет жасаған асыл ерлердің еңбегінің қайтқаны, өшкенінің жанып өлгенінің тірілгені осы болар. 

МЕДЕУ ОРАЗБАЕВ ТУРАЛЫ АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ

Көптеген естеліктерде, сонымен бірге 1931 жылы Шыңғыстау көтерілісіне қатысы бар деп ұсталған уақытта НКВД-нің хаттамасында Медеу Оразбайұлын 1863 жылы туған деп көрсетеді. Біздің қолымызда Медеудің балалық, жастық шағы туралы ешқандай құжат та, естеліктер де жоқ. Білетініміз Медеу Тобықтының Есболат руынан шыққан атақты бай, М.О.Әуезовтің «Абай жолы» романында жағымсыз кейіпкер болып көрсетілген Оразбай Аққұлыұлының баласы. Оразбай Аққұлыұлы туралы тарихи шындық кейінгі жылдары ғана айтыла бастады. М.О.Әуезов Оразбай туралы: "Абайға жанасы бар мағұлмат жалғыз Ибрахим Құнанбаев жайындағы іс емес, өзге жақын ағайын ісінен, немесе араз дұшпан ісінен көруге болады. Абаймен бірде дос, бірде жау болып өткен Оразбай Аққұлыұлы баласының ісін де осылай қадағалап қарау керек."- деген екен. Оразбай атамыз туралы заңғар жазушының айтқанынан артық мен айта алмаймын. 

Медеу Оразбайұлы заманында сауатты, көзі ашық, қазақ зиялыларының бірі ғана емес, бірегейі болған деп айтуға болады. Ол Әлихан Бөкейхановты 1900 жылдардан білген сияқты, себебі патшалық заманда 1908 жылы Әлиханның Семей түрмесінде жатқанда оған қымыз, тамақ апарып тұруы соның дәлелі. Медеу тек қана Әлихан Бөкейханов емес сол кездегі Алаш зиялылары Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты тұлғалармен жақсы таныс, пікірлес болғаны белгілі. 

1921 жылы әкесі Оразбай дүниеден өткен соң, бір жылдан кейін, яғни 1922 жылы М.О.Әуезовтің кеңесімен өзі тұратын Қыдыр тауының бөктеріндегі Ақтан бұлағының басында өз қаражатымен мектеп салдыруы Медеудің көрегендігін, қазақ балаларына, келер ұрпаққа деген қамқорлығын көруге болады. Семейден түйемен қызыл кірпіш тасытып, сол замандағы жаңашыл мектеп тұрғызуы, тіпті қажетті мұғалімдерді Семейден алғызып, оларға өз қаражатымен жалақы төлей отырып кедей, жалшылардың балаларын оқытқан. Бұл мектепте Шәкір Әбенов, Жақсыберді Мұхаметжанов, Зікірия Рақымжанұлы, Ташпық Құтжанұлы, Рахым Жандыбайұлы, Қажи Абралыұлы секілді қазақтың белгілі тұлғалары балаларға сабақ беріп ұстаздық еткен. Тарихқа көз салсақ "Медеу мектебі" он жылдың ар жақ бер жағындай уақыт қана жұмыс істеп тұрған. 1931 жылғы Шыңғыстау көтерілісі болып елді жаппай тұтқындап түрмеге тыққан кезде мектеп те жабылған сияқты. Сол көтеріліске қатысы бар деп Медеу екі ұлы Сіләмқайдар, Саниязбен бірге 1931 жылдың 8 сәуірінде ұсталып, қамауға алынып Алматыға жөнелтіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президентінің архивінен алынған жәдігерлерде төмендегідей келтірілген:

2. ОРАЗБАЕВ Медеу, 68 лет, казах, уроженец Чунайского аулсовета, Чингизтавского района, женат, б/парт., грамотный, потомственный бай, бывший волуправитель, торговец, конфискован, не судим. (см. том І, л.д. 231), - 

  1. Являясь противником Сов.власти вел подготовку востания. С этой целью устрайвал совещания.
  2. Распространял агитацию с призывом к массовому выступлению.
  3. Благославлял (как мулла) повстанцев, призывал действовать против Сов.власти, т.е. в преступления, предусмотренным ст.58 п. 2, 58 п. 10 УК. Виновным себя не признал. /см. том І, л.д. 250, 194, 202/

3. МЕДЕУОВ Санияз – 33 лет, казах, уроженец Чунайского аулсовета, Чингизтавского района, женат, б/парт. Грамотный,потомственный бай, сын волуправителя, конфискован, судился по 79 ст. /см. л.д. 235, том І/.

  1. Являясь противником Сов.власти, вел подготовку массового выступления, участвовал на совещаниях.
  2. Организовал повстанческой отряд и руководил им, выступал с белым флагом, т.е. в преступлениях предусмотренном ст. 58. п. 2 и 58. п. 10 УК /см. т. І, л.д. 125, 132, 135, 141, 164/.

Виновным себя признал.

67. МЕДЕУОВ Слямкайдар – 42 лет, казах, уроженец Чунайвского аулсовета, Чингизтавского района, женат, б/парт, малограмотный, бай, сын бая, волуправителя, бывший торговец, не судился. /том.І, л.д. ст.220/.

  1. принимал активное участие у востании.
  2. агитировал население, призывал к повстанчеству,
  3. участвовал в ограблении бойня, и колхозного скота, т.е. в преступлениях, предусмотренном ст. 58 п.2 и 58 п. 10 УК.

Виновным себя признал.

Көріп отырғанымыздай берілген айыптаулардың бәрінде де Медеу мен оның балалары Сіләмқайдар мен Санияз Кеңес Үкіметінің сол кездегі солақай саясатының құрбаны болған.

Ал төмендегі жәдігерде оларға тағылған айыптар мен олардың ақталуы туралы жазылған. Тіпті олардың ақталуының өзі тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де 8 жылдан кейін, яғни 1999 жылы қаралған екен. 

1. Оразбаев Медеу 1863 года рождения, казах, уроженец Восточно-Казахстанская область, Чингиставский район, Чунаевский аулсовет. Образование: начальное. До ареста проживал: Восточно-Казахстанской обл., Чингиставский район, Чунайевский аулсовет. Кем арестован и дата: 08.04.1931 года, ПП ОГПУ в Казахстане. Кем осужден и дата: Тройка при ПП ОГПУ в Казахстане, от 15.05.1931 года. Статья: 58-2 УК РСФСР. осужден к ВМН. Кем реабилитирован, дата и причина прекращения дела: 02.12.1999 года, пр-ра Алмалинского р-на, г. Алматы, Закон РК от 14 апреля 1993 года.

Дәл осындай анықтама Медеудің екі ұлы Слямқайдар мен Саниязға да жазылған:

2. Медеуов Слямкайдар 1889 года рождения, казах, уроженец Восточно-Казахстанская область, Чингиставский район, Чунаевский аулсовет. Образование: начальное. До ареста проживал: Восточно-Казахстанской обл., Чигиставский район, Чунайевский аулсовет. Кем арестован и дата: 08.04.1931 года, ПП ОГПУ в Казахстане. Кем осужден и дата: Тройка при ПП ОГПУ в Казахстане, от 15.05.1931 года. Статья: 58-2 УК РСФСР. осужден к ВМН. Кем реабилитирован, дата и причина прекращения дела: 02.12.1999 года, пр-ра Алмалинского р-на, г. Алматы, Закон РК от 14 апреля 1993 года. 

3. Медеуов Санияз 1898 года рождения, казах, уроженец Восточно-Казахстанская область, Чингиставский район, Чунаевский аулсовет. Образование: начальное. До ареста проживал: Восточно-Казахстанской обл., Чингиставский район, Чунайевский аулсовет. Кем арестован и дата: 08.04.1931 года, ПП ОГПУ в Казахстане. Кем осужден и дата: Тройка при ПП ОГПУ в Казахстане, от 15.05.1931 года. Статья: 58-2 УК РСФСР. осужден к ВМН. Кем реабилитирован, дата и причина прекращения дела: 02.12.1999 года, пр-ра Алмалинского р-на, г. Алматы, Закон РК от 14 апреля 1993 года.

Жоғарыдағы анықтамада келтірілген жаза ВМН (высшая мера наказания) - яғни ату жазасы. Ешқандай тергеу тексерусіз ОГПУ-дің үштігі арқылы 47 адам бір күнде атылып кеткен, оның дәлелі үкімді орындау туралы хаттамада анық көрінеді. Төменде сол хаттаманың қайта жазылған көшірмесі беріліп отыр: 

Копия.

ВЫПИСКА ИЗ ПРОТОКОЛА №68/К

Заседания тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 15 мая 1931 г.

Слушали: Дело №4765 по обвинению: Оразбаева Медеу и других в числе 47 человек по ст. 58/2 ст. УК.

ПОСТОНОВИЛИ:

  1. Торайгырова /Адилева/ Емельджана,
  2. ОРАЗБАЕВА МЕДЕУ,
  3. МЕДЕУОВА САНИЯЗА,
  4. Бейсембинова Идербая,
  5. Аяганова Ураза,
  6. Мансусбаева Орумбая,
  7. Казыметова Жакия,
  8. Бексултанова Талке,
  9. Атенева Айтмурза,
  10. Ежембаева Жакия,
  11. Кудабаева Жумагула,
  12. Омарова Токижана
  13. Омарова Ембергена,
  14. Рыскулова Абдильмана,
  15. Джигитекова Имангалия,
  16. Коскинова Успана,
  17. Абайгельдина Абдулла,
  18. Смагулова Ракыша,
  19. Ботпаева Байхамита,
  20. Каратаева Байдюсеня,
  21. Жунускалиева Абей,
  22. Аманбаева Имангожа,
  23. МЕДЕУОВА СЛЯМКАЙДАРА,
  24. Едельбаева Тобайгалия,
  25. Тамашина Кыстаубая,
  26. Саурбаева Искака,
  27. Жентыкова Мажина,
  28. Батырова Кусайна,
  29. Наманаева Мукая,
  30. Балгабаева Мадия,
  31. Калдыбаева Хасена,
  32. Исмаилханова Шакира,
  33. Ибраймова Микаиля,
  34. Касымбекова Туребая,
  35. Мусатаева Исайна,
  36. Даурембекова Даутбека,
  37. Жармагамбетова Сыдыка,
  38. Чингожина Уйпалака,
  39. Шаукпаева Калмурза,
  40. Нсангужина Алкомжана,
  41. Собулакова Кожика,
  42. Аугужина Каясатая,
  43. Касымжанова Касайма,
  44. Касымжанова Аужана,
  45. Итчанова Алимкана,
  46. Оразалинова Базара,
  47. Акишева Шокобая – РАССТРЕЛЯТ. Имущество всех конфисковать.

Подлинный за надлежащими подписями.

Хаттамада көрсетілгендей үкім бірден орындалған, атылған 47 адамның мүліктері тәркілеуге жатқызылған. 

Үкім орындалғанда Медеу 68 жаста, оның ұлдары: Слямқайдар 42 жаста, Санияз 33 жаста болған екен...

(ҚР Президентінің архивінен алынған жәдігерлердің сапасы өте нашар, әзер оқылады, сондықтан да оның барлығын қайта көшіріп жазуға тура келді. )

Архивтен алынған тағы бір жәдігерде Медеудің ұлы Санияздың меншігіндегі малдың саны бойынша ешқандай тәркілеуге жатпайтыны туралы анықтама берілген. Анықтама төменде беріліп отыр: 

О Медеуове Санияз, Нурмухамедове Бекенжан, Байтаканове Актай (он же Батаканов Актайлак), Мамеков Каймулла, Дюсеневе Мукажан и Иманбаеве Кажизбай.

Принимая во внимание, что указанные лица по имущественному положению не попадают под действия декрета Каз.ЦИК и СНК. (Медеуов имеет 66 голов крупного скота, Нурмухаметов 76 голов крупного скота, Ботаканов 30 голов скота, и Дюсенов 41 голову круп. скота) и нет особых оснований к включению в список, в соответствий с решениями и материалами райкомис. всех их из списка выселяемых и конфискуемых исключить, сообщив об этом Каз ЦИК-у и СНК.

Сол кездегі Қызыл империяның солақай саясатының кесірінен Оразбаевтар әулетінің ешқайсысына да кешірім болмаған сияқты...

Ендігі бір мәселе туралы айтқым келеді. Ол Медеудің ұрпақтары туралы: Жанболатов Молдабек ағамыздың "Тобықты – Шыңғыстау шежіресіндегі" Тобықтының Есболат руын таратқанда Оразбайдың бес ұлы жазылған, олар: Қасейін, Қасымжан, Медеу, Мекеғали, Сарқытбай. Медеудің балалары: Санияз, Мәукіл, Қабдысіләм, Біләл, Масқұт, Әбділманап – деп жазылған. Көп жерлердегі естеліктерде Медеу екі ұлымен (Санияз, Мәукіл) атылды делініп, Сіләмқайдар туралы ешнәрсе айтылмайды және осы Сіләмқайдар шежіреде көрсетілмеген. Осыны білетін көне көз қариялардан ешкім де жоқ, менің ойымша Мәукіл-Сіләмқайдар екеуі бір адам, немесе Сіләмқайдар шежіреге ұмытылып жазылмай қалған. Сіләмқайдардың туған жылы 1889 жыл деп көрсетілген, Санияздың туған жылы 1898 жыл, яғни Сіләмқайдар туғанда Медеу 26 жаста, сонда Сіләмқайдар Медеудің үлкен баласы, яғни тұңғышы ма деп ойлаймын. 

Шежіреде келтірілген Медеудің балалары, олардың тағдырлары туралы, өкінішке орай қолымызда мардымды мәліметтер жоқ. Әсіресе Біләл мен Масқұт туралы мәліметтер жоқтың қасы... Масқұт Ұлы Отан соғысына кетіп қайтып оралмаған, ұрпағы жоқ. Біләл Әлихан Бөкейхановтың жалғыз қарындасы Нұрбегімнің қызы Әнелге үйленген, екі қызы болған. Айсәуле атты қызы кішкентай кезінде шетінеп кеткен екен, екінші қызы Ғазыл, 1927 жылы туған, күйеуі Аманқұл Мұсатайұлы. Бұл кісілерден ұрпақ бар. 

Халықтың басына түскен нәубет заманда тектілеріміздің бәрі қудаланып, халық жауына айналғаны тарихтан белгілі. Осылай бір әулеттің ұрпағы тоз-тозы шығып, бастарын арашалап, аман қалу үшін үдіре көшіп жан- жаққа кеткен... 

Сонау тар заманда болашақты болжай білген Медеу Оразбайұлы өзінің көрегендігімен келер ұрпақ білім алсын деген мақсатта мектеп ащқанына биыл бір ғасыр болыпты. "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді,"- дегендей тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Медеудің аты санамызға қайта оралды. 1997 жылы мектептің 75 жылдығы аталып өтсе, енді міне 100 жылдығы аталып өтуде. Бүгінде Медеу атындағы мектеп болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп тұр, бұл да көңілге медеу…

- Тұшымды әңгімелеріңізге рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар