Жаңа технологиялық инновациялар дәстүрлі қағаз кітаптардың сандық, аудио және видео форматтарын жасаумен қатар, оны онлайн платформаларда кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Орталық Азия аймағы тұрғысынан алып қарағанда, көркем әдебиеттің электрондық нұсқасы кітап оқу көрсеткіші төмен бұл аймақтың кітап оқуға деген қызығушылығы мен мәдениетін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, мұндай нұсқадағы туындылар қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен және тәжік тілінде жарияланса, орыс тілі басым қолданылатын аймақтағы халықтың өз ана тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін де арттырады. Көпшілікке белгілі өнер туындыларын цифрландырудың тиімді артықшылығының бірі – халықтың ұлттық мәдениеті көркем туындылар негізінде цифрлы түрде сақталып, көпшілікке интернет арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Орталық Азия аймағындағы Қазақстан тәжірибесін алып қарағанда, соңғы 10-15 жылда электрондық және цифрлық кітапханалар санын арттыруға ерекше көңіл бөліне бастағаны байқалады. Кітапханаларды цифрландыру үдерісі көп жағдайда мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар аясында жүзеге асырылған. Оқырмандар арасында белсенді қолданыстағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Электрондық мемлекеттік кітапхана қорын қалыптастыру» жобасы негізінде «Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы» (kazneb.kz) мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Әдебиет порталы» (Әдебиет порталы, 2013) іске қосылғандығын атап өткен жөн.
Kazneb.kz электрондық кітапханасы 2007-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алынып, жүзеге асырыла бастаған. Бұл кітапхана қорындағы дереккөздер Қазақстандағы басқа көптеген кітапханалардың көмегімен толықтырылып тұрады. Қазіргі уақытта kazneb.kz жобасының жаңартылып жатқаны байқалады және бұл жүйеге біз қарастырған уақытта (2022 жылдың маусым, шілде айларында) 61730 кітаптың электрондық нұсқасы енгізілген болатын. Аталған электрондық кітапханаларға энциклопедия, сирек қолжазбалар, мерзімді баспасөз материалдары, сөздіктер, әлтүрлі саладағы кітаптардың көшірмесі орналастырылған. Әлем және қазақ әдебиетін, әдеби үдерістегі жаңалықтарды кеңірек насихаттайтын «Әдебиет порталы» жобасына енгізілген кітаптардың ішінде көркем әдебиет түрлері басым орын алған. Зерттеу жүргізген уақытта (2022 жылдың маусым, шілде айларында) «Әдебиет порталына» 2281 кітап енгізілген болатын. Қазақстандағы kazneb.kz және adebiportal.kz электрондық кітаптар жүйесін оқырмандар белсенді қолданады.
Қазақстанда көркем әдебиетпен қоса, әртүрлі салалық кітаптардың электрондық және аудио нұсқасын қазақ тілінде насихаттайтын жобаның бірі – «Қазақстанның ашық кітапханасы» (kitap.kz). Бұл порталға қазіргі уақытта (2022 жылдың маусым, шілде айларында) 6000 жуық кітап пен 600-ден аса аудиокітап орналастырылған және оқырмандар бірнеше айға және бір жылға жеңілдікпен төлем жасап, кітап оқи алады. «Kitap.kz» жобасының негізін қалаған Рауан Кенжеханұлының ойынша шет тілдерінде оқып, тыңдауға арналған ресурстар көбейгендіктен, болашақта цифрландырылған контентті тұтынатын қазақтілді орта азаюы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда Р. Кенжеханұлы цифрландыру технологиясын қазақтілді контент аясын кеңейту үшін берілген жақсы мүмкіндік деп есептейді (Сімәділ, 2022). «Kitap.kz» электрондық жүйесі оқырмандар жазылып, төлем жасап оқитын бірден бір ерекше виртуалды кеңістік саналады.
Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің басшылары соңғы жылдары ақпараттық технологиялар мен интернеттің артықшылығын адами капиталды дамытуға тиімді пайдалану жағына баса көңіл бөле бастады. 2017 жылы Қазақстан өкіметі «Цифрлы Қазақстан» (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі, 2017) мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алғаннан кейін бірнеше мемлекеттік кітапханалар қорындағы кітаптардың электрондық нұсқасын жасай бастады. Аталған бағдарламаның аясында биыл кітапхана қорындағы кітаптарды сақтау және көпшілікке қолжетімді ету үшін 95 мыңнан астам отандық басылымның цифрлық форматқа көшіргені мәлімделген (Мұқанова, 2022). Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанованың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Қазақстанда кітаптарды цифрландыруға қолданыстағы авторлық құқық нормалары кедергі келтіреді екен. Нақты айтқанда, кітаптардың электрондық нұсқасын жасау үшін авторлық құқық заңына сәйкес, әрбір авторлық құқық иесінің жазбаша рұқсаты қажет. Сондықтан, авторлық құқық талаптарын қайта қарастыру қажеттігі атап өтілген (Мұқанова, 2022).
Кітаптарды цифрландыру үдерісі бойынша Қырғыз Республикасының тәжірибесін қарастырғанда, соңғы жылдары бұл мемлекет те тұрғындардың төл әдеби және мәдени құндылықтарына виртуалды кеңістік арқылы қолжеткізе бастағаны байқалады. Қырғыз өкіметі жалпы мемлекеттік салаларды цифрлы форматқа көшіру үшін «Қырғыз Республикасының 2018-2040 жылдарға арналған Ұлттық даму стратегиясын» қабылдаған болатын. Аталған стратегия шеңберінде «Цифрлық Қырғызстан» – 2019-2023 цифрлық трансформация тұжырымдамасы» да жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырымдаманың бірінші міндеті «Цифрлық дағдыларды дамыту арқылы халыққа жаңа мүмкіндіктер жасау» деп белгіленген (Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті, 2019).
Қазіргі уақытта Қырғыз мемлекетінің сайттарына кіріп қарағанда бірнеше цифрлы кітапхананың көпшілікке ашық қолжетімді түрде жұмыс істеп тұрғанын байқауға болады. Алыкул Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының ұлттық кітапханасының «Ұлттық электрондық кітапханасындағы» (Қырғыз Республикасының ұлттық кітапханасы, 2018) кітаптар мемлекет тұрғындарымен қатар, шетелдіктерге де тек оқуға ғана қолжетімді. Электронды кітапхананы пайдалану үшін әрбір оқырманның жеке логин, паролі (оқырман билеті) болуы қажет. Шетел оқырмандары қонақ ретінде кітапхана қорындағы кез келген кітапты «іздеу» функциясы арқылы тауып, оқи алады. Алайда аталған кітапханада қанша кітаптың цифрлы форматы жасалғаны оқырманға көрінбейді. 2021 жылғы мәлімет бойынша бұл электрондық кітапханада 2015-2019 жылдар аралығында 29998 құжат цифрланған (Уланова, 2021). Қазақстанның «Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы» (kazneb.kz) секілді Қырғыз мемлекетінің Ұлттық электрондық кітапханасы да аймақтағы кітапханаларды кітаптарды сандық форматқа көшіру жұмыстарына қатыстырып, диссертация, кітап, газет, журнал, т.б. материалдарды виртуалды кеңістікте таратады және көпшілікке қолжетімді етеді.
Сонымен қатар, «Сорос-Қырғызстан» қорының қолдауымен білім алушыларға арналған Қырғыз Республикасының көпшілік кітапханалары Қауымдастығы және жоғарыда аталған А. Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы жүзеге асырып жатқан «Қырғызстанның ашық электрондық кітапханасы» іске қосылған. 2012 жылы құрылған кітапхана көпшілікке қолжетімді. Қазіргі уақытта барлығы 1667 материалдың электрондық нұсқасы жасалған (Қырғызстанның ашық электрондық кітапханасы, 2012). Алайда бұл электрондық кітапханада қазіргі уақытта балаларға арналған иллюстрациялық «Жаңа кітаптар» бөлімі ғана қолжетімді және кітапхана қорында кітаптар саны көп емес.
Бұған қоса, Қырғыз Республикасында жеке бастамалар да қолға алынған. Мысалы, жазушы, баспагер Олег Бондаренконың жеке авторлық жобасы – «Қырғызстанның жаңа әдебиеті» («Кыргызстандын жаңы адабияты») электрондық кітапханасын атап өтуге болады. 2008 жылы құрылған бұл кітапханаға көптеген автордың 2600-ден астам көркем туындысы қойылған (2022 жылдың маусым, шілде айындағы зерттеуіміз бойынша). Аталған жоба Қырғызстан авторларының кез келген тілде жазылған және баспадан шыққан немесе шықпаған туындыларын насихаттауға, таратуға бағытталған (Новая литература Кыргызстана, 2008). Сонымен қатар, «Қырғызстанның жаңа әдебиеті» электрондық кітапханасына «Әдеби Қырғызстан» («Литературный Кыргызстан») журналының 2009 жылдан бүгінге дейінгі бірнеше санының электрондық нұсқасы (PDF) жарияланған.
Қырғыз Республикасындағы кітаптардың цифрландырылуына қатысты кейбір пікірлер бұл елде 2017 жылдан бері табысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартады. Зерттеу жүргізілген уақытта А. Осмонов атындағы ұлттық кітапхана мен «Қырғызстанның жаңа әдебиеті» («Новая литература Кыргызстана») деп аталатын электрондық кітапхана сайттары ақаусыз жұмыс істеп тұрды, ал басқа сайттарда әртүрлі мәселелер туындайтыны байқалды.
Өзбекстандағы кітаптарды шығару және насихаттау ісіне қатысты зерттеулер бұл елде халықтың ұлттық әдеби туындыларын цифрлы нұсқаға көшіру және оны тарату жұмыстарына мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастағанын алға тартады (Алимова, 2021; Муратова, 2021). Өзбекстандағы ірі кітапхананың бірі – Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасына кез келген азамат жеке куәлігімен/паспортымен тіркеліп, кітапхана қорындағы цифрлы форматы жасалған кітаптарды оқи алады (Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапхана, 2022). Кітапхана сайтында қазіргі уақытта Өзбекстан президентінің, классикалық өзбек авторларының шығармалары және сирек кітаптардың цифрлы нұсқасы жасалғаны және цифрландыру жұмыстары жалғасып жатқаны айтылған.
Зерттеу жұмыстары барысында 2004 жылы құрылған «Өзбек әдебиеті» порталы (Ziyouz.com kutubxonasi, 2004-2020) мен Республикалық балалар кітапханасының сайты (2019) әлемнің кез келген нүктесіндегі оқырманға кітап оқу және жүктеп алуға өте тиімді екені байқалды. Кітаптардың электронды форматына қол жеткізу үшін порталға тіркелудің қажеті жоқ және кітаптар жылдам ашылады. Аталған репсубликалық балалар кітапханасына қазіргі уақытта 2656 кітап және 964 аудиокітап орналастырылған. Бірақ Өзбекстанда Электронды кітаптар кітапханасы (txt.uz), Elektron Kutubhona (turonlib.uz) және ZiyoNET (ziyonet.uz) сынды бірқатар кітапханалардың сайттары жұмыс істемей тұрғаны байқалды (2022 жылдың маусым, шілде айларындағы зерттеуіміздің нәтижесіне сәйкес).
Тарихы тереңнен бастау алатын парсы-тәжік әдебиетін бүгінде жан-жақты насихаттау және кітапханаларға ақпараттық және технологиялық инфрақұрылымдарды белсенді ендіру ісіне қатысты Тәжікстанда соңғы он-он бес жылда бірнеше бағдарламалар қабылданған (Махмудов, 2021). Бұған қоса, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон халыққа жолдауында қоғамда рухани құндылықтарды қайта жаңғырту, жастардың бойына ұлттық мәдениетті мол сіңіру және отанға деген сүйіспеншілік сезімін тереңдету үшін кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуі қажет деп мәлімдеген болатын (Рахмон, 2019). Бұл елде жоғарыда аталған бірнеше бағдарламалардың жүзеге асырылу нәтижесіне назар аударғанда мынадай көрсеткіштерді көруге болады. Орталық Азиядағы ең үлкен кітапхана саналатын – Абулкасым Фирдоуси атындағы Тәжікстан ұлттық кітапханасының электрондық қорын пайдалануға өте тиімді етіп ұйымдастырған. Қолданушылар оқумен қатар, қажетті кітаптардың көшірмесін де жүктеп алуына болады (А. Фирдоуси атындағы Тәжікстан ұлттық кітапханасы, 2015). Сонымен қатар, кітапханадағы әдебиеттер әртүрлі салалар мен жанрларға бөлініп орналастырылғандықтан, оқырмандар өзіне қажетті кітапты жеңіл тауып алады.
2007 жылы құрылған Тәжікстан цифрлық кітапханасы (Зарифи, Юсуфи, 2022) да оқырмандарға қолжетімді. Бұл кітапханадан әртүрлі тақырыптар мен салалар бойынша материалдар табуға болады. Тағы басқа деректер бойынша биыл Абулкасым Лахути атындағы ұлттық кітапхана кітапқұмарлар санын арттыру үшін әлеуметтік желілерде, нақты айтқанда, Telegram желісінде кітаптардың электрондық көшірмесін тарата бастағаны айтылған (Зарифи, Юсуфи, 2022). Алайда бұл кітапхананың электрондық көшірмелері Facebook желісінде белсенді таратылғанымен, басқа желілерден табылмады.
Интернет дереккөздері Түркіменстанда 2016 жылдан бастап кітапханаларға бірыңғай электрондық жүйе енгізіле бастағанын алға тартады (Чарыева, 2020). Соңғы жылдары Түркіменстанда мемлекеттік қызметтер мен әртүрлі салаларды цифрландыруға арналған бағдарламалар дайындалған. 2019 жылы Түрікменстанда 2020-2025 жылдарға арналған ғылым саласын цифрландыруға (Central Asia.news, 2019) қатысты бағдарлама дайындалып, елдің цифрлық экономикасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын дайындау мәселелері (Turkmenportal, 2021) көтерілген болатын. Алайда, интернет дереккөздерінен бұл елдегі кітапхана сайттары туралы мәлімет қолжетімді емес.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, Орталық Азия аймағы оқырмандары бірнеше жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының электронды нұсқалары арқылы әдеби кітаптармен қатар, әртүрлі салааралық ғылыми-көпшілікке арналған кітаптарды оқи алады. Осы тұрғыдан алғанда, аймақтық кітапханалар ірі ұлттық кітапханалар қорын толықтыруға үлес қосады (kazneb.kz (Қазақстан); (nlkr.gov.kg (Қырғыз Республикасы). Сонымен қатар, «Қазақстанның ашық кітапханасы» (kitap.kz), «Қырғызстанның жаңа әдебиеті» (literatura.kg) және Өзбекстанның Ziyouz.com сынды электрондық кітапханалары қызметін жетілдіру үшін басқа кітапханаларға қарағанда шығармашылық және сапа әдістерін қолданатынын атап өткен жөн.
Жалпы алғанда, соңғы уақыттарда Қазақстанда цифрландырылған контент саны қарқынды дамығаны байқалды. Орталық Азия аймағында, тіпті ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ақпараттық технологияларды қолдану, интернет және компьютермен қамтамасыз ету бойынша да алда келеді (Әліпбай, 2017). Сонымен қатар, көршілес елдермен салыстырғанда көркем әдебиеттің цифрландырылуы мен оған қолжетімділік тұрғысынан да Қазақстан тәжірибесі белгілі бір деңгейде жетілдірілген. Ал жалпы Орталық Азия аймағында ауқымды республикалық ұлттық кітапханалардың жоғары сапамен цифрлануына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінгені байқалды. Мақалада келтірілген деректер автордың 2022 жылдың маусым, шілде айында жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша берілгенін тағы да ескерткіміз келеді. Қазіргі уақытта бұл аймақта материалдардың цифрлану көрсеткіші артқан болуы мүмкін.
Дереккөз:
Абулкасым Фирдоуси атындағы Тәжікстан ұлттық кітапханасының электрондық кітапханасы (2015). Сілтеме: http://nlt.tj/ru/janr. Қаралған уақыты: 11.07.2022.
Алыкул Осмонов атындағы Қырғыз Республикасы ұлттық кітапханасының электрондық кітапханасы (2018). Сілтеме: http://nlkr.gov.kg//irbis64r_plus/index.html. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Алимова Сабина (2021). Цифровизация библиотек: технологии и новые стандарты работы. Сілтеме: https://yuz.uz/ru/news/tsifrovizatsiya-bibliotek-texnologii-i-nove-standart-rabot. 10.07.2022.
Әдебиет порталы (2013). Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/books. Қаралған уақыты: 19.07.2022.
Әліпбай Сұңғат (2017). Цифрландыру туралы не білеміз? Сілтеме: https://egemen.kz/article/162100-tsifrlandyru-turaly-ne-bilemiz. Қаралған уақыты: 09.07.2022.
Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапхана (2022). Сілтеме: https://www.natlib.uz/search/caz. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Зарифи Алишер, Юсуфи Барот (2022). Бесплатный доступ к книгам в соцсетях – новый способ популяризации чтения в Таджикистане. Сілтеме: https://rus.ozodi.org/a/31667096.html. Қаралған уақыты: 11.07.2022.
Кабинет министров Кыргызской Республики (2019). «Дорожная карта» по реализации Концепции цифровой трансформации «Цифровой Кыргызстан 2019-2023». Сілтеме: https://www.gov.kg/ru/programs/12. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі (2017). «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы. Сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1700000827. Қаралған уақыты: 09.07.2022.
Қырғызстанның ашық электрондық кітапханасы (2012). Сілтеме: http://lib.kg/ky/. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Махмудов Гадобек (2021). Библиотеки Таджикистана: современное состояние и перспективы развития. Сілтеме: https://proceedings.gpntbsib.ru/jour/article/view/583. Қаралған уақыты: 11.07.2022.
Муратова Венера (2021). Популяризация чтения: цифровой формат. Сілтеме: https://yuz.uz/ru/news/populyarizatsiya-chteniya-tsifrovoy-format. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Мұқанова Алма (2022). Ұлттық кітапханада 95 мыңнан астам кітап цифрлық форматқа көшірілді. Сілтеме: https://www.inform.kz/kz/ulttyk-kitaphanada-95-mynnan-astam-kitap-cifrlyk-formatka-koshirildi_a3944630. Қаралған уақыты: 09.07.2022.
Новая литература Кыргызстана (2008). Электронная библиотека. Сілтеме: http://www.literatura.kg/main/. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Өзбекстан республикалық балалар кітапханасы (2019). Сілтеме: https://kitob.uz/. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Central Asia.news (2019). В Туркменистане подготовлен проект цифровизации науки. Сілтеме: https://centralasia.news/5625-v-turkmenistane-podgotovlen-proekt-cifrovizacii-nauki.html. Қаралған уақыты: 12.07.2022.
Сімәділ Қарагөз (2022). Өсер елдің баласы, цифрлайды мұрасын. Сілтеме: https://tilalemi.kz/article/2894.html. Қаралған уақыты: 09.07.2022.
Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің сайты (2019). Послание Президента Республики Таджикистан, Лидера нации уважаемого Эмомали Рахмона Маджлиси Оли. Сілтеме: https://mfa.tj/ru/main/view/5441/poslanie-prezidenta-respubliki-tadzhikistan-lidera-natsii-uvazhaemogo-emomali-rakhmona-madzhlisi-oli. Қаралған уақыты: 11.07.2022.
Turkmenportal (2021). В Туркменистане готовится Государственная программа развития цифровой экономики на 2021-2025 годы. Сілтеме: https://turkmenportal.com/blog/33763/v-turkmenistane-gotovitsya-gosudarstvennaya-programma-razvitiya-cifrovoi-ekonomiki-na-20212025-gody. Қаралған уақыты: 12.07.2022.
Уланова Алина (2021). Организационные основы цифровизации институтов художественной культуры Кыргызстана. Сілтеме: https://iik-journal.ru/index.php/main/article/view/64. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Чарыева Сельби (2020). Электронная библиотека как способ сохранения культурного наследия. Сілтеме: https://orient.tm/ru/post/23170/elektronnaya-biblioteka-kak-sposob-sohraneniya-kulturnogo-naslediya. Қаралған уақыты: 11.07.2022.
Ziyouz.com kutubxonasi (2004-2020). Сілтеме: https://n.ziyouz.com/kutubxona. Қаралған уақыты: 10.07.2022.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.